End Sub
Бейсикте массивтер ғана DIM операторы арқылы сипатталатын. VB’те бір процедура ішінде пайдаланылатын барлық айнымалыларды DIM арқылы сипаттау мүмкін.
Іске қосу командасын беру. Ол үшін аспаптар панелінің Start (Бастау) түймесін шерту, Run-Start командасын беруге не F5 клавишін басуға болады. Х мәні сұралатын InputBox (енгізу) терезесі көрінеді (1.8-сурет). Терезенің тақырыбында көрінген “Х=” жазуы – мәтіндік символдар тізбегі.
Терезенің төменінде көрінген мән енгізу өрісіне Х мәнін (4,6) енгізіп, ОК түймесін шерту (не КҚ клавишін басуға да болады.)
1.8-сурет. Енгізу терезесі.
Ескерту. Шығару терезесіне нақты санды енгізген кезде IBM Бейсикте қойылатын нүкте орнына әдеттегідей үтір (,) таңбасын қою керек.
Программа денесіне MsgBox функциясы енгізілгендіктен, экранға нәтижелік мән енгізілген MsgBox (шығару) терезесі шығады. (1.9-сурет).
Терезенің ОК түймесін шерту. MsgBox терезесі жабылып, экранда форма көрінеді.
Программадан шығу үшін Run-End (Іске қосу-Соңы) командасын беру не аспаптар панелінің End (соңы) түймесін шерту. Visual Basic бастапқы режимге қайтып оралады.
Ескерту. Процедура денесіне x=InputBox(x) командасының орнына меншіктеу командасын (х=4.6) енгізу де мүмкін. Программаға нақты сан нүкте (.) арқылы бөлініп енгізілуі тиіс (х=4.6).
1.9-сурет. Шығару терезесі.
Шығару терезесін пайдаланбай, нәтижелік мәнді форма терезесіне шығаруға болады. Ол үшін:
форманы таңдап, Proporties терезесінде көрінген оның Autoredraw (Өңделмеген), Enabled (Қосылған) қасиеттерінің мәнін True (Ақиқат) ету;
процедура денесіне енгізілген MsgBox функциясын Print операторымен алмастыру керек, мысалы: Print “y=”; y.
InputBox функциясы арқылы енгізілген аргумент мәнін де формада көрсетуге болады. Ол үшін жоғарғы қасиеттерді орнатып, процедура ішінде InputBox-ты меншіктеу командасынан соң Print “x=”; x операторын енгізу жеткілікті.
Print операторы (әдісі) берілгендерді басып шығару үшін де пайдаланылады. Берілетін команда:
Printer. Print <мәтін>
Мұндағы Print – басып шығару операторы;
Printer – принтер объектісі;
<мәтін> - программалық кодқа енгізілген бір қатарлық мәтін.
Printer объектісінің басып шығару параметрлерін орнататын қасиеттер терезесі жоқ. Оның әр қасиеті программа мәтінінде орнатылуы тиіс. Мысалы: a1$, a2$ айнымалыларының мәндері болатын мәтіндерді 14 пиксельдік шрифпен басу командалары:
а1$= “Біз студенттерміз,”
а2$=”олар да студенттер.”
Printer.FontSize=14
Printer.Print a1$
Printer.Print a2$
Ескерту. 1. Printer объектісінің қасиеттері мен командалары VB’тің анықтама жүйесіне енгізілген (Print Object).
Шрифті программа арқылы орнатуға болады. FontSize командасын екі команда арқылы жазу да мүмкін (Font.Size).
File-Print командасы терезеге енгізілген программаны толық басып шығады. Ал Іске қосу (F5), одан әрі End командасы берілсе, тек мәтіндер басылып шығады.
Код терезесіне түрлі оқиғаларды өңдеуіш бірнеше процедураларды енгізу мүмкін.
Программада айнымалыларды кіші не бас әріппен енгізудің айырмашылығы жоқ. Оны редактордың өзі кіші әріпке алмастырады. View-Code командасы бойынша ашылған жаңа код терезесінде процедура моделі жазылмайды, процедура тақырыбын қолдан теріп алу керек.
Есепті пайдаланушы интерфейсін құрып шешу
Түрлі нәтижелерді форманың арнайы орындарында көрсету – VB жүйесімен жұмыс істеуде орындалуы тиіс интерфейс талабы. Бұл үшін формада қажетті объектілерді алдын ала орнатып, код терезесінде осы объектілерге арналған процедуралар құру керек. Осыған сәйкес, өткен тақырыпта берілген мысалды келесі тәсілдерді пайдаланып шешкен жөн:
Орталықты ашып, көрінген форманы кеңейту. Форма тақырыбын өзгертуге болады. Ол үшін:
форманы таңдау. Форма қасиеттері терезесі көрінеді;
терезенің Font қасиетін екі рет шертіп, ашылған Шрифт терезесінде Times Kaz шрифтін таңдау және өлшемін 14 ету;
Caption қасиетінің мәні үшін Form1 орнына «Функция мәні» мәтінін енгізу».
Элементтер панелінің Label түймесін шертіп, көрсеткіш арқылы форманың жоғарғы қабатында Label1, Label2 өрістерін (объектілерін) орнату. Оларға программаға енгізілетін х, у айнымалыларының мәндерін жазуды жоспарлау. Мысалы: форманың Label1 объектісіне Z айнымалысының мәнін жазу (Caption қасиетін орнату) Label1.Caption=Z меншіктеу командасы арқылы орындалады. (Яғни, объект қасиетін программаға енгізілген команда арқылы орнату да мүмкін. Қасиет іске қосу режимінде орнатылады).
Элементтер панелінің CommandButton түймесі арқылы форманың төменгі қатарына командалық Command1, Command2 объектілерін (басқару элементтерін) орнату (1.10-сурет). Оларды программаны іске қосу және аяқтау командалық түймелері ретінде пайдалануды жоспарлау. (Label1, Label2, Command1, Command2 – Label, CommandButton түймелері арқылы орнатылған объектілерге VB’тің автоматты түрде берген атаулары). Формаға орнатылған объектілер форма сыңарлары (компоненттері) делінеді.
Command1 түймесін таңдау. Оның қасиеттері Proporties терезесінде көрінеді. Оның Font қасиетіне TimesKaz шрифтін орнатып, Caption қасиетіне Қосу (Іске қосу) сөзін енгізу. Ол Command1 элементінің үстіне жазылып қойылады.
Осы сияқты, Command2 түймесінің Caption қасиетіне End сөзін меншіктеу.
1.10-сурет. Интерфейстік элементтер орнатылған форма.
Программалық код құру:
Қосу объектісін екі рет шерту. Код терезесі ашылып, онда Command1_Click атаулы процедура моделі көрінеді. (Caption қасиеті арқылы форманың басқару объектісіне басқа атау берілгенімен процедура тақырыбына VB өзі меншіктеген (Name қасиетіне жазылған) атауды жазып қояды, мысалы, Қосу орнына - Command1. Жалпы, пайдаланушы Name қасиетіне өзі таңдаған атауды енгізсе, Command1 орнына осы атау жазылып қойылады).
Оның ішіне процедура енгізу.
Private Sub Command1_Click()
Dim x As Single, y As Single
x = InputBox(x, "x="): Label1.Caption = x
y = 3 * x + 5: Label2.Caption = y
End Sub
End басқару элементіне арналған процедура құру. Ол үшін код терезесінің жабу түймесін шертіп не проект терезесінің Form1 бумасын екі рет шертіп, форманы қайта ашу және ондағы End түймесін екі рет шерту керек. Код терезесі ашылып, алдыңғы құрылған программаның астында жаңа процедура моделі көрінеді. Оған End операторын енгізу:
Private Sub Command2_Click()
End
End Sub
Іске қосу командасын беру (F5). InputBox терезесі көрінеді. Оған х мәнін енгізіп, ОК түймесін шерту. Мәндер енгізілген форма терезесі көрінеді. (1.11-сурет).
1.11-сурет. Нәтиже енгізілген форма
Форманың End түймесін шерту. Программа жұмысы аяқталып, код терезесі қайта көрінеді.
Ескерту. Формада тек Label1 объектісін орнатып, оны У мәнін енгізуге болады. Сол сияқты, формады End командасына арналған Command2 басқару элементін орнатпау да мүмкін. бұл кезде программа жұмысын тоқтату командасы аспаптар панелінің End түймесін шерту не Run-End командасы арқылы беріледі.
Программаны сақтау, ашу.
Проектіні дайындап болғаннан соң форманы File-Save Form As… командасы арқылы сақтап қою керек. Сақтау үшін арнайы бума дайындалмаған болса, ол VB
(C:\Program Files\DevStudio\VB)
бумасында сақталады. Бірақ пайдаланушы VB терезесінде жаңа бума құрып, проектіні сонда сақтағаны жөн. ол оны іздеп табуды жеңілдетеді. Жаңа бума құру тәсілі:
сақтау сұралатын терезенің Жаңа бума құру түймесін шерту. Бума белгішесі терезеде орналастырылып қойылады.
Клавиатурадан бума атын енгізу.
Буманы екі рет шертіп, ашу.
Терезенің Файл атауы өрісіне форма атын енгізіп, Сақтау түймесін шерту. Форма frm кеңейтілуі бойынша сақталады да, проект аты сұралатын терезе көрінеді.
Файл атауы өрісіне проект атын енгізіп, Сақтау түймесін шерту. Проект атауы vbp кеңейтілуі бойынша сақталып қойылады.
Егер проект ішінде бірнеше форма құрылған болса, проект аты сұралатын терезе шықпауы да мүмкін. ол кезде алдымен қалған формаларды сақтау, одан әрі File-Save Project As… командасын беру керек.
Ескерту. Қосымшаның барлық бөліктері проектіде сақталатындықтан Сақтау терезесінде алдымен форманы, одан соң проектіні сақтаған жөн. форма мен проектіні бірдей атау бойынша сақтауға да болады, мысалы, Func1.frm, Func1.vbp. Бірақ форманы басқа проектілерде де пайдалану мүмкін. сондықтан оларды түрлі атау арқылы сақтаған дұрыс.
Сақтау командасы берілген соң проект терезесінде жақшалар ішінде жазылған (VB алғашқы рет меншіктеген) атаулар сәйкес жаңа атауларға алмастырылып қойылады.
Сақтаулы проектіні ашу үшін File-Open Project командасын беру керек. Көрінген терезеден қажетті буманы ашып, проект атауын екі рет шертсе болғаны.
Формада фигуралар салу.
Код терезесінде арнайы операторлар арқылы графикалық кескіндер салатын не көрсеткішті қаламұш ретінде пайдаланып, түрлі суреттер сызуға болатын процедуралар құруға болады.
Мысал. Формаға ақ түсті шеңбер және қызыл түсті тік төртбұрыш салу керек.
Орталықты ашып, форманы екі рет шерту.
Ашылған код терезесінен форма оқиғалары тізімін ашып (тізім терезенің оң жақ бөлігінде көрінген тілсызық түймесін шерткен кезде көрінеді), Paint (кескіндеу) оқиғасын таңдау.
Көрінген Form_Paint атаулы процедура моделін толтыру:
Private Sub Form_Paint()
ScaleMode = 2
Circle (180, 100), 60, RGB(255, 255, 255)
Line (10, 10)-(100, 60), RGB(255, 0, 0), BF
End Sub
Іске қосу командасын беру (F5).
Процедураның орындалу нәтижесі 1.13-суретте көрсетілген.
1.13-сурет. Формаға салынған фигуралар
VB’те форма және онда орнатылған объектілер өлшемі пиксель арқылы есептеледі. Ал, графикалық кескін салу мүмкіндігін жоғарылату үшін нүкте орнатуда бірлік өлшемі үшін пиксельдің 1/20 бөлігі болатын твип (twip) бірлігі пайдаланылған. Жоғарғы процедурада масштаб (ScaleMode) пунктке ауыстырылды (оны пиксельге ауыстыру үшін масштабты 3 – ке тең етіп алса болғаны).
Процедураға енгізілген Circle (Шеңбер), Line (Сызық) – Бейсиктегідей операторлар, айырмашылығы – түс кодын жазуда. VB’те пайдаланылатыны – RGB (EGA, VGA типті бейнеадаптерлі мониторларда қолданылатын түстер қоспасы). Түстер мәндері (кодтар) 0....255 аралығында болатын бүтін сандардан алынады: ақ түс – (255, 255, 255), қара түс – (0, 0, 0), ашық қызыл түс – (255, 0, 0), т.с.с. (Жалпы, фигура түсін орнату коды: RGB (қызыл, жасыл, көк).)
Форма бетінде көрсеткіш арқылы қисық сызық сызу да мүмкін. Ол үшін форманы екі рет шертіп, код терезесін ашқан соң оқиға типтерінің тізімінен MouseMove (Тышқанды қозғалту) оқиғасын тандау керек. Терезеде көрінген осы оқиға процедурасы ішіне
If Button = 1 Then
Line – (x, y)
End If
командасы енгізілсе болғаны (х, у - көрсеткіш орналасқан арғымдық координаттар нүктесі).
Процедура іске қосылған соң (F5) тышқанның сол жақ түймесін басып, көрсеткіш арқылы кез келген қисық сызықты фигураны сыза беруге болады (Button1=1 тышқанның сол түймесін, Button = 2 оң түймесін басу шарттары).
Алғашқы рет түйме басылған кезде, форманың сол жақ жоғарғы бұрышынан көрсеткіш орнатылған нүктеге дейін түзу сызық кесіндісі автоматты түрде сызылып қойылады. Қисықты жеке бөліктерге бөліп сызу мүмкін емес. Ол үшін форманы екі рет шертіп, ашылған код терезесінен MouseDown (Тышқанды басу) оқығасын тандау керек. Көрінген процедура моделі денесіне Pset (x, y) операторы мен CurrentX, CurrentY айнымалыларын енгізу жеткілікті (current –ағымдық):
Достарыңызбен бөлісу: |