48.ҚР Президетінің «Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы және оның негізгі бағыттары мен басымдықтары.
БІРІНШІ. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс.Оның нәтижелері мұнай бағасы күрт төмендеген 2014-2015 жылдардағы дағдарыста негізгі тұрақтандырушы факторлардың бірі болды. Сол себепті жоғары еңбек өнімділігі бар қайта өңдеу секторына деген бағдарымыз өзгерген жоқ.Сонымен қатар индустрияландыру 4.0 жаңа технологиялық қалыптың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, мейлінше инновациялық сипатқа ие болуға тиіс.Кәсіпорындарымызды жаңғыртуға және цифрландыруға бағытталған, өнімнің экспортқа шығуын көздейтін жаңа құралдарды әзірлеп, сыннан өткізу қажет.Бұлар, бірінші кезекте, технологиялардың трансфертін ынталандыруға тиіс.Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек.
ЕКІНШІ. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту.ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады.Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек.Кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажет.Кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыру керек.Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі баламалы, «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екенін көрсетті.Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 процентке жеткізу міндетін қойдық. Қазір бізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді. Соларда 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірілді.
ҮШІНШІ. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі. Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек.Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік.Оны мақтан тұтамыз. Алайда, қазір ол жеткіліксіз.Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет.Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды.Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс.Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет. Осыған орай аграрлық университеттердің рөлін қайта қарау керек.Олар диплом беріп қана қоймай, ауыл шаруашылығы кешенінде нақты жұмыс істейтін немесе ғылыммен айналысатын мамандарды дайындауға тиіс.Бұл жоғары оқу орындарынан оқу бағдарламаларын жаңартып, агроөнеркәсіп кешеніндегі озық білім мен үздік тәжірибені тарататын орталықтарға айналу талап етіледі.Мысалы, егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен және арамшөппен күресудің интеллектуалды жүйелері арқылы өнімділікті бірнеше есе арттыруға болады.
ТӨРТІНШІ. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру. Бүгінде Қазақстан арқылы бірнеше трансконтиненталды коридор өтеді.Бұл туралы көп айтылды. Жалпы, Қазақстан арқылы өткен жүк транзиті 2017 жылы 17 процентке өсіп, 17 миллион тоннаға жуықтады.Транзиттен түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр.Бұл инфрақұрылымға жұмсалған мемлекет қаражатын тез арада қайтаруға мүмкіндік береді. Жүк қозғалысын онлайн режімінде бақылап, олардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологиялардың ауқымды түрде енгізілуін қамтамасыз ету қажет.
БЕСІНШІ. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу. Жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар арқасында Қазақстанда пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі жылына 10 миллион шаршы метрден асты. Тұрғын үйді көпшілікке қолжетімді еткен тұрғын үй жинақтау жүйесі тиімді жұмыс істеуде. Баспанамен қамту көрсеткіші соңғы 10 жылда бір тұрғынға шаққанда 30 процентке өсіп, бүгінде 21,6 шаршы метрді құрады. Бұл көрсеткішті 2030 жылы 30 шаршы метрге дейін жеткізу керек. Осы міндетті орындау барысында құрылыс салудың жаңа әдістерін, заманауи материалдарды, сондай-ақ ғимараттардың жобасы мен қала құрылысының жоспарын жасағанда мүлде басқа тәсілдерді қолдану керек. Ғимараттардың сапасына, экологиялық тазалығына және энергиялық тиімділігіне жоғары талап қою қажет. Салынатын және салынған үйлер мен инфрақұрылымдық нысандарды интеллектуалды басқару жүйелерімен жабдықтау керек.
АЛТЫНШЫ. Қаржы секторын «қайта жаңғырту». Банктік портфельдерді «нашар» несиеден арылту ісін аяқтау қажет. Ол үшін банк иелері шығындарын мойындай отырып, экономикалық жауапкершілік алуға тиіс. Акционерлердің аффилирленген компаниялар мен жеке адамдардың пайдасы үшін банктерден қаржы шығаруы ауыр қылмыс болып саналуға тиіс. Ұлттық Банк мұндай істерге немқұрайлы қарамау керек. Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс. Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажет. Сонымен қатар 2016 жылдың 1 қаңтарына дейін халыққа берілген валюталық ипотекалық займдар жөніндегі мәселені Ұлттық Банкке толығымен шешуді тапсырамын. Сол күннен бастап аталған валюталық займдарды жеке тұлғаларға беруге заң жүзінде тыйым салынған болатын.
ЖЕТІНШІ. Адами капитал – жаңғыру негізі.
Білім берудің жаңа сапасы. Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет.
Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты. Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді.
2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет.
Орыс тілін білу маңызды болып қала береді.
«Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет.
Орта мектеп пен колледждер және жоғары оқу орындары үздік оқытушыларының видеосабақтары мен видеолекцияларын Интернетте орналастыру керек..
Жоғары білім беру ісінде жасанды интеллектпен және «үлкен деректермен» жұмыс істеу үшін ақпараттық технологиялар бойынша білім алған түлектер санын көбейту керек.
Осыған орай металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек.
Қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі.
Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс.
СЕГІЗІНШІ. Тиімді мемлекеттік басқару.
Мемлекеттік әкімшілендіру кезінде кәсіпкерлер мен тұрғындардың шығындарын қысқартуға байланысты жұмыстарды жалғастыру қажет. Осыған орай бизнесті реттеуге қатысуды әрі қарай азайтуға бағытталған заң қабылдауды жылдамдату керек. «Бір терезе» қағидаты бойынша бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету үдерістерін цифрландыруды қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциясы «бір өтініш» қағидаты бойынша жекелеген мемлекеттік қызмет көрсетуден кешенді қызмет көрсетуге көшуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар табиғи монополия субъектілері көрсететін қызметтерінің сапасын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыру керек. Олар үшін және энергия өндірушілер үшін инвестициялық бағдарламаларын ескеріп, негізделген тарифтерді белгілеу маңызды. Бизнес-климатты жақсарту үшін батыл іс-қимыл талап етіледі, әсіресе өңірлік деңгейде. Үкімет бизнесті көлеңкеден шығарып, оны қолдауға бағытталған жүйелі шаралардың жаңа пакетін дайындауға тиіс. Мемлекеттік органдарға бағынышты ұйымдардың санын қысқарту есебінен жекешелендіру жоспарын кеңейте отырып, оны іске асыруды жеделдету қажет.
ТОҒЫЗЫНШЫ. Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі.
Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жалғаса береді. Көп жұмыс істеліп жатыр. Соңғы 3 жылда ғана жоғары лауазымды шенеуніктер мен мемлекеттік компаниялардың басшыларын қоса алғанда, жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталды. Осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелді. Мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру маңызды болып саналады. Атап айтқанда, азаматтар өз өтініштерінің қалай қарастырылып жатқанын көріп, дер кезінде сапалы жауап алуға тиіс. Сот және құқық қорғау жүйелерін институционалды тұрғыдан өзгерту жүзеге асырылуда. Заңнамаға қылмыстық процестегі азаматтардың құқықтарын қорғау ісін күшейтуді, оның әсіре қатаңдығын бәсеңдетуді көздейтін нормалар енгізілді. Адвокаттардың құқықтары мен сотқа дейінгі сатыдағы сот бақылауының аясы кеңейді. Құқық қорғау органдарының өкілеттігі мен жауапкершілік шегі айқындалды. Азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажет.
ОНЫНШЫ. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін.
2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл.
Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет. Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты. Олар елді емес, жайлы өмір сүріп, жұмыс істейтін қаланы таңдайды. Сондықтан, Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе алмасу ісін бастау керек. Міне, алдымызда тұрған 10 міндет осы. Бұлар – түсінікті әрі айқын.
Достарыңызбен бөлісу: |