Дәріс №6
Қазақстандағы «қайта құру» саясатының сипаты.
КОКП-ның әміршіл-әкімшіл басшылық рөлі мен М.С.Горбачевтың демократияшыл, реформаторлық қызметі арасындағы қарама-қайшылық.
Д.А.Қонаевтың Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы ретіндегі қызметі.Алматыдағы және республиканың басқа қалаларындағы Желтоқсан көтерілісі және оның шынайы себептері.
1.КОКП-ның әміршіл-әкімшіл басшылық рөлі мен М.С.Горбачевтың демократияшыл, реформаторлық қызметі арасындағы қарама-қайшылық.
1985 жылғы наурызда Н.У.Черненко қайтыс болғаннан кейін КОКП ОК-нің Бас хатшысы қызметіне М.С.Горбачев сайланды. 1985 жылы сәуірде КОКП ОК-тың пленумында әлеуметтік, экономикалық дамуды жеделдету мәселесіне сәйкес экономикалық құрылымды қайта құру бағыты жарияланды. М.С.Горбачев саясатының ұрандары: жариялылық жеделдету, қайта құру. Бұл қайта құру бағыты 1986 жылғы КОКП-ның XXVII съезінде мақұлданды. Сонымен партия елде жаңару бағытына бастауға міндет алды. Қайта құру ешқандай бағдарламасыз, ғылыми айқындамасыз жүргізілді. Бұл бағыттың қияли болжамдары көп болды. Қайта құру бағыты алғышқы кезден бастап сәтсіздікке ұшырай бастады. Бұған Москвада В.В.Гришин, Ленинградта Г.В.Романов, Қазақстанда Д.А.Қонаев, Әзербайжанда Г.Әлиев сияқты басшылар кінәлі деп шешілді. Қайта құру бағыты мемлекетті сол кезде алғышарты қалыптасқан аса ірі дағдарыстан құтқара алмады. Қоғамдағы жағдай күннен күнге қиындай берді. Қайта құру бағытының қарама-қайшылығы. 1987 жылы қантар айында болып өткен КОКП ОК-нің Пленумында «Қайта құру және партияның кадр саясаты туралы» мәселе талқыланды. Қаулының кемшіліктері:
1. Дағдарыстың нақты себептерін көрсете алмады.
2. Жаппай өзгерістердің символына айналып, сөз жүзінде ғана салтанат құрды.
1987 жылғы маусым Пленумы басқару ісін түбірлі қайта құру мәселеріне арналды. Пленум әзірлеген құжаттар негізінде «Мемлекеттік кәсіпорын туралы заң» қабылданды. Бұл заңда товар-ақша қатынастарының ролі айқындалды. Мемлекеттік кәсіпорындар дербес товар өндірушілер ретінде қарастырылды. Шаруашылықты жүргізудің экономикалық әдістерін меңгеруге көшуге негіз жасалды. Ұзақ мерзімді жоспарлау орнына мемлекеттік тапсырыстар жүйесі енгізілді. Алайда, бұл шаралар іске асырылмады. Қоғымның саяси құрылымдарын жаңартпайынша, шаруашылықты жүргізудің жаңа әдістері нәтиже бермейтіндігі айқын болды. Халық шаруашылығындағы жағдай ауырлай түсті. Дүкен сөрелерінен күнделікті тұтынатын товарлар жоғала бастады, азық-түлік түрлері нашарлады. 1988 жылғы маусым айында болған КОКП XIX Бүкілодақтық конфернцияда қоғамның әлеуметтік экономикалық жүйесіне талдау жасалып мынандай шешімдер қабылдады:
Саяси жүйеге реформа жүргізбейінше әлеуметік – экономикалық өзгерістер жасау мүмкін еместегін мойындау.
Демократияландыру мен жариялылық.
Төрешілдікке қарсы күрес.
Халықтық реформа жүргізу.
Әлеуметтік әділеттік ұстанымдарын жүзеге асыру.
Осыдан кейін қайта құруды жүргізу үшін ең алдымен саяси жүйеге реформа еңгізу керек болды.
Тоқырау жылдарында Одақтың барлық ауқымында, оның ішінде Қазақстанда да басқару ісінде жағымпаздық, парақорлық, рушылдық, жерлестік сияқты көптеген келеңсіз құбылыстар орын алғаны белгілі. Бұл жылдары ұлт саясатында, әлеуметтік-экономикалық және кадр мәселелерінде көптеген ауытқушылыққа жол берілді. Жалпы барлық кеңес қоғамы үшін бұл кезде қоғамдық ойдың мәні өзгеріп, сөз бен істің арасында алшақтық, қайшылық кең өpic алды. Кадр мәселелерін шешу партия комитеттерінің тек бірінші басшыларының айтуымен, солардың таңдауымен жүретін болды. Оларды іріктеуде тек туыстық, жерлестік, бастыққа берілгендік жағдайлар маңызды рөл атқарды. Бұл Коммунистік партияның, соның ішінде Қазақстан Компартиясының да барлық деңгейінде көрініс тапты. Көптеген басшы партия қызметкерлері мен партия комитеттері ескіше қызмет етті. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті құрамында сапалық өзгерістер аз болды. Осыдан келіп, аса маңызды мәселелерді шешуде принципсіздік, тұрақсыздық, қоғамдағы жағымсыз жағдайларды жасыруға, аздаған жақсы істерді ерекше мадақтап, жоғары көтермелеп тек жақсы жағынан көрсетуге тырысты. Сол кездегі Республика Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. Ә. Назарбаев 1986 жылғы ақпан айында өткен Қазақстан Компартиясы XVI съезінде жасаған баяндамасында және съезде шығьп сөйлеген басқа да делегаттар осындай келеңсіз жағдайларды өткір сынға алды. Олар көптеген күрделі және маңызды мәселелерді партия комитеттерінің дер кезінде шешпейтінін, олардың қызметі ауқымынан тыс қалатынын, күрделі мәселелерді шешуге ескіше қараудың кеңінен орын алып отырғанын ешқандай бүкпесіз айтып берді.
Достарыңызбен бөлісу: |