227-бап. Қабылданған және (немесе) қадағалап ден қою шараларын, шектеулі ықпал ету шараларын қолдану арқылы жүктелген міндеттерді орындамау, уақтылы орындамау
1. Банктердің, банктердің ірі қатысушыларының, банк холдингтерінің, банк конгломератының құрамына кіретін ұйымдардың, Қазақстан Даму Банкінің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың өздері қабылдаған және (немесе) өздеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жазбаша нұсқама және (немесе) жазбаша келісім нысанында қадағалап ден қою шараларын қолдану арқылы жүктеген міндеттерді орындамауы, уақтылы орындамауы -
жеке тұлғаларға - елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне - екі жүз елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - үш жүз елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне төрт жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының, сақтандыру брокерлерінің, сақтандыру холдингтерінің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ірі қатысушыларының, сақтандыру тобының құрамына кіретін заңды тұлғалардың, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйымның, сақтандыру нарығында актуарлық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар актуарийдің, бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушыларының өздері қабылдаған және (немесе) өздеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жазбаша нұсқама және (немесе) жазбаша келісім нысанында қадағалап ден қою шараларын қолдану арқылы жүктеген міндеттерді орындамауы, уақтылы орындамауы -
жеке тұлғаларға - елу, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз тоқсан, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
3. Эмитенттердің, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорларының, микроқаржы ұйымдарының, төлем жүйелерінің операторлары мен көрсетілетін төлем қызметтерін берушілердің өздері қабылдаған және (немесе) өздеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шектеулі ықпал ету шараларын қолдану арқылы жүктеген міндеттерді орындамауы, уақтылы орындамауы -
шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - бір жүз жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - бір жүз тоқсан, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
4. Банктің, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының тарату комиссиясы төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы жазбаша нұсқаманы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген мерзімде орындамауы -
жеке тұлғаларға қырық айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
5. Коллекторлық агенттіктің өзі қабылдаған және (немесе) өзіне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шектеулі ықпал ету шараларын қолдану арқылы жүктеген міндеттерді орындамауы, уақтылы орындамауы -
бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Ескертпе. Осы баптың үшінші бөлігінің мақсаттары үшін төлем жүйелерінің операторлары мен көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер деп банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар болып табылмайтын төлем жүйелерінің операторлары мен көрсетілетін төлем қызметтерін берушілер түсініледі.
|