Гүлмира ӘШІРБЕКОВА,
Қорқыт Ата атындағы қызылорда мемлекеттік
университетінің аға оқытушысы,
филология ғылымдарының кандидаты
Болашақ журналистерді шеберлікке баулудың тиімді жолдары
Журналистика мамандығы бойынша білім берудің мемлекеттік стандартында болашақ мамандарды шеберлікке баулитын курстар жеткілікті. Оның ішінде «Журналистика бойынша шеберлік сыныбы» курсының маңызы мен ролі ерекше. Жоғары оқу орындарында оқытылатын журналистика мамандығы бойынша пәндердің типтік бағдарламаларының барлығын дерлік әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінің ғалым-оқытушылары дайындайды. Оған қоса Қазақстанның өзге өңірлеріндегі ғалымдардың бірқатар оқу құралдары да бар. Дегенмен шеберлікке үйрету, кәсібилікке баулу үнемі ізденісті, талмай жаттығу жұмыстарын жүргізу, шығармашылықты дамытып отыруды қажет етеді.
«Журналистика бойынша шеберлік сыныбы» курсы бойынша типтік бағдарламаны жасаған саяси ғылымдар докторы, профессор Ғ.Ж.Ибраева мен филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қ.Мысаева Ұлыбританияның Рейтер ақпараттық экономикалық агенттігі ұсынған оқу материалдарына негізделген. Аталмыш бағдарлама бойынша оқу курсында халықаралық журналистиканың қыр-сырымен танысып қана қоймай, ақпаратты таратудың әдістері мен шеберлік қырлары қамтылған. Студенттерге ұсынылатын студиялық сабақтардың тапсырмалары мен іскерлік ойындар болашақ мамандарды жеделдікке, тапқырлыққа үйретеді.
Қазіргі таңда оқытудың кредиттік технологиясы бойынша оқытушы мен студент бірлесе жұмыс жүргізу, жеке шығармашылық жұмыстармен айналысу жүктеледі. Осы көрсетілген тапсырмаларды студенттердің жете түсініп, орындауы үшін оқытудың сыни тұрғыдан жазу мен ойлауды дамыту стратегияларын қолдану тиімді. Болашақ мамандарды кәсіби шеберлікке үйрету мақсатында олардың өз бетінше шешім шығарып, түйін жасауына барынша жағдай жасалады. Қазақстанда оқытудың 50-ден астам технологиясы кеңінен қолданыста екендігін ескерсек, аталмыш технология біздің елімізде 1997 жылдан бері танымал. Бұл технология әлемнің 29 мемлекетінде пайдаланылып келеді екен. Американдық Чарльз Темпл, Джон Дьюи, Мередит негізін қалаған технологияның танымалдылығы сонда, онда көбінесе еркін ой білдіруге мүмкіндік жасалады. Әрине, оқытудың басқа да тәсілдері білім алушының шығармашылық қабілетін арттыруға бағытталған. Бұл технологияның артықшылығы, білім алушы шешімін табуы тиіс сұрақты өзі қойып, оған жауапты өзі іздейді. Бұл үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Қызығушылықты ояту, мағынаны тану, ой-толғаныс кезеңдерінде студенттер бірлесе жұмыс жасауға талпынады. Өйткені мұндағы әдістердің көпшілігі топта талқылау, жұппен ақылдасу, өзгенің пікіріне құрметпен қарау секілді ұжымдық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған. Ал ұжымдық байланыстың бірлігі, әріптеске деген құрметпен қарай отырып, оның кемшілігі мен жетістігін ашық айта білу - болашақ журналистердің еркін пікір білдіруі мен оны дәлелдеуге көмектеседі.
Журналистік шеберлікке баулуда ең басты назарға алынатын нәрсе – шындықты танудың яғни танымдық қызметтің әдістері мен тәсілдерін меңгерту. Әсіресе ақпарат алудың әдістерін пайдалана отырып, таратудың тиімді жолдарын, аудиториямен байланыс жасаудың негізгі қағидаларын тәжірибелік сабақтарда пайдалану арқылы студентті ақпарат көздерімен жұмыс жүргізуге жан-жақты дайындай аламыз. Мәселен, әр студент өзін қызықтырған мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатымен танысу барысында қандай ақпарат көздерімен жұмыс жүргізуді, мәліметтер мен құжаттарды тексеру, бақылау әдістері арқылы шынайы ақпаратты жариялауға дейінгі процесте шығармашылық ізденіске барады. Осындай тапсырмалар нәтижесінде студенттер өз беттерінше шешім шығаруға, түйін жасауға дағдыланады.
Шеберлікті қалыптастырудың екінші тәсілі – мәтінмен жұмыс жүргізу. Мәтін диалектикасын тану, оны жазудың қыр-сыры мен жанрлар жүйесін меңгеру болашақ журналистерді бірінші кезекте кәсібилікке, біліктілікке үйретеді. Қазіргі таңда мәтінтану мәселесі ғылымда өзекті тақырыпқа айналып отыр. Оның үстіне публицистика жанрларының әрқайсысына тән ерекшеліктерді ескере отырып, мәтін жазу шеберлікті дамытуға септігін тигізеді. Осы орайда халықаралық тақырыпта хабарлама, талдамалы, көркем-публицистикалық жанрларда материалдар дайындаудың маңызы зор. Студенттер алдымен бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген аталмыш тақырыптағы туындыларды талдап, журналистің мәтін жазудағы шеберлігіне баға береді. Содан кейін ғана өздері орындайды. Мұның өзі болашақ мамандардың шығармашылық қабілеттерін шыңдай түседі десек артық айтқандық емес.
Шеберлікті шыңдаудың тағы бір тиімді әдісі – іскерлік ойындар. Рольдік ойындардың өзі студенттердің белгілі бір салада өзіндік көзқарас қалыптастыруына ықпал етеді. Сондай-ақ әңгімелесу, сұрақ қою өнерін меңгеруге аталмыш ойындардың тиімді екенін жасырмаймыз. Мұндай ойындарға алдын ала дайындықпен келсе тіптен жақсы. Дегенмен аталмыш технологияны қолдану барысында қиындықтар да жоқ емес. Мәселен, арнайы студияның жоқтығы мен оқулықтар тапшылығы және т.б. Соған қарамастан студенттердің қолжазба газеттері мен журналдарын шығару біздің оқу орнында дәстүрге айналған. Жаттығу газеттерін дайындауда студенттердің өз ісіне деген жауапкершілігі мен белсенділігі артады.
Журналистика мамандығы үнемі ізденісті, жоғары білімді, дүниетанымдық көзқарастың кеңдігін талап етеді. Бұл орайда әр студентке жеке тұлға ретінде қарап, олардың шығармашылық қабілетін дамыту – ең басты мақсат. Әсіресе оқытудағы технологияларды жүйелі түрде пайдалану білу оқытушыдан біліктілікті қажет етеді. Кәсіби деңгейі жоғары журналист дайындауда теориялық, ғылыми мәселелермен бірге тәжірибелік тұрғыдан шеберлікке баулу - баршамыздың міндетіміз.
Достарыңызбен бөлісу: |