171-бап. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің түрлері
1. Акционерлік қоғамдардың акциялары (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері) кімге тиесілі екендігіне қарай мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер:
1) Қазақстан Республикасы қатысатын акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер;
2) әкімшілік-аумақтық бөлініс қатысатын акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болып бөлінеді.
2. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларының санына (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерінің мөлшеріне) қарай акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер:
1) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – жарғылық капиталындағы акционерлік қоғам акцияларының бақылау пакеті немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына қатысуының бақылау үлесі мемлекетке тиесілі акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болып бөлінеді. Акционерлік қоғамның акцияларының бақылау пакеті немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына қатысуының бақылау үлесі тиісінше акционерлік қоғамның дауыс беретін акцияларының елу пайызынан астамы немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің елу пайызынан астамы мемлекетке тиесілі екендігін білдіреді;
2) мемлекет үстем емес үлеспен қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген белгілері жоқ акционерлік қоғамдар және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер болып бөлінеді.
172-бап. Мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өзге заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарына қатысу ерекшеліктері
1. Ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания немесе мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания бақылайтын өзге де акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер нысанында құрылған коммерциялық ұйымдардың, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен коммерциялық емес ұйымдардың, сондай-ақ шет мемлекеттердің аумағында құрылған ұйымдардың құрылтайшысы (акционерлері және қатысушылары) бола алады.
Ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің, ұлттық компанияның немесе мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания бақылайтын өзге де акционерлік қоғамның немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің өзге ұйымдық-құқықтық нысанда коммерциялық ұйымдар болып табылатын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының құрылтайшысы (қатысушысы, мүшесі) ретінде әрекет етуіне жол берілмейді.
2. Ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания немесе мемлекет немесе ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг, ұлттық компания бақылайтын өзге де акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік акционерлік қоғамға немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарағанда өзге мемлекеттік емес коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы қатысу үлесіне құқықтарға ие болған жағдайда, жарғылық капиталдағы көрсетілген қатысу үлесі, егер осы коммерциялық ұйым акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылмаса, оған құқыққа ие болған кезден бастап бір жыл ішінде иеліктен шығарылуға жатады.
173-бап. Заңды тұлғалардың жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі бола алмайтын қатысу үлестеріне (пайларға) құқықтарға мемлекеттің ие болуының салдары
Егер осы Заңның 19-бабында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік мүліктің құрамына акционерлік қоғамға немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қарағанда өзге ұйымдық-құқықтық нысандағы мемлекеттік емес коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы қатысу үлестері (пайлар) түскен болса, жарғылық капиталдағы көрсетілген қатысу үлестері (пайлар), егер заңды тұлға акционерлік қоғам немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылмаса, немесе аталған тұлғаның мүлкі негізінде мемлекеттік заңды тұлға құрылмайтын болса, сатудан түскен табысты бюджет есебіне жатқыза отырып, оларға құқыққа ие болған кезден бастап бір жыл ішінде иеліктен шығарылуға жатады.
174-бап. Акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге мемлекеттің қатысуын тоқтату
1. Акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге мемлекеттің қатысуы акционерлік қоғамдардың акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сатқан кезде немесе осы Заңның 83-бабында көзделген өзге де негіздер бойынша акционерлік қоғамдардың акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне құқықтарды тоқтатқан кезде тоқтатылады.
2. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін сату осы Заңның 10-тарауының қағидалары бойынша жүргізіледі.
3. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін акционерлік қоғам орналастыратын акцияларды төлеуге немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына салым ретінде беру осы Заңның 114-бабында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
175-бап. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне билік ету
1. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне билік ету осы Заңның 10-тарауында көзделген тәртіппен жүргізіледі.
2. Акционерлік қоғамдардың акцияларын (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына қатысу үлестерін) дербес білім беру ұйымына беру жағдайларын қоспағанда, акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін) өтеусіз беруге жол берілмейді.
3. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің жарғылық капиталдарына берілген ұлттық компаниялардың акцияларына, сондай-ақ стратегиялық объектілер болып табылатын, акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне) билік етуге Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жол беріледі.
4. Мемлекетке тиесілі акцияларға (жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестеріне) кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқару нысанындағы үшінші тұлғалардың құқықтарымен ауыртпалық салуға және оларды иеліктен шығаруға осы Заңның 10-тарауының қағидалары бойынша жол беріледі.
5. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін кепілге қоюға жол берілмейді.
Ескерту. 175-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 21.07.2015 № 337-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
176-бап. Акционерлік қоғамның мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға беру
1. Акционерлік қоғамның мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін жеке тұлғалардың және мемлекеттік емес заңды тұлғалардың сенімгерлікпен басқаруына беруді, егер берудің нысанасы республикалық мүлікке жататын – акционерлік қоғамдардың акциялары немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестері болып табылса, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган жүргізеді.
2. Коммуналдық мүлікке жататын – акционерлік қоғамның акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға беруді жергілікті атқарушы орган жүргізеді.
3. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларын немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестерін кейіннен сатып алу құқығымен жеке тұлғалардың немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалардың сенiмгерлікпен басқаруына беру осы Заңның 10-тарауында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.
4. Сыйақы мөлшері, сондай-ақ сенімгерлікпен басқару әрекетінің мерзімі акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шартпен айқындалады.
Акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сенімгерлікпен басқаруға мемлекеттің дивидендтерге деген өз құқығынан бас тартуы арқылы беруге жол берілмейді.
5. Сенiмгерлікпен басқарушыға мынадай:
1) акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғысын өзгерту туралы;
2) акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталының мөлшерін өзгерту (ұлғайту немесе азайту) туралы;
3) акционерлік қоғамды немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті тарату, оларды қайта ұйымдастыру туралы, сондай-ақ олардың атауларын өзгерту туралы мәселелерді шешуге байланысты мемлекеттің құқықтарын беруге болмайды.
177-бап. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғам мен жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқаруға мемлекеттің қатысу құқығы
1. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғамды немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқаруға мемлекеттің қатысу құқығын мемлекет "Акционерлік қоғамдар туралы" және "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес іске асырады.
2. Акциялардың мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша шешім қабылданатын:
1) қоғамның жарғысына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе оны жаңа редакцияда бекіту;
2) жарғылық капиталдың мөлшерін өзгерту;
3) жылдық қаржы есептiлiгiн бекiту және қоғамның есептi қаржы жылындағы таза табысын бөлу;
4) қоғамға тиесілі барлық активтердің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын сомадағы активтерінің бір бөлігін немесе бірнеше бөлігін беру арқылы қоғамның өзге заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметіне қатысуы туралы шешім қабылдау;
5) директорлар кеңесінің сан құрамын, өкілеттік мерзімін айқындау, оның мүшелерін сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, сондай-ақ директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақылар төлеу мөлшері мен шарттарын айқындау;
6) "алтын акцияны" енгiзу және оның күшiн жою;
7) қоғамның ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша директорлар кеңесі қабылдаған шешімдердің күшін жою мәселелерін қоспағанда, акционердің құзыретіне жататын барлық мәселелер бойынша шешімді дербес қабылдайды.
Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлестерін иелену және оларды пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша шешім қабылданатын:
1) жарғыға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе жарғыны жаңа редакцияда бекіту;
2) жарғылық капиталдың мөлшерін өзгерту;
3) жылдық қаржы есептілігін бекіту және таза табысты бөлу;
4) серіктестіктің өзге де заңды тұлғаларға қатысуы туралы шешім;
5) серіктестіктің барлық мүлкін кепілге қою туралы шешім;
6) серіктестіктің атқарушы органын құру, оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
7) серіктестіктің мүлкін жалға немесе сенімгерлікпен басқаруға беру бойынша мәмілелер туралы шешімдер қабылдау;
8) байқау кеңесін және (немесе) тексеру комиссиясын (тексерушіні) сайлау және олардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату;
9) қатысушыдан жарғылық капиталдағы қатысу үлесін мәжбүрлеп сатып алу туралы шешім;
10) тарату комиссиясын тағайындау және тарату баланстарын бекіту;
11) серіктестіктің ішкі қызметіне қатысты мәселелер бойынша байқау кеңесі қабылдаған шешімдердің күшін жою мәселелерін қоспағанда, қатысушының құзыретіне жататын барлық мәселелер бойынша шешімді дербес қабылдайды.
3. Мемлекет қатысатын акционерлік қоғам директорлары кеңесінің немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің байқау кеңесінің құрамына акциялардың (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органының және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның өкілдері кіреді.
4. Акционерлік қоғамдардың директорлар кеңесінің және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің байқау кеңесінің мүшелері болып табылатын мемлекеттік қызметшілерге сыйақы төленбейді.
178-бап. Мемлекет жалғыз акционері (қатысушысы) болып табылатын акционерлік қоғамды немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестікті басқару
1. Қазақстан Республикасы тиісінше жалғыз акционері немесе қатысушысы болып табылатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тарату, қайта ұйымдастыру және олардың атауларын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Әкімшілік-аумақтық бөлініс тиісінше жалғыз акционері немесе қатысушысы болып табылатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді тарату, қайта ұйымдастыру және олардың атауларын өзгерту туралы шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды.
3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) акцияларының (жарғылық капиталдағы қатысу үлестерінің) мемлекеттік пакетін иелену және пайдалану құқығы берілген тиісті саланың уәкілетті органы немесе жергілікті атқарушы орган акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) алған таза табысын бөлу туралы шешімнің уақтылы қабылдануын және акционерлік қоғамның (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің) мемлекетке тиесілі акцияларға (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталындағы қатысу үлестеріне) арналған дивидендтерді (жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің таза табысының бір бөлігін) жалғыз акционер (қатысушы) шешім қабылдаған күннен бастап он күн ішінде аударуын қамтамасыз етуге міндетті.
179-бап. Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық компанияны басқару
1. Мемлекет акционері болып табылатын ұлттық компания өз қызметін жүзеге асыру кезінде экономиканың белгілі бір саласындағы мемлекеттік мүлікті басқару аясында мемлекеттің саясатын жүргізуді қамтамасыз етуге міндетті.
2. Мемлекет жалғыз акционері болып табылатын ұлттық компанияны тарату, қайта ұйымдастыру және оның атауын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған ұлттық компанияны тарату, қайта ұйымдастыру және оның атауын өзгерту туралы шешімдерді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қабылдайды.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құратын ұлттық компания (әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация) біреуден артық болмайды.
3. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан жиырма беске дейінгі пайызын құрайтын мүлікті компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жасауы туралы шешімді компанияның директорлар кеңесі қабылдайды. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан аз пайызын құрайтын мүлікті компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жасауы туралы шешімді ұлттық компанияның басқармасы қабылдайды.
4. Акционері мемлекет болып табылатын ұлттық компанияның, нәтижесінде құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан көп пайызын құрайтын мүлікті компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жасауы туралы шешімді компанияның директорлар кеңесінің ұсынуы бойынша (ұлттық компанияның жалғыз акционерінің шешімімен) ұлттық компания акционерлерінің жалпы жиналысы қабылдайды.
5. Осы баптың 3 және 4-тармақтарының талаптары Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жарғылық капиталына мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен құрылған және Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық мамандандырылған көрменi ұйымдастыру және өткiзу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлғаға қолданылмайды.
Жоғарыда көрсетілген заңды тұлғаның құны осындай компания активтері құнының жалпы мөлшерінің елу пайызынан кем мөлшерін құрайтын мүлікті нәтижесінде осындай компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (мүмкін, сатып алынған немесе иеліктен шығарылған) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын жасасу туралы шешімін басқарма қабылдайды.
Жоғарыда көрсетілген заңды тұлғаның құны осындай компания активтері құнының жалпы мөлшерінің елуден жетпіс бес пайызға дейінгісін құрайтын мүлікті нәтижесінде осындай компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (мүмкін, сатып алынған немесе иеліктен шығарылған) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын жасасу туралы шешімін Директорлар кеңесі қабылдайды.
Жоғарыда көрсетілген заңды тұлғаның құны осындай компания активтері құнының жалпы мөлшерінің жетпіс бес және одан да көп пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде осындай компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (мүмкін, сатып алынған немесе иеліктен шығарылған) мәмілені немесе өзара байланысты мәмілелер жиынтығын жасасу туралы шешімін Директорлар кеңесінің ұсынуы бойынша акционерлердің жалпы жиналысы (жалғыз акционердің шешімімен) қабылдайды.
Ескерту. 179-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.11.2014 № 257-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
180-бап. Акционері ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияны басқару
1. Акционері ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияны тарату, қайта ұйымдастыру және оның атауын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдайды.
2. Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің он және одан да көп пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық компанияның директорлар кеңесі қабылдайды. Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің оннан аз пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық компанияның басқармасы қабылдайды.
3. Құны қоғам активтері құнының жалпы мөлшерінің жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын мүлікті нәтижесінде компания сатып алатын немесе иеліктен шығаратын (сатып алуы немесе иеліктен шығаруы мүмкін) мәмілені немесе жиынтығында бір-бірімен өзара байланысты мәмілелерді жалғыз акционері ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық холдинг болып табылатын ұлттық компанияның жасасуы туралы шешімді ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтің директорлар кеңесі қабылдайды.
181-бап. Ұлттық басқарушы холдингтерді, ұлттық холдингтерді басқару
1. Ұлттық басқарушы холдингті, ұлттық холдингті тарату, қайта құру және оның атауын өзгерту туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдайды.
2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен ұлттық басқарушы холдингке, ұлттық холдингке акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталындағы мемлекетке тиесілі қатысу үлестері осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша берілуі мүмкін.
2-1. Бәсекелес ортаға беру ұсынылатын, акцияларының пакеті (жарғылық капиталға қатысу үлестері) тікелей немесе жанама түрде ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге тиесілі акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен айқындалады.
3. Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің директорлар кеңесінің құрамына мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органның, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның, тиісті саланың уәкілетті органының және Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша өзге де мемлекеттік органдардың өкілдері кіреді.
4. Акционерлердің жалпы жиналысы үшін белгіленген, ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер акционерлерінің жалпы жиналысының ерекше құзыретіне "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабы 1-тармағының 6) және 14) тармақшаларында көрсетілген мәселелерді қоспағанда, осы Заңның 36-бабында көрсетілген мәселелер жатады.
5. "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 53-бабы 2-тармағының 15-1) тармақшасында көрсетілген мәселені қоспағанда, осы Заңның 53-бабының 2-тармағында көрсетілген мәселелерден басқа ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің директорлар кеңесінің ерекше құзыретіне мынадай мәселелер:
1) аудиттi жүзеге асыратын аудиторлық ұйымды айқындау;
2) штат санын бекіту;
3) еншілес ұйымдардың стратегияларын және даму жоспарларын әзірлеу кезінде олардың бірыңғай (оның ішінде еншілес ұйымдар қызметінің салалары бойынша) қаржы, инвестициялық, өндірістік-шаруашылық, ғылыми-техникалық саясатын қалыптастыру;
4) даму жоспарын, сондай-ақ оның орындалу есептерін бекіту;
5) даму жоспарларының іске асырылуын бағалау;
6) тәуекелдерді басқару жөніндегі саясатты айқындау;
7) қоғам акцияларды сатып алған жағдайда олардың құнын белгiлеу әдiстемесін және әдiстемесiне енгізілетін өзгерiстердi бекiту;
8) активтердiң бiр бөлігін немесе бiрнеше бөлiгiн қоғамға тиесiлi барлық активтердiң жиырма бес және одан да көп пайызын құрайтын сомада беру арқылы қоғамның өзге де заңды тұлғаларды құруға немесе олардың қызметiне қатысуы туралы шешiм қабылдау;
9) холдингтің және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде холдингке меншік құқығымен тиесілі ұйымдардың активтерін бәсекелес ортаға беру қағидаларын бекіту жатады.
9) тармақшада көзделген қағидалар осы Заңның 10-тарауының 2-параграфында белгіленген нормалар ескеріле отырып қабылданады.
Ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің атқарушы органының құзыретіне "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасы Заңында көзделген мәселелер және акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің) он және одан да көп пайызы қоғамға тиесілі заңды тұлға акционерлерінің (қатысушыларының) жалпы жиналысының құзыретіне жататын қызмет мәселелері бойынша шешімдер қабылдау кіреді.
Ескерту. 181-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.12.2015 № 435-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |