Жітіден төмен - ұзағырақ мерзімге (2-3 аптаға дейін) созылады.Клиникалық белгілері өзіне тән болғанмен оншама айқын байқалмайды.
Созылмалы – қоздырушы әлсіз немесе организмнің табиғи төзімділігі жоғары болған кезде ауру әумез дамиды да, бірнеше аптаға немесе айға, тіпті жылға созылады.Бірқатар жұқпалы аурулар / туберкулез,бруцеллез, лейкоз / созылмалы түрде өтеді.
Айта кететін жайт, әр түрлі ауруға сондай-ақ жұқпалы ауруларға ремиссия және рецидив секілді құбылыстар тән.
Ремиссия – аурудың келе жатып әлсізденуі немесе көрінбей қалуы.
Рецидив – жазылып қайта ауруы.
Иммунологиялық икемділік және оның табиғи төзімділік (резистенттілік) пен иммунитетті құруындағы ролі.
Табиғи төзімділік (резистенттілік) және жұқпалы ауруға қарсы иммунитет - бұл жұқпалы аурулардан жануарлар организмінің әр түрлі қорғаныс механизмдері.
Иммунологиялық икемділік –бұл организмнің өзінікі мен бөтенді ажыратып,генетикалық бөтен антигендік ақпарды өңдеп, оған иммунологиялық жауап реакцияларын беру қабілеті.
Табиғи төзімділікке жататындар: көптеген микроорганизмдер үшін терінің барьерлік қызметі; эпителидің бактерицидті қасиеті; май және тер бездерінің секреттері; сілекейдің, көз жасының лизоцимі; асқазан-ішек секреттерінің бактериоцидтігі және т.б ; лимфа түйіндерінің барьерлік қызметі; жергілікті қабыну реакциясы; фагоцитоз (организм ұлпаларындағы лейкоциттермен және макрофактармен микроорганизмдерді жою) ; асқазан- ішек жолдарының қалыпты микрофлорасының қорғаныс қасиеті; гуморальді факторлар (қалыпты антиденелер, комплект, пропердин, С-реактивті ақуыз, бактериолизиндер).
Иммунитет. Инфекциялық патологияда иммунитеттің келесі анықтамалары келтірілген.
Жұқпалы ауруға қарсы иммунитет - бейімділікке қарама-қарсы жағдай,организмнің инфекция қоздырушысының зардапты әсеріне төтеп беретін мүмкіндігі.
Жалпы биологиялық түсінікте иммунитет - бұл организмнің ішкі ортасының тұрақтылығын сақтау мақсатындағы қабілеттілігі. Берілген қабілеттілік гендер жиынтығының бір хромосомасына бекітілген. Негізінде жұқпалы ауруларға қарсы иммунитеттің арнайы механизмдері болмайды, сондықтан да берілген ұғым шартты болып келеді. Иммунитет және жұқпалы ауруға қарсы иммунитет – созылмалы биологиялық эволюцияның нәтижесінде пайда болған , организмнің қорғаныс белгісі.
Туа біткен иммунитет – белгілі бір түрге жататын жануардың тұқым қуалаған биологиялық қасиеттері қалыптастырылады.Бұл иммунитет кейбір жануарлардың түрлерін белгілі бір ауруларға қарсы төзімді етеді.Туа біткен иммунитет тұқым қуалайды.
Туынды иммунитет - жұқпалы аурудан айыққыннан соң пайда болып, ауруға байланысты бірнеше айға немесе өмір бойы сақталуы мүмкін.
Активті жасанды иммунитет - бірнеше айдан 2 жылға дейін созылады.( көптеген вакциналарды қолдану кезінде), пассивті иммунитет ( қан сөлдері немесе колостральді) шамамен 15.....30 күнге спецификалық қорғанысты қалыптастырады ).
Иммунологиялық толеранттылық - арнайы бір антигенге иммундік жауап болмайтын ерекше иммунологиялық құбылыс.Организмнің өз антигендеріне шыдамдылығы болады да,қалыпты жағдайда оларға қарсы жауап бермейді. Толеранттылықтың механизмін организмде тиісті лимфоциттердің клонының болмауымен немесе олардаң тежелуімен түсіндіреді.Иммунологиялық толеранттылық антигеннің организмінен толық ығыстырылғанына дейін сақталады.Оның өрістеу механизмі әлі толық зерттелмеген.Кейінгі деректерге қарағанда,антиген плазматикалық торшалардың белсенділігін тежейтін Т- супрессорларды түзетін сияқты.
Әдебиеттер:
Сидорчук А.А., Воронин Е. С., Глушков А.А. Общая эпизоотология. М.: Колос, 2004.- стр 31-39.
Бақылау сұрақтары:
Жұқпалы аурулардың клиникалық көріністері мен ағымының негізгі формалары қандай?
Иммунологиялық икемділік дегеніміз не? Иммунологиялық икемділік және оның табиғи төзімділік пен иимунитетті құруындағы ролі қандай?
Жұқпалы ауруларға қарсы иммунитет ұғымына және жұқпалы ауруларды алдын алудағы маңызына сипаттама беріңіз?
4 - тақырып. Індет процесі және оның қозғаушы күштері мен заңдылықтарының мәні.
Мақсаты: Індет процесінің анықтамасын зерттеу және мәнін ұғыну.
Жоспар: 1.Індет процесі
2.Індет процесінің қозғаушы күштері
Індет процесі жануарлардың жұқпалы ауруларының пайда болуынан, таралуынан және тоқтауынан туындап, ауру қоздырғышының зардапты микробтардың табиғатта сақталуын қамсыздандырып, үздіксіз індет бұғауы түрінде көрінеді. Індет процесінің алғы шарты болып, биологиялық паразитизм қызмет етеді. Үздіксіз індет бұғауында жұқпалы аурулардың әрбір жаңа факторлардың туындауындағы міндетті шарты болып үш тұрақты элементі қарастырылады. Олар: инфекция қоздырушысының бастауы, қоздырушының берілу тетігі, бейім жануарлар. Осы келтірілген үш фактор індет процесінің негізгі құрамы немесе бастаушы қозғаушы күштері деп аталады.
Індет қоздырушысының бастауы. Бұл жұқпалы аурулардың қоздырғыштары сақталып, өсіп-өніп қана қоймай, сонымен қатар сыртқы ортаға бөлініп шығатын немесе басқа ауруға бейім жануарға тікелей берілетін, микроб жұқтырған организм болып табылады.Инфекция қоздырушысының бастауына ауру, аурудан айыққан, микроб алып жүруші жануарлар жатады. Қоздырғыштардың биологиялық ерекшеліктеріне,организмнің икемділігіне және аурулардың патогенетикалық ерекшеліктеріне байланысты, жануар организміне микробтардың ену ұзақтығы әртүрлі болып келеді.Ең күшті, әрі қауіпті қоздырушы бастауы – айқын клиникалық белгілері бар ауру мал.Аурудың өршіген кезінде сыртқы ортаға микроб ең көп мөлшерде шығарылады.Микробтың денеден шығу жолдары: нәжіс, несеп, тері қыртыстары, көз, мұрын және жыныс жолдарынан аққан сора, сілекей, аққан қан мен ірің,түсік тасталған төл,шарана суы, сауылатын малдың сүті, т.б. Ауру әдеттегіден тыс өрбіген жағдайда да ондай жануарлар өте қауіпті инфекция бастауы болып табылады,өйткені ондай малдарды тауып, бөліп алудың өзі қиындыққа соғады.Мұндай бастаулардың қауіптілігінің жоғары болуы, жайлы шаруашылықтарда жұқпалы аурулардың бұрқетпесіне әкеліп соқтыруы мүмкін.Инфекция кезінде ауру жануарлар адам үшін де инфекция қоздырғышысының резервуары болуы мүмкін.Ауру қоздырғышының резервуары деп зардапты агент тіршілігінің табиғи ортасы болып табылатын, белгілі бір жануарлар түрінің жиынтығының организмін айтады.Демек, инфекция қоздырушысының бастауы - жұқпалы аурулардың туындауы мен таралуына мүмкіндік беретін міндетті элемент болып табылады. Дер кезінде анықтау,зарарсыздандыру немесе жою- індетке қарсы шаралардың маңыздыларының бірі болып табылады.
Инфекция қоздырушысының берілу тетігі. Жұқпалы аурудың сау, бірақ ауруға бейім жануарға қоздырушысының бастауынан берілмейінше туындамауы. Берілу тетігі зардапты микробтың бір жануардан екіншісіне ауысуын қамтамасыз етеді.Осындай ауысу арқылы ғана қоздырушы микроб табиғатта сақталады. Өйткені ауруға бейім организмде микробқа қаншама қолайлы жағдай болғанымен инфекциялық процестің нәтижесінде денедегі иммундік тетіктер іске қосылып, микроб үшін жағдай қолайсыз бола бастайды да, иммунитет күшіне енген кезде микробтың тіршілігінің өзі қиындайды. Организмнің иммунитет реакциялары қоздырушы микробты жеңбеген жағдайдың өзінде де аурудың ақыры малдың өлуімен тынса, бұл да микроб үшін қолайсыз болып табылады.Өйткені мал өлсе, оның өлексесі шіриді де, оның нәтижесінде қоздырушы микроб мүлдем қырылады.Сонымен зардапты микробтың табиғатта сақталу үшін иесін ауыстырып отыруы қажет. Жануар организмінен қоздырғыштың бөлінуімен бастылып,содан соң берілу факторы әртүрлі элементтер болатын,сыртқы ортада шоғырланатын, инфекция қоздырғышының берілу тетігі өте әртүрлі.Соңғы сатысында ауру қоздырғышы бейімделген ортасына ,яғни жаңа иесінің организміне енуімен өтеді. Берілу тетігінің сипаттамасы қоздырғыштың органотроптығымен, оның бөліну жолдарымен,инфекция қақпасымен байланысты болып келеді.Ауру кезінде қоздырғыш теріге сыртқы ортаның әртүрлі элементтері арқылы енеді немесе ауру жануарлармен тікелей жанасу арқылы беріледі.
Инфекция қоздырғышының бес көлденең немесе горизонтальді және бір тік немесе вертикальді берілу жолдарын ажыратады.Көлденең немесе горизонтальді берілу - бұл аурудың бір жануардан келесі жануарға жұғуы. Яғни жем-шөп және су арқылы ( алиментарлық ), топырақ арқылы ( топырақтық ), ауа арқылы ( аэрогендік ), тірі тасмалдаушылар арқылы ( жәндіктер,кенелер,тышқандар,құстар ).
Тік немесе вертикальді берілу – бұл ауру қоздырғышының ата-енесінен ұрпағына берілуі. ( планцента,трансвариальді, уыз немесе сүт және т.б.)
Ауруға бейім жануарлар. Жұқпалы аурулардың таралуы үшін қоздырушының бастауы мен оның берілу механизмдерінің болуы жеткіліксіз.Ауру тек қана індет процесінің тағы бір міндетті құрамы, оның үшінші буыны – бейім жануарлар болғанда ғана одан ары тарайды.Індет бұғауының барлық үш буыны түгелденгенде ғана індет процесі тоқтаусыз жалғаса береді.
Жануарлардың ауруға бейімділігі – инфекция процесі организмге түскен микробты мөлшері мен уыттылығына ғана емес,генетикалық бейім жануардың әрқайсысының төзімділігіне де байланысты.Белгілі бір ауруға бейімділік деп әрбір түрдің жұқпалы аурудың қоздырушысымен жанасқанда оны жұқтырып,содан туындайтын ауруға қабілеттілігін айтады.
Мал үйірінің ауруға бейімділігі жұғымталдық көрсеткіші деген нақтылы шамамен бейнеленеді.Жұғымталдық көрсеткіші деп инфекция қоздырушысының бастауымен жанасқан жануарлардың ауруға шалдығу проценті, яғни жүз басқа шаққандағы ауырған малдың саны.Ауруға бейім мал басының иммунологиялық құрылымы көптеген жағдайларға байланысты. Олар телімді және телімсіз факторларға бөлінеді.Жануар организмінің ауруға табиғи төзімділігін қалыптастыратын ең маңызды телімсіз факторларға малдың тұқымы, жасы мен жынысы, физиологиялық жағдайлары, мал шаруашылығындағы технология, стрестік жағдайлар мен қосалқы аурулар жатады.Ал телімді фактор – жасанды иммундеу,соның нәтижесінде пайда болған нақтылы ауру қоздырушы микробқа қарсы иммунитет.Телімді факторлар иммунитетпен қатар шектен тыс сезімталдық немесе керісінше бейтараптық қалыптастыруы мүмкін.Жалпылай әсер ететін телімсіз факторлар мен арнайы әсер ететін телімді факторлардың жиынтық әсерінің нәижесінде нақтылы мал басында топтық иммунитет қалыптасады.
Індеттенудің қозғаушы күштері арасындағы байланыс індет процесінің пайда болуы мен дамуының ғана емес, сонымен бірге оның тежелуінің, тіпті өршуінің де себепкері болып табылады.Осындай ішкі қайшылықтардың нәтижесінде індет процесі біркелкі дамымайды,ол бірнеше сатыларға бөлінеді.Індеттің өрбу динамикасын алты сатыға бөледі.Олар – індетаралық, індеталды, өршу , шегіне жету, өшу, індет соңы кезеңдері деп аталады.Індет процесі үздіксіз өтетін болғандықтан ол кейде күшейіп, кейде бәсеңдеп отырады.Індеттену қарқынының уақыт өткен сайын өзгеруін маусымдылық және кезеңділік деп ажыратылады.Бұндай ауытқулар індет процесіне табиғи және шаруашылыққа байланысты жағдайлардың әсерінен туындайды сонымен қатар індеттенудің маңызды сапалық көрсеткіштеріне жатады.Оларды індетке қарсы шараларды жоспарлау және орындау барысында ескеріп отырады.
Індет процесінің қарқыны аурудың бір малдан басқа малға жұғуы жағынан немесе оның кеңістікте таралу ауқымы тұрғысынан болсын, әр түрлі ауруды былай қойғанда бір ауру кезінің өзінде барлық жағдайда бірдей болмайды.Бір жағдайда бірен-саран ғана мал ауырса, екінші жағдайда ауруға малдар жаппай шалдығады.Індеттің таралған аймағының ауданы да әртүрлі болады.Сондықтан да қарқыны және жайылу ауқымына байланысты індет процесі үш түрлі болып кездеседі: аурудың бірен-саран білінуі (спорадия), індет ( эпизоотия) және лаң ( панзоотия). Індет процесінің қарқындылығынан басқа энзоотия ұғымы қалыптасқан. Энзоотия - індет қарқынының көрсеткіші емес,оның бір ортаға тұрақтануы, жұқпалы аурудың бір жерде үздіксіз қайталанып, сол аймаққа дөп келуі.
Індет процесінің таралу қарқынына ( интенсивтілік ) салыстырмалы түрде обьективті баға беру үшін әр түрлі статистикалық шамалар пайдаланады: таралу, шығын, басылымдылық және баяулық ( экстенсивтік ) көрсеткіштеріне : аурудың таралуы, жеке аурудың үлес салмағы, індет ахуалының шиеленісі, ошақтану, маусымдылық, ауру жайлаған пункттердің үлесі , індеттілік көрсеткіштері жатады.
Әдебиеттер:
Сидорчук А.А., Воронин Е. С., Глушков А.А. Общая эпизоотология. М.: Колос, 2004.- стр 41-51.
Бақылау сұрақтары:
1.Індет процесі деген не? Індет процесі мен инфекция процесінің айырмашылығы қандай?
2.Індет бұғауының буындарына сипаттама беріңіз?
3.Індет процесінің қозғаушы күштерін сипаттаңыз?
4.Инфекция қоздырушысының бастауы мен инфекция қоздырушысының резервуары деген не? Олардың арасындағы айырмашылық қандай?
5.Ауруға бейім жануарлар деген не? Оның индивидуальді және топтық бейімділігі мен оларға әсер ететін факторларға сипаттама беріңіз?
5- тақырып. Ветеринариялық санитарияның індетке қарсы шараларындағы ролі. Дезинфекция және оның індетке қарсы шаралардағы орны. Дератизация, дезинсекция және олардың індетке қарсы шаралардағы орны.
Мақсаты: Індетке қарсы шараларда ветеринариялық санитарияның рөлін меңгеру.
Жоспар: 1. Ветеринариялық санитария ұғымы.
2. Індетке қарсы шаралардағы дезинфекцияның және оның ролі.
3. Дератизация, дезинсекция және олардың індетке қарсы шаралардағы орны.
Ветеринариялық санитария - латынның «sanitas» ( денсаулық) әр түрлі обьектілердің патогенді бактериялардың, вирустардың, саңырауқұлақтардың,гельминттердің кешенді қарастыратын ғылым.Індеттануға кіретін ветеринариялық – санитарияның мақсаты бір сөзбен тұжырымдайтын болсақ,қоршаған ортаны жұқпалы аурулардың қоздырғышынан ада ету.Ветеринариялық санитария шаралары инфекция қоздырушысының берілу тетігіне қарсы бағытталған.Ол сыртқы ортада ауру қоздырғышының таралуына жол бермеуге, ал тарай қалған сәтте оларға жоюға бағытталған .Бұл шаралар тиісті обьектілердің қызметіне байланысты.
Дезинфекция деп сыртқы ортадағы жұқпалы аурулардың қоздырушылары зардапты микробтарды жою шараларын айтады. Дезинфекцияның мақсаты -сыртқы ортадағы заттарды зарарсыздандырып,ондағы зардапты микробтарды өлтіріп, ауру жұқпайтындай ету. Дезинфекцияның обьектілерін және түрлерін меңгенру қажет.Стерилдеу, пастерлеу, зарарсыздандыру, залалсыздандыру терминдерін білу қажет.
Дезинфекция заттары физикалық ( күн сәулесі,жоғары температура,ультракүлгін сәулелері және т.б.) химиялық ( сұйық және қатты,аэрозольді немесе газ тәрізді түрінде – қышқылдар,сілтілер және т.б.) және биологиялық ( микроорганизмдердің көмегімен). Дезинфекциялайтын аппараттармен ( гидропульт, ДУК, ЛСД, стационарлы дезустановкалар) жұмыс істей білу, ерекшеліктерін ( киім, аяқ киім, сүт ыдыстарын) залалсыздыра біліп,әр түрлі препараттарды мал тұрған жерлерде құс қораларында қолдана білуін меңгеру. Дезинфекцияның әдістерін бақылап ретімен меңгеріп қорытынды ІҚШ –ды фермаларда жүргізе білу қажет.
Дератизацияның негізгі мақсаты - адам мен жануарларға әр түрлі ауруларды тасымалдайтын зиянкес кемірушілерге қарсы бағытталған шаралар кешені.Кемірушілердің негізгі түрлерін және биологиясын білу. Дератизацияның ескерту және жоятын түрлерін айыра білу қажет. Кемірушілермен күресте механикалық ( қақпан ), химиялық ( зоокумарин, зоокумарин натрий тұзы, дифенацин т.б.), биологиялық ( үкі, кірпі, ит, мысық, егеуқұйрық «көк жал» және т.б.),бактериологиялық ( сальмонеллалар - Исаченко,Прохоров орталары, бактокумарин және т.б.). Кемірушілермен күрес жүргізгенде оларды қорек пен судан аластап, ін қазатын, балалайтын және тығылатын мүмкіндіктерін жою қажет.
Дезинсекцияның мақсаты – жануарлардың індеттік аурулардың тасымалдайтын зиянды жәндіктермен күресуді меңгереді. Дезинсекцияның принциптерін және күресу жолдарын ( механикалық, физикалық, биологиялық және химиялық) білу керек. Химиялық препараттардың ( инсектицид, акарацид, репелент және т.б.), қолдану формаларын ( ерітінді, эмульсия, суспензия) шашу үшін, аэрозольді және газ тәрізді түрін білу қажет.
Дезинфекция, дератизация және дезинсекция эпизоотологиялық үрдістерді тежеп немесе мүлде тоқтатады. Індетке қарсы шараларды тиімді әрі сапалы жүргізе білу керек.
Әдебиеттер:
Урбан В.П., Сафин М.А. және т.б. Практикум по эпизоотологии и инфекционным болезням с ветеринарной санитарией. «Колос С», 2003. 42-74 бет.
Бақылау сұрақтары:
1. Ветеринариялық санитария және оның індетке қарсы шаралардағы орны?
2. Дезинсекция және оның мақсаты?
3. Дезинфекцияда қолданылатын заттар?
4. Дератизация және дезинсекция деген не олардың мақсаты?
5. Дератизацияның жоятын түрінің қандай әдістері болады?
6 тақырып. Спецификалық заттар және иммунопрофилактика шаралары. Биологиялық препараттар және олардың қолдану әдістері.
Мақсаты: Биологиялық препараттарды профилактикада қолдану, малдардың ауруларын болжауда, емдеуде қолдану.
Жоспар: 1. Биопрепараттар. Вакциналар.
2. Алу әдісіне қарай вакцина классификациясы.
Биопрепараттардың жалпы мінездемесі және классификациясы. Спецификалық иммунопрофилактиканың негізгі әдісінде иммуннитеттің негізі жатыр. Бұл организмнің бөгде заттарды айыру қасиеті. Індеттік ауруларға қарсы иммунитетті қалыптастыру үшін ветеринарлық биологиялық препараттар қолданады.
Биопрепараттар- жануарлар мен адамдардың індеттік аурулардың алдын алу және емдеу арналған, биологиялық әдіспен өндірілген заттар.
Биопрепараттар классификациясы:
Профилактикалық: вакциналар, сарысу-глобулин, интерферон;
Емдік: сарысу - глобулині, бактериофагтер, антибиотик, пробиотиктер;
Балау (диагноз): сарысу, антигендер, аллергендер, бактериофагтер;
Стимулдейтіндер: иммуностимуляторлар, азықтық антибиотиктер, гормондар, витаминдер.
Вакциналар. Вакциналау 100 жыл бойы індетке қарсы шараларда қолданып ветеринарлық практикада кең қолданылуда. Кейбір індеттік ауруларда вакциналау басты және эффективті бақылау әдісі болып саналады.(топалаңда, листериозда т.б.). Вакцинологиядағы негізгі түсінік – ( вакциналардың өңдеу және қолдану ғылымы) - ол вакцина. Жануар организімінде активті иммунитетті құру үшін микроорганизмдерден өңделетін спецификалық антигенді биопрепарат. Вакциналардың алу жолына қарай классификациясы. Вакциналардың құрылымы және түрлері: Тірі - тірі әлсіреген микроорганизм штамдерінен алынған, антигендік қасиетін жоғалтпаған. Инактивирленген ( өлтірілген) - микроорганизмнің бұзылусыз инактивация жолы мен алынған. Субьединичная (химиялық) - микроорганизмнен әр түрлі антиген фракциясын: полисахарид, ақуыз жолымен алынған антигеннен тұрады. Гендік – инженерия - басқа клеткаға геном енгізу арқылы синтез арқылы антиген алып, молекулярлы биологиялық өнім алуды қамтиды.
Тірі және инактивирленген вакцина.Тірі вакциналар тиімді биопрепараттарға жатады.Олардың тиімділігі: бір қолданғанда аз дозада иммунитетті құрайды. Кемшіліктері: жоғары реактогендік, қалдық уыттылығы және вакцина штамдарының қайта өз қасиетіне келуі. Тірі вакциналар авирулентті немесе әлсіреген микроорганизм штамдарынан алынады.Олар алғашқы қасиетіне қайтып келмейді, бірақ иммуногендігін сақтап қалған.
Инактивирленген иммунитет тірі вакциналарға қарағанда әлсіз иммунитет қалыптастырады. Инактивирленген вакциналардың тиімділігі: олар қауіпсіз. Кемшілігі: антиген мөлшері көбірек қажет етеді және қайталап вакциналау. Вакцинацияның әр түрлі әдіс – тәсілдері бар. Жай вакцинация – бір ғана вакцина қолданады.( бір індеттік ауруға қарсы емес ). Кешенді вакцинация – бірнеше вакцина қолданады. ( оларды енгізердің алдында араластырады, әлде бөлек салады ).
Сарысу және глобулиндер. Белгілі ауру қоздырушысына қарсы антиденесі бар препарат. Гипериммуннизацияланған немесе ауырып – айығып кеткен жануарлардан алынып, емдеуде және ауруларды диагностикалауда қолданады.Сарысу мен глобулиндерді алу жолына қарай былай жіктейді: реконваленсцент сарысуы, гипериммунды, антитоксикалық, гаммаглобулин. Қолдануына: емдік – алдын алу, антибактериялық, вирусқа қарсы, аралас. Болжау: аглютинирлеуші, преципитирлеуші, гемолитикалық, анти түрлері және т.б.
Бактериофагтар, интерферондар. Оларды ауқымды спектрлі әсер ететін препараттар қатарына жатқызып, алдын алуда, емдік және балауда қолданады. Бактериофагтар - бактериялар мен вируста табиғатта кең таралып бактериальды торшаның лизисін шақыртады. Індеттік аурулардың бактериальды этиологиясын балауда және алдын алуда қолданады. Емдік - алдын алу шараларында кең қолданбайды қолданса, тері асты, бұлшық етке , ішке енгізеді.
Интерфероны: вируспен ракқа қарсы қасиеті бар ерігіш гормон тәріздес ақуыз және полипептидтер . Организмде олардың үш типі синтезделеді: альфа-интерферон; бета-интерферон; гамма-интерферон. Олардың антиденелерден айырмашылығы торшалық емес вирустарға әсер етпейді; вирустың торшаға кіруіне кедергі жасайды және вирустың клеткадан шығуына әсер етіп, көбеюін тежейді.
Диагностикалық (балау) биопрепараттар, оларға балау иммунды сарысуы және глобулині; антиденелер, аллергендер, бактериофагтар. Оларды қоздырғыштарды пат. материалда серологиялық реакциялардың сапасын бақылау мақсатынды қолданады.
Антигендер- індеттік ауруларды лабораторлық болжауда қолданылады, негізінен антиденелерді ауырған немесе ауырып кеткен малдың қан сарысуынан анықтау үшін қолданады.
Аллергендер – бұл ауру жұқтырылған организмде тітіркенуді тудыратын қоздырғыштары бар препарат.
Пробиотиктер – тірі микроорганизм культурасын сипаттайды, асқортуды жақсартатын және ішек – қарын микрофлорасын қалпына келтіреді, асқорыту жолдарын емдеуде және алдын алу шараларында қолданылады. ( АБК – ацидофильді бульонды культура , ПАБК – пропион - ацидофильді бульонды культура және т.б.)
Азықтық антибиотиктер – ұнтақ түріндегі антибиотик препараттары, азықпен бірге қосып , алдын алуда, емдеуде және малдың өнімділігін арттыруда қолданады.( биовит, биошрот және т.б.)
Биопрепараттарды тасымалдау және сақтау . Биопрепаратардың сапасын мұздау, жоғары температура, жоғары ылғалдылық, күн сәулесін төмендетеді.Сол себептен оларды арнайы жағдайда сақтау қажет. Оларды құрғақ, салқындау, қараңғы ғимараттарда немесе мұздатқыш камераларында ( 2 ден 8 0 – 10 0 С) температурасында. Ғимаратты жауып кілтін арнайы тұлғаға тапсырады. ( аптека басқарушысы). Міндетті түрде жұмсалған, әкелінген препараттар тіркелініп отырады. Әр препараптқа жеке орын жабдықтайды.
Құрғақ препараттарды температура 0 0 С –ден төмен болғанда сақтауға болады, өйткені оларда ылғал жоқ болғандықтан.
Әдебиеттер:
Сидорчук А.А., Воронин Е. С., Глушков А. А. Общая эпизоотология. М.: Колос, 2004. 126-135 бет.
Бақылау сұрақтары:
Ветеринарлық биопрепараттарды ата, олардың негізгі кластары, диагностикада, алдын алуда алатын орны?
Вакциналардың негізгі кластарын ата, тірі вакцинаның кемшіліктері мен тиімділігін баяндау?
Балау биопрепараттарының түрлері ( жіктелуі) және олардың індетке қарсы шаралардағы мәні?
Вакцинацияның әсерін және енгізу тәсілдерін баяндау. ( активті, пассивті, аралас, жай, кешенді).
7 – тақырып. Ауылшаруашылық малдарда сібір жарасы. ( Топалаң)
Мақсаты: Індетке қарсы шаралардың этиологиясын, эпизоотологиясын, белгілерін және балау әдісін меңгеру.
Жоспар: 1. Анықтамасы, этиологиясы. Ауру негізінде індеттік жиынтығы.
2. Клиникалық белгілері, пат-анатомиялық өзгерістері, иммунитет.
3. Алдын алу және күресу жолдары.
Сібір жарасы – Anthrax- жіті өтетін, өлі тиіп, күйдіргі тектес қабыну ретінде байқалатын жұқпалы ауру.
Этиология. Қоздырушысы - Bacillus anthracis - ірі ( 3-10 х 1-1,5 мкм ) қозғалмайтын грам оң, спора түзетін ауа сыбағалы таяқша.Спора түзіп, қолайлы жағдайда вегетативті түрге ауысады. Төзімділігі: Вегетативті микроб төзімсіз 55 0 С температурада 40 мин ішінде өледі, ал 70 0 та 1 мин споралары өте төзімді. Олар шіріген өлекседе тіршілігін сақтайды, суда жылдар бойы, топырақта ондаған жылдар сақталады.
Дезинфицирлеуші заттар: 3 % креолин енгізсе 48 сағат 10 – 20 % хлоры әк, 10 % натрий, 15 % формальдегид.
Достарыңызбен бөлісу: |