17-бап. Қоғамдық бірлестіктердің азаматтық қорғау
саласындағы қызметі
1. Қоғамдық бірлестіктер азаматтық қорғау саласында:
халық арасында азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттауды жүзеге асырады;
орталық және жергілікті атқарушы органдарға зардап шеккендерге шұғыл гуманитарлық және өзге де көмек беруде жәрдем көрсетеді;
Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асырады.
2. Осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің құтқарушы немесе ерікті өрт сөндіруші мәртебесі болған кезде төтенше жағдайларды жоюға қатысуға құқығы бар.
3. Қоғамдық бірлестіктер зардап шеккендерге шұғыл гуманитарлық және өзге де көмек көрсету жөніндегі өз қызметін уәкілетті органмен немесе оның аумақтық бөлімшелерімен үйлестіреді, олардың іс-қимылдары төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою жөніндегі тиісті іс-қимылдар жоспарларында көрініс табуға тиіс.
18-бап. Жеке тұлғалардың азаматтық қорғау саласындағы
құқықтары мен міндеттері
1. Жеке тұлғалардың:
1) ұшырауы мүмкін төтенше жағдайлардың қауіпті факторларының туындау қатері туралы және қажетті қауіпсіздік шаралары туралы ақпаратты күні бұрын алуға;
2) азаматтарды, объектілерді төтенше жағдайлардан және олардан туындаған салдарлардан қорғау мәселелері бойынша жеке өтініш білдіруге, Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жеке және ұжымдық өтініштер жіберуге;
3) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-шараларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шекте қатысуға;
4) осы Заңда көзделген жағдайларда, азаматтарды қорғауға арналған ұжымдық және жеке қорғану құралдарын, басқа да мүлікті пайдалануға;
5) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан өздерінің денсаулығына келтірілген зиян мен мүлкіне келтірілген нұқсанды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өтетуге;
6) төтенше жағдайлар туындаған жағдайда өмірін, денсаулығын және жеке мүлкін қорғауға;
7) мертігуіне немесе ауруына байланысты еңбекке қабілеттілігінен айырылған, мертігуден немесе аурудан қаза тапқан немесе қайтыс болған асыраушысынан айырылған жағдайларда, егер бұлар төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою жөніндегі міндеттерді орындау салдарынан болған болса, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қамсыздандырылуға;
8) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан өздерінің денсаулығына келтірілген зиян мен мүлкіне келтірілген нұқсанды өтету туралы сотқа қуыным беруге құқығы бар.
2. Жеке тұлғалар:
1) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау саласындағы заңнамасын сақтауға;
2) бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметіне өздеріне белгілі болған төтенше жағдайлардың туындау қатері немесе туындағаны туралы хабар беруге;
3) «Баршаның назарына!» құлақтандыру сигналы бойынша іс-қимыл тәртібін білуге және орындауға;
4) азаматтық қорғау бойынша оқудан өтуге;
5) тұрмыста және күнделікті еңбек пен шаруашылық қызметте қауіпсіздік шараларын сақтауға, төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соғуы мүмкін өндірістік және технологиялық тәртіптің, қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол бермеуге;
6) өртке қарсы қызмет бөлімшелері келгенге дейін адамдарды, мүлікті құтқару және өрттерді сөндіру бойынша қолдан келген шараларды қабылдауға;
7) өртке қарсы қызметке өрттерді сөндіру кезінде оларды сөндірумен тікелей байланысты емес жәрдем көрсетуге;
8) мемлекеттік инспекторлар мен азаматтық қорғау органдарының нұсқамаларын және заңды талаптарын орындауға;
9) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын жою бойынша өткізілетін оқу-жаттығулар мен жаттығуларға қатысуға, халықты және объектілерді қорғау құралдарына ұқыпты қарауға міндетті.
3. Қауіпті өндірістік объектілерде жұмыс істейтін жеке тұлғалар осы баптың 2-тармағына қосымша:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік пен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға;
2) ұйым әкімшілігіне қауіпті өндірістік объектідегі авариялар, оқыс оқиғалар туралы дереу хабар беруге, өрттерді байқаған жағдайда бұлар жөнінде өртке қарсы қызметті хабардар етуге;
3) өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша оқудан және нұсқама алудан, қайта даярлықтан, білімін тексеруден өтуге;
4) аварияларды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияларға жәрдем көрсетуге міндетті.
4. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген азаматтық қорғау саласындағы құқықтарды пайдаланады және міндеттілікте болады.
2-БӨЛІМ. АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС
4-тарау. АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫСҚА БАСШЫЛЫҚ ЖӘНЕ ОНЫҢ ІС-ШАРАЛАРЫ
19-бап. Азаматтық қорғанысқа басшылық және оны басқару
1. Азаматтық қорғанысқа басшылықты Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі жүзеге асырады, ол лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бастығы болып табылады.
2. Уәкілетті орган басшысы лауазымы бойынша Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бастығының орынбасары болып табылады және бейбіт уақытта азаматтық қорғанысқа басшылық етеді.
3. Орталық атқарушы органдарда және ұйымдарда азаматтық қорғанысқа басшылықты олардың бiрiншi басшылары жүзеге асырады, олар лауазымы бойынша азаматтық қорғаныстың тиiстi бастықтары болып табылады.
4. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірліктерінде азаматтық қорғанысқа басшылықты әкімдер жүзеге асырады, олар лауазымы бойынша тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің азаматтық қорғаныс бастықтары болып табылады.
5. Уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары лауазымы бойынша әкімшілік-аумақтық бірліктердің азаматтық қорғанысының тиісті бастықтарының орынбасарлары болып табылады.
6. Мемлекеттің азаматтық қорғаныс бойынша дайындығы қару-жарақтың, әскери техниканың және халық пен объектілерді қорғау құралдарының дамуы ескеріле отырып, күні бұрын бейбіт уақытта жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде азаматтық қорғанысты жүргізу ерекше жағдайларда, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімі бойынша, Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның жекелеген жерлерінде әскери қақтығыстардың нақты басталуынан немесе соғыс жағдайын енгізуден басталады.
8. Азаматтық қорғаныс іс-шараларының орындалуын қамтамасыз ету:
1) уәкілетті орган мен оның аумақтық бөлімшелеріне;
2) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың орталық және жергілікті атқарушы органдарында азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі құрылымдық бөлімшелерге;
3) азаматтық қорғаныс санаттарына жатқызылған, бірінші басшыға тікелей бағынатын ұйымдарда азаматтық қорғанысты ұйымдастыру және жүргізу жөніндегі құрылымдық бөлімшелерге немесе жекелеген жұмыскерлерге жүктеледі.
Уәкілетті органда, оның аумақтық бөлімшелерінде және ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерде штат санының лимиті шегіндегі лауазымдардың бір бөлігі әскери қызметшілерден, оның ішінде Қорғаныс министрлігінен, арнайы мемлекеттік органдардан, құқық қорғау органдарынан, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан ауыстырылған (іссапарға жіберілген) әскери қызметшілерден жасақталады.
9. Азаматтық қорғаныс бастықтары:
1) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғаныс бастығы белгiлеген тәртiппен тиісті деңгейдегi азаматтық қорғаныс жоспарын бекiтуге және қолданысқа енгізуге;
2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ведомстволық бағынысты аумақта эвакуациялық іс-шаралар жүргізуге;
3) азаматтар мен ұйымдарды азаматтық қорғаныс іс-шараларын жүргiзуге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тартуға міндетті.
20-бап. Қалаларды азаматтық қорғаныс бойынша топтарға жатқызу.
Ұйымдарды азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызу
1. Азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды – топтарға, ал ұйымдарды санаттарға жатқызу мемлекеттiк, қорғаныстық маңызына және халықтың тiршілігін қамтамасыз етуге қарай азаматтық қорғаныс iс-шараларын кешендi және сараланған түрде жүргiзу мақсатында жүзеге асырылады.
2. Азаматтық қорғаныс бойынша орындалатын мiндеттердiң көлемiне қарай қалалар үшін мынадай: ерекше, бiрiншi, екiншi және үшінші топтар айқындалады.
Қалаларды топтарға жатқызу мынадай критерийлер бойынша белгiленедi:
1) ерекше топқа астана мен республикалық маңызы бар қала жатады;
2) бiрiншi топқа мынадай қалалар:
халқының саны миллион адам және одан астам болатын;
халқының саны бес жүз мың адам және одан астам, аумағында аса маңызды санаттағы кемiнде үш ұйым немесе елуден астам санаттандырылған ұйым орналасқан;
егер қала халқының не аумағының елу пайыздан астамы жаһандық немесе өңiрлік ауқымдағы ықтимал төтенше жағдай аймағына кірсе жатады;
3) екiншi топқа мынадай қалалар:
халқының саны бес жүз мың адам және одан астам болатын;
халқының саны екі жүз елу мың адамнан бес жүз мың адамға дейiн, аумағында аса маңызды санаттағы кемiнде екi ұйым немесе жиырмадан астам санаттандырылған ұйым орналасқан;
егер қала халқының не аумағының отыздан елу пайызға дейiнгісі жаһандық немесе өңiрлiк ауқымдағы ықтимал төтенше жағдай аймағына кірсе жатады;
4) үшінші топқа мынадай қалалар:халқының саны екі жүз елу мың адамнан бес жүз мың адамға дейiнгі;
халқының саны он мың адамнан екі жүз елу мың адамға дейiнгі, аумағында аса маңызды санаттағы бір ұйым немесе екеуден астам санаттандырылған ұйым орналасқан;
егер қала халқының не аумағының отыз пайыздан азы жаһандық немесе өңiрлiк ауқымдағы ықтимал төтенше жағдай аймағына кірсе жатады.
3. Ұйымдар үшін ықтимал төтенше жағдайлардың әлеуетті қауiптілiгiне, әлеуметтiк-экономикалық салдарларының шамасына қарай азаматтық қорғаныс бойынша мынадай санаттар айқындалады: аса маңызды және санаттандырылған.
Аса маңызды санатқа аумағында жұмыс iстеуiнiң бұзылуы ұлттық қауiпсiздiкке қатер төндiретiн және төтенше жағдайлардың туындау қаупiн туғызатын стратегиялық объектілер орналасқан ұйымдар жатады.
Санаттандырылған ұйымдарға жұмыс iстеуiнiң бұзылуы елеулі әлеуметтік-экономикалық салдарларға, өңiрлiк және жергілiктi ауқымдардағы төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соғуы мүмкiн мынадай ұйымдар:
аса маңызды мемлекеттік меншік объектiлері;
өнеркәсіптің, көлiк-коммуникация кешенiнiң, энергетиканың, байланыстың жұмыс iстеп тұрған, салынып жатқан, реконструкцияланатын және жобаланатын қауiптi өндiрiстік объектiлерi бар және маңызды мемлекеттiк және экономикалық мәнi бар ұйымдар;
уларды өндірумен, қайта өңдеумен, тасымалдаумен, сатып алумен, сақтаумен, өткізумен, пайдаланумен және жоюмен айналысатын ұйымдар;
аумағында тіршілiктi қамтамасыз ету объектiлерi орналасқан ұйымдар жатады.
4. Ұйым азаматтық қорғаныс бойынша санатқа жатқызылған ұйыммен бiр өндiрiстік аумақта орналасқан кезде ол сол санатқа теңестiрiледi.
5. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілiктi атқарушы органдары уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесе отырып, жыл сайын азаматтық қорғаныс бойынша қалаларды – топтарға, ұйымдарды санаттарға жатқызу жөнiнде ұсыныстар дайындайды және бекiту үшiн уәкілетті органға жiбередi.
21-бап. Азаматтық қорғаныс іс-шаралары
Әскери қақтығыстар туындаған кезде Қазақстан Республикасының халқын, объектілерін және аумағын қорғау, нұқсан мен шығынды азайту мақсатында орталық және жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған ұйымдар өз құзыреті шегінде азаматтық қорғаныстың мынадай іс-шараларын жүргізеді:
1) күні бұрын:
азаматтық қорғаныс жоспарларын әзірлеу;
басқару, құлақтандыру және байланыс жүйелерін құру әрі дамыту және оларды пайдалануға әзірлікте ұстап тұру;
азаматтық қорғау күштерін құру, жасақтау, жарақтандыру және әзірлікте ұстап тұру;
қазіргі заманғы зақымдаушы құралдар қолданылған жағдайда қорғану тәсілдері мен іс-қимылдарға азаматтық қорғаудың басқару органдарын дайындау және халықты оқыту;
азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарын салу және оның қорын жинақтау, оларды жұмыс істеу әзірлігінде ұстау;
азаматтық қорғаныс мүлкін құру, жинақтау және уақтылы жаңарту;
эвакуациялық іс-шараларды жоспарлау;
салалар мен ұйымдардың орнықты жұмыс істеуі жөнінде іс-шараларды жоспарлау және орындау;
2) әскери қақтығыстар туындаған кезде:
қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың қатерi мен қолданылуы туралы құлақтандыру, халыққа іс-қимылдар тәртібі туралы хабар беру;
халықты азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстарында паналату, қажет болған кезде - жеке қорғану құралдарын пайдалану;
жараланғандар мен зақым алғандарға медициналық көмек көрсету;
эвакуациялық іс-шараларды жүргізу;
азаматтық қорғаудың қосымша басқару, құлақтандыру және байланыс пункттерін құру;
авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу;
бұзылған басқару, құлақтандыру және байланыс жүйелерін қалпына келтіру;
азаматтық қорғау құралымдарының әзірлігін қалпына келтіру.
5-тарау. АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫСТЫҢ ӘСКЕРИ БӨЛІМДЕРІ, ОБЪЕКТІЛЕРІ МЕН МҮЛКІ
22-бап. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері және
бейбіт уақыт пен соғыс уақытындағы олардың
міндеттері
1. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің негізгі міндеттері:
1) бейбіт уақытта:
Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдайларды жою;
жауынгерлік, жұмылдыру және саяси дайындықты ұйымдастыру;
төтенше жағдайлар аймақтарындағы халықтың тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды орындау;
төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шараларға қатысу;
уәкілетті органның қарауындағы басқару пункттерін күзетуді және оларға қызмет көрсетуді қамтамасыз ету;
төтенше жағдайлар аймақтарына, оның ішінде шет мемлекеттерге де жеткізілетін жүктерді тасымалдау, алып жүру және күзету;
жұмылдыра өрістетуге дайындық және жауынгерлiк әзiрлiктiң жоғары дәрежесіне келтiру жөнiндегi іс-шараларды жүзеге асыру;
оқу объектілерін, полигондарды әзірлікте ұстап тұру;
уәкілетті органның жедел резервін ұстау;
2) соғыс уақытында:
қорғаныс шептері мен позицияларын құру;
зақымдау ошақтары мен зарарлану аймақтарында радиациялық, химиялық барлау жүргiзу;
зақымдау ошақтарында, зарарлану және апатты су басқан аймақтарда авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу;
әуеайлақтарды, жолдарды, өткелдерді және тыл инфрақұрылымының басқа да маңызды бөліктерін қалпына келтіру, қайта тиеу пункттерін жабдықтау;
эвакуациялық іс-шаралар жүргізуге қатысу;
аумақтық қорғаныстың жекелеген міндеттерін орындау;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының қорғанысты ұйымдастыру мәселелері жөніндегі нұсқауларын орындау болып табылады.
2. Азаматтық қорғаныс әскери бөлiмдерiнің шет мемлекеттердің аумақтарындағы авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарға қатысуы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда айқындалған тәртiппен жүзеге асырылады.
3. Бейбіт уақытта азаматтық қорғаныстың әскери бөлiмдерiн қолдану туралы шешімді уәкілетті органның басшысы қабылдайды.
4. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері азаматтық персоналмен де жасақталады. Азаматтық персонал алмастыратын лауазымдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiткен, уәкілетті органның жалпы саны лимиттері шегiнде уәкілетті органның басшысы белгiлейдi.
5. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерін жұмылдыра өрістету үшін штаттарға және тиесілік нормаларына сәйкес: техника, қару-жарақ, материалдық-техникалық құралдардың запастары құрылады және күтіп-ұсталады.
6. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде азаматтық қорғаныс әскери бөлімдері жеке құрамының қызмет режимі мен жұмыс күнінің ұзақтығын төтенше жағдайды жою басшысы бұлардың жүргізілу сипатын, ерекшеліктерін, санитариялық қағидалар мен гигиеналық нормативтерді ескере отырып белгілейді.
7. Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінің әскери қалашықтарының тұрғын үй-жайлары мен басқа да құрылыстары, полигондары, оқу объектілері, оқу-материалдық базасы, материалдық-техникалық құралдары мемлекеттік меншік болып табылады. Азаматтық қорғаныс әскери бөлімдерінің санамаланған және бөлінген өзге де мүлкі жедел басқару құқығымен оларға бекітіледі.
23-бап. Азаматтық қорғаныс объектiлерi мен мүлкi
1. Азаматтық қорғаныс объектiлерiне: басқару пункттерi, жеке тұрған және қосып салынған паналайтын жерлер, радиацияға қарсы жасырын паналар, азаматтық қорғаныс мүлкiн сақтауға арналған қойма үй-жайлары жатады.
Азаматтық қорғаныс мүлкiне: жеке қорғану құралдары, радиациялық, химиялық барлау және дозиметрлiк бақылау аспаптары, жеке медициналық қорғану құралдары, байланыс және құлақтандыру құралдары және басқа да материалдық-техникалық құралдар жатады.
2. Азаматтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз ету үшiн азаматтық қорғаудың басқару органдарында азаматтық қорғаныс мүлкiнiң запастары құрылады.
3. Мемлекеттік меншік болып табылатын және азаматтық қорғаныс іс-шараларын қамтамасыз ету мен жұмылдыру тапсырмаларын орындауға арналған азаматтық қорғаныс объектiлерi мен мүлкi иеліктен шығаруға жатпайды.
4. Азаматтық қорғау күштері мен құралдарын жедел басқару үшін қосалқы (қалалық, қала сыртындағы), көмекші және жылжымалы басқару пункттері құрылады.
5. Мемлекеттік органдардың азаматтық қорғанысының қорғаныш құрылыстары бюджет қаражаты есебінен күтіп-ұсталады.
Азаматтық қорғаныс бойынша санаттарға жатқызылған, жұмылдыру тапсырысы бар ұйымдардың аумағында орналасқан, азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары ұйымдардың қаражаты есебінен күтіп-ұсталады. Азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылыстары неғұрлым көп жұмыс істейтін ауысымға есептелуге және азаматтық қорғау мақсатында пайдаланылуға тиіс.
6. Азаматтық қорғаныстың объектілері мен мүлкі бар заңды тұлға қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда, азаматтық қорғаныстың объектілері мен мүлкін әзірлікте ұстап тұру және нысаналы пайдалану жөніндегі міндеттер, сондай-ақ оларды құру мен жинақтау жөніндегі тапсырмалар азаматтық қорғаныс объектілері мен мүлкінің жаңа меншік иелеріне өтеді.
3-БӨЛІМ. УӘКІЛЕТТІ ОРГАННЫҢ АВИАЦИЯСЫ, АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ
ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚҰРАЛЫМДАРЫ
24-бап. Уәкілетті органның авиациясы
Уәкілетті органның авиациясы:
1) іздеу-құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу, дүлей зілзалалар кезінде көмек көрсету бойынша ұшуды;
2) халыққа медициналық көмек көрсету және санитариялық іс-шараларды жүргізу бойынша ұшуды;
3) уәкілетті органның, оның аумақтық бөлімшелерінің, авариялық- құтқару қызметтері мен құралымдарының жеке құрамы мен жүгін төтенше жағдайлар аймақтарына жеткізу бойынша көлік-жолаушылар ұшуын;
4) зардап шеккен адамдарды, халықты және мүлікті төтенше жағдай аймақтарынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын шет мемлекеттерден эвакуациялау бойынша ұшуды;
5) гуманитарлық жүкті төтенше жағдайлар аймақтарына жеткізу бойынша ұшуды;
6) республикалық және халықаралық оқу-жаттығуларға, халықаралық жобаларға қатысуды;
7) авиациялық техника мен оның құрамдастарына техникалық қызмет көрсету және оларды жөндеу бойынша қызметтер көрсетуді;
8) азаматтық қорғау саласындағы қызметке байланысты жолаушылардың, багаждың, жүктердің және почтаның әуе тасымалын;
9) аэротүсірілім, картографиялық-геодезиялық және авиациялық-химиялық жұмыстарды жүргізу бойынша ұшуды;
10) орман шаруашылығына қызмет көрсету бойынша ұшуды;
11) азаматтық қорғау саласындағы құрылыс-монтаждау және тиеу-түсіру жұмыстарын қамтамасыз ету бойынша ұшуды;
12) вахталық бригадаларды, жабдықты тасымалдау бойынша теңiз кемелерiнен және теңiздегi бұрғылау қондырғыларынан, мұнай-газ секторының жасанды аралдарынан ұшуды;
13) әуежайлық қызметті жүзеге асыруды;
14) төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою үшін далалы, сулы, орманды және таулы жерлерді патрульдеу бойынша ұшуды;
15) өрттердің алдын алу және сөндіру бойынша ұшуды;
16) байқау және құлақтандыру қызметтерін ұйымдастыру бойынша ұшуды (бекеттерді қою және оларға қызмет көрсету);
17) далалық экспедиция жұмыстарына қызмет көрсету бойынша ұшуды;
18) электр энергиясын беру желілерін және магистральдық құбырларды зерттеп-қарау бойынша аэровизуальді ұшуды;
19) ұшу құрамының кәсіби деңгейін ұстап тұруға және жаңа техниканы меңгеруге арналған жаттығу үшін ұшуды орындайды.
6-тарау. АВАРИЯЛЫҚ-ҚҰТҚАРУ ҚЫЗМЕТТЕРІ МЕН ҚҰРАЛЫМДАРЫ
25-бап. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарын
құру
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары кәсіби және ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары болып бөлінеді.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі азаматтық қорғау саласында шұғыл медициналық және психологиялық көмек, өртке қарсы-құтқару, жедел-құтқару, суда-құтқару, авиациялық-құтқару қызметтерін, әскерилендірілген және өзге де мамандандырылған кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын құрады.
3. Қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйымдардың басшылары уәкілетті органмен келісу бойынша объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын құруға құқылы.
4. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары ғимараттар мен құрылыстардың мамандандырылған кешенінде орналастырылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жарақтандырылады.
5. Ерікті авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын жеке, заңды тұлғалар, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар құрады және олар арнайы техникамен, жабдықпен, жарақпен, керек-жарақпен және құралдармен жарақтандырылады.
26-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының
қызметi
1. Кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының қызметі ерекше сипатта болады, осы қызметтер басшыларының бұйрықтары мен өкімдерін жұмыскерлердің мүлтіксіз орындауын көздейді. Бұл талаптар ерікті авариялық-құтқару құралымдарын төтенше жағдайды жоюға қатысу үшін тартқан кезден бастап оларға да қолданылады.
2. Кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының ұдайы әзірлігі кәсiби даярлау бойынша оқу-жаттығулар, сабақтар мен арнайы жаттығу жиындарын өткiзу арқылы қамтамасыз етiледi және уәкілетті орган жүзеге асыратын аттестаттау, қайта аттестаттау мен тексерулер барысында тексеріледі.
3. Уәкілетті органның авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының жедел көлігі мiндеттi түрде арнайы дыбыс және жарық сигналдары аспаптарымен, сондай-ақ белгiленген үлгiдегi түрлi-түстi бояулы таңбалармен жабдықталады.
27-бап. Авариялық-құтқару қызметтерін, құралымдарын және
құтқарушыларды аттестаттау
1. Авариялық-құтқару қызметтері, құралымдары және құтқарушылар аттестатталуға және қайта аттестатталуға жатады.
2. Авариялық-құтқару қызметтерін, құралымдарын және құтқарушыларды аттестаттау:
1) олардың авариялық-құтқару жұмыстарын орындау әзірлігінің дәрежесін;
2) тиісті техниканың, мүліктің және жарақтардың бар-жоғын және олардың жай-күйін;
3) құтқарушылардың кәсіби машығына, медициналық даярлығына, дене, психологиялық және моральдық әзірлігіне сәйкестігін анықтау мақсатында өткізіледі.
3. Авариялық-құтқару қызметтері, құралымдары және құтқарушылар бастапқы, қайталап, кезеңдік және кезектен тыс аттестатталуға жатады:
1) бастапқы аттестаттауға жаңадан құрылатын авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары, сондай-ақ құтқарушы боламын деп шешкен азаматтар жатады;
2) қайталап аттестаттау алдыңғы аттестаттауда анықталған барлық кемшіліктер жойылғаннан кейін, авариялық-құтқару қызметтерінің, құралымдарының және құтқарушылардың қызметін қайтадан бастау үшін өткізіледі;
3) авариялық-құтқару қызметтерін, құралымдарын және құтқарушыларды кезеңдік аттестаттау үш жылда бір рет жүргізіледі;
4) авариялық-құтқару қызметтерін, құралымдарын және құтқарушыларды кезектен тыс аттестаттау олар орындайтын авариялық-құтқару жұмыстарының түрі немесе түрлері өзгерген жағдайда өткізіледі.
4. Аттестаттауды Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен құрылатын аттестаттау комиссиялары өткізеді.
«Халықаралық сыныптағы құтқарушы» деген сыныптық біліктілікті уәкілетті органның аттестаттау комиссиясы құтқарушыларға олар жұмыс істейтін авариялық-құтқару құралымының ведомстволық бағыныстылығына қарамастан береді.
5. Аттестаттаудан өткен авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарына тиісті аттестаттау комиссияларының шешімі негізінде авариялық-құтқару жұмыстарының белгілі бір түрін немесе түрлерін жүргізу құқығына уәкілетті орган белгілеген бірыңғай үлгідегі куәлік беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |