2-1-тарау. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын және Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы саласындағы бақылау мен қадағалауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі
15-1-бап. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын және Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы саласындағы бақылау мен қадағалау
1. Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын және Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы саласындағы бақылау мен қадағалауды уәкілетті орган және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (осы тараудың мақсаты үшін бұдан әрі – бақылау және қадағалау органдары).
Қазақстан Республикасының қаржы заңнамасы саласындағы бақылау мен қадағалау бақылау және қадағалау органдарының құзыреті шегінде қаржы ұйымдарының, олардың филиалдарының және үлестес тұлғаларының, Қазақстан Даму Банкінің, бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғалардың, бағалы қағаздар нарығының өзге де субъектілерінің, бағалы қағаздар эмитенттерінің, кредиттік бюролардың, банк холдингтерінің, банк конгломераттарының, банктердің ірі қатысушыларының, сақтандыру холдингтерінің, сақтандыру топтарының, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының ірі қатысушыларының, сақтанушыларға (сақтандырылушыға, пайда алушыға) сақтандыру ұйымдары мәжбүрлеп таратылған жағдайда, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның, сақтандыру нарығында актуарлық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар актуарийлердің, арнайы қаржы компанияларының, исламдық арнайы қаржы компанияларының, инвестициялық қорлардың, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушыларының, банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысының белгілеріне ие тұлғалардың, инвестициялық портфельді басқарушының, банк холдингінің, сақтандыру холдингінің, кәсіби ұйымдардың, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың, коллекторлық агенттіктердің, төлем жүйелеріне қатысушылардың, төлем жүйелерінің операторлары мен операциялық орталықтарының, оның ішінде олармен төлем жүйелерінің жұмыс істеуі үшін қызмет көрсету шарты бойынша уәкілетті кез келген өзге тұлғалардың, төлем қызметтерін берушілердің, оның ішінде олармен төлем қызметтерін көрсету бойынша функцияларды жүзеге асыруға шарт бойынша уәкілетті кез келген өзге тұлғаның, төлем ұйымдарының, сондай-ақ валюталық операцияларды жүзеге асыратын тұлғалардың, уақытша әкімшіліктердің (уақытша әкімшілердің), банктердің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының тарату комиссияларының, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерлері филиалдарының (бұдан әрі – тексерілетін субъект) Қазақстан Республикасының банктік заңнамасында, Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі, валюталық реттеу және валюталық бақылау, төлемдер және төлем жүйелері, зейнетақымен қамсыздандыру, бағалы қағаздар нарығы, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік, бухгалтерлік есепті жүргізуді автоматтандыру, кредиттік бюро және кредиттік тарихты қалыптастыру, пошта, Қазақстан Даму Банкі, микроқаржылық қызмет, коллекторлық қызмет, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы, мемлекеттік статистика саласындағы акционерлік қоғамдар, инвестициялық қорлар туралы заңнамасында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген талаптарды сақтауын бақылау және қадағалауды, қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықтарды, Қазақстан Республикасының ұлттық және экономикалық қауіпсіздігіне, оның қаржылық жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндіретін бұзушылықтарды анықтауды, қаржы ұйымдарының, банк конгломераттарының және (немесе) сақтандыру топтарының қызметіндегі кемшіліктерді және (немесе) тәуекелдерді анықтауды көздейді.
2. Бақылау нәтижелері бойынша бақылау және қадағалау органы осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес және өзінің бақылау функцияларын жүзеге асыру барысында тексерілетін субъектілер Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар, қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерлері филиалдарының, банктік конгломераттардың және (немесе) сақтандыру топтарының қызметінде кемшіліктер және (немесе) тәуекелдер анықтаған жағдайда, әкімшілік іс қозғайды не өзге шаралар, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтық шектеу шараларын қолданады.
Қадағалау нәтижелері бойынша бақылау және қадағалау органы осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес және өзінің қадағалау функцияларын жүзеге асыру барысында тексерілетін субъектілер Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзушылықтар, қаржы ұйымдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары филиалдарының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру брокерлері филиалдарының, банктік конгломераттардың және (немесе) сақтандыру топтарының қызметінде кемшіліктер және (немесе) тәуекелдер анықтаған жағдайда, әкімшілік іс қозғайды не өзге шаралар, оның ішінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген құқықтық шектеу шараларын қолданады.
3. Бақылау және қадағалау органы тексеру жүргізу нысандарында және өзге нысандарда бақылауды және қадағалауды осы Заңға және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес жүзеге асырады.
Достарыңызбен бөлісу: |