6 Тарау. Ақша-кредит саясаты
29-бап. Ақша-кредит саясатын әзiрлеу және жүргiзу
Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының мемлекеттiк ақша-кредит саясатын айқындайтын және жүзеге асыратын бiрден-бiр орган болып табылады. Қазақстан Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатын бағалардың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады.
Ақша-кредит саясаты:
қайта қаржыландырудың ресми ставкасын;
ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары бойынша сыйақы ставкаларының деңгейлерiн;
ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерiн ;
ерекше жағдайларда, операциялардың жекелеген түрлерiнiң деңгейi мен көлемiне тiкелей сандық шектеулердi белгiлеу жолымен жүзеге асырылады.
Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен , өзгерту енгiзiлдi - 2005.07.08. N 69 Заңымен .
30-бап. Ақша-кредит саясаты операцияларының түрлерi
Ақша-кредит саясатын iске асыру мақсатында Қазақстан Ұлттық Банкi мынадай операция түрлерiн жүзеге асырады:
1) қарыздар беру;
2) депозиттер қабылдау;
3) валюталық интервенциялар;
4) Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қысқа мерзiмдi ноталарын шығару;
5) мемлекеттiк және басқа да бағалы қағаздарды сатып алу және сату, оның iшiнде керi сатып алу құқығымен;
6) коммерциялық вексельдердi қайта есепке алу;
7) Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының шешiмi бойынша басқа да операциялар.
Ескерту. 30-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен , бап жаңа редакцияда - 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .
31-бап. Қайта қаржыландырудың ресми ставкасы
Қазақстан Ұлттық Банкi қайта қаржыландырудың ресми ставкасын ақша рыногының жалпы жай-күйiне, қарыздар бойынша сұраныс пен ұсынысқа, инфляция деңгейiне және инфляциялық болжалдарға қарай белгiлейдi.
Қазақстан Ұлттық Банкi қайта қаржыландырудың ресми ставкасына сәйкес коммерциялық вексельдердi қайта есепке алуды жүргiзедi.
Қайта қаржыландырудың ресми ставкасы ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары үшiн сыйақы ставкалары бойынша бағдар болып табылады.
Ескерту. 31-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен , 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .
32-бап. Резервтiк талаптар
Қазақстан Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатын жүзеге асыру мақсатында ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерiн белгілейді.
Қазақстан Ұлттық Банкi ең төменгi резервтiк талаптар туралы қағидаларды, банктердің есеп айырысу үшін қабылдайтын міндеттемелерінің құрылымын, ең төменгi резервтiк талаптарды орындау шарттарын, резервке қою тәртібін бекітеді және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады.
Ең төменгі резервтiк талаптардың нормативтерiн өзгерту осындай шешiм қабылданған күннен бастап бiр айдан ерте қолданысқа енгiзiлмейдi.
Ең төменгi резервтiк талаптардың нормативтерi бұзылған кезде банктер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.
Қазақстан Ұлттық Банкi тарату комиссиясының төрағасы тағайындалған күннен бастап банктің тарату комиссиясына өзiнде резервтелген қаражатты он күндiк мерзiмде қайтарады.
Ескерту. 32-бап жаңа редакцияда - ҚР 2005.07.08. N 69; өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
33-бап. Бағалы қағаздарды сатып алу және сату
Мемлекеттiк және басқа да бағалы қағаздарды сатып алу мен сатуды Қазақстан Ұлттық Банкi жалпы ақша-кредит саясаты шеңберiнде жүзеге асырады.
Ескерту. 33-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .
34-бап. Ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары
бойынша сыйақы ставкалары
Қазақстан Ұлттық Банкi жүзеге асырылатын ақша-кредит саясаты шеңберiнде қаржы рыногындағы рыноктық сыйақы ставкаларына әсер ету мақсатында ақша-кредит саясатының негiзгi операциялары бойынша сыйақы ставкаларын белгiлейдi.
Ескерту. 34-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен , 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .
35-бап. Қарыздар
Қазақстан Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатының қабылданған бағдарларына сәйкес банктердiң қарыз алуының жалпы көлемiн реттейдi.
Банктерге берiлетiн қарыздарды беру мен өтеу тәртiбiн, талаптарын, түрлерiн, мерзiмдерiн және лимиттерiн Қазақстан Ұлттық Банкi айқындайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi банктерге қарыздарды өтiмдiлiгі жоғары әрі тәуекелсіз бағалы қағаздармен және басқа активтермен қамтамасыз етіп те, қамтамасыз етпей де бiр жылдан аспайтын мерзiмге бередi. Бұл мерзiмдi Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы ұзартуы мүмкiн.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген мүлiк Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қарыздары бойынша мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету үшiн кепiл заты бола алады.
Ескерту. 35-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1996.01.27. N 2830 заң күші бар Жарлығымен , Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен , бап жаңа редакцияда - 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
36-бап. Валюталық интервенциялар
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң валюталық интервенциялары Қазақстан теңгесiнiң бағамына әсер ету мақсатында банкаралық немесе биржалық рыноктарда шетел валютасын сатып алу-сату және валюталық мәмiлелердiң басқа да түрлерiн жүргiзу жолымен дербес жүзеге асырылады.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң валюталық интервенциялары жалпы ақша-кредит саясаты шеңберiнде жүргiзiледi.
Ескерту. 36-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .
36-1-бап. Депозиттер
Депозиттердi тарту мен өтеу тәртiбiн, талаптарын, мерзiмдерiн және тарту лимиттерiн Қазақстан Ұлттық Банкi айқындайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi ұлттық валютамен де, шетел валютасымен де депозиттер тартуға құқылы.
Ескерту. 36-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .
36-2-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қысқа мерзiмдi
ноталары
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң қысқа мерзiмдi ноталары – Қазақстан Ұлттық Банкi эмиссиялайтын, олар бойынша міндеттемелерді Қазақстан Ұлттық Банкi көтеретін мемлекеттiк эмиссиялық бағалы қағаздар.
Қысқа мерзiмдi ноталарды шығару, орналастыру, айналысқа жiберу және өтеу тәртiбi мен талаптарын Қазақстан Ұлттық Банкi айқындайды .
Қазақстан Ұлттық Банкi ақша-кредит саясатының мақсаттарына сәйкес қысқа мерзiмдi ноталарды ұлттық валютамен де, шетел валютасымен де шығаруды жүзеге асыруға құқылы.
Ескерту. 36-2-баппен толықтырылды - ҚР 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), өзгеріс енгізілді - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
36-3-бап. Коммерциялық вексельдердi қайта есепке алу
Қазақстан Ұлттық Банкi коммерциялық вексельдердi қайта есепке алу тәртiбiн және Қазақстан Ұлттық Банкiнiң коммерциялық вексельдердi қайта есепке алуға қабылдауы үшiн қойылатын талаптарды белгiлейдi .
Ескерту. 36-3-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 Заңымен .
37-бап. Банк операциялары бойынша сандық шектеулер
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң тiкелей сандық шектеулерi деп операциялардың жекелеген түрлерi және мәмiлелерi бойынша ставкалардың ең жоғары деңгейлерi, кредит берудi тiкелей шектеу, сыйақы ставкаларын тұмшалау, жекелеген салалардың дамуын ынталандыру немесе тежеу мақсатында кредиттiң нақты түрлерiн тiкелей реттеу ұғынылады.
Қазақстан Ұлттық Банкi инфляциялық процестердi жанама ақша-кредиттiк реттеу әдiстерiмен тоқтату болмаған жағдайда тiкелей сандық шектеулер қолдануға құқылы.
Ескерту. 37-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .
7 Тарау. Ақша айналысы және ақша бiрлiгi
38-бап. Ақша бiрлiгi
Қазақстан Республикасының ақша бiрлiгi (ұлттық валютасы) Қазақстан теңгесi болып табылады. Қазақстан теңгесi 100 тиыннан тұрады.
Қазақстан Республикасының айналыстағы ақша белгiлерi банкноттар мен тиындардан тұрады.
Банкноттар мен тиындардың көрсетiлген құнының құрылымын Қазақстан Ұлттық Банкi белгiлейдi.
39-бап. Төлем құралы
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң заң актiлерiнде , нормативтiк құқықтық актiлерiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасында бiрден-бiр заңды төлем құралы Қазақстан теңгесi болып табылады.
Ескерту. 39-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .
40-бап. Банкноттар мен монеталарды шығару
Банкноттар мен монеталар шығаруды, олардың Қазақстан Республикасының аумағындағы айналысын ұйымдастыруды және айналыстан алуды тек қана Қазақстан Ұлттық Банкi жүзеге асырады.
Қазақстан Ұлттық Банкi банкноттар мен монеталарды заңды және жеке тұлғаларға сату арқылы айналысқа шығаруды жүзеге асырады.
Ескерту. 40-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 69 Заңымен .
41-бап. Ақша бiрлiгiнiң қамтамасыз етiлуi
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банкноттары мен тиындары Қазақстан Ұлттық Банкiнiң сөзсiз мiндеттемелерi болып табылады және оның барлық активтерiмен қамтамасыз етiледi.
Қазақстан Ұлттық Банкi алтын-валюта резервтерінің мөлшері туралы хабарды бұқаралық ақпарат құралдарында ұдайы жариялап тұрады.
Ескерту. 41-бапқа өзгеріс енгiзiлдi - ҚР 1997.07.11. N 154, 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
42-бап. Банкноттар мен тиындарды жасап шығару және
олардың сипаттамасы
Қазақстан Ұлттық Банкi банкноттар мен тиындардың қажеттi мөлшерiне дiлгерлiктi анықтайды, олардың жасалып шығарылуын қамтамасыз етедi, қолдағы ақшаны сақтау, жою және инкассациялау тәртiбiн белгiлейдi .
Монеталар мынадай түрлерге бөлiнедi:
инвестициялық монеталар - инвестициялау және жинақтау объектiсi болып табылатын, бағалы металдардан жасалған монеталар;
коллекциялық монеталар - коллекциялау және жинақтау объектiсi болып табылатын, бағалы металдардан, сол сияқты бағалы емес металдардан жасалған, шектеулi таралыммен дайындалған мерекелiк, естелiк және өзге де арнайы соғылған монеталар;
айналыстағы монеталар - бағалы емес металдардан дайындалған және қолма-қол ақша айналысына арналған монеталар.
Қазақстан Республикасында шығарылған банкноттар мен тиындардың көрсетiлген құндық құрамы, нысаны және өрнектi кескiндемесi болуға тиiс. Банкноттар мен тиындардың аталған сипаттамалары баспасөзде жарияланады.
Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154, 2005.07.08. N 69, 2012.01.06 № 530-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
43-бап. Банкноттар мен тиындардың қабылдауға қойылатын
талаптар
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң айналысқа шығарған банкноттары мен тиындары олардың белгiленген құнымен Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында төлемдердiң барлық түрлерi бойынша, сондай-ақ банк шоттарына, енгiзу және ақша аудару үшiн қабылдауға мiндеттi, олар Қазақстан Республикасының барлық банктерiнде шектеусiз ұсатылады және айырбасталады.
Қазақстан Ұлттық Банкiнен басқа ешкiм Қазақстан Ұлттық Банкi шығарған банкноттар мен тиындарды жарамсыз деп жариялай алмайды.
Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен .
43-1-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банкноттар мен
монеталарды сатуы және сатып алуы
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң банкноттар мен айналыстағы монеталарды сатуы, сатып алуы олардың белгіленген құны бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң инвестициялық және коллекциялық монеталарды сатуы және сатып алуы Қазақстан Ұлттық Банкiнiң нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
Ескерту. 43-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 69 Заңымен.
44-бап. Ақша бiрлiгiн айырбастау құқығы
Ақша бiрлiгiн айырбастауға Қазақстан Республикасы Президентiнiң құқығы бар. Қазақстан Республикасының Президентi Қазақстан Республикасы ақша бiрлiгiнiң қолданылу тәртiбiн, мерзiмiн және шарттарын белгiлейдi.
Ескерту. 44-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасы Президентінің 1995.12.05. N 2672 заң күші бар Жарлығымен .
45-бап. Банкноттар мен тиындарды ауыстыру
Қазақстан Ұлттық Банкi банкноттар мен тиындардың бұрын қолданыста болғандардың төлемдiлiгiн анықтау және оларды айырбастау тәртiбiн белгiлейдi әрi бұл жөнiнде баспасөзде жарияланады.
46-бап. Тозған және бүлiнген банкноттар
Тозған және бүлiнген, өзiнiң толық көлемiнiң кемiнде жетпiс процентi сақталған банкноттарды Қазақстан Ұлттық Банкi және Қазақстан Республикасының банктерi шектеусiз айырбастайды.
Тозған және бүлiнген, елу процентiнен астамы сақталған банкноттарды Қазақстан Ұлттық Банкi қабылдайды және өзi белгiлеген ережелерге сәйкес айырбастайды.
Қазақстан Ұлттық Банкi жоғалған немесе жойылған банкноттар мен монеталарды өтеуге мiндеттi емес.
Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен , бап жаңа редакцияда - 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен .
47-бап. Банкноттар мен тиындарды құқыққа қайшы жасағаны
үшiн жауапкершiлiк
Банкноттар мен тиындарды құқыққа қайшы жасап шығаруға, сондай-ақ қолдағы ақшаны санкциясыз эмиссиясын iске асыруға кiнәлi адамдар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес қылмыстық және мүлiктiк жауаптылыққа тартылады.
Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен .
47-1-бап. Кассалық қызмет көрсетуді ұйымдастыру
Ескерту. 47-1-бап алып тасталды - ҚР 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
8 Тарау. Ақша төлемі мен аударымын ұйымдастыру
48-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң ақша төлемдерi мен
аударымдарын және төлем жүйелерiн
ұйымдастырудағы және реттеудегi өкілеттiктерi
Қазақстан Ұлттық Банкi ақша төлемдерi мен аударымдарын ұйымдастырады, үйлестiредi, реттейдi және:
1) ақша төлемдерiн және (немесе) аударымдарын жүзеге асыру ережелерiн және тәсiлдерi қолданылуының ерекшелiктерiн, нұсқаулардың мазмұнына қойылатын негiзгi талаптарды;
2) қолма-қол ақшаны пайдалана отырып, төлемдердi жүзеге асыру тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi.
Қазақстан Ұлттық Банкi Қазақстан Республикасының аумағында төлем жүйелерінің жұмыс iстеуiнiң тиiмдiлігі мен сенiмділiгiн қамтамасыз етуге бағытталған нормативтiк құқықтық актілердi қабылдайды.
Төлем жүйелерін қадағалау (оверсайт) - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен төлем жүйелерінің тиімді, қауіпсіз және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылатын Қазақстан Ұлттық Банкінің қызметі.
Қазақстан Ұлттық Банкі төлем жүйелерін қадағалауды (оверсайтты) жүзеге асыру мақсатында:
1) төлем жүйелеріне қадағалау (оверсайт) жүргізу тәртібін белгілеуге;
2) төлем жүйелерін ұйымдастырудың және олардың жұмыс істеуінің шарттары мен тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілерді қабылдауға;
3) төлем жүйелерінің мониторингін жүзеге асыруға;
4) төлем жүйелерінің ұйымдастырылуын және олардың жұмыс істеуін тексеруге;
5) ақша төлемдері мен аударымдары, төлем жүйелерінің жұмыс істеуі мәселелері бойынша төлем жүйелерінің қатысушыларынан және операторларынан ақпарат алуға;
6) төлем жүйелері қатысушыларының қызметін тексеруді жүзеге асыруға құқылы.
Қазақстан Ұлттық Банкi өзiнiң құзыретi шегiнде халықаралық (мемлекетаралық) төлемдер жүйесiн ұйымдастыруға қатысуға құқылы.
Ескерту. 48-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 69, өзгерту енгізілді - 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
48-1-бап. (алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 2005.07.08. N 69 Заңымен )
49-бап. Шоттар
Қазақстан Ұлттық Банкi банк шоттарының түрлерін, құқықтық режимін және құрылымын, шоттарды ашу, жүргізу және жабу тәртiбi мен шарттарын белгiлейдi .
Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.07.11. N 185-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.
50-бап. Ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi
Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын ақша төлемi мен аударымын жүзеге асыру тәсiлдерi Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде және соларға сәйкес қабылданған нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгіленедi.
Ескерту. 50-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен .
51-бап. (алынып тасталды - Қазақстан Республикасының 1997.07.11. N 154 Заңымен )
8-1-тарау. ҚАРЖЫ ЖҮЙЕСІНІҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУГЕ
ЖӘРДЕМДЕСУ
Ескерту. Заң 8-1-тараумен толықтырылды - ҚР 2012.07.05 N 30-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
51-1-бап. Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету
жөніндегі шараларды әзірлеу және жүзеге асыру
Қазақстан Ұлттық Банкi дербес және (немесе) өзге де мемлекеттік органдармен бірлесіп өздерінің құзыреті шеңберінде қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды әзірлейді және жүзеге асырады.
Қазақстан Ұлттық Банкi қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу мақсатында:
1) қаржы жүйесінің тұрақтылығына ықпал ететін макроэкономикалық және макроқаржылық факторларға ұдайы мониторинг жүргізеді;
2) қаржы жүйесін макропруденциалдық реттеуді жүзеге асырады;
3) Қазақстан Ұлттық Банкiнің Басқармасы белгілеген тәртіппен, шарттармен және мерзімдерде банктер үшін соңғы сатыдағы қарыз беруші болады.
51-2-бап. Макропруденциалдық реттеу
Макропруденциалдық реттеу деп қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдерін реттеуге бағытталған әкімшілік, ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар кешені түсініледі.
Жүйелік тәуекелдер деп, тұтастай алғанда, басталуы қаржы жүйесінің тұрақсыздануына әкеп соғатын және оның тұрақты жұмыс істеуіне нұқсан келтіретін қаржы жүйесінің тәуекелдері түсініледі. Қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдері жүйе құраушы қаржы ұйымдарының тәуекелдерін де қамтиды.
Жүйе құраушы қаржы ұйымдары деп тұрақты жұмыс істеуіне тұтастай алғанда, қаржы жүйесінің тұрақтылығы байланысты болатын қаржы ұйымдары түсініледі.
Қазақстан Ұлттық Банкi макропруденциалдық реттеуді жүзеге асыру мақсатында:
1) тұрақты негізде қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдеріне мониторинг жүргізеді;
2) қаржы ұйымдарын жүйе құраушылар қатарына жатқызу тәртібін айқындайды;
3) қаржы жүйесі жүйелік тәуекелдерінің деңгейін төмендету және олардың басталуының алдын алу үшін пруденциалдық нормативтерді және (немесе) жүйе құраушы қаржы ұйымдары үшін сақталуы міндетті өзге де нормалар мен лимиттерді белгілеуге құқылы;
4) жүйелі қаржы дағдарысы туындаған немесе туындау қаупі төнген жағдайда, дербес немесе Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесе отырып, қаржы ұйымдарының банк операцияларының жекелеген түрлерін және басқа да операцияларды жүргізуіне шектеу енгізеді.
9 Тарау. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң операциялары
52-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiндегi банк шоттарының
иелерi
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң Басқармасы белгiлеген тәртiппен Қазақстан Ұлттық Банкiнде банк шоттарын ашқан заңды тұлғалар және банктер ондағы банк шоттарының иелерi болып есептеледi.
Ескерту. 52-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен.
52-1-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң ұлттық валютамен
операциялары және мәмiлелерi
Қазақстанның Ұлттық Банкi ұлттық валютамен мынадай операциялар жүргiзедi:
1) осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Ұлттық Банкiнде ашылған банк шоттарының иелерiне бiр жылдан аспайтын мерзімге өтімділігі жоғары, тәуекелсіз бағалы қағаздармен және басқа да активтермен қамтамасыз етiлген кредиттер бередi;
2) өтеу мерзiмi бiр жылдан аспайтын вексельдердiң бiрiншi сыныпты эмитенттерiнiң коммерциялық вексельдерiн қайта есепке алады;
3) мемлекеттiк бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;
4) Қазақстанның Ұлттық Банкi кредиттердi қамтамасыз ету үшiн жарамды деп есептейтiн депозиттiк сертификаттарды, борыштық бағалы қағаздарды сатып алады және сатады;
5) депозиттердi қабылдайды, ақша төлемi мен аударымдарын жүзеге асырады, бағалы қағаздар мен өзге де құндылықтарды сақтауға және басқаруға қабылдайды;
6) туынды қаржы құралдарымен операцияны жүзеге асырады;
7) қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының аумағындағы және одан тыс жерлердегi банктер мен қаржы ұйымдарында шоттар ашады;
8) чек жазып бередi және вексельдер бередi;
9) егер осы Заңда тікелей тыйым салынбаған болса, басқа банк операцияларын, сондай-ақ өз міндеттеріне сәйкес өз атынан мәмілелерді жүзеге асырады.
Ескерту. 52-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 1999.07.16. N 436 Заңымен , өзгерту енгізілді - 2003 жылғы 10 шілдедегі N 483 Заңымен (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi), 2006.07.05. N 165 (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
53-бап. (алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2003.07.10 N 483 (2004 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңымен )
54-бап. Қазақстан Ұлттық Банкiнiң операциялары бойынша
шектеулер
Қазақстан Ұлттық Банкiнiң:
- осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ұйымдарға қызмет көрсету, сондай-ақ заңды тұлғалардың акцияларын сатып алуға;
- қолданылып жүрген заңдарда рұқсат етiлгендердi қоспағанда саудамен және басқа да қызметпен шұғылдануға;
- Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, қамтамасыз етiлмеген кредиттер беруге;
- берiлген кредиттердi ұзарту немесе мерзiмi өткен вексельдердi жаңартуға рұқсат беру.
Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайлардан ерекшелiк тек қана Қазақстан Ұлттық Банкi Басқармасының арнайы шешiмi бойынша жасалуы мүмкiн.
Ескерту. 54-бапқа өзгерту енгiзiлдi - Қазақстан Республикасы Президентінің 1996.01.27. N 2830 заң күші бар Жарлығымен , 1997.07.11. N 154 Заңымен , 1999.07.16. N 436 Заңымен .
Достарыңызбен бөлісу: |