медициналық көмек көрсету туралы
ХАТТАМА
1. Осы Хаттама Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың XXVI бөліміне сәйкес әзірленді және мүше мемлекеттердің еңбекшілері мен олардың отбасы мүшелеріне медициналық көмек көрсету мәселелерін реттейді.
2. Осы Хаттамада пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
«тұрақты тұру мемлекеті» - пациент азаматы болып табылатын мемлекет;
«медициналық ұйым (денсаулық сақтау мекемесі)» - ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен берілген лицензияның негізінде медициналық қызметті негізгі (жарғылық) қызмет түрі ретінде жүзеге асыратын заңды тұлға, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, қызметтің негізгі (жарғылық) түрімен қатар медициналық қызметті жүзеге асыратын өзге де заңды тұлға немесе мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес медициналық қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;
«медициналық көшіру» - адам өмірін құтқару және денсаулығын сақтау мақсатында мүше мемлекеттердің еңбекшілерін, сондай-ақ отбасы мүшелерін (оның ішінде, өмірге қауіп төндіретін жағдайларда, олар орналасқан медицина ұйымдарында (денсаулық сақтау мекемелерінде) медициналық көмек көрсету мүмкін емес пациенттерді және төтенше жағдайлар мен дүлей зілзалалардың салдарынан зардап шеккен адамдарды, сондай-ақ қоршаған ортаға қауіп төндіретін аурулардан зардап шегетіндерді тасымалдау.
«пациент» - ауруының бар-жоғына және жағдайына қарамастан, медициналық көмек көрсетілетін немесе медициналық көмек көрсету үшін жүгінген мүше мемлекеттің еңбекшісі немесе отбасы мүшесі;
«жедел медициналық жәрдем (кезек күттірмейтін нысандағы)» - пациенттің өміріне қауіптің айқын белгілері жоқ, кенеттен болған қатты аурулар, жай-күйлер, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде көрсетілетін медициналық қызметтер кешені;
«жедел медициналық жәрдем (шұғыл нысандағы)» - жедел медициналық араласуды талап ететін аурулар, жазатайым оқиғалар, жарақаттар, уланулар кезінде және пациенттің өміріне қауіп төндіретін басқа да жағдайларда көрсетілетін медициналық қызметтер кешені.
3. Жұмысқа орналасу мемлекеті мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне жұмысқа орналасу мемлекеті заңнамасында және халықаралық шарттарда айқындалған тәртіппен және жағдайларда медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
4. Мүше мемлекеттер өздерінің аумақтарында мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне өз мемлекетінің азаматтарына берілетін жағдайларда және тәртіппен тегін жедел медициналық көмек (шұғыл және кейінге қалдырылмайтын нысандарда) алуға құқық береді.
Жұмысқа орналасу мемлекетінің мемлекеттік және муниципалдық денсаулық сақтау жүйесінің медициналық ұйымдары (денсаулық сақтау мекемелері) мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне жедел медициналық көмекті (шұғыл және кейінге қалдырылмайтын нысандарда) медициналық сақтандыру полисінің бар-жоғына қарамастан, тегін көрсетеді.
Медициналық ұйымның (денсаулық сақтау мекемесінің) мүше мемлекеттердің еңбекшілеріне және олардың отбасы мүшелеріне жедел медициналық көмек (шұғыл және кейінге қалдырылмайтын нысандарда) көрсету шығындарын өтеу жұмысқа орналасу мемлекетінің бюджеттік жүйесіне сай келетін бюджет есебінен, денсаулық сақтауды қаржыландырудың қолданыстағы жүйесіне сәйкес жүзеге асырылады.
5. Пациенттің өміріне немесе айналасындағылардың денсаулығына төнген тікелей қауіп жойылғаннан кейін оны емдеу жұмысқа орналасу мемлекетінің медицина ұйымдарында (денсаулық сақтау мекемелерінде) жалғасқан жағдайда, көрсетілген қызметтердің нақты құнын төлеуді тарифтер немесе келісілген бағалар бойынша пациент тікелей өзі жүзеге асырады немесе ол жұмысқа орналасқан мемлекеттің заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырылады.
6. Пациентті тұрақты тұратын мемлекетке медициналық көшіруді жүзеге асыру қажет болған жағдайда, медициналық ұйым (денсаулық сақтау мекемесі) оның денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты елшілікке және (немесе) ол тұрақты тұратын мемлекеттің уәкілетті органына (ұйымына) жібереді.
Пациентті медициналық көшіру мүмкіндігі, сондай-ақ осындай көшірудің тәртібі мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес айқындалады. Медициналық көшіруді тасымалдау кезінде медициналық көмекті, оның ішінде медициналық жабдықтарды қолдана отырып көрсету жөніндегі іс-шараларды жүргізе отырып, көшпелі жедел медициналық жәрдем бригадалары жүзеге асырады.
Пациентті медициналық көшірумен байланысты шығыстарды өтеу тұрақты тұру мемлекетінің денсаулық сақтауды қаржыландырудың қолданыстағы жүйесіне сәйкес оның бюджеттік жүйесіне сай келетін бюджет немесе тұрақты тұратын мемлекеттің заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздердің есебінен жүзеге асырылады.
Еуразиялық экономикалық
одақ туралы шартқа
№ 31 ҚОСЫМША
Еуразиялық экономикалық одақтың көпжақты сауда жүйесі
шеңберінде жұмыс істеуі туралы
ХАТТАМА
Одақ шеңберінде тиісті қатынастарға 2011 жылғы 19 мамырдағы Кеден одағының көпжақты сауда жүйесі шеңберінде жұмыс істеуі туралы шарт қолданылады.
Еуразиялық экономикалық
одақ туралы шартқа
№ 32 ҚОСЫМША
Еуразиялық экономикалық одақтағы әлеуметтік кепілдіктер,
артықшылықтар мен иммунитеттер туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
Осы Хаттамада пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:
«болу мемлекеті» - аумағына Одақтың органы орналасқан мүше мемлекет;
«Одақ органдарының үй-жайлары» - ресми мақсаттар үшін, сондай-ақ Комиссия Алқасы мүшелерінің, лауазымды адамдар мен қызметкерлердің тұруы үшін пайдаланылатын ғимараттар немесе ғимараттардың бөліктері;
«мүше мемлекеттердің өкілдері» - мүше мемлекеттер Одақ органдарының отырыстарына және Одақ шеңберінде өткізілетін іс-шараларға жіберетін делегациялардың басшылары мен мүшелері;
«әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру)» - еңбекке уақытша жарамсыздық жағдайына және ана болуға байланысты міндетті сақтандыру, өндірістегі жазатайым оқиғалардан және кәсіптік аурулардан міндетті сақтандыру, міндетті медициналық сақтандыру;
«Комиссия Алқасы мүшелерінің, Одақ Соты судьяларының, лауазымды адамдардың отбасы мүшелері» - Комиссия Алқасы мүшелерімен, Одақ Соты судьяларымен, лауазымды адамдармен бірге тұрақты тұратын ері (зайыбы), кәмелетке толмаған балалар және олардың асырауындағы адамдар;
«қызметкерлердің отбасы мүшелері» - қызметкерлермен бірге тұрақты тұратын ері (зайыбы) және кәмелетке толмаған балалары.
2. Комиссия Алқасы мүшелері, Одақ Соты судьялары, лауазымды адамдар мен қызметкерлер халықаралық қызметшілер болып табылады. Өздерінің өкілеттіктерін орындау (лауазымдық (қызметтік) міндеттерін атқару) кезінде олар мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары мен ресми тұлғаларынан, сондай-ақ Одақтың мүшелері болып табылмайтын мемлекеттердің биліктерінен нұсқаулар сұратуға немесе алуға тиіс емес. Олар өздерінің халықаралық қызметші мәртебесімен үйлеспейтін түрлі әркекеттерден аулақ болуға тиіс.
3. Әрбір мүше мемлекет Комиссия Алқасы мүшелерінің, Одақ Соты судьяларының, лауазымды адамдардың және қызметкерлер өкілеттіктерінің халықаралық сипатын мүлтіксіз құрметтеуге және өздерінің қызметтік міндеттерін орындауы кезінде оларға әсерін тигізбеуге міндеттенеді.
II. Одақтың артықшылықтары мен иммунитеттері
4. Одақ органдарының мүлкі мен активтері Одақ иммунитеттерден бас тартқан жағдайларды қоспағанда, әкімшілік немесе сот араласуының кез келген нысанындағы иммунитетті пайдаланады.
5. Одақ органдарының үй-жайлары, сондай-ақ олардың мұрағаттары мен құжаттары, оның ішінде қызметтік хат-хабарлар орналасқан жеріне қарамастан, тінтуге, реквизицияға, тәркілеуге немесе осы органдардың қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтіретін әрекеттердің кез келген басқа да нысандарына жатпайды.
6. Болу мемлекетінің тиісті мемлекеттік билік және басқару органдарының өкілдері Одақ органдарының үй-жайларына Комиссия Алқасы Төрағасының, Одақ Соты төрағасының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың келісуінсіз және өрт жағдайларын немесе шұғыл қорғану шараларын қажет ететін басқа да мән-жайларды қоспағанда, олар мақұлдаған жағдайлардан басқа кездерде кіре алмайды.
7. Болу мемлекетінің тиісті мемлекеттік билік және басқару органдарының шешімімен кез келген әрекеттерді орындау Комиссия Алқасы төрағасының, Одақ Соты төрағасының немесе оларды алмастыратын тұлғалардың келісуімен Одақ органдарының үй-жайларында орын алуы мүмкін.
8. Одақ органдарының үй-жайлары кез келген мүше мемлекеттің заңдары бойынша қудаланатын немесе мүше мемлекетке немесе Одақ мүшесі болып табылмайтын мемлекетке берілуге жататын адамдар үшін пана болмайды.
9. Одақ органдарының үй-жайларына қол сұқпаушылық оларды одақтың функцияларымен немесе міндеттерімен үйлеспейтін немесе мүше мемлекеттердің жеке немесе заңды тұлғаларының қауіпсіздігіне, мүдделеріне нұқсан келтіретін мақсаттарда пайдалануға құқық бермейді.
10. Болу мемлекеті Одақ үй-жайларын түрлі басып кіруден немесе нұқсан келтіруден қорғау үшін тиісті шаралар қабылдайды.
11. Одақ органдары осы Ереженің 44 және 45-тармақтарына сәйкес төленетін қызмет көрсетудің (көрсетілетін қызметтердің) және төлемдердің (аударымдар мен жарналардың) нақты түрлері үшін төлеуді білдіретін төлемдерді қоспағанда, болу мемлекетінде алынатын салықтардан, алымдардан және басқа да төлемдерден босатылады.
12. Одақ органдарының ресми пайдалануына арналған заттар мен өзге де мүліктер мүше мемлекеттердің аумақтарында кеден баждарынан, салықтар мен кеден алымдарынан босатылады.
13. Одақ органдары өздерінің ресми байланыс құралдарына қатысты болу мемлекеті дипломатиялық өкілдіктерге көрсететін қолайлы шарттардан кем емес жағдайларды пайдаланады.
14. Одақ органдары өздері тұратын үй-жайларда және өздеріне тиесілі автокөлік құралдарында Одақтың туын, эмблемасын немесе басқа да рәмізін орналастыра алады.
15. Одақ органдары мүше мемлекеттердің заңнамасын сақтау кезінде өздерінің мақсаттары мен функцияларына сәйкес баспа өнімін шығара алады және тарата алады, оларды жариялау Одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттарда көзделген.
16. Болу мемлекеті Одақ органдарының өз функцияларын жүзеге асыруы үшін қажетті үй-жайларды алуына немесе иеленуіне жәрдемдеседі.
17. Одақ сот төрелігін тиісінше жөнелтуді және құқық қорғау органдарының нұсқамаларын орындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ осы Ережеде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерге байланысты кез келген теріс әрекеттердің алдын алу мақсатында мүше мемлекеттердің тиісті мемлекеттік билік және басқару органдарымен ынтымақтастықты жүзеге асырады.
III. Комиссия Алқасы мүшелерінің, Одақ Соты судьяларының,
лауазымды адамдардың және қызметкерлердің артықшылықтары мен
иммунитеттері
18. Комиссия Алқасының мүшелері, Одақ Сотының судьялары, егер олар болу мемлекетінің азаматтары болып табылмаса, дипломатиялық агент үшін 1961 жылғы 18 сәуірдегі Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясында көзделген көлемде артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
Мұндай иммунитеттер мынадай жағдайларға:
болу мемлекетінің аумағындағы жекеменшік жылжымайтын мүлікке қатысты заттық қуынымға;
Комиссия Алқасының мүшесі, Одақ Сотының судьясы немесе отбасы мүшесі Одақ органының атынан емес, өсиетті орындаушы, мүлік мұрагерінің қамқоршысы, мұрагері немесе жеке тұлға ретінде бас тартуды алушы ретінде болатын мұрагерлікке қатысты қуынымға;
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта (бұдан әрі - Шарт) көзделген өкілеттіктер шегінен тыс кәсіптік қызметтерге қатысты қуынымдарға қолданылмайды.
Болу мемлекетінің азаматтары болып табылатын Комиссия Алқасы мүшелеріне және Одақ Соты судьяларына осы Ереженің 19 тармағы 1-тармақшасының ережелері қолданылады.
Комиссия Алқасы мүшелерінің және Одақ Соты судьяларының, олармен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, егер осы отбасы мүшелері болу мемлекетінің азаматтары болып табылмаса, осы Ереженің 19-тармағы 3 - 5-тармақшаларының ережелері қолданылады.
Комиссия Алқасы мүшелерінің және Одақ Соты судьяларының отбасы мүшелеріне, егер олар болу мемлекетінің азаматтары болып табылса және (немесе) оның аумағында тұрақты тұрса, осы отбасы мүшесіне тиесілі көлік құралынан болған жол-көлік оқиғасына байланысты осы отбасы мүшесіне не оны жүргізушіге келтірілген залалды өтеу туралы қуынымға қатысты болу мемлекетінің азаматтық юрисдикциясынан иммунитет қолданылмайды.
19. Лауазымды адамдар:
1) лауазымды адамдар ретінде олар айтқан немесе жазған және олар жасаған барлық әрекеттер үшін қылмыстық, азаматтық және әкімшілік жауаптылыққа тартылмайды;
2) Одақ органдары төлейтін жалақыға және өзге де сыйақыларға салық салудан босатылады;
3) мемлекеттік айыптаудан босатылады;
4) Болу мемлекетіне келу және одан кету бойынша шектеулерден, шетелдік ретінде және уақытша тұруға рұқсат алуға тіркеуден босатылады;
5) халықаралық дағдарыстар кезінде дипломатиялық өкілдер пайдаланатын репатриация бойынша жеңілдіктерді пайдаланады.
20. Лауазымды адамдарға, егер олар болу мемлекетінің азаматтары болып табылса және (немесе) оның аумағында тұрақты тұрса, осы Ереженің 19-тармағының 2 - 5-тармақшаларының ережелері қолданылмайды.
21. Лауазымды адамдардың өздерімен бірге тұратын отбасы мүшелеріне, егер бұл отбасы мүшелері болу мемлекетінің азаматтары болып табылмаса және (немесе) оның аумағында тұрақты тұрмаса, осы Ереженің 19-тармағы 3 - 5-тармақшаларының ережелері қолданылады.
22. Комиссия Алқасы мүшелерін, Одақ Соты судьяларын, лауазымды адамдарды және қызметкерлерді аккредиттеу мәселелері болу мемлекетінің аумағына Одақ органдарының болу шарттары туралы халықаралық шарттарда реттеледі.
23. Комиссия Алқасының мүшелері, Одақ Сотының судьялары, лауазымды адамдар және қызметкерлер ғылыми, шығармашылық және оқытушылық қызметті қоспағанда, жеке пайданың немесе өзге адамдар пайдасының мүдделері үшін кәсіпкерлікпен және басқа да қызметпен айналысуға құқылы емес.
Ғылыми, шығармашылық және оқытушылық қызметтен алынған табыстар халықаралық шарттарға және болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес салық салынуға жатады.
24. Комиссия Алқасының мүшелері, Одақ Соты судьялары, лауазымды адамдар және олардың отбасы мүшелері болу мемлекетінің кез келген көлік құралын пайдалануға байланысты үшінші тұлғаларға келтірілуі мүмкін залалдан сақтандыруға қатысты заңнамасының талаптарын сақтауға тиіс.
25. Қызметкерлер мынадай:
1) қызметкерге тиесілі не өзі басқарған көлік құралынан болған жол-көлік оқиғасына байланысты келтірілген залалды өтеу туралы қуынымдарға;
2) қайтыс болуына немесе қызметкерлердің әрекеттерінен болған дене жарақатына байланысты қуынымдарға қатысты жағдайлардан басқа өздерінің қызметтік міндеттерін тікелей атқаруы кезінде жасаған әрекеттерге қатысты болу мемлекетінің сот немесе әкімшілік органдарының юрисдикциясына жатқызылмайды.
26. Қызметкерлер болу мемлекетіне келу және одан кету бойынша шектеулерден, шетелдік ретінде және уақытша тұруға рұқсат алуға тіркеуден босатылады.
27. Осы Ереженің 25 және 26-тармақтарының ережелері олар азаматтары болып табылатын мүше мемлекеттің мемлекеттік билік және басқару органдарының және қызметкерлерінің арасындағы өзара қарым-қатынастарға қолданылмайды.
28. Комиссия Алқасының мүшелері, Одақ Соты судьясы, лауазымды адамдар, қызметкерлер пайдаланатын артықшылықтар мен иммунитеттер оларға жеке пайдасы үшін берілмейді, олардың өз өкілеттіктерін Одақ мүддесіне орай тиімді және тәуелсіз орындауы (лауазымдық (қызметтік) міндеттерін атқаруы) үшін беріледі.
29. Комиссия Алқасының мүшелері, Одақ Соты судьясы, лауазымды адамдар, қызметкерлер және олардың отбасы мүшелері межелі жерге жол жүру кезінде болу мемлекетінің аумағына олар келген кезден бастап немесе егер Комиссия Алқасының мүшелері, Одақ Сотының судьясы, лауазымды адамдар, қызметкерлер өздерінің өкілеттіктеріне (лауазымдық (қызметтік) міндеттеріне) кіріскен кезде олар осы аумақта болса осы Ережеде көзделген артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады.
30. Комиссия Алқасының мүшесі, Одақ Сотының судьясы, лауазымды адам немесе қызметкер өкілеттігін (лауазымдық (қызметтік) міндеттерін) тоқтатқан кезде олардың артықшылықтары мен иммунитеттері, сондай-ақ олардың өздерімен бірге тұратын отбасылары мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері әдетте осы адамның болу мемлекетінен кеткен кезінде немесе болу мемлекетінен кету үшін ақылға қонымды мерзім өткеннен кейін осы көрсетілген екі кездің қайсысының бұрын болуына қарай тоқтатылады. Отбасы мүшелерінің артықшылықтары мен иммунитеттері, Комиссия Алқасы мүшесінің, Одақ Соты судьясының, лауазымды адамның немесе қызметкердің отбасы мүшелері болу тоқтатылған кезде тоқтатылады. Бұл ретте, мұндай адамдар ақылға қонымды мерзім ішінде болу мемлекетінен кетуге ниет білдірсе, онда артықшылықтар мен иммунитеттер олар кеткен кезге дейін сақталады.
31. Комиссия Алқасының мүшесі, Одақ Соты судьясы, лауазымды адам немесе қызметкер қайтыс болған жағдайда олармен бірге тұратын отбасы мүшелері өздеріне берілген артықшылықтар мен иммунитеттерді болу мемлекетінен олардың кету кезіне дейін немесе болу мемлекетінен олардың кету үшін ақылға қонымды мерзім өткенге дейін осы көрсетілген екі кездің қайсысының бұрын болуына қарай пайдалануды жалғастырады.
32. Комиссия Алқасының мүшесінің, Одақ Соты судьясының, лауазымды адамның олар Комиссия Алқасының мүшесі, Одақ Сотының судьясы, лауазымды адам ретінде өздерінің функцияларын іске асыру шеңберінде барлық айтқан немесе жазған және жасаған бүкіл әрекеттеріне қатысты әкімшілік, азаматтық және қылмыстық юрисдикциядан иммунитеттері олардың өкілеттіктері тоқтатылғаннан кейін де сақталады. Осы тармақ Комиссия Алқасы мүшелерінің, Одақ Соты судьяларының немесе лауазымды адамдардың Шартта немесе Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарда көзделген жауаптылығы туындау жағдайлары үшін нұқсан келтірілместен қолданылады.
33. Осы Ережеге сәйкес артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын барлық адамдар олардың артықшылықтары мен иммунитеттеріне нұқсан келтірмей, болу мемлекетінің заңнамасын құрметтеуге міндетті. Олар сондай-ақ осы мемлекеттің ішкі істеріне араласпауға да міндетті.
34. Комиссия Алқасының мүшесі, Одақ Соты судьясы, лауазымды адам, қызметкер, егер иммунитет сот төрелігін жүзеге асыруға кедергі келтірген жағдайда иммунитеттен айырылуы мүмкін және иммунитетті алу соған байланысты иммунитет берілген мақсаттарға нұқсан келтірмейді.
35. Иммунитеттерді алуды:
1) Комиссия Алқасының мүшесіне және Одақ Соты судьясына қатысты - Жоғары кеңес;
2) Комиссияның лауазымды адамы мен қызметкеріне қатысты - Комиссия Кеңесі;
3) Одақ Сотының лауазымды адамы мен қызметкеріне қатысты - Одақ Сотының төрағасы жүзеге асырады.
36. Иммунитеттен бас тарту жазбаша нысанда жүзеге асырылады және айқын жазылуға тиіс.
IV. Мүше мемлекеттер өкілдерінің артықшылықтары мен
иммунитеттері
37. Мүше мемлекеттердің өкілдері ресми функцияларын атқару кезінде және мүше мемлекеттердің аумақтарында Одақ органдары ұйымдастыратын іс-шараларды өткізетін жерге бару кезінде мынадай артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланады:
1) жеке тұтқындау немесе ұстаудан, сондай-ақ осы ретте олар жасауы мүмкін барлық әрекеттерге қатысты сот және әкімшілік биліктер юрисдикциясынан иммунитет;
2) тұрғын үйге қолсұғылмаушылық;
3) бірге болатын багажды және қол жүгін егер оларда ресми немесе жеке қолдануға арналмаған заттар мен өзге де мүлік немесе әкелінуіне немесе әкетілуіне аумағында іс-шара өткізілетін мүше мемлекеттің заңнамасымен тыйым салынған немесе шектелген заттар мен өзге де мүлік бар деп пайымдауға байыпты негіз болмаса кедендік тексеріп қараудан босату;
4) Болу мемлекетіне келу және одан кету бойынша шектеулерден, шетелдіктер ретінде және уақытша тұруға рұқсат алуға тіркеуден босату.
38. Осы Ереженің 37-тармағының ережелері мүше мемлекеттің өкілі мен өзі азаматы немесе өкілі болып табылатын не болған мүше мемлекеттің биліктері арасындағы өзара қарым-қатынастарға қолданылмайды.
39. Мүше мемлекеттердің өкілдері пайдаланатын артықшылықтар мен иммунитеттер оларға жеке пайдасы үшін берілмейді, олардың өздерінің ресми функцияларын өз мүше мемлекетінің мүддесіне қарай тиімді және тәуелсіз орындауы үшін беріледі.
40. Мүше мемлекеттердің өкілдері тұратын үй-жайлар, қажетті заттар және басқа да мүлік, сондай-ақ қызметтік қажеттілік үшін пайдаланылатын көлік құралдары тінтуден, реквизициядан, тыйым салудан және атқарушылық әрекеттерден иммунитетті пайдаланады.
41. Мүше мемлекеттердің өкілдерінің мұрағаттары мен құжаттарына кез келген уақытта және ақпаратты жеткізгіштерге және олардың орналасқан жеріне қарамастан, қолсұғылмайды.
42. Егер ол кіруге тыйым салынатын немесе мемлекеттік қауіпсіздік ұғымы бойынша реттелетін аймақтар туралы заңға және қағидаларға қайшы келмеген жағдайда болу мемлекеті мүше мемлекеттердің барлық өкілдеріне оның аумағымен өздерінің ресми функцияларын атқаруы үшін қажетті шамада жүріп өтуді және жүруді қамтамасыз етеді.
V. Одақ органдарындағы еңбек қатынастары мен әлеуметтік
кепілдіктер
43. Комиссия Алқасы мүшелерінің, Одақ Соты судьяларының, лауазымды адамдардың және қызметкерлердің еңбек қатынастары осы Ереженің нормалары ескеріле отырып болу мемлекетінің заңнамасымен реттеледі.
44. Комиссия Алқасы мүшелерінің, Одақ Соты судьяларының, лауазымды адамдардың және қызметкерлердің зейнетақымен қамтамасыз етілуі олар азаматтары болып табылатын мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Комиссия Алқасы мүшелерінің, Одақ Соты судьяларының, лауазымды адамдардың және қызметкерлердің зейнетақымен қамтамасыз етілуіне міндетті аударымдарды аталған тұлғалар азаматтары болып табылатын мүше мемлекеттердің зейнетақы қорларына Одақ бюдеті қаражаты есебінен жалақыдан ұстамай тиісті мүше мемлекеттің заңнамасында белгіленген тәртіппен және мөлшерлерде Одақтың органдары жүргізеді. Комиссия Алқасының мүшелеріне, Одақ Сотының судьяларына, лауазымды адамдар мен қызметкерлерге зейнетақы төлеу жөніндегі шығыстарды олар азаматтары болып табылатын мүше мемлекет көтереді.
45. Комиссия Алқасы мүшелерінің, Одақ Соты судьяларының, лауазымды адамдардың және қызметкерлердің зейнетақылық сақтандырудан басқа, әлеуметтік сақтандырылуы бойынша жәрдемақымен қамтамасыз етілуі әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру) болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес болу мемлекетінің азаматтарына қатысты шарттарда және тәртіппен жүзеге асырылады.
Комиссия Алқасы мүшелерінің, Одақ Соты судьяларының, лауазымды адамдардың және қызметкерлердің пайдасына зейнетақылық сақтандырудан басқа, төлемдерден әлеуметтік қамсыздандыруға (әлеуметтік сақтандыруға) сақтандыру жарналарын төлеу болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес Одақ бюджеті қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру) бойынша жәрдемақыларды төлеу шығыстарын басқа мүше мемлекеттермен өзара есеп айырыспай болу мемлекеті жүзеге асырады.
46. Зейнетақы немесе әлеуметтік қамсыздандыру бойынша жәрдемақыларды тағайындау кезінде сақтандыру немесе еңбек өтіліне олар азаматтары болып табылатын мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес Комиссия Алқасы мүшесі, Одақ Сотының судьясы, лауазымды адам және қызметкер ретінде жұмыс істеген кезең есептеледі.
Комиссия Алқасы мүшесі, Одақ Соты судьясы, лауазымды адам және қызметкер ретінде жұмыс істеген кезең зейнетақы тағайындау кезінде олар азаматтары болып табылатын мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес сақтандыру немесе еңбек өтіліне, ал әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру) бойынша жәрдемақыларды тағайындау кезінде болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес есептеледі.
47. Комиссия Алқасы мүшелерінің, Одақ Соты судьяларының, лауазымды адамдардың және қызметкерлердің өз өкілеттіктерін орындау кезінде алған еңбекақысы зейнетақы мөлшерін айқындау кезінде олар азаматтары болып табылатын мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес, ал әлеуметтік қамсыздандыру (әлеуметтік сақтандыру) бойынша жәрдемақылардың мөлшерін айқындау кезінде болу мемлекетінің заңнамасына сәйкес есептеледі.
48. Комиссия Алқасының мүшелеріне, Одақ Сотының судьяларына өз өкілеттіктерін орындау кезеңінде мынадай әлеуметтік кепілдіктер беріледі:
1) ұзақтығы күнтізбелік 45 күнге жыл сайынғы ақы төленетін демалыс;
2) медициналық қызмет көрсету, оның ішінде олардың отбасы мүшелеріне, сондай-ақ Одақ бюджеті қаражаты есебінен жүзеге асырылатын көліктік қызмет көрсету;
3) Одақ бюджеті қаражаты есебінен Одақтың тиісті органы орналасқан қала аумағында тұрғын үй алаңы жоқ Комиссия Алқасының мүшелеріне, Одақ Сотының судьяларына (олардың отбасы мүшелерін ескере отырып) қызметтік тұрғын үй-жай беру;
4) Комиссия Алқасы мүшесінің өкілеттіктерді орындау кезеңін ол азаматы болып табылатын мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер (федералдық мемлекеттік азаматтық қызметшілер) үшін көзделген әлеуметтік кепілдіктерді беру кезінде мемлекеттік (мемлекеттік азаматтық) өтіліне, сондай-ақ Комиссия Алқасының мүшесі азаматы болып табылатын мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес министр (федералдық министр) үшін көзделген зейнетақымен (әлеуметтік) қамсыздандыру (зейнетақыға ай сайынғы үстемеақы) мөлшерін (құқығын) айқындау кезінде министр (федералдық министр) өкілеттіктерін атқарудың ұзақтығына қосу;
5) Одақ Сотының судьясы азаматы болып табылатын мүше мемлекетте судьялық өтіліне Одақ Соты судьясының өкілеттіктерін атқару кезеңін қосу.
49. Комиссия Алқасының мүшелеріне және Одақ Сотының судьяларына берілетін әлеуметтік кепілдіктердің қамтамасыз етілуіне (оның ішінде медициналық және көліктік қызмет көрсетуге) байланысты мәселелерді болу мемлекетінің құзыретті органы шешеді.
50. Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын, өз өкілеттіктерін атқарып жүрген Комиссия Алқасының мүшелері (Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ережеде көзделген өкілеттіктердің мерзімінен бұрын тоқтатылу жағдайларын қоспағанда (Шартқа № 1 қосымша) қартаюы (мүгедектігі) бойынша сақтандыру зейнетақысына ай сайынғы үстемеақы белгілетуге құқығы бар.
Зейнетақыға ай сайынғы үстемеақы Ресей Федерациясының заңнамасында федералдық министр үшін көзделген мөлшерде, тәртіппен және шарттарда белгіленеді. Зейнетақыға ай сайынғы үстемеақы белгілеу туралы шешімді зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу мен іске асыру және нормативтік құқықтық реттеу жөніндегі функциядарды жүзеге асыратын атқарушы биліктің федералдық органының басшысы қабылдайды. Зейнетақыға ай сайынғы үстемеақы федералдық бюджет қаражаты есебінен белгіленеді.
Одақ Сотының судьясына оның өкілеттігі тоқтатылған кезде кепілдіктер қолданылады және оған мүше мемлекеттің заңнамасында одан Одақ Сотының судьясы тағайындалған мүше мемлекеттің жоғарғы сотының төрағасы үшін көзделген ақшалай төлемдер төленеді. Осы кепілдіктер мен ақшалай төлемдер Одақ Сотының судьясына одан Одақ Сотының судьясы тағайындалған мүше мемлекеттің заңнамасында айқындалған тәртіпен белгіленеді.
51. Лауазымды адамдарға, қызметкерлерге және олардың отбасы мүшелеріне өз лауазымдық (қызметтік) міндеттерін орындауы кезінде Одақтың бюджеті қаражаты есебінен медициналық қызметтер көрсетіледі, Комиссия департаменттерінің директорларына және Одақ Сотының Хатшылығының жетекшісіне де Одақ бюджеті қаражаты есебінен көліктік қызмет көрсетіледі.
52. Одақ бюджеті қаражаты есебінен Одақтың тиісті органы орналасқан қала аумағында тұрғын үй алаңы жоқ лауазымды адамдарға және қызметкерлерге өз лауазымдық (қызметтік) міндеттерін орындауы кезінде қызметтік тұрғын үй-жай беріледі (олардың отбасы мүшелерін ескере отырып).
53. Ресей Федерациясының азаматтары болып табылатын, Комиссияда және Одақ Сотында жұмыс істегенге дейін федералдық мемлекеттік (мемлекеттік азаматтық) қызмет лауазымын атқарған, Комиссияда және Одақ Сотында атқаратын лауазымынан босатылған (кінәлі әрекеттеріне байланысты босатылған жағдайларды қоспағанда) және 15 жылдан кем емес мемлекеттік азаматтық қызмет өтілі бар Комиссияның және Одақ Сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің, егер олар Комиссиядан және Одақ Сотынан босатылудың алдында кемінде 12 ай сол лауазымды атқарса, Ресей Федерациясының заңнамасында көзделген тәртіппен федералдық мемлекеттік азаматтық қызметшілер үшін тағайындалатын еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алуға құқығы бар. Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы белгілеу туралы ұсынуды (шешімді) Комиссия Алқасы Төрағасының және Одақ Соты Төрағасының ұсынуы бойынша зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу мен іске асыру және нормативтік-құқықтық реттеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын атқарушы биліктің федералдық органының басшысы қабылдайды.
Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы мөлшері лауазымды адамның немесе қызметкердің орташа жалақысы негізінде есептеледі, оның шекті мөлшері Комиссияның және Одақ Сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлері лауазымдарының Ресей Федерациясының Үкіметі бекітетін Ресей Федерациясының Үкіметі Аппаратындағы және Ресей Федерациясы Жоғарғы Соты аппаратындағы федералдық мемлекеттік азаматтық лауазымдарға сәйкестігі тізбесіне сәйкес мемлекеттік азаматтық қызмет лауазымдарына теңестіру бойынша белгіленген лауазымдық жалақыға (ақшалай сыйақыға) қарай айқындалады.
Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы Ресей Федерациясының заңнамасы бойынша федералдық бюджет қаражаты есебінен тағайындалады.
54. Комиссияның және Одақ Сотының лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің жұмыс істеген кезеңдері мемлекеттік (мемлекеттік азаматтық) қызметті өткеру кезеңінде әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу үшін және мемлекеттік қызметшілердің (федералдық мемлекеттік азаматтық қызметшілердің) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындау үшін олар азаматтары болып табылатын мүше мемлекеттің мемлекеттік (мемлекеттік азаматтық) қызметі өтіліне қосылады.
55. Комиссия Алқасы мүшелеріне, Одақ Соты судьяларына,
лауазымды адамдарға және қызметкерлерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшелеріне медициналық және көліктік қызмет көрсету тәртібін Үкіметаралық кеңес айқындайды.
Еуразиялық экономикалық
одақ туралы шартқа
№ 33 ҚОСЫМША
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың күшіне енуіне
Достарыңызбен бөлісу: |