***
Уақыт, шіркін, алды-артына қарамай, зулай береді екен ғой. Шәрипаның ері Жорабексіз тіршілік кешкеніне бес-алты жыл өтіп кетіпті. Айлап-жылдап барған-келгеннен бір хабар келіп тұрады, әйтеуір. Кейде Жорабек балаларына азын-аулақ болса да сәлемдеме беріп жіберіп жүрді. Екеуінің арасына сөз аралатқан адамдар да болды,
«Жорабек үйленіп кетіпті», «баласы да бар екен», «сотталып кетіпті», не керек, неше түрлі сыпсың сөз жетіп жатты. Бірақ Шәрипа оның біріне де құлақ асқан жоқ, асқысы да келмеді. Ол Жорабектің өзіне, балаларына оралатынына сенді. Сол сенім айға-айды, жылға-жылды жалғап, ері Жорабектің бір келуін күте берді.
Бір күні Жорабектің немере ағасы Ізтілеу:
– Келін шырағым, көптен Жорабектен хабар болмай кетті, мен Тәшкен жаққа барып, бір хабарын біліп келсем деп отырмын. Түсіме кіріп жүр... бір жағынан базар базарлап... – деп, аржағында тығылып жатқан «аман болса екен?» деген күдікті ойын ашып айтпады.
Шәрипа қайнағасының «Жорабектен бір хабар біліп келсем» дегеніне қатты қуанды, бар тапқан-таянғанын дорбасына салып, оң сапар тілеп шығарып салды. Ай жарым дегенде аман-сау қайнағасы ауылға оралды. Келе айтқаны: «Келін шырағым, шамалы шыдайық, Жорабек көп ұзамай біржола ауылға қайтып қаламын», – деді. Оның абақтыда отырғанын, Ералиннің тыңшы болып келгенін, баяғы
«Азамат соғысының ардагері» деген хатты соңғы сәтке, тергеушіге көрсетуге әзірлеп отырғанын Шәрипаға айтпады. Уайым шектіргісі келмеді.
Айтқандай-ақ, Жорабек айдан аз аса бергенде бесін кезінде ауылға келді. Бәрінен бұрын балалары Шаһизадан мен Шахмардан қуанышында шек жоқ. Ағасы – он алтыға, ал, Шахмардан он төртке келіп, нағыз әке қамқорлығын, тәрбиесін қажет көретін тұстары еді. Үлкен қызмет істеп, талайына қамқор болған ағайын-тума да Жорабектің аман-сау келгеніне шын қуанды. Отаршыл орыстардан біраз қорлық көрген бірді-екілі ағайын оны құшақтап, қорғаушысы келгендей, көздеріне жас та алып қалды. Шынында да Байқоңыр әулеті өз орталарынан суырыла шыққан, оқыған, білімді Бабабек пен Жорабекке әжептәуір иек артып, күш көретін. Осы екеуіне қарап талай ағайынның балалары Тәшкен, Алматы, тіптен Мәскеуге дейін оқу
Өмірі «Өларада» өткен Жорабек 29
іздеп кетті емес пе?! Бір әулеттің басы болып қалғанын Жорабек осы жолы мықтап сезінді.
Жорабек балаларын қасынан қалдырмай, ағайынды аралап, ауыл- дың ақсақалдарына сәлем беріп, не керек, біраз күн мауқын басты. Бұрынғыдай емес, көңілі орнықты, артына қарап алаңдамады. Алдағы күннің тіршілігі көп ойландыратындай. «Шәрипа, балаларды оқыту керек, білім беру керек...» – дегенді жиі айта береді.
Шынында да, бұл жолы Жорабек қаншама жыл басын дауға қалдырған істі біржола жапқызып, «кінәсі жоқ, таза» деген құжатты қолына алып келді. Бұл қағаз оның өміріне де, өзіне де бетбұрыс әкелді. Ол бейбіт күннің берекелі ісіне араласып, екі баласын оқытып, білім беріп, жаңа заманның талабына сай азамат етуді мақсат етіп қойды да, әрекетіне кірісті. Осы жылы біраз ағайын Жөлектен
«Ащықұдық» колхозының екінші өндірістік бригадасына қоныс тепті. Олар: Жорабек, Палымбет, Әбіқан, Даулет, Әшекей, Мәшен, Есжан, Қобланды, Ыбырай, Әли, Мұрат, Нұрмағанбет, Сарсенбай, Асқар... тағы да басқа айғайындар бар еді. Бәрі де жаңа заманға бет бұрып, егін егіп, бау-бақша өсіріп, балаларын оқытуға ниеттеніп жатты. Дүние кем болғанмен, адамдардың пейілінің кең кез ғой «Тартоғайдағы» ағайын- туғанның үйді-үйінде жатып балалар орта мектепте оқыды. Жорабек те екі ұлын: Шаһизадан мен Шахмарданын сол орта мектепке берді. Бір-біріне тете, ара жастары жақын болған соң, бірінші класқа екеуі бір күнде, бір жылда жарыса келді. Фамилиясын сұраған мұғалімге Шаһизадан Жорабек ұлымын десе, Шахмардан мен атамның баласы- мын, Есен ұлымын депті. Осыдан бастап бір әкенің балалары екі фа- милиямен жазылып, бірі – Шаһизадан Жорабеков, екіншісі Шахмар- дан Есенов болып кете барған. Мұндай ауыс-түйіс қазақ үшін таңсық емес, қайта тән, дәстүр болатын.
***
Амал қанша! Орыс халқында мақал бар: «Құдайды күлдіргің келсе, өз жоспарыңды жарияла!» деген. Жас Кеңестер Одағы үшінші рет бес жылдық жоспарын қабылдап, халық жаңа бір дәуірге ентелей еніп, коммунистік екпінді еңбектің көрігін енді қыздырып, ұрандатып жатқанда, неміс фашистері тұтқиылдан шекара бұзып, соғыс жария- лады.
30 Шахмардан Есенов
Бір күнде Қорғаныс Комитеті құрылып, оның қолбасшысы бо- лып Сталин тағайындалды. Ел шетін түре кірген неміс фашистеріне тойтарыс беруге көп ұлтты совет халқы бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығарып, қан майданға аттанды.
«Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» Майдан даласынан алыста жатқан, шағын ауыл – Тартоғайлықтар да жеңіс үшін таңды таңға, күнді күнге ұрып еңбек етті. «Алпыс» деген жасты артқа
«шегере» тұрып Жорабек ауылда қалған қарттар мен бала-шағаға басшы, көз болды. Ауыл адамдары енді-енді басы көбейіп келе жатқан қоғамдық малды қыста қырып алмау үшін жаз бойы жем-шөп дай- ындады, соқаменен жер жыртып, бидай, тары, күріш екті. Күзде оны мемлекет қамбасына құйып, колхоз мүшелерінің үлестерін теңдей етіп бөліп берді. Не керек, жеңістің келуіне аянбай-ақ өз үлестерін қосып жатты. Ауыл адамдарын шаршатқан бейнеттің ауырлығы емес, майданнан жеткен «қара қағаздың» хабары еді. Елу-алпыс үйі бар «Ащықұдық» пен жүзден асатын отбасы бар «Тартоғайдың» әр шаңырағын соғыс оты шарпыды, бірінен кейін біріне «қара қағаз» келіп жатты. Ағайын-туманың қасіретін көру Жорабекке оңайға түспеді, елді сөзімен де, ісімен де жұбатумен жүрді.
Ойына не түскенін кім білсін, бір күні Жорабек үлкен ұлы Шаһизаданға «үйленесің» деді. Ол оған қарсы бола қойған жоқ, сөз байласып жүрген Құрманкүлді сол кездің әдеті бойынша бір күнде ақ алып-қашып келді. Жорабек жақын деген ағайын-туманы, көрші- қолаңды шақырып, бір малын сойып көптің батасын алды. Құдаларын шақырып, жол-жоралғысын жасады. Айтты-айтпады Шаһизадан өзіне тәп-тәуір қолғанат еді, қасынан бір елі тастамайтын. Шахмарданды әлі баласынатын, ол көбіне анасы Шәрипамен бірге-ді.
Жорабек шаңырағы астындағы бұл тыныштық көпке ұзамады. Ұлының отау құрғанына жылға жетпей, яғни, 1943 жылы жасы 18-ге толар-толмастан майданға шақырды. Бірақ, бірден соғысқа әкеткен жоқ, Орта Азия аймағында аса құпия түрде он ай әскери дайындықтан өткерді. Сөйтіп, айтулы Гомель қаласын азат ету операциясына қатысып, қайшыласқан қанды қырғында ерлікпен қаза табады. Он екі де бір гүлі ашылмаған өрен жасты жер жастандырған, көзінің ағы мен қарасындай болған екі ұлының бірінің өмірін қиған фашистерге Жорабектің де ызасы мен нәлеті көп еді. Амал қанша! Осы сұмдықтың боларын ойлап ерте үйлендіріп еді, ең болмаса, бір тұяқ қалсыншы деп, онысын да Құдайы
Өмірі «Өларада» өткен Жорабек 31
қош көрмеді. Не істемек? Құдай салды мен көндім деп белді бекем буып, жалғызы Шахмарданның тілеуін тілеуге көшті. Бұл кезде Шахмардан да ер жетіп, орта мектепті бітіруге таянып қалған-ды. Жорабектен аумаған еңселі, сары, көзі көкшілдеу, ақыл-есі айрықша өрен болып өсті.
Қайғының қайсысы оңған дейсің, Шаһизаданның қазасы анасы Шәрипаны күйретіп кетті. Баяғыда, Жорабек үйде болмаған бес-алты жылда жанына жалау болған баласы еді. Ол кезде Шахмардан тым жас болатын, ал буыны қатқан үлкен ұлы мал жайласа да, отын-су әзірлесе де, қасында қатарласа жүретін. Сол кездің суреті мен келбеті қатар келіп тоғысқанда Шарипа есінен айрылып, аңырап, дауыс салып: «...қараң өшкір, қу фәшес, қайдан ғана келіп едің?! Өркенімді өсірмей, қыршынынан қидың-ау!» – деп, отыра қалатын. Әншейінде сөз бен уәжге дес бермейтін Жорабектің бұл тұста амалы таусылып, Шарипаны жұбатарға сөз таба алмай: «...пешенесіне жазған жазу осы шығар, Алланың ісі бұл...» деп, қана қоятын. Өзінің де оңып жүргені шамалы, Шаһизаданы есіне түскенде, аш қасқырша іші ұлып, атына міне, Сыр бойына қарай қайқаятын. Жорабек майысса, қайысқанын сездірсе, өзіне арқа сүйеп отырған қалың ағайын мен ауылдастарының күйі не болмақ?! Шаңырағы шайқалмаған, фашистің оты шарпымаған отбасы бұл ауылда қалмап еді...
Бірде Жорабек Қызылордадан Шаһизаданмен бірге соғысқа аттан- ған Базарбай деген жігітті жолықтырды. Майданнан келгеніне көп болмапты. Ол Жорабекке бір әңгіме айтты. Олар (ішінде Жорабектің ұлы Шаһизадан да бар), бір топ бала болып, вокзалға жақындай бергенде, алдарынан бір сыған әйел шығып, бал ашып берейін, алақан- дарыңды жайыңдар дейді, майданға аттанып бара жатқан бір топ жасты тоқтатып. Жамандықты күтпейтін жастық шақ емес пе, шіркін, екі-үшеуі алақандарын ашып, әйелдің алдына тұра қалады. Ойларын- да түк жоқ, соғыс дегеннің не екенін түсініп те тұрған жоқ. Әлгі әйел:
«...сен соғыстан аман келесің, сосын профессор боласың, ал, сен – дәрігер, сен – мұғалім... боласың дей келіп, Шаһизаданға келгенде кілт тоқтап, алақанына бір қарап, бетіне бір қарап, тұрып қалады да, артынша:
«Сен соғыстан оралмайсың!» деп айтып та салады. Жастықтың буы емес пе, оған соншалықты мән беріп, көңіл де аудармай, улап-шулап пойызға мініп кете барады. Мән бергенде қолдан не келмек?...
Құпиясы көп дүние ғой бұл, сол сыған әйелінің айтқаны рас болып Шаһизадан соғыстан оралмады. (Әлгі екеуі шынымен-ақ кейіннен бірі – ғылым докторы, бірі дәрігер болады). Осыдан кейін Жорабек
32 Шахмардан Есенов
пен Шәрипа «жазмыштан озмыш жоқ екендігін!» біржола мойындап, ендігі жерде жаратушыдан жалғызы Шахмарданның тілеуін тілеуге көшті, амандық-саулығын күндіз-түні Құдайдан сұрады.
Отан қорғау – әрбір азаматтың парызы, міндеті деп ұрандатып ақ жатамыз. Шындығында, елдің бәрі «парызым!» деп қабылдай ала ма, алды ма? Міне, мәселе осында. «Соғыс!» дегеннің аты да, заты да суық. Ол ел шетіне келмесін деңіз, егер келіп жатса, «батырмын» деп жүргендердің біразы сыр білдіріп қояр-ау. Өйткені соғыстың екінші аты – Ажал! Ал, ажал аузына барып кімнің түскісі келсін... Бес саусақ бірдей емес. Соғысқа біреулер өз еріктерімен сұранып кетіп жатса, ал екінші біреулер орман мен тоғайға тырапайлап қашып, қаншама жыл тығылып өмір сүрді. Өмір. Тағдыр. Не дей аласыз. Қалай десеңіз де, бұл сол соғыс жылдарының шындығы. Жер жерде «қашқындар» саны көбейіп бара жатқан соң, ақырында Қорғаныс Комитеті «О легализа- ции беженцев из рядов Красной Армии» деген қаулы шығаруға мәжбүр болды. Оның талабы – қашқындарды ұстап, заң алдында жауапқа тарту.
Қаулы шығуын шықты-ау, бірақ оны іске асыру оңайға соқпады. Соғыстан қашқан адам қаулы шыққан екен деп өз аяғымен келіп, кінәсін мойындамасы анық. Олардың тығылатын, паналайтын жері де белгілі: тау мен тас, орман мен тоғай. Оның қай жерінен тауып, ұстамақсың. Қиынның қиыны. Қаулыны орындау үшін әркім әр түрлі айла тапты, көбі Мемлекеттік Қауіпсіздік комитеті қасынан топ құрып, олар орман – тоғайды сүзіп, тау мен тасты аралады. Нәтиже аз. Қызылорда облыстық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Тәңірберген Жармағанбетов ел ішіндегі қадірлі азаматтарға арқа сүйеуді жөн деп тапты. Мұндай мәселені қара күшпен емес, құдіретті қара сөздің, аталы сөздің күшімен ғана шешуге болады-ау деп топшылады. Кім бар? Басты сұрақ осы болды. Сыр өңіріне сөзге шеберлігімен, орысша-қазақша бірдей сөйлейтін шешендігімен аты әйгілі Есенов Жорабек бірден ойына түсті. Өзіне шақыртты. Мән – жайды түсіндірді. Жорабек түсінді.
Бұдан арғы әңгімен талай жылдар заң саласында қызмет атқарған, елге еңбегі сіңген, баяғыда Жорабек Тәшкенде қамалып жатқанда артынан іздеп барып, хабарын біліп келетін немере ағасы Ізтілеудің баласы, полковник Ізтілеуов Серғара ағамыз айтады. Біз ол кісіні Шиеліге арнайы іздеп бардық.
– Шырағым, бұл әңгімені айтқанда біреуді қаралап, әйтпесе, біреуді мақтап тастайын деп отырған жоқпын. Ол бір қиын кез еді ғой. Қиын
Өмірі «Өларада» өткен Жорабек 33
кездің қилы оқиғасы болады, оған төрелік айту да оңай емес. Адам баласының басына бермесін... мысалы, біреу – бір үйдің жалғызы, ол кетсе, шаңырақ құлайды, екіншісінің бес-алты баласы қалып барады артында... кімнің өлгісі келеді... соғыстың аты соғыс, әрбір сәт саған ажал аузын ашып тұрады. Сол ажалдан қашқандар соғыс жылдарында аз болған жоқ. Енді оларды бейберекет жібере беруге болмайды ғой, оны ауыздықтамаса, олардың қатары көбейіп, ел ішінде тәртіпсіздік орнайды. Осыны ескерген Қорғаныс комитеті жедел қаулы шығарды. Оны орындамасаң, өзің жауапқа тартыласың. Өкіметтің құрығы ұзын... Тәңірбергеннің тапқан айласы дейміз бе, әлде ақылы дейміз бе, не де болса, дұрыс шешім болып шығады. Ол заң саласында біраз қызмет істеп танылған, сауатты, сөзге шешен Есенов Жорабекті көмекке шақырады.
Ол былай болған екен...
Қызылорда облыстық Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Тәңірбер- ген Жармағанбетов:
– ...ал, Жөке, ақыл таусылып, амал құрып тұр. Тек үміт өзіңізде ғана. Соғыстан қашып... жаман әдет етек алып барады... Отанды қорғау әрбір азаматтың Коммунистік партия алдындағы парызы емес пе?! Жөке, Сталин..., – дей беріп еді Жорабек қамшысын жоғары көтеріп «тоқтат!» дегенді білдірді. Тәңірберген әңгімесін күрт үзді. Жорабек отырған орындығында шайқатылып-шайқатылып, денесін тіктеп алды да:
– Шырақтарым, айтылатын сөз ол емес... Қазақ отанын, елін- жерін қорғауда «қашқын» атанып көрген емес, ықылым заманнан бері бұл жерге кімдердің көзі түсіп, кімдердің табаны тимеді. Қалмақ пен шүршітті, тіптен іргедегі күнде қоқаңдап маза бермейтін Қоқан хандығын жерімізден түре қуғанымыз күні кеше ғана... Біздің ата- бабаларымыз мұндай жаман әдет көрсеткен емес... Әңгімені Сталин- нен емес, намысты оятатын, қанды қыздыратын, ұрымтал тұстан соғу керек болар... Иә, шырақтарым, асынған алдаспан, алтыатарларың бола тұрып, қара сөзге жүгінгендерің дұрыс! Сөз тас жармаса да, бас жаруға жарайды... дұрыс, дұрыс, – деп бір қойды да, жан-жағындағы әскер киімін киген, «не айтар екен?» деп, өзін қаумалап тұрған бір топ адамды қыран көзімен қағып өтті. Сөз жоқ, шешендігімен, бірбеткей мінезімен, білімділігімен осы төңірекке аты шыққан Жорабектің аузынан бір дуалы сөз естісек екен деп телміріп тұрғандары рас еді. – Бұл не тұрыс? Көмек сұраған екенсіңдер, мен дайын, бірақ менің бір
34 Шахмардан Есенов
шартым бар, – деді де ұзын столдың басында отырған Қауіпсіздік комитетінің төрағасына қарады: – Мыналарың мылтықтарын шошаң- датып, онсыз да жүректері шайлығып отырған халыққа қоқаңдамай, тыныш жүретін болсын... – деді де, алды-артында андыздап, «бұл шал не бітірер дейсің?» деп күмәнданып тұрғандарға қиастана бір қарап, орнынан атып тұрып, екі аяғын бір-біріне сарт дегізіп, қолын шекесіне апарып: «Товарищи чекисты! Пока не завершится это дело, председа- телем Комитета по безопасности в этой местности являюсь я!» – деді. Қоршаған топ ду күлді. Алпыстан асқан алпамсадай алып денелі Жо- рабекке бұл батылдығы, қалжыңы жарасып тұрды.
Жоба-жоспарын жасап алып ертеңіне-ақ, Қорғаныс комитетінің бір-екі адамы бар және Қызылорда Ішкі істер басқарма бастығының орынбасары Ерназаров және Есенов Жорабек, бар-жоғы он бес адам болып, Шиелі өңіріндегі Жөлек, Бекбай, Қаракемер, «Ортақшыл»... ауылдарын бетке алды.
Алғаш келген «Отырықшыл» ауылы болды. Бұл ауылда Жорабектің немере ағасы Елупанов Ізтілеу тұрады. Сол үйге жиырма шақты аттылы адам сау ете түскенде, ауыл адамдары шошынып, іштерін тартып қалған-ды. Ізтілеудің үш ұлының үлкені Сәдір мен ортаншысы Ерғара, екеуі де соғыста болатын. Кішісі Серғара жасы толмағандықтан, майданға алынған жоқ. Жорабек бұл келістерінің мән-жайын ағасы Ізтілеуге түсіндірді. Балаларынан суық хабар жоқтығына қуанған ағасы бір қойын құдайыға шалып, сойып тастады, қонақтарды күтуге кірісті. Не керек, ас ішіліп біраз жайланып алған соң, Жорабек ауыл адамдарын осында шақыртты. Онсыз да шыққан қаулыдан хабардар болып отырған ауыл адамдары әңгіменің қай бағытта боларын сезіп отыр. Жорабек қолындағы «қашқындардың» тізімін оқымады, ешкімнің түсін түстеп, атын атамады. Келіп отырған туыс-туғандарын жерге қаратқысы келмеді.
Болмысында Жорабек қанша өзі батыр тұлғалы, орақ ауыз, өткір тілді болғанмен, орынсыз содырлық, бас бұзар мінезі жоқ болатын. Қандай бір нәрсеге де «тағдыр, жазмыш» деген тұрғыдан қарайтын. Мүмкін, бұл Діни семинарияның берген тағлымы, тәлімі шығар, кім білсін?!
Көпшілік жиналды-ау деген кезде нақ төрде, екі-үш адамның орнын бір өзі алып отырған алып денелі, екі иғына екі кісі отырғандай, жауырыны қақпақтай Жорабек баяу үнмен сөз бастады. Ол сонау
Өмірі «Өларада» өткен Жорабек 35
Адам ата, Хауа анадан бастап, Нұқ пайғамбарға «соғып», одан кейін Хам, Сам, Япес дегендерді тектеп, сақ, ғұн тайпаларын қозғап, көк түрікке келіп:
Ілтеріс қаған
Қатулана атқа қонбаса, Мен де атқа қонбасам, Түрік елі құм астында, Күл астында қалар еді. Шүкір!
Елім-ел болды. Жерім-жер болды. Ерлерімді былай қойғанда, Құлыма дейін өр болды!
– деп, Тоныкөк батыр сонау-сонау бағзы замандарда батырла- рына, жауынгерлеріне риза болып жырлаған. Бұл далаға кімдердің көзі түсіп, кімдердің табаны тимеді дейсің, шырақтарым! Солардан аман алып қалған көк түріктің ұрпағы, өзіміз секілді анадан туып, әкеден жаратылған қазақтың ер – азаматтары. «Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер», – демей ме халық. Біздің де басымызға сондай бір күн туып тұр. Неміс фашистері ентелеп Мәскеудің түбіне келді, біздің батырлар: Бауыр- жан мен Панфилов қандай ерлік көрсетті десеңізші. Көшедегі қара радио олардың ерлігі жайлы қайта-қайта айтып жатыр. Өздерің де естіген боларсыңдар, шырақтарым. Олардың ерлігі жайлы естіген сайын жанарыма жас үйіріледі, кеудемді мақтаныш кернейді. Неге? Өйткені олар қазақ халқының абыройын асырып, даңқын жер-әлемге жария етті. Сол батыр Бауыржан былай дейді: «Отан үшін отқа түс, күймейсің, арың үшін алыссаң, өлмейсің!» Нағыз ер жүрек, хас батырдың сөзі.
Жасым ұлғайған шақта мен де бір сынға түсіп отырмын... Дұрыс түсініп, тура қабылдағайсыңдар, шырақтарым. Адам баласы анадан батыр болып тумайды, батырды жағдай жасайды, намыс жасайды. Сол секілді адам баласы анадан қорқақ болып тумайды, оны жағдай мәжбүрлейді. Не нәрсеге де ақыл, сабырлылық керек. Олар өз әрекеттерін сол ақылға салып, сабырмен ойлансын. Мына заң
36 Шахмардан Есенов
органының адамдары соны айтқалы келді Сіздерге. Өкіметтің, Сталин жолдастың қолы қойылған қаулы шықты, соғыстан қашып-пысқандар өз еркімен келгендерді жазалап-жазғырмай-ақ тура майданға жібере- міз, қатардан қалмасын дейді.
Адам дегенде тағдыр деген болады, маңдайға жазған жазу бар. Біздің тағдырымызға осы қу соғыс тура келіп тұр, әйтпесе, кімнің соғысқа барғысы келіп құлшынып тұр дейсіңдер. Елдің іші күнде жылау мен сықтау...
Ақылға салып, олар өз бастарынан бұрын ұрпақтарының бола- шағын ойлаулары керек. «Сенің әкең қашқын болған, сенің ағаң қашқын болған!» деген ғайбат сөзді естудің ауырлығын, санаға салар салмағын олар ұғынуы керек. Біздің бүгінгі қателігіміз үшін ертеңгі ұрпағымыз ұялмауы керек! Біздің қателігіміздің азабын олар тартпау керек! Балардың «көжесіне қатық, бетіне салық» етпеуі үшін олар өз қалауларымен майданға сұранулары керек. Оларға әлі де болса өз қателіктерін түсініп, жою үшін мүмкіндік беріп отыр, соны пайдалану керек. Тағы да халықтың сөзін айтуға мәжбүрмін, шырақтарым: «Тізерлеп жүріп күнелткеннен, қайрат көрсетіп өлген артық!» – дейді. Біз ешқайсымыз да халықтан әулие емеспіз, халық айтса, дөп айтады, шындықты айтады... «Жүк ауырын нар көтереді, ел ауырын Ер көтереді». Осы ауылдан қаншама азамат ел басына түскен ауыртпалықты көтеріп алмаққа майданға кетті. Амал қанша,
«қара қағаз» алып, қара жамылғандарымыз да аз емес. Менің де көңілім алаңдаулы, он екі де бір гүлі ашылмаған бір азаматым – балам майданның қақ ортасында жүр... – Дәл осы тұста манадан бері хас батырша қасқайып, жосылып отырған Жорабектің дауысы дірілдеп- дірілдеп барып, бастапқы ырғағына әрең-әрең түсті. Еріп келген- дер ұйып тыңдап, ауыл адамдары бастарын төмен салып, бірі – жер шұқылап, тіптен кейбірінің мұрындары суланып, пысылдап-ақ қалды. Қайтсін, бұлардың да күні – күн емес, кімге болысарын, кімнің сөзін сөйлерін білмей шерменде күйді кешуде. – Шырақтарым, мен бар діннің тарихын оқып, тамырын қазған адаммын, сондағы көзімнің жеткені – қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі, ажалсызы келеді. Қашу – жаудан құтылудың жолы емес. Жеңіс те келеді, соғыс та бітеді, бірақ олар «қашқын» деген жаман аттан өмірі құтыла алмайды. Өкіметтің құрығы ұзын... қарабет болып қашқанша, «көппен көрген ұлы той» деп майданға аттанулары керек. Қашып-пысып өмір бойы
Өмірі «Өларада» өткен Жорабек 37
елеңдеп, кім не дер екен деп жалтақ, жалтаң болғаннан көрі, майданға барып мерт болған – жүз есе артық! Ердің туы-намысы! Сол намысты өлтірмесін олар!
Жауға шаптым ту байлап, Шепті бұздым айғайлап, Дұшпаннан көрген қорлықтан, Жалынды жүрек, қан қайнап, Ел-жұртты қорғайлап,
Өлімге жүрміз бас байлап. Уа, жігіттер, жандарың Жаудан аяй көрмеңіз,
Әзірейіл тура келмей, жан алмас!
– деп, Ақтанберді жырау жырлаған екен, шырақтарым!
Қашып жүріп қабанға жем бола ма, жоқ соғысқа барып аман орала ма, ол бір Алланың ісі. Адамға батырлық қандай тән болса, қорқыныш та тән, түсінеміз. Жер бетінде қорықпайтын адам жоқ, қорқыныштың әр түрін әрбір адам басынан өткереді. Қорқынышпен күресу де – ерлік! Ерліктерін көрсетсін, қорқыныштарын жеңсін, ел-жұрт алдындағы па- рыздарын өтесін, қарыз болмасын... олардың да аналары «ұл таптым!» деп, қалжа жеген шығар, ақтасын соны! Қара бет болып қашқанша, қан майданда халық үшін қайрат көрсетсін, қатардан қалмасын, шырақтарым. Осы сөзім – сіздерге аманат, жеткізіңдер жүйелеп... – деп, жан-жағында қаумалап отырған, еріп келген «нөкерлеріне» бір қарап қойды да, «Сіздің айтарыңыз бар ма?» деп Ішкі Істер бастығына қарады. Сөз алған ол «Жөкеңдікі жөн» дегеннен әрі аса алмай,
«қашқындарға» Кеңес заңының қатал екенін айтып қана тоқтады. Жиналған жұрт үн-түнсіз орындарынан тұрып, үйді-үйіне тарады. Олардың жан-дүниелерінде не болып жатқанын айтып жеткізу қиын, әрине. Ақылдары азайып, саналары солып, солпиып-солпиып кетіп барады. Жол айрығында тұрған жолаушының жай-күйі...
Ертеңіне, сәске кезінде Сырдың бойындағы ит тұмсығы батпайтын орман-тоғай ішінде жасырынып, Отан қорғау міндеттерінен қашып жүрген адамдардың алды келіп, басын иді. Басқалары да ешқандай атыс – шабыссыз-ақ өздері келе берді, келе берді. Осындай шаралар Шиелінің айналасындағы ауылдарда да өтті. Бір жұманың ішінде
38 Шахмардан Есенов
Қызылорда облыстық Ішкі істер басқармасының бастығы Ерназаров және оның сақшылары елу жеті адамды алып, облысқа кетті. Кейіннен олардың біразын – майданға, біразын қара жұмысқа жіберіпті дегенді ғана естіді Жорабек.
Артынша Қызылорда облыстық Қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер басқармасы Есенов Жорабекті арнайы шақырып, алғыстарын айтты. Қазақтың қарапайым ауылындағы алпыстан асқан Есенов Жорабектің жеңісті жақындатуға қосқан үлесі осылай болды...
Достарыңызбен бөлісу: |