Сюжетті жапсыру
Балаларға жапсыруда сюжетті композиция құру іскерлігін дамытуды жалғастыру. Балаларға қағазға заттарды орналастыру дағдыларын үйрету. Ұжымдық жапсыруда ортақ композиция құрып, қағаздың бетін толықтыруға, заттарды бір сызықтың бойымен жалпақ жолақшаға (жоғары, төмен, 2-3 жоспар), бүкіл параққа орналастыруға үйрету. Аспанды, жерді немесе өзен мен көлді (теңізді) бөлуге, жердің (аспанның) түсін таңдауға үйрету. Жаңа жылдық мерекеге залды безендіруге қатыстыру.
Жапсыруларды құрастыру барысында нысандардың көлемі бойынша қатынасын, заттардың бөліктерінің пішінін, құрылымын, қатынастарын көре білу іскерліктерін меңгерту. Сол арқылы тұрақты ойларын сақтау, өз әрекетін жоспарлау, ісін соңына дейін жеткізу іскерліктерін қалыптастыру.
Жапсыруларда әлеуметтік жағдайлар мен балалар өміріндегі оқиғаларды бейнелеуге, Қазақстанның табиғаты мен жерлестердің еңбегін бейнелейтін ұжымдық композицияларды орындауға үйрету.
Жыл соңында жапсыру бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- үлгілер және трафареттермен, дайын киім үлгісімен жұмыс істеуді;
- өзінің жұмысын композиция, перспектива ережелеріне сәйкес құруды;
- жұмыс тәсілдерін таңдауды және дәлелдеуді;
- қайшымен дұрыс қолдануды;
- жұмыс материалдарын тиімді қолдануды;
- екі бүктелген қағаздан симметриялық пішіндер қиюды;
- ұлттық өнердің желісімен түрлі пішіндегі қағазда геометриялық элементтерден (шеңберлер, шаршылар, сопақшалар) өрнектер, көз алдына елестету арқылы бірнеше бөліктерден заттарды құрастыруды;
- заттарды қазақ өрнектерімен әшекейлеуді;
- халықтық кәсіптік бұйымдарын негізгі элементтермен бейнелеуді;
- жырту тәсілімен жапсыруды орындауды;
- Қазақстан табиғатын, адамдардың еңбектерін бейнелей отырып, ұжымдық копозицияларды орындауды;
- еске түсіру бойынша, затқа қарап, пішініне, пропорциясына, көлеміне, перспективасына назар аудара отырып заттарды бейнелеуді (қию, жапсыру және т.б.);
- өзінің жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру, жұмыс кезінде тәртіп сақтауды;
- еңбек қауіпсіздігі жіне жеке гигиена ережелерін сақтауды білуі тиіс.
Музыка
Мақсаты: ұлттық музыкаға сүйіспеншілігі мен тұрақты қызығушылықтарына, ән айту мен билеудің шығармашылық элементтерін, адамгершілік-эстетикалық сезімдерін тәрбиелеу, музыкалық шығарманың түрі мен мәнерлілігі туралы түсініктерін қалыптастыру.
Міндеттері:
1. Вокалды және аспапты музыкаға қызығушылығын арттыру, музыканың сипатын, музыкалық мәнерлілік құралдарын, олар туралы пікір айту дағдыларын дамыту.
2. Қазақстан композиторларының өмірі мен шығармашылығы туралы білімдерін қалыптастыру.
3. Ұлттық музыкалық аспаптардың дыбысталуын ажырату.
4. Балаларды әнді еркін, жеңіл дауыспен, бірқалыпты мәнерлі айтуға үйрету.
5. Музыкалық шығарманың сипатына қимылдың үйлесімділігін музыкалық мәнерліліктің едәуір ашық құралдары арқылы үйрету және кеңістік пен уақытты бағдарлай білу іскерлігін дамыту.
Мазмұны:
Музыка тыңдау
Шығармалардың эмоционалдық мазмұнын, олардың сипатын, көңіл күйін, әсерлі реңктерін ажырату. Музыкалық шығармаға өзінің қатынасын білдіру, оның мазмұны мен сипаты туралы пікірін айту. Музыка сипатын бейненің мазмұнымен, ондағы көрсетілген көңіл күйді байланыстыра білу дағдыларын қалыптастыру.
Балаларға өмірдің кейбір құбылыстарын бейнелейтін тәсіл ретінде музыкалық өнердің шығармаларымен таныстыру. Мектепке дейінгі жастағы балаларды музыканың дыбысталуын тыңдауға, кейбір музыкалық пішіндер мен мәнерліліктің құралдарын ажыратуға үйрету. Жаңа шығармаларды өздеріне таныс шығармаларымен салыстыру іскерліктерін дамыту, өзінің өмірлік тәжірибелерін қолдану.
Қазақтың ұлттық аспабының өзіндік тембрлік дыбысталуымен таныстырып, жалпы сезімдік мәнерін ғана емес, сонымен қатар, мәнерлі дауыс ырғағын ажырату.
Ұлттық, домбырада және қобызда орындалатын «Күй» жанрымен таныстыру, күйші-композитор: Құрманғазы, қобызшы Қорқыт, күйшілер Тәттімбет, Дина Нұрпейісова, Дәулеткерей Шығаев, Ықылас Дүкенов шығармашылығымен таныстыру.
Музыкалық мәнерлілік құралдары мен сипатын егжей-тегжейлі ажырату қабілетін дамыту. Домбыраның дыбысталуы бейнеленген пьесаларды әсерлі реңкі мен музыкалық мәнерлілік құралдарын белгілей отырып тыңдау.
Лирикалық, вальс ырғағындағы байсалды әуендерді қабылдап, пьесаның билеуге икемді сипатын сезініп, қарқындық өзгерісін белгілеу. Музыкалық дыбысталуының сипаттамасына сүйене отырып, бейненің мазмұны мен музыкалық мәнерліліктің элементтерімен байланыстыру, шығарманы сипаттай білу.
Қазақтың халық әндері мен би музыкаларының үздік үлгілерін тыңдауға тәрбиелеу.
Ән айту
Дауысы мен есту қабілеттерін дамытуға арналған жаттығуларда қиын емес әуендерді 2-3 жақын үндестікте дауысын дәл келтіріп орындауға үйрету, септима мен терция дыбыстарын ажырату, қолымен бағытын көрсете отырып, әуеннің жоғарғы-төменгі қозғалысын ажырату. Фортепианоның сүйемелдеуімен немесе сүйемелдеуінсіз, жалғыз немесе топпен айту, оны металлофонда ойнау.
Әннің сипатын қабылдау, дауысын дұрыс келтіріп орындау, ырғақтық бейнесі мен динамикасын дәл беру, әннің кіріспесін, басын, қайырмасын ажырату. Мерекелік әннің шаттық көңілін көңілді жеткізіп, жеңіл, ширақ дауыспен фразалардың соңын жұмсартып айту. Мерекелік әннің шаттық көңілін көңілді жеткізіп, жеңіл, ширақ дауыспен фразалардың соңын жұмсартып айту, музыкаға сәйкес түрлі қимылдарды орындау. Сезіммен, ырғаққа сәйкес, ырғақтық бейнесін сақтай отырып, сөздерді анық және фразалар арасында дұрыс дем алып, музыкалық кіріспеден соң бірден бастап айтуға үйрену.
Қазақ халқының музыкасын әндерде қабылдау.
Музыкалық-ырғақты қозғалыстар
Жаттығулар
Музыка сипатының өзгеруіне сәйкес қозғалыстарды өзгерту, марш сипатын анық ырғақтық жүріспен, музыканың ширақ сипатын жеңіл, ырғақты жүгіріспен беру, қозғалысты музыкамен сәйкестендіріп жартылай отыруларды («серіппені») анық, ырғақты орындау, қимылдарды музыкамен келістіріп, бөлшек адымды би қимылын меңгерту. Шапалақтаумен ырғақтық қимылдарды орындау, түрлі бағыттарда секіріп қозғалу іскерліктерін бекіту, тізені көтеріп жүгіруді орындау. Қазақтың би қимылдарының элементтерін орындау. Қазақтың «Бетеге» биінің элементтерімен таныстыру, қол, аяқ және бас қимылдарымен жұмысты жалғастыру, ауыспалы адымды жетілдіру, қазақ және орыс ұлттық билерінің элементтерін орындау, музыка сипатын би қимылдарында беру.
Ойындар мен қол ұстасып шеңбер бойында айтылатын әндер
Әуеннің осы немесе басқа вариациясының сипатына сәйкес негізгі қозғалыстардың (жүру, жүгіру) түрлерін өзгерте отырып қозғалу, музыка сипатына сәйкес ойын әрекеттерін орындау, қол ұстасып шеңберде айтылатын әндермен шеңберді айналып жүру, музыкалық тіркестерге сәйкес қозғалыстарды өзгерту, жылдамдық пен ептілікті білдіру, пьесаның аяқталуын белгілеу, ұлттық ойындардың көңілді сипатын бере білу, дауыстардың биіктіктерін ажыратып, үлкен шеңберден кіші шеңберге қайта тұру, шашыраңқы қалыптан шеңберге жылдам ауысып кеңістікте еркін қозғалу, қол ұстасып шеңберде айтылатын әндер мен таныс би қимылдарын орындау (жеңіл секірулер, дененің бұрылысы, серіппелі отырулар).
Түрлі сипаттағы музыкамен байланысты музыкалық-ойын бейнелерін: байсалды, асықпай және көңілді, шаттанған, би күйін мәнерлі жеткізу. Музыкаға сәйкес жалаушалармен немесе ленталармен қозғалу, саптағы орнын өзгерте отырып кеңістікте еркін бағдарлау: үш шеңбер, үлкен шеңбер. Сюжетті ойындарды сахналау.
Билер
Қазақ биінің қимылдарын үйрену арқылы көркем мұраның кейбір элементтерімен таныстыру. Музыкалық фразаларға қозғалыс бағытын жеңіл және әдемі ауыстыра отырып қозғалу, қазақ биінің қозғалыстарын үйренуді жалғастыру, мәнерлі орындау дағдыларын жетілдіру. Би бейнелерін қолдана отырып әндерді сахналау, би қимылдарын бере білу.
Би шығармашылығы
Таныс би қимылдарын қолдана отырып, ойдан би шығару іскерліктерін мадақтау. Музыка сипатына сәйкес таныс би қимылдарын қолданып, би ойластыру. Мәтінге сәйкес әнді жеке сахналау мен шығармашылық тапсырмаларды орындауға үйрету.
Балаларға арналған музыкалық аспаптарда ойнау
Металлофонда, ықыласына қарай басқа да аспаптарда ойнау тәсілдерін меңгеру, триола, кларнет және сыбызғыда ойнау барысында дұрыс тыныс алуын сақтау, аккордеон мен баянда ойнауда ыңғайлы аппликатураны табу, тарелкелер мен үшбұрыштың дыбысталуын бәсеңдету, дабыл мен барабанда, кастаньетты, маракасты, асатаяқты сілкіп ойнау барысында қолды дұрыс ұстау әдістерін меңгеру, аспаптардың аттарын біліп, олардың тембрін тану.
Жеңіл әуендерді кіші ансамбльмен уақытында қосылып ырғақтық бейнесін анық бере отырып ойнау, әуенді ойынмен бірге сүйемелдеу.
Қазақтың ұлттық ұрмалы аспаптары асатаяқ, тоқылдақ, жыланбас қоңырау аспаптарында анық және тәртіппен ойнау.
Ересектердің аккордеонда орындауындағы лирикалық, байсалды әуендерді тыңдау, олардың аттарын білу, қайта тыңдау барысында тану. Әуеннің ырғақтық бейнесін металлофонда жеке немесе кішігірім топпен ойнау. Жеңіл әуендерді кіші ансамбльмен уақытында қосылып, ырғақтық бейнесін анық беру. Ересектердің орындауында халық әуендерін тыңдау, олардың сипаты мен қарқынын белгілеу.
Жыл соңында музыка бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- қарапайым жанрларды ажыратуды (күй, өлең, би, марш), оларға тән белгілерді атауды;
- музыкалық шығармалар сипатын анықтауды;
- музыкалық мәнерліліктің құралдарын (темп, динамика, регистр), музыкалық шығармалар түрлерін (әннің кіріспесін, басын, қайырмасын) ажыратуды;
- музыкалық мамандықтарды (музыкант, орындаушы, әнші, жеке орындаушы, дирежер және т.б.) атауды;
- қарапайым музыкалық терминдерді, ән айту дағдыларын;
- жақсы таныс әнді музыкалық сүйемелдеумен, сүйемелдеусіз күрделі емес әнге қосылып өз бетімен орындауды;
- пластикалық, ырғақты, мәнерлі қимылдарды орындауды, оның сипатына сәйкес музыкамен қозғалуды;
- кейбір музыкалық аспаптар туралы қарапайым түсініктерді;
- балаларға арналған музыкалық аспаптардың дыбысталуын тембрі бойынша ажыратуды және оларды (сылдырмақ, дабыл, металлофон, ксилофон, ұшбұрыш, маракас) атауды;
- балаларға арналған аспаптарда ойнаудың қарапайым дағдыларын (металлофон, ксилофон, үшбұрыш, асатаяқ, тоқылдақ, жыланбас қоңырау, сылдырмақ, маракас, румба және т.б.);
- музыкалық дыбыстың, ұзақтығының, тембрдің негізгі сипатын ажыратуды;
- әншілік суырып салма қабілеттілігіне (берілген мәтінге қарама-қарсы сипатта әуен құрастыру) және пара-пар қимылдарды өз бетімен таңдау негізінде музыкалық ойын бейнесін жасай білуге, балалардың музыкалық аспаптарында (металлофон) әуенді ойлап таба білу қабілеттілігіне ие болуды;
- таныс би элементтерін біріктіру негізінде (немесе өзі ойдан шығару) би композициясын шығаруды білуі тиіс.
«ӘЛЕУМЕТТІК ОРТА» БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫ
Мақсаты: баланың қоғамдық қарым-қатынастар жүйесіне енуге қажетті маңызды адамгершілік қасиеттерін дамыту, еңбек дағдыларын, жалпыадамзаттық құндылықтардың нормаларын білу, салт-дәстүрлер мен ережелер негізінде әлеуметтік-мәдени тәжірибесін қалыптастыру.
Мектепке дейінгі ересек жастағы «Таным» білім беру саласының базалық мазмұны:
- қоршаған ортамен таныстыру;
- экология;
- көркем әдебиет бойынша жүзеге асады.
Қоршаған ортамен таныстыру
Мақсаты: қоғамдық өмірде қоршаған ортамен және құбылыстармен таныстыру негізінде балалардың әлеуметтік дағдыларын дамыту. Баланың ұжымда, қоғамда, мектепке бейімделуі ойдағыдай әлеуметтенуі үшін қажетті тұлғаның қасиетін қалыптастыру.
Міндеттері:
1. Қоршаған орта заттарына, адам қолымен жасалған заттарға қамқорлықпен қарау жөнінде қарапайым білім жүйесін қалыптастыру.
2. Қоршаған ортаның ақиқат құбылыстарына қызығушылық білдіруге тәрбиелеу, әлеуметтік байланыстарды жасауға, қазіргі өзгермелі дүниеге бірдей бейімделуге үйрету.
3. Заттық әлеммен және қоршаған әлеуметтік құбылыстармен байланысты адамгершілік қағидаларын, түсініктерін, өзін-өзі ұстау мәдени дағдыларын қалыптастыру.
Мазмұны:
Өзін-өзі ұстау мәдени дағдылары
Балаларды түрлі әлеуметтік жағдайларда тиісті шешім қабылдауға, өзінің және жолдастарының қылығы бойынша пікір айтуға болатынын және қажеттілігін түсінуді үйрету.
Ересектерді құрметтеу халықтық дәстүріне негізделген өзін-өзі ұстау адамгершілік қағидаларын сақтауға үйрету.
Ересектермен немесе құрдастарымен келіспей қалған жағдайда балаларды «өзара келісуге» ниеттендіру, басқаларды тыңдай білу, олардың тілектерін, қажеттіліктерін, қиындықтарын түсіне білу, өз тілегі мен мәселесін айтуға мүмкіндік жасау, дау-жанжалдарды бірге шешуге, татуласуға үйрету.
Қоршаған ортамен таныстыру процесінде әдептіліктің қарапайым дағдыларын бекіту (сәлемдесу, қоштаса білу, кешірім сұрау, өз көмегін ұсыну).
Адамдардың мінез-құлықтары мен кәсіби әрекеттерін, этникалық мәдениетке ұқыптылықпен қарау, құқықтық білімдерін құрметтеу әрекеттерін балаға түсінікті болатындай гендерлік тәсілмен жеткізе отырып, әлеуметтік-мәдениет негіздерін қалыптастыру.
Балалардың мінез-құлқында қарапайым этикет ережелерін бекіту, ересектердің сөзін бөлмеу, орын беру, ойыншықтармен бөлісу, қоғамдық орындарда өзін ұстай білу сияқты этикалық құнды өзара әрекет үлгілерін қолдау.
Ересектермен және құрдастарымен өзара қатынасы
Балаларда өз ата-тегін (жеті атасын) білуге деген қызығушылықты дамыту. Баланың өзінің әке-шешесіне, туысқандарына сыртқы ұқсастықтары (көзі, мұрны, шашының түсі т.б.) бар екенін көре білуге үйрету. Өзара сыйластық негізінде отбасы мүшелерімен қарым-қатынас жасай білуді бекіту.
Туыстарын сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу. Отбасы мүшелеріндегі ересектер (ата мен әже) мен кішілерге қамқорлық көрсету.
Өзін-өзі дұрыс бағалап өзіне сенімінің бекуіне мүмкіндік туғызу, өзін қадірлеп дербестігін дамытуға, түрлі әрекеттерде (ойын, бейнелеу, музыкалық және т.б.) өзінің жетістіктерін нақты бағалауын дамытудағы қажеттіліктерін қолдау.
Бала санасын «Мен және менің сенімдерім, этикалық нормалар жөнінде түсініктер», «Мен және қоршаған ортаға менің қарым-қатынасым (құқықтар және міндеттер)» бағыттары бойынша қалыптастыру.
Балаларда өзін құрметтеу, әлеуметтік мәнділік сезімін, өзін таныту, өзінің қайталанбастығын, құрдастарының алдында жеке даралығын сезінуді тәрбиелеу.
Туыстық байланыс түсінігін, өзінің жасын, толық аты-жөнін, тегін, ата-анасының, отбасы мүшелерінің аты-жөнін, балабақша, топ атауын, нөмірін айта білу, үйден балабақшаға дейінгі жолды анықтау туралы түсініктерін қалыптастыру.
Отбасындағы атаулы күндер, салт-дәстүрлер, әдет-ғұрыптар, туып-өскен жерін жақсы көру жөніндегі ұғымдарын қалыптастыру. Балаларды отбасы мерекелері мен салтанаттарына дайындық жасауға қатыстыру.
Айналасындағы ересек адамдармен және құрдастарымен өзара әрекеттестік және қарым-қатынастың түрлі жағдайларында әлеуметтік бейімделу, ашықтық, әлеуметтік икемділік дағдыларын қалыптастыру. Балалардың төзімділіктерін (басқалардың өмір салтына, пікірге, мінез-құлыққа, құндылыққа, өзінен ерекшеленетін қасындағы әңгімелесушінің көзқарасын қабылдау, шыдамдылық таныту) дамыту.
Құрдастарымен және ересектермен бірлесіп әрекет жасай білуді қалыптастыру. Топтағы балалар, олардың бір-бірімен қарым-қатынасы жөнінде түсініктерін молайту: кім кіммен көбірек қатынаста болады, ойнайды, суретті не үшін салады, кім кіммен жолдас.
Ересектердің еңбегіне және оның нәтижесіне қызығушылықты қалыптастыру, балаларды ересектермен бірге еңбектенуге кірістіру.
Қатынас жасау үшін әр түрлі тәсілдер мен құралдарды қолдануға жағдайлар жасау: ересектерді аты және әкесінің атымен атау, құрдасын атын айтып шақыру, рөлдерге бөлгенде олардың атын білу («жүргізуші», «дәрігер»), тілдік және тілдік емес тәсілдерді қолданып басқа адамның көңілін өзіне аудару: «мұнда қараңыз ...», «тыңдаңызшы, өтінемін ...» деп, көзіне тура қарау, ашық жүзбен өтінішке үн қату, басқа баланың жауабын тыңдау.
Жақын туыстары мен құрдастарына сенімі мен тілектестік қарым-қатынасқа тәрбиелеу.
Балаға қандай ойыншық, фломастер, қарындаш тигенін, рөлдер, тапсырмалар, міндеттер қалай бөлінгенін «Сен келісесің бе?», «Саған жете ме?», «Сен ренжімейсің бе?» деген сұрақтардың көмегімен анықтауды ұсыну.
Айналасындағы ересектер мен балаларға көңіл бөліп және қызығушылықтарын (соның ішінде өзінің отбасы мүшелеріне) қолдау, дамыту, басқа адамдарға қамқорлық, мейірімділіктерін көрсету, басқа балалармен қатар және бірлесіп, оларға кедергі жасамай, алуан түрлі іс-әрекет түрлеріне қатысу.
Нәтижеге жету барысындағы топтың барлық мүшелерінің теңдігін білдіретін, ойындағы біріншілік құқығы мен серігін таңдау құқығы барлығын белгілейтін балалардың өздері белгілеген ережелерді меңгеруге көмектесу.
Әртүрлі балалармен (үлкен, кіші, құрбы, ұл бала, қыз бала, дамуында ерекшеліктері бар балалармен, балабақшаға жаңадан келген балалармен) қарым-қатынас жасау іскерліктерін дамыту.
Ересектердің еңбегіне және олардың еңбектерінің нәтижесіне құндылықпен қарауға, балалардың ересектермен бірге еңбек әрекеттеріне қосылуға қызығушылықтарын қалыптастыру.
Баланың ересектермен және балалардың бір-бірімен түрлі әрекеттер түрлерінде мазмұнды қатынасына жағдай жасау, ондағы баланың рөлдерді, ойыншықтарды, материалдарды таңдап алуына, еркімен шешім қабылдауына мүмкіндік туғызу.
Балаларды бақылау, салыстыру, теңестіру, өзінің және өзгенің әрекетін бағалап, ерекшеліктерін айта білу іскерлігіне, өз әрекетінің салдары өзге адамдардың эмоционалдық жағдайына әсер ететінін түсінуге тәрбиелеу.
Баланы өзін балалар қауымының мүшесі («біздің топ», «біз») ретінде сезінуге, ортақ игіліктері үшін балалардың өздері орнатқан топтың барлық мүшелеріне тең ережелерді (ортақ жұмысқа қатысуы, ойыншықтармен ойнағанда, заттар мен материалдарды қолданғанда) меңгерулеріне көмектесу. Ойын кезінде жекеленуге, серіктесін таңдауға, ойыншықты бірінші болып пайдалануға («Бұл текшелерді мен бірінші алдым»), меншігіне құқылы екенін («Бұл менің қуыршағым - мен оны үйден алып келдім») және сыйға тартудың қайталанбайтын заңын түсіндіру, өзге балалардың кеңесі мен ұсыныстарын тыңдауға, оларға жол бере білуге үйрету.
Ұл балалар мен қыз балалар сюжеттік-рөлді, театрландырылған және басқа ойын түрлеріне бірге қатысып, тапсырмаларды орындауларына мүмкіндік туғызу.
Қоршаған ортаға, ересектер мен балаларға зейіндері мен қызығушылықтарын арттырып, басқа адамдарға қамқор болу ниеттерін білдіру.
Адамгершілік қағидасы туралы түсініктер
Балаларды әлеуметтік құзіреттілігі мен мінез-құлқын көрсететін тәртіп нормаларымен, салт-дәстүрлермен, ережелермен таныстыру арқылы тәрбиелеу. Оларды алуан түрлі әлеуметтік рөлдерді орындауға жаппай қатыстыру.
Ұлтжандылық сезімдерін – өз отбасына, балабақшасына, туған жеріне, еліне, Қазақстанда тұратын түрлі ұлт өкілдеріне сүйіспеншілігін қалыптастыру.
Баланың өзіне құрметпен қарап, мейірімді, қайырымды және басқа да ізгі қасиеттерді бойына сіңіруіне мүмкіндік туғызу, ересектер балаларының жетістіктеріне қуанатынын, сәтсіздігіне қамығып, аяныш білдіріп, көмек беретінін түсіндіру.
Экология негіздері
Мақсаты: баланың тірі және өлі табиғат нысандарына қызығушылық пен білуге құштарлық негізінде өзін-өзі дұрыс ұстау жайлы түсініктерін қалыптастырып, оң қатынас жасауға баулу.
Міндеттері:
1. Мектепке дейінгі ересек жастағы балаларда адамдардың мінез-құлқы мен қоршаған орта жағдайының арасындағы байланысты анықтау мақсатында түрлі ортадағы жануарлар мен өсімдіктердің тіршілігі жөніндегі түсініктерін қалыптастыру үшін жағдай жасау.
2. Табиғат құбылыстарын эмоционалды түрде қабылдауды, қоршаған ортаға жағымды қарым-қатынасты, табиғат сұлулығын көре білу іскерлігін қалыптастыру.
3. Балаларда табиғаттың бір бөлігі болып саналатын адамға және табиғатқа қамқорлықпен қарауды қалыптастыруды жалғастыру.
Мазмұны:
Табиғаттағы өзін-өзі ұстау мәдениетінің дағдылары
Табиғат құбылыстарын бақылау кезінде өз сезімдері жайлы айта білуге көмектесу, табиғат мекендеушілерін сақтап қалуда адамдардың дұрыс өзін-өзі ұстауының маңыздылығын түсінуді (егер өзенді ластаса, балықтар, балдырлар құрып кетеді, егер орманда қоқыс қалдырса, өрт шығуы мүмкін) қамтамасыз ету.
Балаларды тірі және өлі табиғатпен тереңдетіп таныстыруда олардың «тағдырының» адам әрекетімен байланысты екендігін көрсету. Жағымды мысалдар: орманды қайта қалпына келтіру, су көздерін тазарту, сирек кездесетін жануарлар мен өсімдіктерді қорғау. Жағымсыз мысалдар: өзендердің, көлдердің ластануы, орман ағаштарын кесу, сирек кездесетін өсімдіктерді, жануарларды, табиғат ескерткіштерін жою.
Ересектермен және құрдастармен өзара қатынасы
Балалардың өзіне-өзі қызмет көрсету, табиғаттағы еңбек, тұрмыстық-шаруашылық қызмет дағдыларын меңгерту. Баланың қоғамда, ұжымда, мектепке бейімдеу мен өмірдің тез өзгеретін жағдайына ойдағыдай әлеуметтендіру үшін жеке басының қасиеттерін дамыту.
Балалардың ересектермен бірлесе отырып өсімдіктердің өсіп-жетілуі мен жануарлардың мінез-құлықтарына бақылау және күтім жасау процестеріне жауапкершілікпен қарау іскерліктерін қалыптастыру.
Адамның биоәлеуметтік жан ретінде және оның тіршілік ету ортасы туралы қарапайым түсініктерін қалыптастыру.
Табиғаттағы адамгершілік мінез-құлық қағидалары жөніндегі ұғымдар
Балаларда табиғатта өзін-өзі ұстау қағидалары мен ережелерін «болады, қажет, болмайды, жаман» түсініктерімен меңгеруге мүмкіндік туғызу.
Балаларды өсімдіктер мен жануарларды күтіп-баптау жұмыстарының әр алуан түрлерін бірлесіп орындауларын қамтамасыз ету. Өсімдіктер мен жануарлар тіршілігінің адамның сауатты күтіміне байланыстылығы жөніндегі түсініктерін қалыптастыру. Тірі және өлі табиғатпен қарым-қатынаста өзін-өзі ұстау адамгершілік қағидаларын, ересектер мен құрдастарының табиғат объектілеріне қатысты теріс қылықтарын бағалай білуге үйрету.
Экологиялық қауіпсіздіктің алғашқы дағдыларын және адам денсаулығы қоршаған орта мен өзін-өзі ұстауына байланысты екендігі жайлы қарапайым түсініктерін қалыптастыру.
Қоршаған ортаға қатысты өз іс-әрекетін болжау іскерлігі мен ниетін қалыптастыруды, шамасы келгенше оны сақтау мен жақсартуға қатысуды қамтамасыз ету.
Көркем әдебиет
Мақсаты: халық ауыз әдебиеті және көркем әдебиет шығармаларының мазмұнын меңгеру негізінде әлеуметтік дағдыларды, кейіпкерлердің қылықтарын талдауды дамыту.
Міндеттері:
1. Балаларды шығарма мазмұнын дұрыс қабылдауға, кейіпкерлерге жаны ашуға, бәсекелесуге үйрету.
2. Әдеби шығармаларға қызығушылықтарын арттыру, әдебиеттегі жағымды мысалдар негізінде қоршаған ортамен қарым-қатынасты құру іскерліктеріне тәрбиелеу.
Мазмұны:
Өзін-өзі ұстау мәдениетінің дағдылары
Көркем әдебиет шығармаларымен таныстыру процесінде сыпайылық, мінез-құлық этикеті мен мәдениетінің дағдыларын бекіту. Әдеби шығарма кейіпкерлерінің қылықтарын олардың мінез-құлқы тұрғысынан, адамгершілік нормаларға сәйкестігі жағынан талдау.
Ересектермен және құрдастарымен өзара қатынасы
Балаларды топтағы жағдайларға байланысты адамның эмоционалдық жай-күйі мен оның себебі арасындағы байланысты, сонымен бірге көркем әдебиетті, ертегі желісі бойынша ойындарды, ән айту, сурет салу, адамдардың қарым-қатынасын және сезімдерін бейнелейтін ересектер мен балалардың қатысуымен театрдың әр түрін анықтауға ниеттендіру.
Балалармен ұл бала (күшті, батыл, еңбексүйгіш, қамқоршы т.б.) мен қыз баланың (нәзік, қарапайым, әдемі, кішіпейіл т.б.) мінез-құлықтарына тән ерекшеліктерді талқылай отырып, көркем әдебиетті қолдану.
Адамгершілік қағидалары туралы түсінік
Әдеби шығарма кейіпкерінің іс-әрекетіне өзінің қатынасы жөнінде әңгімелей отырып, оны адамгершілік қағидалар мен түсініктер тұрғысынан бағалауға ниеттендіру.
Балаларға кейіпкерлер мінез-құлқындағы жасырын себептерді түсінуге көмектесу. Шығармалар кейіпкерлеріне жанашырлықпен, аяушылықпен қарауға тәрбиелеу.
Көркем әдебиет шығармаларымен танысу процесінде адамдар, олардың эмоционалдық жай-күйі, іскер және жеке қасиеттері, мүмкіндіктері, қарым-қатынас сипаты жөнінде балалардың түсініктерін молайту. Осы мақсатта шығармалар желісімен драмалау ойындарын қолдану, эмоцияларын көрсете білуді дамыту, ересектермен және құрдастарымен қарым-қатынас жасай білу, өзара түсіністікке қол жеткізу.
Жыл соңында «Әлеуметтік орта» білім беру саласы бойынша бағдарламалық материалдарды меңгеру нәтижесінде балалар:
- адамдардың арасындағы қарым - қатынаста жаман мен жақсыны айыруды;
- өзінің жасын, толық аты-жөнін, өз ата-анасы мен өзге де отбасы мүшелерінің аты-жөндерін, мекен-жайын, балабақшаның атауын (нөмірін);
- өз үйінен балабақшаға барар жолын анықтауды;
- әртүрлі әлеуметтік жағдайларда тиімді шешім қабылдап, өзі мен өз құрбыларының әрекеттері жайында өз ойын айтуға болатындығын және айту керектігін;
- келеңсіз көңіл күйін көрсетпеуі, кешірімді болуы, әдеби шығармалардың кейіпкерлері мен адамдардың тек жағымсыз жақтарын ғана байқамай сондай-ақ жағымды да жақтарын байқауды;
- әдеби шығарма кейіпкерінің нақты әрекетіне өз ойын айтуы, оны адами тұрғыдан бағалауды;
- ойындағы әрекеттердің логикасымен келісуді (ойын барысының жүйелілігі, жағдайға бағдарлау);
- ересектерді құрметтеу халық дәстүріне негізделген адами мінез-құлық ережелерін сақтауды;
- өз мұқтаждығын нақты түрде жеткізуді;
- бірлесіп атқарылатын іс-әрекетке өзгелерге кедергі жасамай қосылуды;
- өзге де адамдардың ниеттерімен санасып, қоршаған адамдардың эмоциялық күйінің өзгергендігін байқауды;
- жақындарына қарапайым қамқорлық таныту, қоршаған адамдарға жанашырлық пен шыдамдылық танытуды;
- ересектермен бірігіп еңбек етуді;
- ойын ережелерін сақтауды және ереже бойынша ойынның жүруіне риза болуды;
- бір-біріне және қоршаған адамдарға риясыз көмек көрсетуді;
- заттық-ойын ортасын өздігімен ұйымдастыруды, ұжымдық сюжеттік-рөлдік ойындарға қатысуға тырысуды;
- қоршаған ортаға байланысты өз әрекеттерін жорамалдауды, оны сақтау мен жақсарту бойынша шамаларына лайық еңбекке өз үлесін қосуды;
- отбасылық мереке күндері, салт-дәстүрлері туралы түсініктерін;
- адамдардың өз-өздерін дұрыс ұстауы маңызды екенін;
- қарапайым әдеп сақтау ережелерін;
- рухани және материалдық мәдениет заттарына ұқыптылықпен қарауды;
- және меншiктi мiнез-құлықтан адамның денсаулығының тәуелдiлiгi туралы және қарапайым ұсыныстарын;
- экологиялық қауiпсiз мiнез-құлықтың дағдыларын білуі және адамның денсаулығы өз әрекеті мен қоршаған ортаның күйiне тәуелді екені туралы;
- өз-өзін құрметтеу және өзге де адамдардың қадір-қасиетіне, өз ата-бабаларының және отанымыздың бүгінгі күннің қаhармандарының ерліктеріне құрметпен қарауды білуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |