Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі
Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы
Агентство Республики Казахстан по делам религий
Международный центр культур и религий
Діни терминдер мен ұғымдардың
анықтамалығы
Религиозные термины и понятия
Справочное пособие
Астана, 2012
Жауапты редактор: А.П. Әбуов
Құрастырушылар: Е.М. Смағұлов, М.К. Бектенова, А.А. Абдраимова, Ж.Е. Камзина, Ш.С. Закиров, Л.В. Стефогло, Д.К. Дарыбаева.
Материалдарды қолдану кезінде мәтіннің түпнұсқасына өзгерістер енгізуге тыйым салынады.
Көшіру мен қайта басып шығаруға «Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы» РММ-нің келісімімен ғана жол беріледі.
© Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы, 2012
ДІНИ ТЕРМИНДЕР СӨЗДІГІ
__________________________________________________________
Аббат – (арамей тіл.– «әке») – католик монастырының басшысы.
Аватара – (индуизм мен буддизмде) – құдайдың түрлі адамдар, батырлар кейпінде болуы.
Авеста – зороастризмдегі киелі канондық мәтіндер жинағы.
Автокефалия – (грек. тіл. – «бас») – өзін-өзі басқару, православ шіркеулерінің тәуелсіздігі. Бүгінгі таңда православие шіркеуінің он бес автокефалиялық шіркеуі танылған.
Адат – (араб тіл.- «әдет-ғұрып») – исламды қабылдаған халықтардың дәстүрлі наным-сенімі, құқығы. Тәжірибеде адат нормаларын қолдану шариғатпен тығыз байланысты. Шариғатта Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне теріс келмейтін жергілікті халықтың әдет-ғұрыптарын шариғатқа сіңдіріп, қабыл етіледі.
Адвентизм – (лат.тіл. – «келу») – 1831 ж. Америкада Виллиам Миллер құрған протестант сенімі. Бұл ағым Исаның қайта тірілуі туралы сенім негізінде құрылған.
Адепт – белгілі ілімнің (оның ішінде дін саласында) ізбасары, жақтаушысы.
Азан – (араб тіл. –«хабар беру», «білдіру») – арнайы сөздермен намаз уақытының кіргенін білдіру және намазға шақыру.
Ақида – (араб тіл. – «байланыстыру») – етістігінен шығады және сенім-наным, дүниетаным, идеология мағыналарын білдіреді. «Ақида» сөзінің шариғаттық түсінігі адамның ұстанатын дүниетанымына байланысты. «Ақида» ұғымы сенім жүйесі ретінде қолданылуымен бірге, белгілі бір мәзһабтың немесе бір мәзһабты құрған имамның иман негіздеріне қатысты айтқан пікірлері мен түсінігін білдіру үшін де қолданылады.
Анимизм – (лат. тіл. – «рух», «жан») – рухтар мен жандардың бар болуына сену. Бүкіл табиғаттың жаны бар деп есептеу.
Антропоморфизм – (грек тіл. – «адам» және «түр») – адамға тән қадір-қасиеттерді табиғаттағы нәрселер мен құбылыстарға, жануарларға да тән деп қарау. Құдайды адам бейнесінде елестету.
Апостол – (грек тіл. – «елші») – Жаңа өсиетте осылай дүние жүзінің барлық жақтарына Евангелиені уағыздап таратқан Иса Мәсіхтің (Исус Христос) ең жақын шәкірттерін атайды. «Апостол» деп жұртқа тарату үшін Құдайдан жарлық алғандарды осылай атайды. Сонымен қатар Апостолдар деп Иисустың 12 шәкіртін де атайды.
Апостолдық мұрагерлік – үздіксіз мұрагерлік. Қандай да бір апостолдың мұрагері ретінде епископ лауазымына тағайындау.
Араньяктар – (санскрит тіл. – «Орман кітаптары») – тақуа жандардың мінез-құлық ережелері сипатталған индуизм мәтіндері.
Архат – (санскрит тіл. – «лайықты») –буддизмде рухани жетілу жолымен жүріп, оның биік сатысына жете білген адам.
Архидиакон – (грек тіл.– «бас», «жетекші қызметкер», «бас диакон») – монахтық өмірді таңдаған дін қызметкерлері қатарына кіретін, диаконның өкілетті дәрежесі. Диакондар арасындағы үлкені. Архидиакон атағын шіркеуде ұзақ жылдар бойы мойымай атқарған қызметі үшін береді.
Архиепископ – (грек тіл. «үлкен қараушы») – христиан шіркеулік иерархиясындағы ең жоғары лауазымдардың бірі. Бұл лауазымға бірнеше епархиясы бар үлкен облысты басқаратын немесе Шіркеу алдындағы жеке жетістіктері бар епископ ие болады.
Архиерейство / епископ – (грек тіл. – «бақылаушы», «қараушы») – христиан дүниетанымында қасиеттіліктің жоғарғы сатысы және осы дәрежеде тұрған Патриарх, митрополит, архиепископ және епископ секілді барлық дін қызметкерлерінің жалпы атауы. Православ шіркеуінде тек қана монахтық өмірді таңдаған дін қызметкерлеріне қатысты айтылады.
Архимандрит – (грек тіл. – «басты», «үлкен») монахтық шен. Қазіргі таңда протоиерей және протопресвитерге сай, монахтық өмірдегі дін қызметкерлеріне берілетін жоғарғы марапат. Монастырлардың басшысы.
Атеизм – (грек тіл. – «құдайларды жоққа шығару», «құдайсыздық») – құдайдың барын және жанның өлмейтіндігі туралы діни идеяларды жоққа шығарушы көзқарастар жүйесі.
Ашрам – (санскрит тіл.) – ежелгі Үнді елінде әдетте алшақ жерде – тауда немесе орманда орналасқан даналар мен дуаналардың қасиетті мекені. Қазіргі индуизм контексінде «ашрам» термині адамның медитация, дұға ету, рәсімді өткізу және рухани жаңару үшін келетін рухани немесе діни қауымдастықты білдіреді.
Ашура – (екінші атауы «Шахсей-вахсей») – шииттерде 680 жылы Кербалада қайтыс болған имам Хусейнді еске алу күні.
Ашура күні – Хижра жылының алғашқы айы – Мухаррам айы. Мухаррам айы Құранда келген қасиетті төрт айдың бірі. Мухаррам айының 10 күнінде мұсылмандар нәпіл (қосымша) ораза ұстайды.
Аят – (араб тіл. – «белгі», «керемет», «нышан»). Аяқталған ойды білдіретін Құран сүрелерінің бөлігі (тараулары). Құранның кішігірім құрылымдық бөлшегі.
Әлемдік діндер – әр түрлі елдер мен континенттер халықтарының арасында таралып кеткен үш дінді атайды: буддизм, христиан және ислам. Адамдар арасындағы діни наным-сенім байланыстары этникалық және саяси байланыстармен сәйкесетін ұлттық және ұлттық-мемлекеттік діндерге (индуизм, конфуциандық, синтоизм, иудаизм) қарағанда әлемдік діндер жалпыға ортақ сенімі бар адамдарды олардың этникалық, тіл және саяси байланыстарына тәуелсіз еркін біріктіреді.
Әлемдік Жиындар – христиан шіркеулері жоғары дін қызметкерлерінің жиналысы, оның барысында культ және діни ілім жүйесі жетілдіріліп, бекітілетін, канондық нормалар мен құдайға сыйыну ережелері құрастырылатын.
Әулие – әділ өмір мен сенімге берік құлшылығы, ізгілігі, Құдай мен адамдар арасындағы байланыстырушы іс-әрекеті үшін әр түрлі діндерде аса құрметке ие болған тұлға.
Әурет – (араб тіл. – «әлсіз қорғалмаған жер», «жыныс мүшелері») – шариғат бойынша қарауы харам, жабылуы парыз болған адам денесінің ұятты жерлері. Әуреттің мөлшері, әйел кісілерде, қолдың білезігі мен аяқтың тобығына дейін. Ер кісілерде, кіндік пен тізенің арасы.
Баптизм – (грек тіл. – «шоқындыру») – XVII ғ. басында Англияда қалыптасқан протестанттық ағымының бір бағыты. Басында қауымдастық мүшелері «ағайындылар» деп аталып, кейін «баптистер» немесе «шоқындыратындар» деген атауға ие болды. Оның себебі олар шоқынуды адамдардың зерделі жасқа жеткен кезінде саналы түрде жасауы керек деген тұжырымды ұстанатынында.
Бахаизм – Баха-уллахтың (толық аты - Мырза Хусейн Али Нури, лақап аты– Баха-улла – «Аллах жарқылы» (1817-1892 жж.) синкреттік (әр түрлі діндердің кейбір элементтерінен құралған) діни ілім болып табылады. Бахаи ілімінің басты тақырыптары – Құдайдың бірлігі, діндер бірлігі мен адамзат бірлігі болып табылады.
Бидғат – (араб тіл. «бид'а» – «жаңалық енгізу», «жаңалық») – исламда дінге енгізілген жаңалық деген мағына береді. Исламның алғашқы дәуірінде болмаған, Мұхаммед пайғамбар мен сахабалардың дәуірінен кейін ислам дініне енгізілген жаңалықтар. Бидғат екі түрге бөлінеді – бидғатус-саийя, бидғатул-хасана, қазақшасы жаман бидғат пен жақсы бидғат.
Бодхисаттва – (санскрит тіл. – «санасы оянған тіршілік иесі») – өзін-өзі тәрбиелеу, жетілдіру арқылы будда дәрежесіне жетуді көздеген адам. Ежелден бері бұл жолды мақсат еткен көптеген бодхисаттар, бүгінгі таңда буддизмнің құрметке бөленген әулие адамдары болып саналады.
Брахмандар – (санскрит тіл.) – индуизмдегі жоғары варнаның өкілдері, дінбасылар, абыздар.
Веда – (санскрит тіл. – «білім», «ілім») – брахманизм мен индуизмде киелілігі мойындалған көне мәтіндер.
Викарий – (латын тіл. «орынбасар») – Католик Шіркеуіндегі епископтың немесе приходтық священниктің көмекшісі. Православиеде епископ мәртебесінде ғана орынбасар болатын дін қызметкерін викарий деп атайды.
Галаха – (иврит тіл. – «жүру», «мінез-құлық») – яхудей өмірін бүкіл саласында реттейтін, яхудейлердің қасиетті кітаптарында берілген заңдар жинағы. «Галаха бойынша өмір сүру» иудаизм канондарына сәйкес, дұрыс өмір сүру дегенді білдіреді.
Гаудия-вайшнавизм – индуизм ішіндегі вайшнавизмнің бір тармағы немесе бағыты болып табылатын діни дәстүр. Гаудия-вайшнавизмнің философиясы ең алдымен «Бхагавад-гита» және «Бхагавата-пурана», сондай-ақ Упанишад секілді ведалық жазбаларға негізделген. Діни тәжірибесі Кришна мен Радхаға, Құдайдың еркектік және әйелдік бастамалары ретінде құлшылық етуге негізделеді.
Гуру – (санскрит тіл. – «лайықты», «ұстаз») – шығыс діндерінде оқытушы, жоғарғы рухани мәнге ие болмыс.
Ғибадат – (араб. тіл. «абд» – «құл», «Құдайға құлшылық») – Құран мен Пайғамбар Сүннетінде бұйырылғандай Алла Тағалаға құлшылық ету. Ислам дінінде намаз сияқты Аллаға арналған белгілі құлшылықтармен бірге шариғатқа қайшы келмейтін әрбір іс-қимылдың барлық түрі құлшылық қатарына жатады.
Дао – (қыт. тіл. «жол») – даосизм мен конфуциандықта жол, әдіс, тұрмыс қалпы, жалпыға ортақ заң, абсолют.
Даосизм – (қыт. тіл.) – Қытайда б.э.д. І мыңжылдықтың екінші жартысында діни және философиялық негіздерге құрылған, дао немесе «заттар жолы» туралы ілім. Оның өзіндік теологиялық негіздері, дін қызметшілері, рәсімдері, қасиетті мәтіндері мен ұйымдық құрылымы бар. Даосизм ғарыш Күштерімен байланыс орнату арқылы өмір күшінің жанаруына көп мән береді.
Дәстүрлі дін – сан ғасырлар бойына қалыптасып келген бір халықтың тарихымен, мәдениетімен, рухани өмірімен тығыз байланысты дін.
Дәстүрлі емес діндер – әлемдік және ұлттық діндердің шектерінен шыққан, бірақ олардың идеяларын, рәміздері мен рәсімдерін қолданатын діни қозғалыстар және олар қалыптастырған ұйымдар. Олардың дәстүрлі емес екені нақты қоғамның мәдени және рухани өмірімен байланыссыздығынан көрінеді.
Диакон – (грек тіл. «қызмет етуші») – Шіркеуде пресвитер мен епископтан бұрын келетін діни қызметтің алғашқы дәрежесі. Диакон – дін қызметкерлері баспалдағындағы алғашқы сатысы. Диакон священник пен архиерей өткізетін құпияшылдыққа тікелей қатысып, көмек бере алады, бірақ оны өз бетінше өткізе алмайды (Шоқындырудан басқасын, оны дін қызметшілер еместер де өткізе алады). Ғибадат ету барысында диакон қасиетті ыдыстарды дайындайды, ектенияларды айтады және т.б.
Догмат – (грек тіл. – «пікір», «шешім», «үкім») – сынауға келмейтін ақиқат шындық жайында мәлімет беруші діни ілім ережесі.
Діни бірлестік – азаматтардың заң шеңберінде діни сенім мен рәсімдердің бірлігі негізінде рухани қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында ерікті қалыптасқан бірлестік.
Діни қызмет – діндарлардың діни қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған қызмет.
Дін қызметкерлері (духовенство) – діни рәсімдер мен жоралғыларды атқаратын дін қызметкерлері. Осындай дін қызметкерлерінің үш дәрежесі бар: диакон, иерей және архиерей. Православ Шіркеуінде архиерейлікке тек монахтық өмірді таңдағандар ғана жетеді. Сондай-ақ шығыс Шіркеулерде дін қызметкерлерінің ақ және қара түрін ажыратады. Ақ дін қызметкерлеріне приходтық храмдарда қызмет көрсететін священниктер (православиеде – протопресвитер, протоиерей, иерей мен диакон) жатады. Қара (яғни, монахтық өмірді таңдаған) дін қызметкерлеріне патриарх, митрополит, архиепископ, епископ, архимандрит, игумен, иеромонах, иеродиакон жатады. Католиктерде дін қызметкерлері целибат қабылдайды.
Діни рәсім – белгілі бір әлеуметтік қарым-қатынастардың рәмізі, олардың бейнелік көрінісінің және бекуінің формасы болып табылатын дәстүрлі, шартты іс-әрекеттердің жиынтығы. Діни рәсімдер діндарлардың санасындағы діни көзқарастардың орнығуына, діни өзіндік сананың қалыптасуына және тылсым күштерге сенімін нығайтуға ықпалын тигізеді.
Діни сенім – қандай да бір діндерге, шіркеулерге, конфессияларға тиесілі болу.
Діни сенім бостандығы – әркімнің діни және культтік іс-әрекеттерге қатысуына еркіндік берілу құқығын білдіретін құқықтық ұстаным.
Діни синкретизм – (грек тіл. «синкретизм» – «біріктіру», «ұштастыру») – тарихи бастауы бірдей діндердің бір біріне өзара ықпал етуі үдерісіндегі діни және діни білімдік ережелердің бірігуі.
Дінтану – діннің пайда болу тарихы, дамуы, қызмет етуінің негізгі заңдылықтарын үйрететін, оның қоғам өмірінің басқа салаларымен, халық тарихымен байланысы жөніндегі ғылым.
Евангелие – (грек тіл. «жақсы хабар») – Иисус Христостың өмірі мен ілімі жайында түсінік беретін «Жаңа өсиеттің» алғашқы төрт кітабының атауы.
Елеосвящение (зәйтүн майымен жағу) // соборование – ауру адамға Евангелиені, Апостолды және Құдайдың рахымын шақыруға арналған дұға оқу арқылы зәйтүн майын жағуы. Православие мен католицизмде құпияшылдық деп танылады. Праволсавиеде адамның маңдайы, мұрны, беті, аузы, кеудесі, қолдың алақаны мен сыртқы жағы крест бейнесімен жағылады.
Епархия – (грек тіл. «облыс») – территориясындағы благочиниелерге біріккен приходтардан және монастырлардан тұратын, архиерей басқаратын шіркеулік-әкімшілік округі. Орыс православ шіркеуінде епархиялардың шекаралары әдетте облыстар аймақтардың шекараларымен сәйкес келеді.
Епископ – (грек тіл.– «тәртіп сақтаушы», «қараушы») - шіркеудегі дін қызметкерлері басшылығының жоғарғы дәрежесі, священниктік қызмет етудің диакон пен пресвитерден кейінгі үшінші дәрежесі. Шіркеудің барлық жеті құпияшылдықтарын атқара алатын қасиетті билігі бар апостолдың мұрагері, қолберуде (рукоположение) архипасторлық қасиетін қолданады, әкімшіліктік-территориялық қауымдастық ұйымының төрағасы.
Жамағат – (араб тіл. «жұртшылық», «ұжым», «қаумдастық») – бір-бірімен өзара тікелей қарым-қатынас жасамаса да белгілі бір ортақ мүдде жолында діни рәсімдерді істеу үшін, өзара қолдау көрсету үшін, бір-бірімен қатынасу үшін біріккен, алайда ресми түрде ұйымдаспаған мұсылмандар бірлестігі, көпшілік қауым.
Жаңа діни қозғалыс – жаңадан қалыптасқан немесе қоғамда деноминация, шіркеу немесе дін ретінде әлі қабылданбаған діни топ.
Жаңа өсиет – Құтқарушының әлемге келуі, алғашқыхристиандық шіркеуінің даму тарихы, алғашқы шіркеулерге апостолдық жолдаулары және әлемнің ақырғы тағдырлары жайындағы кітап – Апокалипсис туралы әңгімелейтін Інжілдің екінші бөлімі. Христиандар оны Қасиетті жазба ретінде қадір тұтады.
Жахилия – (араб тіл. «жаһилия», «надандық») – исламда арабтарға ислам діні келмей тұрғанда пұтқа табынушылық, адасушылық, ұлттық, нәсілдік, тектік үстемдік басым болған дәуір. Кең мағынасында – «табиғи күйдің» теңдесі: заңсыздық пен қатыгездік.
Жиһад – (араб тіл. – «күш жігер») – араб тілінде белгілі бір нәтижеге, мақсатқа жету үшін, яки бір істі істеу үшін бар қажыр-қайрат пен ынта-жігерді жұмсау, тырысу, күресу деген мағыналарды білдіреді. Жиһадты қару алып соғысу деп біржақты түсінуге болмайды. Құранда «жиһад» сөзі 35 жерде аталғанымен, төрт жерде ғана тікелей «соғыс» мағынасында келген. Құранда «соғыс» ұғымы «харб», «мухарабә», «мағрака», «қитал» терминдерімен білдірілген. Барлық дипломатиялық байланыстар нәтижесіз аяқталып, келіссөздерден толықтай үміт үзілген шақта отанды қорғау үшін қолға қару алып, жиһад жасауға болады. Жиһад – «адамға Алла тағаланы тану үшін жол ашу» дегенді де білдіреді. Жаратушыны тануға сауатсыздық, кедейшілік пен еркін ойға, санаға жасалған шектеулер кедергі келтірсе, солармен күресу үшін атқарылатын барлық іс-шара жиһад болып есептеледі.
Жоғарғы архиепископ – (лат. тіл.) – жоғарғы архиепископтық мәртебесі бар шығыс католиктік шіркеуді басқаратын митрополит. Жоғарғы архиепископ Шығыс-католиктік шіркеуінің патриархынан дәрежесі төмен болғанымен құқықтары жағынан олар қандай жағдайда болса да тең. Өз Шіркеуімен сайланған жоғарғы архиепископты Рим Папасы бекітеді. Жоғарғы архиепископтар шығыс шіркеулері істері бойынша Конгрегация мүшелері болып табылады.
Зәмзәм – (араб тіл. – «мол су») – Қағбаға жақын исламның бас мешіті әл-Масджид әл-Харам аумағында орналасқан қасиетті бұлақ. Зәмзәм бұлағының суы шипалы деп есептеледі.
Зекет – (араб тіл. – «өсу», «тазару») – исламдағы бес парыздың бірі. Мұсылмандар арасындағы ауқатты адамдардың дүние-мүлкі зекет мөлшеріне жетіп, өзінің қажеттілігінен артылған жағдайда жағдайы төмендерге көмек ретінде беруге тиісті жыл сайынғы міндетті садақа.
Зікір – (араб тіл. «зикр» - «еске алу», «еске түсіру», «жадына сақтау»). Сопылық ілімде – Алла тағаланы еске алу, оны ұмытпай, үнемі ойлау. Алланы әрдайым еске ала отырып, оның әмірлерін терең түсіну және ұжданның түкпірінен келген қалтқысыз сезіммен оны құлай сүю. Тілмен айтылатын зікір, яғни «зикр лисан-и» – лә иллаҺа иллаллаҺ, субханаллаһ, әлхамдулиллаһ, аллаһу әкбар сияқты т.б. сөздерді қайталап айтудан тұрады.
И Цзин – (қытай тіл.) – Өзгерістер Кітабы (нақтырақ айтқанда Каноны). Б.э.д. ІІ ғ. Конфуциялық дәстүрмен конфуциялық Бескітабы канонының бірі ретінде қабылданды.
Ибраһимдік діндер – Ибраһим пайғамбар идеяларына негізделген діндер (иудаизм, христиан, ислам).
Игумен – (грек тіл. «жетекші») – алғашқыда – монастыр бастығы. Қазіргі таңда игумендік монахтық өмірге бет бұрған дін қызметкеріне (ал монахтық еместе – протоиерейге) берілетін марапат. Монастырдің бастығы болып табылатын игумен, асатаяқты тасу құқығына ие.
Иджма – Мужтаһид ғалымдардың белгілі бір мәселеге бір ауыздан келісуі. Шариғи дәлелдердің төртіншісіне жатады.
Иерей / священник – (грек тіл. «священник»). Діни қызметтің екінші дәрежесіндегі дін қызметкері. Оған берілген рұқсат бойынша «хиротония» және әлем мен «антиминстерді» дәріптеуден басқа барлық құлшылық ету мен құпияшылдықтарын атқара алады.
Иеродиакон – (грек тіл. «қасиетті», «қызметші»). Диакон лауазымындағы монах (тақуа).
Иеромонах – шіркеулік діни қызметкерлікке жататын, священник лауазымы бар дін қызметкері,монах (тақуа).
Ижтиһад – (араб тіл. «ынта», «жігер», «тырысу») – қандай да бір мәселенің шешімі Құраннан, хадистерден, сахабалардың сөздерінен кездеспеген жағдайда Құран мен сүннетке қайшы келмейтін арнайы қағидаларға сүйене отырып, ізденіс арқылы ақылға сүйенген дәлелдермен үкім шығару.
Икона – (грек тіл. – «бейне») –Құдайдың, әулие немесе қасиетті оқиғалар тарихының кескіндеме бейнесі.
Имам – (араб тіл. «әмма» етістігінен шыққан – «алдында тұру», «жетекшілік ету») – құлшылық еткенде алда тұратын рухани басшы, ұстаз және мұсылман қауымының жетекшісі. Исламда мешітті басқаратын және діни рәсімдерді атқаратын діни тұлға. Сондай-ақ «имам» сөзі «үлгі тұтарлық» деген мағынаны береді.
Имамдықтар (имамиттер) – (араб тіл. «ал-имамийя») – исламдағы шииттік ағымның бір тармағы, Әли тегіндегі он екі имамды мойындайтын «қалыпты» шииттер.
Иман (исламда) – (араб тіл. - «сену», «илану», «қабылдау») – ислам догматтарының дұрыстығында сенімді болу. Алла тағалаға және оның елшісі Мұхаммед пайғамбарға сенгендігін тілмен айтып, жүрекпен растау, бір Құдайға сену.
Инквизиция – (лат. тіл. – «іздеу», «тергеу», «зерттеу») – орта ғасыр мен қайта өрлеу дәуірінің басындағы католик шіркеуінің дінсіздік пен дінсіздерді айқындауға арналған сот институты.
Инь және Ян – (даосизм мен басқа да шығыс діндеріндегі) күн мен түннің, қыс пен жаздың, ай мен күннің қарама-қайшылығымен байланысатын әлемдегі энергияның түрлері.
Ифтар - (араб тіл. – «ауыз ашар») – исламда күндізгі оразаның бітіп, ораза ұстаушының күн батқаннан кейін аузды ашып, тағаммен тәбетін ашуы. Ауыз ашар алдында арнайы дұғалар айтылады.
Ихрам – (араб тіл. – «арнау») – ислам дінінде қажылық және ұмра амалдарына байланысты рәсімдерді орындау үшін арнайы ниетпен киілетін киім.
Каббала – (иврит тіл. – «алу», «қабылдау», «аңыз») – иудаизмнің эзотерикалық (мистикалық) бөлігі. Каббала Жаратушыны, Жаратылыс пен олардың арасындағы өзара байланыстарын, адам мен табиғаттың рөлі мне мақсаттарын, тіршілік етудің мәнін ұғынумен байланысты.
Канондық құқық – шіркеулік билік жариялаған және шіркеулік канондарда бар қағидалардың жиынтығы, шіркеулік мекемелердің құрылымына, шіркеу мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасына, сондай-ақ шіркеу мүшелерінің өміріне қатысты ережелер. Канондық құқық Құдай заңына негізделеді, бірақ берілген уақыт пен орнына қолданбалы рухани және табиғи заңдардың талаптарын да есепке алады.
Кардинал – Католик шіркеуіндегі қасиеттіліктің барлық үш дәрежесін иемденген жоғары дін қызметкері. Кардиналдар – шіркеуді басқарудағы папаның ең жақын кеңесшілері мен көмекшілері. Кардиналдың сыртқы көрінісін қызыл қалпақ және мантия ерекшелейді.
Карма – (санскр.тіл. – «себеп-салдары», «сауап») – үнді діндерінде кез келген тірі жанның қайта туылуындағы болашағын айқындайтын ниет пен іс-әрекеттер жиынтығы.
Катехизис – (лат. грек тіл. – «үйрету», «өсиет айту») – алғашқыда сенімдегі ауызша өсиет айту, бүгінгі таңда катехизис деп дінге жаңадан кірушілерге уағыз жасау үшін қолданылатын діни оқулардың барлық ресми баяндалуын айтуға болады.
Католицизм – христиан дінінің Батыс Рим империясының аумағында б.э. І ғ. пайда болған. Православие мен протестантизммен қатар христиан дінінің негізгі бағытының бірі. Католик Шіркеуінің басшысы Қасиетті Престолды және Римдегі Ватикан қала-мемлекетін басқарушы Рим Папасы болып табылады.
Кашрут (кошер, кашер) – Галаха бойынша белгілі бір нәрсенің рұқсаттылығы, жарамдылығы. Нақтырақ айтқанда, «кашер (кошер) тамағы»– ол яхудейлердің заңдарына сәйкес келетін және яхудейлердің азық ретінде қолдануға жарамды тамақ болып есептеледі.
Кәпір – (араб тіл. «кафир») – Аллаһ Тағалаға (жалғыз Құдайға) және Мұхаммед Пайғамбардың елшілік міндетіне сенбейтін адамдарға қолданылатын ұғым.
Конфессия – (лат. тіл. – «дін жолы») – немесе діни сенім. Белгілі бір діни ілім тұрғысындағы діни сенім ерекшелігі, сондай-ақ бір діни сенімді ұстанатын діндарлар бірлестігі.
Конфуциандық – Конфуций (551-479 б.э.д.) есімімен аталған саяси-этикалық ілім. Қытайда «Ғалымдардың мектебі» деп аталады. Конфуциандық XX ғасырға дейін мәртебесін сақтап келген мемлекеттік идеология болып табылады. Конфуциандық – дүниетаным, өмір сүру амалы, қоғамдық этика, саяси идеология, ғылыми дәстүр болып табылады, кей кезде оны философия деп қарастырса, кейде дін деп қарастырады.
Көз жасы қабырғасы немесе Батыс қабырғасы – Иерусалимдегі б.э.д. 70-жылдары римдіктердің Екінші Храмды қиратқаннан кейін бүтін қалған Храм тауының айналасындағы тіреуші қабырғаның бір бөлігі. Бұл яхудейлер үшін ең қасиетті жер болып саналады, себебі ол өзімен Жалғыз Құдай Храмымен байланысты бүгінге дейін сақталған бір ғана құрылыс нышаны.
Көне өсиет – христиан дінінде Қасиетті жазба ретінде қарастырылатын Інжілдің бір бөлігі.
Күнә – діни өсиеттерді (Құдайдың, құдайлардың ғақлияттарын, бұйрықтары мен дәстүрлерін) тікелей немесе жанама бұзу; қоғамда қалыптасқан басты адамгершілікті-этикалық ережелер мен нормаларды бұзу. Жалпы мағынада күнә жеке адамның ерік актісінің нәтижесі.
Күпірлік – (араб тіл. «куфр») – исламда тұлға мен қоғамның өзіндік құлдырауына апаратын сенбеушілік, өнегелілік діңгегі жоқ рухани вакуумды білдіреді. Ол ақиқатты біле тұра әдейі мойындамай жоққа шығарып, Алла тағаланың бар екендігіне сенбеу. Ислам бойынша, күпірлік – барлық күнәнің түбірі – адамды кәпір қылатын нәрсе.
Қағба – (араб тіл. - «куб») – Меккедегі масжид ул-һарамда (Қасиетті мешіт) мұсылмандар құлшылық ететін қастерлі орындағы тұңғыш ғимарат. «Қасиетті үй», «көне үй» деп аталады. Қағбаның бір бұрышына Қара тас салынған. Қажылық кезінде Қағбаны айнала тауаф рәсімі орындалады. Қағба сондай-ақ бүкіл әлемдегі мұсылмандар үшін намаз кезіндегі құбыла – бағыт қызметін де атқарады. Меккедегі масжид ул-һарамда (Қасиетті мешіт) орналасқандықтан "әл-Бәй-түл-һарам" (қасиетті үй) деп те аталады.
Қадір түні – (араб тіл. «ләйләт-ул қадыр» – «қасиетті түн») – Қадір түні Рамазан айының 27-ші түні болады. Бұл түнде Жәбірейіл періште Алла әмірімен жер бетіне түсіп, адамдарға қызмет ететіндігі және таңға дейін тыныштық болатындығы айтылады. Қадір түні періштелер мұсылмандарға дұға оқып, тілеулес болады. Жасалған ғибадаттың мың айға, яғни сексен үш жылға тең болатындығына байланысты мұсылмандар Қадір түнін құлшылықпен өткізуге тырысады.
Қажылық – (араб тіл. – «талпыныс, ниет», «оралу, жаңару») – Исламдағы бес парыздың бірі. Меккеге белгілі бір уақытта қажылық рәсімдерін орындау үшін арнайы ниетпен бару ауқатты мұсылмандарға парыз.
Қасиетті жазба – христиандықта Библияны, иудаизмде Тәуратты/Танахты, исламда – Құранды осылай атайды.
Қасиетті Үштік – христиан дініндегі Құдай тұлғасының үштігі туралы көзқарас. Құдайдың үш бейнеде – Құдай-әке, Құдай-ұлы, Қасиетті рух болатынына сену.
Қиямет күні – ақырзаман алдындағы барлық адамдарға соңғы рет жасаған іс-әрекеттеріне қарай құрмет көрсету. Тақуалар мәңгілік шаттыққа бөленеді, ал күнәһарлар азаппен тозаққа жіберіледі.
Құпияшылдық (таинство) – христиандық Шіркеу рәсімдеріндегі көзге көрінбейтін Құдайдың рақымын немесе Құдай құдіретін діндарларға жеткізуге мүмкіндік беретін қасиетті іс-әрекеттер.
Құран – (араб тіл. «оқу», «нақыл сөз») – исламның қасиетті кітабы. Жаратушы тарапынан Мұхаммед Пайғамбарға жіберілген қасиетті кітап. Алғашында ауызша түрдегі мәтіндер жинақталса, Мұхаммед пайғамбар дүниеден өткен соң алғашқы жазба түрдегі Құран халифа Әбу Бәкірдің кезінде пайда болған. 114 тараудан (сүреден) тұрады. Исламдағы ғибадаттар Құран аяттарын оқу арқылы орындалады.
Құтба – Белгілі уақыттарда немесе жұма намазының және айт намазының алдында мешітте имамның мінберге шығып айтқан уағызы. Құтба Алланы мадақтап, оның пайғамбарына салауат айтудан басталады.
Ламаизм (ваджраяна) – Моңғолия, Тибет және басқа да елдерге таралған буддизм ағымының бірі.
Литургия – негізгі христиандық мінәжат ету рәсімі.
Магия – адамдар мен қоршаған әлемге ықпал ету мүмкіндігі бар сеніммен байланысты түсініктер мен рәсімдер жиынтығы.
Мазхаб – (араб тіл. – «жол», «мектеп», «бағыт») – сунниттік бағыттағы исламда діни құқықтық мектеп (олар өзі төртеу – ханафиттік, маликиттік, шафииттік, ханбалиттік).
Махаяна (санскр. тіл. – «екі аяқты үлкен арба») – біздің эрамыздағы алғашқы ғасырлардың бірінде қалыптасқан буддизмнің ірі бағыты. Махаяна – барлық тіршілік иелерінің ізгілігі үшін оянуға талпынатын буддистер жолының үлкен арбасы.
Махди (Мәді) – (араб тіл. – «жетектеген») – исламдағы мессия, қиямет күнінің кіші белгілерінің бірі, ақырзаманның жақындағанын жеткізуші, Мұхаммед Пайғамбардың мирасқоры. Құранда мессия жайында айтылмайды, әйтсе де, мессия идеясы хадистерде, әсіресе, шиизімде ерекше орын алады.
Машиах – (иврит тіл. – «патша») – иудаизмдегі идеалды патша, Давид патшасының ұрпағы, Құдай оны Израиль халқын рухани және физикалық арылтуын және адамзатты құтқаруды жүзеге асыру үшін жібереді.
Медитация – (лат. – «ойлау», «жаттығу») – зейінді мүмкіндігінше жинақтауға, ойлар мен сезімдерді қатаң тәртіпке салуға, ішкі дүниетанымдық пайымдауға бағытталған культтік іс-әрекеттің түрі.
Медресе – (араб тіл. – «дәріс оқитын орын») – орта мектептің және мұсылман рухани семинариясының рөлін атқаратын мұсылмандық оқу орны.
Месса – католиктік литургия (құдайға құлшылық ету), евхаристиямен бірге атқарылатын барлық дұға мен рәсімдердің толық реттілігі.
Мессия – (грек тіл. – «Христос» – «маңдайы майланған (патша)»)– христиандықта – Құдай жер бетіне жіберген адамзатты күнә, қарғыс пен өлімнен құтқарушы, Қиямет күнінің хабаршысы, Құдай бейнесі.
Мешіт – (араб тіл. «масжид» - «сәжде» (жерге маңдайын тигізу) ететін орын»). Мешітте жамағат жиналып бірге бес уақыт намазды, жұма, айт намаздары оқылады. Мешітте жеке адамдар кез келген нәпіл намаздарды, Құранды оқып, Аллаға құлшылық етеді.
Миропомазание / конфирмация – діндарға денесінің мүшелерін мирамен сылату барысында Қасиетті рух сыйлары берілу құпияшылдығы (таинство). Әдетте бұл рәсім шоқындыру рәсімнен кейін орындалады және екеуі бір құлшылық ету дәрежесн құрайды. Екі рәсім де адамның өмірінде тек бір рет қана жасалады. Құпияшылдық (рәсім) ретінде православие мен католицизмде мойындалады.
Миссионерлік – (лат.– «жіберу», «тапсырма») – басқа діни сенім өкілдері немесе тіпті сенім білдірмеушілер арасында өздерінің діни ілімін діни бірлестіктер атынан уағыздайтын тұлғалардың қызметі.
Мистицизм, мистикалық – (грек тіл. – «құпиялы») – философиялық және діни ілім, сондай-ақ әлемді түсіну мен қабылдаудың сезім, интуиция мен ұғымның иррационализміне негізделген ерекше амалы. Өз күшіне басымдылық танытып, Құдаймен тікелей қатынасқа жетуге бағытталған, дін аспектісіне жататын ұғым.
Митрополит – православие мен католицизмдегі шіркеулік аймақтардың басшысы, патриархтік бар жерлерд дін қызметкерлерінің жоғары лауазымы – патриархтан кейінгі екінші тұлға саналады. Православ шіркеуінде автокефальді Шіркеудің басшысы. Католик Шіркеуінде епархия мен архиепископтарды құрайтын шіркеулік аймақтың басшысы. Митрополит міндетті түрде архиепископ болуы қажет.
Миф – (грек тіл. – «аңыз», «риуаят») – алғашқы қоғамда пайда болған құдайлар, рухтар, құдай тектес кейіпкерлер мен түпкі тектер туралы аңыз. Мифтерде дін, философия, ғылым мен өнердің ертеректегі элементтері араласып жатыр. Әр түрлі халықтардың мифтеріне ұқсас қайталанатын тақырыптар мен мотивтер тән. Көбінесе әлемнің, Дүниенің (космогониялық мифтер) және адамның (антропогониялық мифтер) пайда болуы туралы; күннің, айдың, жұлдыздардың жаратылуы туралы, сондай-ақ жануарлар туралы, күн тізбесі туралы мифтер кездеседі.
Мифология – мифтер жиынтығы, әлем жайындағы қиял-ғажайып түсініктер жүйесі.
Михраб (араб тіл. «әл-Михраб», «Махариб» – «күрес алаңы») – терминдік мағынасы – «мешіт қабырғасындағы Меккеге бағытталған қуыс орын». Мінәжат етушілерге арналған бұл белгі құбыланы, намаздағы имамның орнын көрсетеді.
Мокша – (санскр. тіл. – «босатылу») – индуизмде – азат ету, адамзат тіршілігіндегі мақсаттың соңғы жетістігі.
Достарыңызбен бөлісу: |