472-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауға жататын қылмыстық iстер бойынша сот шешiмдерi
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша:
1) айыптау үкiмi;
2) ақтау үкiмi;
3) iстi тоқтату туралы қаулы қайта қаралуы мүмкiн.
473-бап. Iс жүргiзудi қайта бастаудың мерзiмдерi
1. Айыптау үкiмiн жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты сотталушының пайдасына қайта қарау ешқандай мерзiммен шектелмейдi.
2. Сотталушының қайтыс болуы ақтау мақсатында жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты iс жүргiзудi қайта бастауға кедергi болып табылмайды.
3. Ақтау үкiмiн, iстi тоқтату туралы қаулыны қайта қарау, сондай-ақ жазаның жұмсақтығы себебi бойынша немесе сотталушыға анағұрлым ауыр қылмыс туралы заңды қолдану қажеттiгi бойынша айыптау үкiмiн қайта қарауға қылмыстық жауаптылыққа тартудың Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 69-бабында белгiленген мерзiмнiң ескiруi iшiнде ғана және жаңа мән-жайлардың ашылған күнiнен бастап бiр жылдан кешiктiрiлмей жол берiледi.
4. Жаңа мән-жайлардың ашылған күнi болып:
1) осы Кодекстiң 471-бабының екiншi бөлiгiнiң 1-3-тармақтарында көзделген жағдайларда - жалған айғақтар беруге, жалған дәлелдер ұсынуға, терiс аударма жасауға немесе iстi тексеру немесе қарау барысында жасалған қылмыстық iстерi үшiн кiнәлi адамдарға қатысты үкiмнiң (қаулының) заңды күшiне енген күнi;
2) осы Кодекстiң 471-бабының екiншi бөлiгiнiң 4-тармағында көзделген жағдайда - жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты iс жүргiзудi қайта бастау қажеттiгi туралы қорытындыға прокурордың қол қойған күнi есептеледi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 474-бап өзгертілді
474-бап. Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс жүргiзу
1. Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс жүргiзудi қозғау құқығы прокурорға тиесiлi.
2. Азаматтардың өтiнiштерi, оның iшiнде процеске қатысушылардың осы iс бойынша өтiнiштерi, ұйымдардың лауазымды адамдарының хабарламалары, сондай-ақ басқа қылмыстық iстердi тергеу және қарау барысында алынған деректер жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс жүргiзудi қозғауға себеп болады.
3. Егер келiп түскен өтiнiште немесе хабарламада осы Кодекстiң 471-бабының екiншi бөлiгiнiң 1-3-тармақтарында көрсетiлген мән-жайларға байланысты шығарылған сот үкiмiнiң бар екендiгiне сiлтеме болса, прокурор өзiнiң қаулысымен жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс жүргiзудi қозғайды, тиiстi тексеру жүргiзедi, үкiмнiң көшiрмесi мен оның заңды күшiне енгенi туралы соттың анықтамасын талап етедi.
4. Егер өтiнiште немесе хабарламада осы Кодекстiң 471-бабының екiншi бөлiгiнiң 4-тармағында аталған өзге де мән-жайлар көрсетiлсе, прокурор өз құзыретiнiң шегiнде жаңадан ашылған мән-жайға орай iс жүргiзудi қозғау туралы қаулы шығарады және алдын ала тергеу органына тергеудi жүргiзу туралы тапсырма бередi. Жаңадан ашылған мән-жайларды мұндай тергеу кезiнде осы Кодекстiң ережелерi сақтала отырып жауап алу, тексеру, сараптама жасау, сұрыптап алу және өзге де тергеу iс-әрекеттерi жүргiзiлуi мүмкiн.
475-бап. Прокурордың тексеру немесе тергеу аяқталғаннан кейiнгi iс-әрекетi
1. Тексеру немесе жаңадан ашылған мән-жайды тергеу аяқталғаннан кейiн iс бойынша iс жүргiзудi қайта бастауға негiздер болған кезде прокурор iстi осы Кодекстiң 471-бабының екiншi бөлiгiнiң 1-3-тармақтарында көзделген жағдайларда өзiнiң қорытындысымен, үкiмнiң көшiрмесiмен және нақ осы баптың екiншi бөлiгiнiң 4-тармағында көзделген жағдайларда тергеу материалдарымен, бұл ретте осы Кодекстiң 471-бабының бiрiншi бөлiгiн басшылыққа ала отырып, тиiстi сотқа жолдайды.
2. Прокурор iс бойынша iс жүргiзуді жаңғыртуға негiздер болмаған кезде өзiнiң дәлелдi қаулысымен жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша өзi қозғаған iс жүргiзудi тоқтатады.
3. Iс жүргiзудi тоқтату туралы қаулы осы Кодекстiң 476-бабына сәйкес жаңадан ашылған мән-жайларға орай осы iс бойынша iс жүргiзудi жаңғырту туралы мәселенi шешуге құқылы сотқа шағымдану құқығын мүдделi адамдарға түсiндiре отырып, олардың назарына жеткiзiледi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 476-бап өзгертілді; 2009.10.12. № 227-IV ҚР Заңымен 476-бап жаңа редакцияда (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бр.ред.қара)
476-бап. Соттың іс бойынша іс жүргізуді жаңғырту туралы мәселені шешуі
1. Сот шешімдерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауды үкім, қаулы шығарған бірінші сатыдағы сот жүзеге асырады. Егер іс бойынша апелляциялық немесе кассациялық сатылардың қаулысы шығарылған болса, сот шешімдерін қайта қарауды тиісінше көрсетілген сатылар жүзеге асырады. Егер іс қадағалау тәртібімен қаралған болса, сот актілерін жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарау Жоғарғы Сотта қаралады. Тиісінше көрсетілген сот сатылары прокурордың іс бойынша жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша іс жүргізуді жаңғыртуға негіздердің болмауына байланысты қозғалған іс жүргізуді қысқарту туралы қаулысына берілген шағымдарды қарайды.
2. Сот отырысында және апелляциялық сатыда прокурордың іс бойынша жаңадан ашылған мән-жайларға орай іс жүргізуді жаңғырту туралы қорытындысын судьялар жеке-дара, ал кассациялық және қадағалау сатыларында көрсетілген сатыларда іс қарау үшін белгіленген қағидалар бойынша алқалы түрде қарайды.
477-бап. Прокурордың қорытындысын қараушы соттың қаулысы
Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс бойынша iс жүргiзудi қайта бастау туралы прокурордың қорытындысын қарап, сот:
1) сот үкiмiнiң немесе қаулысының күшiн жою және iстi жаңадан тергеу немесе жаңадан сот талқылауын жүргiзуге беру туралы;
2) сот үкiмiнiң немесе қаулысының күшiн жою туралы және iс бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн жаңадан тергеу немесе соттың талқылауы қажет болмағанда, iстi тоқтату туралы;
3) прокурордың қорытындысын қабылдамай тастау туралы қаулылардың бiрiн шығарады.
478-бап. Сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн iс жүргiзу
Жаңадан ашылған мән-жайларға орай iс бойынша ол жөнiндегi сот шешiмдерiнiң күшi жойылғаннан кейiн тергеу және сот талқылауы, сондай-ақ шығарылған жаңа сот шешiмдерiне шағым жасау және наразылық бiлдiру осы Кодексте белгiленген жалпы тәртiппен жүргiзiледi.
479-бап. Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша iстi
қайта қозғау кезiндегi азаматтық талап
Жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша үкiмнiң күшi жойылған жағдайда iстi бастапқы қараған кезде қозғалған азаматтық талап жалпы негiздерде қайтадан қаралады. Азаматтық талап бөлiгiнде ғана iстi қайта бастауға тек азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен жол берiледi.
11-бөлім. Қылмыстық істердің жекелеген санаттары бойынша іс жүргізудің ерекшеліктері
52-тарау. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы істер бойынша іс жүргізу
480-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша iс жүргiзудiң тәртiбi
1. Осы тараудың ережелерi қылмыс жасалған сәтте кәмелеттiк жасқа, яғни он сегiз жасқа толмаған адамдардың iстерi бойынша қолданылады.
2. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртiбi осы Кодексте белгiленген жалпы ережелермен, сондай-ақ осы тараудың баптарымен айқындалады.
3. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша iс жүргiзу тәртiбi:
1) аталған адам жасаған бiрнеше қылмыс, олардың бiр бөлiгiн ол он сегiз жасқа толғаннан кейiн жасаған қылмыстар туралы iстер бiр iс жүргiзуге бiрiктiрiлген;
2) айыпталушы сот iсiн жүргiзу сәтiнде кәмелетке толған жағдайларда қолданылмайды.
481-бап. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша анықтауға жататын мән-жайлар
Кәмелетке толмағандардың iстерi бойынша, осы Кодекстiң 117-бабында көзделгендерден басқа, дәлелдеуге жататын мән-жайларды алдын ала тергеу және сот талқылауын жүргiзу кезiнде:
1) кәмелетке толмағанның жасы (туған күнi, айы, жылы);
2) кәмелетке толмағанның тұрмысы мен тәрбие жағдайы;
3) интеллектуалдық, ерiк-жiгерiнiң және психикалық даму дәрежесi, мiнезi мен тегеурiндiлiк ерекшелiктерi, мұқтаждары мен мүдделерi;
4) кәмелетке толмағандарға ересек адамдар мен басқа да кәмелетке толмағандардың ықпалы анықталуға тиiс.
482-бап. Кәмелетке толмағандардың iстерi бойынша жариялылықты шектеу
Сезiктi, айыпталушы кәмелетке толмағанның құпиялылыққа құқығы қылмыстық сот iсiн жүргiзудiң барлық кезеңдерiнде сақталуы тиiс.
483-бап. Кәмелетке толмаған туралы iстi жеке iс жүргiзуге бөлу
1. Ересектермен бiрге қылмыс жасауға қатысқан кәмелетке толмағанға қатысты iс осы Кодекстiң 49-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 3-тармағына сәйкес алдын ала тергеу сатысында жеке iс жүргiзуде бөлiнедi.
2. Кәмелетке толмағанға қатысты жеке iс жүргiзуге бөлу iстiң жағдайын жан-жақты және объективтi зерттеу үшiн айтарлықтай кедергi жасауы мүмкiн болатын жағдайларда ересектермен қоса бiр iс бойынша жауапқа тартылған кәмелетке толмаған айыпталушыға осы тараудың ережелерi қолданылады.
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 484-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
484-бап. Кәмелетке толмаған сезiктiнi, айыпталушыны шақырудың тәртiбi
1. Кәмелетке толмаған сезiктi, айыпталушы тергеушiге немесе сотқа оның ата-аналары немесе басқа заңды өкiлдерi арқылы, олар болмаған жағдайда қорғаншы және қамқоршы органдар арқылы шақырылады.
2. Арнаулы мекемеде немесе қамауда ұсталатын кәмелетке толмаған - ол ұсталатын орынның әкiмшiлiгi арқылы шақырылады.
485-бап. Кәмелетке толмаған сезiктiден, айыпталушыдан жауап алу
1. Кәмелетке толмаған айыпталушыдан, сезiктiден жауап алу осы Кодекстiң 216, 217-баптарында көзделген тәртiппен қорғаушысының, заңды өкiлiнiң, ал қажет болған жағдайда психологтың, педагогтiң қатысуымен жүргiзiледi. Қорғаушы жауап алушыға сұрақтар қоюға, ал жауап алу аяқталғаннан кейiн - хаттамамен танысуға және айғақтар жазбасының дұрыстығы мен толықтығы туралы ескертулер жасауға құқылы.
2. Кәмелетке толмаған сезiктiден, айыпталушыдан жауап алу тәулiктiң күндiзгi уақытында жүргiзiледi және үзiлiссiз екi сағаттан артық, ал жалпы алғанда - күнiне төрт сағаттан артық жалғастырылуға тиiс емес. Кәмелетке толмаған анық шаршаған жағдайда жауап алу осы уақыт аяқталмай-ақ тоқтатылуы тиiс.
486-бап. Қорғаушының қатысуы
1. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша қорғаушының қатысуы осы Кодекстiң 71-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағына сәйкес мiндеттi.
2. Кәмелетке толмағандардың қылмыстары туралы iстер бойынша қорғаушының қатысуына кәмелетке толмағаннан сезiктi немесе айыпталушы ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап, ал айып тағылғанға дейiн ұсталған не қамауға алынған жағдайда - ұсталған не қамауға алынған кезден бастап рұқсат етiледi.
3. Егер кәмелетке толмаған сезiктi, айыпталушы не олардың заңды өкiлдерi адвокатпен келiсiм жасаспаса, тергеушi, прокурор, сот iс бойынша қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуi тиiс.
487-бап. Кәмелетке толмаған сезiктiнiң, айыпталушының заңды өкiлiнiң алдын ала тергеуге қатысуы
1. Кәмелетке толмаған сезiктiнiң, айыпталушының ата-анасы немесе басқа да заңды өкiлдерi болған кезде олардың iске қатысуы мiндеттi. Олар болмаған жағдайда қорғаншы және қамқоршы орган өкiлiнiң қатысуы мiндеттi.
2. Заңды өкiлге, ал ол болмаған жағдайда - қорғаншы және қамқоршы органның өкiлiне iске қатысуға тергеушiнiң қаулысымен кәмелетке толмағаннан сезiктi немесе айыпталушы ретiнде алғашқы жауап алынған кезден бастап рұқсат етiледi. Заңды өкiлге, ал ол болмаған жағдайда қорғаншы және қамқоршы органның өкiлiне iске қатысуға рұқсат етiлген ретте, осы баптың үшiншi бөлiгiнде көрсетiлген құқықтар түсiндiрiледi.
3. Заңды өкiлдiң: кәмелетке толмағанға не жөнiнде күдiк келтiрiлiп немесе айып тағылып отырғанын бiлуге, айып тағу кезiнде қатысуға, кәмелетке толмағаннан жауап алуға, сондай-ақ тергеушiнiң рұқсатымен, - кәмелетке толмаған айыпталушының, сезiктiнiң және оның қорғаушысының қатысуымен жүргiзiлетiн өзге де тергеу iс-әрекеттерiне қатысуға; өзi қатысқан тергеу iс-әрекеттерiнiң хаттамаларымен танысуға және ондағы жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескерту жасауға; өтiнiмдер мен қарсылықтар мәлiмдеуге, тергеушi мен прокурордың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағым жасауға; дәлелдемелер ұсынуға; тергеу аяқталғаннан кейiн iстiң барлық материалдарымен танысуға, одан кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға құқығы бар.
4. Тергеушi алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн кәмелетке толмағанға танысу үшiн оған керi әсер етуi мүмкiн материалдарды көрсетпеу, бұл материалдармен заңды өкiлдi таныстыру туралы қаулы шығаруға құқылы.
5. Егер оның iс-әрекетi кәмелетке толмағанның мүдделерiне залал келтiредi немесе iстi объективтi тергеуге кедергi келтiруге бағытталған деп сынауға негiз болса, заңды өкiл iске қатысудан шеттетiлуi мүмкiн. Ол туралы тергеушi дәлелдi қаулы шығарады. Iске қатысуға кәмелетке толмағанның басқа заңды өкiлi жiберiлуi мүмкiн.
488-бап. Педагог пен психологтың қатысуы
1. Он алты жасқа толмаған, сондай-ақ осы жасқа толған, бiрақ психикалық дамуында мешеулiк белгiлерi бар кәмелетке толмаған сезiктiнiң, айыпталушының қатысуымен iс жүргiзу әрекетiн жүргiзу кезiнде педагогтiң немесе психологтың қатысуы мiндеттi.
2. Он алты жасқа толған кәмелетке толмағандар туралы iс бойынша педагог немесе психолог iске қатысуға тергеушiнiң, соттың ұйғаруы бойынша не қорғаушының, заңды өкiлдiң өтiнiшi бойынша жiберiледi.
3. Педагог, психолог тергеушiнiң, соттың рұқсатымен кәмелетке толмаған сезiктiге, айыпталушыға сұрақтар қоюға, ал iс жүргiзу әрекетi аяқталғаннан кейiн - тергеу қимылының хаттамасымен (соттың талқылануына олардың қатысуын көрсететiн бөлiгiнде сот отырысының хаттамасымен) танысуға және ондағы жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескерту жасауға құқықты, тергеушiнiң, соттың ұйғаруы бойынша кәмелетке толмағанның жеке басын сипаттайтын iс материалдарымен танысуға құқығы бар. Бұл құқықтарды тергеушi педагогқа, психологқа iс жүргiзу әрекетi басталар алдында түсiндiредi, ол туралы тергеу қимылының хаттамасында, сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
489-бап. Кәмелетке толмағанға кешендi психологиялық-
психиатриялық және психологиялық сараптама жасау
1. Кәмелетке толмаған сезiктiде, айыпталушыда жүйке ауруының немесе дамуында ауытқушылықтардың бар екендiгi және оның өз әрекеттерiне толық немесе iшiнара есеп беру және нақты жағдайда iс-әрекеттiң игеру қабiлетi туралы мәселенi шешу үшiн кешендi психологиялық-психиатриялық сараптама тағайындау мiндеттi.
2. Кәмелетке толмаған сезiктiнiң, айыпталушының интеллектуалдық, ерiк-жiгер, психикалық дамуының деңгейiн, жеке басының өзге де әлеуметтiк-психологиялық қырларын анықтау үшiн психологиялық сараптама тағайындалуы мүмкiн.
2010.29.12. № 372-IV ҚР Заңымен 490-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
490-бап. Кәмелетке толмағанды арнаулы мекемеге орналастыру
Кәмелетке толмаған айыпталушы өмiр сүру және тәрбие жағдайы бойынша бұрынғы тұратын жерiнде қалдырыла алмайтын жағдайларда ол прокурор санкция берген тергеушiнiң қаулысы бойынша немесе соттың қаулысы бойынша арнаулы мекемеге орналастырылуы мүмкiн.
491-бап. Кәмелетке толмағандарды ұстау және оларға бұлтартпау шараларын қолдану
1. Сезiктi, айыпталушы кәмелетке толмағандарға осы Кодекстiң 140-бабында көзделген бұлтартпау шаралары қолданылуы мүмкiн.
2. Кәмелетке толған сезiктiге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шараларын қолдану туралы мәселенi шешу кезiнде әрбiр жағдайда кәмелетке толмаған сезiктiнi, айыпталушыны осы Кодекстiң 147-бабында көзделген тәртiппен кiсi қарауына беру тәрiздi таңдау мүмкiндiгi талқылануы тиiс.
3. Бұлтартпау шарасы ретiнде қамау, сондай-ақ ұстау кәмелетке толмағанға осы Кодекстiң 132, 150-баптарында көрсетiлген негiздер болса, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған кезде ғана ерекше жағдайларда қолданылуы мүмкiн.
4. Кәмелетке толмағанды осы Кодекстiң 153-бабында белгiленген алдын ала тексеру сатысында қамауда ұстаудың мерзiмi алты айдан аспайтын мерзiмге ұзартылуы мүмкiн. Кәмелетке толмағандар бөлек ұсталады.
5. Тұтқындау, қамау немесе қамауда ұстау мерзiмiн ұзарту туралы кәмелетке толмағанның ата-аналары немесе оның басқа да заңды өкiлдерi, ал олар болмаған жағдайда - жақын туыстары дереу хабардар етiледi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 492-бап өзгертілді
492-бап. Кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкiлiнiң сот талқылауына қатысуы
1. Сот отырысына кәмелетке толмаған сотталушылар ата-аналары немесе өзге де заңды өкiлдерi шақырылуы тиiс. Олардың сот тергеуiнде дәлелдердi зерттеуге қатысуға, айғақтар беруге, дәлелдер келтiруге, өтiнiмдер мен қарсылық бiлдiруге, соттың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар жасауға, iстi апелляциялық тәртiппен қараушы соттың отырысына қатысуға және шағымдарға түсiндiрмелер беруге құқығы бар. Көрсетiлген құқықтар оларға сот талқылауының даярлық бөлiгiнде түсiндiрiлуi тиiс. Заңды өкiлдер сот отырысының залында бүкiл сот талқылауы бойында болады. Олардың келiсiмiмен олардан сот куәгерлер ретiнде жауап алынуы мүмкiн.
2. Заңды өкiл соттың дәлелдi қаулысымен, егер оның iс-әрекетi кәмелетке толмаған сотталушының мүдделерiне залал келтiредi немесе iстi объективтi қарауға кедергi келтiруге бағытталған деп санайтын негiздер болса, сот талқылауына қатысудан шеттетiлуi мүмкiн. Бұл жағдайда кәмелетке толмаған сотталушының басқа заңды өкiлi жiберiледi.
3. Кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкiлiнiң келмеуi, егер сот оның қатысуы қажет деп таппаса, iстi қарауды тоқтатпайды.
4. Егер кәмелетке толмаған сотталушының заңды өкiлi қорғаушы немесе азаматтық жауапкер ретiнде iске қатысуға тартылған болса, ол процеске аталған қатысушылардың құқығына ие және мiндеттерiн орындайды.
493-бап. Кәмелетке толмаған сотталушыны сот отырысының залынан шығару
1. Қорғаушының немесе заңды өкiлдiң өтiнiшi бойынша, сондай-ақ өзiнiң бастамашылығы бойынша сот тараптардың пiкiрiн ескере отырып өзiнiң қаулысымен кәмелетке толмаған сотталушыны оған терiс әсер етуi мүмкiн мән-жайларды зерттеу уақытында сот отырысының залынан шығаруға құқылы.
2. Кәмелетке толмаған сотталушы сот отырысының залына қайтып оралған соң төрағалық етушi оған оның болмаған кезiнде өткен талқылаудың мазмұнын қажеттi көлем мен нысанда хабарлайды және кәмелетке толмағанға өзiнiң жоқ кезiнде жауап алынған адамдарға сұрақ қою мүмкiндiгiн бередi.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 494-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
494-бап. Кәмелетке толмағанның iсi бойынша үкiм шығару кезiнде сот шешетiн мәселелер
1. Кәмелетке толмағанға үкiм шығару кезiнде сот осы Кодекстiң 371-бабында аталған мәселелермен бiрге бас бостандығынан айыруға байланысы жоқ шартты соттау, жаза тағайындау туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген жағдайларда жазадан босату туралы мәселенi талқылауға мiндеттi.
2. Бас бостандығынан айыруға байланысы жоқ шартты соттау, жаза шараларын қолдану, ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымына орналастыру не тәрбиелiк ықпал етудiң мәжбүрлеу шараларын қолдану жағдайларында сот бұл туралы мамандандырылған мемлекеттiк органға хабарлайды және оған сотталушының мiнез-құлқына бақылау жасауды жүзеге асыруды жүктейдi.
2010.23.11. № 354-IV ҚР Заңымен 495-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
495-бап. Кәмелетке толмағанды тәрбиелiк ықпал етудiң мәжбүрлеу шараларын қолдана отырып жазадан босату
Егер кiшi-гiрiм, орташа ауырлықтағы немесе ауыр қылмыс туралы iс бойынша осы қылмысты жасаған кәмелетке толмаған қылмыстық жаза шарасын қолданусыз түзелуi мүмкiн деп танылса, сот айыптау үкiмiн шығара отырып, кәмелетке толмаған сотталушыны жазадан босатуға және оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 82-бабында көзделген тәрбиелiк ықпал етудiң мәжбүрлеу шараларын қолдануға құқылы. Үкiмнiң көшiрмесi мамандандырылған мемлекеттiк органға жiберiледi.
53-тарау. Артықшылықтары мен қылмыстық ізге түсуден иммунитеттері бар адамдардың
істері бойынша іс жүргізудің ерекшеліктері
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 496-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
496-бап. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатына қатысты алдын ала тергеу iсiн жүргiзу
1. Республика Парламентiнiң депутатына қатысты қылмыстық iстi Қазақстан Республикасының анықтау мен алдын ала тергеудi жүзеге асырушы мемлекеттiк органының басшысы ғана қозғауы мүмкiн. Қылмыстық iстiң қозғалуы туралы дереу Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры хабардар етiледi. Шұғыл тергеу қимылдарын жүргiзген соң iс қырық сегiз сағаттан кешiктiрiлмей Қазақстан Республикасының Бас прокуроры арқылы тергеушiге берiледi. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттарына қатысты iстер бойынша алдын ала тергеу iсiн жүргiзу мiндеттi.
2. Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутатын өз өкiлеттiк мерзiмi iшiнде, қылмыс жасаған орнында қолға түсу немесе ауыр не аса ауыр қылмыстар жасау жағдайларын қоспағанда, Парламенттiң тиiстi Палатасының келiсiмiнсiз қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге, қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
3. Депутатты қылмыстық жауапқа тартуға, қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келiсiм алу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Парламенттiң Сенатына немесе Мәжiлiсiне ұсыныс енгiзедi. Ұсыныс депутатқа айып тағу, қамауға алуға санкция беру, депутатты қылмыстық iзге түсу органына мәжбүрлеп жеткiзу қажеттiгi туралы мәселенi шешу алдында енгiзiледi.
3-1. Қылмыс жасаған деп айыпталушы Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатын қамауға алу немесе үйде қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы мәселені алдын ала тергеуді жүзеге асыратын адамның Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған қаулысының негізінде Астана қаласының аудандық соты шешеді.
4. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауапқа тартуға келiсiм берсе, бұдан кейiнгi тергеу осы Кодексте белгiленген тәртiппен осы бапта көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып жүргiзiледi.
5. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келiсiм берсе, депутатқа осы бұлтартпау шараларын, iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселе осы Кодексте белгiленген тәртiппен шешiледi.
6. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы депутатты қылмыстық жауапқа тартуға келiсiм бермеген жағдайда қылмыстық iс қысқартылуға жатады.
7. Егер Қазақстан Республикасы Парламентiнiң тиiстi Палатасы қамауға алуға, мәжбүрлеп келтiруге келiсiм бермеген жағдайда, депутатқа осы Кодексте белгiленген тәртiппен өзге бұлтартпау, iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеу шаралары қолданылуы мүмкiн.
8. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты қылмыстық істі тергеудің заңдылығын қадағалауды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты осы Кодекске сәйкес прокурор санкция беруге тиіс тергеу іс-әрекеттерін жүргізуге санкцияларды Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры береді. Қазақстан Республикасы Парламентінің депутатына қатысты қамауға алу немесе үйде қамауда ұстау мерзімін осы Кодекстің 153-бабында көзделген тәртіппен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қолдаған ұзартуды Астана қаласының аудандық соты жүргізеді. Қамауда ұстауды тоғыз айдан астам мерзімге ұзарту туралы өтінішті Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының қолдауы туралы мәселе Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының алқасында алдын ала қаралады.
9. Iс жүргiзiлу аяқталған iстi айыптау қорытындысымен бiрге тергеушi осы Кодексте белгiленген тәртiппен сотқа жiберу үшiн Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына бередi.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 497-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
Достарыңызбен бөлісу: |