Вестник КазНПУ им. Абая, серия «Филологические науки», №4(62) 2017 г.
110
Сөйлесімнің өзгермейтін бірліктері (фонема, морфема, лексема, сөйлемдер) және олардың өзіндік
байланыстары (синтагмалық, парадигмалық, эпидигматикалық) мен қызметтері (номинативтік,
коммуникативтік, конструктивтік, когнитивтік, эмоционалды-экспрессивтік, фатикалық (бос сөз),
идеологиялық, денотативтік, коннотативтік, эстетикалық, аксиологиялық, референттік) бар.
Лингвомәдениеттанудағы синергетика деген не? Кез келген сөйлеуші өз ана тіліндегі тілдік
құрылымдарды оңай қолданады. Тұрақты тіркестерді, мақал-мәтелдерді, астарлы сөзді сөйлеу
әрекетінде орнымен қолдана біледі. Оның себебі – сөйлеушінің аялық білімі т.т. болып саналады. Ал
синергетика тілдегі мәдени бірліктердің тұрақсыздығын, өзгергіштігін, басқа тілге аударғанда
баламасының болмайтындығы сияқты түрлі проблемаларды шешуге тырысады.
Хакеннің ізімен тіл біліміндегі күрделілікті қайдан көруге болады? Тіл – жүйелі құбылыс.
Құрылымдық тұрғыдан өз ішінде иерархиялық байланыстардан тұрады. Дыбыс, әріп сөзге, сөз
сөйлемге, сөйлем мәтінге негіз болып, бірінсіз бірі болмайтын, біртұтас жүйені құрайды. Адам
баласы осы күрделі жүйені меңгермей-ақ тілі шығады, сөйлейді. Тіл жүесінің дамуы, өзгеруі
уақытпен, сыртқы факторлармен тығыз байланысты.
В.А. Маслова лингвистикаға синергетиканы әкелу қиын деп, белоруссиялық зерттеуші
А.Е. Михневичтің (Михневич, 2004) еңбегін талдап, оның еңбегін түсіну үшін онда жазылғаннан да
көбірек нәрсені білу керектігін, алдымен диссипативті құрылымдарды білу қажеттігін мысалмен
дәлелдейді. Маслова диссипативтілікті осы тұста ашық жүйеде сыртқы ортамен алмаса отырып,
біртектес күйдің қайта қалпына келмейтіндей басқа күйге ауысуы сияқты түсіндіреді. «Тіл мен
мәдениетте қарама-қайшылық ұғымын түсіну ойлаудың негізгі қағидасы екендігі сонау Пифагор мен
Гераклиттен басталған. Одан кейін Гумбольдт пен Соссюр арқылы тілге ауысты. Ф. де Соссюр
«Тілде қарама-қайшылықтан басқа ештеңе жоқ» деп жазды. Ішкі – сыртқы, биік – аласа, әйел – еркек
(мужской-женский), алыс – жақын т.б. Бұлар жай ғана оппозициялар, мүшелері тең құқылы.
Бұлардан басқа фон – фигура, материал – форма деген оппозициялар бар. Фигура ұғымы фонның
болуын қажет етеді. Бірақ керісінше емес, фон фигурасыз да бола алады. Мұндай күрделі
оппозицияларды зерттеуде синергетикалық тәсіл керек. А.Е. Михневичтің жұмысындағы «мағына –
мазмұн» оппозициясы осындай» [5, 106].
Тілдегі оппозициялардың маңызы зор. Олар бір-бірімен үйлесіп, бірін-бірі толықтырады.
Оппозициялы мүшелер бірігіп, біртұтас үйлескен бүтінге айналады. Яғни дербес өзіндік ұйымдасу
нәтижесінде оппозициялардың ұжымдық біртұтас толықтыруға қарай синергетикалық өтуі болады.
Осындай тілдік ұйымдасудың дербестігі – табиғи ұйымдасудың болатындығының дәлелі.
Г.Хакен бойынша, синергетикалық өзара әрекет бұл – көптеген ішкі жүйелердің біріккен әрекеті.
Нәтижесінде макроскопиялық деңгейде жауапты қызметті атқарушы құрылымдар қалыптасады»
[4, 16 б.].
Алефиренко лингвомәдениеттегі түрлі құндылықты-мазмұнды құбылыстардың өзара әрекеті
ұғымы синергетикалық үдерістердің қосылуынан байый түсетіндігін айтады. Ондай үдерістер:
• бір бағыттық емес (нелинейная) күрделі қозғалыстағы жүйелердің эволюциясы (тілдің,
дискурстың, мәдениеттің);
• аяқастылық пен қажеттілік заңдылығынан пайда болған құбылыстар;
• бифуркация үдерістері (бифуркация – жүйенің жаңа сапалы қалыпқа ауысу жолдарының таралу
аймағы; лингвомәдениеттің жүйелік ұйымдасқан құбылысы дамуы мүмкін жолдарының таралу
нүктесі);
• диссипативтік – құрылымдардың өз бетінше қалыптасуы (бифуркация біткен соң сол немесе
басқа лингвомәдениеттің ретсіздігінен салыстырмалы түрде алғанда тұрақты құрылымдардың пайда
болуы. Диссипативтілік – лингвомәдениеттің ашық, әркелкі жүйелердің белсенді өзара әрекетінің
нәтижесінде қалыптасқан ерекше динамикалық күй. Диссипативтілік ұғымына тұрақсыз, күрделі, бір
бағытты емес, ашық жүйелердің өзара ұйымдасу құбылысы да жатады. Яғни ішкі факторлардың
өзара әрекеті мен дамуы бифуркация кезінде (екіге айрылу немесе қосарлану) лингвомәдениеттің
жаңа құрылымын тудырады. Бифуркация арқылы жаңа сапаға ауысқан соң, қайтадан бұрынғы
қалпына келу мүмкін емес. И.Пригожин мұндай біржола қайтымсыз үдерісті диссипативті
құрылымдар деп атаған. Қайтымсыз үдеріске тілдегі сөздердің көнеріп, алғашқы мағынасының
көмескіленуін мысалға келтірсек болады. Мысалы, «қатын» сөзі алғашқы мағынасынан айрылып,
қазіргі уақытта анайы сөз ретінде айтылып жүр. Ауызекі тілде соңғы уақыттарда ер адамдар бір-
бірінің жағымсыз тұстарын көргенде «Қатын екенсің!» деген тіркесті айту белең алған. Түркі
халықтарында өзбектер «қотын-қызлар», татарлар «қатын» деп әлі күнге дейін қолданады. Қазір
|