III бөлім
ПРЕЗИДЕНТ
40-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті - мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлға.
2. Республиканың Президенті - халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі.
3. Республика Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді.
41-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентін конституциялық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.
2. Қазақстан Республикасының Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар Республика азаматы сайлана алады. Конституциялық заңда Республика Президенттігіне кандидаттарға қосымша талаптар белгіленуі мүмкін.
3. Республика Президентінің кезекті сайлауы желтоқсанның бірінші жексенбісінде өткізіледі және ол мерзімі жағынан Республика Парламентінің жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиіс.
3-1. Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және конституциялық заңда белгіленген тәртіп пен мерзімде өткізіледі.
4. Алып тасталды - ҚР 07.10.1998 N 284 Заңымен.
5. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентінен астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі. Егер кандидаттардың бірде-бірі көрсетілген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екі кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 1998.10.09 N 9/2; 2005.08.19 N 5 қаулыларын қараңыз.
Ескерту. 41-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284; ҚР 2007.05.21 N 254 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі), 2011.02.02 N 403-IV (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
42-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін", - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметіне кіріседі.
2. Ант беру қаңтардың екінші сәрсенбісінде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың бұрынғы Президенттерінің бәрінің қатысуымен өткізіледі. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған адам Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған күнінен бастап бір ай ішінде ант береді.
3. Республика Президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған немесе кетірілген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы Президенттерінің бәрінің, қызметінен кетірілгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президенті деген атағы болады.
4. Алып тасталды - ҚР 07.10.1998 N 284 Заңымен.
5. Бір адам қатарынан екі реттен артық Республика Президенті болып сайлана алмайды.
Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.
Ескерту. 42-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284, 2007.05.21 N 254 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
43-бап
1. Қазақстан Республикасы Президентінің өкілді органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетін қызметтерді атқаруға және кәсіпкерлік қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
2. Алып тасталды - ҚР 21.05.2007 N 254 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескерту. 43-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
44-бап
Қазақстан Республикасының Президенті:
1) Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды;
2) Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;
3) Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; Республиканың Премьер-Министрін қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Үкіметтің құрылымын айқындайды; Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Премьер-Министр енгізген ұсынумен Үкімет мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер министрлерін қызметке дербес тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша қажеттігіне қарай Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;
4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;
5) Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
6) Республика дипломатиялық өкілдіктерінің басшыларын тағайындайды және кері шақырып алады;
7) Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;
8) алып тасталды - ҚР 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
9) алып тасталды - ҚР 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен;
10) республикалық референдум өткізу жөнінде шешім қабылдайды;
10-1) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау туралы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 3-тармағында көзделген жағдайда қорытынды беру туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдайды;
11) келіссөздер жүргізеді және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; бекіту грамоталарына қол қояды; өзінің жанында тіркелген шет мемлекеттердің дипломатиялық және өзге де өкілдерінің сенім грамоталары мен кері шақырып алу грамоталарын қабылдайды;
12) Республика Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердің жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады;
13) Республиканың мемлекеттік наградаларымен марапаттайды, құрметті, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендерді, дипломатиялық дәрежелерді, біліктілік сыныптарын береді;
14) Республиканың азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерін шешеді;
15) азаматтарға кешірім жасауды жүзеге асырады;
16) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауіпсіздігіне елеулі және тікелей қатер төнген, мемлекеттің конституциялық органдарының қалыпты жұмыс істеуі бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламенті Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялардан кейін Республика Парламентіне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкіл аумағында және оның жекелеген жерлерінде төтенше жағдай енгізуді, Республиканың Қарулы Күштерін қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететін шараларды қолданады;
17) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауіпсіздігіне сырттан тікелей қатер төнген ретте Республиканың бүкіл аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде әскери жағдай енгізеді, ішінара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентіне дереу хабарлайды;
18) өзіне бағынысты Мемлекеттік күзет қызметін жасақтайды;
19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесі мен өкілеттігін анықтайды; Республика Президентінің Әкімшілігін құрады;
20) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;
21) Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 1999.06.30 N 10/2; 2000.07.03 N 15/2; 2001.11.12 N 14/2; 2010.10.18 N 3 қаулыларын қараңыз.
Ескерту. 44-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 1998.10.07 N 284, 2007.05.21 N 254 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
45-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті Конституция мен заңдар негізінде және оларды орындау үшін Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар жарлықтар мен өкімдер шығарады.
2. Алып тасталды - ҚР 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3. Республиканың Президенті қол қоятын Парламент актілері, сондай-ақ Үкімет бастамасымен шығарылатын Президенттің актілері тиісінше осы актілердің заңдылығы үшін заңдық жауапкершілік жүктелетін Парламенттің әр Палатасының Төрағаларының не Премьер-Министрдің алдын ала қолдары қойылып тиянақталады.
Ескерту. ҚР Конституциялық Кеңесінің 2000.07.03 N 15/2, 2008.06.26 N 5 Нормативтік қаулысын қараңыз.
Ескерту. 45-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 10.03.2017 № 51-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
46-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентіне, оның абыройы мен қадір-қасиетіне ешкімнің тиісуіне болмайды.
2. Республика Президенті мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебінен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың ережелері Республиканың экс-Президенттеріне қолданылады.
4. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады.
Ескерту. 46-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
47-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті науқастануына байланысты өзінің міндеттерін жүзеге асыруға қабілетсіздігі дендеген жағдайда қызметінен мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиісті салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзімінен бұрын босату туралы шешім Парламент Палаталарының бірлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысы негізінде әр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілігімен қабылданады.
2. Республиканың Президенті өзінің міндеттерін атқару кезіндегі іс-әрекеті үшін тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап береді және бұл үшін Парламент оны қызметінен кетіруі мүмкін. Айып тағу және оны тексеру туралы шешім Мәжіліс депутаттарының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшілігімен қабылдануы мүмкін. Тағылған айыпты тексеруді Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелері Сенат депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен Парламент Палаталары бірлескен отырысының қарауына беріледі. Бұл мәселе бойынша түпкілікті шешім айып тағудың негізділігі туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталғаны туралы Конституциялық Кеңестің қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемінде төрттен үшінің көпшілік даусымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екі ай ішінде түпкілікті шешім қабылдамау Республика Президентіне қарсы тағылған айыптың күші жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентіне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңінде де осы мәселенің қаралуына себепші болған Мәжіліс депутаттарының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.
3. Республика Президентін қызметінен кетіру туралы мәселе ол Республика Парламентінің немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде мәселе қарап жатқан кезде қозғалмайды.
Ескерту. 47-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 2007.05.21 N 254 (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
48-бап
1. Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған немесе кетірілген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына көшеді; Сенат Төрағасының өзіне Президент өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған ретте ол Парламент Мәжілісінің Төрағасына көшеді; Мәжіліс Төрағасының өзіне Президент өкілеттігін қабылдауы мүмкін болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министріне көшеді. Өзіне Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға тиісінше Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының немесе Премьер-Министрдің өкілеттігін тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттік лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негіздерде және тәртіппен Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін өзіне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ.
Ескерту. 48-бап жаңа редакцияда - ҚР 1998.10.07 N 284 Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |