|
Білім берудіѕ тиісті деѕгейлерініѕ мемлекеттік жалпыєа міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралыБілім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
|
бет | 6/7 | Дата | 24.12.2017 | өлшемі | 1,33 Mb. | | #5706 |
| 3. Білім алушылардың оқу жүктемесінің ең жоғары көлеміне қойылатын талаптар
42. Докторанттың оқу жүктемесінің көлемі оның оқу жылы бойына әрбір пән немесе оқу жұмысының түрін игеретін кредиттермен өлшенеді.
43. ПОҚ оқу жүктемесін жоспарлау кредитпен немесе аудиториялық оқу сабақтарын кесте бойынша немесе оқу жұмысының басқа түрлері үшін жеке бекітілген график бойынша оқытушының білім алушылармен байланыс жұмысының уақытын білдіретін академиялық сағаттармен жүзеге асырылады.
44. Студиялық және зертханалық сабақтардан өзге аудиториялық жұмыстың бір академиялық сағаты 50 минутқа тең. Студиялық сабақтар үшін бір академиялық сағат 75 минутқа және зертханалық сабақтар үшін 100 минутқа тең.
Докторант практикасының барлық түрлерінің, ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысының және қорытынды аттестаттаудың бір академиялық сағаты 50 минутқа тең.
45. Оқу жұмысының көлемін жоспарлау кезінде бір кредит:
1) семестр түріндегі академиялық кезең бойындағы докторанттың аудиториялық жұмысының;
2) докторанттың кәсiби практика кезіндегі жұмысының;
3) докторанттың ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысы (ДҒЗЖ/ДЭЗЖ) кезінде ғылыми консультанттармен жұмысының;
4) докторанттың докторлық диссертацияны жазу мен қорғау бойынша жұмысының;
5) докторанттың кешенді емтиханға дайындық және оны тапсыру бойынша жұмысының 15 академиялық сағатына тең екенін ескеру қажет.
46. Білім алушылардың оқу жүктемесі академиялық сағаттардың ұзақтығымен және оқу жұмыстарының әр түрлері үшін академиялық сағатпен жүретін оқу сағаттарының көлемдерімен (50 минуттық байланыс сағаттары) айқындалады.
Аудиториялық жұмыстың бір академиялық сағаты 50, 75 немесе 100 минутқа тең болуы мүмкін. Аудиториялық жұмыстың бір сағаты 50, 75 немесе 100 минутқа тең болғандықтан, докторанттардың аудиториялық жұмысының академиялық сағаттары тиісінше ДӨЖ сағаттарымен толығады, осылайша докторанттың семестр түріндегі академиялық кезеңінің бір аптасындағы бір кредит жиынтық оқу жүктемесі 3 сағатқа тең болады.
Практиканың әр академиялық сағаты докторанттың қосымша жұмысының тиісті оқу сағаттарымен (50 минуттан) толықтырылады: педагогикалық практика үшін – 1 сағат, өндірістік практика үшін – 4 сағат және зерттеу практикасы үшін – 7 сағат.
Докторлық диссертацияның орындалуын қоса алғанда, ДҒЗЖ/ДЭЗЖ-ның әрбір академиялық сағаты 7 сағаттық ДӨЖ-бен толықтырылады.
Қорытынды аттестаттаудың әр академиялық сағаты докторлық диссертацияны жазу және қорғау немесе кешенді емтиханға дайындық және оны тапсыру бойынша докторанттың оқытушымен байланыс жұмысының бір сағаты болып табылады. Докторантты қорытынды аттестаттаудың әр академиялық сағаты 6 сағаттық ДӨЖ-бен қамтамасыз етіледі.
47. Кредиттік оқыту технологиясында докторанттардың өздігінен орындайтын жұмыстарының көлемі артады, ол екі түрге бөлінеді: оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін докторанттың өзіндік жұмысы (ОДӨЖ) және докторанттың өзі орындайтын жұмысы (ДӨЖ).
48. Оқытушының жетекшілігімен жүргізілетін докторанттың өзіндік жұмысы докторанттың оқытушымен байланыста орындалатын аудиториядан тыс жұмысының түрі болып табылады. ОДӨЖ оқу сабақтарының жалпы кестесіне кірмейтін жеке график бойынша орындалады.
49. ДӨЖ бен ОДӨЖ-дің өзіндік жұмыстың жалпы көлеміндегі арақатынасын жоғары оқу орны өзі анықтайды.
50. Дәріс пен практикалық (семинар) сабақтар кезіндегі докторанттың оқытушымен байланыс сағаттары жиынтығында әр байланыс сағаты 2 сағат ДӨЖ-бен қамтамасыз етіледі.
Студиялық және зертханалық сабақтар, докторанттың ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысы, қорытынды аттестаттау сияқты оқу жұмыстарының түрлері үшін ОДӨЖ жоспарлау қажеттілігін және оның көлемін жоғары оқу орны өзі белгілейді.
51. Докторантурадағы оқу жылы академиялық кезеңдерден, аралық аттестаттау кезеңінен, практикалардан, демалыстардан, докторанттың ғылыми-зерттеу (эксперименталды-зерттеу) жұмысынан және соңғы курста қорытынды аттестаттаудан тұрады.
52. Академиялық кезең ұзақтығы 15 апта болатын семестрден тұрады.
53. Әр академиялық кезеңнен кейінгі аралық аттестаттаудың/қорытынды бақылаудың ұзақтығы кемінде 1 аптаны құрайды.
Пән бойынша қорытынды бағада ағымдағы үлгерім бағасының үлесі 60 %-дан, ал қорытынды бақылау бағасының үлесі 30 %-дан кем болмауы тиіс.
54. Оқу жылы бойындағы демалыс ұзақтығы соңғы курстан өзге курстарда 5 аптадан кем болмауы тиіс.
55. Докторанттардың кәсіби практикасы бекітілген академиялық күнтізбе мен докторанттың жеке жұмыс жоспарына сәйкес осы стандартпен және мамандықтың ҮОЖ-бен белгіленген көлемде жүргізіледі.
56. Практикалардың ұзақтығы докторанттың практика кезіндегі 30 сағатқа тең апта бойғы (5 күндік жұмыс аптасы кезінде күніне 6 сағат) нормативті жұмысын уақытын есепке ала отырып, аптамен анықталады. Апта санын шығару үшін практиканың кредитпен есептелген көлемін тиісті практика түрінің байланыс сағатымен есептелген еңбек сыйымдылығына көбейту керек және оны докторанттың апта бойғы жұмысының ұзақтығына, яғни 30 сағатқа бөлу керек.
Практиканың 1 кредитінің еңбек сыйымдылығы педагогикалық практика үшін 30 сағатты (50 минуттан), өндірістік практика үшін 75 сағатты (50 минуттан), зерттеу практикасы үшін 120 сағатты (50 минуттан) құрайды. 1 кредитке сәйкес келетін практиканың ұзақтығы аптамен есептегенде педагогикалық практика үшін 1 аптаны, өндірістік практика үшін 2,5 аптаны, зерттеу практикасы үшін 4 аптаны құрайды.
57. Білім алушыларды қорытынды аттестаттау және ДҒЗЖ, ДЭЗЖ аптамен жоспарлау 54 сағатқа тең докторанттардың апта бойғы жұмысының нормативті уақытына (6 күндік жұмыс аптасы кезінде ДӨЖ-ді қоса есептегенде күніне 9 сағат) сүйене отырып анықталады.
58. ДҒЗЖ, ДЭЗЖ бір кредитіне докторант жұмысының 120 (15х8) сағаты, яғни 2,2 апта сәйкес келеді.
Қорытынды аттестаттаудың бір кредитіне 105 (15х7) сағат, яғни 2 апта сәйкес келеді. Оның ішінде 15 байланыс сағаты докторанттың оқытушымен жұмысына, 90 сағаты ДӨЖ-ге бөлінеді.
Кешенді емтиханға дайындалуға және тапсыруға 1 кредит, яғни 2 апта бөлінеді.
Докторлық диссертацияны (жобаны) ресімдеуге және қорғауға 4 кредит, яғни тиісінше 8 апта беріледі.
59. Докторлық диссертацияны орындау докторанттың ДҒЗЖ/ДЭЗЖ кезеңінде орындалады.
60. Докторанттардың қосымша оқу қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін, оқу жоспарларындағы академиялық айырмашылықты немесе академиялық қарызды жою үшін, игерген кредиттері өз ЖОО-да міндетті түрде қайта есепке алынатын жағдайда басқа ЖОО-да оқу пәндерін оқып-үйрену үшін, үлгерімнің орташа балын (GPA) көтеру үшін ұзақтығы кемінде 6 апта жазғы семестр (бітіруші курстан өзге курстарда) енгізілуі мүмкін.
61. Білім беру бағдарламасының ғылыми компоненті докторанттың ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмысынан, ғылыми жарияланымдарынан және докторлық диссертацияны жазуынан тұрады.
62. Философия докторын (PhD) немесе бейін бойынша доктор даярлау бойынша білім білім беру процесінің аяқталуының негізгі өлшемі докторанттың кемінде 75 кредитті, оның ішінде теориялық оқу бойынша кемінде 36 кредитті, сондай-ақ практиканың кемінде 6 кредитін, ДҒЗЖ/ДЭЗЖ кемінде 28 кредитін игеруі болып табылады.
Докторантураның білім беру бағдарламасын мерзімінен бұрын меңгеріп, диссертацияны сәтті қорғаған докторантқа оқу мерзіміне қарамастан PhD доктор немесе бейін бойынша доктор ғылыми дәрежесі беріледі.
63. Бейіндік докторантураны бітіруші педагогикалық мамандық пәндері циклін меңгерген және педагогикалық практикадан өткен жағдайда ғана ғылыми және педагогикалық қызметпен айналыса алады. Аталған цикл қосымша академиялық кезең ішінде меңгеріледі (егер оқу жоспарында қарастырылмаған болса), оны аяқтаған соң негізгі дипломға тиісті сертификат беріледі.
64. Докторантураның білім беру бағдарламасының теориялық курсын толық меңгерген, бірақ ғылыми-зерттеу компонентін орындамаған докторантқа ақылы негізде ғылыми-зерттеу компонентінің кредиттерін қайта игеруге және диссертацияны келесі оқу жылында қорғауға мүмкіндік беріледі.
65. Докторантураның білім беру бағдарламасының теориялық курсын толық меңгерген, бірақ белгіленген мерзімде докторлық диссертацияны қорғамаған докторанттың докторантурада оқу мерзімі ақылы негізде ұзартылуы мүмкін.
66. Жоғары оқу орны докторантураның оқу процесін алынған лицензиясына сәйкес ұйымдастырады және білім беру қызметіне лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарын сақтауы тиіс.
67. ЖОО білім беру қызметін тиісті материалдық-техникалық базамен, білікті профессорлар-оқытушылар құрамымен, кітапхана қорымен, Интернет және басқа да ақпараттық қорлармен, қаладан тыс жерлерден келген докторанттарды жатақханамен және докторанттарды басқа да қолдау қызметімен қамтамасыз етеді.
68. Материалдық-техникалық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар:
Докторантура бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орнында санитарлық-техникалық нормаларға сәйкес келетін және оқу жоспарында көзделген теориялық және практикалық даярлықтың барлық түрлерін жүргізуді, сондай-ақ докторанттың ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмыстарын тиімді өткізілуін қамтамасыз ететін материалдық-техникалық базасы (аудиториялық қор, компьютерлік сыныптар, зертханалар, құрал-жабдықпен қамтамасыз ету, қор материалдары) болуы тиіс.
69. Ғылыми зерттеулерді қоса алғанда докторанттарды даярлаудың білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қойылатын талаптар.
Философия докторы (PhD) және бейіні бойынша доктор даярлау бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орындары қажетті оқу-әдістемелік құжаттарды (оқу жұмыс жоспары, оқу пәндерінің және практикалар бағдарламалары, ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмыстарының бағдарламалары және т.б.) әзірлейді және бекітеді.
Оқу пәндерінің бағдарламаларын докторантураның білім беру бағдарламаларын іске асыратын жоғары оқу орны осы стандарттың және докторантураның мамандықтары бойынша ҮОЖ негізінде әзірлейді.
Кәсіптік дайындық жағынан докторантураның білім беру бағдарламалары PhD доктор немесе бейіні бойынша доктор даярлаудың аккредиттелген бағдарламаларын іске асыратын жоғары рейтингті шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтардың тәжірибелерін зерделеу негізінде әзірленуі тиіс.
70. Оқу әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз етуге қойылатын талаптар.
Оқу процесін оқу-әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз ету докторанттардың докторантураның білім беру бағдарламасын сапалы меңгеруіне кепілдік беруі тиіс.
Білім беру бағдарламасын іске асыру халықаралық ақпараттық желілерге, электронды деректер қорларына, кітапхана қорына, компьютерлік технологияларға, оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттерге еркін қол жеткізу мүмкіндігімен қамтамасыз етілуі тиіс.
Ақпараттық және оқу-әдістемелік қамтамасыздандырылу докторанттың өзіндік жұмысын біртіндеп белсендіруге негізделген болуы керек.
Кітапхана қоры мен электронды және магнитті тасымалдаушылардағы оқу әдебиеттерімен қамтамасыздандыру білім беру қызметін лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келуі тиіс.
71. Практикалар мен ғылыми тағылымдамаларды ұйымдастыруға қойылатын талаптар.
Практика ғылыми, кәсіби қызметтегі практикалық дағдыны қалыптастыру мақсатында жүргізіледі.
Докторантураның білім беру бағдарламасында мыналарды қамтылуы тиіс:
1) философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша білім алушылар үшін педагогикалық және зерттеу практикалары (көлемі 3+3 кредиттен кем болмауы тиіс);
2) бейіні бойынша докторантура бағдарламасы бойынша білім алушылар үшін кәсіби практика (көлемі 6 кредиттен кем емес).
Педагогикалық практика оқу процесінен қол үзбей теориялық оқу кезеңінде өткізілуі мүмкін. Осы ретте докторанттар бакалавриат пен магистратурада сабақ жүргізуге тартылуы мүмкін.
Докторанттың зерттеу практикасы отандық және шетелдік ғылымның жаңа теориялық, әдіснамалық және технологиялық жетістіктерін зерттеу, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің заманауи әдістерін практикада қолдану, диссертациялық зерттеудегі эксперименттік деректерді өңдеу мен интерпретациялау дағдыларын бекіту мақсатында жүргізіледі.
Докторанттың өндірістік практикасы оқу процесінде алынған теориялық білімді түйіндеу және кәсіби деңгейін арттыру мақсатында жүргізіледі.
Зерттеу және өндірістік практикалардың мазмұны докторлық диссертацияның тақырыбымен анықталады.
72. Философия докторы (PhD) бағдарламасы бойынша білім алушының ғылыми-зерттеу жұмысына қойылатын талаптар:
Докторанттың ғылыми-зерттеу жұмысы:
1) докторлық диссертация қорғалатын мамандықтың негізгі проблематикасына сәйкес болуы;
2) өзектілігі, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығының болуы;
3) ғылым мен практиканың қазіргі теориялық, әдістемелік және технологиялық жетістіктеріне негізделуі;
4) компьютерлік технологияны пайдалана отырып мәліметтерді өңдеудің және интерпретациялаудың заманауи әдістеріне негізделуі керек;
5) ғылыми зерттеулердің қазіргі әдістерін қолдана отырып орындалуы;
6) қорғалатын негізгі ережелер бойынша ғылыми-зерттеу (әдістемелік, практикалық) бөлімдерінің болуы тиіс.
73. Бейіні бойынша доктор бағдарламасы бойынша білім алушының эксперименталды-зерттеу жұмысына қойылатын талаптар:
Докторанттың эксперименталды-зерттеу жұмысы:
1) докторлық диссертация қорғалатын мамандықтың негізгі проблематикасына сәйкес келуі;
2) өзектілігі, ғылыми жаңалығы мен практикалық маңыздылығының болуы;
3) ғылымның, техниканың және өндірістің заманауи жетістіктеріне негізделген және нақты практикалық ұсыныстары, кешенді сипаттағы басқару мәселелерінің өзіндік шешімдерінің болуы;
4) алдыңғы қатарлы ақпараттық технологияларды қолдана отырып орындалуы;
5) қорғалатын негізгі ережелер бойынша эксперименталды-зерттеу (әдістемелік, практикалық) бөлімдерінің болуы тиіс.
74. Ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмысының нәтижелерін докторант әр академиялық кезеңнің соңында қысқаша есеп түрінде ресімдейді.
ДҒЗЖ/ДЭЗЖ шеңберінде докторанттың жеке жұмыс жоспарында міндетті түрде шетелдік ғылыми тағылымдамадан өтуі қарастырылады.
75. Докторанттың ғылыми-зерттеу/эксперименталды-зерттеу жұмысының ең соңғы қорытындысы докторлық диссертация болып табылады.
Докторлық диссертацияның тақырыбы оның өзектілігін есепке ала отырып докторантураға қабылданғаннан кейін екі айдан кешіктірілмей анықталады. Диссертациялық зерттеудің бағыты, әдетте, ұлттық басымдықтармен не мемлекеттік бағдарламалармен не іргелі немесе қолданбалы зерттеу бағдарламаларымен байланысты болуы тиіс.
76. Докторлық диссертацияның негізгі нәтижелері осы стандарттың 27-тармағына сәйкес жариялануы тиіс.
77. Докторлық диссертацияның мазмұны мен ресімделуіне, оларды даярлау мен қорғауға қойылатын талаптар білім беру саласындағы уәкілетті органның нормативтік құқықтық актілерімен айқындалады.
78. Докторлық диссертация міндетті түрде Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы жүзеге асыратын авторға және ақпарат көзіне сілтемесіз мәліметті пайдалану туралы (диссертацияда плагиаттың бар-жоғына) тексеруден міндетті түрде өтуі тиіс.
79. ЖОО-ның кадрлық құрамына қойылатын талаптар лицензиялау кезінде білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптарымен анықталған.
Жоғары оқу орнының оқытушысы оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларының талаптарын ұстанған жағдайда оқу сабақтарын ұйымдастыру мен өткізудің әдіс-тәсілдері мен нысандарын, оқытудың әдістерін еркін таңдауға құқылы.
80. Ғылыми мектептер ел аумағында немесе халықаралық деңгейде танылған болуы тиіс.
Танымдылық индикаторларына жоғары импакт-факторы бар ғылыми басылымдарда жарық көрген мақалалар, шетелдік әріптестермен бірге орындалатын халықаралық және отандық ғылыми жобалар жатады.
81. Оқытушы кадрлар оқытудың заманауи интерактивті әдістері мен технологияларын меңгеріп, оларды оқу процесінде пайдалана білуі тиіс.
82. Докторантқа оқуға қабылданғаннан кейінгі екі айдың ішінде докторлық диссертацияға жетекшілік жасау үшін ғылыми жетекші тағайындалады.
Докторанттың ғылыми жетекшілігі мен зерттеу тақырыбы ғылыми кеңестің шешімі негізінде жоғары оқу орны ректорының бұйрығымен бекітіледі.
83. Докторанттарға ғылыми жетекшілікті ғылым докторлары мен кандидаттарының, философия (PhD) докторларының ішінен сайланған, құрамы кемінде 2 адамнан тұратын және олардың біреуі шетелдік жоғары оқу орнының ғалымы болып табылатын консультациялық комиссия атқарады («Әскери іс және қауіпсіздік» мамандықтар тобын қоспағанда).
Аталған ғылым саласында (мамандық бейіні бойынша) ғылыми зерттеулермен белсенді түрде айналысатын және ғылыми жетекшілік жасау тәжірибесі бар тұлғалар ғылыми консультанттар бола алады.
4. Білім алушылардың дайындық деңгейiне қойылатын талаптар
84. Оқытудың нәтижелері Дублин дескрипторларының 3-деңгейі (докторантура) негізінде анықталады және құзыреттер арқылы көрінеді. Оқыту нәтижелері бағдарламаның барлық деңгейінде де, жеке пәннің, модульдің деңгейінде де сипатталады.
Үшінші деңгейдегі дескрипторлар:
1) зерттеу саласындағы жүйелі түсініктерді, осы салада қолданылатын зерттеу әдістерін қолдану шеберлігін көрсету;
2) ғылыми зерттеулердің кешенді процесін жоспарлау, әзірлеу, іске асыру және түзету;
3) өзінің ұлттық немесе халықаралық жариялануға тұрарлық ерекше зерттеулерімен ғылыми саланың шекараларын кеңейтуге үлес қосу;
4) жаңа және күрделі идеяларды сыни тұрғыда талдау, бағалау және жинақтау;
5) өзінің білімін және жетістіктерін әріптестеріне, ғылыми қоғамдастыққа және қоғамға жеткізу;
6) білімге негізделген қоғамның дамуына септігін тигізу қабілеттерінің болуын қарастырады.
85. Докторантураның жалпы құзыреттіліктері:
1) мынадай:
ғылым эволюциясындағы парадигмалардың ауысуы мен дамуының негізгі кезеңдері туралы;
жаратылыстану (әлеуметтік, гуманитарлық, экономикалық) ғылымдарының пәндік, дүниетанымдық және әдіснамалық ерекшеліктері туралы;
білімнің белгілі бір саласындағы ғылыми мектептер мен олардың теориялық және практикалық жаңалықтары туралы;
белгілі бір саладағы әлемдік және қазақстандық ғылымның ғылыми тұжырымдамалары туралы;
ғылыми жаңалықтарды практикалық қызметке ендіру тетіктері туралы;
ғылыми қоғамдағы қарым-қатынас нормалары туралы;
ғалым-зерттеушінің педагогикалық және ғылыми этикасы туралы түсінігінің болуы;
2) мыналарды:
жаһандану мен интернациялизацияландыру жағдайында отандық ғылымның дамуының заманауи үрдістерін, бағыттары мен заңдылықтарын;
ғылыми танымның әдіснамасын;
белгілі бір саладағы әлемдік және қазақстандық ғылымның жетістіктерін;
ғылым мен білімнің әлеуметтік жауапкершілігін (сезінуі және қабылдауы);
халықаралық ынтымақтастық пен ғылыми байланысты жүзеге асыруға мүмкiндiк беретін кемінде бір шет тiлiн кәсiптік деңгейде білуі қажет;
3)мыналарды:
ғылыми зерттеулер үдерісін ұйымдастыруды, жоспарлауды және іске асыруды;
зерттеу саласындағы әртүрлі теориялық тұжырымдамаларды талдауды, бағалауды, салыстыруды және қорытынды жасауды;
әртүрлі деректерден алынған ақпараттарды талдауды және өңдеуді;
заманауи теориялар мен талдау әдістері негізінде академиялық тұтастықпен сипатталатын ғылыми зерттеулерді өз бетімен орындауды;
ғылыми танымның шекарасын кеңейте отырып, өзінің жаңа ғылыми ойларын айтуды, өзінің білімі мен ойларын ғылыми қоғамдастыққа жеткізуді;
зерттеудің заманауи әдіснамасын таңдап, оны тиімді қолдануды;
өзінің кәсіби дамуын жоспарлауды және болжауды білуі тиіс;
4) мынадай:
әртүрлі ғылыми ойлар мен теорияларды сыни тұрғыда талдау, бағалау және салыстыру;
ғылыми қызметте талдау және эксперимент жүргізу;
зерттеулер нәтижелерін жоспарлау және болжау;
халықаралық ғылыми форумдарда, конференциялар мен семинарларда шешендік өнер және көпшілік алдында сөйлеу;
ғылыми хат пен ғылыми байланыс;
ғылыми зерттеулер процестерін жоспарлау, үйлестіру және іске асыру;
зерттеу саласында жүйелі түсінік пен таңдап алынған ғылыми әдістердің сапалылығы мен нәтижелілігін көрсете білу;
ғылыми іс-шараларда, іргелі ғылыми отандық және халықаралық жобаларға қатысу;
басқарудағы көшбасшылық және ұжымды басқару;
ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызметке жауапкершілікпен және шығармашылықпен қарау;
заманауи ақпараттық және инновациялық технологияларды қолдана отырып, патенттік ізденіс жүргізу мен ғылыми ақпаратты беру тәжірибесі;
ғылыми жаңалықтар мен туындыларға зияткерлік меншік құқығын қорғау;
шет тілінде еркін сөйлесу дағдысының болуы тиіс;
5) мынадай:
ақпараттар ағымының жедел жаңару және жедел өсу жағдайындағы ғылыми және ғылыми-педагогикалық қызмет саласында;
теориялық және эксперименттік ғылыми зерттеулер жүргізуде;
ғылыми зерттеуде теориялық және қолданбалы міндеттерді қою мен оларды шешуде;
белгілі бір саладағы мәселелерге кәсіби және жан-жақты талдау жүргізуде;
тұлғааралық қарым-қатынас және адам ресурстарын басқару мәселелерінде;
мамандарды жоғары оқу орнында даярлау мәселелерінде;
ғылыми жобалар мен зерттеулерге сараптама жүргізуде;
үнемі кәсіби өсуді қамтамасыз етуде құзыретті болуы қажет.
86. Арнайы құзыреттер докторантураның әрбір мамандығы бойынша қоғамның әлеуметтік сұраныстары мен жұмыс берушілердің талаптарын ескере отырып әзірленеді.
87. Міндетті минимум мен жоғары оқу орны ұсынатын оқу жүктемесінің көлемі аясында алынған білім деңгейі әртүрлі бақылаулар арқылы қамтамасыз етіледі.
88. Докторанттардың оқу жетістіктерін бақылау және олардың оқу пәндері немесе модульдер бойынша білімін бағалауды оқу процесінің межелік кезеңдерінде (әр академиялық кезең мен оқу жылы аяқталған кезде) Офис регистратор (бөлім, сектор) жүргізеді және бақылау мен бағалау білім берудің қорытынды нәтижесіне бағдарлануы тиіс.
89. Білім алушылардың оқу жетістіктерінің тарихын Офис регистратор есепке алып отырады және докторанттардың белгіленген нысандағы транскрипінде көрінеді.
Транскрипт докторантқа білім алудың кез келген кезеңінде оның жазбаша өтініші негізінде беріледі.
90. Докторанттың білімін, іскерлігін, дағдысын және құзыреттерін бақылау оларды қорытынды аттестаттау кезінде жүргізіледі.
91. Білім алушыларды қорытынды аттестаттау академиялық күнтізбеде және мамандықтардың жұмыс оқу жоспарында көрсетілген мерзімде кешенді емтихан мен докторлық диссертацияны қорғау нысанында мынадай құжаттарға сай өткізіледі:
1) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі ережесі;
2) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 127 бұйрығымен бекітілген Ғылыми дәрежелер беру ережесі;
3) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 126 бұйрығымен бекітілген Диссертациялық кеңес туралы үлгілік ереже.
92. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті жүргізген сараптама қорытындысы бойынша оң шешім шығарған кезде докторантураның білім беру бағдарламасын толық орындаған және докторлық диссертацияны сәтті қорғаған тұлғаларға философия докторы (PhD) немесе бейіні бойынша доктор ғылыми дәрежесі және мемлекеттік үлгідегі диплом мен дипломға қосымша (транскрипт) беріледі.
Жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік
жалпыға міндетті стандартына 1-қосымша
PhD докторантурасының білім беру бағдарламасының компоненттерін бөлу нормасы (оқу мерзімі 3 жыл)
Достарыңызбен бөлісу: |
|
|