2021-2022 оқу жылынан бастап қосымша енгізілетін жалпы білім беретін, арнайы және мамандандырылған мектептерге арналған төмендетілген оқу жүктемесімен Үлгілік оқу жоспарлары Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы сайтында орналастырылады.
Жалпы білім беретін мектептер үшін жаңадан енгізілетін қосымша Үлгілік оқу жоспарларында оқу сағаттарының төмендетілуі негізінен вариативтік компонент есебінен жүзеге асырылды.
Жаңадан енгізілетін қосымша ҮОЖ-ға сәйкес Үлгілік оқу бағдарламаларына өзгерістер енгізілетін болады.
2021-2022 оқу жылында мектептердің дайындығына (кадрлық, ресурстық және т.б.) байланысты вариативтік компонент сағаттарының есебінен «Жаһандық құзыреттіліктер» курсын таңдауға немесе басқа да элективті курстарды өткізуге болады. Аталған курс білім алушылардың 21 ғасыр дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі.
«Жаhандық құзыреттіліктер» (аптасына 1 сағат) курсына:
5-сыныпта «Парасаттылық және әдеп»;
6-сыныпта «Экология»;
7-сыныпта «Эмоционалды интеллект және сыни ойлау»;
8-сыныпта «Медиасауаттылық»;
9-сыныпта «Зайырлылық және дінтану негіздері»;
10-11-сыныптарда «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» жатады. Академия сайтында орналастырылған ресурстар мен авторлық әзірлемелерді пайдалану ұсынылады (www.nao.kz).
Қазіргі қолданыстағы «Зайырлылық және дінтану негіздері», «Кәсіпкерлік және бизнес негіздері» пәндерінің оқу бағдарламаларымен оқытуды жалғастыру ұсынылады (www.nao.kz).
Білім беру ұйымдары оқу материалдары мен ресурстар дайын болған жағдайда «Экология», «Медиасауаттылық», «Парасаттылық және әдеп», «Эмоционалды интеллект және сыни ойлау» курстарын 2021-2022 оқу жылында енгізуіне болады.
«Парасаттылық және әдеп» курсы білім алушылардың бойында әдептілік, ізгі-ниеттілік, адалдық, толеранттылық, іс-әрекеттеріне жауапкершілік, ұжымда жұмыс істей білуі сияқты жеке қасиеттерді дамытуға мүмкіндік береді.
«Экология» курсы білім алушыларды экологияның негізгі
заңдылықтарымен таныстырады, өз денсаулығына, айналасындағы адамдарға және табиғатқа позитивті, ұқыпты қарауды үйретеді.
«Эмоционалды интеллект және сыни ойлау» курсы ақпаратты сыни қабылдау дағдыларын, коммуникативтік дағдыларын, дұрыс шешім қабылдауды, эмоционалды сауаттылықты дамытудың теориялық және практикалық аспектілерін қамтиды.
«Медиасауаттылық» курсы білім алушыларды ақпаратпен жұмыс істеуге, материалдарды бағалауға, талдауға, жалған мәлімет пен насихатты ажырата білуге үйретеді.
«Зайырлылық және дінтану негіздері» курсын оқу құқықтық және діни сауаттылықты қалыптастыруға, білім алушыларда этномәдени және дінаралық келісім негізінде азаматтық жауапкершілік сезімін тәрбиелеуге бағытталған.
«Кәсіпкерлік және бизнес негіздерін» оқи отырып, білім алушылар кәсіпкерлік негіздерін, қаржылық сауаттылықты үйренеді, экономика, менеджмент, маркетинг бойынша базалық білім алады, қазіргі нарықтық жағдайларда дербес қызмет ету үшін қажетті кәсіпкерлік ойлау дағдыларын меңгереді.
«Жаһандық құзыреттіліктер» курсын «Биология», «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Қазақ әдебиеті», «Орыс әдебиеті» пәндерінің мұғалімдері мен біліктілікті арттыру курстарынан өткен, сертификаттары бар басқа да мұғалімдер, әлеуметтік педагогтер, психологтар жүргізе алады.
2021-2022 оқу жылында ресурстар болған жағдайда педагогикалық кеңестің шешімімен 6-сыныпта «Музыка» оқу пәнінің шеңберінде домбыра тартуды үйретуге болады (аптасына 1 сағат). Домбыра тартуды үйрету мүмкіндігі болмаған жағдайда «Музыка» пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы толық жүзеге асырылады. Мектептің даярлығына қарай және білім алушылардың қалауы бойынша домбыра тартуды үйретуге оқыту тіліне қарамастан барлық мектептер ауыса алады.
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің, «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлықэтнографиялық оркестрлерінің тұрақты шетелдік турлары, Димаш Құдайбергеннің, басқа да кәсіби ұжымдар мен орындаушылардың әлемнің әйгілі сахналарында жиі өнер көрсетуі бүкіл әлемде домбыраға деген жоғары қызығушылық тудырды.
Білім алушылар тек домбыра тартуды ғана үйреніп қоймай, сонымен қатар халық композиторларының шығармашылығымен, қазақ музыкасының тарихымен, Қорқыт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина Нұрпейісова және басқа да қазақ халқының ұлттық өнері тұлғалары салған дәстүрлермен танысады. «Домбыра» курсын жүргізу үшін Ы. Алтынсарин атындағы ҰБАның www.nao.kz. сайтында орналастырылған ресурстар ұсынылады.
Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында барлық сыныптарда үлгілік оқу жоспарындағы «Дене шынықтыру» пәнінің үш сағатының бір сағаты «Шахмат», «Тоғызқұмалақ», «Үстел теннисі» ойындарына, спорттық, бал биі, хореографияны оқытуға ұсынылады. Бұл сабақтарды өткізу үшін мектеп холдарындағы арнайы бөлінген орындарды пайдалануға болады.
Бастауыш сыныптарда әрбір сабақта дене жаттығуларын (сергіту сәті) өткізу қажет.
Білім алушының дене дамуының мониторингін жүргізу бойынша «Денсаулық» арнайы жұмыс тобына арналған ұсынымдар www.nao.kz.
сайтында орналастырылған.
1-сыныпта білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау жүргізілмейді.
2-11 (12) сыныптарда күнделікті формативті бағалау жүргізіледі.
2-11 (12) сыныптарда білім алушылардың оқу жетістіктері 1-ден 10-ға дейінгі балмен бағаланады.
Мұғалімнің кері байланысы орындалған тапсырмалардың қорытындылары бойынша түсініктемелер, рубрика, ұсыныстар беру арқылы жүзеге асырылады.
Жеке меншік білім беру ұйымдары да «Күнделік» электрондық журналына қосыла алады. Ол үшін https://kundelik.kz/ сайтына қосылуға өтінім беруі қажет («ББҰ қосу» командасы)
«Күнделік» электрондық журналын пайдалануға қатысты кез келген қиындықтар туындаған жағдайда 8(727)313-18-32 телефонына немесе team@kundelik.kz қолдау қызметіне хабарласуға болады.
Электронды журналды жүргізуге қатысты жиі қойылатын сұрақтар мен жауаптар www.nao.kz. сайтында орналастырылған.
Сабақ кестесін құруда мектеп әкімшілігіне әрбір сыныптағы пәндер бойынша оқу сағаттарының нормаларын, мектептің материалдық-техникалық базасы мен кадр ресурстарын ескере отырып, автоматтандырылған бағдарламаларды пайдалану ұсынылады. Білім алушылардың бір күндік және апта ішіндегі ой еңбегінің жұмысқа қабілеттілігі динамикасын ескеру және «Білім беру объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» Санитариялық қағидаларының 4-қосымшасына сәйкес пәндерді қиындығына қарай саралау кестесін пайдалану қажет (ҚР ДСМ 2021 жылғы 5 тамыздағы № ҚР ДСМ-76 бұйрығы).
Мереке күндеріне сәйкес келген сабақтар басқа күндерге ауыстырылады. Осы жағдайда сабақтардың тақырыптары/оқу мақсаттары оқу бағдарламасының мазмұнына сәйкес кіріктірілуі қажет.
Бұл ретте қосымша сағаттар бөлінбейді. Сабақтардың кіріктірілген тақырыбы журналдың бір жолына жазылады.
Білім беру ұйымы басшысының бұйрығы негізінде бұл өзгерістер электрондық журналда көрсетіледі.
Электрондық журналдар мен күнделіктерді толықтыру бойынша техникалық қолдау кол-центр, қолдау қызметі арқылы көрсетіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |