114. Құжат жүргізуші
Лауазымдық міндеттері. Ұйымдық және есептеу техникасын пайдалану негізінде құжаттармен және құжаттық ақпаратпен жұмыстың технологиялық процестерін (есепке алу, орындауды бақылау, жедел сақтау, анықтамалық жұмыс) әзірлейді және ендіреді. Басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету қызметінің жұмысын жоспарлауға, ұйымдастыруға және жетілдіруге қатысады, іс қағаздарының жай-күйін бақылауды жүзеге асырады. Еңбектің эргонометриялық жағдайларын қамтамасыз ету, басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету қызметі қызметкерлерінің жұмыс орындарын рационализациялау жөнінде ұсыныстар әзірлейді. Құжаттаманың бірегейлендірілген жүйелерін және түрлі мақсаттағы және деңгейдегі басқару құжаттарының табельдерін, құжаттамалық ақпараттың жіктеушілерін әзірлейді. Құжаттаманы жүргізу жүйелерін ендіруді ұйымдастырады. Құжаттардың және ақпараттық көрсеткіштердің құрамын ретке келтіру, олардың санын қысқарту және құжаттар ағынын оңтайландыру жөнінде шаралар қабылдайды. Мемлекеттік сақтауға өткізілген құжаттарды іріктеуге, құжаттарды сақтауды және құндылығын сараптауды ұйымдастыруға қатысады. Міндеттерді қоюға, автоматтандырылған ақпарат жүйелерін және басқару жүйелерін пайдалануға және жетілдіруге (ақпараттық қамтамасыз ету бойынша), сондай-ақ есептеу және микропроцессорлық техниканы қолдануға негізделген жаңа ақпараттық технологияларды (оның ішінде қағазды пайдаланбай) әзірлеуге, деректер базалары мен банктерін жобалауға және көкейкестілендіруге қатысады. Басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы алдыңғы қатардағы отандық және шетелдік тәжірибені зерделейді және қорытады, құжаттамалық қамтамасыз ету мәселелері жөнінде нормативтік әдістемелік құжаттар әзірлейді. Басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету қызметінің мамандарын іріктеу, орналастыру және біліктілігін арттыру жөніндегі жұмысқа қатысады.
Білуге тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамалық, өзге де нормативтік құқықтық актілері және басқаруды құжаттамалық қамтамасыз етуге қатысты қаулылар, өкімдер, бұйрықтар, жоғары тұрған органдардың басқа да басқару және нормативтік құжаттары, басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету қызметтерінің ұйымдық және есептеу техникасы базасындағы жұмысты жоспарлау, жобалау тәртібін және технологиясы, құжаттамалық жүйелерді зерттеу, талдау, жобалау және дамыту әдістері, құжаттарды ресімдеу, жіктеу, сақтау, құндылығын сараптау тәртібін, мұрағат ісін ұйымдастыру, автоматтандырылған ақпараттық басқару жүйелерін жобалау және пайдалану жөніндегі нормативтік және әдістемелік құжаттар, бағдарламалау негіздерін, эргономика, әлеуметтік психология, социология негіздерін, құжаттарды қалыптастыру, басқаруды құжаттамалық қамтамасыз ету саласындағы отандық және шетелдік тәжірибе, экономика, еңбекті ұйымдастыру және басқару негіздері, еңбек заңнамасы, ішкі еңбек тәртіп ережесі, өндірістік санитария ережелері, өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар.
І санаттағы құжат жүргізуші: тиiстi мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiм және ІІ санаттағы құжат жүргізуші лауазымында жұмыс стажы кемінде 2 жыл болуы тиіс.
ІІ санаттағы құжат жүргізуші: тиiстi мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiм және санатсыз құжат жүргізуші лауазымында жұмыс стажы кемінде 3 жыл болуы тиіс.
Құжат жүргізуші: тиiстi мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) немесе тиісті мамандық (біліктілік) бойынша орта техникалық және кәсіптік (орта арнайы, орта кәсіптік) бiлiм және жұмыс стажына талап қойылмайды.
115. Инженер
Лауазымдық міндеттері. Есептеу техникасының, коммуникациялар және байланыс құралдарын пайдалана отырып жобалау, құрылыс, ақпараттық қызмет көрсету, өндірісті, еңбекті және басқаруды ұйымдастыру, метрологиялық қамтамасыз ету, техникалық бақылау жөніндегі ғылыми-техникалық қызмет саласындағы жұмыстарды орындайды. Әдістемелік және нормативтік құжаттарды, техникалық құжаттаманы, сондай-ақ әзірленген жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстар мен іс-шараларды әзірлейді. Техникалық-экономикалық талдау жүргізеді, қабылданатын және жүзеге асырылатын шешімдерді кешенді түрде негіздейді, жұмысты (қызметті) орындау циклін қысқарту мүмкіндігін іздестіреді, оларды орындау процестерін дайындауға, кәсіпорынның бөлімшелерін қажетті техникалық деректермен, құжаттармен, материалдармен, жабдықтармен қамтамасыз етуге ықпал жасайды. Кәсіпорынның (кәсіпорын бөлімшелерінің) жобалары мен бағдарламаларын зерттеу, әзірлеу жөніндегі жұмыстарға, жабдықты сынақтан өткізуге және оны пайдалануға енгізуге байланысты іс-шараларды жүргізуге, сондай-ақ техникалық құралдарды, жүйелерді, процестерді, жабдықтарды және материалдарды стандарттау жөніндегі жұмыстарды орындауға, техникалық құжаттаманы қарауға және орындалатын жұмыс мәселелері жөніндегі қажетті шолуларды, пікірлерді, қорытындыларды дайындауға қатысады. Ақпаратты, техникалық деректерді, жұмыстың көрсеткіштері мен нәтижелерін зерделейді және талдайды, оларды қорытындылайды және жүйеге келтіреді, қазіргі заманғы электрондық-есептеу техникасын пайдалана отырып қажетті есептерді жүргізеді. Жұмыс кестесін, тапсырыстарды, өтінімдерді, нұсқаулықтарды, түсіндірме жазбаларды, карталарды, схемалары, басқа техникалық құжаттарды, сондай-ақ бекітілген нысандар бойынша және белгіленген мерзімдерде белгіленген есептіліктерді жасайды. Жобаларды және бағдарламаларды, жоспарларды және шарттарды жүзеге асыру кезінде әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді. Техникалық құжаттаманы сараптауды, жабдықтың жай-күйін және пайдалануды қадағалауды және бақылауды жүзеге асырады. Белгіленген талаптарды, қолданылып жүрген нормаларды, ережелерді және стандарттарды сақтауды қадағалайды. Қызметкерлердің ғылыми-техникалық білімдерін арттыру бойынша жұмысты ұйымдастырады. Шығармашылық бастаманы, рационализацияны, өнертапқыштықты, дамытуға, отандық және шетелдік ғылымның, техниканың жетістіктерін ендіруге, кәсіпорынның тиімді жұмысын қамтамасыз ететін алдыңғы қатардағы тәжірибені пайдалануға мүмкіндік жасайды.
Білуге тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамалық, өзге де нормативтік құқықтық актілері, орындалатын жұмыстың мәселесі жөніндегі директивалық және басқару құжаттары, әдістемелік және нормативтік-техникалық материалдар, кәсіпорынның (кәсіпорын бөлімшелерінің) техникалық даму перспективалары және қызметінің ерекшеліктері, әзірленетін және пайдаланылатын техникалық құралдардың, материалдардың жұмыс принциптері, техникалық сипаттамалары, конструкциялық ерекшеліктері және олардың қасиеттері, есептеу техникасының, коммуникациялардың және байланыстың қазіргі заманғы құралдары, зерттеу әдістері, жұмыстарды орындау ережелері мен талаптары, техникалық құжаттамаға, материалдарға, бұйымдарға қойылатын негізгі талаптар, техникалық құжаттаманы жасау және ресімдеу жөніндегі қолданылып жүрген стандарт, техникалық талаптар, ережелер және нұсқаулықтар, техникалық есептерді жүргізу және зерттеулер мен әзірлемелердің экономикалық тиімділігін айқындау әдістемелері, ғылым мен техниканың жетістіктері, қызметтің тиісті саласындағы алдыңғы қатардағы отандық және шетелдік тәжірибе, экономика, өндірісті, еңбекті ұйымдастыру және басқару негіздері, еңбек заңнамасы, ішкі еңбек тәртіп ережесі, өндірістік санитария ережелері, өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілікке қойылатын талаптар.
I санатты инженер: тиісті мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiмі, II санатты инженер лауазымында жұмыс стажы кемiнде 2 жыл болуы тиіс.
II санатты инженер: тиісті мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiмі, санатсыз инженер лауазымында жұмыс стажы кемiнде 3 жыл болуы тиіс.
Инженер: тиісті мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiмі, жұмыс стажына талаптар қойылмайды немесе тиісті мамандық (біліктілік) бойынша кәсіптік (орта арнайы, орта кәсіптік) білімі және І санатты техник лауазымында кемінде 3 жыл стажы болуы тиіс.
116. Инженер - конструктор (конструктор)
Лауазымдық міндеттері. Жобалауды автоматтау құралдарын, бәсекеге қабілетті бұйымдарды әзірлеудің озық тәжірибесін қолдана отырып, күрделі, орташа және аса күрделі бұйымдардың эскизді, техникалық және жұмыс жобаларын әзірлейді, бұл кезде әзірленетін құралымдардың техникалық тапсырмаларға, стандарттар, еңбекті қорғаудың нормалары, өндірістің анағұрлым үнемді технологиясының талаптарына сай келуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ бұларда стандартталған және бірыңғайланған бөлшектер мен жинақтау бірліктерінің қолданылуын қамтамасыз етеді. Патенттік зерттеулер жүргізеді және жобаланатын бұйымдардың техникалық деңгейінің көрсеткіштерін белгілейді. Принципиалды кестелер және эскизді жобалар негізінде жеке элементтердің теоретикалық байланыстарын, жалпы тұтастырылуын, кинематикалық тәсімдерін құрады, жұмыс жобаларын тексереді және жұмыс бейіні мен мамандығы бойынша сызбалардың бақылауын жүзеге асырады, күрделі бөлшектердің эскиздерін (нобайларын) заттың өзінен алып тастайды және күрделі бөлшектеуді орындайды. Жобалар бойынша техникалық есептемелерді, жобаланатын құрылымдар тиімділігінің функционалды-құндылықты талдауын жүргізеді, сондай-ақ жаңа бұйымдарды әзірлеу кезінде тәуекелдер есебін жүргізеді, құралымдарды пайдалану бойынша нұсқаулықтар, оларға түсініктемелерді, техникалық деңгейдің картасын, паспорттарды (оның ішінде патенттік және лицензиялық), сынау бағдарламаларын, алдында әзірленген сызбалардағы өзгерістер туралы хабарламаны және басқа техникалық құжаттаманы құрады. Басқа ұйымдардан келіп түсетін құралымды құжаттаманы, құрылымдау мен жобалау кезінде пайдалану мақсаттарында талдайды және зерделейді. Әзірленетін жобаларды ұйымның басқа бөлімшелерімен, тапсырыс берушілер және қадағалау органдарының өкілдерімен келістіреді, әзірленетін құрылымдарды экономикалық негіздейді. Монтаждау, жөндеу, сынауға және бұйымдардың тәжірибелі үлгілерін, тораптарды, ұйымның шығаратын жетілдірілген және жаңа өнімдерінің бөлшектері мен жүйелерін пайдалануға тапсыруға, өнеркәсіптік үлгілер мен өнертапқыштыққа тапсырыстар құруға, сондай-ақ бұйымдарды және олардың бөлшектерін құрылымдауды жетілдіру, біріздендіру бойынша жұмыстарға және стандарттар мен сертификаттарды дайындауға қатысады. Жеке элементтер мен жиынтық бірліктерге қатысты өнер табыстары мен оңтайлы ұсыныстарға, стандарттар жобаларына қорытынды және пікір, сын береді.
Білуге тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамалық, өзге де нормативтік құқықтық актілері, өндірістің құрылымдық дайындығына қатысты әдістемелік және нормативтік-техникалық материалдары, жобалау әдістері мен жүйелері, жобаланатын құрылымдарды техникалық пайдалану және монтаждау шарттары, жұмыс қағидасы, өндірісінің технологиясы, ұйымның техникалық даму келешегі, ұйым жабдығы, пайдаланатын жарақтар мен құралдар, жобаланатындарға ұқсас үздік отандық және шетел бұйымдары үлгілерінің экономикалық көрсеткіштері мен техникалық сипаттамалары, сызбалар және басқа құрылымды құжаттаманы әзірлеу және ресімдеу бойынша стандарттар, әдістемелер және нұсқаулар, әзірленетін құрылымдарға қойылатын техникалық талаптар, оларды сертификаттау тәртібі, жобалауды автоматтау құралдары, есептеу техникасы, коммуникациялар және байланыстың заманауи құралдары, құрылымдау кезіндегі техникалық есептемелерді жүргізудің әдістері, құрылымдарды қолданылатын материалдар мен олардың қасиеттері, патенттік зерттеулерді жүргізу әдістері мен тәртібі, өнертапқыштық негіздері, техника және технология объектілерінің техникалық деңгейін талдаудың әдістері, жобалау және құрылымдау кезіндегі еңбекті ұйымдастырудың негізгі талаптары, техникалық эстетика және көркем құрылымдау негіздері, автоматтандырылған жобалау жүйелерінің негіздері, ұқсас өнімді құрылымдаудың озық отандық және шетел тәжірибесі, экономика негіздері, еңбекті және басқаруды ұйымдастыру, еңбек заңнамасы, ішкі еңбек тәртіп ережесі, өндірістік санитария ережелері, өрт қауіпсіздігінің талаптары.
Біліктілігіне қойылатын талаптар.
I санатты инженер-конструктор: тиісті мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiмі, II санатты инженер-конструктор лауазымында жұмыс стажы кемiнде 2 жыл болуы тиіс.
II санатты инженер-конструктор: тиісті мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiмі, санатсыз инженер-конструктор лауазымында жұмыс стажы кемiнде 3 жыл болуы тиіс.
инженер-конструктор: тиісті мамандық бойынша жоғары (немесе жоғары оқу орнынан кейiнгi) бiлiмі, жұмыс стажына талаптар көрсетілмейді немесе тиісті мамандық (біліктілік) бойынша кәсіптік (орта арнайы, орта кәсіптік) білімі және І санатты техник лауазымында кемінде 3 жыл стажы болуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |