Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін дамыту саласы
1. Реттелетін саланы немесе қызмет аясын дамытудың негізгі параметрлері
«Концессиялар туралы» 2006 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануымен концессия тетігін қолдана отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жеке секторға қаржылық және технологиялық ресурстарды инвестициялауға мүмкіндік беретін құқықтық негіз қаланды.
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (бұдан әрі – МЖӘ) жобаларының тартымдылығын арттыру және оларды кеңінен қолдану үшін 2012-2014 жылдар аралығындағы кезеңде заңнамаға қосымша тұжырымдамалық өзгерістер енгізілді.
2013 жылғы желтоқсанда өңірлерде МЖӘ жобаларын іске асыру процесін жеделдетуге мүмкіндік беретін, үлгілік және техникалық жағынан күрделі емес жобалар бойынша заңнамалық түрде қажетті құжаттаманы дайындау рәсімі оңайлатылды.
МЖӘ жобалары үшін республикалық деңгейде «бір терезе» қағидатын енгізу мақсатында «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі жанында «Kazakhstan Project Preparation Fund» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – KPPF) құрылды. KPPF мемлекеттік органдар үшін барлық республикалық МЖӘ жобаларын «бір терезеде» дайындауды және сүйемелдеуді, сондай-ақ инвесторларға консультациялық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді.
2013 жылы мемлекеттік инвестицияларды жүзеге асыру бойынша тәсілдерді реформалаудың маңызды кезеңі жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік немесе жеке инвестициялар есебінен іске асыру мүмкін болмаған не оның орынсыздығы жағдайларында ғана инвестициялық жобаларды бюджеттік қаржыландыру бойынша шешімдерді қабылдауға мүмкіндік беретін «бюджеттік компаратор» тетігін енгізу болып табылады.
2014 жылғы шілдеде жергілікті атқарушы органдардың дербестігін арттыру, атап айтқанда МЖӘ үлгілік жобаларын іске асыру кезінде арттыру мақсатында оларға құны 4 000 000 айлық есептік көрсеткіштен асатын жобаларды қоспағанда, жергілікті концессиялық жобаларды келісу және сараптау өкілеттіктері берілді, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік концессиялық міндеттемелер лимиттерін белгілеуі үш жылдық кезеңде жүзеге асырыла бастады.
МЖӘ мәселелерін кешенді реттеу үшін қоғамдық игіліктер мен көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мен сапасының деңгейін арттыру үшін ресурстарды біріктіру жолымен мемлекет пен жеке сектор арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты қалыптастыру және күшейту мақсатында Мемлекет басшысы 2015 жылғы 31 қазанда «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) қол қойды.
Заң МЖӘ салалары мен қатысушыларын кеңейтуді көздейді.
Білім беру, денсаулық сақтау және автожолдар салу сияқты негізгі салалармен бірге Заң экономиканың барлық салалары мен аяларында МЖӘ-ні дамытуды көздейді.
Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес жекелеген объектілер бойынша ғана тыйым салынады (мысалы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары (плотиналар, гидротораптар) және басқалар).
Заңды түрде анықталады, оның ішінде Қаржылық ұйымдарды, ұлттық салалық операторларды (ҚТЖ, КЕГОК, Қазақтелеком және т.б.) және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасын қоса алғанда МЖӘ қатысушыларының тобы заңнамалық түрде белгіленеді.
Тұтастай алғанда, 2005 жылдан бастап объектілер құрылысының жалпы құны 46,2 миллиард теңгені құрайтын 3 республикалық жоба іске асырылуда, әртүрлі дайындық сатысында жалпы құны 900 миллиард теңгеден асатын қосымша 15 республикалық жоба бар, олардың ішінде автожолдар, ауруханалар, түзеу мекемелерін және т.б. салу бар.
Өңірлік деңгейде жоспарлау және іске асырудың әртүрлі деңгейінде жалпы сомасы 842,8 миллиард теңгеге 458 жоба бар, олардың ішінде:
– 93,3 миллиард теңге сомасына 119 объект бойынша 113 МЖӘ шарттары жасалды;
– 116,2 миллиард теңге сомасына конкурс, конкурс жариялау және шартқа қол қою деңгейінде 82 жоба;
– 633,3 миллиард теңге сомасына тұжырымдама/концессиялық ұсыныс әзірлеу деңгейінде 263 жоба.
2. Негізгі проблемаларды талдау
Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту саласындағы негізгі проблемалар жобалардың инвестициялық тартымдылығының төмендігі, жобаларға бастамалық етуші мемлекеттік органдар белсенділігінің төмендігі болып табылады. Мемлекеттік және жергілікті органдардың кадрлардың және жергілікті бюджеттердің ұзақ мерзімді инвестициялық мүмкіндігінің болмауына байланысты МЖӘ тетігін пайдалану жолымен инвестициялық жобаларды іске асыруға толық қызығушылық танытпай отыр.
3. Тәуекелдерді басқару
Мақсатқа қол жеткізуге әсер етуі мүмкін тәуекелдер атауы
|
Тәуекелдерді басқару жөніндегі іс-шаралар
|
1
|
2
|
Жеке және халықаралық капиталдың мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларында қатысудан бас тарту тәуекелі
|
Тәуекелдерді мемлекеттік әріптес пен жеке әріптес арасында бөлу
|
Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің конкурстық құжаттамаларды сараптама жүргізуге ұсынбауы
|
Концессиялық жобаларды дайындау процесін әдіснамалық қамтамасыз етуді жетілдіру бойынша шаралар қабылдау
|
2-стратегиялық бағыт. Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру
Макроэкономикалық саясат саласы
1. Реттелетін саланы немесе қызмет аясын дамытудың негізгі параметрлері
Өткен үш жылда (2014-2016 жылдар) Қазақстан экономикасы геосаяси факторлардың, Федералдық резервтік жүйенің сандық жұмсаруы бағдарламасының тоқтатылуы және тақтатас мұнайын өндірудегі серпілістің әсерінен мұнайға және басқа да экспорттық тауарларға әлемдік бағаның күрт төмендеуі, сұраныстың азаюы және капиталдың шамадан тыс кетуі нәтижесінде елдің негізгі сауда әріптестерінің экономикасы өсуінің төмендеуі жағдайында дамыған болатын.
Көрсетілген кезең ішінде жалпы ішкі өнімінің (бұдан әрі – ЖІӨ) орташа жылдық нақты өсуі 2,1%-ды құрады (2000-2013 жылдары – 8,0%). 2014 жылы экономика 4,2%-ға, 2015 жылы – 1,2%-ға, 2016 жылы (алдын ала деректер бойынша) – 1,0%-ға өсті.
Қолайсыз сыртқы факторлар жағдайында экономиканың өсуі экономикаға жаңа инвестицияларды тартумен қолдау тапқан ішкі сұраныс есебінен, сондай-ақ тұрғын-үй құрылысын қоса алғанда, ауыл шаруашылығында, құрылыста өнім шығарудың, көлік саласында қызмет көрсетудің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілді.
Елдегі экономикалық белсенділікті қамтамасыз еткен қолайлы жағдайлардың бірі инвестициялардың өсуі болып табылады. Мәселен, негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі үш жылда 21 378,0 миллиард теңгені құрады және жылына орташа есеппен 3,3%-ға өсті.
2016 жылы инвестициялар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – ИИДМБ) шеңберінде индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы нәтижесінде 2,0%-ға өсті. Инвестициялардың ең көп өсуі ауыл шаруашылығында 47,1%, тау кен өндіру өнеркәсібінде – 13,8%, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда – 10,7% және саудада – 8,5% байқалады.
Экономиканың нақты секторында өңдеу өнеркәсібінің ілгерілеуі байқалады. Жалпы, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2016 жылғы 1,1%-ға төмендеді. Өнеркәсіптің төмендеуіне мұнай, көмір, темір рудасын өндіру және машина жасау елеулі ықпал етті. Тау-кен өндірісі өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда өндіріс 2,7%-ға азайды, өңдеу өнеркәсібінде 0,6%-ға ұлғайды.
Ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығында жалпы өнім көлемі 3 615,8 миллиард теңгені құрап, өсімдік шаруашылығы өнімінің 7,8 %-ға (1 994,7 миллиард теңге) өсуі есебінен 5,5 %-ға ұлғайды.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 3 233,6 миллиард теңгені құрап, тұрғын үй құрылысы мен өнеркәсіп объектілері құрылысының ұлғаюы есебінен 7,9%-ға ұлғайды. 2016 жылғы пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы 17,6%-ға өсіп, 10 512,7 мың шаршы метрді құрады. Тұрғын үй құрылысына 829,6 миллиард теңге инвестиция бағытталды немесе 2015 жылға қарағанда 106,7%-ды құрады.
Биржалық тауарларға сұраныстың қысқаруы мен бағалар конъюнктурасының төмендеуінен 2016 жылы 2014 жылмен салыстырғанда елдің сыртқы сауда айналымы абсолютті мәнде 58,8 миллиард АҚШ долларына қысқарып, 61,9 миллиард долларды құрады, оның ішінде экспорт – 53,7 %-ға (36,7 миллиард доллар) және импорт – 39 %-ға (25,1 миллиард доллар) қысқарды.
Сонымен қатар, Қазақстанның негізгі сауда әріптестер елдерінің экономикасының жандануы, шикізат тауарларына бағаларды тұрақтандыру 2016 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап экспортқа бағытталған ірі кәсіпорындарды мемлекеттік қолдау шараларымен бірге экспорттың төмендеу қарқынының 2015 жылғы 36,6 %-дан 2016 жылғы 19 %-ға дейін баяулауын қамтамасыз етті.
Ұлттық Банктің халықаралық резервтері 2014 жылы 29,2 миллиард долларды құрады және тауарлар мен көрсетілетін қызметтер импортының 6,2 айын жапты, 2015 жылы – 27,9 миллиард долларды (7,4 ай), 2016 жылы – 27,9 миллиард долларды құрады (9,1 ай). Жалпы, 2017 жылғы 1 қаңтарда еліміздің халықаралық резервтері 90,7 млрд АҚШ долларын құрап, 2016 жылы 0,7% -ға төмендеді.
2014 жылы ЕДБ берген кредиттер көлемі 12 105,7 миллиард теңгені құрады, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 7,2%-ға көп, 2015 жылы өсу 12674,2 миллиард теңгеге дейін 4,7%-ды құрады, ал 2016 жылы – 12859,1 миллиард теңгеге дейін 1,5%-ды құрады.
Депозиттік базаның кеңеюі байқалуда. Депозиттер 2016 жылы 13,7%-ға өсіп, 18 163,8 миллиард теңгеге жетті, оның ішінде халықтың депозиттері 15,4%-ға ұлғайды.
Жұмыссыздық деңгейі 2016 жылы 5,0 %-ды құрады.
Жұмыссыздықтың салыстырмалы түрдегі төмен деңгейіне қарамастан, инфляцияның өсуіне байланысты нақты жалақының индексі 2014 жылғы 103,9 %-дан 2016 жылы 97,6 %-ға дейін төмендеді. Орташа айлық номиналды жалақы 2016 жылы бағалау бойынша 140,7 мың теңгені құрады, бұл 2015 жылға қарағанда 11,8 %-ға артық.
Халықтың жан басына шаққандағы орташа номиналды ақшалай табыстары 2013 жылғы 62,3 мың теңгеден 2016 жылғы қарашада 74,6 мың теңгеге дейін ұлғайды. Кірістер 2015 жылғы қарашамен салыстырғанда номиналды мәнінде 2,3%-ға өсті, нақты мәнінде – 5,9%-ға төмендеді.
Инфляция деңгейі 2014 жылы 7,4%-ды құрады. 2015 жылы теңгенің еркін құбылмалы айырбас бағамына көшуі нәтижесінде инфляция 13,6%-ды құрады.
2016 жылы бағалардың өсуін тежеу бойынша қабылданған шаралар есебінен инфляция 8,5%-ды құрады. Инфляцияның құрылымында азық-түлік тауарлары бағасының жыл сайынғы орташа өсуі 9,5%-ды, азық-түлік емес тауарлар бағасы – 13,3%-ды, ақылы қызметтер бағасы – 6,9%-ды құрады.
Әлемдік экономиканың баяу қалпына келуі және жаңа геосаяси тәуекелдер жағдайларында экономиканың орнықты өсуіне бағытталған дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру қамтамасыз етілді.
Елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында орталық, жергілікті мемлекеттік органдар мен өзге де органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 6 мамырдағы отырысында мақұлданған 2015 жылға арналған Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірінші кезектегі іс-қимыл жоспары шеңберіндегі шаралары іске асырылды. Осы жоспар шеңберінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының бес институционалдық реформасының іс-шаралары, сондай-ақ ағымдағы экономикалық саясаттың басымдықтары іске асырылды.
2015 жылы экономика салаларының өсуін қамтамасыз ету және экономикалық белсенділіктің одан әрі баяулауын болдырмау, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2015 және 2016 жылдары экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі жедел шаралар жоспары (бұдан әрі – Жедел шаралар жоспары) мен «ерекше кезеңдегі» экономикалық саясат шараларын ескере отырып, Үкіметтің 2015 жылғы 11 ақпандағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының (бұдан әрі – «ерекше кезең» жоспары) іске асырылуы қамтамасыз етілді.
Жоғарыда аталған жоспарлар экономиканың нақты секторын қолдауға және жеке инвестицияларды ынталандыруға жұмыс орындарын құруға және жұмыспен қамтуды қолдауға, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өсуіне жол бермеуге, Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалануға және мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды қайта қарауға, сондай-ақ республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұдан басқа экономикалық белсенділікті сақтау үшін Үкімет 2015 жылдың соңында жедел шаралар мен «ерекше кезең» жоспарларын өзектілендіруді ескере отырып, Үкімет пен Ұлттық Банктің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі 2016-2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарын қабылдады.
Дағдарысқа қарсы жоспар «100 нақты қадам Ұлт жоспары» шеңберінде институционалдық реформаларды тереңдетуге және Президенттің «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты 2015 жылғы қарашадағы Қазақстан халқына жолдауын, сондай-ақ экономиканың өсуін ынталандыру және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі жедел шараларды іске асыруға бағытталған.
Жалпы Дағдарысқа қарсы жоспарда жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру жөніндегі шаралар және экономиканың өсуін ынталандыру мен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі жедел шаралар көзделген.
Жаңа құрылымдық экономиканы қалыптастыру оны қалыптасқан экономикалық болмысқа бейімдей отырып, оған бизнес үшін де, жалпы мемлекеттік басқару жүйесі үшін де тиімділікті арттыратын ынталандыруды енгізу арқылы экономикалық саясатқа жүйелі өзгерістерді болжайды.
Дағдарысқа қарсы жедел шаралар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде негізгі инфрақұрылымдық жобаларды, ИИДМБ мен агроөнеркәсіптік кешеннің индустриялық жобаларын мемлекеттік кепілдікпен қарыздар тарту арқылы қосымша қаражат тарту жолымен іске асыруға бағытталған. Сондай-ақ өндірістік кәсіпорындардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және жұмыс орындарын сақтау жөніндегі нақты шараларды қабылдау көзделген.
2016 жылы экономикалық белсенділікті қолдау үшін 2016 жылға арналған дағдарысқа қарсы қосымша жедел шаралар жоспары қабылданды, ол:
– ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыруға және қаржылық тұрақтылықты қолдауға;
– «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде экономиканы қолдау бойынша шараларды кеңейтуге;
– шағын және орта кәсіпкерлікті (бұдан әрі – ШОБ) және экономиканың негізгі салаларын қолдауға, халықтың іскерлік белсенділігі мен жұмыспен қамтамасыз етуді қолдауға бағытталған.
Экономиканы әртараптандыру, елді тұрақты және инклюзивті дамыту мақсатында 2014 жылғы мамырда Қазақстан Республикасының Үкіметі төрт жетекші халықаралық қаржы ұйымы (бұдан әрі – ХҚҰ) – Әлемдік Банк Тобымен, Еуропа қайта құру және даму банкімен, Азия даму банкімен және Ислам даму банкімен әріптестік туралы негіздемелік келісімге қол қойды. Ұқсас келісімге 2015 жылғы сәуірде Еуропа инвестициялық банкі қол қойды.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылатын ХҚҰ-мен бірлескен жобалар шағын және орта бизнесті қолдауға, жол құрылысы мен оны реконструкциялауға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін жандандыруға, ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын және жасыл экономиканы дамытуға, сондай-ақ әлеуметтік жандандыруға бағдарланған.
Бұдан басқа, өнім шығару көлемінің қысқаруы байқалып отырған экономика салаларында өндіріс көлемінің өсуін қамтамасыз ету; «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы және 2016 жылғы дағдарысқа қарсы қосымша шаралар жоспары шеңберінде жоспарланған қаражатты пайдалану тиімділігін арттыру; «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды және экономиканың басым секторларындағы инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдету үшін шілдеде 2016 – 2017 жылдары экономикалық өсуді ынталандыру және жұмыспен қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар жоспары қабылданды.
Қабылданған дағдарысқа қарсы шараларды ескере отырып, Қазақстанның негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері дамудың оң траекториясында қалып отыр. 2016 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ өсуі 2015 жылға қарағанда 1,0%-ды құрады.
2. Негізгі проблемаларды талдау
2016 жылы 2015 жыл трендінің жалғасуында, әлемдік нарықтағы мұнай мен металдар бағаларының төмендеуі есебінен, Ресейдегі рецессияның және Қытай мен Еуроаймақ экономикаларының өсуінің баяулауына байланысты Қазақстанның экспорттық өнімдеріне сұраныстың төмендеуінен Қазақстан экономикасы өсуінің бәсеңдеуі байқалды.
Кредит беруді азайту, нақты жалақының және халықтың нақты табыстарының төмендеуі бизнес пен халық тарапынан ішкі сұраныстың төмендеуіне әкелді.
Қазақстанда экономикалық өсудің негізгі драйвері әдеттегідей үй шаруашылығының шығыстары болды. 2010 – 2013 жылдары олардың экономикалық өсімге қосқан үлесі 65-90%-ды құрды, ал 2014 жылдан бастап тұрмыстық шығыстар үлесі ұзақ мерзімді кезең ішінде алғаш рет өзінің ең төменгі мәніне дейін төмендеді.
Бәрінен бұрын тау-кен өндіру серпінінің баяулауы, сондай-ақ инфляциялық процестердің жеделдеуі салдарынан нақты жалақының төмендеуі тұтыну шығыстарының төмендеуіне ықпал етті.
Сондай-ақ сауда көлемінің төмендеуі байқалды, бұл экономикадағы белсенділіктің төмендеуі мен теңгенің әлсіреуіне негізделген. Сонымен қатар оның басқа да себебі бар.
Алдыңғы жылдары азаматтардың ақшалай табыстарының нақты өсімінің қарқыны мен республикадағы бөлшек тауар айналымының нақты өсу қарқынында айырмашылық байқалды.
Халық өз шығыстарының елеулі бөлігін тұтынушылық кредит арқылы қаржыландырды. Іс жүзінде ақшалай табыстың өсу қарқыны мен тауар айналымының арасындағы айырмашылық тұтынушылық кредитпен қамтамасыз етілген болатын. 2014 – 2016 жылдары бөлшек сауда өсімінің орташа қарқыны 2,1% құрады.
2014 жылдың қорытындысы бойынша маңызды мәселелердің бірі ішкі және сыртқы факторлар тарапынан теріс оқиғалар мен үрдістердің нәтижесінде экономикалық агенттердің девальвациялық күтулері салдарынан экономиканы долларландыру үрдісі күшейді. Бұл факт көбіне банк секторы міндеттемелерінің құрылымында көрініс тапты.
Осының аясында инфляцияның күрт жеделдеуі байқалды. Егер 2013 жылы инфляция деңгейі 4,8 %-ды құраса, 2015 жылы – 13,6 %-ды құрады. Бірақ бағаның өсуін тежеу бойынша қабылданған шаралардың арқасында, инфляция 2016 жылы 8,5% -ды құрады.
2015 жылғы тамыздан бастап теңгенің еркін құбылмалы айырбас бағамына көшуге инфляциялық таргеттеудің режиміне негізделген жаңа ақша-кредит саясатын іске асыруға көшу жүзеге асырылды. 2015 жылғы тамыздан желтоқсанға дейін теңге 82 %-ға бәсеңдеді. Теңгенің барынша бәсеңдеуіне бағаның өсуі 2014 желтоқсанға қарағанда 2015 жылғы желтоқсанда 22,6 % құраған азық-түлік емес тауарлар ең көп әсер етті. Азық-түлік емес тауарлар бөлігінде тұтыну себетіндегі импорттық тауарлардың үлесі 50%-дан елеулі артық. Сондықтан олар жылдам қымбаттайды, ал импорт үлесі айтарлықтай төмен көрсетілетін қызметтер инфляциясы (2015 жылғы желтоқсанда 8,1%) бағаның жалпы көтерілуін тежейді.
Мұнай бағаларын 2016 жылғы минимумдардан қалпына келтіру ұлттық валютаның елеулі нығаюына алып келді, нәтижесінде теңгенің долларға қарағандағы айырбас бағамы жыл соңында бір долларға 333,29 деңгейінде болды.
3. Тәуекелдерді басқару
Мақсатқа қол жеткізуге әсер етуі мүмкін тәуекелдер атауы
|
Тәуекелдерді басқару жөніндегі іс-шаралар
|
1
|
2
|
Қазақстан экспорттайтын энергия ресурстары мен ауыл шаруашылығы шикізатының әлемдік бағаларының құбылмалылығы
|
Әлеуетті тәуекелдерді уақтылы анықтау үшін әлемдік экономиканың және Қазақстанның негізгі шикізат тауарларына, экономикасына әлемдік бағалардың негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері серпінін мониторингілеу.
Қолайсыз жағдай орын алған кезде, оның ішінде ұлттық экономиканың бәсеңдеуімен, рецессиясымен немесе дағдарысымен сипатталатын энергия ресурстарына әлемдік бағаның күрт өзгеруі салдарынан экономиканы қолдау бойынша қажетті шаралар қолдану мәселесін қарау
|
Әлемдік экономиканың өсу қарқынының бәсеңдеуі
|
1. Әлемдік экономиканың өсуінің нашарлау дәрежесіне байланысты ұлттық экономиканы қолдау бойынша шараларды іске асыру
2. Мемлекеттік бюджетті оңтайландыру және басым емес шығыстарды секвестрлеу бойынша ұсыныстар әзірлеу
|
Елдің егеменді кредиттік рейтингінің төмендеуі
|
Рейтингтік агенттіктерге Үкіметтің экономикалық өсудің құлдырауының теріс салдарын нивелирлеу/еңсеру жөніндегі шараларын түсіндіру
|
Ішкі сауда саласы
1. Реттелетін саланы немесе қызмет аясын дамытудың негізгі параметрлері
Сауда саласы отандық экономиканың басты секторларының бірі болып табылады, онда 2015 жылы 1,3 миллионнан астам адам, 2014 жылы – 1,2 миллион, 2013 жылы – 1,3 миллион адам немесе шамамен экономикалық белсенді халықтың 14,6 % жұмыспен қамтылған.
ЖІӨ құрылымындағы ішкі сауда үлесі тұрақты деңгейде және 2015 жылы 16,7% (2014 жылы – 15,5%, 2013 жылы – 14,7%) құрады.
2015 жылы – 99,6% (алдын-ала деректер бойынша), статистика деректері бойынша бөлшек сауда айналымы 2014 жылмен салыстырғанда 0,4%-ға төмендеді, ал (салыстырмалы бағада) 2014 жылы НКИ – 107,9%, 2013 жылы – 116,0%.
Республиканың көтерме сауда айналымы 2015 жылы 2014 жылғы деңгейде сақталды (салыстырмалы бағада), 2014 жылы – 106,2%, 2013 жылы – 112,2% құрады.
2015 жылы интернет арқылы жүргізілген бөлшек сауда көлемі 50,9 миллиард теңгені немесе бөлшек сауданың жалпы көлемінің 0,8 % құрады (алдын ала деректер бойынша 2013 жылы тиісінше – 28 миллиард теңге немесе 0,5%, 2014 жылы – 41,3 миллиард теңге немесе 0,7%). Негізгі үлес косметикалық тауарлар мен дәретхана бұйымдарына (интернет арқылы жүргізілген бөлшек сауданың жалпы көлемінен 21,5 %), компьютерлерге, перифериялық жабдықтар мен бағдарламалық қамтамасыз етуге (11,1%), автомобильдерге арналған бөлшектер мен керек-жарақтарға (11%) тиесілі.
Электрондық көтерме сауда айналымы 65,7 миллиард теңгені немесе көтерме сауданың жалпы көлемінің 0,4%-ын құрады (алдын ала деректер бойынша тиісінше 2014 жылы – 50,8 миллиард теңге немесе 0,3%, 2013 жылы – 53 миллиард теңге немесе көтерме сауданың жалпы көлемінің 0,4%-ы).
Электрондық саудаға ақы төлеу, әдеттегідей қолма-қол ақшамен (респонденттер жауаптарының 61,4%), банк және пошта аударымдарымен (74,1 %) жүзеге асырылады.
Тауарларды жеткізу тәсілдерінің ішінде сатып алушылардың тауарларды өздерінің әкетуі (респонденттер жауаптарының 66,5 %) ең көп үлесті құрайды, сондай-ақ бөгде ұйымдардың курьерлік қызметтері (42,4%) пайдаланылады, көлік компаниялары (35%) тартылады, кейбір кәсіпорындардың жеке курьерлік қызметтері бар (32,5 %).
2013-2015 жылдардағы бөлшек және көтерме сауда айналымы (млрд. теңге)
Сауданың негізгі көрсеткіштерін жақсарту және ішкі, оның ішінде биржалық және электрондық сауда салаларындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 30 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.
Қолданыстағы сауда объектілерінің сыныптауышы қайта қаралды, ұғымдық аппарат және оларға қойылатын талаптар әзірленді. Тұтастай алғанда, сауда объектілері стационарлық, стационарлық емес және сауда базарлары болып бөлінді. Стационарлық өз кезегінде сауда алаңының ерекшеліктері бойынша 5 санатқа бөлінді.
Сауда базарлары да жетілдірілді, олар арнайы және әмбебап болып бөлінеді. Бұл ретте Сауда қызметін реттеу туралы заңда әмбебап сауда базарларын стационарлық сауда объектілеріне астананың, республикалық маңызы бар қаланың аумағында 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, ал облыстық маңызы бар қалалардың аумағында 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап көшіру көзделген.
2. Негізгі проблемаларды талдау
Ішкі сауданың дамуында оң үрдістер бірқатар проблемалардың сақталуымен сүйемелденеді. 2015 жылы нарықтағы және жеке кәсіпкерлер саудасының үлес салмағы бөлшек сауда көлемінде 47,5% (жедел есептілік деректері бойынша 2014 жылы – 44,9%, 2013 жылы – 47,3%) құрайды.
3. Тәуекелдерді басқару
Мақсатқа қол жеткізуге әсер етуі мүмкін тәуекелдер атауы
|
Тәуекелдерді басқару жөніндегі іс-шаралар
|
1
|
2
|
Сауда секторының инвестициялық тартымдылығының төмендеуі
|
Заманауи сауда форматтары мен сауда инфрақұрылымын дамыту мақсатында қолдау шараларын көрсету жөніндегі мәселелерді пысықтау
|
Достарыңызбен бөлісу: |