Орта бiлiм
Мақсаты:
Жалпы бiлiм беретiн мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлiк, дене бiтiмi және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, оның тез өзгеретiн әлемде табысқа жетуiн қамтамасыз ететiн бiлiм алудағы қажеттiлiктерiн қанағаттандыру, елiмiздiң экономикалық игiлiктерi үшiн бәсекеге қабiлеттi адами капиталды дамыту. 12 жылдық оқыту моделiне көшу.
Мiндеттерi:
1. 12 жылдық оқыту моделiне көшудi бiлiм беру мазмұнын жаңғырту арқылы жүзеге асыру.
2. ШЖМ проблемаларын шешу.
3. Мектептегi инклюзивтi бiлiм беру жүйесiн жетiлдiру.
Нысаналы индикаторлар:
2020 жылы 12 жылдық оқыту үлгiсiне көшу толықтай жүзеге асырылады (2015 жылы – 1, 5, 11-сыныптар).
«Назарбаев Зияткерлiк мектептерi» жобасы шеңберiнде Қазақстанның барлық өңiрлерiндегi мектептердiң саны (2020 жылы – 20).
Жаратылыстану-математика пәндерi бойынша бiлiм беретiн оқу бағдарламаларын жетiк меңгерген оқушылардың үлесi (2015 жылы – 60 %, 2020 жылы – 70 %).
Қазақстандық жалпы бiлiм беретiн мектеп оқушыларының PISA, TIMSS, PIRLS халықаралық салыстырмалы зерттеулерiндегi нәтижелерi (2015 жылы: PISA – 50–55 орын, TIMSS – 10–15 орын, 2020 жылы: PISA – 40–50 орын, TIMSS – 10–12 орын, PIRLS – 10–15 орын). Инклюзивтi бiлiм үшiн жағдайлар жасалған мектептердiң үлесi олардың жалпы санынан артады (2015 жылы – 30 %, 2020 жылы – 70 %).
Бiлiм берудiң 12 жылдық моделiне көшу
Құзыреттiлiк тәсiлiне негiзделген 12 жылдық бiлiм берудiң жаңа стандартын әзiрлеу және енгiзу жоспарлануда.
Бiлiм беру стандарттарының ауысуы бiлiм берудiң жаңа мазмұнын әзiрлеумен байланысты. Жаңа бiлiм беру мазмұнының базалық принципi – әрбiр мектепте тұлғаның адамгершiлiк-рухани қасиеттерiн дамытуды ынталандыратын iзгi бiлiм беру ортасын құру: өзiн-өзi тану, өзiн-өзi анықтау және өзiн-өзi жетiлдiру. Бiлiм беру ұйымдары мен отбасыларда адамгершiлiк-рухани мәдениеттiң жоғары деңгейiне қол жеткiзiлетiн болады. Барлық балалар, оқушылар, студенттер мен педагог қызметкерлер Өзiн-өзi танудың негiзiн, жалпыадамзаттық құндылықтардың дамуын меңгеретiн болады.
МЖБС коммуникативтiк дағдыларды, ақпараттар мен технологияларды басқара бiлудi, проблемаларды шешудi, iскерлiк пен креативтiлiктi қалыптастыратын бiлiмдi алудағы тұлғаның дамуын, дербестiгiн қамтамасыз ететiн нәтижеге бағытталады.
2011 жылы бастауыш бiлiмнiң МЖБС жаңартылады, негiзгi орта және жалпы орта бiлiм берудiң құзыреттiлiк тәсiлi негiзiнде оқу бағдарламалары әзiрленедi.
2015 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлiк мектептерi жинаған тәжiрибенiң элементтерi бiлiм беру жүйесiне енгiзiлетiн болады.
2012 жылы жалпы орта бiлiмнiң МЖБС жоғары бiлiмнiң (бакалавриат) МЖБС-мен бiрiктiрiледi – жоғары бiлiмнiң жалпы бiлiм беретiн пәндер циклiнiң жеке пәндерi (әлеуметтану, өзiн-өзi тану, ӨҚН, Қазақстан тарихы, мәдениеттану және т.б.) оқу жүктемесiн көбейтпей, «Бейiндiк мектептiң» бейiндiк оқыту бағдарламасына көшiрiледi.
2014 жылға қарай қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттары бойынша «Бейiндiк мектеп» бейiндiк оқыту бағдарламасы әзiрленедi және сынақтан өткiзiледi.
Оқытудың 12 жылдық үлгiсi бойынша эксперименттiк алаң үшiн оқулықтар мен ОӘК, түзеу бiлiм беру ұйымдары үшiн электрондық оқулықтар, аударма және оқулықтар мен ОӘК-нi бейiмдеу жүзеге асырылады. Оқулықтарды әзiрлеу және оқулықтарды сараптамадан өткiзу функциялары бөлiнедi.
2013 жылы оқытудың 12 жылдық моделiнiң бағдарламасы бойынша оқулықтар мен ОӘК әзiрленiп, ал 2014 жылы олар сараптамадан өтедi.
2014 жылы 1, 5, 11-сыныптардың, 2015 жылы 2, 6, 12-сыныптардың, 2016 жылы 3, 4, 7-сыныптардың, 2017 жылы 8, 9, 10-сыныптардың оқушылары үшiн оқытудың 12 жылдық моделiнiң бағдарламасы бойынша балама оқулықтар мен ОӘК-лер дайындалады.
Қазақстандық оқулықтармен қатар ҚР БҒМ рұқсат берген тiзбеге енгiзiлген математика, жаратылыстану мен техникалық ғылымдар бойынша анағұрлым сапалы шетелдiк оқулықтар қолданылатын болады.
2015 жылы жалпы бiлiм беретiн бiлiм беру ұйымдарының барлық оқушысы жергiлiктi бюджет есебiнен тегiн оқулықтармен және сандық бiлiм ресурстарымен қамтамасыз етiледi.
2015 жылы оқытудың 12 жылдық моделiне дәйектi көшу мынадай сызба бойынша басталады:
Жылдар
|
Оқытудың 12 жылдық бағдарламасы бойынша
|
Оқытудың 11 жылдық бағдарламасы бойынша
|
2015 – 2016
|
1, 5, 11
|
2, 3, 4, 6, 7, 8, 9, 11
|
2016 – 2017
|
1, 2, 5, 6, 11, 12
|
3, 4, 7, 8, 9
|
2017 – 2018
|
1, 2, 3, 5, 6, 7, 11, 12
|
4, 8, 9
|
2018 – 2019
|
1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 11, 12
|
9
|
2019 – 2020
|
1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 11, 12
|
|
11 жылдық мектептiң 9-сыныбынан 12 жылдық мектептiң 11-сыныбына көшу 2015 – 2016 оқу жылынан 2019 – 2020 оқу жылына дейiн жүзеге асырылады. Оқытудың 12 жылдық моделiнiң 11 және 12-сыныптарында оқыту ақысыз болады.
Алдын ала деректер бойынша 2015 жылғы 1 қыркүйекте оқушылардың жалпы саны шамамен 2,7 млн. баланы құрайды.
Олардың iшiнде 12 жылдық бағдарлама бойынша: 1-сыныпқа – 600 мың баладан аса (шамамен 6 жастағы балалар – 450 мың және 7 жастағы балалар 150 мың). Сынып-жинақтардың болжамды саны – шамамен 30 мың
5-сыныпқа – 260 мыңнан астам, сынып-жинақтардың болжамды саны – шамамен 13 мың
11-сыныпқа – шамамен 175 мың бала, сынып-жинақтардың болжамды саны – 8 мыңнан астам.
2015 жылдан бастап жалпы бiлiм беретiн мектептердiң, лицейлердiң, гимназиялардың, зияткерлiк мектептердiң, дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептердiң жоғары сыныптарында «Бейiндiк мектеп» бейiндi оқу бағдарламасы iске асырылады. Бейiндiк мектепке қабылдау ұлттық тестiлеу негiзiнде жүзеге асырылады.
Бейiндiк мектепте оқуды 10-сынып бiтiрушiлерiнiң 60 %-ы жалғастырады деп болжамданып отыр. Осы ретте бейiндiк мектеп ашу, оның iшiнде жатақханамен, оның жартысынан көбiн ауылдық жерлерде ашу қарастырылып отыр. Сонымен, бiр уақытта жоғары оқу орындарының базасында бейiндi оқыту бағдарламасын iске асыратын мектептер құрылады. Бейiндiк мектепте (11 – 12-сыныптар) оқу мен орналастыру мүмкiндiгi қарастырылатын 40 жоғары оқу орны анықталған.
Жинақталған тәжiрибе мен халықаралық тәжiрибенi ескере отырып, 2015 жылдан бастап Қазақстанның бiлiм жүйесiнiң құрылымы ХББСК-ға сәйкестендiрiледi. Техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi бiлiмнiң мамандықтар жiктеуiшi қайта қарастырылатын болады. Орта кәсiптiк бiлiмнiң бөлек бiлiм бағдарламалары үшiншi бiлiм жүйесiне (қолданбалы бакалавриат) ауыстырылады, колледждердiң мәртебесi артады. Қолданбалы бакалавриаттың бағдарламаларына түсу үшiн толық орта бiлiмдi аяқтау қажет.
Қазақстан Республикасының бiлiм беру жүйесiнiң құрылымы
Оқушылардың оқу жетiстiктерiн сырттай бағалау жүйесi әлемдiк тәжiрибенi ескере отырып дамиды.
Ұлттық тестiлеу бастауыш, негiзгi және бейiндiк мектептердi бiтiргеннен кейiн:
бастауыш мектепте – iшiнара, оқушылардың оқу жетiстiктерiне мониторинг жүргiзу мақсатында;
негiзгi мектепте (10 сыныптан кейiн) – оқытудың одан әрi жолын анықтау мақсатында;
бейiндiк мектепте – алған бiлiм-бiлiгiнiң деңгейiн бағалау мақсатында өткiзiледi.
2015 жылға қарай жазба тапсырмаларын қоса алғанда, бiлiм алушылар құзыреттiлiктерiнiң қалыптасу деңгейiн анықтауға бағытталған тестiлеу тапсырмаларының базасы құрылатын болады.
Сыртқы емтихандар жаңа ақпараттық технологияларды қолдана отырып, компьютерлiк тестiлеу әдiсiмен өткiзiледi.
Жоғары бiлiм алуға үмiткерлер тәуелсiз ұлттық тестiлеу нысанында қосымша бейiндi емтихандар тапсыратын болады.
Бiлiм берудiң инновациялық, көптiлдi моделiн жасау мақсатында бiлiм берудi үш тiлде ұсынатын мектептердiң саны 33-тен 700-ге дейiн көбейедi. Оның iшiнде, «Назарбаев Зияткерлiк мектептерi» мектептер желiсiнiң саны 6-дан 20-ға дейiн көбейтiледi. Бұл мектептер бiлiм берудiң көптiлдi моделiн, бiлiм берудегi инновацияларды сынақтан өткiзу үшiн базалық алаңдар болады.
Қазақстан оқушыларының бiлiм беру сапасының халықаралық зерттеулерiне қатысуы қамтамасыз етiледi: PISA (15–16 жастағы оқушылардың математика сауаттылығы мен оқу және жаратылыстану бойынша сауаттылығын бағалау), TIMSS (4 және 8-сынып оқушыларының математика және жаратылыстану бойынша бiлiмiнiң сапасын бағалау), PIRLS (оқу деңгейi мен сапасын салыстыру, әлем елдерiндегi бастауыш мектеп оқушыларының мәтiндi түсiнуi), TIMSS ADVANSED (11-сынып оқушыларының математика және жаратылыстану (физика) пәндерiн тереңдетiп оқытатын сыныптарда сол пәндер бойынша сауаттылығын бағалау), ICILS (8-сынып оқушыларының компьютерлiк және ақпараттық сауаттылығын бағалау).
Оқытудың 12 жылдық моделiнiң талаптарына сәйкес материалдық-техникалық база жаңартылады.
Мектептердiң спорт залдарын қазiргi заманғы жабдықтармен жарақтандыру мәселесi шешiледi.
Жергiлiктi бюджет қаражаттары есебiнен мектептерге сервистiк қызмет көрсете отырып, оларды физика, химия, жаңа түрлендiрiлген биология кабинеттерiмен, лингафондық және мультимедиалық кабинеттермен жарақтандыру жалғастырылатын болады, олардың үлесi 35,6 %-дан 80 %-ға дейiн ұлғаяды.
2011 жылы бейiндiк мектептерге қойылатын техникалық талаптар мен оларды жарақтандыруға қойылатын талаптар әзiрленедi.
Бұдан басқа, мектептердiң үш ауысымдығы мен апаттылығын жою мақсатында мектептер салынатын болады.
ШЖМ проблемаларын шешу
ШЖМ-дағы бiлiм беру сапасын арттыру проблемаларын шешуге мынадай iс-шаралар ықпал ететiн болады:
2011 жылы:
Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық бiлiм беру академиясының базасында ШЖМ-ды дамытудың республикалық орталығы, педагог қызметкерлердiң бiлiктiлiгiн арттыруды жүзеге асыратын ұйымдардың жанынан 14 өңiрлiк орталық құрылады, ШЖМ қызметiнiң үлгi ережесi әзiрленедi;
«Мектепке және мектептен тегiн әрi қауiпсiз жеткiзетiн мектептер жоқ елдi мекендерде тұратын бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердi қамтамасыз ету» стандарты әзiрленедi және қабылданады.
2011 жылдан бастап:
оқушылар саны 10 және одан көп барлық ШЖМ жаңа түрдегi компьютерлермен және кең жолақты Интернетке қол жеткiзумен қамтамасыз етiледi. Қашықтықтан оқыту «e-learning» электрондық оқыту шеңберiнде ұйымдастырылады;
160 тiрек мектеп ашылады.
Тiрек мектеп (ресурстық орталық) – базасында жақын маңдағы ШЖМ-ның бiлiм беру ресурстары шоғырланатын бiлiм беру ұйымы. Әрбiр ресурстық орталыққа бiрнеше ШЖМ бекiтiледi. ШЖМ-дағы балалар үш рет (оқу жылының басында, ортасында және соңында) он күннен (сессия) тiрек мектепте бiлiм алады әрi онда аралық және қорытынды аттестаттау тапсырады. Сессияаралық кезеңде ШЖМ-да оқыту тiрек мектеп мұғалiмдерiнiң қатысуымен және қашықтықтан оқыту технологияларының көмегiмен жүргiзiледi. Осылайша, ресурстық орталықтар ШЖМ оқушыларының сапалы бiлiмге қол жеткiзуiн қамтамасыз етедi.
2020 жылға қарай ШЖМ, негiзiнен, бастауыш және негiзгi орта бiлiм деңгейлерi үшiн жұмыс iстейдi.
ШЖМ проблемасы тiрек мектептер (ресурстық орталықтар), интернаттар, жеткiзу есебiнен шешiледi.
Инклюзивтi бiлiм жүйесiн дамыту
2015 жылға қарай аталған мiндеттi шешу үшiн:
мүмкiндiктерi шектеулi балаларды бiрiктiрiп оқытудың модульдiк бағдарламалары;
мүмкiндiктерi шектеулi балаларды жалпы бiлiм беретiн ортада бiрiктiрiп оқыту ережесi әзiрленедi, түрлi кемiстiгi бар балалар үшiн бiрiгу нысандары анықталады;
мүгедек балаларға қашықтықтан бiлiм берудi ұйымдастыру қағидалары әзiрленедi.
2020 жылға қарай мектептерде мүгедек балалар үшiн көтергiш жабдықтар, пандустар, санитарлық бөлмелерде арнайы құралдар орнату, тұтқалармен, арнайы парталармен, үстелдермен және басқа да арнайы компенсаторлық құралдармен жарақтандыру арқылы «кедергiсiз аймақтар» құрылады.
3030 мектепте мүмкiндiктерi шектеулi балаларды оқытуға және тәрбиелеуге тең қол жеткiзу үшiн жағдайлар жасалады (мектептерде педагог-дефектологтардың, балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудiң, арнайы жеке техникалық және компенсаторлық құралдардың болуы).
Үйде бiлiм алатын мүгедек балалар жеке мүмкiндiктерi мен қажеттiлiктерi ескерiле отырып, компьютерлiк техникамен және компьютерлiк қамтамасыз ету жинақтарымен қамтамасыз етiледi.
Жоғарыда айтылған мiндеттерден басқа өзге де бiрқатар мәселелердi шешу қажет.
Қосымша бiлiм беру мазмұны жетiлдiрiлетiн болады.
Тұлғаның шығармашылық құзыретiндегi, үздiксiз бiлiм беру мен тәрбиелеудегi, кәсiби өзiн-өзi анықтаудағы бәсекелi артықшылықтарын қалыптастыру мақсатында негiзгi бағыттар: шығармашылық-эстетикалық ғылыми-техникалық экологиялық-биологиялық туристiк-өлкетанушылық әскери-патриоттық әлеуметтiк-педагогикалық бiлiм беру-сауықтыру және т.б. бойынша балаларға қосымша бiлiм беру мазмұны жаңартылады.
Қосымша бiлiм беретiн педагогтердi және аралас мамандықтардың педагог ұйымдастырушыларын даярлау бағдарламасы жетiлдiрiледi.
2015 жылға қарай қосымша бiлiм беру ұйымдарының желiсi ұлғайып, 625-ке жетедi.
Бұл балаларды қосымша бiлiммен қамтуды 23 %-ға дейiн көбейтуге мүмкiндiк бередi.
Мектептерде спорт секцияларын құру арқылы дене шынықтыруды ұйымдастырудың мектептен тыс нысандары жетiлдiрiлетiн болады.
Құқық бұзушылықтар мен басқа да бейәлеуметтiк құбылыстардың алдын алу бойынша әрбiр бiлiм алушыны жекелей психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудi қамтамасыз ету жолымен қосымша бiлiм беру конкурстары мен олимпиадаларының жүйесi арқылы оқушылардың қоғамдық және әлеуметтiк белсендiлiгiн қалыптастыратын балалар қоғамдық бiрлестiктерi дамиды.
Жалпы оқытудың, мектептегi тамақтану мен медициналық қызмет көрсетудiң тиiмдi менеджментiн ұйымдастыру
Жалпы оқыту
2015 жылы оқушылардың қозғалыс мониторингiнiң бiрыңғай ведомствоаралық кешендi ақпараттық жүйесi «Жалпы оқытуды», оның iшiнде оқумен қамтылмаған «тәуекел топтарының» балаларын дербес есепке алу бойынша деректер базасымен бiрге енгiзу жоспарлануда.
«Жалпы оқыту» жүйесiн пайдалану жалпы оқытуды қамтамасыз етуге функционалды түрде тартылған түрлi басқару органдарының келiсiлген iс-қимылдарын қамтамасыз етедi және балаларды мiндеттi орта бiлiммен қамту туралы нақты ақпаратты алуға мүмкiндiк бередi.
Мектептегi тамақтану
2011 жылдан бастап облыстардың, Астана және Алматы қалаларының бiлiм беру органдарының жанынан мектепте тамақтануды ұйымдастырудың, оның iшiнде бiлiм беру ұйымдарының бiлiм алушылары мен тәрбиеленушiлерiнiң тамақтану сапасы мен қауiпсiздiгiнiң мониторингi бойынша ведомствоаралық сарапшы топтар құрылады.
Мектеп оқушыларын тегiн тамақтанумен қамту көрсеткiшi барлық деңгейдегi әкiмдер рейтингiн бағалауға енгiзiледi: 2012 жылы – табысы аз отбасылардан шыққан оқушыларға, 2020 жылы – бастауыш және мектепалды сыныптар оқушыларына.
2015 жылға қарай табысы аз отбасы оқушыларының 100 %-ы және 2020 жылға қарай мектептердiң бастауыш және мектепалды сыныптар оқушыларының 100 %-ы ыстық дәрумендiрiлген тамақпен тегiн қамтамасыз етiледi.
2020 жылға қарай орта жалпы бiлiм беретiн ауыл мектептерiнiң 100 %-ында күрделi жөндеуден өткен және жаңа жабдықтармен жарақтандырылған толық кезеңдiк асхана жұмыс iстейтiн болады.
2020 жылға қарай мектептiң барлық оқушысы мектептерде стационарлық су тазартқыштар, спенсерлер, диспенсерлер және басқа да құралдар орнату арқылы экологиялық таза ауыз сумен қамтамасыз етiледi.
Медициналық қызмет көрсету
2015 жылға қарай мектеп жасындағы, оның iшiнде ауылдық жерлердегi балаларды медициналық тексеру 100 % қамтамасыз етiледi.
Диспансерлiк есепте тұрған мектеп жасындағы балалардың үлесi 70 %-дан 50 %-ға дейiн, оқушылардағы асқазан-iшек жолының ауруы – 28,2 %-дан 18 %-ға дейiн, сколиозбен (мүсiнiнiң бұзылуы) ауыратындар – 2 %-дан 1 %-ға дейiн төмендейдi.
Денсаулығы нашар 60 %-ы балалардың арнайы медициналық топтардағы дене шынықтырумен шұғылдануға мүмкiндiк алады.
Осылайша «Орта бiлiм» бағыты бойынша 2020 жылға қарай:
барлық мектептерге 12 жылдық бiлiм беру моделi енгiзiледi;
орта бiлiмнiң инфрақұрылымын дамыту жалғасады және мектептер техникалық жарақтанумен қамтамасыз етiледi;
ШЖМ бiрыңғай ақпараттық желiге қосылады;
қосымша бiлiм беру бiлiм алушылар үшiн беделге ие болады және тұлғаның кәсiби қалыптасуына ықпал етедi. Қосымша бiлiм берумен бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң 30–50 %-ы қамтылады;
инклюзивтi бiлiм жүйесi енгiзiледi:
инклюзивтi бiлiм үшiн жағдай жасайтын мектептердiң үлесi мектептердiң жалпы санынан 70 %-ға ұлғаяды;
мүгедек балалар үшiн «кедергiсiз қол жеткiзудi» жасайтын мектептердiң үлесi мектептердiң жалпы санынан – 20 %;
инклюзивтi бiлiммен қамтылған балалардың үлесi даму мүмкiндiгi шектеулi балалардың жалпы санынан – 50 %.
медициналық қызмет көрсету мен мектептегi тамақтанудың тиiмдi менеджментi ұйымдастырылады;
оқушылар жалпы бiлiм беретiн мектепте сапалы медициналық қызмет ала алады. Жалпы бiлiм беретiн мектептерде медициналық кабинеттердi ашу және оның қызмет етуiн қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданады;
мемлекеттiк-жеке әрiптестiк негiзiнде облыс орталықтарында, Астана және Алматы қалаларында мектептегi тамақтанудың 16 энергия үнемдегiш комбинаты салынады, республика мектептерiнiң 50 %-ының мектептегi ас блоктарының материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Сапалы, дәрумен қосылған және қауiпсiз мектептегi тамақтануды ұйымдастыру мониторингiнiң жүйесi енгiзiледi.
Техникалық және кәсiптiк бiлiм
Мақсаты:
Қоғамның және экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарына сәйкес ТжКБ жүйесiн жаңғырту, әлемдiк бiлiм беру кеңiстiгiне кiрiгу.
Мiндеттерi:
1. Экономиканың индустриялық-инновациялық даму сұраныстарын ескере отырып, техникалық және кәсiптiк бiлiм (бұдан әрi – ТжКБ) мазмұнының құрылымын жаңарту.
2. Экономика салалары үшiн кадрлар даярлаудың инфрақұрылымын дамыту.
3. ТжКБ-да бiлiм алудың беделiн арттыру.
Нысаналы индикатор:
Жұмыс берушiлер қоғамдастығында бiлiктiлiктi тәуелсiз бағалаудан алғашқы реттен өткен ТжКБ түлектерiнiң қатысушылардың жалпы санынан үлесi (2015 жылы – 60 %, 2020 жылы – 80 %).
ТжКБ оқу орындарында мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы бойынша бiлiм алған түлектердiң оқуды бiтiргеннен кейiнгi алғашқы жылы жұмыспен қамтылғандардың және жұмысқа орналасқандардың үлесi (2015 жылы – 78 %, 2020 жылы – 80 %).
Ұлттық институционалды аккредиттеу рәсiмiнен өткен колледждердiң үлесi (2015 жылы – 10 %, 2020 жылы – 30 %).
Техникалық және кәсiптiк бiлiмнiң құрылымы мен мазмұнын экономиканың индустриялық-инновациялық дамуының сұраныстарын ескере отырып жаңарту
Ұлттық және салалық бiлiктiлiк шеңберiнiң негiзiнде кадрлар даярлау құрылымы ретке келтiрiлетiн болады.
Мамандар даярлау еңбек нарығының болжанған қажеттiлiктерiне сәйкес жүзеге асырылатын болады.
Кәсiптiк стандарттардың талаптарына сәйкес:
ТжКБ-ның мемлекеттiк жалпыға мiндеттi стандарттары, бiлiм беру бағдарламалары жаңартылады;
арнайы пәндер бойынша типтiк оқу бағдарламалары, оқу әдебиеттерi әзiрленедi;
бiрнеше бiлiктiлiк алу үшiн модульдiк бағдарламалар әзiрленедi, модульдiк бағдарламалардың дерекқоры құрылады.
Бiлiм алушылардың практикалық дағдыларын дамыту үшiн оқу жоспарларындағы кәсiптiк практиканың үлесi 60 %-ға дейiн ұлғаятын болады. Бұл үшiн практика базасы жұмыс берушiлермен әрiптестiк есебiнен кеңейтiледi.
Бiлiм алушылардың бойында қажеттi құзыреттiлiктердi қалыптастыратын заманауи бiлiм беру технологиялары оқу процесiне енгiзiлетiн болады.
Озық әлемдiк тәжiрибе мен қолданбалы зерттеулер жүргiзудiң негiзiнде ТжКБ жүйесiн ғылыми-әдiстемелiк қамтамасыз ету жетiлдiрiлетiн болады. Республикалық және облыстық ғылыми-әдiстемелiк кабинеттер тиiмдi жұмыс iстейтiн болады, ТжКБ ұйымдарының кiтапханалары қажеттi оқу әдебиетiмен толықтырылады.
Экономика салалары үшiн кадрлар даярлаудың инфрақұрылымын дамыту
Жастардың кәсiптiк бiлiм алуына қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету үшiн кәсiптiк лицейлер мен жатақханалар салу есебiнен оқушы орындарының саны өседi. Атырау қаласында – мұнай-газ саласы бойынша, Екiбастұз қаласында – отын-энергетика саласы бойынша, Шымкент қаласында - өңдеу және Өскемен қаласында – машина жасау салалары бойынша 4 өңiраралық кәсiптiк орталық жұмыс iстейтiн болады.
Оқу орындары шарт негiзiнде өндiрiстiк практикадан, тағылымдамадан өту үшiн базалық кәсiпорындарға бекiтiлетiн болады.
ТжКБ-ның 70 %-дан астам мемлекеттiк оқу орындары заманауи оқу-өндiрiстiк және технологиялық жабдықтармен, ақпараттық технологиялармен қайта жарақтандырылады. Оқу орындарын заманауи оқу-өндiрiстiк және технологиялық жабдықтармен жаңартуға және қайта жарақтандыруға жергiлiктi, республикалық бюджет, жұмыс берушiлер қаражаты, халықаралық ұйымдардың заем қаражаты есебiнен тартылады.
Экономика салаларына мамандардың бiлiктiлiктерiн сертификаттаудың тәуелсiз жүйесiн енгiзе отырып, жоғары бiлiктi жұмысшы кадрлар даярлау сапасын реттеу, оның iшiнде жергiлiктi жерлерде «оқушылық» түрiнде қамтамасыз етiлетiн болады.
Кадрлардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн қамтамасыз ету, қосымша қаражат тарту үшiн ТжКБ оқу орындары мамандар даярлау бейiнiне сәйкес, оның iшiнде тең құрылтайшылық арқылы ұлттық холдингтер мен компанияларға, транс-ұлттық корпорациялар мен шетелдiк инвесторларға бекiтiлетiн болады.
Дүниежүзiлiк Банктiң займы шеңберiнде инновациялық даму бағдарламаларын iске асыратын оқу орындарын атаулы қаржылай қолдау жүйесi құрылатын болады.
ТжКБ-да оқыту беделiн арттыру
ТжКБ жүйесiнде оқытудың тартымдылығы мен беделдiлiгiн арттыру үшiн:
әлеуметтiк-педагогикалық қызметтер жоқ ТжКБ оқу орындарының жанынан мансаптық басшылық орталықтары (бiлiм беру ұйымдарының құрылымдық бөлiмшелерi) құрылады;
бiлiм алушылардың, өндiрiстiк оқыту шеберлерi мен арнайы пән оқытушыларының арасында «Үздiк оқу орны», «Ең үздiк маман» республикалық конкурстары өткiзiледi;
үздiк бiлiм алушылар халықаралық кәсiби шеберлiк конкурстарына қатысатын болады.
Өнертапқыштық және өнертабыстық қызметке, техникалық шығармашылыққа бейiм талантты бiлiм алушылар анықталады және оларға қолдау (гранттар мен жұмыс берушiлердiң атаулы стипендиялары, жұмыс берушiлер ұйымдастыратын және қаржыландыратын конкурстар арқылы) көрсетiлетiн болады.
Жұмысқа орналастыруға ықпал ету үшiн еңбек нарығындағы бос орындар базасымен өзара байланысты сертификатталған түлектердiң дерекқоры құрылатын болады.
ТжКБ-ны дамыту жөнiндегi республикалық, өңiрлiк және салалық кеңестердiң өзара iс-қимылы ТжКБ-ны дамытуға, кадрлар даярлауға және бiлiм ұйымы, кәсiпорын мен студент арасында келiсiм жасау арқылы жұмысқа орналастыруға бизнес пен кәсiби қоғамдастықтың белсендi қатысуын қамтамасыз етедi.
2020 жылға қарай:
Кадрларды ұлттық бiлiктiлiк жүйесi негiзiнде даярлау толықтай еңбек нарығының сұраныстарына сәйкестендiрiледi.
Оқу орындарының оқу-өндiрiстiк шеберханалары мен зертханалары заманауи оқу-өндiрiстiк және технологиялық жабдықтармен, ақпараттық технологиялармен жарақтандырылады.
Кәсiпорындардың нақты сұраныстарын ескере отырып, кооперативтiк оқыту кең түрде енгiзiледi.
ТжКБ оқу орындарындағы оқыту жастар үшiн тартымды және беделдi болады.
Бизнес пен кәсiби қауымдастық ТжКБ-ны дамытуға және кадрлар даярлауға белсендi қатысады.
Экономика салаларында жұмыс берушiлердiң қатысуымен бiлiктiлiктi сертификаттаудың тәуелсiз орталықтары жұмыс iстейтiн болады.
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм
Мақсаты:
Еңбек нарығының, елiмiздiң индустриялық-инновациялық даму мiндеттерiн және жеке тұлғаның қажеттiлiктерiн қанағаттандыратын және бiлiм беру саласындағы үздiк әлемдiк тәжiрибелерге сай келетiн жоғары бiлiм сапасының жоғары деңгейiне қол жеткiзу.
Мiндеттерi:
1. Елiмiздiң индустриялық-инновациялық даму жобаларына сай келетiн жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмi бар кадрлармен қамтамасыз ету.
2. Жоғары бiлiмнiң еуропалық аймағына кiрiгудi қамтамасыз ету.
3. Бiлiмнiң, ғылымның және өндiрiстiң кiрiгуiн қамтамасыз ету, зияткерлiк меншiк пен технологиялардың өнiмдерiн коммерцияландыру үшiн жағдай жасау. Жоғары бiлiктi ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды даярлау.
Нысаналы индикаторлар:
Жұмыс берушiлер қоғамдастығында бiлiктiлiктi тәуелсiз бағалаудан бiрден өткен жоғары оқу орындары түлектерiнiң оған қатысқандардың жалпы санынан үлесi (2020 жылы – 80 %).
Мемлекеттiк тапсырыс бойынша жоғары оқу орындары түлектерiнiң мамандығы бойынша жоғары оқу орнын бiтiрген жылы жұмысқа орналасқанының үлесi (2015 жылы – 78 %, 2020 жылы – 80 %).
Әлемнiң таңдаулы университеттерi рейтингiнде көрсетiлген Қазақстанның жоғары оқу орындарының саны (2015 жылы – 1, 2020 жылы – 2).
Халықаралық стандарттар бойынша тәуелсiз ұлттық институционалды аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының үлесi (2015 жылы – 50 %, 2020 жылы – 65 %).
Халықаралық стандарттар бойынша тәуелсiз ұлттық мамандандырылған аккредиттеуден өткен жоғары оқу орындарының үлесi (2015 жылы – 20 %, 2020 жылы – 30 %).
Отандық ғылыми зерттеулердiң нәтижелерiн өндiрiске енгiзудiң негiзiнде бiлiм мен ғылымды кiрiктiру жолымен инновациялық қызметтi жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының үлесi (2015 жылы – 2 %, 2020 жылы – 5 %).
Соңғы 5 жыл iшiнде импакт-факторлы ғылыми журналдарда жарияланымдары жарық көрген профессор-оқытушы құрамының және ғылыми қызметкерлердiң үлесi (2015 жылы – 1 %, 2020 жылы – 5 %).
Елiмiздiң индустриялық-инновациялық дамуының жобаларына сәйкес келетiн жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмi бар кадрлармен қамтамасыз ету
Мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысының құрылымы үдемелi индустриялық-инновациялық дамудың сұраныстарына сәйкес өзгертiлетiн болады.
Үдемелi индустриялық-инновациялық даму жөнiндегi 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаның (бұдан әрi – ҮИИДМБ) басымдықтарына сәйкес келетiн мамандықтар бойынша мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы ұлғайтылады.
Бiлiм ұйымы, кәсiпорындар мен ҮИИДМБ жобалары үшiн мамандар даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарында мемлекеттiк тапсырыс бойынша оқитын студенттермен практикадан өту және жұмысқа орналасу жөнiнде шарттар жасалатын болады.
Жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiмi бар кадрларды даярлауға мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысының көлемi: магистратурада және PhD докторантурада, оның iшiнде Назарбаев Университетi үшiн ұлғаяды.
«Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша стипендиаттардың 100 %-ы магистратурада, докторантурада, ғылыми тағылымдамаларда оқитын болады, бакалавриатта – бiр семестрден академиялық бiр жылға дейiн.
ЖОО-ның кафедрааралық байланысы негiзiнде жоғары және жоғары бiлiмнен кейiнгi бiлiмдi мамандар даярлау қарастырылады.
Жоғары бiлiм беру жүйесiнде педагогикалық және техникалық мамандықтардың студенттерiне өндiрiсте кеңейтiлген практика енгiзiлетiн болады.
ЖОО-лар базасында ғылымды қажетсiнетiн өнiмдер мен қызметтер жасау үшiн ЖОО-лардың, бейiндi ғылыми ұйымдар мен кәсiпорындардың консорциумдары құрылатын болады.
Әлеуметтiк әрiптестер ҮИИД-ға кадрларды даярлау үшiн гранттар мен стипендиялар (ҮИИДМБ-дiң әр жобасынан 5 грант/стипендия) бөледi.
ҮИИД-iң жобаларын iске асыратын кәсiпорындарда өндiрiстiк практика базалары құрылатын болады.
Жоғары бiлiмнiң мазмұны мен құрылымын Болон процесiнiң параметрлерiне сәйкес келтiру арқылы жоғары бiлiмнiң еуропалық аймаққа кiрiгуiн қамтамасыз ету
Болон процесiнiң шеңберiнде мынадай мiндеттi, ұсынымдық параметрлерi орындалады:
академиялық еркiндiк – бiлiм беру бағдарламаларының құрылымы мен мазмұнында таңдау бойынша компонент көбейедi: бакалавриатта 70 %-ға дейiн, магистратурада 80 %-ға дейiн, докторантурада 90–95 %-ға дейiн;
Болон декларациясы принциптерiнiң бiрi ретiнде академиялық ұтқырлықты дамыту мақсатында студенттер оқудың барлық кезеңiнде кемiнде бiр академиялық мерзiмде шетелде оқытылады, оның iшiнде Президенттiң «Болашақ» бағдарламасының гранты есебiнен;
ЖОО-лардағы тәрбие жұмыстарын күшейту;
сыбайлас жемқорлық деңгейiн едәуiр төмендету;
ЖОО-лардың академиялық, қаржылық және басқарушылық қызметiнде ЖОО-лардың автономдық ұстанымдары iске асырылады;
12 жылдық бiлiм берудi iске асыру шеңберiнде бакалавриаттың бiлiм беру бағдарламаларының құрылымындағы жалпы бiлiм беретiн пәндер циклiнiң үлесi 25 %-дан 15 %-ға дейiн азаяды;
еңбек нарығының сұраныстарына арналған елiмiздiң жоғары оқу орындарының бiлiм беру бағдарламаларының икемдi әрекет ету тетiгi енгiзiледi – модульдiк бiлiм беру бағдарламалары әзiрленедi;
Болон процесiнiң және академиялық ұтқырлық орталығы құрылады.
Еңбек және жұмыспен қамтудың уәкiлеттi органымен бiрлесiп, салалық министрлiктер мен жұмыс берушiлердiң қатысуымен Ұлттық бiлiктiлiк жүйесi құрылады:
бiлiм берудiң түрлi деңгейлерiндегi қазiргi бiлiктiлiктер ұлттық және халықаралық еңбек нарықтарында танылатын көпдеңгейлi бiлiктiлiк жүйесiне бiрiктiрiледi;
жұмыс берушiлер бiрлестiктерi нақты мамандықтар шеңберiнде бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн кәсiптiк стандарттарды әзiрлейдi;
мамандардың кәсiби дағдылары мен бiлiктiлiктерiнiң сапасын тәуелсiз бағалау мен сертификаттау жүйесi енгiзiледi.
ЖОО-лар әзiрлеген бiлiм беру бағдарламалары Ұлттық бiлiктiлiк жүйесi талаптарына сай келетiн болады.
Бiлiм беру бағдарламаларын iске асыруға және ғылыми-зерттеу қызметiн жүзеге асыру көлемiне байланысты мынадай республиканың ЖОО жiктеуiшiнiң жүйесi құрылады: ұлттық зерттеу университеттерi, ұлттық жоғары оқу орындары, зерттеу университеттерi, университеттер, академиялар мен институттар.
Назарбаев Университетi моделi негiзiнде бiлiм, ғылым, қаржы, халықаралық және басқа қызметтi жүзеге асыруда дербес болу деп түсiндiрiлетiн жоғары оқу орындары автономиясының принциптерi әзiрленетiн болады. Мемлекеттiк ЖОО-лар автономды коммерциялық емес ұйымдар болады. Сонымен қатар ЖОО-лар есеп беруге тиiстi қамқоршылық кеңестер, сондай-ақ жоғары оқу орындарының қызметi айқындалатын тетiктер құрылады. Мемлекеттiк ЖОО-лар үшiн ректорларды тағайындау тетiгi жетiлдiрiледi.
Елiмiздiң ЖОО-ларына кезең-кезеңiмен автономия беру үшiн жағдайлар жасалады. 2015 жылдан бастап автономия ұлттық зерттеу университеттерiне, 2016 жылдан бастап – ұлттық жоғары оқу орындарына, 2018 жылдан – қалған жоғары оқу орындарына берiледi.
2016 жылдан бастап үдемелi индустриялық-инновациялық дамудың басым салаларының салалық бiлiктiлiк шеңберiне сәйкес бiлiм беру бағдарламаларын әзiрлеу жұмысы жалғастырылатын болады.
Жоғары бiлiм сапасын бағалау жүйесiнiң жоғары тиiмдiлiгiн қамтамасыз ету
Уәкiлеттi органның тiзiлiмiне енгiзiлген аккредиттеу ұйымдары жоғары оқу орындарын аккредиттеудi жүргiзедi.
2020 жылға қарай ұлттық аккредиттеу органдары Аккредиттеу агенттiктерiнiң тiзiлiмiне енедi (Еуропалық сапаны қамтамасыз ету агенттiктерiнiң тiзiлiмi).
2012 жылдан бастап аккредиттеудi коммерциялық емес үкiметтiк емес аккредиттеу агенттiктерi жүзеге асырады.
ЖОО-ын ұлттық аккредиттеуден өтуге уәждейтiн шарттар әзiрленедi. Атап айтқанда, Уәкiлеттi органның тiзiлiмiне енгiзiлген агенттiктерде институционалдық және арнайы аккредиттеуден өткен ЖОО-лар аккредиттеу мерзiмiнде аккредиттеу бағдарламалары бойынша мемлекеттiк аттестаттаудан босатылады. Олар өзiндiк үлгiдегi дипломдар бере алады, анағұрлым жоғары деңгейдегi бағдарламаларды iске асыра алады, мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы бойынша оқыта алады.
2015 жылдан бастап ЖОО мен колледждер үшiн мемлекеттiк аттестаттау ұлттық институционалды аккредиттеуге толық ауысады. Мемлекеттiк бақылауды мемлекеттiк органдар лицензиялық тексерiстер нысанында жүзеге асырады.
Ұлттық ЖОО-лар ұлттық аккредиттеумен қатар халықаралық мамандандырылған аккредиттеуден өтедi.
Қазақстандық ЖОО-лардың 65 %-ы халықаралық стандарттарға сәйкес тәуелсiз ұлттық институционалды аккредиттеуден өтедi. Сонымен қатар ЖОО-лар тәуелсiз ұлттық мамандандырылған аккредиттеуден өтетiн болады.
Ұлттық тәуелсiз рейтингтер өткiзуде мемлекеттiк қаржылық қолдау көрсетiледi.
Қазақстанның ЖОО-лары әлемнiң үздiк университеттерiнiң рейтингiне қатысады. Кемiнде екi ЖОО әлемнiң үздiк университеттерiнiң рейтингiнде аталады.
ЖОО-ның материалдық-техникалық базасын дамытуды қамтамасыз ету
2014 жылдан бастап жыл сайын оқу-зертханалық базасы жаңартылатын ЖОО-лардың үлесi 10 %-ға көбейедi. ЖОО-лардың материалдық-техникалық базасын дамыту үшiн мемлекеттiк-жеке әрiптестiк есебiнен қаражат тартылатын болады.
Жоғары оқу орындарының құрылымдық бөлiмшелерi болатын 4 Орталық құрылады: Бизнес-инновациялық орталық (жоғары бiлiм мен инновациялар аймағы); Жұмысшы кәсiбiнiң орталығы және Дәнекерлеу орталығы; Тамақ технологиялары бойынша шағын цехы бар азық-түлiк қауiпсiздiгi орталығы, конкурс негiзiнде Аудармашылар бюросы.
Оқу-әдiстемелiк құралдарды әзiрлеу және оларды басып шығару, оқулықтарды мемлекеттiк тiлге аудару, ЖОО кiтапханаларын қажеттi оқу әдебиетiмен толықтыру қамтамасыз етiледi. Қазақстандық оқулықтармен қатар таңдаулы шетелдiк оқулықтар қолданылады, әсiресе экономикалық, техникалық және жаратылыстану ғылымдары бойынша.
Бiлiмнiң, ғылымның және өндiрiстiң кiрiгуiн қамтамасыз ету, зияткерлiк меншiк пен технологиялардың өнiмдерiн коммерцияландыру үшiн жағдай жасау. Жоғары бiлiктi ғылыми және ғылыми-педагог кадрларды даярлау
Iргелi және қолданбалы ғылыми зерттеулердi, басқа ғылыми-техникалық, тәжiрибе-конструкторлық жұмыстарды ұйымдастыру мен жүргiзуде қатысатын зерттеу университеттерi құрылады, олардың даму бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. Зерттеу университеттерiнiң негiзгi мiндетi жоғары және жоғары бiлiмнен кейiнгi бiлiм деңгейлерiнiң барлығында ғылыми қызметпен бiлiм беру процесiн бiрiктiру болады. Зерттеу университетi жоғары және жоғары бiлiмнен кейiнгi бiлiм бағдарламаларын әзiрлеу мен iске асыруға, сондай-ақ оқуға қабылдау кезiнде бейiндi бағыттың қосымша талаптарын белгiлеуге құқылы.
Бiлiм мен ғылымның бiрiгуi жекелеген ғылыми-зерттеу институттарын заңдық дербестiк құқығымен жетекшi зерттеу университеттердiң құрамына беру арқылы жүзеге асырылады.
Елдiң индустриялық-инновациялық даму бағыттарын iске асыру үшiн жоғары оқу орындары негiзiнде инновациялық құрылымдар құру үшiн базалық ЖОО-ны айқындау тетiктерi әзiрленедi:
бизнес-инкубаторлар, оның iшiнде:
2013 жылы – «Энергетика» бағыты бойынша; 2014 жылы – «Мұнай өңдеу және мұнай-газ секторының инфрақұрылымы»; 2015 жылы – «Химия өнеркәсiбi»;
технопарктер, оның iшiнде:
2013 жылы – «Металлургия және дайын металл өнiмдерiн өндiру» бағыты бойынша; 2014 жылы – «Машина жасау»; 2015 жылы – «Жеңiл өнеркәсiп»;
ғылыми әзiрлемелер мен технологияларды коммерцияландыру орталықтары.
Елiмiздiң жетекшi ЖОО-лары жанынан жоғары бiлiктi ғылыми-педагог кадрларды даярлау және инновациялық қызметтi дамыту мақсатында ғылыми зерттеулер жүргiзу, зияткерлiк меншiк құқығын қорғауды одан әрi қамтамасыз ете отырып, зияткерлiк меншiктiң бәсекеге қабiлеттi өнiмдерiн жасау үшiн ғылыми және жобалық-конструкторлық ұйымдардың бiрлескен құрылымдық бөлiмшелерi ашылады: 2011 жылы – 5 бiрлескен құрылымдық бөлiмше; 2012 жылы – 8, 2013 жылы – 10, 2014 жылы – 12, 2015 жылы – 15.
Жеке меншiк секторды ғылыми және инновациялық қызметке тарту бойынша оларды экономикалық ынталандыру шаралары әзiрленген.
2015 жылдан бастап Назарбаев Университетi жоғары кәсiби мамандар мен жас ғалымдарды оқытып шығарады. Назарбаев Университетiнiң тәжiрибесi бiртiндеп елдiң жұмыс iстеп тұрған жоғары оқу орындарына енгiзiледi.
2016 жылдан бастап:
жетекшi шетелдiк әрiптес жоғары оқу орындарымен бiрлесiп, бiлiм беру бағдарламалары әзiрленедi;
жоғары технологиялық және ғылымды қажетсiнетiн өнiм жасау үшiн экономиканың басым бағыттарында ғылыми зерттеулер жүргiзiледi;
әрiптес университеттермен және шетелдiк ғылыми орталықтармен бiрлесу жүзеге асырылады.
Нәтижесiнде, iргелi және қолданбалы зерттеулердi кеңейту үшiн университеттердiң маңызды ғылыми әлеуетi тиiмдi қолданылады, олардың кешендiлiк және практикалық нәтижелiлiгi артады.
Өмiр бойы оқу
Мақсаты:
Өмiр бойы бiлiм алу жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету.
Мiндетi:
Баршаға арналған бiлiм, өмiр бойы бiлiм алу үшiн жағдай жасау.
Нысаналы индикатор:
Барлық жастағылар үшiн бiлiм берудiң әртүрлi нысандары мен типтерiн енгiзу.
Өмiр бойы оқу бiлiм алудың барлық деңгейiнде адамның бiлiм алуға деген қажеттiлiктерiн қанағаттандырудың түрлi мүмкiндiктерiн жасау есебiнен жүзеге асырылады.
2020 жылға қарай өмiр бойы оқу үшiн жасына, бiлiмi мен кәсiби бiлiктiлiк деңгейiне қарамастан жағдайлар жасалатын болады.
Жасына және әлеуметтiк жағдайына қарамастан барша халыққа техникалық және кәсiптiк, жоғары бiлiм жүйесiнде оқытудың түрлi нысаны және бiлiм беру қызметтерiн жекеше берушiлер арқылы (қашықтықтан оқыту, қайта бiлiктiлiк беру, формалды, формалды емес, инклюзивтi қысқа мерзiмдi курстар) жаңа базалық дағдыларды игерудi қоса алғанда, негiзгi дағдыларды игеру мен жетiлдiру мүмкiндiгi ұсынылатын болады. Оқу орындарымен, сондай-ақ әлеуметтiк әрiптестермен бiрлесiп, өндiрiстен қол үзбей оқыту қарастырылатын болады.
Бiлiм беру ұйымдарында 2016 жылдан бастап мүмкiндiктерi шектеулi адамдарды кәсiби даярлау үшiн жағдайлар жасалатын болады, модульдiк бiлiм беру бағдарламалары жасалады.
Халықтың ересек тобын қайта мамандандырудың ваучерлiк жүйесi әзiрленетiн болады.
Өндiрiсте жұмыс iстей жүрiп, адам өзi оқытудың түрлерiн, қарқынын және мерзiмiн таңдап, бiлiм алу процесiн дербестендiре алады. Бiлiм алушылардың тәуелсiз коммерциялық емес агенттiктерде өздерiнiң алған бiлiктiлiк деңгейiн бағалаудан өтiп, сертификаттар алуы арқылы мемлекеттiк және жекеше бiлiм беру қызметтерiн ұсынушыларды оқыту нәтижелерiн тануда тиiмдi шаралар әзiрленетiн болады.
Өмiр бойы оқыту оқытудың формалды және формалды емес нысандарының тұтастай спектрiн, инклюзивтi бiлiм берудi қоса алғанда, мектеп жасына дейiнгi жастан бастап зейнеткерлiкке шығу жасынан кейiнгi оқытуды қамтитын болады.
Инклюзивтi бiлiмдi дамыту тиiстi бейiндегi мамандарын даярлауды жүзеге асыратын жоғары оқу орындарының жанынан консультациялық-практикалық орталықтардың құрылуына ықпал етедi.
Жұмыс берушiлер оқу бағдарламаларын қоса қаржыландыруға және әрбiр қызметкердiң үздiксiз бiлiмге қатысуына мүмкiндiк беретiн икемдi сызбаларды дайындауға тартылады.
Барша қазақстандық азаматтар мемлекеттiк тiлдi толық меңгергенге дейiн тiлдердi меңгерудiң халықаралық стандарттары негiзiнде мемлекеттiк тiлдi үздiксiз оқытатын «Балабақша - мектеп, кәсiптiк лицей, колледж – жоғары оқу орындары» жүйесi құрылатын болады.
Қазақстан азаматтары (оқушылар, студенттер, магистранттар, түрлi сала қызметкерлерi) мен Қазақстанда жұмыс iстейтiн шетелдiк азаматтар үшiн сертификат бере отырып, қазақ тiлiн бiлу деңгейiн бағалау жүйесi – Қазтест енгiзiледi.
Тәрбие жұмысы және жастар саясаты
Мақсаты:
Жастардың бойында белсендi азаматтық ұстанымды, әлеуметтiк жауапкершiлiктi, отансүйгiштiк сезiмдi, жоғары адамгершiлiк және көшбасшылық қасиеттердi қалыптастыру.
Мiндетi:
Жастарды отансүйгiштiкке тәрбиелеу және олардың азаматтық белсендiлiгiн, әлеуметтiк жауапкершiлiгiн және әлеуетiн ашу тетiктерiн қалыптастыру жөнiндегi шаралар кешенiн iске асыру.
Нысаналы индикатор:
Жастар саясаты саласындағы iс-шараларды iске асыруға белсендi қатысатын жастардың олардың жалпы санынан үлесi (2015 жылы – 27 %, 2020 жылы – 55 %).
Жастар саясатын iске асыру қазақстандық патриотизмдi, рухани-адамгершiлiк мәдениеттi тәрбиелеу, ұлттық сәйкестiктi қалыптастыру негiзiнде жүзеге асырылады.
2011 жылдан бастап:
консультациялық, ақпараттық-талдамалық, оқыту және басқа да қызметтер көрсету мақсатында мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс шеңберiнде жастардың үкiметтiк емес ұйымдары базасында қызметтi жүзеге асыратын облыстық және республикалық әлеуметтiк қызметтер одан әрi дамитын болады;
республикалық деңгейде мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты iске асыру шеңберiнде ерiктi, әскери-патриоттық ұйымдардың, әскери-спорттық, әскери-iздеушi және спорттық-техникалық клубтардың желiсi 20 дан 30-ға дейiн көбейедi;
бiлiм беру ұйымдарында спорт секцияларының желiсi дамытылады;
қазақстандық патриотизмдi қалыптастыру мақсатында тұрақты негiзде мемлекеттiк рәмiздердi таныту, тарих, салт-дәстүр және ана тiлiн бiлу жөнiнде iс-шаралар жалғастырылатын болады;
түрлi жобаларды iске асыру арқылы жастар арасында қайырымдылық мәдениетiн қалыптастыру жөнiнде мақсатты шаралар қабылданатын болады.
Алматы қаласы үлгiсiнде жастардың үкiметтiк емес ұйымдарының және жастардың қызметiн үйлестiрудiң орталықтандырылған жүйесiн құру мақсатында жастар саясаты басқармасы құрылады.
Девиантты және деликвенттi балалармен жұмысты күшейту жоспарлануда. Балалар мен жасөспiрiмдер арасында девиантты мiнез-құлықтың алдын алуы түрлi факторлардың өзара iс-қимылымен қамтамасыз етiлетiн болады: отбасы, мектеп, бос уақыттағы орта және тұтас қоғам.
Одан басқа, тәрбие мен оқытуды, девиантты және деликвенттi мiнез-құлықты балаларды әлеуметтiк оңалтуды қамтамасыз ету бойынша арнайы бiлiм ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын бiлiм ұйымдарына баса назар аударылатын болады.
Бiлiм беру жүйесiне кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейiмдеу және оңалту орталықтарын беруге байланысты олар Кәмелетке толмағандарды бейiмдеу орталығы (бұдан әрi – КТБО) болып қайта ұйымдастырылады.
КТБО-ның негiзгi мiндетi – кәмелетке толмағандардың дағдарыс жағдайынан шығуға және өмiрiн орнықтыруға, баланы отбасымен қосуға көмек көрсету мен отбасын әрi қарай сүйемелдеу.
Тұтас алғанда, мектепке дейiнгi жастан бастап тәрбиеге ерекше көңiл бөлiнетiн болады.
Жастардың әлеуетiн ашу тетiктерiн iске асыру
Жастар саясаты саласындағы мәселелердi шешуге жастардың қатысуы үшiн оның өкiлдi органдарда қатысуын қамтамасыз ету мiндетi қойылып отыр.
Ұйымдастырушылық қабiлетi мен көшбасшылық қасиетi бар студенттер арасынан белсендi жастарды, сондай-ақ әлеуметтiк жобаларды iске асыру аясында жастар ұйымдарының жетекшiлерiн оқыту жоспарлануда.
Шығармашыл жастарды қолдау мақсатында жыл сайынғы ұлттық конкурстар, ойындар, турнирлер, КТК, оның iшiнде Дельфий ойындарын өткiзу және кейiннен қазақстандық құрамалардың халықаралық конкурстарға, турнирлер мен ойындарға қатысуын қамтамасыз ету көзделуде.
Осылайша, шығармашыл жастарды қолдау 2020 жылға қарай Дельфий ойындарына қатысушыларды 2000 адамға дейiн жеткiзудi көздейдi.
Республиканың ғылыми-техникалық әлеуетiн тұрақты негiзде нығайту үшiн ғылыми ұйымдарда және жоғары оқу орындарында консультативтiк-кеңесшi органдардың қызметiне жастардың шығармашылық және инновациялық бiрлестiктерi тартылатын болады.
Мәдениеттегi, өнердегi, ғылымдағы, ақпараттық технологиялар саласындағы ұзақ мерзiмдi конкурстық жобаларды дамыту бойынша ведомствоаралық жұмыс күшейтiледi.
Осылайша 2020 жылға қарай:
өкiлдi органдарға сайланушы жастардың үлесi 15 %-ға жетедi;
жастар ұйымдарының қызметiне жастардың 29 %-ы қатысатын болады;
мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс шеңберiнде әлеуметтiк маңызды жобаларды iске асыруға тартылған жастар ұйымдарының үлесi 24 %-ды құрайды.
Достарыңызбен бөлісу: |