Дәріс №4
Кеңестік мемлекеттік құрылыс үлгісінің жүзеге асырылуы.
Жаңа көпұлтты империя - КСРО-ның құрылуы. Ф.И.Голощекиннің «Кіші Қазан»идеясы және оның қатерлі мазмұны.
Сталиндік «үлкен» қуғын-сүргін, оның ауқымы мен ауыр салдарлары.
Сауатсыздықпен күрес. Ұлттық және мәдени негіздердің күйзелісі.
Кеңес Одағының батыры атанған қазақстандықтар мен қатардағы жауынгерлердің ерліктері - ата-баба қаһармандығының дәстүрлі жалғасы. Тыл еңбек ерлері.
1.Жаңа көпұлтты империя - КСРО-ның құрылуы. Ф.И.Голощекиннің «Кіші Қазан»идеясы және оның қатерлі мазмұны.
1920 ж. Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде шаруалардың бұқаралық ұйымдары: қосшылар (кедей, жарлы) одағы, шаруалардың бұқаралық өзара көмек комитеттері (шарком) және оған біріккен ауылшаруашылық және орман жұмысшыларының одағы (жұмжерорман) маңызды орын алды. Бұл ұйымдардың бәрі, ең алдымен қосшылар одағы бір жағынан Кеңес өкіметі мен Коммунистік партияның, екінші жағынан миллиондаған шаруалар бұқарасының арасындағы байланыстырушы буын болып табылды. Жаңа экономикалық саясатқа көшу жағдайында олар азамат соғысы жылдарындағы «әскери коммунизм» саясатының қыспағынан кейін демократияны өрістетудің куәсі болды.
Шаруалардың бұқаралық ұйымдары жерді және суды пайдаланудағы отаршылдықтар қалдықтарын жоюға бағытталған шараларды: 20-жылдардың басында Жетісу мен Сырдария облысында жер-су реформасын іске асыруға белсене атсалысты. Олар 1926-1927 жж. ауылда егістік және шабындық жерлерді қайта бөлу жөнінде, 1928 жылы ірі бай-феодалдардың мал-мүлкін тәркілеп жер аудару жөнінде үлкен рөл атқарды. Шаруалардың бұқаралық ұйымдарының жасампаздық қызметі 1920 жж. аяғы мен 1930 жж. басында тоқтатылды. Сталиндік ұжымдастырудың басталып, демократияның шектелуімен байланысты шаруалардың бұқаралық ұйымдары, алдымен қосшы (кедей) одағы таратылып, мүліктер мен кәсіпорындары колхоздардың бөлінбес қорына берілді.
Қазақстанның 1920 жж. қоғамдық-саяси өмірінің қайғылы ерекшелігі мынада болды: осы кезден бастап сталинизмнің идеологиялық аппараты халықтардың тарихи зердесін жоюға, бұл зерденің иелері ұлттық зиялылардың көрнекті өкілдерін қыруға бағытталған кең көлемді шаралар жүргізе бастады. Кеңестік Шығыстың халықтары, Еділ бойының халықтары ішінара жүздеген жылдар бойы араб алфавитін пайдаланып келгені мәлім. 1920 жж. аяғында ол жоғарының бұйрығы бойынша латын алфавитіне, ал 1940 жылы кириллицаға көшірілді. Осының салдарынан бір ұрпақтың өмірінде қазақтар ғасырлар бойы ұлттық мәдениеттің інжу-маржандары жасалып келген кітаптар, газет-журналдар, ғылыми еңбектер, бағалы тарихи мәліметтер жинақталған жазуынан айырылды.
Тоталитарлық жүйенің нығая түсуімен байланысты бірте-бірте «Алаш» партиясына қатысқандарды, сондай-ақ өлкедегі әлеуметтік-экономикалық қайта құрылыстардың қарқыны мен әдістері туралы мәселеде өзінің көзқарасы бар және шаруашылық-саяси, кадр мәселесінде республиканың егемен құқықтарын өрескел бұзып, түпкілікті халықтың ерекшеліктерімен және мүдделерімен санаспайтын орталық саясатының дұрыстығына күмәнін айтқан республика басшы қызметкерлерін саяси қудалау күшейе түсті.
БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің бірінші хатшылығына 1925 жылы қыркүйекте жіберілген Ф.И.Голощекиннің келуімен байланысты республикаға қысым жасау саясаты күшейіп, бұл ерекше қатаң сипат алды. Осы өкімет билігінің барлық демократиялық институттарын алмастырып біткен партия органдары енді өздері құрған жүйенің тұтқынына айналды. Ф.И.Голощекин өлкелік комитетінің құрамына және секретары болып кооптация арқылы сайланды.
1920 жж. екінші жартысында Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірі күрт өзгерді. 1925 жылы желтоқсанда өткен өлкелік партия комитетінің V конференциясының «Ауылды кеңестендіру» туралы шешімі тап күресінің шұғыл шиеленісуіне түрткі болды. Республикада «Кіші қазан» төңкерісін өткізу үшін идеологиялық негіз жасалды, бұл күшпен ұжымдастыру және 1937-1938 жж. жаппай жазалау дәуірінде қазақ халқын құлақ есітпеген қайғы-қасіретке ұшыратты.
Ұлттар мен ұлтшыл-уклонистер туралы айқай-шуды ушықтыруға және жергілікті кадрларды қудалауға Н.И.Ежов аз «үлес» қосқан жоқ. Ол Марий обкомынан БК(б)П Семей губкомының секретары қызметіне жіберілді, ал мұнан кейін өлкелік партия комитеті ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды.
Осымен бірге Қазақстанды голощекиндік-сталиндік үлгі бойынша «қайта құрумен» келіспеген көрнекті жауапты қызметкерлердің қарсылығы жанышталды. 1927-1929 жж. әртүрлі сылтаулармен көрнекті мемлекет қайраткерлері Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, М.Мырзағалиев республикадан аластатылды. Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Ж.Мыңбаев, Ағарту халық комиссары С.Сәдуақасов, Жер халық комиссары Ж.Сұлтанбеков және басқалар қызметінен алынды. Қазақ қызметкерлерінің көпшілік бөлігі топқа бөлініп, жікшілдік күреске қатысқан деп кінәланды. Оған 1927 жылы қарашада өткен 3-өлкелік партия конференциясының қарарлары айқын куә. БК(б)П Орталық бақылау комиссиясы негізгі топқа бөлінушілердің бірі С.Садуақасовтың ісімен арнайы шұғылданғанына қарамай, мұндай топтардың бар екенін таба алмады. И.В.Сталинге, В.М.Молотовқа, Л.М.Кагановичке жазған хатында Н.И.Ежов барлық қазақ кадрлары, барлық қазақ коммунистері ұлтшылдықпен және жікшілдік күреспен уланған, олардың арасында дені сау партиялық күш жоқ деп жеткізді. Болашақ КСРО Ішкі істер халық комиссары Мәскеуге ауысар алдында өзінің лауазымына осылай «даярланды», 1937 жылы жаппай жазалау соның жанталасуымен жүргізілді.
1920 жж. аяғында жағдайды ушықтыру мен күдікшілдік жаппай сипат алды. Орталықта троцкишіл-зиновьевшіл оппозициямен және «оңшыл оппортунистермен» күрестің күшеюі ұлт республикаларында ұлт-азаттық қозғалыс өкілдерін жазалау түрінде көрініс тауып жатты. 1928 жылдың аяғына қарай «буржуазияшыл ұлтшылдар» деп аталғандардың ‒ бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адам жалған айып тағылып, қамауға алынды. Олардың ішінде А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов және басқалар бар еді. Құрамында М.Тынышпаев, Х.Досмұхамбетов, Ж.Досмұхамбетов, Ж.Ақпаев, Қ.Кемеңгеров және басқалары бар ұлт зиялыларының (40 адамдай) басқа тобы 1930 жылы қыркүйек-қазанда қамауға алынды. Кешікпей олардың ішінен 15 адам М.Тынышпаев, Ж.Ақпаев, Х.Досмұхамбетов, Ж.Досмұхамбетов, Қ.Кемеңгеров және басқалар Ресейдің Орталық қаратопырақты облысына жер аударылды. Бұлардың бәрі дерлік 1937-1938 жж. жазаланды.
КСРО жаңа Конституциясының жобасын талқылау осындай жанталас жағдайда өтті. Ол 1936 жылы 5 желтоқсанда кеңестердің Бүкілодақтық ҮІІІ төтенше съезінде қабылданды. КСРО-ның жаңа Конституциясы бойынша Қазақ АКСР-ы Одақтас Республика болып қайта құрылды. 1937 жылы 12 желтоқсанда Қазақстан Кеңестерінің Х төтенше съезі Қазақ КСР-ның Конституциясын бекітті. Республика Жоғарғы кеңесінің сайлауы өткізілді.
Алайда бұл мемлекеттік актілерді қабылдау қайғылы оқиғалармен ұштасып жатты. 1937 жылы басталған саяси жазалау бүкіл елді қамтыды. 1936 жылы желтоқсанда БК(б)П Пленумында, мұнан кейін 1937 жылы ақпан-наурыз пленумында БК(б)П Орталық Комитетінің, И.В.Сталин мен оның айналасындағылардың «екіжүзділердің, халық жауларының бәрінің тамырын шауып, жойып жіберу» қажеттігі туралы нұсқауы берілді. Қоғамдық сананың әбден уландырылғаны соншалық, барлық жерде, соның ішінде Қазақстанда өтіп жатқан бұқаралық митингілерде сол кезде соты жүріп жатқан Н.И.Бухаринге, А.И.Рыковке және басқаларға еңбекшілер өлім жазасын беруді талап етті. Міне осындай жағдайда И.В.Сталин мен оның серіктері тек орталықтағы ғана емес, сонымен бірге ұлт республикаларындағы да оппозицияны біржола жойып жіберуге тырысты. 1937-1938 жж. жазаланған «ұлтшыл-фашистер» деп аталатындардың істерінен көрінгендей, Н.И.Ежов пен оның сыбайластары мұндай істерді қолдан жасауға көп қиналып жатпаған. Бұл «істерге» ‒ «ұлтшыл-фашистер» және басқа «халық жаулары» дегендердің істеріне кең құлашты сипат беру үшін НКВД органдары оларды троцкишілдермен және оңшылдармен одақ жасады деген қисынды ойдан шығарды. Мәскеулік процестердің көшірмесі сияқты жер-жерде «ашық» сот мәжілістері өткізіліп, оларда сотталғандардан қажетті «мойындаулар» зорлап алынды. 1937 жылы мұндай процестер республиканың Үржар, Преснов және басқа аудандарында өткізілді. Бұрынғы Қарқаралы округінің басшы партия-кеңес қызметкерлері А.Асылбековты, Н.Нұрсейітовті, М.Ғатауллинді және басқаларды 1937 жылы қарашада Қарағанды қаласында өткен соттау процесі аты-шулы болды. Алайда «халық жауларының» негізгі көпшілігінің тағдыры КСРО Жоғарғы соты әскери коллегиясының үштігінің мәжілісінде шешілді.
1937-1938 жж. Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Ұ.Құлымбетов, О.Жандосов, Ә.Досов, А.Асылбеков, Ж.Сәдуақасов, Л.Мирзоян, А.Сафарбеков, Ж.Сұлтанбеков, Т.Жүргенов, Н.Сырғабеков, З.Төреғожин және басқа да көптеген адамдар өтірік жаламен жазаланды. Қазақтың ғылымы мен мәдениеті орны толмас шығынға ұшырады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, С.Асфендияров, Қ.Жұбанов, Ж.Шанин, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгеров және т.б. кінәсіз жазалаудың құрбаны болды.
Сөйтіп, 1920 жж. соңы мен 1930 жж. тоталитарлық жүйе қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында бекіді. Оның көрінісі әсіресе Қазақстанда ерекше болды. Жалған халық жауларымен күрес концлагерлер құрылды. Бүкіл КСРО көлеміндегі айыпталғандарды жазалау үшін Қарлаг, Степлаг, АЛЖИР деп аталатын және т.б. лагерлер ашылды. Көптеген аудандар тікен сымдармен қоршалып, ол сақадай сай қаруланған әскермен күзетілді. Осы лагерлерде көптеген қоғам, мемлекет, мәдениет қайраткерлері күнәсіз жазаланды. Бұл күшпен ұжымдастыру мен индустрияландыру, 1937-1938 жж. саяси жазалау дәуірінің қайғылы оқиғалары бәрі бір-бірімен ұштасып жатты. Өлкедегі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер, Қазақстанға одақтас республика дәрежесін беру, мәдени құрылыстағы, халық ағарту ісіндегі және ғылымдағы табыстар тоталитарлық жүйенің қатаң идеологиялық қыспағында өтті. Міне осының бәрі Қазақстанның КСРО құрамында болашақ даму жолын айқындап берді.
Достарыңызбен бөлісу: |