208-бап. Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкерлермен
еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша
бұзудың қосымша негіздері
Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкерлермен еңбек шарты, осы Кодекстің 54-
бабында көзделген негіздерден басқа:
1) жұмыс берушідегі жұмыстар өндірістік сипаттағы себептер бойынша екі
аптадан артық мерзімге тоқтатылған;
2) қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығы салдарынан қатарынан бір ай бойы
жұмысқа шықпаған жағдайларда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.
209-бап. Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкерлермен
еңбек шартын бұзу тәртібінің ерекшеліктері
1. Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкер, бұл туралы жұмыс берушіні
күнтізбелік жеті күн бұрын жазбаша түрде ескерте отырып, еңбек шартын өз бастамасы
бойынша бұзуға құқылы.
2. Жұмыс беруші маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкерді еңбек шартының осы
Кодекстің 54-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер
бойынша бұзылатыны туралы күнтізбелік жеті күн бұрын жазбаша ескертуге міндетті.
3. Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкермен еңбек шарты бұзылған кезде,
жұмыс беруші пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы төлемін жұмыс істелген уақытқа
барабар төлейді.
4. Маусымдық жұмыста істейтін қызметкермен еңбек шарты ұйымның таратылуына,
қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты тоқтатылған кезде екі
апталық орташа жалақы мөлшерінде демалыс жәрдемақысы төленеді.
21-тарау. ВАХТАЛЫҚ ӘДІСПЕН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ
ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
210-бап. Вахталық әдіспен жұмыс істеу ерекшеліктері
1. Вахталық әдіс, қызметкерлердің тұрақты тұратын жеріне күн сайын қайтып
келуі қамтамасыз етіле алмайтын кезде, олардың тұрақты тұратын жерінен тысқары
жерде еңбек процесін жүзеге асырудың ерекше нысаны болып табылады.
2. Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлер жұмыс өндірісі
объектісінде болған кезде оларды тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үймен,
жұмыс орнына және одан кері жеткізіп салуды, сондай-ақ жұмыс орындау жағдайларымен
және
ауысымаралық демалыспен қамтамасыз етуге міндетті.
Жұмыс беруші қызметкердің жұмыс өндірісі объектісінде болу жағдайларын еңбек
шартына, ұжымдық шартқа сәйкес қамтамасыз етеді.
211-бап. Вахталық әдіспен жұмыс істеуге қойылатын
шектеулер
Вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер,
жүкті әйелдер, бірінші және екінші топтардағы мүгедектер жіберілмейді. Өзге
қызметкерлер, егер мұндай жұмыстар медициналық қорытынды негізінде олардың
денсаулығына қайшы келмесе, вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға тартылуы
мүмкін.
212-бап. Вахтаның ұзақтығы
1. Объектіде жұмыс орындау уақытын және ауысымаралық тынығу уақытын қамтитын
кезең вахта деп есептеледі.
2. Вахтаның ұзақтығы күнтізбелік отыз күннен аспауға тиіс.
213-бап. Вахталық әдіспен жұмыс істеу кезінде жұмыс
уақытын және тынығу уақытын есепке алу
1. Жұмыстың вахталық әдісі кезінде айлық, тоқсандық немесе өзге де неғұрлым
ұзақ, бірақ бір жылдан аспайтын кезең ішіндегі жұмыс уақытының жиынтық есебі
белгіленеді.
2. Есептік кезең жұмыс уақытын, демалыс уақытын, жұмыс беруші
орналасқан жерден немесе жиналатын жерден жұмыс орнына дейінгі және одан кері қайту
жолының уақытын қамтиды. Бұл ретте, есептік кезеңдегі жұмыс уақытының жалпы
ұзақтығы осы Кодексте белгіленген нормалардан аспауға тиіс.
3. Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын вахтааралық тынығу кезеңінде бөліп
беруге жол берілмейді.
4. Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін әрбір қызметкердің жұмыс
уақыты мен тынығу уақытының есебін ай бойынша және барлық есептік кезең бойынша
жүргізуге міндетті.
22-тарау. ҮЙ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
214-бап. Үй қызметкерлерімен еңбек шартын жасасу және
тоқтату ерекшеліктері
1. Үй қызметкерлері деп жұмыс беруші - жеке тұлғалардың үй шаруашылығында
жұмыстар (қызмет көрсетулер) орындайтын қызметкерлер танылады.
2. Жұмыс беруші үй қызметкерін жұмысқа қабылдау не онымен еңбек қатынастарын
тоқтату туралы акт шығармайды және еңбек кітапшасына оның жұмысы туралы мәліметтер
енгізбейді.
3. Үй қызметкерінің еңбек қызметі еңбек шартымен расталады.
4. Үй қызметкерімен еңбек шарты тоқтатылғаны (бұзылғаны) туралы жазбаша
ескертудің мерзімі, сондай-ақ жұмысынан айырылуға байланысты өтемақы төлеу
жағдайлары мен мөлшері еңбек шартында белгіленеді.
215-бап. Үй қызметкерлерінің жұмыс уақыты мен тынығу
уақытының режимі
1. Үй қызметкерлеріне осы Кодексте белгіленген жұмыс уақыты мен тынығу уақыты
ұзақтығының нормалары қолданылады.
2. Үй қызметкерінің жұмыс режимі, оларға демалыс күндерін, жыл сайынғы ақылы
еңбек демалысын беру, оларды үстеме жұмыстарға, түнгі уақытта, демалыс және мереке
күндері жұмысқа тарту тәртібі еңбек шартында айқындалады.
216-бап. Тәртіптік жазаны қолдану және алып тастау
тәртібі
Үй қызметкеріне қатысты тәртіптік жазаны қолдану және алып тастау тәртібі
еңбек шартымен айқындалады.
217-бап. Жеке еңбек дауларын шешу
Үй қызметкері мен жұмыс берушінің арасындағы жеке еңбек даулары тараптар
келісімімен және (немесе) сотта шешіледі.
218-бап. Үй қызметкерімен еңбек шартын бұзу
Үй қызметкерімен еңбек шартын бұзу еңбек шартында көзделген негіздер бойынша
жүргізіледі.
23-тарау. ҮЙДЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІН РЕТТЕУ
ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
219-бап. Үйде жұмыс істейтін қызметкерлер
1. Жұмыс берушімен жұмысты өз материалдарымен және өзіндік немесе жұмыс
беруші бөліп беретін не жұмыс беруші қаражаты есебінен сатып алынатын жабдықтарды,
құрал-саймандар мен құрылғыларды пайдаланып, үйде жеке еңбегімен орындау туралы
еңбек шартын жасасқан адамдар үйде жұмыс істейтін қызметкерлер деп есептеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |