43-бап. Пайдалы қазбалардың кен орындарын игерумен
байланысты төтенше жағдайлардан азаматтық қорғау
іс-шаралары
Пайдалы қазбалардың кен орындарын игерумен байланысты төтенше жағдайлардан азаматтық қорғау іс-шараларына:
1) игеріліп жатқан кен орындары аудандарындағы бұрыннан бар ғимараттар мен құрылыстардың беріктігі мен орнықтылығын арттыру;
2) кен орындарын игерумен байланысты төтенше жағдайлардан келтірілуі мүмкін нұқсанды азайту жөнiндегi іс-шараларды ұйымдастыру, ал оларды жүргiзу мүмкiн болмаған кезде - қорғау іс-шараларының қажеттi кешенiн орындай отырып, өндiрудi тоқтату және кен орындарын консервациялау кіреді.
44-бап. Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі
азаматтық қорғау іс-шараларын орындау
Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі азаматтық қорғау іс-шараларын орындау уәкілетті органның, орталық, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың басшыларына осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген құзыреттері шегінде жүктеледі.
Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды уақтылы және толық жүргізу мақсатында орталық, жергілікті атқарушы органдардың, мемлекеттік мекемелердің, объектілердің және ұйымдардың басшылары Қазақстан Республикасының халқын, объектілерін және аумағын қорғау жөнінде қосымша шаралар қабылдауға тиіс.
9-тарау. АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕР, ОҚЫТУ, ХАБАР БЕРУ ЖӘНЕ БІЛІМДІ НАСИХАТТАУ
45-бап. Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулер
Азаматтық қорғаудың кешенді ғылыми негізін қалыптастыру және дамыту мақсатында уәкілетті орган азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулерді ұйымдастырады және үйлестіреді.
Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулердің негізгі міндеттері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың теріс әсерін азайту, азаматтық қорғау саласында тәуекелдерді бағалауды және басқаруды нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету жөнінде ұсынымдар әзірлеу болып табылады.
Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми-техникалық қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген және аттестатталған ғылыми-зерттеу ұйымдары мен оқу орындары жүзеге асырады.
Азаматтық қорғау саласындағы ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.
46-бап. Азаматтық қорғау саласында оқыту
1. Азаматтық қорғау саласында азаматтарды кәсіптік оқыту уәкілетті органмен ынтымақтастық туралы келісім жасасқан Қазақстан Республикасының және шет мемлекеттердің оқу органдарында, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітілген мамандықтар мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес жүргізіледі.
2. Азаматтық қорғаудың басқару органдарының басшы құрамы мен мамандарын даярлау, азаматтық қорғау саласында халықты оқыту төтенше жағдайларда іс-қимыл жасау дағдыларын үйрету, авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу, өзiн-өзі құтқарудың және өзара көмек көрсетудiң негiзгi тәсiлдерi мен әдiстерiн білу, халық арасындағы ықтимал шығындарды және материалдық нұқсанды барынша азайту мақсатында жүргiзiледi.
Азаматтық қорғаудың басқару органдарының басшы құрамы мен мамандары, сондай-ақ білім беру ұйымдарының, бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары уәкілетті органның және уәкілетті органмен ынтымақтастық туралы келісім жасасқан шет мемлекеттердің ұйымдарында және оқу орындарында даярлықтан және қайта даярлықтан өтеді.
Қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ ұйымдардың, мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ұйымдарының басшылары, азаматтық қорғау құралымдарының командирлері, ұйымдардағы азаматтық қорғау жөніндегі сабақ топтарының жетекшілері, барлық үлгідегі жалпы білім беретін мектептер мен орта кәсіптік оқу орындарының оқытушылары, қауіпті өндірістік объектілердің басшылары уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде даярлықтан және қайта даярлықтан өтеді.
Азаматтық қорғау саласында даярлықтан немесе қайта даярлықтан өткен тыңдаушыларға уәкілетті орган белгілеген бірыңғай үлгідегі сертификаттар беріледі.
3. Азаматтық қорғау саласында балаларды оқыту мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту және жалпы орта білім беру ұйымдарында, азаматтарды оқыту – жұмыс, оқу орны және тұрғылықты жері бойынша ұйымдарда жүргізіледі.
Сейсмикалық қауiптi өңірлерде орналасқан ұйымдарда, мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ұйымдарында және оқу орындарында сейсмикалық жаттығулар тоқсан сайын жүргiзіледі.
Қауіпті өндірістік объектiлердің төтенше жағдайы таралатын есепті аймақта орналасқан ұйымдарда, мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту ұйымдарында және оқу орындарында қатты әсер ететiн улы және радиоактивті заттардың шығарылуынан авариялар туындаған кезде персоналдың, балалардың, оқушылардың, студенттердiң әрекет етуі бойынша жаттығулар тоқсан сайын жүргiзіледі.
Сел қауіпті, шөгу, көшкін қаупі бар аудандарда, сондай-ақ су жайылу, су басу, тасқындар болуы ықтимал аймақтарда орналасқан ұйымдарда, мектепке дейінгі тәрбие беру мен оқыту ұйымдарында және оқу орындарында қауіпті кезеңнің басталуы алдында жаттығулар жүргiзіледі.
47-бап. Азаматтық қорғау саласында хабар беру және
білімді насихаттау
1. Халыққа төтенше жағдайлар туралы хабар беру азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беріледi.
2. Азаматтық қорғау саласында хабар беруге және білімді насихаттауға:
1) халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, оның ішінде республикалық және облыстық (қалалық) телеарналарда арнайы бағдарламалар құру арқылы төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдар тәртібі туралы хабар беруді ұйымдастыру;
2) басылымдарда, интернет-ресурстарда азаматтық қорғау саласындағы білімді, тұрмыстағы және өндірістегі қауіпсіздік қағидаларын насихаттайтын тұрақты жарияланымдарды, телерадио хабарларын тарату желілері бойынша хабарларды ұйымдастыру кіреді.
3. Азаматтық қорғау саласындағы білімді насихаттауды уәкілетті орган, сондай-ақ мемлекеттік органдар, ұйымдар және қоғамдық бірлестіктер жүзеге асырады.
4. Орталық және жергілікті атқарушы органдар халыққа азаматтық қорғау саласында өздері қабылдаған шаралар туралы хабар беруге және білімдерін таратуға жәрдемдесуге тиіс.
5-БӨЛІМ. ТАБИҒИ ЖӘНЕ ТЕХНОГЕНДІК СИПАТТАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР
МЕН ОЛАРДЫҢ САЛДАРЛАРЫН ЖОЮ
10-тарау. ТАБИҒИ ЖӘНЕ ТЕХНОГЕНДІК СИПАТТАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫ ЖОЮ
48-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
жағдайды жариялау
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялауды:
жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай кезінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі;
жергілікті ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде әкімшілік-аумақтық бірліктердің әкімдері жүзеге асырады.
49-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
жағдайларды жою кезінде жүргізілетін іс-шаралар
Төтенше жағдайлар туындаған кезде оларға жедел ден қою мақсатында азаматтық қорғаудың басқару органдары өз құзыреті шегінде:
1) қалыптасқан жағдайды талдауды, төтенше жағдайдың таралу ауқымын анықтауды, адам шығыны мен материалдық нұқсанды алдын ала бағалауды;
2) халықты құлақтандыруды;
3) төтенше жағдайдың даму ықтималдығын бағалауды, жағдай туралы деректерді қорытуды және талдамалық материалдар дайындауды;
4) төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарына сәйкес азаматтық қорғау күштері мен құралдарын жедел жіберуді;
5) авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу кезінде азаматтық қорғау күштері мен құралдарын басқаруды, төтенше жағдайды жою мәселелері бойынша қажетті шұғыл шаралар мен басқарушылық шешімдер қабылдауды;
6) төтенше жағдайды жоюға тартылатын азаматтық қорғау күштері мен құралдарының іс-қимылдарын үйлестіруді және олардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыруды;
7) төтенше жағдайларда халықтың тіршілігін қатамасыз ету жөніндегі іс-шараларды, оның ішінде таралу ауқымына қарай төтенше жағдайларды жою үшін материалдық-техникалық ресурстардың запастарын пайдалануды;
8) төтенше жағдайды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарына сәйкес төтенше жағдайларды жоюға тартылатын азаматтық қорғау күштері мен құралдарының жай-күйін бақылауды жүргізеді.
50-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
жағдайларды жою кезінде авариялық-құтқару
жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарға
басшылық
1. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды ұйымдастыруды және оған басшылықты, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жоюға тартылған күштер мен құралдарға басшылықты, олардың өзара іс-қимыл жасауын ұйымдастыруды төтенше жағдайды жою басшысы жүзеге асырады.
2. Төтенше жағдайды жою басшысы болып:
1) жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай кезінде – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен уәкілетті органның лауазымды адамы;
2) жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай кезінде – тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің шешімімен жергілікті атқарушы органның лауазымды адамы тағайындалады.
3. Төтенше жағдай аймағының шекарасын төтенше жағдайды жою басшысы айқындайды.
4. Төтенше жағдайдың сипатын бағалауды, төтенше жағдайды жою басшысына оны оқшаулау және жою жөнінде ұсыныстар әзірлеуді жедел штаб жүзеге асырады. Жедел штаб авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуге қатысатын азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының іс-қимылдарын үйлестіреді.
5. Жедел штаб төтенше жағдайды жою басшысының шешімімен құрылады.
Жедел штаб бастығы болып төтенше жағдайды жою басшысының орынбасары болып табылатын, уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамы тағайындалады.
Жедел штаб бастығы төтенше жағдайды жою басшысымен келісу бойынша және төтенше жағдай ауқымы мен аймағына қарай жедел топтардың қажетті санын құрады және төтенше жағдай аймағындағы олардың жұмысын бөліп береді.
6. Төтенше жағдайды жою басшысын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мiндеттерiн атқарудан шеттетуден және басшылық етуді өзiне қабылдаудан немесе басқа лауазымды адамды тағайындаудан басқа кезде, оның қызметіне араласуға ешкiм де құқылы емес.
7. Төтенше жағдайды жою басшысы мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға өзі қабылдаған шешімдер туралы дереу хабар беру жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.
8. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, төтенше жағдайды жою басшысының, бірінші кезектегі тәртіппен төтенше жағдай аймағындағы адамдарды құтқару жөнінде барлық мүмкін болатын шараларды қолдана отырып, көрсетілген жұмыстарды тұтастай немесе олардың бір бөлігін тоқтата тұру туралы шешім қабылдауға құқығы бар.
9. Төтенше жағдайды жою басшысы:
1) қолда бар күштер мен құралдарды пайдалана отырып, төтенше жағдай аймағында барлауды және жағдайды бағалауды, адамдарды құтқаруды ұйымдастырады;
2) авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу бойынша негізгі күш-жігерді жұмылдыру учаскелерін, күштер мен құралдардың қажетті санын, құтқару жұмыстарын жүргiзудiң әдiстерi мен тәсiлдерiн айқындайды;
3) төтенше жағдай аймағындағы объектiлерде және ұйымдардың аумақтарында авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзу туралы шешiм қабылдайды;
4) авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарына мiндеттер қоюды жүзеге асырады, олардың өзара iс-қимыл жасауын ұйымдастырады, олардың қауiпсiздiгiн және алға қойылған мiндеттердiң орындалуын қамтамасыз етедi;
5) төтенше жағдай аймағындағы мән-жайдың өзгеруiне бақылауды жүзеге асырады;
6) қажет болуына қарай қосымша күштер мен құралдарды шақыртады, олардың кездесуін ұйымдастырады, олардың авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзу орнын (ауданын) айқындайды;
7) күштер мен құралдардың резервiн құруды ұйымдастырады, ауысым бойынша жұмыс істеу тәртiбiн айқындайды;
8) Қазақстан Республикасының Үкiметiне, уәкілетті органға жаһандық немесе өңірлік ауқымдағы төтенше жағдай аймағында қалыптасқан жағдай және авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды ұйымдастыру және жүргiзу жөнінде өзі қабылдаған шешiмдер туралы хабар береді;
9) төтенше жағдай орнынан күштер мен құралдардың кету тәртiбiн айқындайды.
10. Төтенше жағдайдың таралуы кезінде төтенше жағдайды жою басшысы аса қажет болған жағдайда (адамдардың өмiрi мен денсаулығына тiкелей қатер төнгенде):
төтенше жағдай аймағына адамдар мен көлiктiң кіруiн шектейдi;
төтенше жағдай аймағындағы ұйымдардың қызметiн тоқтата тұрады;
авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге азаматтық қорғаудың авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарының күштері мен құралдарын және көрсетілген құралымдардың құрамына кiрмейтiн құтқарушыларды тартады;
кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзуге ерiктi негiзде халықты, сондай-ақ құтқарушы болып табылмайтын жекелеген азаматтарды, олардың келiсiмімен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргiзуге тартады;
төтенше жағдай аймағында эвакуациялық iс-шаралар жүргiзудi ұйымдастырады;
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығыстарды кейіннен өтей отырып, ұйымдардың материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және басқа да ресурстарын тартады;
төтенше жағдайлардың өршуіне және авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстардың барысына байланысты басқа да қажеттi шараларды қолданады.
51-бап. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын
төтенше жағдайларды жоюға тарту
1. Авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын төтенше жағдайларды жоюға тартуды азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басшылары немесе олар уәкілеттік берген лауазымды адамдар өз құзыреттері шегінде:
1) төтенше жағдайлар туындаған және өршіген кезде;
2) төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларына сәйкес;
3) аумағында төтенше жағдай қалыптасқан мемлекеттік органның немесе ұйымның сұрау салуы бойынша жүзеге асырады.
2. Қауіпті өндірістік объектілерге шарт негізінде қызмет көрсететін кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарын төтенше жағдайларды жоюға тарту қызмет көрсетілетін объектілердің қажетті қорғалу деңгейін қамтамасыз ететін күштер мен құралдардың жеткілікті саны міндетті түрде сақталған жағдайда жүзеге асырылады.
52-бап. Ішкi iстер органдарының, Қазақстан Республикасы
Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлер мен әскери
құралымдардың күштерi мен құралдарын төтенше
жағдайларды жоюға тарту
Iшкi iстер органдарының, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа әскерлер мен әскери құралымдардың күштерi мен құралдарын төтенше жағдайларды жоюға тарту Қазақстан Республикасының заңнамасына және төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимыл (өзара іс-қимыл) жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
53-бап. Авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарына
өз қызметін жүзеге асыруына жәрдемдесу
1. Орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, ұйымдар төтенше жағдайлардың аймақтарына бара жатқан, төтенше жағдайларды жою жөніндегі жұмыстарды жүргізіп жатқан және орналасқан жеріне қайтып келе жатқан авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарына барынша жәрдем көрсетуге мiндеттi.
2. Авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргiзетін жерге бара жатқан кезде кәсiби авариялық-құтқару қызметтерi мен құралымдарының жедел көлiгi, оның iшiнде уақытша тартылған және жалға алынған жедел көлiгі кедергiсiз жүріп өту құқығын, әуеайлақтарда, автожанармайқұю станцияларында, теңiз және өзен порттарында жанар-жағармай материалдарымен бiрiншi кезекте қамтамасыз етiлу құқығын, сондай-ақ техникалық қызмет көрсету станцияларында, әуеайлақтарда, теңiз және өзен порттарында жөндеу жұмыстарын бiрiншi кезекте жүргiзу құқығын пайдаланады.
54-бап. Уәкілетті органның жедел резерві
Уәкілетті органның жедел резерві күні бұрын құрылады және төтенше жағдайлар аймағындағы халықтың бірінші кезектегі тіршілігін қамтамасыз етуге және шұғыл медициналық көмек көрсетуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында авариялық-құтқару жұмыстарын қамтамасыз етуге арналған.
55-бап. Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше
жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау
Табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде мүлікті реквизициялау мемлекеттік резерв болмаған немесе жеткіліксіз болған кездегі ерекше жағдайларда «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
56-бап. Төтенше жағдайларды жою кезіндегі авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек
күттірмейтін жұмыстар
Авариялық-құтқару жұмыстары кезінде: төтенше жағдай аймағы мен зақымдау ошағын барлау, өрттерді оқшаулау және сөндіру, үйінділерден, бұзылған, жанып жатқан ғимараттар мен құрылыстардан, газ тараған, су басқан және түтінге оранған үй-жайлардан зардап шеккендерді іздеу және алып шығу (қоршаудан шығару), зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету және өмірін сақтап қалуға жағдай жасап, қауіпсіз аудандарға оларды эвакуациялау, сондай-ақ материалдық және мәдени құндылықтарды құтқару және қоршаған ортаны қорғау бойынша іс-қимылдар жүргізіледі.
Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіз жағдайлар жасау мақсаттарында төтенше жағдай аймағында сұйық отын, газ, электр энергиясы мен су беру көздерін авариялық сөндіру жүргізіледі.
Кезек күттірмейтін жұмыстар кезінде төтенше жағдай аймағына азаматтық қорғау күштері мен құралдарын кіргізу маршруттарын жабдықтау, құлау қатері бар немесе авариялық-құтқару жұмыстарын қауіпсіз жүргізуге кедергі келтіретін ғимараттар мен құрылыстардың конструкциясын бекіту немесе құлату, коммуналдық-энергетикалық желілердің жекелеген учаскелерін қалпына келтіру, халықтың бірінші кезектегі тіршілігін қамтамасыз ету үшін мүлікті жеткізу, аумақты санитариялық тазалау, сондай-ақ зардап шеккендерді уақытша орналастыру үшін және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге байланысты өзге де мақсаттар үшін зақымданған ғимараттар мен құрылыстарды ішінара қалпына келтіру жүргізіледі.
Төтенше жағдайларды жою кезінде кезек күттірмейтін жұмыстар қысқа мерзімдерде орындалады және авариялық-құтқару жұмыстары толық аяқталғанға дейін жүргізіледі.
11-тарау. ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ САЛДАРЛАРЫН ЖОЮ
57-бап. Төтенше жағдайлардың салдарларын жою жөніндегі
іс-шараларды жүргізу
Инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үйді қалпына келтіру, қоршаған ортаны сауықтыру, халыққа әлеуметтік-оңалту көмегін көрсету жөніндегі іс-шаралар жүргізуді төтенше жағдайлардың сипаты мен ауқымына қарай орталық және жергілікті атқарушы органдар өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі және жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес төтенше жағдайлардың салдарларын жоюға бюджет қаражатын бөлу туралы шешім қабылдауға құқылы.
58-бап. Жеке және заңды тұлғаларға, қоршаған ортаға
келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеу
Жеке тұлғалар денсаулығына зиян келтірілуіне не жақын туыстарының қайтыс болуына байланысты нұқсанның өтелуін талап етуге құқылы.
Жеке және заңды тұлғалар өздерінің мүлкінің жеке немесе заңды тұлғалардың қызметінен туындаған техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан бүлінуіне немесе жойылуына байланысты нұқсанды өтеуді талап етуге құқылы.
Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлармен жеке және заңды тұлғаларға келтірілген зиянды (нұқсанды) өтеуді зиян (нұқсан) келтіруші ерікті түрде немесе сот шешімі бойынша жүргізеді.
Жеке тұлғалардың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиян Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес зиян (нұқсан) келтірушінің есебінен толық көлемде өтелуге жатады.
Зиян (нұқсан) келтірушілер жерді рекультивациялау мен жердің табиғи құнарлылығын қалпына келтіруге жұмсалатын шығындарды қоса алғанда, қоршаған ортаға келтірілген нұқсанды өтеуге міндетті.
Табиғи сипаттағы төтенше жағдайлармен жеке тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян (нұқсан) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, зардап шеккендердің ең төменгі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шекте өтеледі.
Салынған тұрғын үй төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен беріледі.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үй Қазақстан Республикасының аумағындағы экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйі тұруға жарамсыз болған азаматтарға өтеусіз негізде беріледі.
Мыналар:
1) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жылжымайтын мүлік объектілеріне жатпайтын, уақытша құрылыстар, шаруашылық-тұрмыстық және өзге де салынған құрылыстар, сондай-ақ заңсыз салынған объектілер;
2) бағалы киім, сән-салтанат заттары не бағалы металдардан жасалған, көркемдік құндылығы бар заттар өтелуге жатпайды.
Жеке және заңды тұлғалардың төтенше жағдайлар туындаған кезде сақтандыру объектісі болып табылған мүлкіне келтірілген нұқсан Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында айқындалған тәртіппен сақтандырушының қаражаты есебінен өтелуге жатады.
Сақтандыру төлемін жүзеге асырған сақтандырушының нұқсан келтірушіден жүзеге асырылған сақтандыру төлемі шегінде сақтандыру төлемін өтеуді талап етуге құқығы бар.
6-БӨЛІМ. ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ӨНЕРКӘСІПТІК ҚАУІПСІЗДІКТІ
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
12-тарау. ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
59-бап. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары
1. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары өрттердің алдын алуды және оларды сөндіруді, авариялық-құтқару жұмыстары мен кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізуді, өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылауды және өрттерге байланысты қылмыстар туралы істер бойынша анықтау жүргізуді жүзеге асырады.
2. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары уәкілетті органнан, өрт қауіпсіздігі саласындағы оның құрылымдық бөлімшесінен, аумақтық бөлімшелерінен және мемлекеттік мекемелерден, оның ішінде уәкілетті органның білім беру ұйымдарынан тұрады.
3. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының жалаулары болады, олардың сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президенті бекiтеді.
4. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының қызметкерлеріне төтенше немесе соғыс жағдайы қолданылатын кезеңде атыс қаруы мен арнайы құралдарды алып жүру, сақтау және қолдану құқығы беріледі. Атыс қаруы мен арнайы құралдарды қолдану тәртібі «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалады.
60-бап. Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі
1. Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі – бұл өрт пен одан келтірілетін зиянды (нұқсанды) болғызбауға бағытталған, экономикалық, әлеуметтiк, ұйымдық, ғылыми-техникалық және құқықтық шаралардың, сондай-ақ өртке қарсы қызметтің күштері мен техникалық құралдарының жиынтығы.
2. Қазақстан Республикасында өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету жүйесi өрт қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн орталық және жергiлiктi атқарушы органдарды, мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарын, мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді, өртке қарсы ерікті құралымдарды, өрт сөндіру-техникалық ғылыми-зерттеу мекемелерiн, уәкілетті органның білім беру ұйымдарын, өрт сөндіру-техникалық өнiмдер шығаратын кәсiпорындарды қамтиды.
3. Қазақстан Республикасында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдарының ведомствоішілік қызметінің міндеттері мен функциялары уәкілетті органның басшысы бекітетін қағидаларда, нұсқаулықтарда регламенттеледі.
61-бап. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы құқықтық реттеу
1. Өрт қауiпсiздiгi саласындағы құқықтық реттеу – Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде орындалуы мiндеттi өрт қауiпсiздiгi талаптарын белгiлеу.
2. Қазақстан Республикасының өрт қауiпсiздiгi саласындағы нормативтік құқықтық актілеріне өрт қауiпсiздiгi талаптары қамтылатын техникалық регламенттер, өрт қауiпсiздiгiнің қағидалары, нұсқаулықтар және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлері жатады.
3. Өнімге және (немесе) оның өмірлік циклінің процестеріне қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптары техникалық регламенттерде белгіленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |