Қазақ алтайы мен тарбағатайының ерте темір дәуірі археологиясының зерттелу деңгейі және болашағы омаров Ғани Қалиханұлы



жүктеу 248,59 Kb.
Дата05.02.2018
өлшемі248,59 Kb.
#8504

ҚАЗАҚ АЛТАЙЫ МЕН ТАРБАҒАТАЙЫНЫҢ ЕРТЕ ТЕМІР ДӘУІРІ АРХЕОЛОГИЯСЫНЫҢ ЗЕРТТЕЛУ ДЕҢГЕЙІ ЖӘНЕ БОЛАШАҒЫ
Омаров Ғани Қалиханұлы

әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университетінің доценті, т.ғ.к.
Сан ғасырлар бойы Шығыс Қазақстан өңірін мекендеп келген этностардың археологиялық ескерткіштері мен мәдениеттерін, тарихи кезеңдерін ғылыми талдаудан өткізу барысында, мұнда бірін-бірі алмастырған майемер, шілікті, берел, құлажорға, т.б. мәдени кезеңдердің болғандығы анықталған. Алайда осы тарихи кезеңдердің ара-қатынасы, бір-бірімен этно-мәдени және генетикалық байланысы, өзара мәдени ықпалдастығы Қазақстан археология ғылымында өз шешімін толық таба қойған жоқ. Қазіргі таңдағы өзгерістер тарих ғылымының зерттеулер аумағындағы деректер жүйесін қайта екшеп, оның зерттеу әдістерін жетілдіріп, жаңа түсініктер қалыптастыруды, кеңестік жүйе кезінде зерттелген мәселелерді жаңаша талаптар тұрғысынан қарастыруды талап етіп отыр. Бүгінгі күнде, осы үрдіс барысында ең алдымен көршілес Ресей, Қытай және Моңғолиямен шектесетін шекаралық аймақта орналасқан археологиялық ескерткіштерімізді тыңғылықты зерттеу кезек күттірмес мәселе.

Еліміздің ежелгі тарихы мен мәдениетінің тарихи географиялық шек-шекарасы қазіргі республикамыздың саяси шекарасымен шектелмейді. Мәселен, ерте темір дәуіріндегі біз қарастырып отырған Қазақстанның шығысы және Шыңжаңның батыс, солтүстік өңірінде антикалық және Қытай жазба деректері бойынша патшалық тиграхауда сақтары мен «алтын қорыған грифтер» елі, үйсін тайпалары өмір сүрген делінеді [1]. Бұл халықтар ХVІІІ ғасырдағы зерттеушілердің де назарына іліккен болатын. Алтайдағы ерте темір дәуіріндегі мәдени-тарихи дамуды алғашқылардың бірі болып нақтылай көрсеткен әйгілі шығыстанушы В.В. Радлов болды [2; 3; 4]. Бұл аймақтың тарихын нақты білу мақсатында ғалым өзіне дейінгі Д.Г. Мессершмидт, Г.Ф. Миллер [5; 6], П.С. Паллас [7], Г.И. Спасский [8] т.б. зерттеушілердің еңбектері мен мұрағат материалдарымен толықтай танысып шықты. Осылайша В.В. Радлов Алтай, Қазақстан және Минусин қазаншұңқырындағы далалық ізденістер нәтижесінде төрт мәдени-тарихи кезеңді бөліп көрсетті: мысты-қола, ежелгі темір, жаңа темір және кейінгі темір дей отырып, Берелдің тас қорғандарын қола дәуірінің жерлеу орындарынан мүлде өзгеше екендігін ескере келе, ежелгі темір кезеңіне жатқызды. Археологиялық ескерткіштерді кезеңдеудің бұл нұсқасы әлемде кеңінен қолданылатын «үш ғасыр» (тас, қола (мыс), темір) концепциясына жақын болғанымен, алайда нақты материалдарға сүйене келе ежелгі мәдениеттердің дамуын көрсететін алғашқы талпыныс еді.

ХХ ғасыр бас кезіндегі белгілі ғалым А.В. Адрианов 1906, 1910 және 1911 жылдары Семей облысы жерінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстардың нәтижелері 1916 жылы Императорлық археологиялық комиссияның Хабаршысында «К археологии Западного Алтая (из поездки в Семипалатинскую область в 1911году)» атты еңбегінде жарияланды [9]. Майемер жазығында, Нарым жоталарындағы Солонечный Белок түбінде, Черновая ауылынан жоғары Бұқтырма өзенінің оң жағалауында қазба жұмыстарының нәтижесінде ерте темір дәуіріне жататын өте құнды заттар табылды, түрлі кезеңдерге жататын жартастағы жазулар мен тас балбалдар туралы да деректік қор жинақталды. Қалай болғанда да А.В. Адрианов зерттеу жұмыстарын әуесқой өлкетанушы деңгейінде ғана жүргізді деп есептеуге болады. Өйткені археология ғылымының бұл кездердегі әлемдік деңгейдегі тәжірибесі енді ғана қалыптасып келе жатқан еді.

Кеңестік дәуірде алғашқылардың бірі болып 1927 жылы С.И. Руденко Батыс Алтайда зерттеу жұмыстарын жүргізді. Автор өзінің «Горноалтайские находки и скифы» [10], «Культура населения Горного Алтая в скифское время» [11] атты еңбектерінде Еуразияда ортақ скиф-сақ әлемінің өмір сүргендігін тұңғыш рет тілге тиек етті. Сондай-ақ зерттеуші сол кезеңдегі экологиялық жағдайдың өзгегеруіне байланысты отырықшы халықтардың негізгі бөлігінің шаруашылықтың жаңа түрі – малшылыққа, яғни көшпелі өмірге ауысқандығына да назар аударды. Сонымен бірге С.И. Руденко гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының әртүрлі әдістерін пайдалана отырып Таулы Алтайдың ежелгі көшпелілер мәдениетінің дамуын зерттегенде пәнаралық ізденістердің қажеттілігін атап көрсетті.

С.С. Черников 1947 жылы Шығыс Қазақстан экспедициясы құрылған уақыттан бастап кей жылдардағы үзілістерін санамағанда 1971-ші жылға дейін археологиялық барлау, ескерткіштерді есепке алу және қазба жұмыстарын жүргізді. Соғысқа дейінгі 1935-1937 жылдардың өзінде-ақ зерттеушінің басты назары осы өлкедегі кен орындарын іздестіру, археологиялық барлау мен стационарлық қазба жұмыстарына және шешуін күтпейтін күрделі мәселелер мен ірі ескерткіштерді жүйелі түрде зерттеуге бағытталды. Бұл жайт ғалымның «Древняя металлургия и горное дело Западного Алтая» [12] тақырыбындағы кандидаттық диссертациясында қаралса, ал «Восточный Казахстан в эпоху бронзы» [13] атты іргелі ізденісінде бұл мәселелерге тереңірек тоқталған. Археологиялық экспедицияның материалдары жылма-жыл ғылыми есеп, қысқаша есеп ретінде және қолжазба түрінде жазылып, қорытындылары ғылыми мақала ретінде баспасөзде жарияланып тұрды.

С.С. Черников «Некоторые закономерности исторического развития ранних кочевников (по археологическим материалам Западного Алтая)» атты еңбегінде Еуразия құрлығындағы ерте темір дәуірінің әлеуметтік-экономикалық өзгерістеріне Батыс Алтайдағы ерте көшпелі тайпалардың нақты археологиялық және антропологиялық материалдары негізінде сипаттама бере келе осы өңірде өмір сүрген тайпалар мен халықтарды этнографиялық белгілеріне қарай топтастырды да, олардан табылған заттарды формасы бойынша кезеңдестірді [14]. Ол Батыс Алтай тауларында мыс пен қалайы кен орындарының тоқырауға ұшырап, жойылуына әкеліп соғуын ж.с.д. VII ғасырдағы көшпелілердің алғаш темір заттарды пайдалана бастауымен байланыстырды да, өз пайымдауын археологиялық дереккөздері арқылы нақтылап өтті. Ал Шілікті жазығындағы әлемдік археологияны ерекше олжаларға кенелткен № 5 және № 7 қорғандар материалдарын «Алтын қорған құпиясы» атты монографиялық еңбегінде жариялады да [15], солардың негізінде «скиф-сібір аң стилі», сақтар дүниетанымы мен идеологиясы, олардың шығу тегі жөніндегі ғылыми ой қаузады. Сондай-ақ С.С. Черников Шығыс Қазақстан ерте көшпелілері мәдениетінің кезеңдестірілуі мен хронологиясын сол уақыттағы барлық материалдарға сүйене отырып «К вопросу о хронологических периодах в эпоху ранних кочевников» атты ғылыми мақаласында [16] бір жүйеге келтіріп берсе, «Наскальные изображения верховий Иртыша» атты еңбегінде [17] осы өлкедегі жартас суреттері туралы құнды тұжырымдама жасады. Алайда, Шығыс Қазақстан археологиялық экспедициясының кей жылдардағы зерттеу материалдары ғылыми есеп, не ғылыми мақала болып жарық көрмеді.

Қазақ Алтайындағы ерте темір дәуірі жайлы жазылған іргелі зерттеулердің қатарына С.С. Сорокиннің «Памятники ранних кочевников в верховьях Бухтармы» атты еңбегін жатқызуға болады [18]. Онда автор Бұқтырма өзені бойындағы ерте темір дәуірі археологиялық ескерткіштерінің сипаттамасы, қазбадан табылған заттары, жерлеу ғұрпы және мерзімделуін кең түрде қарастырды. Алтайдағы Күрту қорымындағы қоршау белдеуі бар қорғандардан табылған үш тесікті сулықты Алтай, Қазақстан және Орталық Азиядаға ортақ типологиялық жетілу схемасы бойынша С.С. Сорокин ж.с.д. VIII ғасырдан кеш қолданыста болмағандығын анықтай келе, ерте сақ ескерткішін ж.с.д. IX-VIII ғасырлармен мерзімдеген. Осы ескерткіштегі бүктетіле жерленген мәйітпен жылқының бөлек камерада қойылу дәстүрін негізге ала отырып сақ-скиф дәуірінің ж.с.д. IX ғасырынан бастау алатын ерекше күрту кезеңін бөліп шығарды. Алайда, С.С. Сорокиннің сақ мәселесі туралы көптеген зерттеулеріне қарамастан ғылыми мәселелердің мәдени-хронологиялық шешіміне, немесе теориялық талдаудың әлдеқайда жоғарғы деңгейіне жете алмады.

Отандық археологтардың «Археологическая карта Казахстана» атты ұжымдық еңбегінде [19] археологиялық ескерткіштер ғылыми тұрғыдан жүйеленді, оның кіріспе бөлімінде Қазақстан археологиясының тарихына қысқаша шолу жасалынды. Онда Шығыс Қазақстан өңіріндегі бірен-саран ескерткіштердің зерттелу тарихы да баяндалған еді.

Сондай-ақ қазақстандық археолог Ф.Х. Арсланованың «Новые материалы VІІ-VІ вв. до н.э. из Восточного Казахстана» [20], «Погребальный комплекс VIII-VII веков до нашей эры из Восточного Казахстана» [21] атты еңбектерінде Ертіс аңғарының ерте темір дәуірі ескерткіштері туралы мәселелер көтеріліп, өңірдегі ерте темір дәуіріндегі халықтардың мәдени даму жайы қарастырылды.

Шығыс Қазақстанда көп жылдар зерттеу жұмыстарын жүргізген белгілі археолог Ә.М. Оразбаев та ерте темір дәуірінің көптеген ескерткіштеріне зерттеулер жүргізді. Ол басқарған экспедициялық ізденістердің кейбір қорытындылары «Некоторые итоги археологического исследования Восточного Казахстана» деген телавторлық ғылыми мақалада талданған [22].

Ертістің жоғарғы аңғарында әр түрлі тарихи кезеңдерге жататын ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізген Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының Шүлбі археологиялық экспедициясының нәтижелері С.М. Ақынжанов, З.С. Самашев, Ю.И. Трифонов, А.С. Ермолаева және т.б. авторлардың «Археологические памятники в зоне затопления Шульбинской ГЭС» атты монографиялық еңбегінде толымды түрде сипатталынып, жекелеген ескерткіштердің материалдары ғылыми талдаудан өткен [23].

Тарбағатай теріскейіндегі 1989 жылдан бергі жалғасын тауып келе жатқан Ә.Т. Төлеубаевтың зерттеулері де ғылыми басылымдарда жарық көруде. Ол басқарып келе жатқан археологиялық экспедициялардың топтары қола және ерте темір дәуірлері, орта ғасырлар кезеңдеріне жататын көптеген ескерткіштерді анықтап, ғылыми айналымға соны мәліметтерді енгізе білді. Солардың бірі Зайсан өңіріндегі Шілікті жазығындағы Бәйгетөбе қорғанының бірегей материалдары деуге болады [24].

Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан қола дәуірінен бастап орта ғасырларына дейінгі тарихынан мол мағлұматтарды тасқа шекілген суреттерден алуға болады. Мұндай тарихи мәліметтер бірқатар авторлардың арнайы зерттеу нысандарына да айналғандығы белгілі. Олардың көшбасында З.С. Самашевтың «Наскальные изображения Верхнего Прииртышья» еңбегін атауға болады [25].

Бірқатар зерттеушілер (Ғ.А. Базарбаева [26], А. Оңғар [27], т.б.) ерте темір дәуіріндегі таным-түсінікке, діни көзқарастар, жерлеу ғұрпы мен мәдени байланыстарға ден қойып келеді.

Ерте сақ дәуіріне жататын ескерткіштерін зерттей келе Алтайдың солтүстік-батыс бөктерлері мен соған қабысып жатқан Шығыс Қазақстан аудандарында ж.с.д. IX ғасырдың соңы - ж.с.д. VI ғасырлардың басында майемер мәдениетінің Зевакино, Күрту 2, Герасимовка, Тарасу, Кондратьевка және т.б. 20-ға тарта ескерткіштері сараланып, орналасу жағдайы анықталды [28]. Қорғандарының микротізбекпен орналасатындығы, жерлеу камерасы қабір шұңқыр түрінде, кейде тіпті терең болып келуімен және ақымның аузы таспен көлегейлене, немесе тас жәшікте; үйінді сыртын айналдыра жиектеген тас қоршауда болуы немесе оның болмауы; адамды жылқымен бірге, қой немесе солтүстік не солтүстік-шығыс секторда жүгенді қоса жерлеу; мәйітті шалқасынан созылта, басын солтүстік не солтүстік батысқа қарата жерлеу сынды ерекшеліктері бұл мәдениеттің басты белгілері болып саналады. Зерттеу жұмысы барысында жоғарыда аталған ерекшеліктеріне қарай ерте сақ жерлеулерінің жеті негізгі типін бөліп көрсеттік. Сондай-ақ майемерліктердің мәйітті «жиыра» және «созылта» жерлейтін екі тобы жерлеу салтына қарай ажыратылады. Жазба деректерден белгілі тарихи даталар және оқиғалармен шендестіргенде майемер мәдениетінің соңы және пазырық мәдениеттерінің басы ж.с.д. 585 жылдар шамасындағы мидиялықтардың Ассирияны талқандауымен және ирандық Ахеменидтер державасының күшейуімен тұспа-тұс келеді [29]. Сірә, бұл жорықтарға біз зерттеп отырған Ертіс бойы тайпалары да қатысса керек. Кейбір ғалымдар Алтайдағы Күрту сынды скиф-сақ типіндегі алғашқы ескерткіштерді Батыс Чжоу мемлекетінің Орталық Азиялық көшпелі тайпаларының қысымынан құлауымен, Моңғолиядағы керексур мәдениетінің құлдырауымен түсіндіреді [30].

Бүгінгі күнге дейін ерте сақ дәуірі ескерткіштерінің материалдық мәдениеті, жерлеу ғұрыптары, шаруашылығы, әдет-ғұрыптары жайлы мәліметтер қаралғанымен, археологтардың алдында сақ тайпаларының қоныстарын зерттеу мәселесі тұр [31]. Егер осы мәселе алдағы жылдары өзінің дұрыс ғылыми шешімін табатын болса, Шығыс Қазақстанның ғана емес жалпы Еуразия кеңістігіндегі ерте көшпелілер мәдениетінің өзекті мәселелері ашылар деген ойдамыз.

Шығыс Қазақстан жерінің Алтай тауларымен астасып, Шыңғыстау жоталарына ұласып жатқан Тарбағатай сілемдері, оның қайнауы бағзы замандардан ақ сан алуан ғажайып ескерткіштері көп кездесетін өлке. Аталған өңірдің археологиялық тұрғыдан зерттелінуі Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда ақтаңдақ деуге болады. Еңбек және тұрмыс құрал-жабдықтарының ұқсастығы, шаруашылығы мен діни сенімдері, жерлеу құрлыстарының дамуындағы ерекшеліктер мен ортақ белгілер қола, ерте темір дәуірі, тіпті түркі кезеңі мәдениеттерінің түбірінің бір, өзара жалғастығының тамыры терең екендігін көрсетеді. Атап айтқанда басты назарда ерте темір дәуірінде Шілікті өңірінде мекендеген ерте сақ мәдениетінің қола дәуірінде өмір кешкен тайпалардың заңды тікелей жалғасы екендігін дәлелдейді. Олардан қола дәуірі кезеңдерінің өзара байланыстары мен жүйелі хронологиялық дамуы жақсы көрінеді. Демек, Шіліктілік ерте сақ мәдениетінің қола дәуіріндегі мәдениеттердің қарапайым түрінен, күрделі, жетілген сатысына өткен заңды жалғасты жетістігі деп қорытындылауға мүмкіндік береді. Шілікті археологиялық мәдениеті ескерткіштері құрылымының күрделілігімен, көрнектілігімен, сәулет құрылыстарын салудың жоғары техникасымен, зергерлік өнердің аса үздік үлгілерімен көзге түседі. Кең алқапты алып жатқан аса ірі, ғажайып жерлеу құрылыстары патша қорғандарының ең жетілген, жоғары дамыған кезеңі екенін көрсетеді. Соңғы археологиялық зерттеулердің нәтижесінде мемлекеттіліктің қайнар бастауы сақтардан басталатындығы жөніндегі пікірлер де белең алуда [32].

Тарбағатай теріскейінен Алтайдағы Нарын өзеніне дейінгі әзірге нақты айқындалған аймақта белгілі бір тәртіппен орналасқан, жерлеу ғұрпы, ақыреттік заттары, саз ыдыстары және т.б. тұрақты ортақ белгілерінің болуы осы өлкеде ж.с.д. VIII - ж.с.д. IV ғасырлары аралығында жеке археологиялық мәдениет өмір сүргенін көрсетеді. Ерте сақ дәуірінің элиталық (патша) билеуші ақсүйек, әскер басы, абыздары сынды топтарына тұрғызылған – Шілікті қорымы, кенші-зергерлеріне тұрғызылған – Шағаноба қорымы [33], ал олардың билеуші өкілдеріне тұрғызылған – Усть-Бөкен, Солдатово және т.б. ескерткіштерін қалдырған қауымдастық адамдарына өзіндік ерекше ортақ материалдық мәдениет тән. Ал, олардың қол астындағы қатардағы қарапайым халық майемер мәдениетін жасаушылар, кейін құлажорға мәдениеті өкілдері екендігін өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғында Ә.М. Оразбаевтың Күршім және Марқакөл аудандарындағы [22] және 2010 жылғы маусымда Шілікті алқабында орналасқан Тасбастау ескерткішіндегі осы уақытпен мерзімдес тас жәшіктегі жерлеу салты көрсетеді. Шілікті археологиялық мәдениетінің орталығы ж.с.д. VIII-VII ғасырларда Шілікті алқабында орналасса, кейін ж.с.д. VI-V ғасырларда Жетісу жеріне (атап айтсақ Бесшатыр, Есік, Боралдай қорғандарын қалдырушылар) ойысқан. Бұл ойымызды екі өлкедегі жерлеу-ғұрыптық ескерткіштері, скиф-сібірлік аң стиліндегі әшекей заттары және т.б. ұқсастықтары айғақтайды.

Алтай-Тарбағатай, Жетісу, Орталық Қазақстан (2010 жылғы Сарыарқа экспедициясының Талды-2 ескерткішіндегі олжалары [34] Шілікті қорымындағы жәдігерлерді тура аналогиясы) және Ресейдің Тыва жеріндегі көшпелілік өмір салтын құрған сақ-тағарлық элиталық ру өкілдері басқарған тайпалық бірлестіктер ж.с.д. IV-III ғасырлардан бергі уақытта жартылай көшпелілікке ауыса бастаған сыңайлы.

Аримаспылардың көсемдері Алтай тауларының Пазырық, Тұяқты мекендерінде және Катон-Қарағай ауданындағы Берел сынды қорымдарда жерленген. Ал сақ тайпасының көсемдері – Шілікті алқабында, Ақсуатта және Іленің оңтүстіктеріне жерленген. Оларды барынша арулап көмген. Қымбат киімдер, қару-жарақ, азық-түлік, әр түрлі ыдыс-аяқ, екі жүзге жуық ерттелген ат пен күңін қайтыс болған аримаспы көсемдерімен бірге көмген. Сақ қорғандарында жылқы болмаған, ыдыс-аяқ аз, бірақ киімдері алтынмен әшекейленген, өте қымбат заттармен бірге көмілген және алтын заттарды көп қойған. Арисмаспылықтарға қарағанда қорғандары биік болған. Бай қорғандармен қатар тайпаның қарапайым адамдары да жерленген, олардың қасында бір-екі жылқы, тағы басқа бұйымдары болған. Әр түрлі көшпелі тайпалардың бір-бірімен араласуы, тірішіліктерінің ұқсастығы негізінде оларда ортақ материалдық мәдениеттің белгілері пайда бола бастайды.

Майемер «мәдениетінің» көршілес Таулы Алтайдың бийке мәдениетінен және Қазақстанның Шілікті ескерткіштерінен айырмашылығы жерлеулер негізінен терең тар шұңқырларда, кейбір жағдайда ақымда, жиі түрде текпіршекше немесе тас жәшіктерде болып келуі. Марқұмдар шалқасынан созыла, бастары солтүстік жақа бағытталып қойылған. Жылқы және қойлар адаммен бірге немесе бөлек шұңқырда, бірақ тура солай терең жерленген. Бағытталуы адамдікіндей, басы солтүстікке немесе солтүстікке тек жылқы басы қаратылған, ал денесі шығыс-батыс бағыты бойынша орналасқан. Жылқылыр әдетте жүгенделмеген, ал жабдығы (жүген және айыл, тартпасымен ертоқым) жылқы басы маңына қойылған.

Алтай тауларын мекен еткен ежелгі тайпалар қалдырған Берел ескерткіштері Орталық Алтайдың пазырық мәдениетінен өзінің жерлеу ғұрпы, бейнелеу өнеріндегі кейбір өзіндік айырмашылықтары болғандықтан да оны пазырық мәдениетінің Қазақ Алтайындағы бір нұсқасы деп қарастырамыз. Ж.с.д. VI-IV ғасырлармен мерзімделетін Берел кезеңіндегі қорғандар тас үйінділерден тұрып, қабір шұңқырда қима-табыт орналасады және мүрделермен бірге түбі тегіс, тар, шар тәрізді бүйірлі, бүйірі мен мойнында әртүрлі оюлы өрнектер салған ұзын мойынды құмыралар қойылып, марқұммен бірге арнайы өлтірілген жылқылар бірге жерленді. Берел кезеңінің соңғы кезінде қола заттарды темірден жасалған бұйымдар ығыстыра бастайды.

Көршілес Қытай территориясындағы Субашы ескерткіштерінің көптеген белгілері, атап айтқанда ат әбзелдері, мумияланған мүрделерге кигізілген кебіндер (бас киімі, жасанды шашы-парик және т.б.), «аң стилінде» жасалған бұйымдар және т.б. белгілері пазырық мәдениеті ескерткіштеріне өте ұқсас болып келеді [35]. Олай болса берелдіктер мен субашылықтар ортақтастығын, мәдениетіндегі ерекшеліктер мен генетикалық байланысын зерттеу алдымызда тұрған келелі міндеттердің бірі. Бұл мәселеде көршілес Қытай археологтарымен бірлесе жұмыс атқарсақ үлкен нәтижелерге жететініміз анық.

Алтай және Тарбағатай теріскейінде ж.с.д. IV ғасырдың соңы - ж.с. I ғасырларында мәдени дәстүр алмасып, тұрғындардың этникалық құрамы өзгереді. Бұл «халықтардың Ұлы қоныс аударуымен», яғни хундардың жаулап алуына байланысты болған тәрізді. Қарастырылып отырған өлкеде құлажорға мәдениеті ескерткіштерінің пайда болуы соның айқын дәлелі деп айтуға болады. Археологиялық кезеңге атау берген Құлажорға қорымын зерттеу барысында С.С. Черников ескерткіштердегі мүрделердің біразы тас жәшіктерде ғана емес, адам қаңқасын қоршаған ағаш қорапты жер қабірлерге қойылғандығын, ал мұндай жерлеу түрінде ақіреттік заттар кездеспейтіндігін анықтады. Сонымен бірге зерттеушінің пікірі бойынша құлажорғаның ең ерте кезеңі қорғандарына тасты топырақ үйінді, тас жәшік, оң қырымен, басын шығысқа қарату тән болған. Зерттеуші құлажорға кезеңі қорғандарын сақтарға жатқызатындығын айта келе, кейбір белгілері үйсіндерге келетінін алға тартып, алдын-ала есеп беруінде оларды ж.с.д. IV-III ғасырлармен мерзімдейді [36, 4 б.]. Бірақ кейіннен аталмыш мәселеге байланысты біраз материалдар толықтанған тұста, зерттеуші өзінің құлажорға ескерткіштері туралы тұжырымдалған, біршама қорытындыланған мақаласында оның уақытнамасын ж.с.д. III-II ғасырлармен мерзімдеген болатын [37, 68 б.].

Құлажорға қорымымен қатар зерттелген Баты қорымы қорғандары Ертіс өзені мен Қалба тау жотасы ортасындағы алқапта солтүстіктен оңтүстікке қарай созылған екі тізбекте орналасқан. Бұл қорым қорғандарының құлажорға ескерткіштерімен ұқсастықтары мынадай белгілерден анық көрінеді: екі қорымдағы қорған үйінділері топырақ не тастан тұрғызылған және формалары бірдей, тас жәшіктер мен ыдыстары бірдей болып келеді. Ұқсастықпен қатар кейбір өзгешеліктер де бар. Мәселен, Құлажорғада қола заттар кездессе, ал Батыда мүлдем кездесе қоймайды. Сондай-ақ, Құлажорғада қойдың құймышағы тек бір қорғанда ғана кездеседі, ал Батыда мәйіттердің барлығының жанынан ұшырасып, орналасуы бойынша батыс, солтүстік-батысқа қарай бағытталынады. Осындай өзгешеліктеріне орай және де өзге материалдары бойынша С.С. Черников Баты қорымын ж.с.д. II-I ғасырлармен мерзімдейді. Баты мен Құлажорға ескерткіштері сақ және үйсіндермен генетикалық жағынан байланысы барын және үйсін тайпалық одақтарының Ертістің жоғарғы ағысына дейін таралғанын айта келе, автор олардың солтүстік шекарасының әлі де анық еместігін атап өтеді. [37, 65-76 бб.].

С.С. Черников құлажорға мәдениетін ғұн шаньюйі Чжичжидің батысқа жорығынан белгілі угэ тайпалары қалдырған деп тұспалдауға, әрі бұл тайпа қорғандарынан табылған керамика мен тары қалдықтарына қарағанда алыс, әрі ұзаққа көшпеген болар деген ой түйген болатын [37, 64-81 бб.]. Угэ тайпасы С.С. Черниковтың айтуы бойынша тек Ертістің жоғарғы ағысы бойын жайлап Жетісудағы үйсіндермен тығыз қарым-қатынаста болған. Ал олардан батыста Шыңғыстауда, Ертістің төменгі ағысында және солтүстік Алтайда жерлеу ғұрпындағы ерекшеліктеріне қарағанда басқа тайпалар өмір сүрген [16, 132-137 бб.]. Бұл жерде соңғы жылдардағы археологиялық қазбаларға, қазіргі қолда бар мәліметтерге қарағанда ғалымдардың пікірінше юэчжи тайпалары өз мәдениетін (пазырық) қалдырған [38, 169-177 бб.]. Ертістің сол жағалауында, нақтылап айтатын болсақ, Тарбағатай теріскейінде Ә.Т. Төлеубаевтың пікірінше үйсін тайпалары мекендеген, ол мұндағы ескерткіштердің сыртқы құрылысы мен қабірлерден алынған заттар кешенінен де айқындауға болады деген тоқтамға келген [39, 23-38 бб.]. Қытай тарихшысы Су Бейхей: «...У-сунның солтүстік шекарасы Алтай тауының күнгейіндегі Тарбағатай тауы болуы керек. Ж.с.д. 54 жылдың шамасында У-сун мемлекетінің билеушілері таққа таласып, өзара қырқысып жатты... «Батыс өңір карта шежіресінде» Тарбағатай хан патшалығы кезінде де сиуңну мен у-сунның шекарасы» – деген тұжырым жасайды [39, 27 б.].

Алтайдың батыс баурайында мекендеген құлажорғалықтармен уақытнамалық жағынан қатар өмір сүрген Тарбағатай тауларының терістігіндегі тұрғындар қалдырған археологиялық ескерткіштер бұл өңірде ж.с.д. ІІ-І ғасырларда үйсіндердің болғандығын дәлелдейді.

Ж.с.д. IV- III ғасырлармен мерзімделетін ескерткіштер диаметрі 4,5-7,5 м, биіктіктері 0,3-0,5 м болып, құрылысы жағынан дөңгелек пішінді, топырақ пен тас аралас үйінді болып келеді. Сонымен бірге олардың арасында қабір үсті құрылыстары сопақша немесе төртбұрышты үйметастар негізінде бір-екі қатар тас қоршаулар ретінде қарастырылып, қабір шұңқырлары батыс-шығыс бағытында, төменгі жағы кеңейе түсетіндігімен ерекшеленетін Убаредмет, Қарашат 3 сынды қорғандарда кездеседі. Қабір шұңқыры төмендеген сайын қоңырау формалы болып кеңи түседі де, қабір ішінде тас жәшікте мәйіт бір жақ жанымен аяғы бүгулі күйінде жерленеді. Ал жылқы қабір жабындысы үстінде немесе мәйіттің қасында қатар тынығу түрінде қарынымен жатқызыла қойылады. Ақыреттік заттары екінші кезеңмен салыстырмалы түрде алғанда әлдеқайда бай болып келеді. Алтын, қола және сүйектен жасалған бұйымдар, әшекей заттар және қарулардан басқа негізінен қызыл бояулы, кей жағдайда өрнегі бар әртүрлі қыш ыдыстар бірге қойылады.

Құлажорғалық мәдениеттің ж.с.д. II - ж.с. алғашқы ғасырларын қамтитын соңғы кезеңінің дамуындағы жерлеу рәсімі мен жер үсті құрылымында Жетісу жеріндегі үйсін ескерткіштеріне ұқсастық байқалады, бұл кейбір зерттеушілерге оңтүстік-шығыс халықтарының бір бөлігінің хундардың қысым көрсетуінен Шығыс Қазақстан өңіріне қарай ығысқаны туралы болжамдар жасауына дереккөз болды деп айта аламыз. Бұл кезеңде мәйітті сопақша пішінді, түбіне қарай тарыла берілетін қабір шұңқырына шалқалай жатқызып, басын батысқа немесе солтүстік батысқа қаратып жерлеген. Қабір ішіндегі тас жәшік және жылқыны қоса жерлеу үрдісі жоғалады. Алғашқы кезең ескерткіштеріне қарағанда қабірге бірге қойылған ақыреттік заттары әлдеқайда кедей, саз ыдыстары кувшин түріде және қабырғалары жұқа, әрі жақсы жасалынған. Қорған құрылысы етегінде міндетті түрде қоршауы бар.

Хун мәдениетінің ықпалында болған құлажорғалықтар этномәдени үдерістердің нәтижесінде Таулы Алтайға жылжып булан-коба мәдениетінің қалыптасуына әсерін тигізді. Ж.с.д. III ғасырдың соңында алғашында орталығы Ордос пен Моңғолия жерінде болған мықты Хунну (ж.с.д. 209 жыл) державасының құрылуына байланысты маңызды өзгерістер болды. Хун шаньюйі Моде ж.с.д. 201 жылы Орталық Азияның солтүстік облыстарын, оның ішінде Солтүстік Моңғолия, Байкал маңын, сондай-ақ Оңтүстік Сібірді жаулап алды. Хундар осы уақытта Таулы Алтайға өздерінің жағдайын бақылау үшін материалдық демеу берген бейтарап құлажорғалықтар келіп, өздерінің құрамына жергілікті жұртты қосып алуы мүмкін.

Ж.с.д. II ғасырдың ортасында (ж.с.д. 165 жыл) хундар өздерінің басты қарсыласы юечжілерді ығыстырып, Орталық Азия өлкесінің батыс жерлерін өздеріне толықтай бағындырды [40, 38 б.].

Құлажорға мәдениеті Жетісудағы үйсін мәдениеті сияқты өз дамуының екі кезеңін бастан өткеріп, ж.с. I - II ғасырына дейін өмір сүрсе керек. Шығыс Қазақстан, тіпті Орталық Азияның өзінде де хундарға еш күмәнсіз жатқызатын ескерткіштер тіптен аз. Хун тайпаларының негізгі бөлігі біртіндеп жергілікті ортаға сіңісіп және олардың жергілікті дәстүрін қабылдағандығынан болар. Екіншіден, ж.с. I ғасырларынан бастап өлкелерде әртүрлі тарихи-мәдени өзгерістер мен араласулардың орын алуы және Қазақстан археологиясында ж.с. I - IV ғасырлардағы жерлеу ғұрпының толық ашылмауы кедергі келтірді.

1989 жылы Ә.Т. Төлеубаевтың басшылығымен зерттелген Ашылы 1, 2 қорымы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы территориясында Көкжыра ауылынан оңтүстік шығыста 25 км жерде [41, 225-239 бб.]. Ерекше көңіл бөлерлік жайт диаметрі 20 м, биіктігі 1,5 м № 4 қорғанның қоршау-шеңберінің құрылысы: ол бір-біріне параллель қырынан қазылып қойылған шомбал тастардан қорған сыртын қоршаған екі дөңгелектене келген шеңберден тұрады. Бұл қорған кенотаф немесе күнге табынуға байланысты салынған ғибадатхана болуы мүмкін.

Қазіргі таңда Ашылы ғибадатханасындағы сыртқы шеңбер мен негізгі қорған ортасындағы арба дөңгелегі шабақтарын елестетін тас қатарлары Аржан, Шілікті 2 қорымындағы № 1 қорғанының қабірхана құрылысындағы радиалды орналасқан ағаш бөренелердің тас аналогиясы екендігіне көз жеткізуге болады. Осы қорғанға ұқсас нысандарды 2006 жылы Тарбағатай теріскейіне жасаған барлау жұмыстары барысында көптеп жолықтырдық. Мұндай археологиялық ескерткіштердің керексурлар түріне жататын қорғандарының шеңберлі және төртбұрыш, яки квадрат түріндегі қоршаулары Моңғолия [42], Тыва және Саян-Алтай жерлерінде тіпті XIX ғасырдың екінші жартысынан белгілі болса [43], ал Тарбағатайдың теріскейіне кеңінен таралғандығын соңғы кезде ғана аңғарғандаймыз.

Семей университетінің 2009 жылғы археологиялық экспедициясы жоғарыда аталған ескерткіштердің жанындағы Мешел елді мекеніндегі қоралардың бірінен бұғы тасты тауып алуы оның Ашылы және Ақтүбек қорымдарында тұрған ба деген ойға жетелейді. Сондай-ақ Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Е. Оралбайдың Тарбағатай теріскейінен тыңнан ашқан бұғытастары Шығыс Қазақстанда ерте сақ дәуірі ескерткіштерінің таралу аймағы шекарасын біршама кеңейтті [44]. Моңғолия, Алтай жерінде кездесетін керексурлармен бұл ескерткіштің өзара сабақтастығы бар екендігіне алдағы уақыттағы ізденістер көз жеткізе ме деген ойдамыз [45].

Қазақ Алтайы мен Тарбағатайының ерте темір дәуірі археологиялық ескерткіштерінің зерттелу жай-күйін қорытындылай келіп, біз мынадай ұсыныстарды алға шығарып отырмыз: аталған өңірдегі палеометалл дәуіріне жататын археологиялық нысандардың мәдени атрибуциясын анықтау қажет; Тарбағатай күнгейіндегі ерте темір дәуірі ескерткіштерінде қазба жұмыстарын жүргізіп, алынған материалдарды басқа өңірлердегі мағлұматтармен салыстыра талдау жүргізген жөн. Сонда аталған өңірдегі мәдени-тарихи даму бір ізге түсетіндігі анық; мүлде зерттелінбеген Қалба тау жотасындағы және Күршім, Жарма, Аякөз өңірлеріндегі археологиялық ескерткіштерде қазба жұмыстарын жүргізіп, ғылыми айналымға осы аудандар аумағындағы барлық нысандардың деректік қорын түзу қажет; Шығыс Қазақстан өңіріндегі сақ-скиф және ғұн-сармат кезеңдерінің археологиялық ескерткіштері бойынша өзара этномәдени байланысын анықтай түскен жөн; ерте темір дәуір мен ортағасырлық ескерткіштердің мәдени байланысын нақты материалдар негізінде өрбіткен абзал; ерте темір дәуіріндегі қоныстарды тауып зерттеп, олардың кейінгі замандардағы тұрғын-жайлармен, қазақ қыстауларымен өзара байланысын, өзіндік ерекшеліктерін және осында өмір сүрген тұрғындардың шаруашылық қаракеттерін анықтау қажет; іргелі зерттеу жұмыстарына көрішілес ҚХР аумағында орналасқан ескерткіштердің материалдарын да үнемі тартып отырған жөн.

Қазақстан археологтарының алдында тұрған үлкен міндеттердің бірі – қазіргі жаратылыстану, ғылым мен техниканың озық ғылыми әдістерін археологиялық зерттеу жұмыстарында кеңінен қолдана отырып, кешенді және пәнаралық тұрғыда зерттей келе көптеген мәдени-хронологиялық және этно-мәдени аспектілерді нақтылай түсу болып табылады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1 Самашев З.С. Древние номады казахских степей // Материалы 2-ой международной конференции. историческая роль Александра Гумбольдта и его экспедиций в развитии мировой, региональной и национальной науки. – Алматы, 2004. – С. 145-157.

2 Радлов В.В. Сибирские древности. // Записки Русского археологического общества. – СПб., 1895. – Т. VII. – С. 186-189.

3 Радлов В.В. Сибирские древности. Сообщение о раскопках в Семипалатинской области // Отчет археологический комиссии 1866 г. – СПб., 1867. – С. 186-189.

4 Радлов В.В. Из Сибири: страницы дневника. – М.: Наука, 1989. – 749 с.

5 Миллер Г.Ф. Описание Сибирского путешествия и изъяснения о некоторых древностях, в могилах найденных // Ежемесячник. – 1764, декабрь.

6 Миллер Г.Ф. История Сибири. – М. - Л., – 1937. – Т. 1. – VII. – 607 с.

7 Паллас П.С. Путешествия по разным провинциям Российской империи. - СПб., 1773. - Ч.1, кн. 1; СПб., 1876.– Ч.2, кн.2; СПб., 1788. - Ч.3.

8 Спасский Г.И. Путешествие по Сибири. Путешествие по южным Алтайским горам в 1809г. // Сибирский вестник. – 1818. - Ч.ІІІ. – С. 28-64.

9 Адріановъ А.В. Къ археологіи Западнаго Алтая (изъ поездки въ Семипалатинскую область въ 1911 г.) // Известія императорской археологической комиссіи. – Петроградъ, 1916. – Вып. 62. – С. 1-94.

10 Руденко С.И. Горноалтайские находки и скифы. – М.-Л., 1952. – 240 с.

11 Руденко С. И. Культура населения Горного Алтая в скифское время. М.-Л.: Изд-во АН СССР, 1953. –350 с.

12 Черников С.С. Древняя металлургия и горное дело Западного Алтая. – Алма-Ата: Наука, 1949. – 112 с.

13 Черников С.С. Восточный Казахстан в эпоху бронзы. // МИА. – М. - Л., 1960. – № 88. - С. 12.

14 Черников С.С. Некоторые закономерности исторического развития ранних кочевников (по археологическим материалам Западного Алтая) // Тр. междун. конф. по истории, археологии и культуре Центральной Азии в кушанскую эпоху. – М., 1975. – Т. 2. – C. 282-286.

15 Черников С.С. Загадка золотого кургана: где и когда зародилась скифское искусство. – М.: Наука, 1965. – 188 с.

16 Черников С.С. К вопросу о хронологических периодах в эпоху ранних кочевников (по материалам Восточного Казахстана) // Первобытная археология Сибирии. – Л., 1975. – 132-137 с.

17 Черников С.С. Наскальные изображения верховий Иртыша // СА. – 1947. – Т. IX. – С. 251-282.

18 Сорокин С.С. Памятники ранних кочевников в верховьях Бухтармы // АСГЭ. Л., 1966. – Вып. 8. С. 35-57.

19 Археологическая карта Казахстана /отв. редактор К.А. Акишев. – Алма-Ата: Изд-во АН КазССР, – 1960. – 486 с.

20 Арсланова Ф.Х. Новые материалы VІІ-VІ вв. до н.э. из Восточного Казахстана // Бронзовый и железный век Сибири. – Новосибирск: Наука, 1974. С. 77-83.

21 Арсланова Ф.Х. Погребальный комплекс VIII-VII веков до нашей эры из Восточного Казахстана // В глубь веков. – Алма-Ата, 1974. – C. 50-53.

22 Оразбаев А.М., Омаров Г.К. Некоторые итоги археологического исследования Восточного Казахстана // Проблемы изучения и сохранения исторического наследия. – Алматы, 1998. – С. 9-71.

23 Археологические памятники в зоне затопления Шульбинской ГЭС. – Алма-Ата: Наука, 1987. – 278 с.

24 Төлеубаев А.Т. Характеристика золотых изделий из II-Чиликтинского могильника // Историческая роль Александра Губольдта и его экспедиций в развитии мировой, региональной и национальной науки. – Алматы, 2004. – С. 161-164.

25 Самашев З.С. Наскальные изображения Верхнего Прииртышья. – Алматы: Гылым, 1992. – 288 с.

26 Базарбаева Г.А. Анималистические образы искусства древних кочевников Казахского Алтая (по материалам берельских курганов): автореф. ... канд. ист. наук.: 07.00.06. – Алматы, 2008. – 30 с.

27 Оңғар А. Ерте темір дәуіріндегі Қазақ Алтайы мен Жетісу тұрғындарының жерлеу ғұрпы: автореф. ... канд. ист. наук.: 07.00.06. – Алматы, 2010. – 30 с.

28 Омаров Ғ.Қ. Алтай-Тарбағатай аралығындағы ерте темір дәуірінің археологиялық ескерткіштері (кезеңделуі, мерзімделуі және мәдени атрибуциясы) : автореф. ... канд. ист. наук.: 07.00.06. – Алматы, 2010. – 30 с.

29 Марсадолов Л.С. Хронология курганов Алтая (VIII – IV вв. до н. э.): автореф. … канд. ист. наук.: 07.00.06. – Л., 1985. – 16 с.

30 Савинов Д.Г. Возможности синхронизации письменных и археологических дат в изучении культуры Южной Сибири скифо-сарматского времени // Проблемы хронологии и периодизации археологических памятников Южной Сибири. – Барнаул: Изд-во Алтайского университета, 1991. – С. 93-96.

31 Бейсенов А.З., Ломан В.Г. Древние поселения Центрального Казахстана. – Алматы, 2009. – 260 с.

32 Төлеубаев Ә.Т. Шілікті жазығы – сақтардың алғашқы мемлекетінің орталығы // Қазақ тарихы. – 2004. – Б. 326-334.

33 Омаров Ғ.Қ. Шілікті және Шағаноба қорғандарының зерттелуінен (С.С.Черниковтың жарияланбаған 1959 жылғы архив материалдары негізінде) // «Қазақстандағы этностардың дәстүрлі мәдениетіне қатысты музей жинақтары: зерттеу мәселелері мен сақтау перспективалары» атты республикалық ғылыми-практикалық семинардың материалдары (28-29 қараша 2008жыл). – Алматы: Қазақ университеті, 2009. – Б. 82-84.

34 Бейсенов А.З. К изучению особенностей курганов раннего железного века Центрального Казахстана // «Кадырбаевские чтения – 2010». Материалы II Международной научной конференции. – Актобе, 2010. С. 77-78.

35 Сұңғатай С. Ерте темір дәуіріндегі Шыңжаң көшпелілері: археологиялық мәдениеті мен этномәдениеті тарихының кейбір мәселелері // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғалымдарының «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыруға қосқан үлесі: жетістіктері және даму бағыттары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (27 ақпан 2009 ж.). – Алматы: Қазақ университеті, 2009. – Б. 72-74.

36 Черников С.С. Предварительный отчет о работе Восточно-Казахстанской экспедиции в 1948г. // Архив ИА КН МОН РК. – Фонд. 11, опись 2, дело 120.

37 Черников С.С. Отчет о работах Восточно-Казахстанской экспедиции 1948 г. // Известия АН Казахской ССР. Сер. археол. – Алма-Ата: Изд-во АН Каз ССР, 1951. – Вып. 3, № 108. – С. 64-81.

38 Кляшторный С.Г., Савинов Д.Г. Пазырыкская узда. К предыстории хунно-юечжийских воин // Древние культуры Центральной Азии и Санкт-Петербург. – СПб.: Культ-информ-пресс, 1998. – С. 169-177.

39 Төлеубаев Ә.Т. Ертедегі үйсіндердің Тарбағатайдың теріскейіндегі ескерткіштері // ҚазМУ хабаршысы. Тарих сер. – № 12. – Б. 23-38.

40 Тишкин А.А., Горбунов В.В. Горный Алтай в хуннуское время: культурно-хронологический анализ археологических материалов // РА. – 2006. - № 3. – С. 31-41.

41 Омаров Г.К. Могильники раннего железного века в предгорьях Тарбагатая // Проблемы изучения и сохранения исторического наследия. – Алматы, 1998. – С. 225-239.

42 Новгородова Э.А. Древеяя Монголия (Некоторые проблемы хронологии и этнокультурной истории). – М.: Наука, 1989. – 384 с.

43 Савинов Д.Г., Сэрээтрийн Урантугс. Опыт типологии херексуров. //Алтае-Саянская горная страна и история освоения ее кочевниками. – Барнаул: Изд-во АлтГУ, 2007. – С. 142-145.

44 Оралбай Е.Қ. Тарбағатай теріскейінің бұғытастары //Ұлағатты ұстаз, белгілі өлкетанушы ғалым, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Мұхтарбек Қарпықұлы Кәрімовтың 60 жылдық мерейтойына арналған «Шежірелі өлке тарихы: тың деректер, жаңа ұғымдар және соны зерттеулер» аймақтық ғылыми-практикалық конференция материалдары. – Семей, 2011. – 296-299 -бб.



45 Омаров Ғ.Қ. Ә.М. Оразбаевтың Шығыс Қазақстанның ерте темір дәуірін зерттеуге қосқан үлесі // «Оразбаев оқулары - 2» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы. – Алматы: Қазақ университеті, 2010. – Б. 122-128.
жүктеу 248,59 Kb.

Достарыңызбен бөлісу:




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау