Қазақстан Республикасындағы қоғамдық қозғалыстар мен саяси партиялар.
1990-1995 жылдардағы саяси-экономикалық жағдайларда әр түрлі саяси партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың туындап, саяси жүйенің қалыптасуы орын алды. 1989 жылы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы негізінде құрылған Қазақстан Халық Конгресі партиясы (ҚХКП) 1991 жылғы 5 қазанда өткізілген партияның І съезінде бекітілді; 1991 жылғы 4 қыркүйекте Қазақстанның Республикалық партиясы құрылып, 1999 жылғы 29 мамырда Астанада өткізілген съезде оның атауы «Алаш» Қазақстанның ұлттық партиясы («Алаш» ҚҰП) болып өзгертіліп, жаңа Жарғысы мен бағдарламасы қабылданды.
1991 жылы 7 қыркүйекте Қазақстан Коммунистік Партиясының кезектен тыс ХҮІІІ съезінде делегаттардың партия атауына қатысты біржақты шешімге келмеуі нәтижесінде 1991 жылғы қазан айында осы Коммунистік партияның мұрагері ретінде Қазақстанның Коммунистік партиясы (ҚКП) және Қазақстанның социалистік партиясы (ҚСП) құрылды. Қазіргі кезде өз қызметінде ҚКП қоғамдық-саяси өмірінде белсенділік танытып отырса, ҚСП нақты ықпалының төмендігінен саяси күреске қабілетсіздігін көрсетіп отыр.
1989 жылы «Әділет» коғамы құрылды. Әділет партиясы болып кейіннен құрылды. Қоғамның негізгі мақсаты ұжымдастыру кезіндегі ашаршылық, сталиндік репрессия шындығын ашу болды. Бұдан басқа Қазақстанда «Азамат», «Ақиқат», «Қазақ тілі», «Мұсылман әйелдер лигасы» сияқты қоғамдық саяси қозғалыстар құрылды. 1990 жылы «Азат» азаматтық қозғалысы құрылды. Басты мақсаты Қазақстанның мемлекеттік егемендігін алу болды. 1990 жылы ұлтаралық «Единство» қозғалысы құрылды. Қозғалысқа ғылыми-техникалық интеллигенция өкілдері кірді.
Осы кезде «Желтоқсан» партиясы құрылды. Бұл партияның құрамына 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысқандар кірді. 1991 жылы қазанда «Азат» азаматтық қозғалысының партиясы құрылды. Жастар өздерінің саяси қозғалысы «Алаш» партиясын құрды. 1991 жыл Қазақстан социал-демократиялық партиясы құрылды. 1990 жылы Қазақстанда 100-ден аса қоғамдық-саяси қозғалыс болды. Алматыда ғана 40-қа жуық саяси қозғалыс жұмыс істеді. 1993 жылдың соңында Қазақстанда 4 саяси партия тіркелді. Олар – Социалистік партия, Қазақстанның республикалық партиясы, "Қазақстанның халық Конгресі” және Коммунистік партия. Қоғамдық қозғалыстардан – ядролық жарылысқа қарсы "Невада-Семей”, азаматтық "Азат” және "Қазақстанның халық бірлігі” одағы, 11 республикалық ұлттық мәдени топтар тіркелді.Сондай-ақ республикада 300-ден аса қоғамдық-саяси ұйымдар, 68 әр түрлі қорлар тіркеуге алынды.
1993 жылдың соңына қарай қоғамдық-саяси қозғалыстар берік саяси күшке айналды. 1994 жылғы желтоқсанда "Қазақстанның халықтық-кооперативтік париясы”, 1995 жылғы қаңтарда "Қазақстанның өрлеу партиясы”, 1995 жылдың басында "Қазақстанның аграрлық партиясы”, 1995 жылғы жазда "Қазақстанның демократиялық партиясы” құрылды. 1998 жылғы қарашада "Ақ жол” қоғамдық қозғалысы құрылды. Жетекшісі – Н. Оразалин. Мақсаты: Президент Н.Ә. Назарбаевтың саяси бағытын қолдау. "Қазақстан-2030” стратегиясын жүзеге асыру. Зиялы өкілдер мүдделерін қорғау.
1999 жылғы қаңтарда "Отан” партиясы құрылды. Төрағасы – Т.Терещенко. Бұл партия Н.Ә. Назарбаевтың Президенттікке кандидатурасын қолдау қоғамдық штабы негізінде құрылды. 1999 жылғы 14 қаңтарда "Қазақстанның отаншылар” партиясы құрылды. Жалпы 1999 жылы республикада барлығы 14 саяси партиялар мен 30-ға жуық саяси қоғамдық қозғалыстар, бірлестіктер құрылды. 2001 жылғы қарашада "Қазақстанның демократиялық таңдауы” атты қоғамдық-саяси бірлестік құрылды. 2000 жылы республикадағы ресми тіркелген партиялар саны –15.
Елімізде саяси партиялардың және партиялық жүйелердің орнығуына, тәуелсіз баспасөздің дамуына көп көңіл бөлінді. Бұл жағдай республиканың өркендеуіне, қоғамның демократиялануына, реформаның тереңдеуіне, экономиканың және халықтың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына ықпал етті. Табиғат экологиялық қоғамдық қозғалысы экологиялық мәселелерді шешуде жетекші орын алуда. Оның көш басшысы – Мелс Елеусізов.
2001 жылы Қазақстанда 2,5 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым, 16 саяси партия мен қозғалыс болды. Ғасырлар тоғысында республикадағы саяси үрдістердің ерекшелігі саяси элиталардың жіктелуі және келесі партиялардың саяси аренаға шығуы болды: 2000 жылғы 30-қаңтарда І құрылтай съезінде «Ауыл» социал-демократиялық партиясы («Ауыл» СДП) құрылды; 2000 жылы Қазақстан патриоттары партиясы (ҚПП) құрылды; 2002 жылы Қазақстанның демократиялық «Ақжол» партиясы («Ақжол» ҚДП) құрылды. Бұл партия 2004 жылғы Мәжіліс сайлауында 1 мандатқа ие болды. 2003 жылғы қазан айында саяси-әлеуметтік саланы дамыту мақсатын алға қойған «Руханият» партиясы тіркелді. 2003 жылғы қазанда негізгі ұстанымы халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында қызмет ету болып табылатын Республикалық «Асар» партиясы құрылып, 2006 жылы «Нұр Отан» патиясының құрамына енді.
Қазіргі кезеңде республикамыздағы ең ірі саяси ұйым болып табылатын «НұрОтан» халықтық-демократиялық партиясының көшбасшы арқасында қуатты саяси және идеологиялық тұғырнамасы бар. Партия бірқатар мәселердің шешімін тауып, елдің саяси өмірінде басты рөл атқарып отыр. Бұл партия саясат сахнасында ұйымдастырып жүрген жұмыстарының өз ауқымымен беделін көтеруде. Партияны қолдаушылар санының көп болуының басты себебі– оның Қазақстанның демократиялық даму жолындағы мұраттарды, Президент саясатының түпкілікті мақсаттарын жете түсініп, оларға жету жолында қазіргі заман талаптарына сай белсенді іс-қимылдар жасауға бар күш-жігерін аямай жұмсауында болып отыр. Қазіргі кезде Қазақстан аумағында партияның 16 филиалы, 220 өкілдігі, 10 мыңға жуық бастауыш партия ұйымдары жұмыс істейді.
Достарыңызбен бөлісу: |