Оқу пәніне жазылу тәртібі
Пәнді оқу үшін оқытушы мен пәнді таңдау Тіркеуші офисі ұйымдастыратын ресми тіркеу арқылы жүзеге асырылады.
2 және жоғары курс студенттері үшін оқу пәндеріне жазылу наурыз айында басталады. 1 курс студенттері үшін оқу пәндеріне жазылу оқуға қабылданған уақыттан 30 тамызға дейін жүргізіледі.
Таңдау пәндерін анықтау эдвайзердің көмегімен жүзеге асырылады. Эдвайзер студентті элективті пәндер каталогындағы пәнді презентация әдісімен, әр альтернативті пәннің пререквизиттері және постреквезиттерімен таныстырып, кеңес береді, пәнді таңдауға ұсыныс жасайды.
Пәнге жазылу электронды түрде жүргізіледі. Пәнге жазылу үшін студент өзінің логині мен паролі арқылы арнайы бағдарламаға кіреді.
Тіркеуші офисі және факультет деканаттары қажетті жағдайларда жазылуды қамтамасыз етуге байланысты ұйымдастыру шараларын жүргізіп, студенттердің курстарға жазылуын қадағалайды.
Студент міндетті пәндер бойынша сабақ жүргізетін оқытушы кандидатурасын таңдауға құқылы.
Тіркеуші офисі оқу-әдістемелік басқарма және факультет деканаттарымен келісе отырып, мамандықтың оқу жоспарына кіретін пәндер үшін студенттердің ең төменгі санын, ал әр оқытушы үшін – академиялық топтардағы студенттер санының жоғары шегін белгілейді
Егер ұсынылған пәнге жазылғандардың саны белгіленген мөлшерден аз болса, онда ол пән жұмыс оқу жоспарына енгізілмейді. Бұл пәнге жазылған студенттер Тіркеуші офисіне жеке жұмыс жоспарындағы өзгерістер туралы тапсырыс беру керек.
Егер бір оқытушыға жазылған студенттер саны белгіленген мөлшерден артық болса, квалификациясы сәйкес келетін оқытушы тағайындалып, қосымша академиялық поток (топ) құрылады.
Білім алушылар өздерінің ЖОЖ-ын құру барысында:
1) кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру ережелерімен танысуы;
2) оқу пәндеріне тіркелудің және ЖОЖ-ға өзгерістер енгізудің белгіленген мерзімдерін сақтауы;
3) тиісті деңгейдегі білім беру бағдарламасын меңгеру үшін оқу жылында белгіленген кредиттердің кем түспейтін санына жазылуы тиіс.
Ақылы негізде білім алушы төлем қабілеттілігіне, оқу түріне тәуелді, тиісті деңгейдегі оқу бағдарламаларын игеру үшін жеке қабілеттілігін өзінің ЖОЖ-да аз мөлшеріндегі кредиттермен қалыптастыруға болады, сонымен қатар оқу мерзімін ұзартуға болады.
Білім алушы оқу пәндеріне тіркелу үшін алдынғы семестрде қажетті пререквизиттерін меңгеруі тиіс. Базалық пәндерді таңдауда білім алушының кәсіптік бағдарын есепке алады. Бірақ білім алушы өзінің жеке оқу жоспарына басқа мамандықтардың базалық блогында көрсетілген пәндерді қалауы бойынша енгізе алады.
Білім алушы ЖОЖ құру үшін және мамандықтың типтік оқу жоспарының талаптарына сәйкес оқу курсын толықтай меңгеруге жауапты болады.
Кафедралар әрбір пән бойынша кредиттері көрсетілген (Syllabus) пәндердің бағдарламаларын дайындап, студенттерге ұсынады.
«PLATONUS» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі
Университетта оқу үдерісін, студенттердің білім алу тарихын, қашықтықтан оқыту, электронды құжат айналымы жүйесі жұмыстарын жүргізуге бағытталған «Platonus» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі орнатылды. Аталған жүйе әрбір қызметкер мен студентке жеке виртуалды кабинетте жұмыс істеуге, өзіне тиісті ақпарат алуға мүмкіндік береді.
Өзінің логині мен парольін қолдана отырып, студент академиялық күнтізбеде белгіленген тіркеу мерзімінде пәндерге жазылады. Студент жеке виртуальді кабинетінде өзі білім алып отырған мамандығының типтік оқу бағдарламасымен, оқытушылардың жеке карточкасымен, пәндердің силлабустарымен танысып, оқытушы мен пәндерді таңдайды.
Білімді бағалау мен бақылау қалай жүзеге асырылады?
Студенттердің білімін бақылау және бағалау баллдық-рейтингтік жүйе бойынша жүзеге асырылады. Баллдық-рейтингтік жүйе аралық және қорытынды аттестацияны өткізуді көздейді. Баллдық-рейтингтік жүйеге сәйкес баллдың 60%-ы ағымдық бақылауға 40%-ы аралық аттестацияға бөлінеді. Білім алушылардың оқудағы жетістіктері (білімі, іскерлігі, дағдылары мен құзыреті) 100 балдық шкала бойынша және төрт балдық жүйе бойынша сандық эквивалентке сәйкес әріптік жүйемен бағаланады (А, А- - «өте жақсы», В+, В, В- «жақсы», С+, С, С-, Д+, Д, «қанағаттанарлық», F – «қанағаттанарлықсыз» баға).
ТарМПУ-де ағымдық бақылаудың төменгі мәні-53 балл (100 балдық шкала бойынша), аралық аттестацияның төменгі мәні-37 балл (100 балдық шкала бойынша) болып белгіленген.
Ағымдық және межелік бақылаулар бойынша 53-тен төмен балл жинаған студенттер аралық аттестацияны тапсыруға жіберілмейді.
Аралық аттестациядан 37-тен төмен балл жинап, «Ғ» бағасын алған студенттерге ағымдық және межелік бақылаулар бойынша жинаған баллдарына қарамастан, «қанағаттанарлықсыз» бағасы («Ғ») қойылады.
Академиялық қарыздарын жою ақылы түрде жазғы семестрде өткізіледі.
Аралық аттестация емтихан түрінде жүзеге асырылады. Емтихандар жазбаша, ауызша және тест түрінде өткізіледі. Бір модульге кіретін пәндер бойынша, яғни егер модуль бірнеше компоненттен тұрған жағдайда, емтихан негізгі компонент бойынша жүргізіледі, ал басқа компоненттердің қорытынды бақылауы реферат, эссе, жобалық жұмыс немесе курстық жұмыс болып табылады. Тест түріндегі емтихандар «Platonus» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жүргізіледі.
Емтиханға келгенде студенттің өзімен бірге емтихан сесиясын тапсыруға жіберілгені туралы деканаттың мөрі басылған сынақ кітапшасы болуы керек.
Ағымдық бақылау және аралық аттестация нәтижелері емтихан тізбесіне енгізіледі.
Студенттерге емтихан нәтижесі бақылау жүргізілген күні хабарланады.
Білім алушының емтихандағы үлгерімі білімді бағалаудың балдық-рейтінгтік жүйесі бойынша бағаланады. А, А- - «өте жақсы», В+, В, В- «жақсы», С+, С, С-, Д, Д-, «қанағаттанарлық» ведомостқа және білім алушының сынақ кітапшасына, транскриптке қойылады. «Қанағаттанарлықсыз» F –бағасы тек қана емтихан ведомостіне қойылады.
Оң бағаны жоғарлату мақсатында қайта тапсыруға рұқсат берілмейді.
Егер студент емтиханға келмеген жағдайда, онда емтихан тізбесіне оның фамилиясының тұсына «келген жоқ» деген белгі қойылады. Егер емтиханға белгілі себептермен келмесе, онда деканат емтиханды жеке мерзімде тапсыру туралы шешім қабылдайды.
Студент аралық бақылаудың нәтижесімен келіспесе, емтихан тапсырған күні апелляцияға беруге құқылы.
Жазғы семестр
Жазғы семестр ақылы негізде академиялық қарыздарды, оқу бағдарламаларындағы академиялық айырмашылықтарды, сонымен қатар жеделдетілген түрде және қосымша оқу үшін ұйымдастырылады.
Жазғы семестрдің ұзақтығы университет оқу үрдісінің академиялық күнтізбесімен анықталып, 6 аптаны құрайды.
Жазғы семестр білім беру қызметінің келесі түрлерін жүзеге асыруды көздейді:
- мамандықтың жұмыс оқу жоспарлары мен жұмыс оқу бағдарламаларына сәйкес оқу сабақтарының барлық түрлерін қамтамасыз ету;
- білім алушыларға консультация беру;
- студенттің кәсіби ой-өрісін кеңейту мақсатымен университеттің мамандықтары бойынша оқытылатын кез-келген оқу курстарын игеруі.
Жазғы семестрді өту үшін келесі студенттер қалдырылады:
рейтинг-бақылау нәтижелері бойынша емтиханға жіберілмеген студенттер;
аралық бақылауды «қанағаттанарлықсыз» бағасын алғандар;
өткен академиялық кезеңдерде академиялық қарыздары бар білім алушылар;
қайта қабылдау, басқа жоғары оқу орнынан ауысу және академиялық демалыстан шығу кезінде академиялық айырмашылықтары бар білім алушылар.
Студенттер жазғы семестрді ақылы негізде оқиды.
Жазғы семестрде қосымша курстарды өту құқығы келесі талаптарды орындаған, үлгеруші студенттерге беріледі:
студент келесі курсқа академиялық қарызсыз көшірілуі керек;
топ рентабельді болу керек, яғни кем дегенде 5 адамнан тұруы тиіс;
қосымша оқу курстарының саны білімгердің жылдық GPA деңгейімен анықталуы тиіс. «В және жоғары» деңгейдегі GPA 4 қосымша курстарды (8 кредиттен аспауы керек); «В -» деңгейдегі GPA 3 қосымша курстарды (6 кредиттен аспауы керек); «С» деңгейдегі GPA 2 қосымша курстарды (4 кредиттен аспауы керек) тыңдауға құқық береді.
Жазғы семестрді рәсімдеу регламентке сәйкес жүзеге асырылады:
студент жазғы семестр сессиясының басталуына дейін Тіркеуші офисіне жазғы семестрге қатысу ниеті туралы дәлелді өтінішін тапсырады;
тіркеуші офисі мәселе оң шешілген жағдайда, жазғы семестрдің сабақ кестесін құрастырады және оны оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі проректормен бекітеді. Сабақ кестесі жазғы семестрге қатысатын оқытушылардың жұмыс бастылығын есепке ала отырып құрастырылады;
мамандықтың оқу жоспарынан тыс пәндер бойынша студенттердің білімін қорытынды бағалауды жазғы семестр кезеңінде дәріс оқыған оқытушы жүзеге асырады.
Жазғы семестр кезеңінде игерілген мамандықтың оқу жоспарындағы пәндер бойынша емтихан нәтижелері келесі оқу жылының GPA құрайды.
Өту баллы (GPA) төмен болған, жазғы семестр мен аралық бақылау нәтижелері «қанағаттанарлықсыз» болған жағдайда білім алушыға қайта оқу құқығы беріледі.
Жазғы семестр нәтижесі бойынша «қанағаттанарлықсыз» бағасын алған немесе өту GPA-ын жинамаған студент мемлекеттік білім грантынан айрылады.
Қайта оқу тек қана ақылы негізде жүзеге асырылады.
Өз еркімен оқудан шыққан студент қайта оқудан бас тарта алады. Бұл жағдайда студент университет ректорының атына өз еркімен оқудан шығару туралы өтініш жазады.
ЕГЕР СІЗ САБАҚҚА ҚАТЫСА АЛМАЙ ҚАЛСАҢЫЗ НЕ ІСТЕУІҢІЗ КЕРЕК?
Егер Сіз сабақтан белгілі себептермен қалсаңыз, онда келесі күні бұл туралы факультет деканына хабарлауыңыз керек. Университетке бірінші келген күні сабақтан қалу себебіңізді анықтайтын мәлімет беруіңіз қажет.
Егер Сіз ауырып қалсаңыз, ауырғаннан кейінгі үш күннің ішінде емделген емханаңыздан анықтама алып, факультет деканына өткізуіңіз қажет.
ЕГЕР СІЗДЕ ҚАНДАЙ-ДА БІР МӘСЕЛЕ ТУЫНДАСА, ОНДА СІЗ БАРА АЛАСЫЗ:
Тәлімгеріңізге → деканға → деканның оқу жұмысы мен тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарларына → проректорларға → РЕКТОРҒА
Білім алушыларды ауыстыру және қайта қабылдау
Білім алушыларды курстан курсқа, бір білім беру ұйымынан екіншісіне, бір оқу нысанынан екінші нысанға, бір тілдік бөлімнен екінші тілдік бөлімге, бір мамандықтан екінші мамандыққа, ақылы негізде оқудан мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқуға ауыстыру жүзеге асырылады.
Ескерту. Білім алушыны ақылы негізден мемлекеттік білім беру гранты бойынша оқуға ауыстыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысымен бекітілген Жоғары білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережесіне сәйкес білім алу процесінде босаған білім беру гранттарын беру арқылы жүзеге асырылады.
Күндізгі оқу нысанында білім алушылардың ауыстыру және қайта қабылдау туралы өтініштерін қабылдаушы білім беру ұйымының басшысы жазғы және қысқы демалыс кезеңінде, бірақ кезекті академиялық кезең басталғанға дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей қарастырады.
Сырттай оқу нысанында білім алушылардың ауыстыру және қайта қабылдау туралы өтініштерін білім беру ұйымының басшысы бір ай ішінде, бірақ қабылдаушы білім беру ұйымының кезекті емтихан сессиясы басталғанға дейін бес күннен кешіктірмей қарастырады.
Білім алушыларды ауыстыру немесе қайта қабылдау кезінде олардың өткен академиялық кезеңдерде оқыған жұмыс оқу жоспарларындағы пәндердің академиялық айырмашылығы айқындалады.
Жұмыс оқу жоспарларының пәндеріндегі академиялық айырмашылықты қабылдаушы білім беру ұйымы транскриптте немесе білім алуды аяқтамаған тұлғаларға берілетін анықтамада (бұдан әрі - анықтама) көрсетілген оқыған пәндерінің тізбесі, олардың бағдарламалары мен академиялық сағаттардағы немесе кредиттердегі көлемі негізінде айқындайды.
Жұмыс оқу жоспары пәндеріндегі академиялық айырмашылықты жою үшін білім алушы осы пәндерге жазылады, академиялық кезең ішінде оқу сабақтарының барлық түріне қатысады, ағымдағы бақылаудың барлық түрін тапсырады, қорытынды бақылауға жіберілгендігі туралы рұқсат алады.
Егер академиялық айырмашылық пәндері ағымдағы академиялық кезеңнің оқу сабақтарының кестесіне енгізілмеген жағдайда, білім алушы оларға жазғы семестрге жазылады.
Жазғы семестрде жойылмаған жұмыс оқу жоспары пәндеріндегі академиялық айырмашылық кейіннен академиялық берешек ретінде ескеріледі.
Егер жоғары оқу орындарының (бұдан әрі - ЖОО) білім алушылары жеке оқу жоспарына сәйкес меңгеріп жатқан бағдарламасының бірінші академиялық кезеңін толық аяқтаса, олар оқудан шығарылғаннан кейін ауыса алады немесе қайта қабылдана алады.
Бұл ретте білім алушы оқудан шығарылған мерзіміне қарамастан кез келген оқыту нысанына, кез келген мамандыққа және кез келген жоғары оқу орнына ауыса немесе қайта қабылдана алады.
Білім алушыны бір мамандықтан екіншісіне, бір оқыту нысанынан екіншісіне ауыстыру ақылы негізде оқу үшін ғана жүзеге асырылады.
Білім алушыны ауыстыру немесе қайта қабылдау кезінде олардың әрі қарай оқу курсы пререквизиттерді есепке ала отырып айқындалады.
Білім алу кезеңінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері қатарында әскери міндетін өтеуге шақырылған білім алушылар тиісті курсқа қайта қабылданады. Бұл ретте жоғары оқу орындары ағымдағы оқу жылы ішінде тапсыруға қажетті пререквизиттер тізбесін анықтайды.
Білім алушыны курстан курсқа ауыстыру жазғы емтихан сессиясының қорытындысы (аралық аттестаттау) бойынша жазғы семестрдің нәтижелерін және алынған орташа үлгерім балдарын (GPA - Grade Point Average) ескере отырып жүзеге асырылады.
Курстан курсқа көшіру үшін GPA келесі көрсеткіштерден кем болмауы керек:
2 курсқа – 1,67 балл (яғни С- үлгерім деңгейі);
3 курсқа – 2,0 балл (яғни С үлгерім деңгейі);
4 курсқа – 2,33 балл (яғни С+ үлгерім деңгейі)
Білім алушының ЖОО-да белгіленген ауысу балынан төмен емес үлгерімнің орташа балына (GPA - Grade Point Average) қол жеткізуі білім алушыны курстан курсқа ауыстырудың міндетті шарты болып табылады.
Белгіленген ауысу балына қол жеткізген және келесі курсқа ауыстырылған білім беру гранты немесе мемлекеттік білім беру тапсырысы (бұдан әрі - мемлекеттік тапсырыс) бойынша білім алушы академиялық қарызы бар болған жағдайда білім беру грантын немесе мемлекеттік тапсырыс орнын сақтай отырып, оны ақылы негізде жояды.
Білім беру гранты бойынша білім алатын студент білім беру грантын сақтай отырып басқа ЖОО-ға ауыса алады.
Жекелеген ЖОО-лар үшін бекітілген білім беру гранты бойынша нысаналы орындарға, сондай-ақ бөлінген квота шегінде педагогикалық мамандықтарға түскен студенттер басқа ЖОО-ға тек ақылы негізде ғана ауыса алады.
Студенттер басқа ЖОО-дан ұлттық ЖОО-ғa ауыстыру тек ақылы негізде ғана жүзеге асырылады. Бұл ретте студенттің ұлттық бірыңғай тестілеудің немесе кешенді тестілеудің сертификатындағы балл саны 60-тан төмен болмауы және орташа үлгерім балы (GPA - Grade Point Average) аталған ұлттық ЖОО-дағы белгіленген ауысу балынан төмен болмауы тиіс. Білім беру гранты бойынша білім алушыны бір ЖОО-дан екіншісіне ауыстыру рәсімі мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
1) басқа ЖОО-ға ауысуға ниет білдірген білім алушы білім алып жатқан ЖОО басшысының атына ауысу туралы еркін нысанда өтініш береді және ауысуға мөрмен бекітілген жазбаша келісім алып, қызығушылық танытқан ЖОО басшысына өтініш білдіреді;
2) қабылдаушы ЖОО басшысының атына жазылған ауысу туралы өтінішке оқу ісі жөніндегі проректор мен офис-тіркеуші қол қойған, мөрмен бекітілген транскрипттің, білім беру гранты иегері куәлігінің, оқыған ЖОО басшысының атына жазылған өтініштің (басшының қолы қойылып, мөр басылған) көшірмелері қоса берілуге тиіс;
3) факультет деканы ұсынылған құжаттардың негізінде оқу жоспарларындағы пәндер айырмашылықтарын айқындайды және меңгерілген пререквизиттерге сәйкес оқу курсын белгілейді, білім беру бағдарламасына сәйкес меңгерілген кредиттерді қайта есептейді және тіркеу бөлімімен келісім бойынша білім алушының жеке оқу жоспарын бекітеді;
4) факультет деканы, офис-тіркеуші, академиялық мәселелер департаменті басшысы, оқу ісі жөніндегі проректор қойған бұрыштамаларға сәйкес ЖОО басшысы білім алушыны ауыстыру туралы бұйрық шығарады;
Оқу кезеңінде пайда болған ауру нәтижесінде берілген мамандықта оқуға тыйым салынғаны туралы дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы бар білім беру гранты бойынша білім алушы бір мамандықтан екіншісіне бос орындарға білім беру гранты бойынша ауысады.
СТУДЕНТТЕРДІ ОҚУДАН ШЫҒАРУ ПРОЦЕДУРАЛАРЫ
Студенттерді оқудан шығару процедурасы университет ректорының бұйрығымен жүзеге асырылады.
Студенттерді оқудан шығару себептері төмендегідей болуы мүмкін:
- студенттің өз еркі бойынша;
- студенттің оқу ақысы туралы келісім- шарттарының орындалмауы;
- студенттің бір жоғары оқу орнынан екіншісіне ауысуы;
- жоғары оқу орнының Жарғысын орындамау (соның ішінде, тәртіп пен студенттің моральдық кодексін бұзу).
Жоғары оқу орнынан шығарылған студентке белгіленген үлгідегі академиялық анықтама (транскрипт) беріледі.
ТАРМПУ-ДА АКАДЕМИЯЛЫҚ ҰТҚЫРЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫ
Академиялық ұтқырлық – бұл білім алушы немесе оқытушы-зерттеушінің белгілі бір академиялық кезеңде («оқу» немесе «өндірістік тәжірибесін» қоса есептегенде), яғни семестр немесе оқу жылында, оқу немесе зерттеу жүргізу үшін басқа (қазақстандық немесе шетелдік) ЖОО-на белгіленген тәртіпте, меңгерілген білім беру бағдарламасының кредиттер түрінде міндетті түрде өз ЖОО-да қайта сынақ тапсыруымен орын ауыстыруы.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында ҚР ЖОО-ы:
серіктес қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарынан жетекші ПОҚ шақыруға;
студенттерді серіктес шетелдік және қазақстандық ЖОО-на бір семестрге немесе оқу жылына білім алуға жіберуге ;
серіктес шетелдік және қазақстандық ЖОО-нан студенттер қабылдауға мүмкіндіктері бар.
Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті академиялық ұтқырлық бағдарламасын екі бағытта жүзеге асырады:
Халықаралық академиялық ұтқырлық (шетелдік ЖОО-да)
Ұлттық академиялық ұтқырлық (қазақстандық ЖОО-да)
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында қазақстандық және шетелдік серіктес ЖОО-да білім алуға ниет білдірген студенттерге қойылатын талаптар:
мемлекеттік білім грантының иегері;
білім деңгейі жоғары (GРА-3,5-4,0);
ағылшын тілін меңгеру дәрежесі жоғары (А,В,)(шетелде білім алуға ниет білдірген студенттерге)
университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысқан;
университеттің 2 немесе 3 курс студенті;
факультет деканымен кафедра меңгерушісі ұсынған;
Қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарында академиялық ұтқырлықты жоспарлау және ұйымдастыру кезінде қажет төмендегідей нормативтік құжаттар көрсетілген:
Академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша кететін студенттің өтініші;
Академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша оқу туралы келісім;
Білім алушының оқу туралы транскрипт;
ақпараттық пакет (курстар тізімдемесі).
факультет деканымен кафедра меңгерушісінен ұсыныс;
деканаттан анықтама (факультетте оқитыны туралы)
медициналық анықтама №086 (шетелдік №082)
университет қабырғасындағы жетістіктері (сертификат, алғыс хат және т.б.)
БІЛІМ БЕРУДЕГІ ИННОВАЦИЯ ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР ОРТАЛЫҒЫ
Ғылыми зерттеулердің бәсекелестігін халықаралық тенденцияға сәйкестендіру мақсатында Халықаларлық байланыстар орталығы шетелдік жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу орталықтарымен белсенді ынтымақтастықта қызмет етеді.
Орталық шетелдік білімгерлердің Қазақстанда білім алуына, ТарМПУ оқытушылары мен білімгерлерін шетелде оқуға дайындаумен; «Болашақ» бағдарламасына қатысу; DAAD Герман академиялық алмасу қызметімен; Фулбрайт Қорының гранты мен АҚШ Елшілігімен; визалық құжаттарды дайындаумен; жаздық мектеп және семинарларды ұйымдастырумен; қашықтықта оқыту технологиясын жоспарлаумен айналысады.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы екі бағытта жүзеге асады:
Ұлттық (қазақстандық жоғары оқу орындарымен алмасу)
Халықаралық (шетелдік жоғары оқу орындарымен алмасу) академиялық ұтқырлық болып
Бүгінгі таңда университет шетелдік 19 мемлекеттің 49 ЖОО-мен ынтымақтастық туралы екі жақты келісім шартқа қол қойған. Соның ішінде ең белсенді Ресей, Германия, Литва, Чехия, Қытай елдерінде студентер білім алуда.
Келесідей шарттар арқылы студент бағдарламаға қатыса алады:
Мемлекеттік грант иегері;
Академиялық мобильділік бағдарламасына 2-3 курс студенттері қатысады.
Шетел тілін білуі және тілдік сертификаттардың ағылшын тілі - IELTS, TOEFL, өзге тілдерді В2 дәңгейінде және одан жоғары болуы;
Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша шетелде білім алатын студенттердің оқу ақысы Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрлігінің тарапынан бекітілген нормаға сай төленеді.
Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасына конкурс жылына 2 рет өткізіледі:
Күзде (көктемдік семестрге) – қазан айында
Көктемде ( күздік семестрге) – наурыз айында
Конкурстың өту уақыты мен толық ақпаратты университеттың ресми сайтынан алуларыңызға болады: www.tarmpu.kz
ІТ және оқытудың инновациялық технологиялары секторының мақсаты: білім беру процесіне инновациялық оқыту технологияларын кең көлемде енгізудің тиімді жүйесін және оны басқарудың тетіктерін құру мен жүзеге асыру;
Ұсынады:
ПОҚ және студенттерге арналған 3 блоктан тұратын семинар-тренингі төмендегідей:
Блок 1.«Онлайн оқыту платформасын білім беру процесінде қолдану мүмкіндіктері. МООС технологиясы мен әдістемесі»;
Блок 2. «Бейнетехнологиялар. Бейнесабақтар құрастыру әдістері мен технологиялары»
Блок 3. «Интерактивті тақта – жаңа типті оқыту ортасы» (әр блокта үйретілетін бағдарламамалр мен онлайн платформалар тізімі қосымшада тіркелген)
Әр блок 24 сағаттан тұрады, жалпы 72 сағат. Аудиториялық бөлігі 48 сағатты, онлайн бөлігі 24 сағатты құрайды. Барлық блокқа толықтай қатысып, тапсырмаларды уақытылы орындаған қатысушыларға (ПОҚ, студенттерге) сертификат беріледі. Семинар - тренингке университеттағы барлық ПОҚ мен бітіруші курс студенттері қатысуына мүмкіндік бар.
Ұйымдастырады:
1. Педагогикалық идеялар мен инновациялық жобалар байқауы
Мақсаты: профессор-оқытушы құрамын инновациялық білім беру қызметіне ынталандыру, интерактивті оқыту әдістерін, ақпараттық-коммуникативтік технологияларды кәсіби қызметінде белсенді қолданып жүрген оқытушыларды қолдау, сапалы сандық оқу материалдарының қолжетімді базасын құру, бәсекеге қабілетті ақпараттық-коммуникативтік оқу ортасын жасау, педагогтардың электрондық білім беру технологияларын құрастыру мен қолданудағы практикалық тәжірибелерімен бөлісу.
2. «Үздік мультимедиалық презентация" және "Үздік флипчарт» Виртуалды байқауы.
Жамбыл облысының әрбір мектебінде қызмет етіп жүрген «ТарМПУ түлектерімен» байланысты нығайту, ЖОО-мектеп кластерінің жұмысын жандандыру және білім беруде ақпараттық технологияларды қолдана отырып білім сапасын арттыруға ықпал ету. Байқауға «ActivStudio», «ActivInspire», «Power Point», «SmartNote», "Prezi" және т.с.с. бағдарламалық жабдықтамаларда бір пән/ бір сабақ/ бір тақырып бойынша дайындалған мультимедиалық өнімдер кабылданады.«Үздік флипчарт» және «Үздік мультимедиалық оқу презентациясы» номинациялары бойынша ұйымдастырылады.
3. "Оқыту мен тәжірибе фестивальі":
Басты мақсаты: аймақтағы мектеп мұғалімдерімен оқыту мен оқудағы озық ақпараттық-коммуникативтік технологиялармен, автономды оқыту, станциялы оқыту: белсенді оқыту әдістерімен, педагогикалық зерттеулер, психологиялық тренингтер, ақпаратты білім беру ресурстары, ағылшын тіліндегі ашық сабақтармен тәжірибе бөлісу
4. Балалар университеті
Балалар университеті 3 факультеттен құралған. Олар төмендегідей:
1. Ғылым, математика, жоба, техника факультеті- оқу үрдісін модернизациялау, инновациялық оқыту технологиялары, заманауи зертханалық база, робототехника жұмыстары;
2. Өнер, спорт және салт-дәстүр факультеті- дизайн, креативті ойлау, сурет, спорттық жаттығулар, хореография, әскери дайындық, дыбыс жазу, аспаптар үйрену салалары;
3. Тілдер факультеті - ағылшын, француз, қытай, неміс, кәріс тілдерін меңгеру
Бүгінгі күнге дейін Балалар университеті 3 рет оқыту фестивалін өткізіп, 22 мектептің 160-тан астам оқушысын жаратылыстану бағытында, өнер және мәдениет саласында тәжірибелік базасымен таныстырды. Физикалық құбылыстарды, биологиялық организмдердің ішкі, сыртқы құрылыстарын зерттеу арқылы лабораториялық жұмыстар жасау, химиялық қосылыстар мен реакцияларды байқау, нәтижелерін көру, роботтардың қозғалыстарын, бағдарламалау тілдерімен танысу жұмыстары жасалды. Сонымен қатар, өнер, дизайн саласында балалар суретке, сызуға, биге, әнге, ұлттық аспаптарға деген талабын шыңдап, оқ ату мен спорттық жаттығуларды меңгерді.
Толығырақ http://itb.tarmpu.kz сайтында
СТУДЕНТТЕРДІҢ БОС УАҚЫТТАРЫНДАҒЫ ҚОСЫМША МҮМКІНДІКТЕРІ
Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендиялары қалай тағайындалады?
Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген стипендиялары (бұдан әрі - стипендия)
студенттердің ғылыми-зерттеу және оқу-танымдық қызметін ынталандыруға;
анағұрлым талантты және дарынды студенттерді қолдауға;
интеллектуалды әлеуетін қалыптастыруға ықпал етуге бағытталған.
Стипендия күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттерге 3-курстан бастап, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде тек «өте жақсы» (А, А-) оқитын студенттерге беріледі.
Стипендия білім алушылардың мынадай санаттарына тағайындалады:
1) республикалық және халықаралық олимпиадалардың, шығармашылық конкурстардың, спорттық жарыстардың, фестивальдардың жеңімпаздары немесе жаңалық авторлары;
2) ғылыми еңбек жинақтарында, республикалық және халықаралық ғылыми журналдарда жарияланымдары бар;
3) табыстары дипломдармен, грамоталармен, сертификаттармен, куәліктермен расталған ғылыми-зерттеу жұмыстарымен белсенді айналысатындар;
4) білім беру ұйымының қоғамдық, мәдени және спорттық өміріне белсене араласатындар.
Стипендия ғылыми кеңестің шешімі негізінде жоғары оқу орны ректорының бұйрығымен жүзеге асырылады.
Стипендия бір академиялық кезеңге тағайындалады.
Стипендия жоғары оқу орнының ғылыми кеңесінің шешіміне сәйкес бір тұлғаға бірнеше рет берілуі мүмкін.
СТУДЕНТТЕРДІҢ ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ АПТАЛЫҒЫ
ТарМПУ-де әр жыл сайын университетішілік «Жас талап» аталатын студенттердің ғылыми жұмыстарының апталығы байқауы өтеді. Байқауды ұйымдастыру және жетекшілік ету ТарМПУ-нің ғылыми-инновациялық қызмет бөлімінің жетекшілігімен жүргізіледі. Байқауға ғылыми жаңашылдығы бар жұмыстар және инновациялық жобалар ұсыныла алады. Байқауға қатысушы сол жылы ТарМПУ-нің студенті болуы шарт. Байқауға барлық курс студенттері қатыса алады. Байқау комиссияларының шешімі негізінде және ректордың бұйрығымен байқау жеңімпаздарына (1-5 орындар) дипломдар және «Білімгер-зерттеуші» атағы беріледі.
Байқау барысында 1-5 орын алған студенттерге бір күнтізбелік жыл ағымында Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде өтетін конференциялар материалдарына ғылыми жұмыстарын тегін бастыру құқығы беріледі. 1-3 орын алған студенттердің жұмыстары СҒЗЖ Республикалық байқауына жіберіледі.
ЕГЕР СІЗ ҚОСЫМША БІЛІМ АЛҒЫҢЫЗ КЕЛСЕ, ОНДА
ТарМПУ-нің ҚОСЫМША ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ ФАКУЛЬТЕТІ СІЗДІҢ ҚҰЗЫРЫҢЫЗДА
Қосымша педагогикалық білім факультеті университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен 2005 жылдың 29 тамызында құрылған.
Қосымша педагогикалық білім факультеті - ЖОО-ның мәдени-көпшілік және тәрбие жұмысының орталығы. Факультет мектептерде жұмыс істеуге мәдени-көпшілік, спорттық, қоғамдық-саяси және тәрбиеші кадрларды дайындайды.
Қосымша педагогикалық білім факультеті бөлімдері жеке, топ және практикалық сабақ түрінде жұмыстар ұйымдастырады.
ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРНЫН БІТІРУ ТУРАЛЫ ҚҰЖАТТАР
Оқытудың барлық кезеңінде оқу жоспарындағы барлық пәндер бойынша емтихандарды «А», «А-», «В+», «В», «В-» бағаларына тапсырған және қорытындысында 3,5-тен төмен емес үлгерімінің орта баллын алған (ҮОБ), сондай-ақ бітіру жұмысын жұмысы мен мемлекеттік емтиханды «А» немесе «А-» бағаларына қорғаған және тапсырған жоғары оқу орнының бітірушісіне үздік диплом беріледі (әскери дайындықтың бағасын есептемегенде).
Диплом қосымшасына (транскрипт) оқу жоспарындағы пәндер, теориялық курста алған бағалар, практикалық пәндер, курстық жұмыстар, оқу және өндірістік тәжірибелер бойынша тапсырылған сынақтар, бітіру (диплом) жұмысының тақырыбы, мемлекеттік емтихандардың және диплом жұмысын қорғаудың бағалары қойылады.
СТУДЕНТТЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
Құрметті студенттер! Республикамыздың болашағы - сіздердің қолдарыңызда. Болашақ мектептің қандай болатындығы Сіздің кәсіби біліктілігіңіз бен жұмыс істеу құштарлығыңызға байланысты. Сондықтан Сіз өз міндетіңізді толық білуіңіз керек.
ТарМПУ студенттерінің құқығы:
ҚР «Жалпы әскери міндеттер және әскери қызмет туралы» Заңына сәйкес күндізгі бөлімде оқитын студенттерді әскер қатарына шақыруды кейінге қалдыруға.
факультет кеңесі мүшелігіне студенттерді ұсынуға;
өз тобының өміріндегі мәселелер бойынша әкімшілік және қоғамдық ұйымдарға ұсыныс жасауға;
арнайы шәкіртақы тағайындауға кандидаттар ұсынуға.
ТарМПУ студенті міндетті:
өзі таңдаған мамандығы бойынша теориялық білімді, практикалық дағдыны және зерттеудің қазіргі заманғы әдістерін игеруге;
өзі таңдаған мамандығы бойынша белгіленген уақытта оқу жоспарын орындауға;
оқу сабақтарына қатысуға және белгіленген уақытта оқу жоспары мен бағдарламада қарастырылған тапсырмалардың барлығын орындауға;
өзінің практикалық дайындығын жақсарту үшін еңбек етуге, өз мамандығының бейімі бойынша жұмысшы мамандығын игеруге, кәсіби практикалардың тапсырмалары мен бағдарламаларын орындауға;
болашақ маман ретінде студенттің дайындық сапасын көтеруге ықпал ететін кафедраның ғылыми-зерттеу жұмысына, студенттердің ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысына, олимпиадаларға, ғылыми-техникалық конференцияларға және басқа да іс-шараларға қатысуға;
өз мәдени дәрежесін көтерумен айналысуға, Қазақстан Республикасы мен өз қаласының тарихын, әлем және отандық мәдениетті, халықтың салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін, этика мен эстетиканы оқуға.
«СТУДЕНТТЕР ҮЙІНДЕ» ТҰРАТЫН БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ
ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ
Білімгерлер үйінде тұратын білім алушыларға сабаққа дайындалуға, демалуға, мәдени-тәрбие және көпшілік спорт жұмыстарына қажетті барлық жағдай жасалған.
Студенттер үйінде тұратындардың құқығы:
Студенттер үйінің оқу және мәдени-тұрмыс бөлмелерін, құрал-жабдықтарды, мүліктерді пайдалануға;
өз уақытында жөндеу жұмыстарын жүргізуі немесе құрал-жабдықтарды, мүлікті, төсек-орынды ауыстыруды, тұрмыстық қамтамасыз етудегі ақауларды жоюды талап етуге;
«Студенттер үйінің» студенттер кеңесін сайлауға және оның құрамына өзін сайлауға;
«Студенттер үйінде» тұратындардың тұрғын үй-тұрмыс жағдайын тәрбие және бос уақытты ұйымдастыру жұмыстарын ұйымдастыруды, жатын бөлмелерді безендендіруді жетілдіру мәселелері бойынша шешім қабылдау үшін білімгерлер Кеңесіне қатысуға;
Студенттер үйінде тұратындардың міндеттері:
Студенттер үйінің ішкі тәртібін, электр приборларын қолдануда техника қауіпсіздігінің ережелерін қатаң сақтауға, электр энергиясы мен суды үнемді пайдалануға;
ЖОО-ң меншігіне ұқыпты қарауға, жатын және қоғамдық тұтыну бөлмелерінде тазалық сақтауға, жатын бөлмелерді күн сайын тазалауға;
Студенттер үйінде төсек-орынды пайдаланғаны және ақылы түрдегі басқа қызмет көрсету түрлері үшін төленетін ақыны өз уақытында төлеуге.
Студенттер үйінен шығару келесі жағдайда жүргізіледі:
академиялық үлгермеуіне немесе ЖОО бітіргеніне байланысты университеттен шығарылған жағдайда;
Білімгерлер үйінде тұру ішкі тәртібінің ережелерін бұзған жағдайда.
Достарыңызбен бөлісу: |