1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судьяның, органның (лауазымды адамның) кiнәсiна қарамастан, іс бойынша іс жүргізуді қамтамасыз ету шараларын заңсыз қолдану салдарынан тұлғаға келтiрiлген зиян республикалық бюджеттен толық көлемде өтеледi.
2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген судьяның, органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянды өтеттіруге:
1) осы Кодекстiң 745-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған тұлғалардың;
2) егер іс бойынша iс жүргiзу әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргiзудi болғызбайтын мән-жайлардың болуына қарамастан басталса немесе олар анықталған кезден бастап тоқтатылмаса, iс бойынша іс жүргізу өздеріне қатысты басталмауға тиiс, ал басталғаны осы Кодекстiң
741-бабы бiрiншi бөлiгiнiң 1) – 7) және 11) тармақшаларында көзделген негiздер бойынша тоқтатылуға жататын тұлғалардың құқығы бар.
3. Жеке тұлға қайтыс болған жағдайда зиянды өтеттіру құқығы белгіленген тәртіппен оның мұрагерлерiне өтеді.
4. Егер іс бойынша iс жүргiзу процесінде тұлғаның ерiктi түрде
өзiне-өзi айып тағу жолымен шындықты анықтауға кедергi келтiргендiгi және сөйтіп осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген салдардың басталуына ықпал еткенi дәлелденсе, оған зиян өтелуге жатпайды.
5. Осы баптың қағидалары осы баптың екiншi бөлiгiнiң
2) тармақшасында көрсетілген мән-жайлар болмаған кезде, тұлғаға қолданылған әкiмшiлiк жазаның және басқа да әкiмшiлiк-құқықтық ықпал ету шараларының ескiру мерзiмдерiнiң өтуiне, әкiмшiлiк жауаптылықты жоятын немесе әкiмшiлiк жазаны жеңілдететін заңның қабылдануына байланысты күшi жойылған немесе өзгерген жағдайларға қолданылмайды.
863-бап. Өтелуге жататын зиян
Осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғалардың мүлiктiк зиянды толық көлемде өтеттіруге, моральдық зиян салдарын жойғызуға және барлық жоғалтқан немесе нұқсан келтiрiлген құқықтарын қалпына келтiруге құқығы бар.
864-бап. Зиянды өтеттіру құқығын тану
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген судья немесе орган (лауазымды адам) тұлғаны толық немесе iшiнара ақтау туралы шешiм қабылдап, оның зиянды өтеттіру құқығын тануға міндетті. Iстi тоқтату туралы, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы қаулының көшiрмесi мүдделi тұлғаға тапсырылады не поштамен жiберiледi. Бір мезгілде оған зиянды өтеу тәртiбi түсiндiрiлген хабарлама жiберiледi. Залалды өтеттіру құқығы бар қайтыс болған адам мұрагерлерiнiң, туыстарының немесе асырауындағылардың тұрғылықты жерi туралы мәлiметтер болмаған кезде, олар әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстерді қарауға уәкiлеттiк берілген органға (лауазымды адамға) жүгiнген күнінен бастап бес тәуліктен кешiктiрілмей оларға хабарлама жiберiледi.
865-бап. Мүлiктiк зиянды өтеу
1. Осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғаларға келтiрiлген мүлiктiк зиян:
1) олар айырылған жалақының, зейнетақының, жәрдемақылардың, өзге де қаражаттар мен кірістердің;
2) судья қаулысының негiзiнде заңсыз тәркiленген мүлiктiң өтелуін қамтиды. Мүлiктi қайтару мүмкiн болмаған кезде оның құны қайтарылады;
3) iстi шешуге уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз қаулысын орындау үшін өндіріп алынған айыппұлдардың; процестік шығындар мен заңсыз әрекеттерге байланысты тұлға төлеген өзге де сомалардың;
4) заң көмегi көрсетілгені үшiн тұлға төлеген сомалардың;
5) әкiмшiлiк жауаптылыққа заңсыз тарту салдарынан келтiрiлген өзге шығыстардың өтелуiн қамтиды.
2. Осы Кодекстiң 603-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған тұлғаларды әкiмшiлiк қамаққа алуды орындау орындарында ұстауға жұмсалған сомаларды, іс бойынша iс жүргiзуге байланысты процестік шығындарды, сол сияқты осы тұлғалардың әкiмшiлiк қамаққа алуды орындау кезiнде қандай да бір жұмыстарды орындағаны үшiн жалақысын әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерi салдарынан келтiрiлген зиянның өтемiн төлеуге жататын сомалардан шегерiп тастауға болмайды.
3. Осы Кодекстiң 823-бабында көрсетілген құжаттардың көшiрмесiн зиянды өтеу тәртiбi туралы хабарламамен бiрге алған кезде, осы Кодекстiң 862-бабының екiншi және үшiншi бөлiктерiнде аталған тұлғалар iстi тоқтату, өзге де заңсыз шешiмдердiң күшiн жою немесе оларды өзгерту туралы қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) мүлiктiк зиянды өтеу туралы талаппен жүгiнуге құқылы. Егер iстi жоғары тұрған орган (лауазымды адам) немесе сот тоқтатса, зиянды өтеу туралы талап заңсыз қаулы шығарған органға (лауазымды адамға) жiберiледi. Егер судья қараған iстi жоғары тұрған сот тоқтатса, зиянды өтеу туралы талап заңсыз қаулы шығарған судьяға жiберiледi. Кәмелетке толмаған адам ақталған жағдайда зиянды өтеу туралы талапты оның заңды өкiлi мәлiмдей алады.
4. Арыз түскен күннен бастап бiр айдан кешiктiрмей осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетілген орган (лауазымды адам) қажет болған жағдайларда қаржы органдарынан және әлеуметтiк қорғау органдарынан есеп-қисапты сұратып ала отырып, зиянның мөлшерiн айқындайды, содан кейін инфляцияны ескере отырып, осы зиянды өтеуге төлем жүргізу туралы қаулы шығарады. Егер iстi сот тоқтатса, көрсетілген әрекеттердi iстi қараған судья жүргiзедi.
5. Елтаңбалы мөрмен куәландырылған қаулының көшiрмесi төлем жүргізуге мiндеттi органдарға беру үшiн тұлғаға тапсырылады немесе жіберіледі. Төлем жасау тәртiбi заңнамада айқындалады.
866-бап. Моральдық зиян салдарларын жою
1. Тұлғаны ақтау туралы шешiм қабылдаған орган (лауазымды адам) келтiрiлген зиян үшiн одан жазбаша нысанда ресми кешiрiм сұрауға мiндеттi.
2. Келтiрiлген моральдық зиян үшiн ақшалай түрде өтемақы туралы талап қою азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен беріледі.
3. Егер тұлға әкiмшiлiк жауаптылыққа заңсыз тартылса, ал бұл туралы мәлiметтер баспасөзде жарияланып, радио, теледидар немесе өзге де бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, онда осы тұлғаның талап етуi бойынша, ал ол қайтыс болған жағдайда – оның туыстарының немесе прокурордың талап етуi бойынша тиiстi бұқаралық ақпарат құралдары бiр ай iшiнде бұл туралы қажеттi хабар жасауға мiндеттi.
4. Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғалардың талап етуi бойынша өзінің заңсыз шешiмдерiнiң күшi жойылғаны туралы жазбаша хабарды он тәулік ішінде олардың жұмыс, оқу орнына, тұрғылықты жерiне жiберуге мiндеттi.
867-бап. Талаптар қою мерзiмдерi
1. Мүлiктiк зиянды өтеуге ақшалай төлем жүргізу туралы талаптарды осы Кодекстiң 862-бабында аталған тұлғалар осындай төлемдер жүргізу туралы қаулыны алған кезден бастап бiр жыл iшiнде қоюы мүмкін.
2. Өзге де құқықтарды қалпына келтiру туралы талаптар құқықтарды қалпына келтiру тәртiбi түсiндiрiлетін хабарлама алынған күннен бастап алты ай iшiнде қойылуы мүмкiн.
3. Осы мерзiмдер дәлелдi себептермен өткiзiп алынған жағдайда, бұлар мүдделi тұлғалардың арызы бойынша әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) қалпына келтiруіне жатады.
868-бап. Заңды тұлғаларға зиянды өтеу
Әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген органның (лауазымды адамның) заңсыз әрекеттерiмен заңды тұлғаларға келтiрiлген зиянды мемлекет толық көлемде және осы тарауда белгiленген мерзiмдерде қалпына келтіруге тиіс.
869-бап. Құқықтарды талап қою тәртiбімен қалпына келтiру
Егер ақтау немесе зиянды өтеу туралы талап қанағаттандырылмаса не тұлға қабылданған шешiммен келiспесе, ол азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртiбiмен сотқа жүгiнуге құқылы.
Достарыңызбен бөлісу: |