82
Ерні жалақ болыпты жомарт ожау,
Көрінгенге қолқайыр беремін деп.
Ожау айтар қазанға қапталдым деп,
Қазан айтар қарнымнан қақталдым деп.
Жүгіріп от айналып шәйнек жүрер,
Қылығым не құдайға жақпады деп.
Кетпен айтар ағашқа сапталдым деп,
Балта айтар барлығына дақ салдым деп.
Текемет төрде жатқан сал ауру,
Жақсыға, жаманға да тапталдым деп.
Ыстыққа қол батпаған шөміш батқан,
Сықырлап төсек ағаш жылап жатқан.
Қылмысы бұ жалғанда жаққан тұтқыш,
Бетіне қазан ұстап күйе жаққан.
Асылып керегеде ішік, тұлып,
Толғатып баспалдақ тұр іші толып.
Мейманды үйге келген күтіп алып,
Құман тұр от басында келін болып.
Туырлық, үзік, белдеу, ши, көдеге,
Шалқалап түндік жатыр дәл төбеде.
Орнықты бәйбішедей қара саба,
Астында төсағаштың сұр тегене.
Шернияз өлеңінің соңы Омарбек нұсқасы бойынша былай
аяқталады: «Күндердің күні болғанда Шернияз Исатайды
сағынып, сұлу жар мен мол дәулетке қарамай, жүдеп, семіп
кетіпті. Мұны естіген Баймағамбет Шерниязды сынамақ
боп: «Егер Исатай тіріліп келсе, не деп амандасар едің?»
дегенде, Шернияз:
«Аһ, ел қорғаны Исатай енді бізге жоқ қой. Сөйтсе де,
Исатай келетін болса алдынан шығып:
Бармысың, жауға түскен алтыным-ай,
Самалым, саз қонысым, салқыным-ай!
Жауыңның қоржынына түсіп едің,
Шықтың ба аман-есен, жарқыным-ай?!
83
Ақ алмас, алтын сапты қылышым-ай,
Ашып ең алты алаштың тынысын-ай!
Жатпайтын асыл пышақ қап түбінде
Шықтың ба қабын жарып, ырысым-ай?! –
деп құшағымды жайып, мойнынан құшақтар едім» дейді.
«Шернияздың Баймағамбет сұлтанға айтқаны» атты осы
әйгілі өлеңін Шернияз шығармашылығын тұңғыш зерттеген
академик Сәбит Мұқановтың қорытынды бағасымен
түйіндейік: «Шернияздың өлеңдеріндегі Баймағамбетті
мақтаған жеріне қарап бір кезде біреулер Шерниязды «Сарай
ақыны» деп жазып жүрді. Бұл пікірді айтушылар Шернияз
өлеңдеріндегі диалектиканы абайламады.
Шынында, Шернияздың осы өлеңін тұтас оқып шыққан
кісіде қандай әсер қалады?
1. Шернияздың Исатайды шексіз жақсы көруі, халықшыл,
халық қамқоршысы деп жақсы көруі, оған ешкімді
теңгермеуі.
2. Баймағамбетті оның қылышынан, қаһарынан қорқып
қана мақтап, реті кеп қалған жерде оның патшашыл екенін,
халықты қанаушы екенін ашып айтып, оны жұрт алдында,
тарих алдында масқаралады.
3. Исатай-Махамбет бастаған көтерілісті патша үкі-
меті мылтық күшімен басқаннан кейін ол көтеріліске
қатынасушылардың үздіксіз қуғынға ұшырауы, ауыр азап
көруі.
4. Қанаушы таптың, оның үкіметінің искусствоны, көркем
әдебиетті өзінің қанағыштық қылығын мақтауға жұмсағысы
кеп ақынды қыспақта ұстауы.
5. Ақынның, әсіресе, халық бостандығын жақтаған
ақынның қанаушы тап үстем кезде хал-жайының трагедияда
екендігі.
Міне, аз көлемді Шернияздың жырында осындай саяси,
әлеуметтік және көркемдік маңыз бар».
84
Авторлық бағдарлама
Гүлжан МОЛДАБАЕВА,
Оңтүстік Қазақстан облысының
Түлкібас ауданындағы
Тұрар Рысқұлов атындағы жалпы
орта мектебінің мұғалімі.
ҚОЛДАНБАЛЫ КУРС:
ПУБЛИЦИСТИКА
(Қазақ әдебиеті, 11-сынып)
Түсінік хат
Публицистика – өмірдің әлеуметтік, эканомикалық,
өндірістік, ғылыми және басқа рухани құбылыстарын, өмір
фактілерін өзіне арқау ететін әдеби жанр. Публицистиканың
қоғамдық рөлі ерекше.
Публицистика – прозаның дербес бір саласы, оның
өзіндік әдісі және мазмұны бар. Шығарманың толыққанды
болуында автор ерекше рөл атқарады.
Публицистиканы оқытуда оқушылардың дайындығына
қайылатын талаптар: 1) әдеби тілдің стильдік тармақтары
туралы түсінікті кеңейту; 2) көркемсөз нормаларын меңгерту;
3) сұрақ қоя білу, сұраққа жауап бере білу шеберлігін
меңгерту; 4) кез келген тақырыпта «диалог» құруға қажетті
дағдыларды, іскерлікті меңгерту; 5) мақала жазуға қажетті
дағдыларды меңгерту; 6) сұхбат, репортаждарды жазуды
жоспарлай білу; 7) реферат, баяндама материалдарын
жүйелі жаза білу; 8) ауызша және жазбаша тілде әдеби
тіл нормаларын дұрыс сақтай білу; 9) қазақ әдеби тілінің
көркемдік нормаларын меңгерту, оны практикада дұрыс
қолдану; 10) сұхбат жүргізудің жолдарын саралату,
нақты тапсырма бойынша өздері қалаған мамандардан,
85
көзкөргендерден сұхбат жасату; 11) белгілі бір мекеме,
фирма, мектеп, т.б. жөнінде репортаж жасату; 12) әркімге
өзі қалаған тақырып бойынша эссе, очерк жаздыру, баспасөз
материалдарын, осы жоспардағы шығармаларға талдау
жасау; 13) нақты тақырып бойынша баяндама мәтінін
жаздыру; 14) қазақ журналистикасының ерекшелігін
білу; 15) публицист ақын-жазушылардың жұмыстарымен
таныстыру; 16) радио, теледидар хабарларын магнитофонға
жазып алып, оның тіліне талдау жасау.
Мақсаты: білімділік – қоғамдық өмірдегі жаңалықтар
мен оқиғалар, болмыс, құбылыстар жөнінде жұртшылыққа
мағлұмат беріп, пікір айтатын әдеби жанр екеніне түсінік беру;
дамытушылық – жазған еңбектерін облыстық, аудандық
газет-жұрналдарға ұсыну, «Жазушы мен сөйлеушінің
шеберлігі – сөздерді керекті жеріне орналастыра білу» екенін
шәкірт санасына жеткізу; тәрбиелік – тіл тазалығын сақтау,
басқа тілмен араластырмай, ана тілінде таза сөйлеуге, артық
оғаш сөздер қоспауға, бір сөзді қайталап тыңдаушыны мезі
етпеуге дағдыландыру.
Міндеті: лингвистикалық – оқушыларға тілдің
сөз байлығын, сөздік қорының мол болуын, синоним,
фразеологиялық тіркестер, мақал-мәтел, жаңа сөздер, кәсіби
сөздер, жергілікті тілдік ерекшеліктегі сөздер, эмоцианалды,
экспрессивті сөздерді өз орнымен қолдануға үйрету;
психологиялық – адамдар арасындағы қарым-қатынасқа,
таңдау әдебі мен сөйлеу әдебіне мән беру; педагогикалық –
публицистиканы пән ретінде қарап, оқыту әдістемесіне баса
назар аудару.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1) Р.Әміров, Ж.Дәулетбекова. Сөз тазалығы – тіл мәде-
ниетінің алғы шарты. А., 2006; 2) «Сөзстан». I, II том. А.,
2001; 3) К.Қазыбаев. Журналист – өмір тамшысы. А., 1991;
4) І.Есхожин. Шешендік жанрлар; 5) Ә.Табылды. Халық
Достарыңызбен бөлісу: |