Сырбай Мәуленов – журналист, публицист
Тапанова С.Е.,
ф.ғ.д., профессор,
Еуразия ұлттық университеті
Құнарлы қара топырақты Қостанай жерінде кіндік қаны тамған, елі үшін аянбай еңбек еткен еліміздің біртуар азаматтары Ы.Алтынсарин, М.Сералин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Б.Өтетілеуов, С.Көбеев, Б.Майлиндердің өмір жолын өзіне үлгі етіп өскен, қазақ әдебиетінің рухани кемелденуіне белсене атсалысқан, ақын, журналист, очеркист, публицист, редактор, фельетонист, сатирик, юмарист, әдебиет сыншысы С.Мәуленов ел мақтанышына айналған үлкен тұлға.
Сырда туып, Қырда өскен ақын жасынан ақын-әншілердің жырларын тыңдап, дастандарды жаттап өскен. Жиналған ағайын-туысқан, көрші-көлемдердің құлақ құрышын қандырып, дастандарды мақымына келтіріп оқуы, топ алдында өзін ересектей еркін ұстауы, болашақ қазақ лирикасының хас шебері, қысқа өлеңнің ұстасы С.Мәуленовтің ойының озық, тілінің шебер де шешен болуына септігі болғандығы талас тудырмайды.
Балалық шағы 1932 жылы ел басына түскен аштық жылымен, жігіттік кезі 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келуінен ақынның ащы өмірдің қиындығын ерте татқандығын көріп отырмыз. Оны ақын өзінің «Телтолқын» атты кітабында: «Соғыс мені күйретті де, көп нәрсеге үйретті. Тәніме мәңгі өшпейтін таңбасын түсірді. Әкемнің жақын інілерін жалмап, жаныма жазылуы қиын жара да салды. Соғыс тақырыбына айналып соға беретінім де сондықтан»,-дейді. Сұрапыл соғыстың сынынан өткен ақынның шығармалары өзінің өмірінен өріліп жатады [1.4].
Өмірдің қиындығын да қызығын да көрген ақынның алдыңғы буын ағаларынан үйренгендері көп болса, өзінен кейінгі буынға бергендері де баршылық. С.Мәуленов ақын, жазушы, журналист, публицист, редактор ретінде өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі болып, өзінің үлкен мектебін қалыптастырған. Оны біз Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың: «Біз бала кезімізден бастап Сырбайша оқуға, Сырбайша жазуға, Сырбайша сөйлеуге ұмтылып өскен ұрпақпыз. Қазіргі әдебиеттегі алпысқа келгендер мен төменгі буынның барлығының әдеби болмысында міндетті түрде Сырбайдың рухы, Сырбайдың әсері бар десем, асыра айтқан болмаспын. Сырбай – тек өз мектебі бар ақын ғана емес, қазақ поэзиясын жарқыраған жаңа кезеңге көтеріп бере алған кемел құбылыс»,-деп берген бағасынан көреміз [2.6].
Соғыстан жаралы болып, елге оралған ақын көп кешікпей Қостанай облысының Пешков, Феодров аудандарына меншікті тілші болып қызметке орналасады. Ол кезең редакция қызметкерлерден жұтап отырған кезі болатын. Бұрын газетте қызмет істемеген ақынның ойлануға да мұршасын келтірмеген уақыт еді. Ақын газеттің аса күрделі саяси құрал екенін де, журналиске ерекше жазушылық, публицистік шеберлікті игеру қажет екендігін де, сонымен қатар аз сөзге көп мағына сыйғызу да жазушы шеберлігіне жатадығын алғашқы күннен-ақ түсінген. Осы уакыт аралығында жас тілші газет бетіне «Кемшіліктер іс үстінде жойылатын болсын» атты алғашқы тақырыптық заметкасын, «Қарқын әлі нашар» атты мақаласын жазады. Онда егін жинау жұмысындағы салғырттыққа орын бермеу мәселесін көтерсе, «Тобылдық жігіт» деген корреспонденциясында майдангер Төленді Оразбаевтың бір күнгі ерлігі айтылады. Ел ішіндегі азаматтардың өздеріне жүктелген жұмыстарына жауапсыздықпен қарағандарын: «Пішен жинау қарқыны нашар», «План жақсы, іс нашар», «Пешковтың клубы, аузында тұр құлыбы», «Мұның аты собатаж емес пе?», «Тобыл МТС-нда астық тапсыру баяу», «Шаш ал десе, бас алады» т.б. заметкалар мен фельетондары арқылы аямай сынаса, туған жерге деген ыстық ықласын, сағынышын білдіретін «Туған жер» деген очеркі, «Өзен бойында» атты суреттемесінде қаламы төселген ақынның шыңдалып өскендігі байқалады.
Көргені мен ойға түйгені бар ақын алғашқы журналистік жолын заметка, мақала, суреттемеме, корреспонденция жазудан бастап, очеркке дейін жазып, бұл саланы да ұршықтай иіріп әкетеді. Өзінің туған жері Қостанай облыстық «Большевиктік жол» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары болып біраз уақыт қызмет істейді. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл саланың қызметкері ретінде ойға түйгені: «…жарты беттік хабардың өзін жанды суретпен, жарқын оймен, тосын түйінмен оқушы жұтып жіберетіндей етіп жұтындырып жазуға болады. Газет мақаласының үлкен-кішісі жоқ. Оның барлығы да құлай беріле, жан-тәнімен жазылу қажет», - деп ой түйеді [3.10].
С.Мәуленов өзінің газеттен көп нәрсе үйренгендігін, өлеңдеріндегі нақтылық, қысқалық сол газеттің берген жемісі екендігін, сонымен қатар газет фактіні жинақтап, қорытындылап, соның төңірегінде күрделі ой түюге жаттықтыратындығын, мақала жазудағы шапшаңдық пен орамдылық та – газет сіңірген қасиеттер екендігін мақтанышпен айтады. «Кез келген адам журналист бола алмайды, газет болған істі тіркеуші емес, ұшқыр оймен алдағыны көре білуге, соған жұртты жұмылдыруға да міндетті»,- дейді.
Ақынның тағы да бір топ мақалалары тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңіне арналады. «Тіршілік тірегі», «Ел ішінде», «Естен кетпес кездесу», «Алтын таулар» деп аталатын очерктерінде егіншілердің еңбегі суреттелсе, «Дихан мерейі» деп аталатын проблемалық очеркінде егіншілерді толғандырып жүрген мәселелер қозғалады.
Профессор Т.Амандосовтың «Публицистика - дәуір үні» атты еңбегінде С.Мәуленовтің «Диқан мерейі» очеркін жан-жақты талдай келіп: «Шебер публицист Сырбай Мәуленов өзінің кейіпкерлерінің терең де орынды пікірлері арқылы бүгінгі диқандар өмірінен, ауыл шаруашылығынан осындай күрделі-күрделі проблемалық мәселелер көтереді. Сөйтіп, өзінің арқауы көтерілген тақырыбы жағынан бұл тартымды проблемалық очерк болып шыққан. Қазақтың қазіргі көркем публицистикалық очеркінде жанрдың бұл түрі жақсы қалыптасқанын атап айту керек»[3.110]- дейді.
Ақынның очерктерінің басым көпшілігі майдангерлер өміріне арналған. Оның «Оралу» атты портреттік очеркі, тағдыр тәлкегіне ұшыраған Әлмағамбет Арысбаевтың соғыс кезіндегі басынан өткерген қиыншылығын сөз етсе, «Биғаным» атты очеркінде де соғысқа кеткен күйеуінің жау қолына түсіп, Отанға опасыздық жасады деген өтірік жаламен оның отбасының берекесі кетіп, біраз уақыт көрген қиындықтары айтылады. Сондай-ақ, «Медальді Жүсіп», «Колхоз күзетшісі» очерктерінде де соғыс кезіндегі көрсеткен ерліктерін елге оралған жауынгерлеріміздің өздерінің әңгімелеуімен жеткізеді.
С.Мәуленовтың «Екі рет өліп тірілген адам», «Қара ағаш», «Ажалға ажал», «Үміт», «Қызыл орамал», «Мәңгілік даңқ», «Сүйіспеншілік», «Комендант», «Қос қарағай түбінде», «Сары жапрақ», «Ширек ғасыр содан бері», «Ерлікке толы жарты ғасыр», «Қаһарлы қамал» т.б. очерктері де майдангерлер өміріне арналған. Оларда соғыс өрті шарпыған тағдырлар, қираған қалалар, ерлік, жеңіс, бейбітшілік, бүгінгі өмір жайы көрініс табады.
С.Мәуленовтің журналистика, соның ішінде публицистика саласындағы еңбектерін әр қырынан зерттеген ғалым Серікбай Оспанов: «С.Мәуленов, әсіресе осы соғыс тақырыбына жазған очерктерін баспасөз беттерінде көп жариялады. Автор Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен жерлестеріміз жайында, соғыс салған қайғы-мұң, қасірет туралы шынайы әңгімелейді. Соғыс эпизоттарын көз алдыңыздан өткізіп, бейбітшілік, бақыт, бірлік, сыйластық турасында сыр шертеді. Сол сұрапыл жылдардағы әйел тағдыры, сәбидің көз жасы, қарттардың күрсінісі – бәрі публицист қаламынан тыс қалмады»- дейді [3.20].
Ақынның очерктерінің тақырыбы сан алуан. Оның «Оқыған Байжанбаев», «Талаптың Манабы», «Жылдар ағысы», «Батыр Бауыржан», «Ақын ақынға қонақ» сияқты очекрктерінде адам портретін жасауда нысанаға алған мәселесінің байыбына тереңірек үңіліп, олардың жан-дүниесін, болмыс-бітімін тап басып бере алған.
Сатирик, фелетонист, юморист С.Мәуленовтің қаламынан шыққан «Пешковтың клубы, аузында тұр құлыбы», «Опасыздық, арсыздық», «Әккілер туралы актілер» атты өлеңмен жазылған фельетондары мен «Шаш ал десе, бас алады», «Сыбайластардың сыры», «Жаңбыршиннің жарлығы», «Салменовтың салдығы», «Сынағанның сыбағасы» немесе «Жақыпов жалтарса да...» деген фельетон-корреспонденциялары қаламы төселген, тілі өткір, кейіпкер бейнесін дәл сомдауымен, тақырып қоюдағы шеберлігімен ерекшеленетін ақынның тағы бір қырын байқатады.
1955-1957 жж. С.Мәуленовтің еңбек жолындағы тағы да бір артқа өшпес із қалдырған жылдарының бірі болып есептеледі. 1955 жылдың 14 қаңтарында «Қазақ әдебиеті» газетіне редактор болып тағайындалып, газет қайтадан шыға бастады. Газеттің алғашқы санында М.Әуезовтің «Сәт сапарға дос ниет» деген көлемді мақаласы жарыққа шықты. Мақалада ана тіліне айрықша көңіл бөлініп, алда тұрған міндеттерге тоқталады. Тіл мәселесіне байланысты І.Кеңесбаевтың «Тіл байлығы үшін», Ғ.Мұстафиннің «Талант қанатпен шарықтайды», Ә.Нарымбетовтың «Ана тілін ардақтайық» атты мақалалары арқылы тілдің көкейтесті мәселелері орынды көтеріледі.
Газеттің «Жас әдебиетші» деген бас мақаласында да осы тіл мәселесі арнайы сөз болады. Онда қазақ тілі пәнін жоғары оқу орнындарында оқыту бағдарламасынан алынып тастауы келешекте қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына көп кесірін тигізетіндігін батыл айтқан.
«Әдебиет және оқулық», Т.Жанұзақовтың «Терминдер жайында», Ғ.Мұсабаевтың «Тағы да терминдер туралы», Ғ.Қайырбековтың «Ана тілі» деп аталатын өлеңі де сол 1956 жылы жарық көріпті.
Әрине, мұндай мақалалар жоғарыда отырған орыс тілді азаматтарға ұнамағаны белгілі.
Газет редакторы – редакция ұжымының саяси жеткешісі, ұйымдастырушысы және тәрбиешісі ретінде ұжымдағы барлық жұмысқа жауапты десек, С.Мәуленовтің ұйымдастырушылық қабілеті оның газетке белді де, беделді, қаламы жүйрік: Жұбан Молдағалиев, Төкен Абдрахманов, Нығымет Ғабдуллин, Берқайыр Аманшин, елімізге танымал фелетоншы сатирик Садықбек Аманбеков, Әділғазы Рахымжанов Баймұхамбет Тоқтаров, Бекен Жүсіпов сияқты журналистер мен ақын-жазушыларды, сыншыларды, өнер қайраткерлерін тарта білгені. Сонымен қатар бұл газеттің авторлары да айтулы адамдар: М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин, Ғ.Мүсірепов, Қ.Сәтбаев, І.Кеңесбаев, М.Ғабдуллин, З.Қабдолов, Т.Ахтанов, З.Шашкин, Т.Нұртазин, М.Қаратаев болған.
Өзіне тиісті жұмысты адал атқарған С.Мәуленов жайлы бірнеше жақсы пікірлер де айтылды. Соның бірі Халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын М.Әлімбаев редактор С.Мәуленов жайындағы өз ойын былай жеткізеді:
«Газеттің әрбір жаңа саны шыққан сайын сол күні түске дейін лездеме міндетті түрде өтетін, білікті талқылау, қызу таластар, айтыстар, шеке қызарғанша сөзбен шекісулер кәдімгі қалыпты үрдісіне айналған-ды... Ең бастысы – «Қазақ әдебиеті» газеті Сырбай Мәуленов жетекшілік еткен жылдарда қазақ халқының теңдік, тәуелсіздік жолындағы күресінің биік туына айналғаны – ұлттық сананы оятудағы орасан зор игі ықпал-әсері. Мәселен, 1955-1957 жылдардағы ана тілінің абыройын көтеру қызметкерлері, авторлары тая жеп, қуғынға ұшырады...»- десе, «Ізгілік теңізінен інжу терген» деп аталатын тағы бір эссесінде редактор – С.Мәуленовтің ат қойғыштығын әңгіме етеді. Сол кездегі «Қазақ әдебиеті» газеті беттеріндегі «Архив қазынасын ақтарғанда», «Елін сүйген ұл-қыздар - елін сүйген жұлдыздар »т.б. айдарлардың атын қойған Сырбай Мәуленов екенін айтады. «Кейде классиктеріміздің, яғни алыптар тобы өкілдерінің де мақала аттарын Мәуленов сәтті жаңалап, сәнін келтіретін. Есімде М.Әуезовтің «Конец колониализмм» деген орысша мақаласының атына «Ойраны шыққан отаршылдық» деп редактор тақырыпша қойды»-дейді [3.53].
Редактор С.Мәуленовтың білікті маман ретіндегі бойындағы тағы бір қыры - газетке шала дайындалған материалдарды мұқият оқып, кемшілігін анықтап, астын сызып көрсетіп, дайындаған қызметкерлерге қайтып беруі, әсіресе, бас мақаланы өз сүзгісінен өткізіп, жоғарыдағылар не дейді деп жалтақтық танытпауы.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, сыншы С.Қирабаев өзінің «Сырбай - классик» деп аталатын сын мақаласында С.Мәуленовтің «Қазақ әдебиетінде» бас редактор болып істеген жылдарының өзінше бір кезең болғанын, ұжым басшысы ретіндегі дархан мінезін, жан дүниесінің шалқарлығын, журналист, публицист ретіндегі алғырлығы, қаламының жүйріктігін айтады. Соғыс кезінде тоқтап қалған газетті қайта ашып, аз уақыттың ішінде республиканың ең таңдаулы басылымдарының қатарына қосқанын, онда ауыл мәдениетінің жайы мен қазақтың ұлттық мүдделеріне байланысты мәселелер өткір де батыл көтерілгеніне тоқталады. «Ол кезде ұлт қамына байланысты тың ойлар айту тым қауіпті де еді, - дейді. Соған қарамастан ерлік жасады. Ақыры ұлтшылдық айып тағылып, орнынан босады. Бірақ қызметінен кету Сырбайдың беделін төмендеткен жоқ, түсінімпаз, пайымдағыш халық оның кім екенін таныды, абыройын көтерді. Ал, редакция қызметкерлері Сырбайды (онымен бірге босған достарын) құрметпен шығарып салды. Осы тұста-ақ Сырбай өз ұрпағының «басы» екенін мойындатқан еді» [3.55]- дейді.
С.Мәуленов өзі редактор болған кездегі басылым өмірдің барлық салаларын қамтыған және тың тақырыпқа материалдар жинатып, оның ең үздік дегенін іріктеп газетке жариялап отырған. Сонымен қатар «Қазақ әдебиеті» газеті әдеби сын мақалаларға, әдебиеттің түр, шеберлік мәселелеріне көңіл бөліп, қазақ әдебиетінің көптеген проблемалық мәселелерін күн тәртібіне қойып, дұрыс шешімін тауып отырған. Тәжірибелі журналист ретінде газетті безендіру ісіне де өзі араласқан.
С.Мәуленов 1964-1971 жылдары «Жұлдыз» журналында редактор болып қызмет атқарды. Бұл жылдарда оның журналистігі, ақындығы, шығармашылық шеберлігі талай қаламгерлер үшін үлгі-өнегі болған кез болатын. Көмек сұрап келген әріптестерінің ешқайсының бетін қайтарып, қолын қаққан адам емес. Біз оны С.Мәуленов туралы жазылған естеліктерден көреміз. Соның бірі қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевқа қысылған тұста қол ұшын беруі, Тұманбай Молдағалиевтің «Естен кетпес еңселім, көп іздеймін мен сені» деген өлеңінде: «... Түйемізден жүк ауса, Сырбайды іздеп табушы ек. Біреуден жәбір көрсек те, тағы да Сырағама барып шағынушы едік, қанатымның қатаюына, өнерімнің өркен жаюына көмектескен аз ғананың ішінде бар еді ғой Сырағам» -десе, ақын Сағи Жиенбаевтың «... О кезде Сырағаңды сағалайтындар көп еді, кең құшақтан маған да орын табылды»- дейді.
Артына өлмес мұра қалдырған С.Мәуленовтің қырыққа жуық жыр жинағы, көптеген публицистикалық мақалалары мен очерктері, туысқан халықтар әдебиетінің классиктерінің шығармаларынан аударған аудармалары келешек ұрпақтың зерттеп, зерделеуіне қалдырған мол мұрасы дей отырып, сөзімнің соңын ақын К.Салықовтың С.Мәуленов жайлы жазылған «Әмбеге қамқор жан еді» атты мақаласындағы мына бір құнды пікірімен аяқтаймын.
«Ағадан ұлағат алып, қамқоршылық деген тамаша мінезін өз қолымнан келгенін жалғастырып ұмытпадым. Маған да алғыс айтқан ағаларым, қарындастарым, інілерім жоқ емес. Сыраға, сіз бердіңіз сол мінезді. Тіршіліктегі алыс-берістің үлкені осы шығар. Алпыстың асқарына шыққанда айтарым: аға буын, әрқашан Сырағаңдай кейінгіге қамқор болайық» [4].
Пайдаланылған әдебиеттер
Мәуленов С. Телтолқын. Алматы: «Жалын», 1989. - 464 б.
Мәуленов С. Ақ түн. Алматы: «Раритет», 2003. – 192 б.
Оспанов С. Сырбай Мәуленов – журналист, публицист. Алматы: «Ғылым», 2001. – 140 б.
Салықов К. Әмбеге қамқар жан еді // Ақиқат. 1994.№10. 10 б.
Алғашқы қазақ романдарындағы әйел теңсіздігі мәселесі
(Тапанова С.Е., ф.ғ.д., профессор,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті)
Жеке адамның бас бостандығы үшін күрес идеясының ғасыр басындағы әдебиеттің негізгі лейтмотивіне айналуы заңды процесс болатын. Бүкіл қоғамның тең жартысынан астамы әділетсіздік, теңсіздік аталуының бар ауырытпалығын тартып отырғанда қандай да бір болмасын басқа бір бостандық туралы әңгіме өрбіту мүмкін емес еді. Өмір тауқыметі шеккізген осы шындықты әдебиет өзіне өнеге етіп алды да, тиісті қорытынды шығарды. Соның нәтижесінде қазақ әйелі ХХ ғасырдың басындағы әдебиеттің, оның ішінде жаңа жанр – қазақ романының басты кейіпкері болды. Соған орай бостандық идеясын ту етіп көтерген әдебиетке тән еркіндік, азаттық, адамгершілік идеялары әйел образының тағдыры мен арман-мұңы арқылы өрбітілді.
XX ғасырдың бас кезі қазақ халқының мәдени өмірінде елеулі өзгеріс, тың жаңалықтарға толы болды. Ұлттың зиялы қауымының үлкен бір шоғыры қалыптасып, қазақтың жазба әдебиеті өркендеді.
Әйел тағдыры, теңсіздікті бастан кешкен әйел бейнесі барлық қаламгерді тебірентті де А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Торайғыров, С. Дөнентаев әйел тағдырын шешуге дұрыс жауап тауып, әдебиеттегі қазақ әйелінің образын жан-жақты жасаумен қатар білімге, өнерге үндеу идеясын жүзеге асырды. Олар қазақ қызының теңсіздікте мұң кешіп отырғанын бейнелеп, оларды өздерінің бас бостандығы үшін күреске шақырды.
Әйел теңдігі мәселесі мен қазақ қызының азат етілуі туралы проблема қазақ әдебиетінде қоғамдық өмір әділетсіздігі мен теңсіздігін ашудың көркем құралы қызметін атқарды. Осы іздену жолында ірі туындылар пайда бола бастады. М.Сералиннің «Гүлкәшима» поэмасы әйел теңсіздігіне арналған алғашқы поэма болды да, бұл шығармада ақын сүйген қызына қосыла алмай арманда кеткен жігіт өлімі арқылы махаббат, әйел теңдігі мәселесін шешуді күн тәртібіндегі бірінші мәселе етіп қояды.
Қазақ әйелінің бейнесі шығармадағы басты кейіпкерге айналып, әйел теңдігі тақырыбының әдебиетте негізгі идея болғаны соншалық, дәуір шындығын терең де жан-жақты суреттеген реалистік туындылар – М. Дулатов қаламынан шыққан «Бақытсыз Жамал» атты тұңғыш қазақ романы, оған іле-шала туған С.Көбеевтің «Қалың мал», С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдары осы мәселеге байланысты жазылды. Сайып келгенде, бұл романдарда сол кездегі шындық тұрғысынан қазақ әйелінің біртұтас бейнесі жасалып, әлеуметтік теңсіздік мәселесі айқын көрсетілді.
Ғасыр бойындағы әдебиет хронологиялық жағынан тым шектеулі болғанымен осы жиырма жылдағы әдеби дамудың толқынды күші бірнеше ғасырлар пешенесіне лайық десек қателеспейміз. Бұрын қазақ әдебиеті тек өлең-жыр болып келетін поэзиялық әдебиет болса, XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде жаңа жанрлар туып, біршама прозалық шығармалар, алғашқы романдар мен повестер жазылды, ақын, жазушылар саны күрт көбейіп, қазақтың жаңа құрыла бастаған алдыңғы қатарлы қауымы – жас зиялы қауымының қалыптасуына жол салды. Мұның өзі XX ғасыр басындағы әдебиеттің кәсіптік жағынан да, сан, сапа жағынан да едәуір өсіп, кәсіби әдебиетке айнала бастағандығын байқатты.
Роман – өмір көрінісін, өмірде болып жатқан оқиғаларды бейнелейтін, оны адам тағдырымен байланыстыра суреттейтін үлкен жанр. Оны дәуір туғызды. Романның тууына сол қоғамдағы әр қилы өзгерістер себеп болды. Сондықтан қаламгердің де көңілін аударған уақиға, объект оған әсер етіп, шығармашылық қызметке түрткі болған фактор – аянышты, қайғылы хал.
Романдарда жастардың тағдыры, олардың адамдық өмір жолындағы күресі махаббат хикаясы арқылы баяндалады. Екі жастың тағдырын трагедияға душар қылған әлеуметтік топтар мен түрлі күштердің мақсат-мүддесі көрінеді. Сондықтан роман кезінде қазақ қоғамы арасында жақсы қабылданып, қоғамдық санаға қозғау салды.
Әйел теңдігі мәселесі осы аталған тұңғыш қазақ романдарының ең басты тақырыбы болып, бұл мәселе жалпы әлеуметгік теңсіздіктің бірі ретінде айшықталды. Әйелдер бас бостандығы мәселесі – сол кездегі бұқаралық халықтық қозғалыстың саласына айналған осы романдардың тек қана әйел тақырыбын басты объект, басты кейіпкер, басты идея етіп алуы толық айқындайды.
Бір ғана қаламгердің емес, тұтас бір дәуір әдебиетінің алтын арқауына айналған тақырыптың алғашқы қазақ романдарында негізгі тақырыпқа айналуының өзіндік себептері бар. Себебі әйел тағдыры, әйел теңдігі мәселесі қазақ акын-жазушыларын қатты толғандырды. Ғасыр басындағы үлкен әлеуметтік өзгерістерді әдебиет тілімен әрлі де нәрлі сөйлетіп, халық санасына терең ұялату үшін жаңа түрлік және жанрлық ізденістердің қажеттігі туды да, қазақ зиялы қауымының осы тұстағы алдыңғы қатарлы, озық ойлы өкілдері болып танылған көрнекті ақын-жазушылары өздері өмір сүріп, бастан кешкен кезең келбетін жинақтап, ондағы әлеуметтік қайшылықтар мен күрделі оқиғаларды, адамның ішкі жан-тебіренісінде болып жатқан түрлі өзгерістерді суреттеуде кең құлашты эпикалық жанр-романға жүгінеді.
Қазақ әйелінің тағдыры мен ауыр халі туралы жазылған «Бақытсыз Жамал» романынан кейін С.Көбеевтің «Қалың малы», С.Торайғыровтың «Қамар сұлуы», Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелігі», Ж.Аймауытовтың «Ақбілегі» т.б. ұлттық әдебиетіміздің ХХ ғасыр басындағы алғашқы романдар легін жалғастырып, жанр жүгін өз әлінше көтере білген шығармалар болып тарих сахнасына енді.
Тақырып тұрғысынан идеясы, мақсаттары бір болса да, әр жазушының көтерген проблемасы әр басқа болады. Әр жазушының өзіне тән стилі, жазу машығы әр тұрғыда болады.
Замана жаңалықтары жастар мақсаты мен салт-сана, әдет-ғұрып арасындағы қақтығыс XX ғасыр басында көп көтерілген мәселе болды. «Бақытсыз Жамал» романында да осы мəселе басты тақырып болып көтерілді. Романда жастардың тағдыры, олардың адамдық өмір жолындағы күресі махаббат хикаясы арқылы баяндалады. Екі жастың сол тағдырын трагедияға душар қылған әлеуметтік топтар мен түрлі күштердің мақсат-мүддесі көрінеді. Сондықтан роман кезінде қазақ қоғамы арасында жақсы қабылданып, қоғамдық санаға қозғау салады.
Негізгі идеясы – әйел тағдыры. Қазақ болмысындағы қалың мал, әмеңгерлік сияқты кырсықты кеселдерге үзілді-кесілді қарсы бағытталады. Онда малға сатылып зорлықпен некеге көндірілген Жамал атты қыздың сүйген жігітіне қосыла алмай зар шегіп, көп азап көріп, ақырында қаскөйлер зауалынан қайғылы қазаға ұшырау тарихы баяндалады.
Романда жалпы қазақ әйелдерінің басынан өткізіп жаткан қиын жағдайларды Жамал бейнесі арқылы бергендіктен, Жамал – романның бас геройы, әрі типтік бейне. 1910 жылы жазылған "Бақытсыз Жамал" романынан кейін, С.Көбеевтің «Қалың мал» романы жазылды. Романда тек қалың мал туралы сөз болмайды. Романды жазуға тағы бір ең басты себеп болған нәрсе – қазақ әйелінің қас жауы олардың малға теңеген феодалдық салтқа қарсы күрес жүргізу мақсаты еді. Бұл романнан да аракідік ауыз әдебиетінің үлгілерін де, өзінің алдындағы роман үлгілерін, туысқан халықтар үлгілерін алып шығармасына арқау еткенін көреміз. 1912 жылы жазылған Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелігіндегі» қазақ жастарының түгелдей оқуға, білімге ұмтылуын арман етеді. Романның басқа романдардан жаңашылдығы Ғайникамал сыртқы сұлулығымен ғана емес, ішкі, ақыл-ой, адамгершілік парасатымен сұлу. Ол өзінің қара басының қамын ойлаудан аулақ. Алданып ойынменен қалсақ надан, Өткен соң бармақ тістеп өкінерсіз [1,98-б.], – деп өз құрбыларын ілгері ұмтылуға білім іздеуге үндейді. Демек, «Қыз көрелік» ағартушылық реализмнің прозамыздағы алғашқы көрінісі. Өз жаңашылдығы, өз ерекшелігі де міне осында. Ал, С.Көбеевтің «Қалың мал» мен С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романдарында көтерген тақырыптары бір болғанмен, С.Көбеевтің романына қарағанда С.Торайғыровта реалистік әдіс, шынайы демократиялық оймен қоса өрбілген. Қазақ әйелінің аянышты ауыр жағдайы, ескі әдет-ғұрып салдарынан шеккен азапты халі шынайы суреттелген С. Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы - XX ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі әйел бейнесін жасаудағы алғашқы жемісті тәжірибенің бірі болып табылады. Роман өлең мен қара сөзі аралас, өлеңі терең мәнді де көркем тілмен жазылған. Сондай-ақ романда эпистолярлық роман мен драмалық поэманың да көптеген белгілері бар. Озбыр да надан күш қаншама үстем болғанымен, Қамардың адамдық пен махаббатты мадақтап, әділетсіздікті жеріне жеткізе әшкерелеген тіліне кесе-көлденең бола алмайды. Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романында қазақ қызының әлділердің ойыншығына, ермегіне айналған трагедиясын ашып көрсетеді. Бұл бір қыздың ғана емес, бүкіл елдің ұлттық намысына тиетін ауыртпалық. Өз жаңашылдығы, басқа шығармалардан ерекшелігі, ескі салт-санадан құтыла алмай, қазаға душар болған Бейімбеттің Шұғасы сияқты емес, бұл өз бақыты үшін өзі күрескен тың бейне. Ол Сәкеннің Айшасына да ұқсамайды. Айша Ақбілек сияқты оқу, іздену жолына түсе алған жоқ.
Ғасыр басында, жалпы алғанда, тек қазақ халқында емес, бүкіл Азия құрлығында әйел халі аянышты да ауыр болатын. Бұл ретте әйел ескіден қалған қоғамдық сананың адам төзгісіз қатал салт-дәстүрінің ойыншығына айналып мал есебінде саналды да, оның орны үнемі төменгі деңгейде сипатталды. Әйел қауымы өз еркімен сүйген адамына қосыла алмай, құлқыны үшін малға сатылып, әке еркімен өзі ұнатпаған адамға, оның өзінде ең сорақысы – жасы бірнеше мүшел үлкен адамға немесе екі-үш әйелі бар байларға тоқал, күң есебінде ұзатылды. Сол себепті де бірнеше әйелі бар немесе әйелі өлген, не болмаса әйелі бала көтермеген шалдар қазақ қызының соры болып, жау бейнесінде елестеді. Онымен қоймай, тағы да ескілік сана болмысы қылаң беріп, әмеңгерлік салт бойынша сүйіп қосылған күйеуі өлсе, оның інісі жеңгесін әйелі үстіне алу шарт болды. Мысалы, Міржақып Дулатовтың «Жесір даулары хақында» атты өлеңінде:
Бір адамның қатыны өлген болса,
Өзі алпыс, жетпіс келген болса.
Айттырып он бес жасар қыз алады,
Атасына малды көп берген болса [ 2. 52- б.].,
немесе,
Әмеңгер деп еріксіз оны алады,
Оның ісі қалайша оңалады.
Шариғатта жоқ жұмыс қайдан шықты?
Тұл қатында алуға жол табады [2. 53- б.].
Мұндай қатыгездік, өксікпен өтетін қыз тағдыры әйел теңдігі мәселесіне тіреліп, әдебиеттегі әйел бейнесінің көкейкесті проблемаға ұласуына әкеп соқты, бұл тақырып осылай тұңғыш қазақ романдарының басты объектісіне, басты бейнесіне айналды. Әйел тендігі мәселесінің «Бақытсыз Жамалда», «Қалың малда», «'Қыз көрелікте», «Қамар сұлуда» болсын, көбірек көтерілу себебінің түп-төркіні осында.
Абайдың реалистік дәстүрі негізінде дамыған XX ғасырдың бас кезіндегі бұл бұқарашыл әдебиет өзінің жанрлық, тақырыптық жағынан жаңа сатыға көтерілген әдебиет болды. Туған әдебиетіміздің құнарлы да жемісті бір кезеңі болған осы дәуір басындағы әдебиетте жаңа бетбұрыс, соны бағыт-бағдар байқалды. Осы уақытта өмір сүрген ақын-жазушылардың барлығы дерлік заман шындығын, халықтың ауыр тұрмысын сөз етті, қазақ халқының алдыңғы қатарлы халықтардан көш қалып, шырт ұйқыда жатқанын, шаруашылықты дамытып, мәдениетті ілгерілетуде де мешеу болғандығын тілге тиек етті, бұқара халықтың, қазақ әйелдерінің аянышты халін суреттеді. Сонымен бірге олар қоғамның, ұлттың озық ойлы өкілдері ретінде өз шығармаларында қазақ халқын оятып, алға дамыту мен әлеуметтік-экономикалық жағынан ілгері бастыру жолдарын қарастырып, ұлт-азатық идеясы мен адамгершілік мәселелерін батыл көтерді, халықты оқу-білімге, мәдениетке, ынтымақ-бірлікке шақырды, ерікті, бақытты тұрмысты аңсап, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман орнауын армандады.
XX ғасырдың басы - бүкіл әйел тағдыры, әйел тұлғасы рухани теңдік алудың басты бір саласы ретінде күн тәртібіне қойылды, балиғатты жасқа толып, болашақтағы жеке тағдыры беймәлім, күңгірт, қыл үстінде тұрған қыз баланың ескі рулық салт-сананың шырмауынан шығып, өзі қалаған адамына қосылуы демократтық және ағартушылық бағыттағы қазақ әдебиетінің басты ұраны болды. Сол себепті де жаңа ғасыр көгіндегі демократ, ағартушы ақын-жазушылар әйелге бостандық әперіп, тең құқық беруді өздерінің шығармашылық мұраттарының басты бағдары болған азаттық идеясы қатарында қойып, өз туындыларында бұл мәселені батыл айтты, романдары мен повестерінің, әңгімелерінің басты кейіпкері етіп әйел бейнесін алды, баспасөз бетінде жарияланған мақалаларында да әйел бейнесіне жете көңіл бөлді.
Халықты аздырып-тоздырып бара жатқан әдет-ғұрыптың, ақсақалдық салт-сананың ойыншығына айналған әйелдердің тағдырын жырлаған бұл ақын-жазушылардың басты шығармаларындағы қоғамдағы осы әділетсіздік аса бір өткірлікпен айыпталды.
Әдебиеттер
Кенжебаев Б. ХХ ғасыр басындағы әдебиет. – А. 1993. -244 б.
Дулатов М. Шығармалары. - А. 1996. – 280 б.
Ш.Елеукенов. Жаңа жолдан.- А. 1989. -320 б.
Достарыңызбен бөлісу: |