Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Филологические науки», №4(62) 2017 г.
170
Сөз құрап, ұйқас тапқанның бәрі ақын емес екені белгілі. Ал Аристотель заманында көркем шығарма
тілі бүгінгі біздің өлшеммен алғандағы «поэзия тілі», «өлең тілі» болды. Сол себепті де Гомер де
ақын, Софокл де ақын. Өйткені, бүгінгі әдеби теориялық өлшем, терминмен олардың бірін эпик,
екіншісін драматург деп атау ол дәуірде көркем ойлау дәстүрінде де, ғылыми пайымдау үрдісінде де
қалыптаспаған еді. Аристотельдің ақынға, ақындық қасиеттерге берген бағасы да қарапайым әрі
шыншылдығымен құнды. Оның пайымдауынша физика немесе медицина саласында өлең өлшеміміен
трактат жазған адамды да, Гомер сияқты ұлы эпикалық шығарма жазған адамды да ақын деп атауға
болмайды. Гомер мен Эмподоклдың шығармаларын жақындатып тұрған тек қана өлшем
болғандықтан, оның бірін ақын, ал екіншісін физиолог деп атаған әділетті болады дейді.
Аристотель ырғақ, мелодия мен метрдің өнер түрлерінде пайдаланылу ерекшеліктеріне арнайы
мән беріп, мұндай өнер түрлеріне дифирамбылық поэзияны, номаларды (салтанатты мерекелік
жиындарда орындалатын гимн түрі), трагедия мен комедияны жатқызады. Бұлардың бір-бірінен
айырмашылығы осы өлшемдерді қайсысының қандай мөлшерде қолданатындығында екендігін
айтқан Аристотель өнер түрлерінің сын-сипаты туралы пайымдарын: «Мен өнер түрлерінің өзара
айырмашылық-ерекшеліктерін олардың еліктеу құралдары тұрғысынан алғанда осылай түсінемін» [3,
54] – деп тұжырымдайды.
Аристотель поэзияның (бұл жерде поэзия тек өлең өнері ғана емес) алғашқы теориясын жасай
отырып, оның мазмұны мен пішінінің негізгі элементтерін де айқындады. Әдебиеттанушы ғалым
Р.Нұрғали грек ойшылының еңбегі туралы: «Аристотель «Поэтикасында» зерттелген негізгі
проблема – көркем шығарма формасы, оның мазмұнға әсері, сюжет түзілісі, оқиға шырғалаңдары» [4,
160] – деп, шығарманы нағыз көркем туынды ететін негізгі теориялық компоненттерді бөлшектеп
береді. Бұл туралы Л.Әділбекова, Г.Тұңғышбаевалар өз зерттеулерінде былай дейді: «Жанр туралы
айтылған түрлі кездердегі пікірлер әлем әдебиеттану ғылымының тарихында Аристотельден
басталады. Аристотельдің комедия, трагедия жэне эпопеялық ерекшеліктер туралы айтқан бұл
пікірлердің мәні зор. Оның бұл еңбегі – өз дәуірінде әдебиетке теориялық негіз болатын, әрі әдебиеті
зерттеу үшін болашаққа жол салған еңбек болып саналады» [5, 108]. Ғалымдардың осы пікірін
дамыта қарастыратын болсақ, Аристотельдің Гомер шығармаларын «жанрлық» түрлерге бөлу
теориясы да ерекше көңіл аударарлық. Ол көркем туындының қай түрге жататындығын автордың
мінез ерекшелігіне телу арқылы айқындау керек деп санайды. Оның пікірінше көне дәуір
ақындарының бірі батырлық өлеңдер, екіншісі ямб өлшемді өлеңдер жазуының сыры осында екен.
Яғни, автордың мінез ерекшеліктеріне қарай (байыпты мінезден – эпикалық жыр, ұшқалақтан – әжуа,
келеке, сайқымазақ өлеңдер) поэзия да түрлі сипаттарға ие болады.
Бұл орайда Аристотельдің поэзиядағы формалық түрленудің мазмұнға ықпалын айқындауда бүгінгі
әдебиеттанудағы шиыры көп кең арна, мол өріске түсушіліктен ада, нақтылығына көңіл бөлу орынды
болмақ. Ол Гомердің өлеңді сұлу жазумен бірге драмалық суреттеулер жасаудың да шебері екендігін,
оның байыпты мінезді ақын бола тұра драмалық суреттеулерінде күлкіге де мән беріп, комедияның
негізгі формасын көрсеткендігін айтады. Аристотель: «Трагедия мен комедия пайда бола бастаған кезде
поэзияның белгілі бір түріне табиғи құштарлығы барлар енді ямбыны қойып, комик қаламгерлерге,
эпиктерге, трагиктерге айналды, мұның себебі поэзиялық шығармалардың соңғы аталған
формаларының маңыздырақ әрі алғашқыларына қарағанда үлкен ілтипатқа ие екендігінде жатыр» [3,
56-57] – деп, шығарманың сыртқы пішінінің ішкі мазмұнмен астасуы көркем туындының оқырман
алдындағы құны мен маңызын көрсететін фактор екенін айтады. Көне грек ойшылы өз еңбегінде
негізінен поэзия өнерінің формалық ерекшеліктерін, оның теориялық негіздерін жасаған. Драманың,
трагедия мен комедияның басты ерекшеліктерін екшей отырып, ол комедияның жанрлық
ерекшеліктерін, өлең өлшемдерінің өзіндік сипаттарын айқындайды. Оның өлең өлшемдері туралы
берген теориялық тұжырымдары мен әдебиеттануда қалыптастырған терминдерінің өзі әралуан.
Мысалы, ол қолданған «метр», «триметр», «тетраметр», «гексаметр», «ямб», «фабула», «характер» т.б.
сияқты әдеби теориялық ұғым, терминдердер бүгінгі әдебиеттанудың да қолданатын өлшем бірліктері.
Олардың генезисі туралы: «Поэзияда орныққан өлең өлшемдері ауызекі тілге, күнделікті айтылатын
сөзге тән ырғақтың ең жеңіл, ықшамды түрлерін саралап, соларды бір жүйеге, қалыпқа түсіру негізінде
жасалған. О баста өлеңде қолданылатын өлшем-өрнектер, әрине, мейлінше қарапайым болып келген.
Бара-бара олардың күрделі, әбден дамытылған түрлері туған» [6, 255] – деген пікір тарихи шындық.
Қорыта келгенде, Аристотель өзінің «Поэтика» еңбегінде Софоклдың драмалары мен Гомердің
поэмаларын әр қырынан талдай отырып, көркем шығарманы жазудың нақты бір эстетикалық жүйеге
бағынған теориясын жасайды. Оның жасаған әдеби теориялық тұжырымдары ХХІ ғасырда да күшін
Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Хабаршысы, «Филология ғылымдары» сериясы №4(62) 2017 ж.
171
жоймаған ғылыми маңызға ие.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1
Осьмакова Л.Н. Хрестоматия по теории литературы: Учеб.пособие для студентов пед. ин-тов по спец.
№2101 «Рус.яз. и лит.»/Сост. Л.Н. Осьмакова; Вступ. статья П.А. Николаева. – М.: Просвещение, 1982. – 448 с.
2
Тұрғынбаев Ә.Х., Кенжебаев С.Ж., Есімханов Т. Ғылым тарихы мен философиясы. – Алматы: Білім, 2006.
– 288 б.
3
Мақпыров С. Әдебиеттануға кіріспе. Хрестоматия. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 184 б.
4
Рымғали Н. Сөз өнерінің эстетикасы. – Астана: Елорда, 2003. – 424 б.
5
Әділбекова Л.М., Тұңғышбаева Г.Ж. Әдебиет жанрлар теориясының зерттелуі // Абай ат. ҚазҰПУ.
«Филология ғылымдары» сериясы. − №2(52), 2015. – Б.108-111.
6
Әдебиеттану. Терминдер сөздігі (Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев) – Алматы: Ана тілі, 1998. –
384 б.
С.Б. Ержанова
1
, А.Е. Абуова
2
1,2
Казахский государственный женский педагогический университет,
г. Алматы, Казахстан
Достарыңызбен бөлісу: |