73-бап. Тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасы
1. Тауарлармен сыртқы сауданың жай-күйін, қарқынын және даму үрдісін талдау мақсатында кеден органдары тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасының деректерін қалыптастыру үшін тауарлардың Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілуі туралы мәліметтерді жинауды және өңдеуді жүргізеді.
2. Кеден органдары тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасын Кеден одағы комиссиясының шешімімен бекітілген әдіснамаға сәйкес жүргізеді.
3. Кеден органдары тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасының деректерін:
Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Үкіметіне, мемлекеттік органдарына және өзге де ұйымдарына;
халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен халықаралық ұйымдарға табыс етеді.
4. Кеден одағының комиссиясы Кеден одағының тауарларымен сыртқы сауданың кедендік статистикасының деректерін Кеден одағына мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарына және халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық ұйымдарға ұсынады.
5. Кеден органы Қазақстан Республикасы сыртқы саудасының кедендік статистикасының деректерін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімдерде жариялайды.
6. Кеден органдары мемлекеттік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны (жасырымды) не басқа да жабық ақпаратты қамтымайтын тауарлармен сыртқы сауданың кедендік статистикасының деректерін, оларды алуға мүдделі Қазақстан Республикасының ұйымдарына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және шарттарда ұсына алады.
74-бап. Арнаулы кедендік статистика
1. Кеден органдарына жүктелген міндеттерді шешуді қамтамасыз ету мақсатында кеден ісі саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен арнаулы кедендік статистика жүргізіледі.
2. Кеден органдары арнаулы кедендік статистиканың деректерін кедендік мақсаттар үшін ғана қолданады.
75-бап. Статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылатын құжаттар және мәліметтер
1. Статистикалық мақсаттар үшін тұлғалардың Кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамаларына сәйкес ұсынатын құжаттары мен мәліметтері пайдаланылады.
2. Статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылатын мәліметтерге осы Кодекстің 16-бабының ережелері қолданылады.
9-тарау. Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы.
Тауарларды сыныптау
76-бап. Кеден одағының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы
Кеден одағының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасы (бұдан әрі - Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы) сыртқы экономикалық қызметтің сыртқы сауда және өзге де түрлерін кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу шараларын жүзеге асыру, кедендік статистиканы жүргізу үшін қолданылады.
77-бап. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын жүргізу
1. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы Дүниежүзілік кеден ұйымының Тауарларды сипаттау мен кодтаудың үйлестiрiлген жүйесіне және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына негізделеді.
2. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын Кеден одағының комиссиясы бекітеді.
3. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына өзгерістер енгізу туралы шешімдерді кеден ісі саласындағы уәкілетті органның ұсыныстары негізінде Кеден одағының комиссиясы қабылдайды.
Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын және оған өзгерістер енгізу туралы шешімді Кеден одағының комиссиясы жариялайды.
4. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасын техникалық жүргізу Кеден одағы Кеден кодексінің 51-бабының 4-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
78-бап. Тауарларды сыныптау
1. Тауарларды кедендік декларациялау кезінде олар Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша сыныпталуға жатады.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Кеден декларациясында мәлімделген тауарларды сыныптаудың дұрыстығын тексеруді, бақылау-өткізу пункттерінің және мамандандырылған кедендік мекемелердің лауазымды адамдарын қоспағанда, кеден органдарының лауазымды адамдары жүзеге асырады.
Тауарларды сыныптаудың дұрыстығын тексеруді кеден органы тәуекелдерді басқару жүйесінде айқындалатын жағдайларда, тауарларды шығарғанға дейін кедендік бақылау жүргізу шеңберінде жүзеге асырады.
Тауарларды сыныптаудың дұрыстығын тексеруді кеден органы осы Кодекстің 21 және 24-тарауларында белгіленген тәртіппен жүргізілетін тауарларды шығарғаннан кейін кедендік бақылау жүргізу шеңберінде жүзеге асырады.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3-тармақ жаңа редакцияда
3. Тауарларды шығарғанға дейін де, оларды шығарғаннан кейін де тауарлардың дұрыс сыныпталмауы анықталған жағдайда, осы баптың 2-тармағында айқындалған кеден органының лауазымды адамы тауарларды сыныптауды жүзеге асырады және кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша тауарларды сыныптау жөнінде шешім қабылдайды.
4. Тауарларды сыныптау деп қарастырылатын тауарларды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша нақты тауарлық позицияларға, субпозицияларға және кіші субпозицияларға кезең-кезеңмен жатқызу түсініледі.
Тауарларды сыныптау мына негізгі критерийлердің:
1) тауар орындайтын функция;
2) тауар жасалған материал негізінде жүзеге асырылады.
Бұл ретте, тауарлардың өңделу дәрежесін ескере отырып, оларды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына түсініктеме берудің негізгі ережелерін және бөлімдерге, топтарға ескертпелерді (оның ішінде тауарлық позицияларға, субпозицияларға ескертпелерді), сондай-ақ ерекше сыныптау мәселелерін түсіндіретін қосымша ескертпелерді қолдану негізінде тауарлық субпозицияларға бірдей жатқызу принципі сақталады.
5. Тауарларды сыныптау кезінде кеден органдары, декларанттар немесе кеден өкілдері түсініктеме берудің негізгі ережелерін; бөлімдерге, топтарға, позицияларға ескертпелерді; Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына түсініктемені; Дүниежүзілік кеден ұйымының Үйлестірілген жүйесі жөніндегі комитетінің Сыныптау бойынша пікірлер компендиумін; кеден ісі саласындағы уәкілетті органның тауарларды сыныптау бойынша алдын ала шешімдерінің электрондық базасын; Кеден одағы комиссиясының және кеден ісі саласындағы уәкілетті органның тауарлардың жекелеген түрлерін сыныптау бойынша түсініктемесін қолданады.
6. Тауарларды сыныптау кезінде кеден органдары декларант табыс еткен жөнелтуші елдің кедендік декларацияларының көшірмелерін, егер декларант мұны табыс ете алатын жағдайда, тәуелсіз сарапшы ұйымдардың қорытындыларын, анықтамаларын, сондай-ақ тауарларға ілеспе құжаттарда көрсетілген мәліметтерді назарға алады.
7. Кедендік декларациялау үшін кедендік декларация берген кезде декларант Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауарды сыныптайды және кедендік декларацияда тауардың кодын мәлімдейді.
8. Егер тауарларды кедендік декларациялау кезінде декларант кедендік декларацияда тауарлардың кодын дұрыс мәлімдеген болса, онда кеден органының лауазымды адамы қосымша құжаттарды табыс етуді сұрамай, тауарлардың сыныпталуы бойынша мәліметтерді тексеруді аяқтайды.
2014.02.07. № 225-V ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалана отырып, тауарларды кедендік декларациялау кезінде тауарлардың дұрыс сыныпталмауы анықталған жағдайда, кеден органының лауазымды адамы тауарларды сыныптау жөнінде шешім қабылдау үшін бір жұмыс күні ішінде декларанттан қосымша құжаттарды жазбаша сұрайды.
Қосымша құжаттар декларантты жазбаша хабардар еткен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде ұсынылады.
Кеден органы декларант сұрау салынған құжаттарды ұсынған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша тауарларды сыныптау жөнінде шешім шығарады және бір жұмыс күнінен кешіктірмей оны декларантқа поштамен жібереді.
10. Тауарларды сыныптау үшін қосымша құжаттар сұралған жағдайда, кеден органы декларанттың жазбаша өтініші бойынша:
кедендік баждар мен салықтарды төлеу қамтамасыз етілген кезде - кедендік баждар мен салықтар салынатын;
кеден органының жазбаша сұрау салуында белгіленген мерзімде сұратылған құжаттарды беру бойынша декларанттың міндеттемесі болған кезде кедендік баждар мен салықтар салынбайтын тауарлардың шартты шығарылуын жүзеге асырады.
Кедендік баждар мен салықтардың төленуін қамтамасыз ету сомасының мөлшері ішкі тұтыну үшін шығарудың кедендік рәсімі мәлімделген кезде төлеуге жататын кедендік баждар мен салықтардың сомасынан аз болмауға тиіс.
Кедендік баждар мен салықтардың төленуін қамтамасыз етудің қолданылу мерзімі тауарлар шартты шығарылған күннен бастап күнтізбелік отыз күннен кем болмауға тиіс.
11. Декларант кеден органының тауарларды сыныптау жөніндегі шешімімен келіскен жағдайда, декларант кедендік декларацияда мәлімделген мәліметтерді осы Кодекстің 289-бабының 1-тармағына сәйкес өзгертуге немесе толықтыруға тиіс.
12. Кеден органының тауарларды сыныптау жөніндегі шешімі екі дана етіп ресімделеді және оған тауарларды кедендік декларациялауды жүргізген кеден органының басшысы (оны алмастыратын адам) қол қояды.
13. Кеден органының тауарларды сыныптау жөніндегі шешімінің орындалуы міндетті болып табылады.
14. Кеден органы қабылдаған тауарларды сыныптау жөніндегі шешіммен келіспеген жағдайда, декларант немесе кеден ісі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлға не олардың өкілдері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кеден органының немесе кеден органы лауазымды адамының іс-әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасауға құқылы.
15. Тауарларды сыныптау жөніндегі шешімге шағым жасалған кезде шағым жасаған тұлға кеден ісі саласындағы уәкілетті органға бұйымдардың фотосуреттерін, суреттерін, сызбаларын, паспорттарын, тауарлардың сынамасын және үлгілерін, тауарлардың негізгі техникалық, коммерциялық сипаттамаларын және тауарларды бірдей сыныптауға мүмкіндік беретін ақпаратты ұсынады.
16. Кеден органдарының тауарларды сыныптау жөніндегі шешімдерінің бланкілері қатаң есептілік бланкілері болып табылады, олардың типографиялық тәсілмен орындалған, кеден органының кодын қамтитын есептік сериясы және нөмірі болады.
17. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган немесе кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі осы тарауға сәйкес тауарларды сыныптау жөнінде алдын ала шешімдер қабылдайды және кеден ісі саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында, веб-порталында жариялауды қамтамасыз ете отырып, тауарлардың жекелеген түрлерін сыныптау бойынша түсіндірулер береді.
Тауарларды сыныптау жөнінде алдын ала шешімдер тауарларды Қазақстан Республикасының аумағында декларациялау кезінде міндетті болып табылады.
18. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган тауарларды сыныптау жөніндегі алдын ала шешімдердің деректер қорын жүргізуді жүзеге асырады.
79-бап. Алдын ала шешім қабылдау тәртібі
1. Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша тауарларды сыныптау жөніндегі алдын ала шешімді қабылдау тәртібі осы Кодекстің 80-83-баптарымен айқындалады.
2. Алдын ала шешім тауардың белгілі бір маркасын, моделін, артикулі мен модификациясын қамтитын әрбір атауына қабылданады.
3. Алдын ала шешімнің нысаны Кеден одағы комиссиясының шешімімен айқындалады.
4. Өтініш беруші алдын ала шешімді жоғалтқан жағдайда кеден ісі саласындағы уәкілетті орган немесе кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өтініш берушінің жоғалтқан алдын ала шешімге сілтемесі бар жазбаша өтінішінің негізінде жазбаша өтініш тіркелген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өтініш беруші бұрын алған алдын ала шешімнің телнұсқасын береді.
5. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 213-бабына сәйкес тауарларды сыныптау жөніндегі алдын ала шешімдермен ақпараттық алмасуды жүзеге асырады.
80-бап. Алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш
1. Алдын ала шешімді тұлғаның (бұдан әрі осы тарауда - өтініш беруші) жазбаша түрде немесе электрондық құжат түрінде берген өтініші негізінде кеден ісі саласындағы уәкілетті орган немесе кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі қабылдайды.
2. Тауарларды сыныптау жөніндегі алдын ала шешімді қабылдау туралы өтініште тауарлардың толық коммерциялық атауы, фирмалық атауы, негізгі техникалық, коммерциялық сипаттамалары және тауарларды бірдей сыныптауға мүмкіндік беретін өзге де ақпарат болуға тиіс. Қажет болған жағдайда осы алдын ала шешімді қабылдау үшін өтініш берушінің мөрімен куәландырылған бұйымдардың фотосуреттері, суреттері, сызбалары, төлқұжаттары, тауарлардың сынамалары мен үлгілері және басқа да құжаттары табыс етіледі.
3. Егер өтініш беруші табыс еткен мәліметтер алдын ала шешім қабылдау үшін жеткіліксіз болса, кеден ісі саласындағы уәкілетті орган немесе кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өтініш берушіні кеден органына алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш берген күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қосымша ақпарат беру қажеттілігі туралы хабардар етеді. Қосымша ақпарат өтініш берушіге жазбаша хабарланған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде табыс етілуге тиіс. Егер ақпарат белгіленген мерзімде берілмесе, алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш қабылданбайды.
81-бап. Алдын ала шешім қабылдау және оның қолданылу мерзімдері
1. Алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш тіркелген күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде алдын ала шешім қабылданады.
Осы Кодекстің 80-бабының 3-тармағына сәйкес қосымша ақпарат беру қажет болған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім тоқтатыла тұрады және сұрау салынған мәліметтерді қамтитын соңғы құжат алынған күннен бастап қайта жаңартылады.
2. Егер осы Кодекстің 82-бабына сәйкес алдын ала шешім өзгертілмесе, кері қайтарылмаса не оның қолданысы тоқтатылмаса, ол қабылданған күннен бастап үш жыл бойы қолданылады.
82-бап. Алдын ала шешімнің қолданылуын тоқтату, оны өзгерту немесе кері қайтару
1. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган немесе кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өзі қабылдаған алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату, оны өзгерту немесе кері қайтарып алу туралы шешім қабылдай алады.
Алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату, оны өзгерту немесе кері қайтарып алу туралы шешім өтініш берушіге алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату, оны өзгерту немесе кері қайтарып алу туралы шешім шығарылған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей жіберіледі.
2. Егер кеден ісі саласындағы уәкілетті орган немесе кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі өтініш беруші алдын ала шешімді қабылдау үшін жалған немесе қолдан жасалған құжаттар, дұрыс емес және (немесе) толық емес мәліметтер ұсынғанын анықтаса, алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылданады.
Алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім осындай алдын ала шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
3. Алдын ала шешімді өзгерту:
кеден ісі саласындағы уәкілетті орган немесе кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі немесе өтініш беруші алдын ала шешім қабылдау кезінде жіберілген кемшіліктерді анықтаған;
Кеден одағының комиссиясы тауарлардың жекелеген түрлерін сыныптау жөнінде шешімдер немесе түсініктемелер қабылдаған жағдайларда жүргізіледі.
Кеден ісі саласындағы уәкілетті органның немесе кеден ісі саласындағы уәкілетті орган аумақтық бөлімшесінің алдын ала шешімді өзгерту туралы шешімі осы шешімді өзгерту туралы шешімде көрсетілген мерзімде күшіне енеді.
4. Алдын ала шешім:
соларға қатысты алдын ала шешім қабылданған тауарлардың сыныпталуына әсер ететін Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына өзгерістер енгізілген;
Дүниежүзілік кеден ұйымы Кеден одағына мүше мемлекеттер қолданатын тауарларды сыныптау жөнінде шешім қабылдаған;
Кеден одағының комиссиясы тауарлардың жекелеген түрлерін сыныптау жөнінде шешімдер немесе түсініктемелер қабылдаған жағдайларда қайтарып алынады.
Алдын ала шешімді қайтарып алу туралы шешімді кеден ісі саласындағы уәкілетті орган немесе кеден ісі саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі Кеден одағы комиссиясының шешімдері мен түсініктемелері жарияланғаннан кейін күнтізбелік отыз күн ішінде қабылдайды және осындай шешімдермен бір мезгілде күшіне енеді.
5. Алдын ала шешімнің қолданысын тоқтату, оны өзгерту немесе қайтарып алу туралы шешім осындай шешім қабылданған күннен кейінгі күннен кешіктірілмей кеден органдарының назарына жеткізіледі.
83-бап. Алдын ала шешімдердің жариялылығы
Мемлекеттік, коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпия (жасырым) болып табылатын ақпаратты не мүдделі тұлғаға қатысты басқа да жабық ақпаратты қоспағанда, алдын ала шешімдер Кеден одағы комиссиясының ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
84-бап. Белгілі бір уақыт кезеңі ішінде әртүрлі партиямен әкелу көзделген, құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрдегі, оның ішінде жинақталмаған немесе аяқталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешім қабылдау тәртібі
1. Декларациялау ерекшеліктері осы Кодексте көзделген, белгілі бір уақыт кезеңі ішінде әртүрлі партиямен әкелу көзделген, құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрдегі, оның ішінде жинақталмаған немесе аяқталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімді (бұдан әрі - жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешім) тұлғаның жазбаша өтініші негізінде кеден ісі саласындағы уәкілетті орган қабылдайды.
2. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешім өтініш берушіге мына шарттар бір мезгілде сақталғанда:
сыртқы сауда шарты (келісімшарты) өтініш берушінің атынан жасалған;
өтініш беруші тауарларды алушы болып табылған кезде беріледі.
3. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешім қабылдау жөнінде өтініш:
нотариат куәландырған сыртқы сауда шартын (келісімшартын);
өтініш беруші туралы мәліметті;
тауар туралы мәліметті (атауы, тауардың құрамдас бөліктерінің тізбесі);
тауарды жеткізу мерзімін;
тауар орналастырылатын кедендік рәсімді;
тауарды декларациялау жүзеге асырылатын кеден органының атауын қамтуға тиіс.
Өтінішке құжаттар қоса беріледі, олардың негізінде жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешім қабылданады (жұмыс істеу принципі мен функцияларын көрсете отырып, тауардың және оның құрамдас бөліктерінің техникалық сипаттамасы, монтаждау немесе жинау тәсілдерінің сипаттамасы, тауар және оның құрамдас бөліктері жасалған материалдардың сипаттамасы, жинақтау сызбалары, схемалары, мүмкін болса тауардың фотосуреттері, өндірушілердің каталогтары, бейне материалдар, егжей-тегжейлі ерекшелігі).
4. Өтініш кедендік декларациялау үшін тауардың бірінші партиясы табыс етілгенге дейін беріледі.
5. Егер өтініш беруші табыс еткен құжаттар мен мәліметтер жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешім қабылдауға жеткіліксіз болса, кеден ісі саласындағы уәкілетті орган өтініш берушіге сыныптау туралы шешім қабылдау туралы өтініш берілген күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде қосымша ақпарат беру қажеттілігі туралы хабарлайды.
Қосымша ақпарат өтініш берушіге жазбаша хабарланған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде табыс етілуге тиіс.
Егер ақпарат белгіленген мерзімде берілмесе не өтініш беруші тауарды жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді табыс етуден бас тартса, мұндай тауарды сыныптау туралы шешім қабылдау жөніндегі өтініш қайтарылады.
Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешім қабылдау туралы өтініш:
егер тауардың құрамдас бөліктері құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрде, оның ішінде жинақталмаған немесе аяқталмаған түрде сыныптау ережелеріне сәйкес аяқталған немесе жинақталған тауардың коды бойынша сыныпталатын тауарды құрмаса;
өтініште және оған қоса берілетін құжаттарда бір-біріне қайшы келетін ақпарат болған кезде қайтарылады.
85-бап. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешім қабылдау мерзімі
1. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешім өтініш тіркелген күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қабылданады.
Осы Кодекстің 84-бабының 5-тармағына сәйкес қосымша ақпарат беру қажет болған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім тоқтатыла тұрады және сұратылған мәліметтерді қамтитын соңғы құжатты кеден ісі саласындағы уәкілетті орган алған күннен бастап жаңартылады.
2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімнің нысанын кеден ісі саласындағы уәкілетті орган айқындайды.
86-бап. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімнің қолданылу мерзімі
Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешім қабылданған күнінен бастап күшіне енеді және қатарынан күнтізбелік он екі айдан аспауға тиіс.
87-бап. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімді өзгерту немесе оның қолданылуын тоқтату
1. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімді өзгерту:
1) кеден органдары орындауға міндетті тауарлардың жекелеген түрлері жөніндегі шешімді және түсініктемені кеден ісі саласындағы уәкілетті орган қабылдаған;
2) жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешім қабылдаған кезде немесе өтініш беруші құжаттар дайындаған кезде жіберілген қателер, әріп қателері анықталған;
3) Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы өзгертілген жағдайларда жүргізіледі.
Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімді өзгерту туралы шешім жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімді өзгерту туралы шешімде көрсетілген күннен бастап күшіне енеді.
2. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімнің қолданысын тоқтату:
1) егер кеден органы өтініш берушінің жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешім қабылдау үшін жалған немесе қолдан жасалған құжаттар немесе дұрыс емес мәліметтер бергенін анықтаған;
2) егер кедендік декларация Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көзделген мерзімде тапсырылмаған;
3) егер өтініш беруші тауар жеткізуден жазбаша түрде бас тартқан, оның ішінде шартты түрде шығарылған тауардың құрамдас бөліктері болған жағдайларда жүргізіледі.
Егер шартты түрде шығарылған тауардың құрамдас бөліктері сыныптау ережесіне байланысты жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімде көрсетілген аяқталған немесе жинақты тауардың сыныптау кодына жататын болса, жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылданбайды.
Сыныптау туралы шешімнің қолданысын тоқтату туралы шешім сыныптау туралы шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.
88-бап. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімнің қолданысы тоқтатылған кезде тауарларды сыныптау
Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімнің қолданысы тоқтатылған кезде тауардың жеткізілетін жеке құрамдас бөліктері Кеден одағының және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамаларында белгіленген тәртіппен кедендік декларация тапсырыла отырып, кедендік декларациялауға жатады. Бұл ретте, машинаның көрсетілген құрамдас бөліктері Кеден одағы сыртқы экономикалық қызметінің Тауар номенклатурасына сәйкес жеке тауарлар ретінде сыныпталады.
89-бап. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімдердің есебі
Жинақталмаған түрдегі түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімдердің есебін кеден ісі саласындағы уәкілетті орган жүзеге асырады.
90-бап. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімнің қолданылу мерзімін ұзарту
1. Кеден ісі саласындағы уәкілетті орган жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімнің қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі кемінде күнтізбелік отыз күн ішінде берілген өтініш берушінің жазбаша өтініші болған кезде көрсетілген шешімнің қолданылу мерзімін тауардың жекелеген құрамдас бөліктерін толығымен жеткізу кезеңіне ұзартады.
2. Өтініш беруші кеден ісі саласындағы уәкілетті органға жазбаша өтінішінде мына мәліметтер:
оған сәйкес Кеден одағының Сыртқы экономикалық қызметі тауар номенклатурасының бірыңғай коды бойынша тауардың жекелеген құрамдас бөліктерін кедендік декларациялау жүзеге асырылатын жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімнің нөмірі мен қабылданған күні;
оған сәйкес Кеден одағының Сыртқы экономикалық қызметі тауар номенклатурасының бірыңғай коды бойынша тауардың жекелеген құрамдас бөліктерін кедендік декларациялау жүзеге асырылатын шарттың деректемелері;
жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы берілген шешімнің қолданылу мерзімінде тауардың барлық жекелеген құрамдас бөліктерін кедендік декларациялауды аяқтаудың мүмкін еместігіне негіз болған себептер;
тауардың жекелеген құрамдас бөліктерін кедендік декларациялауды жүзеге асыратын кеден органының атауы;
тауардың жекелеген құрамдас бөліктерінің соңғы партиясын әкелу аяқталатын мерзім көрсетілуге тиіс.
3. Әкелінген тауардың жекелеген құрамдас бөліктерін шартты шығару үшін табыс етілген ресімделген кедендік декларациялардың көшірмелері алдын ала сыныптау шешімінің қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтінішке қоса беріледі.
4. Алдын ала сыныптау шешімінің қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтініш кеден ісі саласындағы уәкілетті органда тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде қаралады.
5. Жинақталмаған түрдегі тауарды сыныптау туралы шешімнің қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім екі дана етіп ресімделеді.
Бірінші данасы өтініш берушіге жіберіледі. Екінші данасы белгілі бір уақыт кезеңі ішінде әртүрлі партиямен әкелу көзделген, құрастырылмаған немесе бөлшектелген түрдегі, оның ішінде жинақталмаған немесе аяқталмаған түрдегі тауарларды кедендік декларациялауды жүзеге асырған кеден органына жіберіледі.
10-тарау. Тауарлар шығарылған ел
Достарыңызбен бөлісу: |