Сабақтың әдісі: (мәселелік оқыту) жағдаятты шешу әдісі
Сабақтың барысы:
Модератор: Қайырлы күн, қазақтың аймаңдай арулары – отбасының берекесін келтіріп отырған келіндер, жарқын жүзді жеңгелер!
Танысу минуты: сабаққа қатысушы өзінің аты-жөнін, мамандығын, т.б. айтып өтеді.
Модератор: Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан өз мәдениеті бар. Ол ұлттық құндылықтарынан, отбасындағы қарым-қатынасынан, ұрпақ тәрбиесінен көрініс табады. Дүниеге бала келгеннен бастап, оны өсіру-тәрбиелеуде ертең осы ұрпағым басқа елмен туыс етеді, үйдегі берген тәрбиемізді, осы үйде көрген өнегесін басқа үйде көрсетеді деп, отбасында жақсы тағылым беруді білген. Мысалы, жаңадан келіп түскен келіннің жүріс-тұрысы арқылы шыққан жеріне баға беріледі.
«Әдепті келін – ауылдың көркі», «Келінді келін демесең, жақсы болса өз қызыңдай», «Балаң жаман болса да келінің жақсы болсын» деп жататыны сондықтан.
Сабағымыздың мазмұнын ашатын алғашқы сұрақ:Жеңгелер деген кім және оның қыз бала тәрбиесінде орны бар ма?
Сабаққа қатысушы мектебіміздің мықты педагогі, қазақтың аяулы келіні................ деген әріптесімізді ортаға шақырып, отбасындағы келіннің, жеңгенің рөлі туралы бірінші сұрағымызға жауап беріп етеді.
Жеңгенің алғашқы рөлі келін болудан басталады. Отбасындағы келіннің рөлі өзінің келген ортасын сыйлау, құрметтеу арқылы үй-ішінің тірліктерін атқаруды меңгерумен басталып, отбасылық қарым-қатынастың реттелуі келіннің іс-әрекетінен көрініс табады. Қайын-жұрттың атын атамау – ат тергеу, үлкенге құрмет көрсетіп, бата алу, сәлем жасап – алғыс алу сияқты сыйластық кілті келінде болуға тиісті. Басты мақсат: келген жерінде орнын табу, сыйлай білу, сыйымды болу арқылы өз тамырын жайып, өсіп-өну.
Жеңгелік рөл келіннің келген жеріндегі өзінен кішілерге қамқорлығын көрсетуі арқылы іске асады. Өзінен үлкен болғанымен, күйеуінен кішінің бәрін «қайны-қайынсіңлілер» қатарында қарап, оларға жарасымды да ұтымды және өздеріне ұнамды ат қоюы – жеңгенің келген ортасына сіңісуінің басты шарты. Қайныларына қыз таңдауға бағыт-бағдар, кеңес береді. Өйткені, бір шаңырақ астында өзімен абысынды-келінді жақын жүретін, қызметті бөліп атқаратын әйелдің дұрыс адам болып келуіне немқұрайлылық танытпайды. Ақылдасып, қыз көңілін табуға психологиялық нұсқаулар, ұсыныстар жасайды. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген мәтел қайныны шын қолдаушылардың бірі екендігі.
Қыз бала үшін жеңге – таптырмайтын жанашыр. Өз тәжірибесінен көргені мен түйгенін айта отырып, сыр бөлісетін жеңгелер институтының әлеуметтік мәні биік болуы тиіс. Этноәлеуметтік рөлдің ішінде жауаптылығы жағынан да, жақындығы жағынан да жеңгенің рөлі жоғары.
Достарыңызбен бөлісу: |