Батыс Қазақстан ескерткіштері
Б.з.б. ІІ-мыңжылдықта Батыс Қазақстан аумағын андроновтық (алакөл) тайпалар мекен етті.
Мұнда қола дәуірінің қоныстары мен қорымдары көптеп ашылған. Ескерткіштерді зерттеу ісіне И.В.Синицын, М.П.Грязнов, В.С.Сорокин, Г.B.Кушаев, т.б. мамандар қатысқан болатын.
Ерте қола ғасырына жататын ескерткіштер салыстырмалы түрде айтқанда, аса көп емес.
Бұл кезеңнің ыдыстарының түбі жалпақ, пішіні банка тәріздес болып келеді. Суреттердің композициялық құрылысы мен ыдыстардағы ою-өрнек типтерінің өзара қатыстылығы біркелкі емес. Оның үшбұрыш, шаршы және сопақша түрінде ойықтап басу кең таралған бөлшектер болып табылады. Өрнекпен ыдыстың қабырғалары мен түбі де көмкерілді.
Екінші топтағы ыдыстарда тарақты штамппен және таяқшамен түсірілген суреттер басым. Өрнектер тігінен, көлденеңінен және толқынды келген сызықтардан, тігінен түскен ирек сызықтар мен кескінді үшбұрыштар алаңынан тұрады.
Б.з.б. ІІ-мыңжылдықтың екінші ширегінде шаруашылықта өнім өндіру типі түпкілікті орнығады, ал қола металлургиясы даму шегіне жетеді. Ортаңғы қола дәуірі мәдениетінде бірін-бірі алмастырған үш кезең байқалады. Оның бірі, ерте кезі, кезеңнің қалыптасу тарихымен байланысты, бұл кездері жергілікті ерте қола дәуірінің тайпаларына Арал өңірі арқылы ежелгі егіншілік орталықтардың оңтүстік мәдениеттері әсерін тигізе бастайды.
Ал соңғы кезеңінде андронов және қима қауымдастықтарының мәдениеттері белсенді түрде өзара байланысқа түседі. Батыс Қазақстан мәдениетіне Еділ өңіріне кең таралған қима мәдениеті қатты ықпалын тигізе бастайды.
Бұл кезеңнің баспаналары, әдетте, аса үлкен емес, едені жерге 15-20 см-ге дейін кіріп тұрған, сондықтан да оларды жер бетіне салынған құрылыс түріне жатқызуға болады. Баспаналар пішіні тікбұрышты, олардың шатырын ұстап тұрған бағана-тіреуіштен қалған шұңқырлар жақсы сақталған. Үйдің қабырғасы бөренелерден көтерілді. Еден ірі өзен құмдары араластырылған саз балшықпен сыланды. Тағам дайындау үшін және баспананы жылытуға шетіне тастар қойылған ұңғымалы ошақтар пайдаланылды.
Батыс Қазақстан далаларында орманның жоқтығы Тасты-Бұтақ қонысында баспаналардың салынуындағы ерекшеліктердің қалыптасуына алып келді. Мұнда бағаналық конструкциялар өте сирек қолданылды, есесіне тас кеңінен пайдаланылды. Одан ішкі далда (қалқа) соғылды, ошақ қоршалды, түрлі шаруашылық қажеттіліктер үшін қаландылар жасалды.
Тасты-Бұтақ-1 қорымындағы мола үстіндегі конструкциялар дөңгелек, сопақша және бұрыс пішінді тас қоршаулардан тұрады. Қоршаулар тігінен қазылып қойылған тастардан да, өзара ешқандай материалдармен дәнекерленбеген тақта тастардан да тұрғызылған. Молаларда аса терең емес шұңқырлар немесе тас жәшіктер болды. Қорымдардан жеке адамның, қосарлана (жұбымен) жерленген адамдардың қаңқалары анықталған. Анықталған қосарлы (жұпты) жерлеуде түрлі жыныстағы адамдар мен балалардың қабірлері басым, сондай-ақ балалы әйел адам қабірлері де кездеседі. Жерлеу, негізінен, мүрдені қою ғұрпы бойынша атқарылды, мүрдені өртеу ғұрпы да ұшырасады. Қайтыс болған адам сол немесе оң жақ қырынан бүгіліп жатқызылды, қолының саусақтары бетіне қарай қойылды. Бейіттердегі ыдыстар саны бірден беске дейін, бірақ екі ыдысты қою жиірек кездеседі. Ыдыстар дәстүрлі түрде жерленген адамның бас жағына қойылған. Қола білезіктер, пасадан жасалған моншақтар, қабыршақтастардан жасалған әшекейлер де табылған.
Батыс Қазақстан кейінгі қола дәуірі тайпаларының мәдениетінде екі кезең байқалады. Б.з.б. І-мыңжылдық бас кезіндегі бірінші кезеңде батыстық тайпалар Еділ бойындағы қима мәдениетінің ықпалына ұшырады.
Кейінгі қола дәуіріндегі тайпалар дамуындағы екінші кезең мәдениеттің бірден ауысуымен (өзгеруімен) тікелей байланысты. Андронов-қима қауымдастықтары қамтыған Еділ бойындағы, Орал өңіріндегі, Қазақстан мен Батыс Сібір оңтүстік жазығындағы барлық аумақты «мойын білік» («валиковая») құмыра мәдениетін қалдырған тайпалар мекендейді. Олар қола дәуіріндегі тұрғындарға тән дәстүрлі өзен террасаларындағы жайылмаларды мекендеген, және де олардың қоныстарында б.з.б. ҮІІІ-ҮІІ ғасырларға дейін тіршілік жанданып жатқандығы анықталған. Бұл уақыттағы қоныстардан сопақша келген жартылай жертөлелер аршылған. Жартылай көшпелі мал шаруашылығына бейімделгендіктен тайпалар жиі қоныс аударып отырды, соның нәтижесінде жер бетіне сопақша келген жеңіл баспаналар да салынды.
Батыс Қазақстандағы қола дәуірінің аяқталар тұсындағы тайпалар ерте темір дәуіріндегі сақ-сармат мәдениетінің қалыптасуына қатысты.
Соңғы жылдары Үстіртте З.С.Самашев пен А.С.Ермолаева жетекшілігімен Тоқсанбай, Айтман, Маңайсор-1-3 қоныстары секілді бірқатар қола дәуірінің ескерткіштері зерттелді. Бұл қоныстарда адам баласы ұзақ уақыт тіршілік еткен, оны кейде үш метрге жететін қалың мәдени қабаттар да растап отыр. Ең ерте кездегі қоныстар бұдан төрт мың жыл бұрын қалыптаса бастаған болатын.
Үстірттегі көптеген қоныстар жардың мүйістерінде орналасты, олардың бір бөлігі үстірт шетінен бөлініп, тектоникалық процестер нәтижесінде өзіндік қалдық төбешіктерге айналды.
Ландшафт жағдайларына жасалған ғылыми талдау, ежелгі адамдардың қоныстанатын кезде бірнеше факторларды ескергендігін көрсетеді, ең алдымен қорғану тұрғысынан қолайлы стратегиялық жайы, ішетін судың болуы, аң аулайтын жердің жақындығы мен суатқа келетін кәсіптік жануарлардың болуы ескерілген еді.
Баспаналар қазаншұңқыры дөңгелек пішінді болды және де материктік саз балшық қабатында жетті. Тоқсанбай қонысының шет жақта орналасқан кейбір құрылыстары екі деңгейлі құрылыс болған сияқты, мұнда төменгі қабаттың шатыры үстінгі қабаттың едені болғандығы байқалады. Құрылыс материалы ретінде қабыршақтас пен әктас пайдаланылды. Қабырға түбіне ірі блоктар қойылды, олардың үстіне көлденеңінен көлемі шағын тас плиталары өрілді.
Баспана едендегі ошақ арқылы жылытылды.
Қоныстардың көп метрлі мәдени қабаттарынан табылған қомақты остеологиялық материалдар мұнда бақташылық мал шаруашылығы мен жануарлардың маусымдық миграциясына негізделген аңшылық орын алғандығын, бұлар Үстірт тұрғындарының осы дәуірдегі шаруашылық негізін құрағандығын айғақтайды.
Металлургия мен тау-кен ісі де тұрғындар өмірінде маңызды рөл атқарды, бұған мыстан жасалған пышақ, бігіз, білезік, бекіткіш, мыс кесектері, күл қалдықтары, металл қорытуға арналып жасалған ыдыс, кентастарды үгітетін келсаптар секілді көптеген заттар да дәлел бола алады. Металлургиялық орталық болған әрі негізгі олжалар табылған қоныс ауданынан бір телім даралана түседі. Мұндағы өнеркәсіпте жергілікті кентастар пайдаланылған деп топшыланады.
Металлургиялық өндірістің дамуына қарамастан, шаруашылықта шақпақтастан жасалған еңбек құралдары мен қару-жарақтар кеңінен пайдаланылды. Тастан жебе ұштары, сүңгі, бұрғы, жонғыш, қырғыш, үгіткіш, т.б. жасалынды.
Табылған артефактілер арасынан бір шеті қойдың басы секілді жасалған тас үккіш ерекше қызығушылық танытады. Мұндай қойдың басы сияқты мүсіндік бейнесі бар заттар Еуразия аумағынан көптеп табылған.
Тоқсанбай қонысынан қашау, тескіш, бігіз, жалтыратқыш, штамп, құрал дайындамасы секілді сүйектен жасалған бұйымдар да көптеп ұшырасқан. Жалтыратқыштар қыш құмыра жасау мен тері өнеркәсібінде пайдаланылды. Ыдыстардың сыртын сылау және ою-өрнек түсіру үшін штамп пен шпатель қолданылды. Бігіз, тескіш, түткіш құрал, қашау тері мен ағаш өңдеуде пайдаланылды.
Ең көп шыққан материал – қыш құмыра. Керамикалық ыдыстардың пішіні, ернеуін модельдеу, ою-өрнек декоры сан алуандығымен және өзіндік ерекшелігімен сипатталынады.
Қыш ыдыстардың ою-өрнегін түсіру үшін сызу, тесу, тарақты штамп тәсілдері пайдаланылды. Үстірт қоныстарындағы қыш ыдыстардың ою-өрнек жүйесі элементтердің, мотивтер мен композициялардың әркелкілігімен сипаталынады.
Ою-өрнектегі кеңінен тараған негізгі сюжет өзара үйлескен көлденең сызық, еңістетілген кесінді, ирек сызық, шырша, ромб болып табылады. Штрихты үшбұрыштар, ромбылар, меандр оларға қарағанда көп тарала қоймады.
Үстірт пен онымен іргелес аумақтардың тұрғындары осы уақыттардағы Орал, Сібір, Қазақстанның далалы аймақтары, Ортаазиялық қосөзен аңғары мен Иран таулы өңірлеріндегі этномәдени үрдістерге араласты.
Үстірттегі соңғы жылдардағы ашылулар тоқсанбайлық материалдарға жақын Еділ-Орал өңіріндегі бірқатар ескерткіштер материалдарының мәдени-хронологиясын нақтылауға мүмкіндік беріп отыр.
Өткен тарих қойнауындағы көріністерді қалпына келтіруде, ілкі замандардағы миграциялық процестерді анықтауда үстірттік қола дәуірі ошағының маңызы өте зор.
Үстірттің қола дәуіріндегі мәдени орталықтардан қашықта (алыста) жатуы ерекше тоқсанбай мәдени феноменін қалыптастырды. Ежелгі популяциялардың Үстірттегі табиғи-климаттық ерекшеліктерге бейімделу тетіктерін, олардың шаруашылық-мәдени даму деңгейін білу, Еуразия этномәдени массивтерімен байланыстарының дәрежесін анықтау, сонымен қатар дүниетаным сауалдарын шешу Қазақстан археологиясының маңызды міндеттерінің бірі болып табылады.
Қола дәуіріндегі шаруашылық, мәдениет және қоғам
Мал шаруашылығы мен егіншіліктің дамуы. Қола дәуірінің ерте кезеңіндегі қоныстардан жинастырылып алынған сүйек материалдары Қазақстан аумағындағы адам баласы айналысқан маңызды іс үй маңындағы бақташылық болғандығын айтуға мүмкіндік береді. Мал табынында бұл кезде ірі қара басым болды.
Үй маңындағы бақташы мал шаруашылығынан біртіндеп жайлауға өту үрдісі де көп ұзамай басталып кетті. Жайлаулық мал шаруашылығында малшылар бір жайылымнан екіншісіне көшіп отырды. Бұл кезде табын арасында ұсақ мал (қой, ешкі) мен жылқының үлесі ұлғая бастады.
Дамыған қола дәуірінде жылқы сүйрететін күш ретінде пайдаланылды және салт мінілді. Көлік құралы ретінде жылқыны пайдалану далалы аймақтар мен биіктаулы жайылымдарды игеруге мүмкіндік берді.
Ежелгі мал шаруашылығы экстенсивті түрде болды. Жайылымдар ауданын игеру мен кеңейту, тебінге (қыста қар астынан жем-шөп алу мен алыс жерлерге жету) шыдамды жылқы, қой түрлерін өсіру мал санының артуына алып келді. Қола дәуірінің соңғы кезеңінде Қазақстанның далалы аудандарында мал шаруашылығы негізгі шаруашылық саласына айналды және көшпелі мал шаруашылығына жақын тұрпат (пішін) иемденеді.
Мал шаруашылығмен бірге неолит дәуірнен бастап Қазақстан аумағында егіншілік те дами бастайды. Қола дәуіріндегі тайпалар шаруашылығында мал шаруашылығы мен егіншілік бірін-бірі толықтырып тұрды және де өзара тығыз байланыста болды.
Ерте қола дәуіріне жататын қоныстардан тастан және бұғының мүйізінен жасалған кетпендер (шоттар) табылған. Тастан дәнді үгуге арналған дәнүккіш, үккіш, келсап, келі секілді құралдар жасалды. Астықты жинау кезінде бастапқыда қола пышақтар, кейінгі қола дәуірінде түрлі типті қола және мыс орақтар айдаланылса керек. Шағалалы қонысынан қола шалғы табылған.
Мейлінше жетілдірілген құралдардың пайда болуы дәнді дақылдарды өсіру ауданын да арттырды. Егін алқаптарында, негізінен, бидай, қара бидай, тары өсірілді. Қоныстарды қазған кезде құмыралардан тары ботқаның күйген қалдықтары шыққан. Солтүстік Қазақстандағы Алексеев қонысына жақын жотаның үстіндегі ғұрыптық шұңқырлардан құдайларға құрбандыққа берілген бидай сабағы мен дәні аршып алынған. Шығыс Қазақстандағы Малокрасноярка қонысынан табылған қол орақ жүзінде дәнді-дақылдарды өңдеген іздер сақталған.
Қазылған барлық қоныстардан дәнүккіштер, дәнді ұнтақтап ұнға айналдырға арналған тік бұрышты және дөңгелек келсаптар шыққан. Орақпен егін орды, сондай-ақ малға жем-шөп даярлады. Қоймалар мен қоныстарда олардың көп болуы егіншілік ауқымы мен маңызын көрсетеді. Жер тас кетпендермен қопсытылып, өңделді.
Тау-кен ісі, металлургия. Мал шаруашылығы мен егіншілікпен қатар түрлі кентастарды алу, тас пен сүйек өңдеу де маңызға ие болды. Қазақстан аумағы мыс, қалайы мен алтын сынды пайдалы қазбалар бай екендігі белгілі. Мыс (Жезқазған, Зыряновск, Қаршыға, Жалтыр,Ащылы, Күшікбай), қалайы (Атасу таулары, Қалба мен Нарым жоталары) мен алтын (Степняк, Қазаншұңқыр, Балажал, Ақжал, Дайбай, Майқапшағай, Ақабек) кен-орындары бұл аумақтың көне металлургиялық орталықтардың бірі болғандығын айғақтайды. Ежелгі замандарда мысты тотықтанған кентастарды алу мен балқыту ісі кең қанат жайды.
Бұл уақытта ежелгі кеншілер құрамында мыс пен қалайысы мол тотықтанған кентастарды (малахит, азурит, кассетерит) өндірді. Қопсыма кентастар өндірілді, борпылдақ кентастар тастан жасалған тоқпақшалар мен балғалармен қарапайым «қайлалау» әдісі арқылы алынды. Тығыз кентастарға «отпен уату» әдісі қолданылды, өзек үстіне немесе қуысқа от жағылды да, тас әбден қызған кезде оған су құйып, жарылуын қамтамасыз етті, содан кейін балға және қайламен жұмыс істеді. Құрамында металы бар жыныстарды тері қап арқылы сыртқа шығарды.
Онымен қатар кентас денесінің астын үңгіді, содан кейін балға арқылы кентастың ең тәуір кесектерін опырып алды. Терең қазылғанда төбесі басылып қалмау үшін ағаш тіреулер орнатты. Алайда шахталар талай рет құлап, кен қазушыларды басып қалды. Үңгімелерден адам қаңқасы мен олардың жанындағы шірімей сақталып қалған ішінде кентас бар тері қаптар ежелгі кен орындарын зерттеу кезінде ұшырасқан. Шахта жанындағы суда бос жыныстарды ажырату үшін алынған кентас жуылды және уатылды. Ұсақ етіп уатылған кентасты қонысқа апарды да, ондағы арнайы қорыту пештерінде балқытты. Мұндай пеш қалдықтары андроновтықтардың Атасу, Суықбұлақ, Қанай ауылы маңындағы қоныстарын қазған кезде табылған. Қазіргі уақытта көне металлургиялық орталықтары бар бірнеше қоныстар (Талдысай, т.б.) белгілі болып отыр.
Пеш жанынан күл, мыс құймалары аршып алынған. Құрал жасау үшін қорыту процесінде мысқа қалайы қосылды да, металл қажет қалыпқа жеткізілді. Ежелгі кеншілер қалайы көлеміне қарай қола омырылғыш, немесе керісінше, неғұрлым жұмсақ және иілгіш болатындығын білді.
Қазақстан аумағында қола дәуірінде өндірілген кен көздерінің ауқымы халықты шикізатпен қамтамасыз етіп қана қоймағандығын, сонымен қатар металдың бір бөлігі дайындама және бұйым түрінде айырбасқа түскендігін де көрсетеді.
Қазақстан тау-кен-металлургия облысын (ТКМО) археолог Е.Н.Черных Еуразия тау-кен-металлургиялық облыстары жүйесінде алғаш рет бөліп көрсеткен. Ол бүкіл Орталық Қазақстанды және Солтүстік Қазақстанның бір бөлігін қамтиды, және де Қазақ ұсақ шоқыларын, немесе Сарыарқаны, яғни солтүстікте Батыс Сібір жазығынан оңтүстікте Балқаш көліне дейінгі аймақты, батыста Торғай ойпаты мен шығыста Алтай мен Тарбағатай тау тарамдарына шейінгі жерлерді алып жатыр.
Осы кең байтақ ауданда мыс пен полиметалдың ондаған кен орындары ұшырасады. Олардың барлығы, түгелдей ежелгі замандардан бері өндіріліп келеді.
1946 жылы Ә.Х.Марғұлан жетекшілігімен Орталық және Солтүстік Қазақстанның археологиялық ескерткіштері, соның ішінде ежелгі тау-кен ісі мен металлургия нысандары жоспарлы түрде зерттеліне бастады. Ол Н.В.Валукинский, С.С.Черников, М.Қ.Қадырбаев, Ж.Қ.Құрманқұлов, Э.Ф.Кузнецова, С.У.Жауымбаев, С.А.Берденов есімдерімен тығыз байланысты. Одан бергі жарты ғасырдан астам уақыт ішінде көне кен орындары көптеп зерттелінді, бірегей конструкциялы мыс қорытатын агрегаттары бар жиырмадан астам қоныстар қазылды.
Орталық және Солтүстік Қазақстан аумағындағы ежелгі тау-кен өндірісі жайлы қомақты мағлұматтар алынды. Қазақстан ТКМО-ның кендері жайлы мәліметтер жасалды. Кен алынған уақыттар мен өндірілген кеннің ауқымы анықталды. Қола дәуіріндегі қазақстандық ТКМО-ның орны нақтыланды. Кен өндіру әдіс-тәсілдері, пайдаланылған құрал-жабдықтар, саймандар жайлы сөз өрбіді.
Қазақстан ТКМО шеңберінде жекелеген орталықтар бөлінген. Мұндай орталықтар саны алтау. Олар: Көкшетау, Баянауыл, Успенск-Қарқаралы, Жезқазған-Ұлытау, Балқаш.
Көкшетау орталығы Қазақ ұсақ шоқыларының солтүстік-батыс тау тарамдарындағы Көкшетау қыратын қамтиды. Мұндағы жер қойнаулары ірі кен орындары болмаса да, сан алуан пайдалы қазбаларға, соның ішінде мыс пен қалайыға толы.
Зерттеушілер Имантау карьерінің үйінділерінде 48 мың тонна, ал Алтынқазғанда 12-15 мың тонна мыс кентастары болғандығын есептеп шығарған.
Осы аумақ шеңберінде мыс өндіру ісінің іздері Боровое, Шалқар, Шағалалы, Сарғары, қоныстарынан, Имантау көлі жанынан анықталған. Аталған қоныстардың материалдары кейінгі қола дәуірінің соңғы кезеңіне жатады.
Бірақ көкшетаулық кен орындарынан алынған кентастар тек аталған пунктерге ғана түскен жоқ, ол одан ары петропавлдық Есіл өңіріндегі қоныстарға дейін таралса керек. Имантау кен орны солтүстікке қарай 120-130 км жерде орналасқан Петровка-2, Новоникольское-1 қоныстары секілді орындар үшін осы аймақтағы бірден-бір кен көзі болғандығы анық. Көкшетау ТКМО-н б.з.б. ХҮІІ-ХҮ ғасырларға жатқызуға болады.
Баянауыл орталығы Баянауыл тауларының айналасында орналасқан.
Айтылып отырған ауданның ең ірі нысаны Бозшакөл мысты-порфирлі кен орны болып табылады. Өз қоры бойынша ол Қазақстандағы Жезқазған мен Қоңыраттан кейін үшінші орынды иемденеді деп саналады. Геологтардың айтуына қарағанда, Бозшакөлде кен өндірудің ісінің ежелгі іздері көптеп байқалады. Одан басқа көне кәсіпкершілік нысандарының қатарына Ескіжұрт (Спасское), Тезекбайсор, Анненское, Александровское, Сарыадыр, Қазанауызды жатқызуға болады. Олардың әрбірінде бұрынғы кездегі игеру жұмыстарының іздері сақталған, бірақ дәл уақытын анықтау әзірге мүмкін болмай отыр.
Баянауыл ТКМО-ндағы кен орынды игерудің басталғандығын жанама түрде болса да айғақтайтын қола дәуірінің зерттелген жалғыз ескерткіші көне металлургтердің қонысы Тағыбайбұлақ болып табылады. Қоныс кейінгі қола дәуірімен мерзімделінеді.
Успенск-Қарқаралы орталығы Сарыарқаның қақ ортасында, батыста Сарысу өзенінен шығыста Шыңғыс тауларының ең шеткі тарамдарына дейінгі ұсақ шоқылардың ең биік бөлігін алып жатыр. Успенск-Қарқаралы орталығындағы ең ежелгі кен орындары қатарына жататыны – Успенск. Онда Қ.И.Сатпаевтың есептеуінше, ежелгі замандарда 200000 тонна кентас алынған. Успенск кен орнындағы тотыққан кентастардағы мыс үлесі 16%.
Ал Ольгинское-Алмалы және Алмалы-Ақбиік кен орындарын қамтитын Алмалы кентас алқабынан тереңдігі 8-10 м-ге жететін 18 және 17 көне кен шығарылған орындар анықталған.
Бесшоқы полиметалл кен орнынан алғаш рет күміс, мыс және қорғасын кентастары бар ежелгі үйінділер табылған.
Успенск-Қарқаралы ТКМО-ндағы маңызды көне кен орындарының қатарына өткен ғасырдың орта тұсында ашылған Қызылтас тауындағы Самомбет пен Берқара полиметалл кен орындарын жатқызуға болады. Олар басқаларына қарағанда Қазақстан қола дәуірі ескерткіштеріндегі металдан жасалған жарқын бұйымдар сериясы белгілі болған Қарқаралы қоныстары мен Кент қонысына жақын орналасқан.
Қарағанды қаласынан шығысқа қарай 70 км жерде Алтынтөбе ежелгі кен орны бар. Кен орны ауданынан бай металл жабдық-саймандары бар қола дәуірінің жерлеу орындары анықталған. Қоспа-бөлшектерге қарағанда табылған бұйымдардың химиялық құрамы кен орнынан алынған кентастар құрамына ұқсас. Бұйымдар мен кентастар құрамы өте бірегей екендігі анықталды, сол себепті зерттеушілер оларды мыстың жеке химиялық тобына бөлді. Оған қорғасын мен висмуттың мол құрамда болуы, күшәла мен сүрменің аздығы, никельдің төмен болуы мен алтынның жоқтығы тән.
Успенск-Қарқаралы ТКМО аумағынан мыс пен қола балқытқан өндіріс орталықтары көптеп табылып, зерттелген. Металлургиялық өндіріс іздері Энтузиаст, Усть-Кенетай, Сораңғы, Зеленая Балка, Жосалы, Қомыттың-Қарашоқысы, Қарқаралы-1-2, Упаис, Мырзашоқы, Суықбұлақ, Ақ-кезең, Шортандыбұлақ, Бұғылы-1, т.б. қоныстардан байқалған. Олардың көпшілігі кейінгі қола дәуірінің ақырғы кезіне жатады.
Жезқазған-Ұлытау орталығы Қазақстан ТКМО-ң батысында орналасқан. Оның аумағына Ұлытау, Арғанаты таулары мен оларға шығыстан қосылып жатқан ұсақ шоқы массивтері кіреді. Дәл осы жерде, дәлірек айтқанда Ұлытау тауларынан оңтүстік-шығысқа қарай 60-70 км жерде әлемдегі ірі мыс кен орны Жезқазған орналасқан. Оның кенді алқабының ауданы 100 шаршы км шамасында. Жезқазған кен орнынан кентас алу қола дәуірінен бастап кейінгі орта ғасырларға дейін жалғасқандығы анықталған. Осы уақыттардың ішінде Жезқазған қойнауынан миллион тоннадан астам кентас алынған, ондағы мыс 10 мың тоннадан кем емес.
Петро қыратындағы кен алынған орын ең ежелгі уақытқа жататындығы анықталған.
Жезқазған қойнауынан алынған кентастарды қорыту сол жерде жүзеге асқан. Оның телімдерінен қола дәуірінің көптеген қоныстары анықталған, олардың арасындағы ең ірілері – Кресто-Воздвиженское (Кресто), Милықұдық, Айнакөл, Сорқұдық, Златоуст. Жезқазған төңірегінендегі Тасқұдықтан, Ақшиден, Құлманнан да кентастар алынып, өңделген. Қоныстардың материалдары (қыш құмыра, тастан жасалған еңбек құралдары, т.б.) ежелгі кен орындарынан алынған материалдармен ұқсас, және де олардың арасында байланыс болғандығына ешқандай шүбә жоқ.
Металлургиялық өндірістің қалдықтары Ұлытаудағы өзімен аттас қоныстан да алынған. Мұнда кентастар мен күл-қалдықтан (шлак) басқа ежелгі металлургтардың ұсақ және ірі құмтастардан жасалған балға, келсап, үгіткіш секілді еңбек құралдары да көптеп табылған.
Ұлытау қонысынан 5-10 км жерде құрамында қалайы бар шашыранды тобы анықталған. Бұл топқа Нөгербекдарасы, Қызылтасдарасы мен Айбасдарасы кіреді. Олардағы каситерит құрамы мейлінше жоғары – 1000-2000 г/м (куб).
Мұнда қола дәуірінің Талдысай қонысы зерттеліп жатыр. Оның алғашқы нәтижелері қоныстағы металлургиялық өндіріс қалдықтарын анықтап отыр. Қазба барысында металл қорытатын пеш орындары, шеберхана бөліктері, сан алуан еңбек құралдары алынған.
Солтүстік Бетпақдала орталығы Бетпақдала шөлінің солтүстік бөлігі мен Қазақ ұсақ шоқысының оңтүстік-батыс шетін қамтиды.
Солтүстік Бетпақдала ТКМО-ның негізгі кен базасына Кенқазған, Ефимовское мен Мыйқайнар кіреді. Кенқазған карьері бүгінгі күні Қазақстандағы сақталып қалған ежелгі кен орындарының бірі болып табылады. Оның өлшемдерін қазіргі уақыттардағы өндірістермен салыстыруға болады: карьердің ұзындығы 500 м-ге, ені 80-100 м-ге, тереңдігі 5-10 м-ге дейін жетеді. Ежелгі тау-кен ісінің көлемі 570000 м кубқа жеткендігі есептелген. Жалпы алғанда, одан 300000 м куб кентас алынған, ол шамамен 80000 тонна мысқа тең.
Аталған үш орыннан кен көздерін алып, өңдеудің басталған кезі кейінгі қола дәуіріне жатуы әбден ықтимал.
Жоғарыда аталған үш кен орнынан алынған кентас қоныстан солтүстік-шығысқа қарай 100 км жердегі Атасу ықшам ауданына қорыту үшін жіберілген деп есептелінеді. Бұл ықшам аудандағы қоныстар қатарына кеуіп кеткен Атасу өзенінің орта ағысындағы Атасу-1, Мыржық, Атасу-2 (Ақ-Мұстафа) мен Ақмая секілді ескерткіштер кіреді. Олар басқа ескерткіштерден мыс қорыту өндірісі бойынша дараланады.
Атасу қоныстарынан оңтүстікке қарай 120 км жердегі және Кенқазғаннан оңтүстік-шығысқа қарай 100 км орналасқан Оңтүстік Болаттау кен орны да қызығушылық туғызады. Ерте кездері Оңтүстік Болаттаудан кен өндірілгендігін табылған тау-кен ісінің тас құралдары да растайды, олар карьер шетінде және түбінде көптеп шашылып жатыр. Бұлар негізінен түрлі көлемдегі балғалар, қайлалар, кен уатқыштар еді.
Балқаш орталығы Солтүстік Балқаш төңірегін қамтиды. Мұнда өз көлемділігі бойынша Қоңырат пен Саяқ секілді кен орындары белгілі. Олар өз қоры бойынша Қазақстандағы ірі мысты-кенді орындар болып табылады. Қоңырат кен орны Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 17 км жерде. Мыс тау деген атпен Қоңырат жергілікті халыққа ежелгі уақыттан белгілі болды. Тек шығарылған үйінділерінде ғана 225 мың тонна тотыққан мыс кентастары болғандығы анықталған.
Шамамен Қоңыраттан шығысқа қарай 200 км жерде кен орындарының Саяқ тобы (Саяқ-1-5, Тастау, Молдыбай, Берқара желі, Орталық Жамбас) орналасқан.
Саяқ тобына енетін кен орындарында ежелгі қазылған кен көздері бірнеше жүзге жетеді. Қазылған жердің орындары жайылып кеткен шұңқыр сияқты немесе кен денелерімен бірге 90-100 м-ге созылған тар саңылау секілді карьерлер болып табылады. Алынған кентас осы жерде балқытылды. Айналадағы төбешіктердің барлығынан металлургиялық қалдық күл көптеп кездеседі. Әлбетте, ежелгі замандарда бұл жердің табиғаты өзгеше болғандығы анық, ал оның шөлге айналуы көне металлургтер қызметінің әсерінен де болған сыңайы бар.
Отын туралы сөз қозғаған кезде Саяқтан оңтүстікке қарай 100 км жерден геологтар тапқан қызықты олжа туралы баяндап кетуге болады. Мұнда Қаратал өзеннің төменгі ағысындағы қалың тоғай арасынан металлургиялық қалдық күлдер мен тотыққан мыс кентастарының кесектері табылған. Құрамы бойынша олар саяқтық кентастарға қатты ұқсас. Сірә, Саяқ кентастары, сонымен қатар басқа да шөлді аймақтардағы кен орындарынан алынған кентастар басқа да алыс өңірлерге тасымалданған сияқты. Оның себебі, ежелгі металлургтарға кентасты қорыту үшін жеткілікті дәрежеде су мен отын қажет еді. Демек, Қаратал ағаштары Саяқта кентас балқытқан ежелгі металлургтар үшін отын көзі болған сияқты. Қалай болғанда да, оған жақын отын көзі жуық маңнан байқала қоймайды.
Сөйтіп, Қазақстан ТКМО-дағы кен орындарын пайдалана бастау, жоғарыдағы мәліметтерге қарағанда кемінде б.з.б. ХҮІІ-ХҮ ғасырларда басталған сияқты. Бұл хронологиялық шектің әлі де келешектегі ғылыми ізденістер нәтижесінде көнелене түсетіндігі анық.
Қазіргі уақыттарда геологтар кен көздерінің қорын, соның ішінде өңделгендерінің санын асқан дәлдікпен есептеп шығарған. Қазақстан металлогениясы бойынша ірі мамандардың бірі академик Г.Н.Щерба барлық мәліметтерді мұқият талдаудан өткізе келіп, кең түрде өндірістік қазба жұмыстары басталған ХІХ ғасыр ортасына дейін кен орындарынан кем дегенде 450 мың тонна мыс алынған деп есептеп шығарған. Егер балқытуға құрамында орта есеппен шамамен 5% кентас алынған десек, онда алынған кентастың жалпы көлемі 10 млн. тоннаны құрайды. Кенді Алтайда, Мұғалжар, Шығыс Қазақстан мен Жетісудағы ірі кен орындарын есепке алмағанда, Орталық және Солтүстік Қазақстан кен орындарына алынған кентастың 80%, яғни 8 млн. тоннадан астам өнім тиесілі болған. Бұл сан Қазақстан ТКМО-ндағы жекелеген кен орындарының мәліметтеріне сәйкес келеді.
Үй кәсіпшілігі. Мал шаруашылығы тек қана тағам өнімдерін ғана емес, сонымен қатар киім мен аяқ-киім дайындау үшін де шикізат берді.
Қола дәуіріндегі тоқымашылықтың болғандығын қарапайым тоқыма станогының гүрзі тастары, яғни сүйектен, тастан және саз балшықтан жасалған ұршықтың басы секілді олжалар да растайды. Бұйымдар биязы жүнді қой мен ешкінің түбітінен тоқылды.
Қола дәуірінің тайпалары жабайы конопля, зығыр мен қалақайдан өсімдік жіптерін дайындады. Олардан шаруашылыққа қажетті арқан есті, балық аулайтын тор жасады.
Қабірлерден табылған аяқ-киім қалдықтарына қарағанда, ол теріден жасалды, өкшесі болмады, тарамыс жіптермен тоқылды және де толарсақ тұсынан баумен байланды.
Ерлер мен әйел адамдар құлақты жауып тұратын жүннен және теріден тоқылған бас киім киді. Үстіңгі киім де жүн маталардан дайындалды. Ол екі жағына бірдей қаусырмалы болды немесе жоғарғы бөлігінде кесінді қалдырылып, сол жағынан бір түймемен түймеленді.
Әйелдердің киімдері көйлектен, бас киімнен және тері аяқ-киімнен тұрды. Әдетте, жүн матадан тоқылған көйлек тізеден біршама түсіп тұрған еді. Жеңі ұзын болды. Олардың қайырмасына қола моншақтар тізілді. Юбка белінен бастап алдыңғы жағынан ақ пасталы моншақтармен көмкерілді. Маталар қанық қызыл, көкшіл қызыл бояумен түстелді.
Қабірлерден табылған көптеген әшекей заттарға қарағанда әйелдер құлақтарына жалпақ алтынмен қапталған сырға мен сақина таққан, мойындарына гривна немесе қола моншақтар, қолдарына білезік пен жүзік тағып жүрген. Киімнің мойын тұсына айналдырыла шыныдан жасалған ұсақ моншақтар тағылды, көкірек тұсына дөңгелек қапсырмалар жапсырылды. Кейде өрнектелген табан, дөңгелек және ромб түріндегі қосымшалар, белбеу құрсаушасы кеңінен таралды. Әшекей және қорғайтын зат ретінде ерлер де, әйелдер де ұлутастар, жыртқыш аңдар мен үй жануарларының азу тістерін тағып жүрді.
Қоныс тұрғындарының тіршілігінде қыш құмыра жасау маңызды орын алды. Оладың барлығы шаруашылық пен тұрмыста қолдану үшін жасалды. Қола дәуіріндегі құмырашылардың басым бөлігі әйелдер болған еді.
Ыдыстар қолдан жапсырылып дайындалды. Ыдыстардың көпшілігі (қабырғасы тік немесе аздап шығыңқы банка тәрізді) жіпті (ленталы) техника бойынша жасалды. Ыдысты қалыпқа салу әдісі де болды, мұндай қалыптың рөлін ішіне сулы құм толтырылған жүн матадан жасалған қап атқарды. Жалтыратылғаннан кейін ыдыс беті тегіс те тығыз күйге енді, ал күйдірілгеннен кейін сұйықтықты жақсы сақтайтын қасиетке ие болды. Ыдыстар, әдетте, өрнектелді. Әшекей-ою алдын-ала көз мөлшерімен-ақ күйдірілгенге дейінгі ылғалды немесе аздап кепкен саз балшыққа түсірілді. Ыдыстарды күйдіру ашық отта жүзеге асқан болуы керек. Кептіру кезінде ыдыстардың жарылып кетпеуі үшін саз балшық майсыздандырылды, оған ұнтақталған кварц, қабыршақ, құм, кейде шамот қосылды.
Қола дәуіріндегі тайпалардың көркемдік талғамы мен мәдениеті туралы әшекейлер мен өнер туындыларынан да байқауға болады. Өте сирек болса да, «аң» стилінде жасалған заттар да кездеседі. Олардың арасында сүйектен жасалған жануарлардың бастары да бар.
Ер адамның басы бедерленген Нұра өзені жағалауынан табылған тас келсап та мамандардың қызығушылығын тудырып отыр. Сонымен қатар осыған ұқсас өнер туындылары басқа өңірлерден де ұшырасқан.
Қола дәуірінің тайпалары үнемі жетілдіріліп отырған қару-жарақ та жасады. Қару-жарақ құрамында ағашқа отырғызылған төлкелі және ұшы жапырақ секілді пішінді ұшы қоладан жасалған жебелер болды. Қоян-қолтық ұрыста ұшы қоладан жасалған найза, шоқпар, балта (айбалта) қоладанылды. Кейбір жауынгерлер сүйек немесе ағаш сапқа кигізілген қола қанжар ұстады. Қола дәуірінің кейінгі кезеңінде саңырауқұлақ басы тәрізді және айқышқа келіңкірейтін түгелдей қоладан жасалған қанжарлар пайда бола бастайды.
Қоғам. Отбасы қауымы өндіруші ұжым болды, ал ұжымдық еңбекте меншік ортақ болған еді. Уақыт өте келе, әсіресе кейінгі қола дәуірінде күшейген жекелеген отбасылар өзімен-өзі болуға ұмтылды, мұның өзі отбасылық меншіктің шығуына алып келді.
Қола дәуірінің ерте және орта кезеңінде, тайпааралық қатығыстардың күшейген кезінде қоныстарды қоршап тұрған ор мен жал үйінділері пайда болады. Қорымдардан табылған қоладан және сүйектен жасалған жебе ұштары да тайпааралық қақтығыстардың болғандығын айғақтайды.
Қола дәуірінің соңғы кезеңінде рулардың ыдырауы мен одан жекелеген отбасылардың шаруашылығының бөлініп шығуы нәтижесінде баспана да өзгереді. Баспаналар далда арқылы дербес отбасыларға арналған жабық секцияларға бөлінеді.
Мүліктік теңсіздік шыққандығын қорымдардан алынған материалдар баяндайды. Қола дәуіріндегі қорымдардан қатардағы қауым мүшелерінің кедей қабірлерімен бірге аса бай қабірлер де кездеседі.
Кент қонысы, беғазы-дәндібай мәдениетінің кесенелері, шеттен әкелінген заттардың пайда болуы ақсүйектердің бөлінгендігін көрсетеді, ал бұл өз кезегінде қоғамда саяси үрдістің басталғандығын, байырғы мемлекеттік бірлестіктердің қалыптаса бастағандығын дәлелдейді.
Дін, культ және өнер. Қола дәуірі тайпаларының өмірі мен жақсы тұрмысы табиғатқа тәуелді болды, сондықтан да адам оған табынды. Әрине, ең алдымен күнге, отқа, жануарлар мен өсімдіктер әлеміне табынған болатын. Күн құдай нышанын жан-жаққа шашырап тұрған күн сәулесі түрінде берілген әшекейлік тоға-жапсырмалардан, ыдыстардағы меандр өрнектерінен көруге болады.
Қола дәуірі тайпаларында отқа табыну культы орын алды, мұны осы дәуірде кеңінен таралған мүрдені өртеу ғұрпынан көруге болады. Өртелген сүйек қалдықтары қола дәуірінің түрлі кезеңдеріндегі жерлеу орындарынан кездеседі. От, ежелгі адамдардың түсінігінше, мүрдені зұлымдықтан (сұрқиялықтан) тазалады және өлген адамды жындардан қорғады. Қола дәуірі тайпаларында ата-баба әруақтарының культы мен о дүниедегі өмірге сенім болды.
Қола дәуірінде құрбандық шалу ғұрпы келіп шығады. Құрбандық шалатын арнайы орындар қоныстардың жанында орналасты.
Күнге, отқа, айға, жұлдызға, сонымен қатар қорғаушы-әруақтарға құрбандық шалынды.
Адам ой-танымының дамуы оның өзі мен табиғат туралы түсінігін күрделендірді, діни көзқарастарының қалыптасуына жағдай жасады.
Қола дәуіріндегі діни түсініктер мен культтар, ежелгі адамдардың өнері туралы маңызды ақпаратты жартас суреттері – петроглифтер береді. Олардың шоғарлануы рудан тайпаға дейінгі қоғамдық бірлестіктер пайдаланған түрлі деңгейдегі ғибадатханаларды білдіретіндігі анықталған.
Петроглифтерде адамның әлем құрылымы туралы түсінігі жарқын көрініс тапқан. Көптеген сюжеттер мифтермен тікелей байланысты, сондықтан да қазіргі заман адамына оны түсін қою қиын. Құйрығынан асылған, аң терілерін жамылған адамдардың, күн басты құдайлардың және түрлі жабайы хайуанаттардың көптеген бейнелері кездескен. Жартастарда қолын жоғары көтерген немесе жекпе-жекке шығуға даярланып тұрған кейіптегі екі ер адамның бейнелері жиі ұшырасады. Андроновтықтардың жартасқа салынған сурет өнері ежелгі адамның Әлем құрылысы жайындағы мәжусилік (пұтқа табынушылық) түсініктермен тікелей байланысты болды.
Мұндай бейнелердің мифологиялық сипаты ең алдымен бөлшектерді тым асыра суреттеу бойынша анықталынады. Қазба материалдары, және де петроглифтер бойынша шынайы ұрыстарда қола балта, найза мен садақ негізгі қару-жарақ түрлері болғанымен суреттерде соңында тас шары бар үлкен күрзілер (шоқпарлар) көрсетілген. Мифологиялық сюжеттерде басты кейіпкер пайдаланған қару-жарақтың архаикалық немесе ирреалды сипаты әрдайым көрсетіліп отырады. Әдетте тек қару-жарақ қана емес, кейіпкердің ер адамдық күші де айқын көзге түсерлік түрде беріледі. Қаһарманның жоғарғы әлеуметтік топтағы арбалы жауынгерлер қатарына кіретіндігін білдіретін асылып тұрған құйрық суреті де жиі кездеседі.
«Арқа тұстарын» бір-біріне беріп, зұлымдық күштерімен соғысып жатқан немесе бірігіп қандай бір құбыжықпен алысып жатқан екі кейіпкерді суреттеген сюжет өте кең таралған. Көптеген зерттеушілер мұндай көріністерді ежелгі заманда таралған ағайынды-егіздер культымен байланыстырады.
Қола дәуірінде кең таралған басқа тағы бір маңызды сюжет арба болып табылады. Оларды ежелгі адамдардың түсінігінше тек бахадүрлер ғана емес, арбамен құдайлар да жүрген, және де ең алдымен Күннің өзі арбаны пайдаланған. Кейде арбалар қарапайым түрде бедерленді, дегенмен әрбір терте, доңғалақ, белағаш, т.б. бөлшегі мұқият суреттелгендері де ұшырасады.
Құрбандық шалу, би билеу, ғұрыптық жекпе-жек, аң терісін жамылу секілді ғұрыптық жосын-жоралғы мен салт-дәстүр бейнеленген көріністер де ерекше қызығушылық оятады. Мұндай сюжеттер әдетте ғибадатхананың орталық бөлігінде, ғұрыптық іс-әрекеттер атқарылуы мүмкін жазық алаңқайлар алдында орналасады.
Орталық Азия ғибадатханаларында немесе мінәжат орындарында ғұрыптық жекпе-жек суреттері жиі кездеседі. Жетісуда айбалтамен жекпе-жекке шығу көрінісі Таңбалы, Құлжабасы, Қарақыр секілді барлық ірі ғибадатханаларда ұшырасады. Қарақыр суреттерінде тек жекпе-жек қана емес, сонымен қатар жеңімпазға арналаған сый да берілген сияқты. Айталық, айқасып жатқан екі адам суреті жанында екі аттың шылбыр ұстап тұрған адам бейнеленген. Сюжеттердің бұлайша сәйкес келуі бірнеше жерлерден ұшырасып отырады. Бәлкім, мұндай күрделі сынақтан кейін адамдар айрықша құқық иемденген арбалы-жауынгерлер тобына өткен де шығар. Көріністе бедерленген аттар мұндай жағдайда соғыс арбасына арналды.
Жартас суреттерінде қару-жараққа қатысты басқа да ғұрыптық іс-әрекеттер де кездеседі. Таңбалы мен Құлжабасыдан айбалта ұстап билеп жүрген адамдар ұшырасатындығы белгілі. Мұндай би кезінде билеуші адам бірден көршісіне қарай қисайған, егер ол одан секіріп кетпесе, онда оған балта тиген. Осындай ғұрыптарды одан кейінгі уақыттарда ежелгі авторлар сипаттап жазып кеткен.
Өңірдегі Құлжабасы мен басқа ғибадатханаларда бейбіт би билеп жүргендер бейнесі, қару-жарақсыз адамдардың, кейде кебенек кигендердің де суреттері бар. Мұндай билер мен ғұрыптар ең алдымен құнарлылық культына арналған. Хайуанаттар терісін жамылған, маска мен костюмдер киген адамдар ежелгілердің түсінігінше жер асты күштерімен және әруақтармен байланыстырылды. Кебенек кигендердің биі жабайы аңдар әруақтары, жер асты күштері секілді түнек пен зұлымдыққа қарсы қайырымдылықтың күресін бейнеледі.
Үйлесімділік пен хаос арасындағы күрес жартас суреттерінде адам мен алыптар арқылы бедерленген. Алып, дәу немесе жын әрдайым стихиялық күш, оларды қаһарман жеңуі керек немесе билігін мойындатуы тиіс.
Мифологиядағы немесе шынайы тарихты бейнелейтін маңызды құбылыстарды сипаттайтын көптеген көріністер сан алуан таңбалармен бірге қосақталынып жүреді. Әсіресе «көз секілді» таңбалар жиі ұшырасады. Мұндай таңбалар күйме мен арбаны қарапайым етіп көрсетуден шығуы да мүмкін. «Көз секілді» таңбаның мәні қозғалыс, кеңістік не болмас уақыт бойынша орын ауыстыру, яғни тірі адамдардың құдайлар аспаны мен жер астындағы әруақтар әлемі арасындағы байланыс.
Петроглифтерде әлі зерттеушілерге түсініксіз таңба-белгілер көп, олар – тор, баспана жоспары, ирек сызықтар, т.б. Доңғалақты бейнелеген таңбаның мәні белгілі, ол дәстүрлі түрде Әлемді, Дүниені, уақыттың жүрісін бейнелейді.
Ғибадатханалардағы ежелгі суреттердің маңызды қабаты өгіз, жылқы, тау теке, жабайы аңдарды құрайды. Шөппен қоректенетін аңдарды аулау көрінісі жиі кездеседі.
Құнарлылық символы болған жыланның (тау теке де) бейнесі де жиі ұшырасады. Жылан тек құнарлылық қана емес, сонымен қатар даналықтың, мәңгілік өмірдің, құпия сақтаудың және де өлімнің символы болды. Жылан әруақтар мен өлілердің жер асты әлемінде, жер бетіндегі адамдар әлемінде де өмір сүре беретіндіктен, ежелгі адамдар оны екі әлемді байланыстырушы күш ретінде қабылдады. Жыланның қабығын шешіп қалдырып кетуі мәңгілік өмір мен оның даналығы туралы мифтердің келіп шығуына алып келді. Сондай-ақ, жыланның шағып алуы өлім әкелді, яғни адамды ол жер бетінен жер астындағы әлемге апарды. Тау теке мен жыланның біріккен суреті мүйізі жылан секілді ешкі бейнесінде кездеседі. Мұндай бейнелер Орталық Азиядағы ғибадатханалардан, соның ішінде Саймалы-Таштан (Қырғызстан) белгілі болған, бірақ олар Құлжабасы мен Қарақыр тауларынан да табылған.
«Күн басты» құдайлардың бейнесі сирек кездескенімен, олар өте маңызды туынды ретінде саналады. Олар ірі ғибадатханаларда және міндетті түрде орталық бөлікте ұшырасады. Бәрінен көп кездескен жері – Таңбалы, Ешкіөлмес, Құлжабасы таулары, Қарақыр ғибадатханасы.
Антропоморфты құдайлардың бейнесі қола дәуіріндегі адамдардың діни түсініктері өзгеріске ұшырай бастағандығын айғақтайды. Шаруашылық пен жеке меншіктің дамуы әлеуметтік топтардың, өзіндік иерархияның, адам қоғамындағы бағыныштылықтың қалыптасуына алып келді. Осыған ұқсас иерархия жоғарғы күштер арасында да болмай қоймайтын еді. Жоғарғы күштердің төменгі қабатына мифтік қаһармандарды, әруақтарды, алыптарды, ал ортаңғы қабатына қасиетті хайуанаттарды, жоғарғысына – антропоморфты құдайларды жатқызуға болатын сияқты. Мұндай өзіндік Әлем «қабаттарын» бедерлеген көріністер Таңбалыдан анықталған, және де орталық бөлікте орналасқан.
Қасиетті жануарлар арасынан ең алдымен өгіздің бейнесін ерекше бөліп көрсетуге болады. Өгіз бейнесін қасиеттендіру шаруашылықтағы бұл жануардың маңызына, алғашқы ата-баба мен рудың қорғаушысы болған өгізге қатысты тотемдік түсініктердің сақталуына байланысты болған еді.
Келесі бір қасиетті жануар ешкі (тау теке) болды. Бұл жануар құнарлылық символы болған еді. Құнарлылық әруақтары ешкі терісін киді. Құлжабасы тауларынан садақпен жабайы ешкіні атып тұрған мүйізді ешкі маскасын киген адам суреті табылған. Таңбалыдан ешкі терісін жамылғандар бейнесі кездескендігі белгілі. Жетісу ғибадатханаларында жабайы ешкіні аулап жатқан садақшылар суреттері кеңінен таралған.
Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан петроглифтерінде қос өркешті түйе бейнесі маңызды орын алады. Бұл жануар далалық тайпалар өмірінде үлкен рөл атқарды, өйткені дала мен шөл арқылы алыс қашықтықтарға көшуге мүмкіншілік берді. Нәтижесінде қола дәуірінде түйе культы қалыптасты. Түйелердің бейнелері ең көп кездескен Қаратау жотасы болып табылады. Ондағы Арпа-Өзен ғибадатханасындағы жартастарда айналасында жануарлардың ұсақ суреттері бар көлемі 1,5-2 м түйе бейнелері қашап салынған.
Егіншіліктің дамуы нәтижесінде Күн культы ерекше маңызға ие бола бастайды. Осыған байланысты антропоморфты фигуралардағы жоғарғы құдайлардың басы сәулесін шашып тұрған дөңгелек күн пішінінде берілуі кездейсоқтық емес.
Қару-жарақ ұстанған жауынгерлер мен арбалы сарбаздардың сан түрлі кескіндері жауынгерлік культтың қалыптаса бастағандығын көрсетеді. Арбаны жүргізіп отырған және жалғыз өзі соғысып жатқан жайынгер уақытының негізгі бөлігін әскери іске машықтануға арнауы тиіс, сондықтан да арбалы сарбаздар шаруашылық қызметтерден босатылды да, кәсіпқой жауынгерге айналды. Шаруашылық қызметтерден босатылудан басқа жауынгерлер соғыс олжасының бір бөлігін алу, әскери кеңестерге қатысу сияқты өзге де артықшылықтар иемденсе керек.
Құрбандық шалу культы, ең алдымен өгізді құрбандыққа шалу, сірә, құнарлылықпен қамтамасыз ету және әлемдік тепе-теңдікті сақтап тұру үшін жасалған сияқты. Өгізді құрбандыққа шалу культы Таңбалы ғибадатханасында өте айқын берілген. Көріністердің бірінде қозғалмай тұрған өгізді балтамен басынан ұрып тұрған адам бейнеленген. Адамның арқа тұсында солярлық таңба көрсетілген, бұл болып жатқан іс-әрекеттердің культтық мәнін көрсетеді. Оның жанындағы көрші жартасқа буаз сиыр (ішіндегі бұзауы да) қашап салынған, ал одан ары өгіз үстінде тұрған құнарлылық жоғарғы құдайы суреттелген.
Ғибадатханалардың мыңжылдықтар бойы қызмет етуін былайша түсіндіруге болады: қола дәуірінде қалыптасқан негізгі культтар өз мән-мағынасын келесі дәуірлерде, тіпті дамыған орта ғасырларға дейін де жойған жоқ. Ертедегі таным-түсінік ұшқындары аздап өзгеріске ұшырағанымен халық жадында ұзақ уақытқа дейін сақталып келді.
Достарыңызбен бөлісу: |