99
далады... XV ғасырда ғұмыр кешкен Доспамбет жырау Кетбұғыны би
ретінде аузына алып, оның даналығына құрмет көрсетеді:
Кетбұғыдай билерден
Кеңес сұрар күн кайда! –
дейді. Арада үш ғасыр өткенде, басына күн туған Махамбет
Өтемісұлы да:
Кетбұғыдай билерден
Ақыл сұрар күн қайда! –
деп армандайды», – деп жазады (А. Сейдімбеков Кетбұға //Халық
кеңесі). Зерттеушінің Кетбұғыдай билерден ақыл сұрау деген образ
сонау Доспамбет жыраулардан сақталып келіп, Махамбет ақын тіліне
оралған деген пікірі – жанды сөз, өйткені Махамбет – өзіне дейінгі
сан ғасырлық ауызша тараған, қазақтың авторлы әдебиетін жақсы
білген, содан сусындаған ақын.
Енді бұл жалқы есімнің тұлғалануы жайында. А.Сейдімбеков бұл
есімнің Кетбұға, Кербұға, Кербұқа, Кетбұқы, Құттыбұғы болып
әртүрлі айтылып келе жатқанына назар аудартады. Бұл, біріншіден,
осы есіммен аталған адамның өте ертеде өткендігінен атының да
түрленіп, өзгергендігінен болса, екіншіден, осы есімді құрап тұрған
сөздердің де жеке-жеке мағыналарының қазақтар үшін ұмытылып
кеткендігінен деп санаймыз. Біз түркі тілдерінің тарихы мен
дыбыстық заңдылықтарына сүйеніп, мынадай этимологиялық талдау
ұсынамыз. Сөздің екінші сыңары бұға /бұғы /буга /бүке /бүгө /бөге /
бөгу варианттарында келіп, көне түркі тілдерінде үш түрлі мағына
айналасына топтасады: бөге тұлғасы және оның фонетикалық ва-
рианттары «батыр, күшті адам» дегенді, бөгу тұлғасы (және оның
варианттары) «дана, данышпан» деген мағынаны, ал бұғы кәдімгі
бұғы (жануар) мағынасын білдіреді. Бұл тұлғалардың қай-қайсысы
да – мағына жағынан жалқы есім жасауға қатыса алатын сөздер,
әсіресе, «батыр», «дана, данышпан» мағыналарын беретін тұлғалар
адам есімін, оның ішінде лақап аттарын, құрметті есімдерін беруге
өте бейім болған сөздер.
Біздіңше, бұл күндерде де қойылатын Бұғыбай, Бөгебай, Бүкібай,
Бөгембай, Бұғыбек, Бағыбек тәрізді кісі аттарындағы бірінші
сөз сыңары – жануар атын білдіретін бұғы сөзі емес, «батыр, ер»
мағынасындағы бөге сөзі немесе «дана, данышпан» ұғымындағы
бүгі, бұғы деген көне түркі сөздерімен түбірлес деп топшылаймыз.
Бұл мағыналар өздерінің эпитеттік (суреттеушілік) қасиетімен кісі
атын жасауға актив пайдаланылады. Ал егер адам аты жануар бұғы
атауына қатысты қойылған болса, бұл мағына да өзінің тотемдік
мәнімен қатыса алады.
100
Кетбұғы дегендегі кет сөзі де көне түркі тілдерінде кед /кей /кез
тұлғаларында келіп, не «күшті, мықты» дегенді, не «ерекше, айрықша»
дегенді білдірген. Сонда Кетбұғы /Кетбегу /Кетбөге /Кедбұғы сөзі
«күшті күшті», «мықты мықты» деген ұғымдағы қосарланған сөздер,
яғни плеоназм я болмаса «ерекше күшті, айрықша батыр, асқан ер»
деген мағынадағы есім болып шығады.
Сөйтіп, Махамбет ақынның атап отырған Кетбұғысы – жоғарыдағы
Аталық жыраудың образға айналған есімі, не тіпті осы есімді кейінгі
дәуірлерде ақын жасаған өлкеде болған атақты билердің болуы
мүмкін. Сірә, «Кетбұғыдай билерден кеңес сұрайтын күн» обра-
зы ертеде қалыптасып, Махамбет соны пайдаланған деген ойды
қостаймыз. Қайткенде де, біріншіден, ол – Кертбұғы емес, Кетбұғы,
екіншіден, бұл сөз бұғының бір түрі емес, адам есімі болып танылуы
керек.
КЕШЕСІ. «Қыз Жібек» жырында:
Айдың өткен нешесі,
Ай қараңғы кешесі, –
деген жолдар бар. Мұндағы кешесі сөзі – «бұдан бір күн бұрын өткен
күн, яғни кеше» деген мағынадағы сөз емес. Көне түркі жазулары
мен орта ғасырлардағы түркі ескерткіштерінде кечә/кече сөзі «түн»
мағынасын білдірген.
Орта ғасыр жазба үлгілерінде кече күндіз тіркесі – қазақша осы
күнгі күні-түні дегеннің баламасы. Ал кечә бірлә, кечесі – «түнде»
деген үстеу мәнінде қолданылған сөздер. Сонда ай қараңғы кешесі
деген тіркес «айсыз қараңғы түнде» дегеннің көне варианты болып
табылады. Бұл сөздің қазақ жырында кездесуі, сірә, ортағасырлық
түркі жазба әдеби тілдерінің әсері болуы да мүмкін немесе қазақ
халқын құраған ру-тайпалардың тілінен сақталған жұқана (реликт)
болуы да ықтимал.
Кечә («түн») сөзі қазақ тілінде кеш тұлғасында түннің өзі емес,
оның бір шағының атауы ретінде жұмсалғандығы мәлім (кешғурым,
кешкісін, кештетіп деген сияқты сөздердің құрамында).
КИЕҢКІ. Мұхтар Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды» атты
пьесасында: «Тек келінің киеңкі болмағай-ақ та... Және бір жерінде:
Жер соқтырар күн болса, киеңкінің киесі» деген сөздер бар. Мұндағы
киеңкі сөзінің дәл мағынасын бұл күнде екінің бірі тап басып айтып
бере алмайды. Бүгінгі қазақ білетін киеңкі сөзі «жылқыда болатын
құрт ауруының атауы, ол ауруды қарақаптал деп те атайды» дегенді
қазақ тілінің түсіндірме сөздігі көрсетеді (ҚТТС, V, 31). Л. Будагов,
101
В. Радловтардың сөздіктерінің көрсетуі бойынша, Қазан татарла-
ры тілінде (осы авторлардың терминдері бойынша: наречиесінде)
кийенки «бедеу әйел» деген мағынадағы сөз: кийенки қатын – бала
көрмеген әйел (Радлов, Т. II, 2, 1345).
Демек, М. Әуезов бұл сөздің туыс тілдегі мағынасын алып қол-
данған. Бұл пьесада жазушы осындай көптеген сөздерді әдейі
келтіреді.
КӨБЕ, КІРЕУКЕ. САУЫТ. Бұлар – мағыналары бір-біріне
жуық сөздер. Олар адам денесін оқ, қылыш, найза тәрізді қарулардан
қорғану үшін киетін, көне замандардан бар жауынгер киімдерінің
атаулары. Қазақ энциклопедиясының түсіндіруіне құлақ ассақ,
көбе – батырлар киетін сауыт, оның екі түрі болады: бірі – жүректің
тұсын, білекті, тізені, иықты садақтың оғынан, қылыштан қорғау
үшін жалпақ темірден жасалған сауыт, екіншісі − бүкіл денені қорғау
үшін тырнақ көбесіне ұқсас қола не мысты қатпарлап тізіп немесе
металл шынжырларды (шығыршықтарды) біріктіріп, көйлек тәріздес
етіп жасалған түрі. Кейінірек көбенің жеңіл көкірекше түрі шыққан.
Батырлар мінетін аттың да арқасы мен жонын, қабырғасы мен мой-
нын түгелдей жабатын көбелер де жасалған (ҚСЭ, V, 642-643).
Ал сауыт – садақ, қылыш, найза сияқты қару-жарақтардан
қорғануға арналған киім. Ол ұсақ темір шығыршықтарды бір-бірінен
өткізіп тоқылған тордан қысқа жеңді жейде түрінде жасалады.
Сауыттың дулығасы, мойынды жабатын далбағай сауыт, қол сауыт,
аяқ сауыт жеке тоқылады (ҚСЭ, X, 63). Бұған қарағанда, сауыт −
көбенің екінші түрін атайтын сөздің бірі, яғни көбе сөзінің синонимі.
Кіреуке – ерте замандардағы соғысқа киетін сауыт. Оның басқа са-
уыттардан айырмасы – кеудесінде, арқасында, білек үстінде темірден
немесе көзеден істелген шарайнасы болған (ҚСЭ, VI, 181). Бұл
түсіндірмелер, біздіңше, дұрыс. Ал XV-XIX ғасырлардағы қазақ по-
эзиясы мен эпостарында бұлардың қолданысы жайында мыналарды
айтуға болады: бұл үш сөз қатар, бірінің орнына бірі қолданыла бер-
ген. Мысалы, Доспамбет жырауда:
Кілең бұздай кілшейтіп,
Көбелер киген өкінбес.
Шалкиіз бен Махамбетте:
Көн садақтың ішінде
Көбе бұзар жебе бар.
Батырлар жырларында:
Бадана көзді берік сауыт
Баса үстіне киеді («Қамбар батыр»),
Достарыңызбен бөлісу: |