56-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңестерi
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның жанынан консультациялық-кеңесші органдар болып табылатын және өздері туралы ережелерге сәйкес әрекет ететін мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңестері құрылады.
2. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мемлекеттік экологиялық сараптамасының сарапшылық кеңестері туралы ережелерді және олардың жеке құрамдарын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның басшысы бекітеді.
3. Функциялары қоршаған ортаны қорғаумен байланысты мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары, ғылыми-зерттеу мекемелерінің, жоғары оқу орындарының ғалымдары, практик-мамандар мен жұртшылық өкілдері мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңестеріне мүше бола алады.
4. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың сарапшылық кеңестерінің қарауына:
1) экологиялық сараптама жүргізу кезінде экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің, қоршаған ортаны қорғаудың, табиғи ресурстарды пайдалану мен молықтырудың күрделі проблемаларын талқылау;
2) мемлекеттік экологиялық сараптаманың экологиялық қауіптілігі жоғары объектілерге қатысты қорытындыларын қарау жатады.
57-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманың жариялылығы және халықтың шешімдер қабылдауға қол жеткізуi
1. Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің жобаларына мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге өтінімдерді қоспағанда, мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізуге өтінімді белгіленіп отырған қызметке тапсырыс беруші бұқаралық ақпарат құралдарында міндетті түрде жариялауға тиіс.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезеңінде барлық мүдделі азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерге өз пікірін білдіру мүмкіндігі беріледі.
3. Іске асырылуы қоршаған ортаға және азаматтардың денсаулығына тікелей ықпал етуі мүмкін жобалар бойынша қоғамдық тыңдау өткізіледі.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоғамдық тыңдау өткізу тәртібін белгілейді және онда:
1) мүдделі тұлғалардың анықталуы;
2) ақпарат пен консультация алуға болатын жердің көрсетілуі;
3) халықты хабардар ету тәсілінің көрсетілуі (белгілі бір жерлерге афишалар ілу, газеттерге жариялау, жоспарларды, сызбаларды, кестелерді, графиктерді, үлгілерді көрсете отырып көрмелер ұйымдастыру);
4) халыққа консультация беруді жүзеге асыру тәсілінің (жазбаша таныстыру, халыққа сұрау салу) белгіленуі;
5) қоғамдық тыңдау өткізу мерзімі айқындалуға тиіс.
5. Мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысы бойынша шешім қабылданғаннан кейін барлық мүдделі тұлғаларға осы Кодексте көзделген тәртіппен сараптама объектісі жөнінде ақпарат алу мүмкіндігі беріледі.
58-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыру кезіндегі келіспеушіліктерді қарау тәртібi
1. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыру кезіндегі келіспеушіліктер келіссөздер жолымен не сот тәртібімен қаралады.
2. Мемлекеттік экологиялық сараптама мәселелері бойынша келіспеушіліктерді кез келген мүдделі тараптың, оның ішінде белгіленіп отырған қызметке тапсырыс берушінің, жергілікті атқарушы органның өтініші бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган келіссөздер арқылы қарайды. Бұл ретте мемлекеттік экологиялық сараптаманың теріс қорытындысы келіспеушіліктердің нысанасы бола алмайды.
59-бап. Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қаржыландыру
Мемлекеттік экологиялық сараптаманы қаржыландыру бюджет қаражаты, сондай-ақ тапсырыс берушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
60-бап. Қоғамдық экологиялық сараптама
1. Қоғамдық экологиялық сараптама - қоғамдық бірлестіктер құратын сараптама комиссиялары ерікті негізде жүзеге асыратын қызмет түрі.
2. Қоғамдық экологиялық сараптама кез келген шаруашылық және өзге де қызметті азаматтардың өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны сақтау жөніндегі қоғамдық мүдделердің сақталуы тұрғысынан қарайды.
3. Қоғамдық экологиялық сараптама объектісі іске асырылған жағдайда мүдделері қозғалатын жеке тұлғалар немесе қоғамдық бірлестіктер қоғамдық экологиялық сараптаманың бастамашысы болуы мүмкін.
61-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы
1. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы - қоғамдық бірлестіктер, олардың атынан экологиялық сараптама жүргізу туралы өтініш беріледі және сараптама комиссиясының қызметін ұйымдастыру жөнінде шаралар қолданылады.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының:
1) қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің тапсырыс берушісінен қоғамдық экологиялық сараптама жүргізуге қажетті құжаттар мен материалдар сұратуға;
2) сараптама жүргізу үшін сарапшылық комиссия құруға;
3) қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысын жергілікті атқарушы органдарға және қаржы ұйымдарына табыс етуге құқығы бар.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы:
1) қоғамдық экологиялық сараптаманы осы Кодексте жазылған талаптарға сәйкес ұйымдастыруға;
2) қоғамдық экологиялық сараптаманың барысы мен нәтижелері туралы жұртшылықтың хабардар етілуін және қоғамдық экологиялық сараптама қорытындысын әзірлеуде қоғамдық пікірдің есепке алынуын қамтамасыз етуге;
3) қоғамдық экологиялық сараптама қорытындысының барлық мүдделі тараптар үшін ашық болуын қамтамасыз етуге міндетті.
62-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшылары
1. Қаралатын мәселе бойынша ғылыми және (немесе) практикалық білімі бар және қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы қоғамдық сараптама жүргізуге тартқан жеке тұлға қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы болып табылады.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы мыналар бола алмайды:
1) қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің тапсырыс берушісінің өкілі;
2) қоғамдық экологиялық сараптама объектісін әзірлеушінің өкілі;
3) қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің аталған тапсырыс берушісімен немесе оны әзірлеушімен еңбек немесе өзге де шарттық қатынаста тұрған жеке тұлға;
4) қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің аталған тапсырыс берушісімен немесе оны әзірлеушімен шарттық қатынаста тұрған заңды тұлғаның өкілі.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшысы оны жүргізуге Қазақстан Республикасының заңнамасына және қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушы берген тапсырмаға сәйкес қатысады.
4. Қоғамдық экологиялық сараптама сарапшысының қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу кезінде қоғамдық экологиялық сараптама объектісі жөнінде қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысына қоса тіркелетін ерекше пікір білдіруге құқығы бар.
Қоғамдық экологиялық сараптама сарапшысы:
1) Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын сақтауға;
2) экологиялық сараптама объектісі бойынша өз қорытындысы тұжырымдарының объективтілігі мен негізділігін, сондай-ақ қоғамдық экологиялық сараптаманың атына мүдделі жеке тұлғалар мен қоғамдық бірлестіктерден келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстардың ескерілуін қамтамасыз етуге;
3) материалдардың сақталуын және қоғамдық экологиялық сараптамаға ұсынылған мәліметтердің құпиялылығын, сондай-ақ зияткерлік меншіктің қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.
63-бап. Қоғамдық экологиялық сараптама объектісi тапсырыс берушісінің құқықтары мен міндеттері
1. Жоспарланып отырған басқару, шаруашылық, инвестициялық және өзге де қызметтің жеке немесе заңды тұлғасы қоғамдық экологиялық сараптама объектісіне тапсырыс беруші болып табылады.
2. Қоғамдық экологиялық сараптама объектісіне тапсырыс берушінің:
1) белгіленіп отырған қызмет бойынша құжаттамада қамтылған заңмен қорғалатын құпия мәліметтердің қорғалуына;
2) қоғамдық экологиялық сараптама жүргізудің барысы мен нәтижелері туралы ақпарат алуға және ақпаратқа қол жеткізуге;
3) қоғамдық экологиялық сараптама аясында өткізілетін қоғамдық тыңдауға және өзге де іс-шараларға қатысуға;
4) мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органға, жергілікті атқарушы органдарға қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысына өз түсіндірмелері мен түсініктемелерін беруге құқығы бар.
3. Қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің тапсырыс берушісі:
1) қоғамдық экологиялық сараптамаға қажетті құжаттар мен материалдарды беруге;
2) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға қоғамдық экологиялық сараптама қорытындысында баяндалған ұсынымдарға жазбаша жауап беруге міндетті.
64-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманы қаржыландыру
Қоғамдық экологиялық сараптаманы қаржыландыру:
1) қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастыратын және жүргізетін қоғамдық бірлестіктердің өз қаражаттары;
2) ерікті қайырмалдықтар, өтеусіз негізде ұсынылған гранттар;
3) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде тыйым салынбаған өзге көздер есебінен жүзеге асырылады.
65-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманы тіркеу тәртібi
1. Қоғамдық экологиялық сараптама сараптаманы ұйымдастырушының оны жүргізу туралы өтініш тіркелген жағдайда жүзеге асырылады.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманы тіркеу туралы өтінішті оның ұйымдастырушысы аумағында сараптама объектісінің қызметі жоспарланып отырған жергілікті атқарушы органдарға береді.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргізу туралы өтініште:
1) қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының атауы, заңды мекенжайы;
2) қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының жарғыда көзделген қызметінің сипаты;
3) қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшылық комиссиясының құрамы туралы мәліметтер;
4) қоғамдық экологиялық сараптама объектісі туралы мәліметтер, қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргізу мерзімдері көрсетілуге тиіс.
4. Жергілікті атқарушы органдар қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы өтініш берілген күннен бастап он жұмыс күні ішінде оны тіркеуге немесе тіркеуден бас тартуға міндетті. Көрсетілген мерзім ішінде қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы өтінішті тіркеуден бас тартылмаса, ол тіркелді деп есептеледі.
5. Егер:
1) бұрын осы oбъектіге қатысты екі рет қоғамдық экологиялық сараптама жүргізілсе;
2) қоғамдық экологиялық сараптама объектісі мемлекеттік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәліметтерді қамтитын болса;
3) қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының жарғысында осы қоғамдық бірлестіктің қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу жөніндегі қызметі көзделмесе;
4) қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің белгіленіп отырған мемлекеттік экологиялық сараптамасы аяқталса, қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастыру туралы өтінішті тіркеуден бас тартылуы мүмкін.
6. Жергілікті атқарушы орган қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы өтінішті тіркеуден бас тартқан жағдайда, бұл жөнінде қоғамдық экологиялық сараптаманың бастамашысы мен ұйымдастырушысына бас тартудың себептерін дәлелді түрде негіздей отырып, жазбаша хабарлайды.
66-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы
1. Қоғамдық экологиялық сараптаманың нәтижелері ұсынымдық сипатта болатын қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы түрінде ресімделеді.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысында:
1) экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының атауы мен заңды мекенжайы;
2) тапсырыс берушінің тегі, аты, әкесінің аты немесе толық атауы, қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің атауы мен орналасқан жері;
3) қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу туралы өтініштің жергілікті атқарушы органда тіркелгені туралы мәліметтер;
4) қоғамдық экологиялық сараптама жүргізу мерзімдері;
5) қоғамдық экологиялық сараптамадан өткен құжаттаманың құрамы, қоғамдық экологиялық сараптама процесінде пайдаланылған басқа да құжаттардың тізбеленіп көрсетілуі;
6) қоғамдық экологиялық сараптаманың сарапшылық комиссиясы мүшелерінің құрамы;
7) сараптама нәтижелерінің баяндалуы;
8) қоғамдық экологиялық сараптаманың ұйымдастырушысы айқындаған, қоғамдық экологиялық сараптаманы жүргізу жөніндегі тапсырмалардың сипаты;
9) қоғамдық экологиялық сараптама процесінің, оның ішінде жұртшылықпен, тапсырыс берушімен және басқа да мүдделі тараптармен өзара іс-қимыл жасасудың сипаттамасы;
10) қоғамдық экологиялық сараптаманың тұжырымдары қамтылуға тиіс.
3. Қоғамдық экологиялық сараптама тұжырымдарында:
1) қоғамдық экологиялық сараптама объектісінің Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкестігі туралы қорытынды;
2) тапсырыс берушінің қоршаған ортаға әсерге жүргізген бағалауының толымдылығы, сапасы мен дұрыстығы жөніндегі сипаттама;
3) жұртшылықтың әртүрлі топтарының белгіленіп отырған қызметке көзқарасының сипаттамасы, жұртшылықтың ұсыныстары мен ескертпелеріне жасалған шолу;
4) сарапшылардың қоғамдық экологиялық сараптама объектісін іске асыруға экологиялық және әлеуметтік тұрғыдан жол беруге болатыны жөніндегі пікірі;
5) мемлекеттік экологиялық сараптаманы жүзеге асыратын органға, тапсырыс берушіге, сараптама объектісін іске асыруға байланысты шешімдер қабылдайтын мемлекеттік органдарға және заңды тұлғаларға берілетін ұсыныстар мен ұсынымдар қамтылуға тиіс.
4. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысына қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушының уәкілетті өкілі, сараптамалық комиссияның төрағасы мен мүшелері қол қояды.
5. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы:
1) қоғамдық экологиялық сараптама жүргізуге берілген өтінішті тіркеген жергілікті атқарушы органға;
2) осы объектінің мемлекеттік экологиялық сараптамасын жүзеге асыратын органға;
3) жоспарланып отырған қызметтің тапсырыс берушісіне;
4) қоғамдық экологиялық сараптама объектісін іске қосуға байланысты шешімдер қабылдайтын органдарға;
5) бұқаралық ақпарат құралдарына жіберіледі.
67-бап. Қоғамдық экологиялық сараптаманың нәтижелерін пайдалану
1. Жоспарланып отырған қызметтің тапсырыс берушісі қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысын алған күннен бастап бір ай ішінде онда қамтылған тұжырымдар мен ұсынымдарды қарауға және өзінің түсіндірмелерін мемлекеттік экологиялық сараптама органына және қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушыға жіберуге міндетті.
2. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезінде қаралуға тиіс. Қарау нәтижелері қоғамдық экологиялық сараптаманы ұйымдастырушыға және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға жіберілуге тиіс.
3. Қоғамдық экологиялық сараптаманың қорытындысы жергілікті атқарушы органдар, қаржы ұйымдары және белгіленіп отырған қызметтің тапсырыс берушісі шешімдер қабылдаған кезде де ескерілуі мүмкін.
8-тарау. Экологиялық рұқсаттар
68-бап. Экологиялық рұқсаттардың түрлерi
Қазақстан Республикасында табиғат пайдаланушыларға мынадай экологиялық рұқсаттар:
1) қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар;
2) кешенді экологиялық рұқсаттар беріледі.
69-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара); 2009.16.11. № 200-IV ҚР Заңымен (2010 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі) (бұр.ред.қара) 1-тармақ өзгертілді
1. Жылжымалы көздерден туындайтын ластағыш заттардың шығарындыларын қоспағанда, қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алуға міндетті.
2. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат табиғат пайдаланушыға оның өтініміне сәйкес осы Кодексте белгіленген тәртіппен беріледі.
3. Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатта көрсетілген шарттарды орындауға міндетті және оларды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
4. Өз меншігінде өндірістік объектілері бар табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін:
1) бір облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан әрбір объект бойынша да, олардың тұтас жиынтығы бойынша да өтінім бере алады;
2) әртүрлі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) аумағында орналасқан әрбір объектінің орналасқан жері бойынша өтінім беруге тиіс.
5. Егер қоршаған ортаға эмиссиялар ортақ табиғат пайдалану процесінде жүретін болса, бұл эмиссияларға рұқсат алу талап етілмейді.
70-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттың мазмұны
1. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат:
1) табиғат пайдаланушы және ол жүргізіп отырған шаруашылық және өзге де қызмет туралы мәліметтерді;
2) рұқсаттың қолданылу мерзімін;
3) табиғат пайдалану шарттарын, оның ішінде олардың барлық көздері бойынша эмиссиялардың нормативтерін;
4) рұқсаттың қолданылуы кезеңіне арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар бағдарламасын;
5) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасын қамтитын, белгіленген үлгідегі құжаттар жиынтығы болып табылады.
2. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат бланкілерінің нысандарын және оларды толтыру тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
71-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу талап етілетін объектілердің санаттары
1. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін табиғат пайдаланушыларға рұқсат берілетін oбъектілер І, II, III және IV болып төрт санатқа бөлінеді.
2. І санатқа өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптіліктің 1 және 2-сыныпты объектілері жатады.
II санатқа өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптіліктің 3-сыныпты объектілері жатады.
III санатқа өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптіліктің 4-сыныпты объектілері жатады.
IV санатқа өндірістік объектілерді санитарлық сыныптауға сәйкес қауіптіліктің 5-сыныпты объектілері жатады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
3. Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты І санат объектілеріне - қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органнан, ІІ санат объектілеріне - облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарынан, ІІІ санат объектілеріне - оңайлатылған схема бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарынан, ІV санат объектілеріне хабарлау декларациясының негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдарынан алады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
4. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру үшін І санат объектілерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері арасында бөлуді Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен критерийлерге сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілейді.
72-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін табыс етілетін материалдар
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
1. Табиғат пайдаланушы қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін рұқсат беретін органға қажетті құжаттар топтамасын табыс етеді.
2. І және II санаттағы объектілері бар табиғат пайдаланушылар үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін құжаттар топтамасы:
1) рұқсат алуға өтінімді;
2) қоршаған ортаға әсерді бағалау жөніндегі бөлімі бар, белгіленіп отырған қызмет жобасына мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын;
3) пайдаланылатын технологиялық шешімдердің қысқаша сипаттамасын;
4) қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтері немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы бар қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері негізінде белгіленген тәртіппен есептелген эмиссиялар нормативтерінің жобасын;
5) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын;
6) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының жобасын;
7) шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар үшін міндетті экологиялық сақтандыру шартының нотариалды куәландырылған көшірмесін қамтиды.
3. III санаттағы объектілері бар табиғат пайдаланушылар үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін құжаттар топтамасы:
1) рұқсат алуға өтінімді;
2) қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтері немесе мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы бар қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері негізінде белгіленген тәртіппен есептелген эмиссиялар нормативтерінің жобасын;
3) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын;
4) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасының жобасын;
5) шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын табиғат пайдаланушылар үшін міндетті экологиялық сақтандыру шартының нотариалды куәландырылған көшірмесін қамтиды.
4. IV санаттағы объектілері бар табиғат пайдаланушылар үшін қоршаған оpтаға эмиссияларға рұқсат алу үшін құжаттар топтамасы:
1) 2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен алып тасталды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2) қолданылатын техникалық шешімдер, кәріз, желдеткіш, қалдықтарды шығару, көлік құралдарын пайдалану туралы ақпарат бар хабарлау декларациясын қамтиды.
5. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алуға өтінімнің және хабарлау декларациясының нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
73-бап. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсатқа енгізілетін табиғат пайдалану шарттары
1. Табиғат пайдаланушының Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын қызмет түрлері үшін арнаулы экологиялық талаптар мен нормалар қабылданған болса, қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсатқа осы талаптар мен нормалардың орындалуын қамтамасыз ететін табиғат пайдалану шарттары енгізілуі мүмкін.
2. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсатқа табиғат пайдаланудың белгілі бір шарттарын енгізу туралы шешімді рұқсат берген органдар қабылдайды.
3. Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар мен нормаларда көзделмеген табиғат пайдалану шарттарын қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсатқа енгізуге тыйым салынады.
4. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін рұқсатқа табиғат пайдалану шарттарын енгізу тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
74-бап. Қоршаған ортаға эмиссиялар үшін өтінімдер беру, қарау және рұқсат беру мерзімдерi
1. Өтінімдер беру қолданыстағы рұқсат мерзімі аяқталғанға дейін не жаңа объект пайдалануға берілгенге дейін төрт айдан кешіктірілмей жүзеге асырылады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2. Рұқсат беретін орган өтінім тіркелген кезден бастап бір айдан аспайтын мерзімде өтінімді табыс етілген материалдардың толықтығы және осы Кодекстің талаптарына сәйкестігі тұрғысында қарайды. Осы мерзімнің ішінде табыс етілген өтінім бойынша қосымша құжаттар сұратылып алынуы мүмкін.
Осы мерзім өткеннен кейін өтінім қарауға қабылданады не табыс етілген материалдардың жеткіліксіздігі салдарынан және (немесе) оның осы Кодекстің талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты қабылданбайды.
Өтінім қабылданбаған жағдайда табиғат пайдаланушыға қабылданбаудың себептері дәлелді түрде негізделіп, бас тарту жіберіледі.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
3. Қабылданған өтінімдерді рұқсат беретін орган өтінім тіркелген күннен бастап төрт айдан аспайтын мерзімде қарайды. Қарау қорытындылары бойынша қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беріледі.
75-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру үшін негіздер
1. Табиғат пайдаланушыға І және II санаттағы объектіге мына шарттар сақталған жағдайда:
1) осы Кодекстің 72-бабына сәйкес қажетті құжаттар мен материалдар табыс етілсе;
2) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің жобасы осы Кодекстің талаптарына сәйкес келсе;
3) қоршаған ортаға әсерді бағалау материалдары қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің және табиғат пайдалану шарттарының Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келетінін растаса;
4) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келсе және қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтеріне қол жеткізуді қамтамасыз етсе;
5) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келсе, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат берілуге тиіс.
2. Табиғат пайдаланушыға III санаттағы объектіге, егер:
1) осы Кодекстің 72-бабына сәйкес қажетті құжаттар мен материалдар табыс етілсе;
2) қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінің жобасы осы Кодекстің талаптарына сәйкес келсе;
3) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар мен нормаларға сәйкес келсе және қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтеріне қол жеткізуді қамтамасыз етсе;
4) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасы осы Кодексте белгіленген талаптарға сәйкес келсе, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат берілуге тиіс.
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Егер табиғат пайдаланушы хабарлау декларациясын табыс етсе, оған IV санаттағы объектіге қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат берілуге тиіс.
76-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттардың қолданылу мерзімдерi
Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттар қолданыстағы рұқсатта көрсетілген, қолданылатын технологиялар мен табиғат пайдалану шарттары өзгергенге дейін, бірақ:
1) табиғат пайдаланушылар үшін І санаттағы объектіге үш жылдан аспайтын;
2) табиғат пайдаланушылар үшін II, III және IV санаттағы объектілерге бес жылдан аспайтын мерзімге беріледі.
77-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беруден бас тарту, оны тоқтата тұру және жою
1. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беретін органдар мынадай жағдайларда:
1) рұқсат алу үшін табыс етілген материалдар толық емес және дұрыс емес болғанда;
2) сұратылған табиғат пайдалану шарттары осы Кодекстің 73-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес келмегенде, рұқсат беруден бас тартуы мүмкін.
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат берген орган мынадай жағдайларда:
1) табиғат пайдаланушылардың дұрыс емес деректерді табыс ету фактілері, оның ішінде қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін есептеуге байланысты қателіктер анықталғанда;
2) табиғат пайдаланушылар рұқсатта көрсетілген табиғат пайдалану шарттарын, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар мен нормаларды бұзғанда, рұқсаттың қолданылуын үш айға дейінгі мерзімге тоқтатылады.
3. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты берген органдар мынадай жағдайларда:
1) табиғат пайдаланушылар рұқсатта көрсетілген табиғат пайдалану шарттарын, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген экологиялық талаптар мен нормаларды ұдайы (рұқсаттың қолданылу мерзімі ішінде 3 реттен астам) бұзғанда;
2) рұқсаттың қолданылуы тоқтатыла тұруға қатысты жолсыздықтар белгіленген мерзімде жойылмағанда;
3) қоршаған ортаға елеулі залал келтірілгенде және халықтың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне қатер төнгенде;
2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 4) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
4) қоршаған ортаға эмиссияларға жаңа рұқсат ресімделіп, берілгеннен кейін оны жою жөнінде Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген шаралар қолданады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
4. Рұқсат беретін органның рұқсатты тоқтата тұруы немесе жоюы осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген жағдайлар туындаған кезден бастап бір ай мерзім ішінде табиғат пайдаланушыға қабылданған шешімнің себептері және (немесе) оларды жою мерзімдері туралы жазбаша түрде хабарлама беру арқылы жүзеге асырылады. Хабарламаны алу арнайы табиғат пайдалану құқығын жүзеге асыруды тоқтатуға әкеп соғады.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы баптың 7 және 8-тармақтарында көрсетілген жағдайлар анықталған кезден бастап бір ай мерзім ішінде жергілікті атқарушы органдар берген қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты табиғат пайдаланушыға және жергілікті атқарушы органға қабылданған шешімнің себептері және (немесе) оларды жою мерзімдері туралы жазбаша түрде хабарлама беру арқылы тоқтата тұрады және жояды.
5. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат жаңа рұқсат берілген күннен бастап жойылады.
6. Табиғат пайдаланушы хабарламада көрсетілген жолсыздықтарды жойған жағдайда рұқсаттың қолданылуын тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдаған органның жазбаша растауы негізінде рұқсаттың қолданылуы жаңғыртылады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 7-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
7. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға эмиссияларға жергілікті атқарушы органдар берген рұқсаттың қолданысын:
1) жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын бұза отырып берген;
2) жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты тоқтата тұру жөнінде белгіленген тәртіппен шаралар қолданбаған жағдайларда тоқтата тұрады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 8-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
8. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган қоршаған ортаға эмиссияларға жергілікті атқарушы органдар берген рұқсаттың қолданысын жергілікті атқарушы органдар қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты белгіленген тәртіппен жою жөнінде шаралар қолданбаған жағдайда жояды.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 9-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
9. Осы баптың 7 және 8-тармақтарында көрсетілген қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру және жою осы бапта көзделген тәртіппен, рұқсаттың қолданысымен шектелген мерзімдерде жүзеге асырылады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 10-тармақпен толықтырылды (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді)
10. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беруден бас тартуға байланысты даулар мен келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралады.
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 78-бап жаңа редакцияда (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
78-бап. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты қайта ресімдеу тәртібі
1. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсатты қайта ресімдеу табиғат пайдаланушы атауын немесе ұйымдастыру-құқықтық нысанын өзгерткен, қайта ұйымдастырылған жағдайда және қоршаған ортаға ауыртпалықты арттыруға әкеп соқпайтын өзге де жағдайларда жүзеге асырылады.
2. Рұқсатты қайта ресімдеу мына құжаттар болған кезде жүзеге асырылады:
1) рұқсатты қайта ресімдеуге өтінім;
2) заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік;
3) салық төлеушінің куәлігі;
4) 2010.19.03. № 258-IV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
79-бап. Кешенді экологиялық рұқсат
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
1. Кешенді экологиялық рұқсат табиғат пайдаланушының ең озық қолжетімді технологияларды енгізу және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында белгіленген эмиссиялардың техникалық үлес нормативтерін сақтау шартымен қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыру құқығын куәландыратын біртұтас құжат болып табылады.
Кешенді экологиялық рұқсаттарды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган береді.
2. Өнеркәсіптің жекелеген процестері мен салалары үшін ең озық қолжетімді технологиялар тізбелерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган мүдделі орталық атқарушы органдардың, басқа да заңды тұлғалардың қатысуымен әзірлейді және оларды Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
3. Қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсаттардың орнына кешенді экологиялық рұқсаттар алынуы мүмкін өнеркәсіп объектілері типтерінің тізбесін және оларды беру тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.
4. Кешенді экологиялық рұқсат осы Кодекстің 70-бабында көрсетілген ақпаратпен қатар мыналарды:
1) шикізат пен энергияны үнемді пайдалану шарттарын;
2) қалдықтарды басқару жүйесін;
3) қоршаған ортаға қауіп төндіретін жағдайларда объектіні пайдалану жөніндегі іс-әрекеттер мен шараларды;
4) ең озық қолжетімді технологияларды енгізу мерзімдері мен шарттарын қамтуға тиіс.
5. Кешенді экологиялық рұқсат осы рұқсатта көрсетілген қолданылатын технологиялар мен табиғат пайдалану жағдайлары өзгерген кезге дейін қолданылады.
9-тарау. Экологиялық аудит
80-бап. Экологиялық аудит
1. Экологиялық аудитормен немесе экологиялық аудиторлық ұйыммен экологиялық аудит жүргізуге шарт жасасқан жеке немесе заңды тұлға аудиттелетін субъект болып табылады.
2. Экологиялық аудит аудиттелетін субъектілердің қоршаған ортаға әсер ету туралы есептілігіне талдау жасау жолымен жүргізіледі.
3. Экологиялық аудитті жүргізу кезінде:
1) қоршаған ортаға әсер туралы ұсынылған есептіліктің дұрыстығын тексеру;
2) өндірістік-технологиялық процестің экологиялық талаптарға сәйкес келуін бағалау;
3) өндірістік мониторинг пен бақылау жүйесінің экологиялық талаптарға сәйкес келуін бағалау;
4) қызметкерлердің біліктілік деңгейін бағалау мақсатында арнайы зерттеулер мен өлшемдер жасалуы мүмкін.
4. Экологиялық аудиторлар, экологиялық аудиторлық ұйымдар және аудиттелетін субъектілер арасындағы қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес экологиялық аудит жүргізуге арналған шарттың негізінде туындайды.
81-бап. Экологиялық аудит түрлері және оны жүргізу үшін негіздер
1. Міндетті аудит және бастамашылық аудит экологиялық аудиттің түрлері болып табылады.
2. Жеке және заңды тұлғаларға қатысты міндетті экологиялық аудит жүргізуге:
1) жеке және заңды тұлғалардың шаруашылық және өзге де қызметінен қоршаған ортаға келтірілген, құжат бойынша расталған елеулі залал;
2) шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын табиғат пайдаланушыны заңды тұлғаны қосу, бөлу және бөліп шығару түрінде қайта ұйымдастыру;
3) шаруашылық және өзге де қызметтің экологиялық қауіпті түрлерін жүзеге асыратын табиғат пайдаланушы - заңды тұлғалардың банкроттыққа ұшырауы негіз болып табылады.
3. Бастамашылық экологиялық аудит бастамашының және экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның арасындағы экологиялық аудитті жүргізуге арналған шартта көзделген экологиялық аудиттің нақты міндеттері, мерзімдері мен көлемі ескеріле отырып, аудиттелетін субъектінің не оған қатысушының бастамасы бойынша жүргізіледі.
4. Мүдделі жеке және (немесе) заңды тұлғалар, сақтандыру ұйымдары, инвесторлар, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және өзге де мемлекеттік органдар экологиялық аудитке тапсырыс берушілер болуы мүмкін.
82-бап. Экологиялық аудитті жүргізу
1. Экологиялық аудит экологиялық аудитті жүргізу жоспарына сәйкес жүргізіледі, оны экологиялық аудитор осы баптың 2-тармағының талаптарын ескере отырып жасайды және ол тапсырыс берушімен және аудиттелетін субъектімен келісіледі. Экологиялық аудит жүргізуді жоспарлау кезінде тараптар экологиялық аудиторлар палатасы бекіткен, ұсынымдық сипатта болатын экологиялық аудитті жүргізу жоспарының үлгілік нысанын басшылыққа алады.
2. Экологиялық аудитті жүргізудің сатылары мыналар:
1) аудиттелетін субъектімен алдын ала танысу;
2) аудит жүргізу жоспарын әзірлеу;
3) қажетті ақпаратты жинау және жүйелеу;
4) аудиттелетін субъектіні қарап тексеру және оның қызметкерлеріне сауал жүргізу;
5) арнайы зерттеулер көлемін айқындау;
6) арнайы зерттеулер жүргізу;
7) экологиялық тәуекелдерді айқындау;
8) экологиялық қауіпсіздік деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
9) экологиялық аудиторлық есеп жасау болып табылады.
3. Экологиялық аудит жүргізудің жоспарын әзірлеу үшін экологиялық аудитор аудиттелетін субъектінің ерекшеліктерімен алдын ала танысады.
4. Қажетті ақпаратты жинау мен жүйелеу аудиттелетін субъектіде және өзге де ұйымдарда жүргізіледі. Ақпарат құрамына:
1) қоршаған ортаны қорғау мәселелері жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің аудиттелетін субъектінің қызметіне қатысты талаптары;
2) аудиттелетін субъект орналасқан ауданның картасы және карта-схемасы;
3) егер бар болса, аэрофотосуреттердің нәтижелері;
4) аудиттелетін субъектіні басқарудың әкімшілік құрылымы;
5) егер бар болса, аудиттелетін субъектідегі қоршаған ортаны қорғау қызметі туралы ереже;
6) экологиялық рұқсат;
7) аудиттелетін субъектінің қоршаған ортаны қорғау бойынша соңғы бес жылдағы есебі;
8) өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу жөніндегі есептілік;
9) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның соңғы үш жылда тексерулер жүргізуі туралы хаттамалардың көшірмелері;
10) егер бар болса, аудиттелетін субъектінің қоршаған ортаны қорғау саласындағы бағдарламасы;
11) апатты жағдайлардың алдын алу және олардың зардаптарын жою жөніндегі іс-шаралар жоспары;
12) қабылданған толықтырулармен қоса, аудиттелетін субъектінің қоршаған ортаға әсер етуін бағалау;
13) шығарындыларды, төгінділерді түгендеу жөніндегі ағымдағы кезеңдегі есеп;
14) жол берілетін шекті шығарындылар мен төгінділердің, қалдықтарды орналастырудың ағымдағы кезеңде қолданыста болатын нормативтерінің жобалары;
15) субъект қызметінің экологиялық-экономикалық аспектілері туралы деректер;
16) бұған дейінгі экологиялық аудиторлық есептердің көшірмелері;
17) аудиттелетін субъектінің әсері болатын аудандағы мемлекеттік экологиялық мониторингтің деректері;
18) аудиттелетін субъектінің қызметіне байланысты азаматтардың және қоғамдық бірлестіктердің өтініштері туралы мәліметтер кіреді.
5. Аудиттелетін субъектіні қарап тексеру және оның қызметкерлеріне сауал жүргізу құжаттаманың аудиттелетін субъектінің нақты жай-күйіне сәйкес келуін бағалау, аудиттелетін субъект мамандарының біліктілігін айқындау, аудиттелетін субъект қызметінің тиімділігін жақсарту үшін ұсыныстар әзірлеу мақсатында жүргізіледі.
6. Қарап тексеру барысында:
1) аудиттелетін субъектінің жоспар-схемаға және жалпы технологиялық сипаттамаға сәйкес келуі;
2) аудиттелетін субъектінің құжаттамасында қоршаған ортаға әсер ету көздері көрсетілуінің толымдылығы;
3) аудиттелетін субъектінің ықтимал әсер ету аумағының жай-күйі;
4) қоршаған ортаға ықтимал әсер ету туралы құжаттамаға енгізілмеген мән-жайлардың болуы;
5) өндірістік объектілерде есепке алу және өзге де қажетті құжаттаманың болуы мен толымдылығы;
6) объектіні пайдалану процесінде қоршаған ортаны қорғау жөніндегі техникалық талаптардың сақталуы;
7) өндірістік экологиялық бақылауды жүргізуге қойылатын талаптардың сақталуы анықталуға тиіс.
7. Аудиттелетін субъектінің қызметкерлерінe сауал қою барысында:
1) қоршаған ортаны қорғау үшін мәні бар мәселелер бойынша қызметкерлердің біліктілік деңгейі;
2) есептілік құжаттаманы жүргізудің объективті болуын растау үшін қажетті ақпарат;
3) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актілер талаптарының бұзылу жағдайлары және оларды болдырмау жөніндегі шаралар туралы мәліметтер;
4) аудиттелетін субъектінің болашақта шаруашылық және өзге де қызметті одан әрі жүзеге асыруы кезінде экологиялық талаптардың бұзылу ықтималдығы;
5) қоршаған ортаны қорғауды жетілдіру жөніндегі инженерлік бастамалардың болуы анықталуға тиіс.
8. Арнайы зерттеулерді экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар мынадай жағдайда:
1) өндірістік экологиялық бақылауды жүргізу жөніндегі есептілікті растау қажет болғанда;
2) қоршаған ортаға әсердің құжаттамаға енгізілмеген көздері анықталғанда;
3) аудиттелетін субъекті қызметінің қоршаған ортаға және халықтың денсаулық жағдайына теріс әсер ету салдарлары туралы мән-жайлар болғанда жүргізеді.
9. Қажет болғанда, зерттеулер:
1) шығарындылар (төгінділер) көздерінде жүргізілетін өлшеулерді, қалдықтар үлгілерін зерттеуді;
2) аудиттелетін субъектінің ықпалды әсер ету аймағында қоршаған ортаның ластануын өлшеулерді;
3) аудиттелетін субъектінің ықпалды әсер ету аймағында өсімдіктердің, жануарлар дүниесінің, экожүйелердің және халық денсаулығының жай-күйін зерделеуді қамтиды.
10. Арнайы зерттеулерді жүргізу үшін қоршаған ортаның жай-күйін айқындайтын аккредиттелген зертханалар тартылуға тиіс.
11. Аудиттелетін субъектінің экологиялық тәуекелдерін айқындау:
1) құжаттама мен есептердің байқалатын ағымдағы жай-күйге сәйкестігін талдау;
2) аудиттелетін субъект қызметінің өсімдіктерге, жануарлар дүниесіне, экожүйелерге және халық денсаулығының жай-күйіне ықтимал салдарларын бағалау, соның ішінде қоршаған орта сапасының бұзылуынан туындаған аурулар мен өлім-жітім жағдайларын талдау;
3) қоршаған орта үшін теріс салдарларға әкеп соғуы мүмкін аудиттелетін субъектідегі авариялық жағдайлардың ықтималдылығын немесе технологиялық регламенттен өзге де ауытқуларды айқындау жолымен жүргізіледі.
12. Аудиттелетін субъектінің экологиялық қауіпсіздігі деңгейін арттыру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу:
1) осы сияқты объектілер үшін пайдаланылатын ең үздік қолжетімді технологияларды;
2) қоршаған ортаны қорғауды басқару жүйесін жақсарту жөніндегі ықтимал шараларды;
3) өндірістік экологиялық бақылауды жетілдіру тәсілдерін;
4) экологиялық нормативтер мен талаптарды өзгерту жөніндегі ұсыныстарды зерделеу негізінде жүргізіледі.
83-бап. Міндетті экологиялық аудитті жүргізу туралы шешім
1. Міндетті экологиялық аудитті жүргізу туралы шешімді қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган осы Кодекстің 81-бабының 2-тармағында көзделген мән-жайлар белгіленген кезден бастап бір ай мерзім ішінде қабылдайды.
2. Міндетті аудит жүргізу туралы шешім міндетті экологиялық аудит туралы қорытынды түрінде ресімделеді.
3. Міндетті экологиялық аудит туралы қорытындының нысанын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді.
4. Қорытындыда:
1) аудиттелетін субъектінің тегі, аты, әкесінің аты немесе толық атауы;
2) аудиттелетін субъектінің орналасқан жері;
3) аудиттелетін субъектінің шаруашылық және өзге де қызметімен байланысты қоршаған орта үшін ықтимал тәуекелдердің сипаты;
4) міндетті экологиялық аудитті жүргізуге негіз;
5) міндетті экологиялық аудиттің қорытындысын қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға табыс ету мерзімі көрсетілуге тиіс.
5. Міндетті экологиялық аудит туралы қорытынды аудиттелетін субъектінің басшысына жолданады.
84-бап. Міндетті экологиялық аудитті жүргізудің ерекшеліктерi
1. Міндетті экологиялық аудит аудиттелетін субъект міндетті экологиялық аудит туралы қорытындыны алған кезден бастап алты айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі.
2. Экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйым аудит жүргізудің жоспарын әзірлеу үшін міндетті экологиялық аудит туралы қорытындымен, аудитті жүргізу негіздемесімен, аудиттелетін субъектіге тән экологиялық проблемалармен және өзге де аспектілермен танысады.
85-бап. Экологиялық аудиторлық есептерге қойылатын талаптар
1. Экологиялық аудиторлық есеп міндетті экологиялық аудиттің нәтижелері бойынша:
1) экологиялық аудитордың және экологиялық аудиторлық ұйымның құқықтылығын растайтын мәліметтерді;
2) аудиттелетін субъект туралы жалпы ақпаратты;
3) экологиялық аудитті жүргізу негіздемесін;
4) экологиялық аудитті жүргізудің жоспарын;
5) жинақталған ақпарат тізбесін және оған шолуды;
6) аудиттелетін субъектіні қарап тексеру және оның қызметкерлеріне сауал қою нәтижелерін;
7) арнайы зерттеулердің нәтижелерін;
8) экологиялық тәуекелдерді бағалауды (сандық және сапалық тұрғыдан);
9) экологиялық қауіпсіздікті арттыру жөніндегі ұсынымдар тізбесін;
10) аудиттелетін субъектінің қоршаған орта үшін қауіпсіздік дәрежесі, анықталған жолсыздықтар, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі құжаттама мен есептілікті жүргізудің дұрыстығы туралы тұжырымдарды қамтуға тиіс.
2. Бастамашылық экологиялық аудит есебінің нысаны экологиялық аудитті жүргізуге арналған шартта белгіленеді.
3. Бастамашылық экологиялық аудиттің есебі құпия болып табылады. Бастамашыл экологиялық аудиттің есебіндегі мәліметтерді жария ету құқығына аудиттелетін субъeкт ғана ие болады.
86-бап. Міндетті экологиялық аудит есебін қарау тәртібi
1. Міндетті экологиялық аудиттің нәтижелері бойынша экологиялық аудиторлық есепті экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйым бір мезгілде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға және аудиттелетін субъектінің басшысына жібереді.
2. Міндетті экологиялық аудиттің нәтижелерін аудиттелетін субъект Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарын сақтау, қоршаған ортаға қызметтің теріс салдарларын азайту және қоршаған ортаға залал келтірудің алдын алу, экологиялық есептіліктің дұрыстығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қабылдау үшін пайдаланады.
3. Міндетті экологиялық аудит барысында аудиттелетін субъектілердің экологиялық есептілігінде дұрыс емес фактілер анықталған жағдайда, аудиттелетін субъект экологиялық аудиторлық есепті алған күннен бастап бір айдан кешіктірмей өзінің есептілігін экологиялық аудит ұсынымдарына сәйкес келтіруге, Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтау жөніндегі өзге де шараларды қолдануға және бұл туралы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органды хабардар етуге тиіс.
4. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган міндетті экологиялық аудиттің нәтижелері бойынша экологиялық аудиторлық есепті алған күннен бастап бір ай мерзімде оны қарауға міндетті.
5. Міндетті экологиялық аудиттің нәтижелерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган аудиттелетін субъектінің экологиялық талаптарды және қоршаған орта сапасының нормативтерін сақтауы туралы дұрыс ақпарат алу үшін пайдаланады.
6. Міндетті экологиялық аудиттің экологиялық аудиторлық есебін қараудың нәтижелері бойынша қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган:
1) аудиттелетін субъектінің қызметін тоқтата тұру туралы талап қою арқылы сотқа жүгінуге;
2008.04.12. № 97-IV ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (2009 жылғы 1 қаңтарда қолданысқа енді) (бұр.ред.қара)
2) экологиялық рұқсат талаптарына өзгерістер енгізуге немесе табиғи ресурстарды пайдалану және алып қою, қоршаған ортаға эмиссияларға рұқс шарттарының (келісімшарттардың) және табиғат пайдалануға өзге де рұқсаттардың талаптарын өзгерту туралы ұсыныспен арнайы уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге;
3) өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасына өзгерістер енгізу ұсынымдарын беруге құқылы.
7. Міндетті экологиялық аудиттің экологиялық аудиторлық есебі бойынша туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
87-бап. Экологиялық аудитор
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге лицензия алған жеке тұлға экологиялық аудитор болып табылады.
2. Экологиялық аудитор экологиялық аудиторлық қызметті дара кәсіпкер немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметкері ретінде жүзеге асыруға құқылы.
88-бап. Экологиялық аудиторлық ұйым
1. Экологиялық аудиторлық ұйым - жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге лицензия алған коммерциялық ұйым.
2. Шетелдік экологиялық аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасында экологиялық аудиторлық қызметті тиісті экологиялық аудиторлық ұйымдарды - Қазақстан Республикасының резиденттерін құрған кезде ғана жүзеге асыра алады.
3. Экологиялық аудиторлық ұйымның құрамындағы экологиялық аудиторлардың саны үш адамнан кем болмауға тиіс.
89-бап. Экологиялық аудиторлар палатасы
1. Экологиялық аудиторлар палатасы экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік органдарда олардың заңды мүдделерін білдіру үшін құрылады.
Экологиялық аудиторлар палатасы өз мүшелерінің жалпы жиналысында бекітілген жарғының негізінде жұмыс істейтін және мүшелік жарналар мен Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қаржыландырылатын коммерциялық емес, тәуелсіз, кәсіби және өзін-өзі басқаратын ұйым болып табылады.
2. Экологиялық аудиторлар палатасы экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдардың қызметін реттейді, халықаралық тәжірибе негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес экологиялық аудит стандарттарын әзірлейді.
90-бап. Экологиялық аудиторлардың және экологиялық аудиторлық ұйымдардың құқықтары
Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар:
1) экологиялық аудитті жүргізудің әдістерін дербес айқындауға;
2) экологиялық аудитті жүргізуге арналған шарттың талаптарын орындау үшін қажетті құжаттаманы алуға және тексеруге;
3) экологиялық аудитті жүргізуге қатысуға осы Кодекстің 92-бабында көрсетілген адамдардан басқа әртүрлі кәсіп мамандарын шарттық негізде тартуға;
4) аудиттелетін субъект экологиялық аудитті жүргізуге арналған шарттың талаптарын бұзған жағдайда, экологиялық аудитті жүргізуден не экологиялық аудиторлық есепті беруден бас тартуға құқылы.
91-бап. Экологиялық аудиторлардың және экологиялық аудиторлық ұйымдардың міндеттерi
Экологиялық аудиторлар мен экологиялық аудиторлық ұйымдар:
1) осы Кодекстің 92-бабында көрсетілген мән-жайлардың салдарынан экологиялық аудитті жүргізудің мүмкін еместігі жөнінде хабарлауға;
2) аудиттелетін субъектіден алынған, сондай-ақ экологиялық аудитті жүргізу процесінде жасалған құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге;
3) аудиттелетін субъектіге экологиялық аудит нәтижесінде құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сай келмеуінің анықталғаны туралы хабарлауға;
4) экологиялық аудиторлық есептердің, сондай-ақ экологиялық аудитті жүргізу кезінде алынған және коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпия болып табылатын мәліметтердің құпиялылығын сақтауға;
5) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға міндетті экологиялық аудит нәтижесінде анықталған Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының бұзылуы жөнінде хабарлауға;
6) экологиялық аудитті жүргізуге арналған шарт бойынша міндеттемелерден туындайтын өзге де талаптарды орындауға міндетті.
92-бап. Экологиялық аудитті жүргізу құқығын шектеу
Экологиялық аудиторлық ұйымның немесе экологиялық аудитордың:
1) осы экологиялық аудиторлық ұйым немесе экологиялық аудитор өзінің қатысушысы, кредиторы болып табылатын тапсырыс берушілерге;
2) орындаушылары аудиттелетін субъектімен еңбек қатынастарында тұратын немесе оның лауазымды адамдарының, сондай-ақ аудиттелетін субъекті акцияларының он және одан да көп процентін (немесе жарғылық капиталға қатысу үлесін) иеленген акционердің (қатысушының) жақын туыстары немесе жекжаттары болып табылатын жағдайда;
3) орындаушыларының аудиттелетін субъектіде жеке мүліктік мүдделері бар болса;
4) егер, экологиялық аудит жүргізу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, экологиялық аудиторлық ұйымның немесе экологиялық аудитордың аудиттелетін субъекті алдында немесе аудиттелетін субъектінің олардың алдында ақшалай міндеттемелері болса, экологиялық аудит жүргізуіне тыйым салынады.
93-бап. Аудиттелетін субъектінің құқықтары мен міндеттерi
1. Аудиттелетін субъект:
1) экологиялық аудиторды немесе экологиялық аудиторлық ұйымды таңдау туралы шешімді дербес қабылдауға;
2) экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан экологиялық аудитті жүргізуге қатысты Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары туралы егжей-тегжейлі ақпарат алуға;
3) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның ескертпелері мен қорытындыларына негіз болған нормативтік құқықтық актілермен танысуға;
4) экологиялық аудитордан немесе экологиялық аудиторлық ұйымнан экологиялық есептіліктің және өзге де құжаттардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкессіздігі анықталған жайлар туралы ұсыныстар, ақпарат алуға;
5) экологиялық аудитор немесе экологиялық аудиторлық ұйым экологиялық аудитті жүргізу шартының талаптарын бұзған жағдайда олардың қызмет көрсетуінен бас тартуға құқылы.
2. Аудиттелетін субъект:
1) міндетті экологиялық аудиттің жүргізілуін ұйымдастыруға;
2) экологиялық аудитті уақтылы әрі сапалы жүргізу үшін экологиялық аудиторға немесе экологиялық аудиторлық ұйымға жағдай жасауға;
3) экологиялық аудитті жүргізу үшін экологиялық аудиторға немесе экологиялық аудиторлық ұйымға қажетті толық әрі дұрыс құжаттаманы және өзге де ақпаратты ұсынуға, ауызша немесе жазбаша түрде түсініктемелер беруге;
4) қоршаған ортаға әсер ету туралы дұрыс есептілікті және экологиялық аудитті жүргізуге қажетті өзге де құжаттарды табыс етуге;
5) егер экологиялық аудитті жүргізу шартында өзгеше көзделмесе, экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметін шектемеуге;
6) экологиялық аудитордың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның талабы бойынша қажетті ақпарат алу үшін өз атынан үшінші тұлғаларға жазбаша сауал жіберуге;
7) экологиялық аудиторлардың немесе экологиялық аудиторлық ұйымның қызметтер көрсетуіне ақы төленуін қамтамасыз етуге;
8) экологиялық аудитті жүргізу шарты бойынша міндеттемелерден туындайтын өзге де талаптарды орындауға міндетті.
94-бап. Экологиялық менеджмент жүйелерінің аудитi
1. Экологиялық менеджмент жүйелерінің аудиті бастамашылық аудит болып табылады.
2. Экологиялық менеджмент жүйелері аудитінің нәтижелері бойынша жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының техникалық реттеу туралы заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғауды басқарудың енгізілген жүйесінің халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайтын құжатты ала алады.
3-Бөлім. Қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды
Достарыңызбен бөлісу: |