Нысаналы индикаторлар
2014 жылдың соңына қарай мыналар жоспарланып отыр:
1. Әлемдік саудаға тартылуы жөнінен ДЭФ рейтингін 80 орынға дейін жоғарылату.
2. Кеңейтілген экономикалық санаттар жөніндегі сыныптамаға (БҰҰ хатшылығының статистикалық сыныптамасы) сәйкес экспорттың жалпы көлеміндегі шикізат емес экспорттың үлесін 40,0 %-ға дейін ұлғайту.
3. 2014 жылдан бастап бөлшек сауда айналымы өсімінің жыл сайынғы қарқынын алдыңғы жылға қарағанда %-бен кемінде 106,0 %-ға жеткізу, бұл ретте 2010 жылы – 100,0 %, 2011 жылы – 102 %, 2012 жылы – 103 %, 2013 жылы – 104 %.
4. Бөлшек сауда айналымының жалпы көлемінде қазіргі заманғы сауда форматтарының үлесін 50 %-ға дейін жеткізу.
Іс-қимылдар стратегиясы
Республиканың экономикалық мүдделерін ілгерілету және қорғау, әлемдік сауда жүйесіне кірігу жүйесін құру
1. Әлемдік сауда жүйесіне кірігу жолымен республиканың экономикалық мүдделерін ілгерілету мен қорғаудың тиімді әрі жедел жүйесін құру мақсатында Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағын қалыптастыру аяқталатын болады.
2010 жылғы 1 қаңтардан бастап Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағын іс жүзінде іске асыру басталды.
Кеден одағы бажсыз саудаға қосымша ретінде үшінші елдерге қатысты бірыңғай сыртқы сауда саясатын қолдануды және ішкі кедендік шекараларды жоюды көздейді.
Бұл мақсатта бүгінде үш мемлекетте жұмыс істейтін сауда режимдерін біріздендіру үшін үшінші елдермен, оның ішінде ТМД елдерімен келіссөздер жүргізілетін болады.
Бұдан басқа, мемлекеттер басшылары қабылдаған шешімдерге сәйкес 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап ұлттықтан тыс органға (Кеден одағы комиссиясы) бірыңғай кедендік тарифті жүргізу және үш мемлекетке қатысты болатын әрі тараптардың ұсыныстары негізінде қалыптасатын тарифтік емес шараларды қолдану жөніндегі өкілеттіктер берілді.
2010 жылғы 1 шілдеден бастап ішкі кедендік шекараларда кедендік ресімдеу, ал 2011 жылғы 1 шілдеге дейін кедендік бақылау жойылады. Осылайша, әкімшілік кедергілерді жою және біздің елдер арасында тауарлардың еркін қозғалысын қамтамасыз ету арқылы кеден одағының сыйымдылығы шамамен 165 млн. адам болатын ішкі нарығы бар бірыңғай кедендік аумағы құрылады.
Ішкі нарықты кеңейту шетелдік инвестициялар тарту, жаңа өндірістерді дамыту, өзара толықтыратын кәсіпорындарды кооперациялау үшін әкімшілік кедергілерді жою негізгі ынталандыру шарасы болады, сондай-ақ бірлескен кәсіпорындар құру және өзара инвестициялардың өсуі үшін жағдай жасамақ.
2. 2012 жылға дейін Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының Бірыңғай экономикалық кеңістігі құрылатын болады.
Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру қатысушы мемлекеттердің ішкі инфрақұрылымына тең қол жеткізуді көздейді, бұл теңізге шығатын жолы жоқ ел ретіндегі Қазақстан үшін айрықша өзекті.
Сондай-ақ қызметтер нарығының жұмыс істеуінің бірыңғай шарттарын белгілеу, жұмыс күші мен капиталдың еркін қозғалысы, бәсекелестіктің, өнеркәсіптік субсидиялаудың біріздендірілген ережелер, ауыл шаруашылығын қолдаудың бірыңғай шаралары, бірыңғай экономикалық саясат, тарифтік саясат жүргізу, мемлекеттік сатып алудың біріздендірілген ережелері көзделіп отыр.
Бұл мақсатта Бірыңғай экономикалық кеңістіктің құқықтық негізін құрайтын тиісті халықаралық құжаттар әзірленетін болады.
3. Үшінші елдермен және елдер бірлестіктерімен преференциялық сауда туралы келісімдер жасасу жөніндегі ұсыныстарға бастама жасалатын болады.
Кеден одағына мүшелікті есепке ала отырып, Түркіменстанмен, Еркін сауданың Еуропалық қауымдастығына мүше мемлекеттермен (Швейцария, Лихтенштейн, Норвегия, Исландия), Сербиямен және Черногориямен еркін сауда туралы, Египетпен, Иорданиямен, Израильмен, Ауғанстанмен, парсы шығанағы елдерімен (Сауд Арабиясы Корольдігі, Кувейт, Бахрейн, Оман, Катар, БАӘ) және басқа да елдермен преференциялық сауда туралы келісімдер жасасу жөнінде келіссөздер жүргізілетін болады.
4. Келіссөздерді аяқтау және ДСҰ-ға кіру.
Қазақстанның ДСҰ-ға толыққанды мүше болуы, сондай-ақ осы халықаралық ұйымның нормалары мен ережелеріне сәйкестік қазақстандық тауарлардың ДСҰ-ға мүше мемлекеттердің нарығына кемсітпеушілік негізде енуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ халықаралық төрелікке қол жеткізу жолымен үшінші елдердің нарығында қазақстандық өндірушілердің мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
ДСҰ-ға мүше болу сыртқы экономикалық саясаттың болжауға болатындығы және ашықтығы есебінен тікелей шетелдік инвестициялар түріндегі капитал ағынын ұлғайтуға, сондай-ақ қазақстандық тауарларға қойылатын сауда шектеулері мен саудадағы дауларда кемсітушілік тәсілдерді жоюға мүмкіндік береді.
5. Экономикалық мүдделерді ілгерілету және сыртқы нарықтардағы сауда және сауда емес кедергілерді жою.
Қазақстандық тауарларға қатысты сауда шектеулерін белгілеу кезінде бастама білдіру және халықаралық сауда дауларын шешу рәсімін жүргізу не халықаралық келісімдерге сәйкес қарсы шаралар қолдану тетігі пайдаланылатын болады.
6. Кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеу тетіктерін қолдану.
Қолда бар өндірісті және оны дамыту жөніндегі жоспарды зерделеу жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізілетін болады, оның нәтижесі бойынша өндірілуі Қазақстанда жүзеге асырылатын тауарларға қатысты кедендік бажды жоғарылату бойынша, сондай-ақ оларға қатысты алыс шетелдерден импортқа мүдделілігі бар тауарларға кедендік баждарды төмендету бойынша ұсыныстар әзірленетін болады.
Сондай-ақ әлемдік нарық конъюнктурасы өзгерістерінің ішкі нарыққа әсерін талдау негізінде тауарлардың сыртқы саудасын кедендік-тарифтік және тарифтік емес реттеудің басқа да шараларын қолдану жөнінде ұсыныстар әзірленетін болады.
Бұдан басқа, отандық кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, сондай-ақ ішкі нарықта тауарлардың аса жетіспеушілігінің пайда болуына жол бермеу мақсатында экспортты шектеу жөнінде тиісті ұсыныстар әзірленетін болады.
Ұсыныстар Кеден одағы комиссиясының қарауына жіберілетін болады.
Экономиканың шикізат емес секторының қазақстандық өнімінің экспортын дамытуға және ілгерілетуге жәрдемдесу
1. Экспорттаушыларды ақпараттық және сараптамалық қолдауды қамтамасыз ету.
Мақсатты мүддесі бар елдердің нарықтарына экономиканың шикізат емес секторының қазақстандық нақты тауарларымен ену үшін елдер, саудадағы серіктес елдердің салалары/өнімдері бойынша шолулар, әлемдік сауда үрдісін (Trade Performance Index (TPI)), Қазақстан экспорт өнімінің жыл сайынғы анықтамалығын, «Экспорттаушыға көмек» атты нұсқаулық, «Export Guide» жол көрсетуші материалдар топтамасының жариялымдарын талдау тұрақты жүргізіледі және қазақстандық кәсіпорындар мен өнімдер туралы ақпарат халықаралық мамандандырылған каталогтарда орналастырылады.
Жаңа экспорттық тауашаларды игеру үшін экономиканың өңдеуші секторының нақты өнімдерінің тауар белгілерін әзірлеу және оларды сыртқы нарықтарға ілгерілету жөніндегі іс-шаралар іске асырылатын болады.
Экспорттық қызметті басқару бойынша мамандарды даярлау жөніндегі оқу бағдарламалары іске асырылып, озық тәжірибені Қазақстан кәсіпорындарында қолдану мақсатында шетелдік озық экспорттық өндірістерге бару ұйымдастырылатын болады.
«Экспортқа бағдарлану» идеологиясын қалыптастыру үшін жеке меншік және мемлекеттік секторларды тарта отырып, экспортты нысанаға алуды насихаттау жүргізілетін болады.
2. Экспорттық сауда операцияларын қаржылық қолдау.
2010 жылдан бастап экономиканың шикізат емес секторының өнімін (қызметтерін) экспорттаушыларға олардың маркетингтік зерттеулер жүргізуге; отандық тауарлардың шетелдегі брендингіне; сыртқы нарық үшін тауарлардың жаңа түрлерін өндіруге; мамандардың біліктілігін арттыруға; шетелдерде өкілдіктер ашуға; Интернет-ресурс құруға және шетелдерде тарату үшін баспа өнімін дайындауға байланысты іс-шаралар жөніндегі шығындарын өтеу түрінде экспорттық гранттар ұсынылатын болады.
Экспортты сақтандыруды және сауда экспорттық операцияларға кредит беруді, сондай-ақ бірқатар жанама қызметтерді қамтитын экономиканың шикізат емес секторларының шағын және орта бизнес өкілдерінің сауда экспорттық операцияларын қаржылық қолдауды жүзеге асыру үшін экспорттық-кредит агенттігі (ЭКА) құрылатын болады.
3. Экспорттаушыларға мақсатты нарықтарда дистрибуция арналарына қол жеткізуге жәрдемдесу
Мыналар көзделіп отыр:
шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктердің, сауда өкілдіктерінің, құрметті консулдар институтының ресурстарын пайдалану, сондай-ақ инвестициялар, сауда және технологиялар мәселелері бойынша өкілдер институтын құру үшін елдің шет елдердегі дипломатиялық өкілдіктері құрамында Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің ұсынымы бойынша тағайындалатын және оған есеп беретін дипломатиялық рангтегі Кеңесші-елші және жекелеген елдердегі Қазақстан елшіліктерінде атташе штаттық бірліктерін айқындау мәселесін пысықтау есебінен халықаралық желі құру. Олардың қызметін рейтингтік бағалау енгізілетін болады;
отандық өндірушілердің өнімін кепілдікпен жылжыту және экспорттаушыларға қосылған құны жоғары тауарларды өткізу арналарына қол жеткізуге жәрдемдесу үшін мамандандырылған мемлекеттік трейдинг компаниясын құру;
әлемдік үздік тәжірибе үлгісінде экспортты қолдау жүйесінің басты элементтерінің бірі ретінде экспорттық орамды дамыту үшін мамандандырылған құрылым құру.
Экспорт елінде қазақстандық өндірушілерге тікелей кешенді жәрдемдесу мақсатында 2010 – 2014 жылдары Экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі ұлттық ұйымның (Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің экономиканың шикізаттық емес секторының экспортын дамыту және жылжыту жүйесінің операторы болып табылатын «KAZNEX» экспортты дамыту және жылжыту корпорациясы» АҚ) шетелдік өкілдіктерінің желісі ашылатын болады.
Бірлескен стратегияны әзірлеу және мемлекеттік органдардың экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі іс-қимылдарын үйлестіру, сондай-ақ экспортты дамыту мен жылжытуға тосқауыл болатын әкімшілік және төрешілдік шараларды жою мен бизнестің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қазақстандық экспорттаушылардың мүдделерін қорғау және проблемаларын шешу кезінде Қазақстан Республикасының Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жанындағы Экспорттаушылар кеңесінің, сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиялардың (ҮАК) жұмысы жандандырылатын болады.
Мемлекеттің қазақстандық экспорттаушылар үшін пәрменді шараларды қамтамасыз етуі мақсатында 2010 жылдан бастап Қазақстанды ізгілік көмек шеңберінде өнім жеткізушілер қатарына кіріктіру жүргізілетін болады.
Көліктік-логистикалық орталықтар құруды ынталандыру жолымен қазіргі заманғы көліктік-логистикалық инфрақұрылым түзу арқылы Қазақстанның Еуропа, Ресей, Қытай мен Орталық Азия арасындағы халықаралық сауда хабы ретіндегі әлеуетін іске асыру.
Отандық өндірушілер мен шетелдік әлеуетті сатып алушылар арасында тікелей байланыстар орнатуға жәрдемдесу, өнімнің сапалық және баға көрсеткіштері бойынша ақпарат алмасу, экспорттық келісімшарттарды мұқият талқылау үшін Қазақстанның шетелдердегі тұрақты сауда миссиялары, Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде «Сатушылар мен Сатып алушылар» форматында кездесулер, нақты тауарларды мақсатты түрде ілгерілету іс-шаралары ұйымдастырылатын болады.
Ішкі сауданың тиімділігін арттыру
Халықаралық практиканы ескере отырып, баға белгілеудің ашық жүйесін қалыптастыру мақсатында қазіргі заманғы биржалық сауда инфрақұрылымы құрылатын болады.
Сауданың қазіргі заманғы нысандарын дамыту мақсатында ірі сауда форматтары, сауда желілері дамытылатын болады. «Өндіруші – тұтынушы» тізбегіндегі шығындарды азайту үшін өңдеу, орау, сауда жабдығын сатып алуды жеңілдікпен қаржыландыру жолымен және шағын сауда форматтарын (гипермаркеттер, супермаркеттер, дискаунтерлер үлгісіндегі сауда үйлері және т.б.) бірыңғай брендпен және бірыңғай ассортиментпен әрі баға саясатымен біріктіру арқылы сауда-сатып алу кооперациясы жүйесі құрылатын болады.
Отандық тауар өндірушілердің өніміне қашықтан қол жеткізуді дамыту мақсатында екінші деңгейдегі барлық банктерді бірыңғай прессинг орталығына (Webmoney-ге, Paypal-ға ұқсас) біріктіретін Интернет-дүкендерге кіріктіру үшін қолайлы модульдері бар Интернет желісінде қолма-қол ақшасыз ақы төлеудің электрондық жүйесі, сондай-ақ бірыңғай республикалық электрондық сауда алаңы құрылатын болады.
Тауарларды қашықтан жеткізу жүйесін дамыту, бөлшек тауар айналымын ұлғайту және тұтынушылар үшін қызмет көрсету сервисін жоғарылату мақсатында Астана және Ақтөбе қалаларында почталық-логистикалық орталықтар құрылып, олардың жанынан жеткізудің оңтайлы схемаларын (халықаралық стандарттар деңгейінде) көздейтін сұрыптау орталықтары жұмыс істейтін болады.
Заңнаманы жақсарту
1. Ұлттық заңнаманы Дүниежүзілік сауда ұйымының, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер шеңберінде жасалатын халықаралық құқықтық базаның талаптарына сәйкес келтіру.
2. «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Экспортты және экспортты экономикалық ынталандыру құралдарын дамыту мен жылжыту жөніндегі ұлттық ұйымның құқықтық мәртебесін бекіту, сондай-ақ сауда құрылымының дамуын реттеу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу.
3. Электрондық сауда саласындағы заңнаманы жетілдіру.
2.14 Бағдарламаны қаржылық қолдау құралдары
Ағымдағы ахуалды қысқаша талдау
Әлемдік қаржы дағдарысы отандық экономиканы шетелдік кредиттік қаражатпен қорландыруды уақытша тоқтатты, осыған байланысты отандық қаржы ұйымдары үшін сыртқы қорландыруға қол жеткізу жабылды не шектеулі болып қалды. Екінші деңгейдегі банктердің Бағдарламаға енгізілген ұзақ мерзімді және орта мерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін «ұзын ақшасы» жоқ. Осыған байланысты Бағдарламаны даму институттарының қатысуымен қаржыландырудың көлемі мен құралдарын ұлғайту қажеттігі туындайды.
Негізгі міндеттер
Құралдарды кеңейту арқылы экономиканың басым секторына инвестицияларды және қаржыландыру көздерінің қол жетімділігін ұлғайту.
Нысаналы индикаторлар
Жоспарланған кезеңде экономиканың басым секторларының негізгі капиталына кемінде 6 280 млрд. теңге көлемінде инвестициялар тарту.
Іс-қимылдар стратегиясы
Отандық кәсіпорындарды және инвестициялық жобаларды республикалық және өңірлік деңгейде қаржылық қолдау құралдарының, операторлары мен агенттерінің бірыңғай жүйесін қалыптастыру көзделіп отыр. Бұл ретте, экономиканың басым секторларындағы инвестициялық қызметті жандандыруды ынталандыратын нарықтық тетіктер мемлекеттік қаржылық қолдаудың негізіне алынады.
Мемлекеттік құралдарды қолдану саясатында жеке меншік қаржы ресурстарын жұмылдыруға және екінші деңгейдегі банктер мен басқа да қаржы институттарының кредиттік қызметін индустрияландыру мақсатына шоғырландыруға баса мән берілетін болады.
Қаржылық қолдау жүйесі отандық өндірушілер үшін қаржы ресурстарының қол жетімділігін арттыруға, инвестициялық жобалардың қажеттіліктеріне, олардың өзін-өзі ақтауы мен рентабелділік көрсеткіштеріне сәйкес қаржыландырудың қолайлы шарттарын ұсынуға шоғырланады.
Мемлекеттік қаржы ресурстары мемлекеттік және жеке меншік операторлар арқылы жіберілетін болады. Мемлекеттік сектордың операторларына мыналар жатады:
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «БРК-Лизинг» АҚ; «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ, «Kazyna Capital Management» АҚ, «Қазагроқаржы» АҚ, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ, «Даму» ШКДҚ» АҚ, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, «Kaznex» экспортты жылжыту корпорациясы» АҚ, «Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ және басқа да ұйымдар.
Жеке меншік операторларға мыналар жатады: екінші деңгейдегі банктер, халықаралық даму институттары, лизингтік компаниялар, инвестициялық компаниялар және қаржыландырушы басқа да ұйымдар. Бұл ретте, жеке меншік операторларды іріктеу өлшемі қоғамдастық үшін анық әрі ашық болады және қатысатын барлық әлеуетті қатысушылардың жобаны іске асыруға тең (кемсітушіліксіз) қол жеткізуін қамтамасыз етуі тиіс. Өлшемдері мен тәртібін Үкімет айқындайтын болады.
Операторлар мен құралдардың жұмыс істеуі қаржы ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану, қолдау көздері мен құралдарының кең спектрін ұсыну және мемлекеттің тәуекелдерді жеке меншік сектормен бөлісу қағидаттары бойынша ұйымдастырылатын болады.
Мемлекеттік сектордың операторлары қаржылық қолдау көрсетудің, орнықты жұмыс істеудің мынадай қағидаттарға негізделген тетігін қалыптастырады:
қаржылық қолдау көрсетудің теңгерімділігі;
мемлекеттік қолдаудың қажетті шараларын қаржыландыру және көрсету жөнінде шешімдер қабылдаудың уақтылылығы;
мемлекеттік ұйымдардың белгілі бір операциялар мен қызмет түрлеріне мамандануы;
қаржыландыру және әртүрлі құралдарын белгілі бір инвестициялық жобада кіріктіру саласында мемлекет пен жеке меншік қаржы институттары арасындағы кооперация.
Мемлекеттік сектор операторларының қызметі Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттерінің барынша тиімділігіне қол жеткізуге бағдарланатын болады. Қажетті қаржыландыру көлеміне сәйкес ұйымдардың өндірістік қуаттары мен қызметкерлер саны ұлғайтылады немесе қысқартылады, ішкі бизнес үдерістері оңтайландырылып, қарау рәсімдері т.б. регламенттелетін болады.
Мемлекеттік сектор операторларының инвестициялық саясаты мен басымдықтары индустриялық даму қажеттіліктеріне шоғырландырылып, бағытталатын болады.
Бағдарлама операторлары экономиканың құрылымын сапалы өзгертуге және оның орнықты өсуіне ықпал ететін жобаларды инвестициялау саясатын жүргізетін болады. Мыналар жобаларды қаржыландырудың негізгі өлшемдері болып табылады:
Бағдарламаның басымдықтарына сәйкестік;
жобаға міндетті түрде өзінің қатысуы;
экспортқа бағдарлану;
бәсекеге қабілетті тауарлар, жұмыстар мен қызметтер өндіру. Бұл ретте, өнім осыған ұқсас әлемдік стандарттарға сәйкес болуы және құны жағынан бәсекеге қабілетті болуы тиіс;
қосылған құны жоғары өнім өндіру, бұл ретте, қосылған құны барынша жоғары немесе әлемдік нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін элементтері бар жобаларға басымдық берілетін болады;
еңбек өнімділігін арттыру;
энергия тұтынуды қысқарту;
ресурс үнемдеуді ұлғайту;
қазақстандық қамтуды дамытуға ықпал ететін өндіріс, шағын және орта бизнес кәсіпорындарын тарту;
инновациялар мен озық технологияларды дамыту және енгізу.
Мемлекеттік қаржылық қолдау жүйесі инвестициялық белсенділікті ынталандырудың нарықтық тетіктерін құруға ықпал ететін болады, ол мынадай негізгі құралдарды қолдануды көздейді:
кредит беру;
лизингтік қаржыландыру;
үлестік қаржыландыру;
кредиттер бойынша сыйақы ставкаларын субсидиялау;
корпоративтік кепілдіктер (кепілгерліктер) беру;
сервистік қолдау;
экспорттаушылар үшін гранттар беру;
экспорт алды қаржыландыру – экспорттаушылар кәсіпорындарын саудалық қаржыландыру және олардың экспорттық операцияларын сақтандыру;
өнімді сатып алуға арналған ұзақ мерзімді келісімшарттар;
ҒЗТКЖ-ні гранттық қаржыландыру;
мемлекеттік кепілдіктер және мемлекеттің кепілгерліктері түріндегі мемлекеттің шартты міндеттемелері.
Мемлекеттік қаржылық қолдау шарттары мынадай шарттар ескеріле отырып, Бағдарламаның басымдықтарына сәйкес берілетін болады:
сыйақы ставкалары – сыйақы ставкаларын саладағы инвестициялардың орташа салалық рентабелділігі мен өзін-өзі ақтауын ескере отырып, нарықтық деңгейден төмен деңгейге дейін азайту жөнінде шаралар қабылданатын болады;
мерзімдер – жобалардың тиісінше өзін-өзі ақтауына және қаражаттың қайтарылуына қол жеткізу мақсатында қаржыландыру мерзімдерін ұзартуға назар аударылатын болады;
қаржыландыру өлшемдері – осы Бағдарламаның және басқа да бағдарламалық құжаттардың стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес әзірленетін болады;
қаржыландыру лимиттері – салалық бағытталуды және шаруашылық қызмет субъектілерінің (ірі, орта және шағын бизнес) мөлшерін ескере отырып белгіленетін болады.
Кәсіпорындар мен инвестициялық жобаларды қаржыландыру, мемлекеттің жобалардағы қатысу үлесін, операторлар мен қолдау құралдарын айқындау, сондай-ақ жеке меншік қаржы секторын тарту үшін республикалық және өңірлік деңгейде қолдаудың тиісті бюджеттік бағдарламалары қалыптастырылатын болады.
Қол жеткізілуі тиіс нысаналы көрсеткіштер, орындау мониторингінің алгоритмі, сондай-ақ көрсетілген бюджеттік бағдарламалардың тиімділігін бағалау әдістемесі және бөлінген қаржы ресурстарының мақсатты пайдаланылуын бақылау тетіктері бекітілетін болады.
3. Экономикалық әлеуетті ұтымды аумақтық ұйымдастыру негізінде экономикалық өсу орталықтарын қалыптастыру
Негізгі міндет
Өсу полюстерін қалыптастырып, индустриялық даму үшін бәсекелі артықшылыққа ие, елдегі экономикалық белсенділікті шоғырландыратын, елдің қалған аумақтары үшін «локомотив» рөлін атқаратын әрі елдің өңірлік және жаһандық нарықтармен кірігуін қамтамасыз ететін аумақтарда экономиканы шоғырландыруды қамтамасыз ету.
Іс-қимылдар стратегиясы
Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі индустрияландыру саясатының аумақтық аспектісі өзара байланысты екі бағыт бойынша іске асырылатын болады.
Бірінші – олардың теңгерімді дамуын қамтамасыз ету тұрғысынан алғанда өңірлерде экономиканың басым секторларының өндірістерін ұйымдастыру.
Екінші – елдің қалыптасып жатқан мегаполистерінің және оларға іргелес аумақтардың негізінде басып оза өсу аймақтарын құру.
Қарастырылып отырған кезеңде индустриялық жаңғырту негізінен экономиканың экспортқа бағдарланған дәстүрлі салаларын, сондай-ақ өндіріс факторларын қарқындату негізінде осы секторлардың сұранысына бағдарланған ілеспе салаларды дамытумен айқындалатын болады.
Қалыптасқан оқшаулау орталықтарында дәстүрлі және секторлардың ішкі сұранысына бағдарланған өндірістерді орналастыру шикізат, электр энергиясы және көлік инфрақұрылымына немесе өткізу нарықтарына жақын көздеріне байланыста жүзеге асырылатын болады.
Агроөнеркәсіп кешені, жеңіл өнеркәсіп және туризм саласында экспортқа бағдарланған жаңа өндірістерді дамыту осы секторлардағы қызметкерлердің біліктілігіне қойылатын талаптарды және елдің еңбек ресурстары ұтқырлығының салыстырмалы түрде төмен болуын ескере отырып, ірі қалалардың базарларына бағдарлана отырып, осы салалар үшін дәстүрлі өңірлерде немесе еңбек ресурсы жоғары өңірлерде жүзеге асырылатын болады.
Экономиканың ұзақ мерзімді және сапалы өсу перспективалары жоғары технологиялы, инновациялық жаңа өндірістердің қажетті ғылыми-техникалық және білім беру әлеуетіне, коммуникациялық инфрақұрылымға ие қалыптасып жатқан Астана және Алматы агломерацияларына және оларға іргелес аумақтарға шоғарылануымен айқындалатын болады.
Еңбек пен капиталдың ауқымынан, ұтқырлығынан үнемдеуде көрініс тапқан агломерациялық әсер, өндіріс факторларынан қайтарымдылықты ұлғайту жиынтығында осы қалаларда елдің қалған өңірлері үшін жаңа мүмкіндіктердің мультипликациясымен экономиканың баса оза өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бизнестің, мемлекеттің салалық және аумақтық органдарының іс-қимылын үйлестіруге мүмкіндік беретін тұрақты түрде өзектендірілетін құрал өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру схемасы елдің өндірістік әлеуетін оңтайлы орналастырудың құралына айналады.
Бұл ретте Өндірістік қуаттарды ұтымды орналастыру схемасы Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасын, сондай-ақ басқа да қала құрылысы құжаттарын (аумақтық дамудың өңіраралық схемалары, аумақтың қала құрылысын жоспарлайтын кешенді схемалар, елді мекендердің бас жоспарлары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) әзірлеу үшін негіз болып табылатын Қазақстанды аумақтық-кеңістіктік дамытудың болжамды схемасының құрамдас бөлігіне айналады.
Достарыңызбен бөлісу: |