987-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет орын алған орындаушының орындауға құқығы Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады. Бұл жағдайда орындаушының және оның мұрагерлерiнiң, сондай-ақ азаматтығына қарамастан орындаушының өзге де құқықтық мирасқорларының құқықтары танылады.
Орындау алғаш рет шет мемлекеттiң аумағында жүзеге асырылған жағдайда да орындаушының, сондай-ақ оның құқықтық мирасқорларының құқығы танылады.
2. Егер фонограмма жазбасы алғаш рет Қазақстан Республикасында көпшiлiк алдында қайта жаңғыртылса немесе оның даналары көпшілікке таратылса, бұл фонограмма шығарушының құқықтары Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады.
Қазақстан Республикасы азаматтарының немесе Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жерi немесе тұратын орны бар заңды тұлғалардың да фонограмма шығару құқықтары танылады.
3. Егер ұйымның Қазақстан Республикасының аумағында ресми орналасқан жері болса және хабарларды Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан таратқыштар көмегiмен жүзеге асырса, оның эфирлiк немесе кабельдiк хабар таратуды ұйымдастыру құқығы танылады.
4. Өзге де шетелдік орындаушылардың, фонограммалар шығарушылардың, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының құқықтары Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарға сәйкес қорғалады.
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 988 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
988-бап. Сабақтас құқықтар субъектiлерiнiң құқықтарын реттеу
Орындаушының, фонограмма шығарушының, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының айрықша және өзге де құқықтарының көлемi мен мазмұнын, сондай-ақ аталған субъектiлердiң айрықша құқықтарын шектеу жағдайлары мен шектерi және оларды бұзғаны үшiн жауапкершiлiк заң актілерімен реттеледi.
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 989 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
989-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылу мерзiмi
1. Орындаушыға қатысты сабақтас құқықтар алғаш рет орындалғаннан кейiн немесе қойылғаннан кейiн жетпіс жыл бойы күшiнде болады. Орындаушының өз аты-жөнiне және орындауды немесе қойылымды бұрмалаудан қорғауға құқықтары мерзiмсiз қорғалады.
2. Фонограмма шығарушыға қатысты сабақтас құқықтар фонограмма алғаш рет жарияланғаннан кейiн жетпіс жыл бойы не, фонограмма бұл мерзiм iшiнде жарияланбаса, ол алғаш рет жазылғаннан кейiн жетпіс жыл бойы күшiнде болады.
3. Эфирлiк хабар тарату ұйымына қатысты сабақтас құқықтар мұндай ұйым эфирге алғаш рет хабар берудi жүзеге асырғаннан кейiн жетпіс жыл бойы күшiнде болады.
4. Кабельдік хабар тарату ұйымына қатысты сабақтас құқықтар мұндай ұйым кабель бойынша алғаш рет хабар берудi жүзеге асырғаннан кейiн жетпіс жыл бойы күшiнде болады.
5. Осы баптың 1-4-тармақтарында көзделген мерзiмдердi есептеу мерзiмi өтуiнiң басталуына негiз болатын заңды факт орын алған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан басталады.
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 990 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
990-бап. Шетелдiк азаматтар немесе шетелдiк заңды тұлғалар болып табылатын орындаушылардың, фонограммалар шығарушылардың , эфирлiк және кабельдік хабар тарату ұйымдарының құқықтары
Шетелдiк азаматтар немесе шетелдiк заңды тұлғалар болып табылатын орындаушылардың, фонограммалар шығарушылардың , эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының құқықтары, егер олар өздерiнiң алғашқы қойылымын, орындауын, жазбасын немесе эфирге хабар таратуын Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерде жүзеге асырса, оның аумағында Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес қолданылады.
52-тарау. Өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсіптік үлгіге құқық
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 991-бап өзгертілді
991-бап. Өнертабысты, пайдалы модельді, өнеркәсіптік үлгіні құқықтық қорғау талаптары
1. Өнертабысқа, пайдалы модельге және өнеркәсiптiк үлгiге құқықтар патентпен қорғалады.
2. Жаңа, өнертапқыштық деңгейi бар және өнеркәсiпте қолдануға болатын техникалық шешiм құқықтық қорғау берiлетiн өнертабыс болып танылады.
3. Жаңа және өнеркәсiпте қолдануға болатын техникалық шешім құқықтық қорғау берiлетiн пайдалы модель болып танылады.
4. Бұйымның сыртқы түрiн белгiлейтiн, жаңа, түпнұсқалық болатын көркемдiк-конструкторлық шешім құқықтық қорғау берілетін өнеркәсіптік үлгі болып танылады.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Патент алу құқығы туындайтын өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге қойылатын талаптар, мемлекеттік уәкiлеттi органның (бұдан әрi - патенттiк органның (ұйымның) оны беру тәртiбi заңнамалық актiде белгiленедi.
6. Патентке қабiлетi жоқ техникалық шешiмдердiң, бұйымдардың көркемдiк-конструкторлық шешiмдерiнiң тiзбесi заң актілерімен белгiленедi.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 992-бап өзгертілді
992-бап. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалану құқығы
1. Патент иеленушінің өнiмдi қорғалған шешiмдердi қолдану арқылы өндiру, патентпен қорғалған технологиялық процестердi өз өндiрiсiнде қолдану, қорғанған шешiмi бар бұйымдарды сату немесе сатуға ұсыну, тиiстi бұйымдарды импорттау құқықтарын қоса алғанда, патентпен қорғалған өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi өз қалауы бойынша пайдалануға айрықша құқығы болады.
2. Осы Кодекске немесе басқа заң актілеріне сәйкес патент иеленушінің құқықтарын бұзу болып табылмайтын пайдалану жағдайларын қоспағанда, басқа адамдардың өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi патент иеленушінің рұқсатынсыз пайдалануға құқығы жоқ.
3. Патенттелген өнертабысты, пайдалы модельдi немесе өнеркәсiптiк үлгiнi қолданып жасалған бұйымдарды рұқсатсыз жасау, қолдану, импорттау, сатуға ұсыну, сату, азаматтық айналымға өзгедей енгізу немесе осы мақсатпен сақтау, сондай-ақ өнертабысқа патентпен қорғалатын әдiстi қолдану немесе тiкелей өнертабысқа берiлген патентпен қорғалатын әдiс арқылы дайындалған бұйымды азаматтық айналымға енгізу не осы мақсатпен сақтау патент иеленушінің айрықша құқығын бұзу болып танылады.
Өзгеше дәлелденбейiнше бұйым патенттелген әдiспен жасалған болып саналады.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 993-бап өзгертілді
993-бап. Патентке берiлетiн құқыққа билiк ету
Патентті алуға құқық, өтiнiмдi тiркеуден туындайтын құқықтар, патенттi иеленуге құқық және патенттен туындайтын құқықтар басқа тұлғаға толығымен немесе iшiнара берiлуi мүмкiн.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 994-бап өзгертілді
994-бап. Авторлық құқық
1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң авторына авторлық құқық тиесілі болады.
2. Авторлық құқық және өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге басқа да жеке құқықтар қорғау құжатына негiзделген құқықтардың туындаған кезiнен бастап пайда болады.
3. Өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсiптiк үлгi авторына заң актілері арнайы құқықтарды, әлеуметтiк сипаттағы жеңiлдiктер мен артықшылықтарды бекітіп бере алады.
4. Өтiнiмде автор ретiнде көрсетiлген тұлға өзгеше дәлелденгенше автор болып есептеледi. Дәлелдемелер ретiнде құқық пайда болғанға дейiн орын алған фактiлер мен мән-жайлар ғана тартылуы мүмкiн.
995-бап. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң тең авторлары
1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң тең авторларының өзара қатынасы олардың арасындағы келісіммен белгiленедi.
2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi жасауға шығармашылық емес жәрдем (техникалық, ұйымдастырушылық немесе өзге де көмек, құқықтарды ресiмдеуге жәрдемдесу және т.б.) тең авторлыққа әкеп соқпайды.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 996-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 996-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
996-бап. Қызметтік өнертабыстар, пайдалы модельдер, өнеркәсіптік үлгілер
Қызметкер өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн немесе жұмыс берушiнiң нақты тапсырмасын орындаған кезде жасаған өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптiк үлгiге (қызметтік өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге) патентке берiлетiн құқық, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, жұмыс берушiге тиесілі болады.
2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2015.31.10. № 382-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 997-бап жаңа редакцияда
997-бап. Автордың қызметтiк өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсiптiк үлгi үшiн сыйақы алуға құқығы
Авторға қызметтiк өнертабыс, пайдалы модель, өнеркәсiптiк үлгi үшiн сыйақы төлеу мөлшерi, шарттары және тәртiбi автор мен жұмыс берушi арасындағы келiсiмде айқындалады. Егер автор мен жұмыс берушiнiң қызметтiк өнертабысты, пайдалы модельдi немесе өнеркәсiптiк үлгiнi жасаудағы үлесiн мөлшерлеу мүмкiн болмаса, авторға сыйақы төлеу мөлшері, шарттары және тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалады.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 998-бап өзгертілді
998-бап. Патенттің Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуы
1. Қазақстан Республикасының аумағында уәкілетті орган берген өнертабысқа, пайдалы модельге және өнеркәсiптiк үлгiге патенттер қолданылады.
2. Шет мемлекет немесе халықаралық ұйым берген патенттер, Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарында көзделген жағдайларда қолданылады.
3. Егер белгiленген тәртiпте мәлiмденген шешiм тиiсiнше өнертабыстарға, пайдалы модельдерге немесе өнеркәсiптiк үлгiлерге Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде қойылатын талаптарға сай келсе, шетелдіктер мен шетелдiк заңды тұлғалар немесе олардың құқықтық мирасқорлары Қазақстан Республикасында өнертабысқа, пайдалы модельге және өнеркәсiптiк үлгіге патент алуға құқылы.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2012.12.01. № 537-ІV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 999-бап өзгертілді; 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 999-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
999-бап. Патенттiң қолданылу мерзiмi
1. Патент патенттiк органға (ұйымға) өтiнiм берілген күннен бастап қолданылады және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген талаптар сақталған кезде:
1) өнертабысқа патент - жиырма жыл бойы күшiн сақтайды.
Қолданылуы үшін Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсаттар алу талап етілетін дәрілік затқа, пестицидке (улы химикатқа) жататын өнертабысқа қатысты айрықша құқықтың және осы құқықты куәландыратын патенттің қолданылу мерзімі патент иеленушінің өтінішхаты бойынша, бірақ бес жылдан аспайтындай етіп ұзартылуы мүмкін.
Көрсетілген мерзім бес жыл шегеріле отырып, өнертабысқа патент беруге өтінім берілген күннен бастап өнертабысты қолдануға алғашқы рұқсат алынған күнге дейін өткен уақытқа ұзартылады;
2) пайдалы модельге патент - бес жыл бойы күшiн сақтайды. Патенттің қолданылу мерзімін патенттік орган (ұйым) патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бірақ үш жылдан аспайтындай етіп ұзартуы мүмкiн;
3) өнеркәсiптiк үлгiге патент - он бес жыл бойы күшiн сақтайды. Патенттің қолданылу мерзімін патенттік орган (ұйым) патент иеленушiнiң өтiнiшхаты бойынша, бірақ бес жылдан аспайтындай етіп ұзартуы мүмкiн.
2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi қорғау патенттік органға (ұйымға) өтiнiм берілген күннен бастап қолданылады. Құқықтарды қорғау патент берiлгеннен кейiн жүзеге асырылуы мүмкiн. Патент беруден бас тартылған жағдайда, қорғауға алынбаған деп есептеледі.
3. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң басымдығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен айқындалады.
4. Айрықша құқықтың қолданылу мерзімі өткеннен кейін, сондай-ақ қолданылуы мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, өнертабыс, пайдалы модель немесе өнеркәсіптік үлгі қоғамдық игілікке өтеді.
5. Қоғамдық игілікке өткен өнертабысты, пайдалы модельді немесе өнеркәсіптік үлгіні кез келген адам ешкімнің келісімінсіз немесе рұқсатынсыз және пайдаланғаны үшін сыйақы төлемінсіз еркін пайдалана алады.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен 1000-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен 1000-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1000-бап. Патенттік құқықтарды беру туралы шарт
Патенттi басқаға беру туралы шарт жазбаша нысанда жасалуға тиіс және патенттiк органда (ұйымда) тiркелуге жатады. Жазбаша нысанның немесе тiркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
1001-бап. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға лицензиялық шарт
1. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға лицензиялық шарт пен қосалқы лицензиялық шарт жазбаша нысанда жасалады және патенттiк органында (ұйымында) тiркелуге тиiс. Жазбаша нысанның немесе тiркеу туралы талаптың сақталмауы шарттың жарамсыздығына әкеп соғады.
2. Лицензиялық шарттың мазмұны осы Кодекстiң 966-бабында жазылған талаптарға сәйкес келуге тиiс.
1002-бап. Ашық лицензия
1. Патент иесi кез келген тұлғаға өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi пайдалануға лицензия (ашық лицензия) алу құқығын беру туралы патенттiк органына (ұйымына) өтiнiш бере алады.
2. Ашық лицензияны пайдалануға ниет бiлдiрген тұлға патент иесiмен төлем туралы шарт жасасуға мiндеттi. Мұндай шарттың талаптары туралы дауларды сот шешедi.
Ашық лицензияға құқық беру туралы патент иесiнiң өтiнiшi қайтарып алуға жатпайды.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1003-бап өзгертілді
1003-бап. Патентті бұзғаны үшін жауаптылық
Патент иеленушінің талабы бойынша патентті бұзу тоқтатылуы тиiс, ал оны бұзушы патент иеленушіге өзi келтiрген залалдарды өтеуге мiндеттi (осы Кодекстiң 9-бабы). Патент иеленуші келтiрiлген залалдың орнына тәртiп бұзушыдан өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi заңсыз пайдалану салдарынан алынған кiрiстi өндiрiп алуға құқылы.
2007.02.03. № 237-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2015.07.04. № 300-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 1004-бап өзгертілді
1004-бап. Оған дейiн пайдалану құқығы
1. Өнертабыстың, пайдалы модельдiң, өнеркәсiптiк үлгiнiң басымдық алған күнiне дейiн Қазақстан Республикасының аумағында автордан тәуелсіз жасалған соған ұқсас шешімді адал ниетпен пайдаланған немесе осыған қажеттi дайындықтар жасаған кез келген тұлға пайдалану көлемiн кеңейтпестен оны әрi қарай тегiн пайдалану құқығын сақтайды.
2. Өнертабысты, пайдалы модельдi, өнеркәсiптiк үлгiнi басымдық алған күнiнен кейiн, бiрақ өнертабысқа, пайдалы модельге, өнеркәсiптік үлгiге патент беру туралы мәлiметтер ресми жарияланған күнге дейiн адал ниетпен пайдалана бастаған тұлға патент иеленушінің талап етуi бойынша одан әрi пайдалануды тоқтатуға мiндеттi. Алайда мұндай тұлға патент иесiне өзiнiң осындай пайдалануы нәтижесiнде келтiрiлген залалды өтеуге мiндеттi емес.
1005-бап. Патент иесiнiң құқықтарын шектеу
Патент иесiнiң құқықтарын шектеу негiзi, патенттi тоқтату (жою) талаптары, оны жарамсыз деп тану, оның қолданылуын тоқтату, лицензияларды мәжбүрлеп беру және патенттердi мәжбүрлеп иелiктен алу заң актілерімен белгiленедi.
53-тарау. Селекциялық жетістіктерге құқық
2005.22.11. № 90- III ҚР Заңымен 1006-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
1006-бап. Өсiмдiктердiң жаңа сорттарына және жануарлардың жаңа тұқымдарына құқықты қорғаудың талаптары
1. Өсiмдiктердiң жаңа сорттарына және жануарлардың жаңа тұқымдарына құқық (селекциялық жетiстiктер) патент берiлген жағдайда қорғалады. Патент арқылы патент иесiнiң селекциялық жетiстiктердi, оның басымдығын пайдалануына және селекционердiң авторлығына айрықша құқықты куәландырады.
Өсімдік шаруашылығында жасанды жолмен немесе сұрыптау жолымен алынған және оны қолда бар өсiмдiктер сорттарынан ерекшелендiретiн бiр немесе бiрнеше шаруашылық белгiлерi бар өсiмдiк сорты селекциялық жетiстiк деп танылады.
Мал шаруашылығында адам жасап шығарған және оны осы түрдегi жануарлардың өзге тұқымдарынан айыруға мүмкiндiк беретiн генеологиялық құрылымы мен қасиетi бар және бiр тұқым ретiнде көбейту үшiн сан жағынан жеткiлiктi тұқым, яғни шығу тегi ортақ жануарлардың саны көп тұтас тобы селекциялық жетiстiк деп танылады.
2. Селекциялық жетiстiктердi құқықтық қорғау талаптары, өсімдік сорттарында және жануарлар тұқымдарына патентті ресімдеу мен беру тәртібі заң актілерімен белгiленедi.
3. Осы тараудың ережелерінде және селекциялық жетістіктерді қорғау туралы заңдарда өзгеше көзделмесе, селекциялық жетiстiктерге құқықтар мен осы құқықтарды қорғауға байланысты қатынастарға тиiсiнше осы Кодекстiң 992-998, 1000-1004-баптарының ережелерi қолданылады.
1007-бап. Автордың селекциялық жетiстiк атауын айқындау құқығы
1. Селекциялық жетiстiктiң авторы оның заңдарда белгiленген талаптарға сай келуге тиісті атауын айқындауға құқылы.
2. Қорғалатын селекциялық жетiстiктердi өндiру, ұдайы өндіру, сатуға ұсыну, сату және өткізудің өзге де түрлері кезінде олар үшін тіркелген атауларды қолдану мiндеттi. Өндiрiлген және (немесе) сатылатын тұқымдарға, асыл тұқымды материалға тiркелгеннен өзгеше атау беруге жол берiлмейдi.
3. Тiркелген селекциялық жетiстiктiң атауын оған қатысы жоқ өсiрiлген және (немесе) сатылатын тұқымдар мен асыл тұқымды материалға беру патент иесi мен селекционердiң құқықтарын бұзу болып табылады.
1008-бап. Селекциялық жетiстiк авторының сыйақы алуға құқығы
1. Патент иесi болып табылмайтын селекциялық жетiстiктiң авторы патенттiң қолданылу мерзiмi iшiнде патент иесiнен селекциялық жетiстiктi пайдаланғаны үшiн сыйақы алуға құқылы.
2. Селекциялық жетiстiк авторына сыйақы төлеудiң мөлшерi мен талаптары оның өзi мен патент иесi арасында жасалған шартта белгiленедi. Бұл орайда сыйақының мөлшерi лицензияларды сатудан түскен түсiмдi қоса алғанда, патент иесi селекция жетiстiктерiн пайдаланғаны үшiн алатын жыл сайынғы түсiмдер сомасының кемiнде бес процентi болуға тиiс.
Сыйақы авторға, егер автордың патент иесiмен шартында өзгеше көзделмесе, селекциялық жетiстiк пайдаланылған әрбiр жыл аяқталғаннан кейін алты ай ішінде төленеді.
1009-бап. Патент иесiнiң селекциялық жетiстiкке құқығы
Селекциялық жетiстiк патентi иесiнiң осы жетiстiктi селекциялық жетiстiктердi қорғау туралы заң актілерінде белгiленген шекте пайдалануға айрықша құқығы болады.
1010-бап. Патент иесiнiң мiндеттерi
Селекциялық жетiстiк патентiнiң иесi:
1) өндiрiсте пайдалануға жiберiлген сортты, тұқымды айналымға енгізуге;
2) өсiмдiктiң тиiстi сортын немесе жануарлардың тиiстi тұқымын патенттi қолдану мерзiмi iшiнде сорттың немесе тұқымның сараптама органы белгiлеген ресми сипаттамасында көрсетiлген белгiлерi сақталатындай етiп ұстауға мiндеттi.
1011-бап. Селекциялық жетiстiкке патенттiң қолданылу мерзiмi
Селекциялық жетiстiкке патенттiң қолданылуы патенттiк органға (ұйымға) өтiнiм берiлген күннен басталады және жиырма бес жыл бойына жалғасады.
Селекциялық жетiстiктердiң жекелеген түрлерi үшiн патенттi қолданудың неғұрлым ұзағырақ мерзiмi, сондай-ақ оларды патенттiк органның (ұйымның) ұзарту мүмкiндiгi селекциялық жетiстiктер туралы заң актілерімен белгiленуi мүмкiн.
1012-бап. Селекциялық жетiстiктердi пайдалануға жіберу
1. Құқықтық қорғау берiлген (патентi бар) селекциялық жетiстiктер мен өндiрiсте пайдалануға жiберiлген Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттік тiзiлiмге енгiзiлгенi туралы мәлiметтердi пайдалануға жол берiледi.
2. Өндiрiсте пайдалануға жiберiлген өсiмдiк сорттары мен жануарлардың тұқымдарын Селекциялық жетiстiктердiң мемлекеттік тiзiлiмiне енгізудi шаруашылыққа пайдалылығына мемлекеттік сынақтың нәтижелерi бойынша, селекциялық жетiстiктерге сараптама мен сынақты басқаратын мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
54-тарау. Интегралды микротәсімдер топологиясына құқықтар
1013-бап. Интегралды микротәсiмдер топологиясына құқықтарды қорғау талаптары
1. Осы тарауда және өзге де заң актілерінде көзделген құқықтық қорғау интегралды микротәсiмдердiң түпнұсқа топологиясына ғана қолданылады.
Автордың шығармашылық қызметi нәтижесiнде жасалып, материалдық көздерде көрсетiлген интегралды микротәсiмдер мен олардың арасындағы байланыстардың элементтерi жиынтығының кеңiстiктiк-геометриялық орналасуы интегралды микротәсiмнiң түпнұсқалық топологиясы деп танылады.
2. Осы бөлiмнiң баптарымен берiлген құқықтық қорғау топологияда iске асуы мүмкiн идеяларға әдiстерге, жүйелерге, технологияға немесе кодтандырылған ақпаратқа қолданылмайды.
3. Интегралды микротәсiмдер топологиясы құқығына және осы құқықтарды қорғауға байланысты қатынастарға тиiсiнше осы Кодекстiң 994-997-баптарының ережелерi қолданылады.
1014-бап. Интегралды микротәсiмдер топологиясына айрықша құқық
1. Интегралды микротәсiмдер топологиясы авторының немесе өзге де құқық иесiнiң бұл топологияны өз қалауы бойынша, атап айтқанда, мұндай топологияны басқа тұлғалардың тиісті рұқсатсыз пайдалануына тыйым салу құқығын қоса алғанда, мұндай топологиясы бар интегралды микротәсiм дайындау жолымен пайдаланудың айрықша құқығы болады.
2. Топологияның бiрнеше авторына немесе өзге де құқық иелерiне тиесiлi құқықтарды пайдалану тәртібі олардың арасындағы шартпен белгiленедi.
3. Автордың рұқсатынсыз мынадай әрекеттердi жасау:
1) интегралды микротәсiмге енгізу арқылы немесе өзге де түрде, оның түпнұсқа болып табылмайтын бөлiгiн қоспағанда, топологияны тұтас немесе оның бөлiктерiн көшiрiп алу;
2) топологияны немесе осы топология бар интегралды микротәсiмдi қолдану, әкелу, сатуға ұсыну, сату және өзге де айналымға енгізу айрықша құқықты бұзу болып табылады.
4. Топологияға құқық иесiнiң айрықша құқығын бұзу болып табылмайтын әрекеттердiң тiзбесi заң актілерінде белгiленедi.
1015-бап. Топологияларды тiркеу
1. Интегралды микротәсiм топологиясының авторы немесе өзге де құқық иесi уәкiлеттi мемлекеттік органға өтiнiм беру жолымен топологияны тiркетуге құқылы.
2. Тiркеуге өтiнiм беру, егер топология қолданылған болса, оны алғаш рет қолданған күннен бастап екi жылдан аспайтын мерзiмде жүзеге асырылуы мүмкiн.
3. Топологияны, сондай-ақ оларға құқықты толық немесе iшiнара беру туралы шарттарды тiркеу тәртібі заң актілерімен белгiленедi.
1016-бап. Топологияны қолдануға айрықша құқықтың қолданылу мерзiмi
1. Топологияны пайдалануға айрықша құқық топология тiркелген күннен бастап он жыл бойы күшiнде болады.
Егер топологияны тiркеу жүргiзiлмесе, аталған он жыл мерзiм осы топологияның немесе осы топология бар интегралды тәсiмнің дүние жүзiнiң кез келген елiнде алғаш рет пайдаланылғаны құжат арқылы расталған күннен бастап есептеледi.
2. Түпнұсқамен бiрдей басқа автор өз бетiмен жасаған топологияның пайда болуы осы баптың 1-тармағында аталған айрықша құқық мерзiмiн үзбейдi және тоқтатпайды.
55-тарау Ашылмаған ақпаратты заңсыз пайдаланудан қорғау құқығы
Достарыңызбен бөлісу: |