274-бап. Комиссиялардың үйлестірушілері
Республикалық, салалық және өңірлік комиссиялардың үйлестірушілері тараптардың бірлескен шешімімен тағайындалады. Комиссияның үйлестірушісі:
1) тараптардың қызметіне араласпайды;
2) комиссия жұмысына қатысу үшін жұмыс берушілер мен қызметкерлер бірлестіктерінің өкілдерін, атқарушы билік органдарының комиссия мүшелері болып табылмайтын өкілдерін, сондай-ақ ғалымдар мен мамандарды, басқа да ұйымдардың өкілдерін шақырады;
3) комиссияның және жұмыс топтарының жұмысын, хаттамалардың жүргізілуін, шешімдердің жобаларын дайындауды және олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді.
275-бап. Келісімдердің тараптары, түрлері
1. Республикалық деңгейде Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен қызметкерлердің республикалық бірлестіктері арасында Бас келісім жасалады.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Салалық деңгейде тиісті қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілетті өкілдері арасында салалық келісімдер жасалады.
3. Өңірлік деңгейде жергілікті атқарушы органдар және жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілетті өкілдері арасында өңірлік (облыстық, қалалық, аудандық) келісімдер жасалады.
276-бап. Келісімдердің мазмұны
1. Келісімдер:
1) қолданылу мерзімі туралы;
2) орындалуын бақылау тәртібі туралы;
3) келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі туралы;
4) тараптардың өздеріне жүктелген міндеттемелерді орындамаған жағдайдағы жауаптылығы туралы ережелерді қамтуға тиіс.
2. Бас келісімнің мазмұнын республикалық комиссия әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары немесе солардың біреуі ұсынған Бас келісімнің жобаларын негізге ала отырып айқындайды.
3. Салалық және өңірлік келісімдердің мазмұнын салалық және өңірлік комиссиялар әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары немесе солардың біреуі ұсынған келісімдер жобаларының негізінде айқындайды.
4. Келісімдерде:
1) еңбекке ақы төлеу, еңбек жағдайлары мен еңбекті қорғау, еңбек режимі және тынығу режимі туралы ережелер көзделуі мүмкін.
Салалар бойынша тарифтік ставканың (айлықақының) ең төменгі мөлшерінің көлемі салалық келісімдерде айқындалады;
2) бағалар мен инфляцияның, ең төменгі күнкөріс деңгейі және келісімде айқындалған көрсеткіштердің орындалуы негізге алына отырып, еңбекке ақыны реттеу тетігі туралы;
3) өтемақы төлемдері туралы;
4) қызметкерлерді жұмыспен қамтуға, кәсіптік даярлауға және қайта даярлауға жәрдемдесу туралы;
5) жұмысқа және тынығуға қолайлы жағдайлар жасау және тиісті қоршаған ортаны қамтамасыз ету жолымен өндірісте қызметкерлердің денсаулығын сақтауды ұйымдастыру туралы;
6) салауатты өмір салтын насихаттау жөніндегі шаралар туралы;
7) қызметкерлерді және олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қорғау жөніндегі арнайы іс-шаралар туралы;
8) өндірістің уақытша тоқтатылуы жағдайында қызметкерлерді қорғау шаралары туралы;
9) жанжалдар мен ереуілдерді болдырмау, еңбек тәртібін нығайту
туралы;
10) қызметкерлер өкілдерінің қызметін жүзеге асыру үшін талаптар туралы;
11) заңнамаға қайшы келмейтін әлеуметтік-еңбек мәселелері бойынша басқа да ережелер;
12) әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға жәрдемдесу туралы ережелер көзделуі мүмкін.
5. Салалық келісімдерде:
1) еңбекке ақы төлеу, еңбек жағдайлары және еңбекті қорғау, еңбек және тынығу режимі туралы;
2) өтемақы төлемдері туралы;
3) қызметкерлерді әлеуметтік қорғау жөніндегі арнайы іс-шаралар туралы;
4) инфляция, ең төменгі күнкөріс деңгейі негізге алынып, еңбекке ақы төлеуді реттеу және келісімде айқындалған көрсеткіштерді орындау тетіктері туралы;
5) тармақша 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді
5) көтеріңкі салалық коэффициенттерді белгілеу туралы ережелер көзделуге тиіс.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 6-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
6. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда қызметкердің жағдайын нашарлататын келісімнің ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.
277-бап. Келісімдерді тіркеу
1. Облыстық деңгейде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады.
2. Қалалық, аудандық деңгейде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.
278-бап. Келісімдердің қолданылуы
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1. Келісімдердің күші өкілдері келісімге қол қойған тиісті атқарушы органдарға, қызметкерлер мен жұмыс берушілерге қолданылады.
2. Келісім:
жұмыс берушілер бірлестіктерінің мүшелері болып табылатын, келісімді жасасқан барлық жұмыс берушілерге қатысты қолданылады. Жұмыс берушілер бірлестігіндегі мүшелікті тоқтату жұмыс берушіні соның мүшесі болған кезеңде жасалған келісімді орындаудан босатпайды. Келісім қолданыста болған кезеңде жұмыс берушілер бірлестігіне кірген жұмыс беруші осы келісімде көзделген міндеттемелерді орындауға міндетті;
келісімге қол қойылғаннан кейін қосылған жұмыс берушілерге қатысты қолданылады.
3. Келісімдер Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан, мүлкінің меншік иелері, құрылтайшылары (қатысушылары) немесе акционерлері шетелдік жеке және заңды тұлғалар не шетелдік қатысуы бар ұйымдар болып табылатын ұйымдарға да қолданылады.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган республикалық деңгейде, тиісті қызмет саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдар салалық деңгейде және жергілікті атқарушы органдар өңірлік деңгейде келісім жасасуға қатыспаған жұмыс берушілер бірлестіктеріне, жұмыс берушілерге, қызметкерлер бірлестіктеріне тиісті деңгейде келісімге қосылуға ұсыныспен келісімді ресми жариялауға міндетті.
Егер жұмыс берушілер бірлестіктері, жұмыс берушілер, қызметкерлер бірлестіктері келісімге қосылу туралы ұсыныс ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде тиісті атқарушы органдарға оған қосылудан дәйекті бас тартуды жазбаша түрде ұсынбаған болса, онда келісім соларға қатысты осы ұсыныс ресми жарияланған күннен бастап қолданылады деп есептеледі.
279-бап. Келісімдердің орындалуын бақылау
Келісімдердің орындалуын бақылауды әлеуметтік әріптестік тараптары жүзеге асырады.
280-бап. Келіссөздерге қатысудан жалтарғаны үшін жауапкершілік
Тараптар өкілдерінің әлеуметтік әріптестік туралы келісімді жасасу, өзгерту жөніндегі келіссөздерге қатысудан жалтаруы немесе әлеуметтік әріптестік туралы келісілген келісімге қол қоюдан құқыққа сыйымсыз бас тартуы, келіссөздер жүргізу және әлеуметтік әріптестік туралы келісім нормаларының сақталуына бақылау жасау үшін қажетті ақпарат бермеуі, сондай-ақ оның талаптарын бұзуы немесе орындамауы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
31-тарау. ҰЖЫМДЫҚ ШАРТ
281-бап. Ұжымдық келіссөздер жүргізудің принциптері
Ұжымдық келіссөздер жүргізудің принциптері:
тараптар мүдделерінің тең құқықтылығы және оларды құрметтеу;
ұжымдық шарттың немесе келісімнің мазмұнын құрайтын мәселелерді талқылаудағы таңдау еркіндігі;
тараптардың міндеттемелер қабылдау еріктілігі;
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын сақтау болып табылады.
282-бап. Ұжымдық келіссөздер жүргізудің, ұжымдық шартты әзірлеу мен жасасудың тәртібі
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Кез келген тарап ұжымдық шарт жобасын әзірлеудің және жасасудың бастамашысы бола алады.
Екінші тараптың ұжымдық шарт жасасу жөніндегі келіссөздерді бастау туралы ұсынысы бар хабарламасын алған тарап оны он күндік мерзімде қарап, осы баптың 2-тармағында белгіленген тәртіппен келіссөздерге кірісуге міндетті.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Ұжымдық келіссөздер жүргізу және ұжымдық шарттың жобасын әзірлеу үшін тараптар тепе-тең негізде комиссия құрады. Комиссия мүшелерінің саны, оның жеке құрамы, жобаны әзірлеу және ұжымдық шарт жасасу мерзімдері тараптар келісімімен айқындалады.
Жұмыс беруші тараптардың келісімі бойынша ұжымдық шартты әзірлеу мен жасасу үшін қажетті жағдай жасауды қамтамасыз етеді.
Кәсіптік одақтың мүшелері болып табылмайтын қызметкерлер шарттық негізде жұмыс берушімен өзара қарым-қатынастарда өз мүдделерін білдіру үшін кәсіподақ органына да, өзге өкілдерге де уәкілеттік беруге құқылы.
Ұйымда қызметкерлердің бірнеше өкілдері болған кезде комиссияға қатысу және ұжымдық шартқа қол қою үшін олар біртұтас өкілді орган құруы мүмкін. Бұл ретте олардың әрқайсысына өздері өкілдік ететін қызметкерлердің санына қарай пропорционалды өкілдік ету принципі негізінде келіссөздер жүргізу жөніндегі біртұтас органның құрамында өкілдік ету құқығы беріледі.
3. Комиссия әзірлеген ұжымдық шарттың жобасын ұйым қызметкерлері міндетті түрде талқылауға тиіс. Жобаны талқылау нысанын қызметкерлердің өздері айқындайды. Комиссия келіп түскен ескертпелер мен ұсыныстарды ескере отырып, жобаны пысықтайды.
4. Тараптардың келісіміне қол жеткізілген кезде ұжымдық шарт кемінде екі данада жасалады және оған тараптардың өкілдері қол қояды.
5. Ұжымдық шарттың жекелеген ережелері бойынша тараптар арасында келіспеушіліктер болған кезде ұжымдық келіссөздер басталған күннен бастап бір ай ішінде тараптар бір мезгілде келіспеушіліктер хаттамасын жасай отырып, келісілген талаптармен ұжымдық шартқа қол қоюға тиіс.
6. Ұжымдық шартты өзгерту және толықтыру осы бапта оны жасасу үшін белгіленген тәртіппен тараптардың өзара келісімімен ғана жүргізіледі.
7. Егер алынған мәліметтер мемлекеттік, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияларды құрайтын болса, ұжымдық келіссөздерге қатысушылардың бұл мәліметтерді жария етуге құқығы жоқ.
8. Ұжымдық келіссөздерге қатысушылар келіссөздер жүргізу кезінде орташа айлық жалақысы сақтала отырып, еңбек міндеттерін орындаудан босатылуы мүмкін. Бұл мерзім олардың еңбек өтіліне қосылады.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 9-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
9. Жұмыс беруші тараптар қол қойған ұжымдық шартты қол қойылған күнінен бастап бір ай мерзім ішінде еңбек жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне мониторинг үшін ұсынуға міндетті.
10. Тараптардың өкілдері қызметкерлерге ұжымдық шарттың орындалу барысы туралы мезгіл-мезгіл хабарлап отыруға міндетті.
283-бап. Ұжымдық шарттың тараптары
1. Қызметкерлер және жұмыс беруші ұжымдық шарттың тараптары болып табылады.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ұжымдық шарт ұйымдарда да, шетелдік заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктерінде де жасалуы мүмкін.
284-бап. Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымы
1. Ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымын тараптар айқындайды. Ұжымдық шартқа:
1) еңбекке ақы төлеуді нормалау, оның нысандары, жүйелері, қызметкерлерге, оның ішінде ауыр жұмыстарда, зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда істейтін қызметкерлерге тарифтік ставкалар мен жалақылар, үстемақылар мен қосымша ақылар мөлшері туралы;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) жалақыны индекстеудің тәртібі туралы, жәрдемақы және өтемақы, оның ішінде жазатайым оқиғалар кезіндегі төлемдер туралы;
3) тиісті мамандықтың, ұйымдағы лауазымның ең жоғары және ең төменгі жалақысы мөлшерлерінің арасындағы жол берілетін арақатынас туралы;
4) разрядаралық коэффициенттерді белгілеу туралы;
5) жұмыс уақыты мен тынығу уақытының ұзақтығы, еңбек демалыстары туралы;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 6) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
6) саламатты және қауіпсіз еңбек пен тұрмыс жағдайларын жасау туралы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі шараларды қаржыландыру көлемі туралы, денсаулық сақтауды жақсарту туралы ережелер енгізілуге тиіс.
7) 2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (бұр.ред.қара)
2. Ұжымдық шартқа:
1) еңбекті ұйымдастыруды жақсарту және өндіріс тиімділігін арттыру туралы;
2) еңбек тәртіптемесі мен еңбек тәртібін реттеу туралы;
3) босатылатын қызметкерлердің жұмыспен қамтылуын, оларды даярлауды, біліктілігін арттыруды, қайта даярлауды және жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету туралы;
4) жұмысты оқумен қоса атқаратын қызметкерлерге берілетін кепілдіктер мен жеңілдіктер туралы;
5) қызметкерлердің тұрғын үй және тұрмыстық жағдайларын жақсарту туралы;
6) қызметкерлерді сауықтыру, санаторий-курорттық емдеу және олардың тынығуы туралы;
7) кәсіподақ мүшелері болып табылатын қызметкерлермен еңбек шартын бұзған кезде ұйымның кәсіподақ органының дәлелді пікірін ескерудің тәртібі туралы;
8) кәсіподақ органына сайланған қызметкерлерге берілетін кепілдіктер туралы;
9) қызметкерлердің өкілдері қызметін жүзеге асыруға арналған талаптар туралы;
10) кәсіподақ қызметі үшін жағдай жасау туралы;
11) қызметкерлерді сақтандыру туралы;
2013.04.02. № 75-V ҚР Заңымен 11-1) тармақшамен толықтырылды
11-1) Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылған, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем сомасын шегергендегі орташа жалақысын сақтай отырып, жүктілікке және босануға байланысты демалысқа, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлерге берілетін демалысқа ақы төлеу туралы;
12) ұжымдық шарттың орындалуын бақылау және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі туралы;
13) еңбек шарттарын ереуілді желеу етіп жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзуды болдырмау туралы;
14) қызметкерлер мен жұмыс берушілердің өздері келтірген залал үшін жауаптылығы туралы;
15) тараптардың ұжымдық шартты орындауға жауаптылығы туралы;
16) ерікті кәсіптік зейнетақы жарналары туралы;
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 16-1) тармақшамен толықтырылды
16-1) қызметкерлерді және олардың отбасыларын медициналық сақтандыру кепілдіктері туралы, қоршаған ортаны қорғау туралы;
17) тараптар айқындаған басқа да мәселелер бойынша қызметкерлер мен жұмыс берушінің өзара міндеттемелері енгізілуі мүмкін.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ұжымдық шарт еңбек заңнамасымен, бас, салалық, өңірлік келісімдермен салыстырғанда қызметкерлер жағдайын нашарлатпауға тиіс. Мұндай ережелер жарамсыз деп танылады және қолданылмауға тиіс.
285-бап. Ұжымдық шарттың қолданылу мерзімдері мен аясы
1. Ұжымдық шарт тараптар айқындайтын мерзімге жасалады.
2. Ұжымдық шарт, егер оның ережелерінде өзгеше көзделмесе, қол қойылған кезден бастап күшіне енеді және тараптар оны орындауға міндетті.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Ұжымдық шарттың күші жұмыс берушіге және солардың атынан ұжымдық шарт жасалған ұйым қызметкерлеріне және жазбаша өтініш негізінде оған қосылған қызметкерлерге қолданылады.
Қосылу тәртібі ұжымдық шартта айқындалады.
4. Ұйымның қайта ұйымдастырылу (бірігу, қосылу, бөліну, бөлініп шығу, қайта құрылу) кезеңінде ұжымдық шарт өз күшін сақтайды.
5. Ұйым мүлкінің меншік иесі ауысқан кезде ұжымдық шарт үш ай бойы өз күшін сақтайды. Осы кезеңде тараптар жаңа ұжымдық шарт жасасу немесе қолданыстағы шартты сақтау, өзгерту және толықтыру туралы келіссөздерді бастауға құқылы.
6. Ұйым таратылған, ол банкрот деп жарияланған кезде ұжымдық шарттың қолданылуы барлық қызметкерлермен еңбек шарттары тоқтатылған кезден бастап тоқтатылады.
286-бап. Тараптардың ұжымдық шартты орындамағаны үшін жауапкершілігі
Ұжымдық шартта көзделген міндеттемелерді орындамағаны үшін тараптар ұжымдық шартқа және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2012.17.02. № 566-ІV ҚР Заңымен 287-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
287-бап. Келіссөздер кезіндегі кепілдіктер мен өтемақылар
Қызметкерлердің өкілді органдарының ұжымдық келіссөздерге қатысатын мүшелерімен келіссөздер жүргізу кезеңінде (ұйымды тарату жағдайларынан басқа) тиісті өкілді органның келісімінсіз жұмыс берушінің бастамасы бойынша еңбек шарты бұзылмайды.
Достарыңызбен бөлісу: |