Дәрістер курсы
Дәріс 1 Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы
Дәріс мақсаты: Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын студенттеге түсіндіру
Сүрақтар:
Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасыОрганикалық ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі
Қарқынды ауыл шаруашылығын жүргізуге көшу, генетикалық-түрлендірілген организмдерді (бұдан әрі – ГТО), улы химикаттарды, минералды тыңайтқыштарды, антибиотиктерді және жануарлардың өнімділігін ынталандырғыштарды кеңінен пайдалану қоршаған орта мен адамдардың денсаулығына ғана емес, жалпы қоғамдағы экономикалық және әлеуметтік тұрақтылыққа кері әсерін тигізеді. Топырақтың, өсімдіктердің, жануарлардың биоәлеуетін барынша пайдаланудың көмегімен органикалық ауыл шаруашылығы экологиялық, әлеуметтік және экономикалық тәуекелдерді барынша төмендетуге ықпал етеді, сондай-ақ ауыл тұрғындарына өз кірістерінің деңгейін арттыруға, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазақстандық ауыл шаруашылығы еңбеккерлері үшін экоөнімдер өндірісі перспективалы, бірақ әлі жеткілікті дәрежеде дамымаған болып табылады, бұл оларға жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл – инновациялық бағыт және оның негізгі міндеттерінің бірі – жергілікті дәстүр мен мәдениетті сақтау, сондай-ақ ауыл шаруашылығын жүргізудің аға буыннан мұра болып қалған оң тәжірибесін пайдалану.
Бұдан басқа органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өткізу Қазақстан АӨК-сінің объективті, ұлттық бәсекелестік артықшылығы болып табылады.
"Органикалық өнім өндіру туралы" ҚР Заңы пестицидтерді, синтетикалық минералды тыңайтқыштарды, өсімді реттегіштерді, жасанды тамақ қоспаларын пайдаланудан бас тартуды көздейді, сондай-ақ ГТО-ны пайдалануға тыйым салады. Органикалық өнімдер алумен топырақты, табиғи экожүйелерді дұрыс жағдайда ұстап тұру және жақсарту бірге жүреді, дамудың тұрақты болмауына байланысты қатерді барынша азайтады, халықтың денсаулығы және саламаттылығы үшін жағдай жасайды.
Органикалық өнімдер өндірісінің және айналымының ұлттық жүйесі халықаралық жүйемен сәйкес болуы және Қазақстандағы ауыл шаруашылығының ерекшелігін есепке алуы тиіс.
Органикалық ауыл шаруашылығын жүргізу жүйесін қалыптастыру индустриялық ауыл шаруашылығы өндірісінен бас тартуды білдірмейді: ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізудің органикалық та, индустриялық та жүйесі ішкі және халықаралық нарықтардағы органикалық өнімдерге деген ағымдағы және мүмкін болатын қажеттіліктерді қанағаттандыра алатын аграрлық технологияға біртіндеп трансформациялана отырып, бір-біріне параллель тиімді жұмыс істей алады.
2016 жылғы жағдай бойынша ресми статистика органикалық өнімдер өндірісін жүзеге асыратын кәсіпорындарды есепке алуды жүргізбейді.
Қазақ агроөнеркәсіптік кешен экономикасы мен ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының деректері бойынша республика аумағында 29 органикалық өнімдер өндіруші және өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға және органикалық өніммен байланысты басқа да операцияларға сертификатталған 19 компания жұмыс істейді. 2015 жылы органикалық өнімдер өндірісі шамамен 300 мың тоннаны құрады, оның ішінде шамамен 10 млн. АҚШ доллары сомасына 62 мың тонна өнім Ұлыбританияға, Италияға, Германияға, Францияға, Бельгияға, Нидерландыға, Польшаға, Ресейге, Украинаға және басқа да елдерге экспортталды (осы Мемлекеттік бағдарламаға 27-қосымша).
Органикалық өнімдер өндірісінің дамуын мынадай проблемалар тежейді:
1) елімізде органикалық өнімдер өндірісін сертификаттайтын өз жүйеміздің жоқтығы;
2) елімізде өнім сапасын айқындау жөніндегі мамандандырылған зертханалардың жоқтығы;
3) АШТӨ мен халықтың органикалық өнімдер өндіру мен оны тұтынудың артықшылықтары туралы аз хабардар етілгендігі;
4) Қазақстан АӨК-сіндегі қалдықтарды барынша азайту мен қайта пайдалану деңгейінің жеткіліксіздігі.
Органикалық және "халал" тамақ өнімдерін өндіру және олардың айналымы
Органикалық және "халал" тамақ өнімдерінің өндірісі мен нарығын одан әрі дамыту органикалық ауыл шаруашылығын дамытудың жол карталары, сондай-ақ "халал" тамақ өнімдерінің өндірісі шеңберінде жүзеге асырылатын болады, олармен мынадай мәселелерді шешу болжанып отыр:
1) басым елдер нарығына қол жеткізу талаптары мен шарттарын зерделеу;
2) басым өткізу нарықтарының талаптарына сәйкес аккредиттеу және сертификаттау жүйесін құру;
3) халал-индустрия мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру;
4) "халал" тамақ өнімдерінің өндірісі мен айналымын құру және реттеу жөніндегі жүйелік құжаттарды әзірлеу;
5) органикалық өнім және мемлекеттік бақылау мен қадағалау жүйесі мәселелері бойынша қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру;
6) кадрлар мен мамандарды, АӨК субъектілері мен халықты даярлау және білім деңгейін арттыру;
7) басым импорттаушы елдермен бірге аккредиттеу мен сертификаттау жүйелерін және сәйкестікті бағалау туралы құжаттарды өзара тану;
8) халықаралық ынтымақтастық және сыртқы нарықтарға ілгерілету;
9) органикалық өнім өндірісін ғылыми зерттеу және сүйемелдеу;
10) ақпараттық сүйемелдеу.
Нақты егіншілік элементтерін және SMART-фермаларды (ақылды фермаларды) енгізу
ҚР-ның барлық өңірлерінде нақты егіншілік элементтері мен SMART-фермаларды енгізу бойынша жұмыс жалғасатын болады, олардың жекелеген элементтері қазірдің өзінде кейбір шаруашылықтар базасында енгізілуде.
АШТӨ нақты уақыт режимінде келіп түсетін егістердің, ылғалдың, қоректік элементтердің, азоттың, калийдің, фосфордың, зиянкестердің жай-күйі, жауын-шашынның ықтималдығы туралы деректер массиві негізінде шешімдер қабылдауға мүмкіндік алады. Бұл ретте нақты егіншілік элементтерін енгізу жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алумен, агротехнологияларды орындаумен қатар және фермерлердің дайын болуына қарай жүзеге асырылатын болады. Мұндай элементтерге танаптардың электрондық карталары, нақты метеодеректер, сенсорлар мен датчиктер, ғарыштық мониторинг және тағы басқалар жатады.
SMART-фермалардың енгізілуі секторда түсімділік пен еңбек өнімділігін арттыру үшін жануарлар басының мониторингін және табынды басқаруды жүзеге асыруға, жылыжайлардың дербес басқарылуын қамтамасыз етуге, шығыстарды есепке алу мен талдауды онлайн жүргізуге мүмкіндік береді.
Жоғарыда аталған жобаларды қаржыландыруды АӨК субъектілері, инвесторлар және қажет болған жағдайда, мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі, ақпараттандырудың сервистік моделі, мемлекеттік сатып алу және тағы басқалар шеңберінде мемлекет жүзеге асыратын болады.
Метеорологиялық станцияларды қолдануды қоса алғанда, "нақты егіншілік" элементтерін бірқатар фермерлік шаруашылықтарға енгізу жөніндегі іс-шара "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасында көзделген.
Көрсетілген міндеттер шеңберінде ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасында көзделген іс-шараларға сәйкес АШТӨ-ні байланыспен және Интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізетін болады.
Көрсетілген шаралардың арқасында:
1) еңбек өнімділігінің, түсімділіктің артуы және өнімдердің өзіндік құнының төмендеуі;
2) ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау үшін алғышарттардың жасалуы қамтамасыз етілетін болады.
Достарыңызбен бөлісу: |