1965-66 жылдардағы экономикалық реформалардың аяқталмауы. Экономиканың дамуының экстенсивті жолы.
1960-1970 жж. экономиканы реформалау әрекеттері.1965 ж. басталған экономикалық реформа бастапқы кезде экономикалық дамуға белгілі дәрежеде серпін берді. Тоғызыншы бесжылдықта жоспарлау жүйесі бойынша Қазақстанда 1578 кәсіпорын жұмыс істеді. Тоталитарлық жүйе оның өмір сүріп отырған экономикалық құрылымының шеңберінен шығуына жол бермеді. Осының салдарынан 1970ж. басында экономикалық реформаның қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған идеялары бұрмаланды. Реформаның негізгі мақсаты – кәсіпорындардың шаруашылық дербестігін жоспарлы кеңейту-тек көрсеткіштерді кемітуге және коллективтердің көтермелеу қорларын қалыптастыру болды. Көптеген кәсіпорындар пайда табудың қызығына беріліп, өз өнімдерінің бағасын қолдан жоғарлату жолына түсті. Бағаның өсуі есебінен алынған пайда жалақыны көбейтуге мүмкіндік берді, оның өсуі еңбек өсімділігінің өсуін басып озды, мұның өзі 1970ж. бас. ақпараттық процестердің басталуының себебі болды, бұл экономиканың дамуына теріс ықпал жасады. Кәсіпорындардың дербестігін кеңейте отырып, министрліктер мен ведомстволардың әкімшілік және экономикалық өкілеттілігін күшейтті.
Реформаның сәтсіздікке ұшырауының негізгі себебі саяси саладағы демократияландыру процесінің тежелуі болды. Ол тек экономикалық ұйымдық-техникалық саласымен ғана шектеліп, қоғамның саяси құрылымына, меншік қатынасына соқпады, мемлекеттік меншіктің монополиясын сақтады, нарықтық қатынастарды теріске шығарды. Л.И. Брежнев пен оның төңірегінділер реформа негізінде экономиканы терең қайта құруға қарсы болды. 70ж. бас. Реформаны жүргізу тоқтатылды.
Экстенсивті Даму Жолы – экономиканың бұрынғы техникалық негіздерін сақтай отырып, сандық факторлар: қосымша жұмыс күшін тарту, кәсіпорындардың, цехтардың, телімдердің санын, жаңа құрылыс нысандарын көбейту есебінен өндірістің көлемін ұлғайту тәсілі. Экстентивті даму жолында өндіріске ресурстар (табиғи, еңбек, материалдық ресурстар) көп көлемде тартылады, бірақ бұл орайда техника мен технологияда, еңбекті ұйымдастыруда, қызметкерлердің біліктілігінде елеулі өзгерістер болмайды. Ауыл шаруашылығында Экстенсивті даму жолының экономика өсуіне шаруашылық айналымға жаңа жер телімдерін тарту, материалдық-тех. базаны өзгертпестен өсімдіктердің бұрыннан қолданылып келе жатқан сорттарын, мал тұқымдарын пайдалана отырып, өндірісті кеңейту жолымен қол жеткізіледі. Өндірістің экстенсивті жолмен даму мүмкіндіктері салыстырмалы түрде шектеулі. Өйткені экономика дамуының әрбір кезеңінде қызметкерлер санын көбейтудің, айналымға қосымша ресурстар (шикізат, материалдар, отын, т.б.) тартудың белгілі бір шегі бар. Іс жүзінде экстенсивті және интенсивті даму жолдары таза түрінде болмайды, олар бір-бірімен ұштасып жатады. Сондықтан басым экстенсивті және басым интенсивті даму жолдарына ажыратылады.
Ауыл шаруашылығын экстенсивті жолмен дамыту – жаңа жерлерді игеру арқылы егіс көлемін үлкейту, мал басын көбейту, жаңа шаруашылықтар құру, ауыл шаруашылық жұмыскерлерінің санын көбейту нәтижесінде ауыл шаруашылық өнімі көлемін көбейту.
XX ғасырдың 70-жылдарының екінші жартысы - 80-жылдардың бірінші жартысындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қайшылықтары мен қиындықтары.
ХХ ғ. 70-жылдарының басында 60-шы жылдардың ортасында басталған экономикалық реформаның қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға бағытталған бастапқы идеялары бұрмаланып және көп ұзамай реформаны жүргізу тоқтатылып, тарихымыздағы тоқырау кезеңі басталған болатын. “Тоқырау” кезеңі дейтін 1971-1985 жылдар аралығында Қазақстан экономикасы бұрынғысынша техникалық прогреске қабілетсіз, қарабайыр әдіспен дамыды. Бұл жылдары өнеркәсіпті өркендетуге 40,8 млрд. сом немесе халық шаруашылығына бөлінген барлық қаржының 32% жұмсалды. 15 жыл ішінде өнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 2 есе, ал машина жасау, химия өнеркәсібі сияқты салаларда 3 еседен астам артты. Энергетикада электр қуатын өндіру одан әрі шоғырланып, орталықтандырылды. 1975 жылы республиканың барлық кәсіпорындары дерлік бір орталықтан энергиямен жабдықталды. Шевченко қаласында шапшаң нейтронға негізделген дүние жүзіндегі аса ірі атом реакторы жұмыс істеді. Машина жасау және металл өңдеу саласындағы өсудің жылдық орташа қарқыны 12%-ке жетті. Бұл көрсеткіштер оныншы және он бірінші бесжылдықтарда да кеміген жоқ. 1980 жылға дейін 250-ге жуық кәсіпорын, ірі өндірістер мен цехтар іске қосылды, өндірістің жаңа салалары пайда болды. Дегенмен осы жылдарда КСРО-ның бірыңғай халық шаруашылығы жүйесіне әбден кірігіп кеткен Қазақстан экономикасы қарқынды дами алған жоқ. Республика өнеркәсібінің жартысына жуығы одақтық министрліктің қарамағында болды. Одақтық ведомстволар республиканың шикізат ресурстарын өздеріне тасып алып, аса зор пайда тапты. Бірақ, олар Қазақстан бюджетіне инфрақұрылымды дамытуға қаржы жұмсамады. Олар өз қарауындағы кәсіпорындар арқылы жылына 15 млрд. сом жалпы табыс алып отырса да, республикалық бюджетке бар болғаны 31 млн. сом немесе 1 проценттен аз қаржы аударды. Міне, осындай және тағы да басқа себептерге байланысты өнеркәсіп өнімінің кейбір түрлерін өндіру жөніндегі жекелеген экономикалық көрсеткіштер бойынша жоспарлық тапсырмалар орындалмады. Өндірісті жоспарлауда кемшіліктер орын алды, жаңа өндірістік қуаттар кешігіп іске қосылды. Еңбек тәртібін бұзушылыққа жол берілді, ғылым мен техниканың жетістіктері өндіріске жеткілікті дәрежеде тез енгізілмеді. Осының әсерінен, республика өндіріс орындары 1981 ж. 760 млн. сом, 1982 ж. – 1,0 млрд., 1983 ж. – 1,3 млрд., 1984 ж. –1,65 млрд. сомға жоспарлы өнімді берген жоқ. Сонымен бірге өндіріс тиімділігі мен өнім сапасын арттыруда, ғылыми-техникалық дамуда, қазіргі заманғы техника мен технологияны игеруде капиталистік мемлекеттерден кейін қалу күшейе түсті. Қазақстанда экономиканы дамытуда интенсивті жолға көшу және ғылыми-техникалық прогресті өрістетуге бағыт алынды. Қызықты идеялар мен ұсыныстар аз болған жоқ, жаңашылдар мен өнертапқыштардың саны көбейді, тек 1981-1985 жылдары жаңашыл ұсыныстар берген авторлардың саны 818,8 мың адамға жетті. Алайда, олар өндіріске ғылыми-техникалық прогрестің жетістіктерін енгізу практикасында аз ықпал жасады. Көптеген кәсіпорындарда өндірістің бүкіл процесі емес, тек жеке учаскелері ғана автоматтандырылды немесе комплексті механикаландырылды. 80-ші жылдардың орта кезінде өнеркәсіптегі жұмысшылардың үштен бірі, құрылыста жартысынан астамы ауыр қол еңбегін атқарды, олардың творчестволық белсенділігі төмен болды. Кәсіпорындарда социалистік жарысты ұйымдастыру жасанды сипат алды. Ресми мәлімет бойынша бұл жылдары жарысқа жұмысшылардың 90% қатысқанымен, мұның өндірістің өсу қарқынына, еңбек өнімділігіне, өнімнің сапасын жақсартуға, өндірісті жетілдіруге ықпалы болған жоқ. Өндірісте немқұрайлылық, салақтық, ынта-жігерсіздік тағы басқа да келеңсіз көріністер үйреншікті әдетке айналды. Тоқырау кезеңін қамтыған үш бесжылдық аралығында ауыл шаруашылығын 1965 жылдан басталған реформалау әрі жалғастырылды. Аграрлық салаға қаржыны көптеп бөлу, селоның әлеуметтік проблемаларын шешу, шаруашылық есепті енгізу, ауыл шаруашылық өнімдерінің сатып алу бағасын арттыру шаралары белгіленді. Осы бағытта тек 1971-1978 жж. ауыл шаруашылық саласына 58,2 млрд. сом бөлінді. Мұның нәтижесінде 1985 жылға дейін негізгі егін шаруашылығы жұмыстары – жер жырту, тұқым себу, дәнді дақылдарды жинау, мал шаруашылығы саласындағы жұмыстар 75-90% техникаландырылды. Алайда, ауыл шаруашылығы проблемаларын тек күрделі қаржыны көбейту арқылы шешу жолы тиісті нәтиже бермеді. Аграрлық секторда аса маңызды орын алатын жердің құнарлылығын арттыру, электрлендіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтайтын және өңдейтін кәсіпорындар жеткілікті дәрежеде салынбады. Сондай-ақ село еңбеккерлерінің әлеуметтік-экономикалық проблемалары шешілмей қалды, сөйтіп бұл салада күткен бетбұрыс болмады, нәтижесінде ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру тұрақсыз болды. Егістіктің шығымдылығы азайды, мал шаруашылық өнімдерін өндіру төмендеді. ХХ ғ. 70 және 80 жж. бірінші жартысында Қазақстанда халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде бірсыпыра істер атқарылды, жұмысшылар мен қызметшілердің орташа айлық табысы едәуір өсті. 70-жылдардың І-ші жартысында халық шаруашылығының өндірістік салаларында жаңа еңбек ақы белгіленді, ең төменгі жалақы 70 сомға жеткізілді. Колхозшылардың кепілді еңбек ақысы көбейді, халықтың төмен айлық алатындары орташа айлық алатындар дәрежесіне көтерілді. Осы жылдары халықты қоғамдық тұтыну қоры есебінен қамтамасыз ету біраз жақсарды. Оның едәуір бөлігі жәрдем, зейнетақы және стипендия төлеуге, тегін білім алуға, денсаулық сақтауға, мәдени және тұрмыстық қызмет көрсетуге жұмсалды. 1971 жылы колхозшылар үшін де жұмысшылар мен қызметкерлерге белгіленгендей зейнетақы белгілеу тәртібі енгізілді. 1972-1974 жж. соғыс және еңбек мүгедектеріне айлық орташа зейнетақы 33%-ке көбейтілді, ал 1975 ж. Отан соғысының мүгедектеріне қосымша жеңілдіктер енгізілді. Қорыта келгенде, 70-80-жылдары республика экономикасында тұтастай Одақтың халық шаруашылығына тән үйлесімсіздіктердің бәрі көріне бастады. Бұл ең алдымен басқарудың әміршіл-әкімшілдік әдістерінің әбден орнығуы еді. Экономикалық ынталандыруды жоққа шығара отырып, қалыптасқан жүйе экономиканы экстенсивтік даму жолында ұзақ ұстап қалды. Мемлекеттік меншіктің іс жүзінде ведомстволық меншікке айналдырылуы өндіріс қызметкерлерін құрал-жабдықтарынан алыстатуға алып келді. Еңбекақы төлеу жүйесі еңбектің нәтижесімен байланыстырылмады. Кәсіпорындардың ешқандай дербестігі болған жоқ. Халық шаруашылығы иесіздіктен, жаңа техника мен технологияны нашар енгізуден үлкен зиян шегіп жатты. Экономикалық ведомстволар түріндегі орталықтың әміріне бағыну республикадағы жағдайды одан әрі қиындата түсті. 80-ші жылдардың ортасында республика экономикасы дағдарыс жағдайына ұшырады.
XX ғасырдың 60-70 жылдарындағы қазақ жастарының ұлттық сана – сезімін көтерудегі бейресми студенттік үйірмелердің рөлі («Жас Тұлпар»).
XX ғасырдың 60-шы,70-ші жылдарында қазақ жастарының санасын серпілткен «Жас тұлпар» ұйымы болды. Бұл қозғалыс жастұлпарлықтардың өмір жолы, жастардың Қазақстанның Тәуелсіздігі үшін күресі ғана емес, бұл қазақ қауымының үлкен бір тарихи белесі. Бүгінгі жастарымыз, болашақ ұрпақтарымыз мақтанышпен айтар, үлгі-өнеге алып, жадында сақтар, ұлт рухының асқақтығын көрсетер тарихи алтын кезең. Қазақ халқының «кіндік кезеңінде» 1963 жылдың қараша айында Мәскеу қаласында «Жас тұлпар» ұйымының ресми құрылып, тарих сахнасына шығуы – осындай рухани қажеттіліктен туды. Жастұлпарлықтар Кеңестік өкімет қолданған интернационалистік идеологияның қазақ ұлтының тамырына балта шауып жатқанын жай біліп отыра берген жоқ, оған ұлт құндылықтарын, қазақ өнерін қарсы қоюға ұмтылыс жасады.Өмірдегі қасіретті өнердегі көркем дүние арқылы көпшілікке жеткізу қазақтың сүйекке сіңген ата салты. Тәуелсіздікті аңсаған тұңғыш жастар қозғалысының көш басында Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжанов, Алтай Қадыржанов,Әнуар Сартбаев,Болат Хисаров,Темірхан Бектібаев, Серік Байкенов, Мақаш Тәтімов, Советқазы Ақатаев, Марат Балтабаев, тағы басқалары болды. Жастұлпарлықтардың бәрі дерлік өз ойларын жетер жеріне жеткізе алатын, сөздері өткір, топ жарған Ресейде оқитын қазақтың жайсаң ұлдары мен қыздары еді. Қорқыт ата, Асан ата, Бұқар жыраудай ұлтымыздың алтын діңгектерінің жалғасы Алаш зиялылары болса, солардың барлықтарының ой-армандарын өздеріне ту қылған жаңа ұрпақ тарихқа «Мен қазақпын!» деп атойлап кірді. Орнында бар оңалар.Тәуекел түбі жел қайық,өтерсің де кетерсің.Нар тәуекелге бармасқа амалдары жоқ. Күш-жігер, ар-намыстары кеуделерін қысқан қазақ жастары күреске шықпай тұра алмады. Жастұлпарлықтар Алаш зиялыларындай басшысы дана, қоғамы дара,ел еңсесі биік,ердің бағы жанып, ұлты бақытты болатын кезеңді аңсады. Ұлттық мүдде, болашақ ұрпақ қамы болатын ой-арман Мәскеу, Ленинград және басқа Ресей қалаларында оқитын қазақ жастарының басын біріктірді. Олар жас болса да ұлт тағдыры үшін өздерінің жауапкершіліктерін сезді. Қазақ қоғамының өткен асылдарын жоғалтпай, өркениет көшінен өзіне тиесілі орын алуын көкседі. Адамзат тарихында не істелсе де ұлттық мүдде үшін істелетінін көрсетті. Қазақ халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған Алаш қозғалысы десек, 40 жылдан соң сол Ұлы арманды халқына жеткізуге талпынған «Жас тұлпар» ұйымы болды. Әр заман әркімнің алдына өз сұрақтарын қояды.Өмір,тәжірибе, мақсат та әртүрлі болады. Жастұлпарлықтардың Отанының тағдырына байланысты мақсаттары айқын болды.Тұманды күнгі дүниедей әлдебір буалдыр ұғымға малданып жүре беретіндердің саны көбейген заманда олардың саяси аренаға шығуы Ұлттық рухымыздың барлығының көрінісі. Қазақтың бойында қашан да ұлттық рух сөнбеген. Жастұлпарлықтар басқа қалаларда ұйымның бөлімшелерін ашудан басқа үш бағытта жұмыс жасады. Бірінші бағыт, Қазақстаннан тыс жерде оқитын қазақ жастарына көмек көрсету. Ұйымшылдық, бауырмашылық және қолқабыс мәселелері. Екіншісі, қысқы-жазғы демалыс кездерінде қазақ ауылдарын аралап, елмен танысу, бұқара халықпен тікелей байланыс орнату. Үшінші бағыт, бұл – ұлт мәселесі. Кітапханалардағы ұлттық мәселеге байланысты кітаптарды зерделеу. Ұлттың өткені мен болашағы, тағысын тағылар жөнінде кең көлемдегі пікір алысулар. Жалпы бағдарлама үш бағытта ғана болғанымен, олар алдарына үлкен көп салалы, жан-жақты мақсаттар қоя алды. Ең бастысы, тарихымызды түгендеуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге жол іздеді.
Достарыңызбен бөлісу: |