Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында 2017 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған іс-шаралары және 2018 жылға арналған міндеттері мен жоспарлары туралы есебі
2017 жылдың 12 айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жұмыстар Елбасының Жолдауларында берген және Үкіметтің, Облыс әкімінің тапсырмалары мен өткен жыл менің аудан тұрғындарына есеп беру кездесулерінде келіп түскен өтініштер мен ұсыныс-пікірлерді орындауға бағытталды.
2017 жылдың қорытындысы бойынша ауданда жасалған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы есебім, 2018 жылдың 13 қаңтарындағы аудандық «Мұнайлы» газеті мен аудан әкімдігінің интернет ресурсында жарияланды және аудан тұрғындарының ұсыныстарын, ескертулері мен ой пікірлерін жинақтауды қамтамасыз ету үшін 25 арнайы орындарға жәшіктер орнатылды. Осы ұсыныстарды жинақтау арқылы, ағымдағы жылы орындалатын мәселелер бойынша іс-шаралар жасақталатын болады. Ағымдағы жылдың 23 қаңтары мен 2 ақпан аралығында ауыл әкімдері мен аудан әкімінің 7 ауылдық округтерінде есеп беру кездесулері өтті. 2 ақпан күні аудандық Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысумен аудан әкімінің есебі тыңдалды.
Өткен жылғы есеп беру кездесулерінде аудан бойынша барлық ауылдардың тұрғындарынан ең маңызды 24 сұрақ қамтылған болатын. Олардың 7-уі толық орындалды, 9 сұрақ бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде, 8 сұрақ бойынша жобалар жасақталуда. Олардың орындалысы төмендегідей:
1. 2013-2016 жылдар аралығында «Қызылтөбе-2 – Жаңа Дәулет» аралығындағы қоғамдық көліктің қатынайтын жолы сын көтермей, бірнеше жыл қатарынан тұрғындар тарапынан үлкен мәселе болып көтеріліп келді. Нәтижесінде аталған жол құрылысына облыс әкімдігінен 378 млн. теңге қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 7,8 шақырым автокөлік жолына асфальт жолы төселіп, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылысы 2017 жылы аяқталып қолданысқа берілді.
2. 2013 жылы 150 төсектік аудандық орталық аурухана құрылысының жобасы жасақталған болатын, жоба құны 4 млрд. 368 млн. теңгені құрады. Үш жыл (2014-2017 жж.) қатарынан Республикалық бюджетке ұсынылғанымен тиісті қаражат бөлінбей жоба мерзімінің күші 2017 жылдың қазан айында аяқталды.
Қазіргі таңда Жобаға тапсырыс беруші Облыстық құрылыс басқармасы Мұнайлы ауданының әкімдігімен бірлесе Маңғыстау ауылынан 150 төсектік орталық аудандық аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын қайта жасақтау бойынша шараларды жүргізуде.
3. Өткен жылғы есепте аудан тұрғыны кардиолог жас маман Қожакулиева Гүлназ аудан аумағында жас мамандарға арналған жатақхана құрылысын салу жөнінде ұсыныс білдірген болатын.
Бұл бағытта аудан әкімдігімен Маңғыстау ауылынан бюджет саласының қызметкерлеріне арналған 100 орындық жатақхана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, жер қойнауын пайдаланушы NCOC компаниясының есебінен 2017 жылдың тамыз айында құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 912 млн. теңге. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарының 75 пайызы орындалды. Аяқталу мерзімі 2018 жылдың мамыр айы. Құрылысы аяқталған соң аудандағы кадр тапшылығы бар денсаулық және білім саласының мамандары ауданға арнайы шақыртылып, орналастырылатын болады.
4-5. Аудан тұрғыны ақын Рамазанова Ақшагүл аудан аумағында мәдениет, білім ошақтарының желісін дамыту бағытында ұсыныс берген болатын және Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлының 2017 жылдың наурыз айындағы ауданға іс-сапары барысындағы тапсырмасына орай жергілікті бюджеттен 5 млн. теңге қаражат бөлініп, Басқұдық ауылдық округінен кітапханасымен бірге 200 орындық ауыл клубының құрылысы басталды. 2018 жылы құрылысын жалғастыруға 10 млн. теңге қаржы бөлінді. Жобаның жалпы құны-188,7 млн.теңге.
2018 жылы осындай жобаның бірі Атамекен ауылдық округінен, яғни аула клубының құрылысын бастауға жергілікті бюджеттен 5 млн. тг. қаражат бөлінді. Жоба құны 406 млн. теңге. Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасымен конкурстық рәсімдері жүргізілуде.
Сонымен қатар Аудан әкімдігімен Маңғыстау ауылында кітапханасымен бірге 500 орындық мәдениет үйі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, жоба жер қойнауын пайдаланушы компаниясының қаржыландыруына жолданды. Нәтижесінде 2017 жылдың шілде айында мәдениет үйінің құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны 947 млн. теңге. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 35 пайызға орындалды. Жоба келісім шартқа сәйкес 2019 жылдың сәуір айында аяқталады деп жоспарлануда.
6-7. Аудан тұрғындары атынан жас спортшы Амандықов Нұрсұлтан аудандағы спорт желісін дамыту бағытында сұрақ қойып, нәтижесінде Атамекен ауылынан жекеменшік «Иса» спорт кешені және Басқұдық ауылынан жекеменшік «Батыр» спорт залы іске қосылды. 2018 жылы Маңғыстау ауылынан (жекеменшік) аумағы 5000 шаршы метрді құрайтын жабық спорт залы, фитнес залы бар спорт кешені іске қосылатын болады. Бұл жеке инвестициялық жобаларға кәсіпкерлер Асқар Исаев, Ерболат Айтжанов, Алия Мурзагалина 260 млн. теңге жеке қаражаттарын жұмсап, жас спортшыларды тәрбиелеуге елеулі үлестерін қосуда. Осындай игі шара барысында қалыс қалмай мемлекеттің саясатын жүзеге асыруға атсалысқан азаматтарға рахметімді айтамын.
Сонымен қатар аудан әкімдігімен Маңғыстау-5 тұрғын үй массивінен дене шынықтыру және сауықтыру спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, жер қойнауын пайдаланушы компаниясына қаржыландыруға ұсыныс берілген болатын. Жоба құны 455 млн. теңге. NCOC компаниясы келісімін беріп, қазіргі таңда жеңімпазды анықтау бойынша конкурс рәсімдері жүргізілуде.
Бұл жобалардан басқа Атамекен ауылдық округінен 2 спорт зал құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қаржыландыруға ұсыныс берілді.
8-9. Мұнайлы ауданының әкімдігі мектептердегі үш ауысымдықты жою бағытында 2015-2016 жылдары 5 мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамаларын жасақтауды қолға алған болатын, олар:
- Басқұдық және Қызылтөбе ауылдарынан 2016 жылы арнайы жер телімдері қарастырылып, әрқайсысы 600 орындық екі орта мектеп құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталды. Жобалар 2018 жылдың қаржыландыру жоспарынан 2017 жылға ығыстырылып құрылыстары маусым айында басталды. Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстары 85 пайыз орындалды. Аяқталу мерзімі 2018 жылдың сәуір айы.
- Атамекен ауылындағы 640 орындық және Басқұдық ауылындағы 960 орындық мектептерге қосымша әрқайсысы 320 орындық екі 3 қабатты ғимарат құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалды, құрылыстарын жүргізуге Республикалық бюджеттің 2018 жылғы нақтылауына ұсыныстар берілді. Жобалардың жалпы құны 450 млн. тг.
- Батыр ауылдық округінің «Алматы» шағын ауданынан 960 орындық орта мектептің жобалық сметалық құжаттары жасақталып мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Қорытындысы 2018 жылдың 20 ақпанында шығады.
Бұл жобалар толықтай іске асырылғаннан кейін мектеп сыйымдылығы екі ауысыммен 4640 орынға кеңейетін болады және қазіргі таңдағы үш ауысымдағы 3 мектептің орын тапшылығы мәселесін 2018-2019 жылдардағы оқу жылы аралығында шешетін болады.
Сонымен қатар алдағы 2018-2019 оқу жылында орын тапшылығы мәселесін шешу бағытында берген тапсырмаңызға орай арнайы жер телімдері қарастырылып, 5 жаңа мектептің, Маңғыстау-5, Қызылтөбе-2, Батыр, ауылдарынан 1200 орындық 3 мектептің, Басқұдық ауылынан 1200 және 600 орындық 2 мектептің жобалық-сметалық құжаттамаларын жасақтауға жергілікті бюджеттен 10 млн. тг. бөлінді. Қазіргі таңда облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасымен конкурстық рәсімдері жүргізілуде.
Аталған жобалар іске асырылғаннан кейін 2 ауысыммен 10800 баланы оқытуға мүмкіндіктер беретін болады.
Сонымен қатар, облыс әкімінің бақылауындағы тапсырмаларға сәйкес, Атамекен ауылындағы «Қазсушар» РМК базасын Ақшұқыр ауылына көшіру арқылы, босаған орыннан 900 орындық мектеп құрылысын жоспарлайтын боламыз.
10-11. 2017 жылдың басындағы есеп беру кездесуінде аудан тұрғыны, ақсақал Абишев Смағұл Маңғыстау ауылынан Ақтау бағытына шығатын жолдың тарлығы, ондағы көлік кептелістері жөнінде мәселе көтерген болатын. Нәтижесінде Басқұдық ауылдық округінің орталық бас жолы мен «Қошқар Ата» көлі канал бойымен Ақшұқыр жолына қосылатын айналма автокөлік жолының жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталды. Жоба құны 1 100 млн. тг.
Автокөлік жолының құрылысын бастау үшін Республикалық бюджеттің нақтылауына қаржы бөлу жөнінде ұсыныстар жолданды.
Сонымен бірге, Басқұдық ауылында орналасқан ескі көпірді қайта жөндеу, Басқұдық-Маңғыстау бағытындағы аудандық маңғыздағы автомобиль жолын қайта құрылымдау, кеңейту бойынша жалпы ұзындығы 10 шақырым автомобиль жол құрылысының, Батыр ауылының 156 шақырымды құрайтын ауылішілік жолдары құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Соңғы екі ірі, әрі маңызды жобаларды толықтай аяқтау үшін 52,8 млн. теңге қаражат бөлу жөнінде облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына өтінім берілді. Қолдауыңызды сұраймын.
12. Тұрғындар тарапынан Басқұдық–Шығыс-2 жол қиылысына бағдаршам орнату, жарықтандыру мәселесі қойылған болатын. Бұл бағытта аталған жол қалалық маңыздағы жол болуына байланысты Ақтау қаласы әкімдігіне ұсыныс берілді. Қала әкімдігі тарапынан аталған жолды кеңейту жобасы жасақталуда. Жобада бағдаршам, көше жарығы қарастырылған.
13. Атамекен ауылының тұрғыны ақсақал Аймағанбетов Үсенбай Ақтау қаласына шығатын оңтайлы жолдарды жоспарлау, құрылысын салу жөнінде ұсыныс білдірген болатын. Нәтижесінде Атамекен ауылдық округінен Ақтау қаласының «АсарС» базарына дейінгі ара қашықтыққа 2,4 шақырым асфальт жолы төселді, құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қолданысқа берілді. Бүгінде аталған жол арқылы Атамекен ауылындағы кептеліс мәселелері шешілді, қоғамдық көліктерге жаңа жолсапарлар (маршрут) ашылды.
14. Баянды ауылындағы ауылішілік 15 шақырым асфальт жол салуға 2017 жылға 101 млн. теңге қаржы бөлініп, 3 шақырым асфальт жолы төселді. 2018 жылға құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін облыстық бюджеттен 20 млн. теңге бөлінді.
15. Маңғыстау-3 және Маңғыстау-4 тұрғын үй массивтеріндегі 15 шақырым ауылішілік көше жолдарына 2017 жылы 150 млн. теңге қаражат бөлініп, 4,2 шақырым асфальт жолы салынды. Құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін облыстық бюджеттен 2018 жылға 20 млн. теңге қаржы бөлінді.
16. Атамекен, Басқұдық ауылдық округтеріне жер асты дренаж құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталды. Аталған жобаларға тиісті қаржы бөлу жөнінде 2018 жылғы Республикалық бюджеттің нақтылауына ұсыныстар жолданды. Жобалардың жалпы құны 1 443,6 млн. тг.
17. Маңғыстау ауылының кварталдарын, Атамекен, Батыр ауылдық округтерін, Баянды-3 тұрғын үй массивін ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды. Барлық жобалардың жиынтық құны 4 719,5 млн. теңге. Ағымдағы жылдың 15 ақпанынан бастап тұрғындардың төлем келісімдеріне сәйкес әр үйлерге құбыр арқылы ауыз суды жеткізу жұмыстары басталады.
18. Қызылтөбе ауылының тұрғыны зейнеткер Жұпбанов Қыдырбай Қызылтөбе ауылдық округін ауыз сумен қамту жоспарына енгізуін өтінген болатын, нәтижесінде құрылысты, бастауға 2018 жылға Республикалық бюджеттен 300 млн. теңге қаржы бөлінді. Жоба құны 2 млрд. 202 млн. тг. Бүгінде облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасымен конкурстық рәсімдері жүргізілуде.
19. Басқұдық ауылдық округін ауыз сумен қамту жұмыстары 2017 жылдың маусым айында басталды. Аяқталу мерзімі 2018 жылдың аяғы. Жобаның жалпы құны 2 млрд. 511 млн.теңге.
20. Маңғыстау-4 тұрғын үй массивін ауыз сумен қамту жұмыстары 2017 жылдың шілде айында басталды. Аяқталу мерзімі 2018 жылдың аяғы. Жоба құны 432,2 млн. тг.
Облыс әкімінің тапсырмасына орай биыл Басқұдық ауылы мен Маңғыстау-4 тұрғын массивіне қаражаты толық бөлінген жағдайда аталған екі жоба жыл аяғына дейін аяқталатын болады.
Қазіргі таңда орталықтандырылған магистралды ауыз сумен аудан халқының 50,5 пайызы (77000 адам) қамтылып отыр, жыл аяғына дейін Басқұдық, Маңғыстау-4 ауылы ескеріле отырып 73,2 пайызы (111600 адам) қамтылатын болады.
Қызылтөбе, Маңғыстау-3,5 тұрғын массивтеріне (40700 адам, 26,8%) қаражат Республикалық бюджеттен үзіліссіз бөлініп, ауыз су құбырлары тартылып аяқталғаннан кейін, 2019 жылдың аяғына дейін Мұнайлы ауданының тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтамасыз етілетін болады.
21. Аудан бойынша елді мекендердің бекітілген Бас жоспарларына сәйкес, 2907 жер учаскесін беру мүмкіндігі қарастырылған. Аталған жер учаскелеріне инженерлік инфрақұрылым (тоқ және газ) желілерің құрылысын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда.
22. Маңғыстау ауылында орналасқан көп қабатты тұрғын үйлерге дербес жылыту қазандықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Ауылда орналасқан көппәтерлі 54 тұрғын үйге 10 дербес жылу қазандықтары 2017-2018 жылғы жылыту маусымына толықтай қосылды.
23. Қызылтөбе ауылдық округіндегі №2 орта мектепке дербес жылу қазандығының құрылысы жүргізіліп, іске қосылды.
24. Аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының жаңа ғимаратының құрылысын салу үшін облыстық бюджеттен 2017 жылға 28 млн. теңге бөлінді. Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы. Қазіргі таңда, жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда.
Облыс әкімінің Мұнайлы ауданының әкімдігіне жүктеген 160 хаттамалық тапсырмалардың 114-і толықтай орындалды. Қалған 46 тапсырманың 22-сі өтпелі кезеңмен 2018 жылы іске асырылатын болады, 24 тапсырма тұрақты бақылауға алынды.
Ауданның 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы келесідей:
2017 жылдың 1 қаңтарына аудан тұрғындарының саны 144 200 адамды құрады, 2018 жылдың 1 қаңтарына тұрғындар санының өсімі 105,9 пайызды құрап, 8100 адамға артты, яғни 152 300 адамды құрады. (Соңғы 10 жылда аудан халқының саны 2,8 есе немесе 2007 жылы 53 400 тұрғынды құрап, 01.01.2018 жылғы жағдай бойынша 152 300 тұрғынды құрады. 10 жыл ішінде аудан халқы 98 900 адамға артқан).
Өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 2018 жылдың 1 қаңтар жағдайына 70 418,9 млн. теңгені құрады, (01.01.2017ж.- 67 933,4 млн.теңге). Өнеркәсіп өнімдерінің нақты көлем индекстері – 100,8 пайызға орындалды.
2018 жылдың 1 қаңтар жағдайына жалпы көлемі 139 мың 800 шаршы метр тұрғын үйлер іске қосылды, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 117 пайыз көрсеткішке жетіп, 20 мың 400 шаршы метрге көбейді (01.01.2017ж – 119,4 ш.м.).
Аудан бюджеті 2017 жылдың қорытындысымен 17 млрд. теңгені құрап, есепті кезеңге 99 пайызы игерілді (16,8 млрд. теңге).
Жергілікті бюджетке түскен салықтық және салықтық емес түсімдер – 5 567 млн.теңгені құрады (01.01.2017ж. – 4 228 млн.теңге). Яғни өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1 339 млн.теңгеге артық орындалды, немесе 131,7 пайызды құрады.
2018 жылдың 1 қаңтар жағдайына 5 154 шағын кәсіпкерлік субъектісі тіркелген (01.01.2017 жылы – 4082). Жыл басынан 1072-ге артып, сәйкесінше, шағын кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың саны 17 945 адамды құрады. Жалпы жұмыспен қамтылған халық санының шағын кәсіпкерліктегі үлесі (59 987 адам) 29,9 пайызды құрап отыр.
2017 жылы кәсіпкерлерді қолдау бағытында 51 адамға кәсібін өрлету үшін 243 млн.теңге көлемінде несие берілді.
2017 жылдың 1 желтоқсан жағдайына барлық экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмысшылардың орташа жалақысы 140 260 теңгені құрап, 2016 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 14 026 теңгеге өсті (01.12.2016 ж – 126 234 теңге).
Құрметті Ералы Лұқпанұлы! Маңғыстау облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының жасақтаған 20 түйінді нысаналы индикаторлардың 18-і орындалып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізілді, алайда макроэкономикалық көрсеткіштерде оң нәтижелер бар болғанымен 2 нысаналы индикаторға қол жеткізуге мүмкіндік болмады. Олар:
1) Негізгі капиталға салынған инвестициялардың нақты көлем индексі 76,9 пайызды құрап, 2016 жылғы көрсеткіштен 16,3 пайызға жоғары болғанымен, нақты 100 пайызға жеткізілмеді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 16 млрд. 017 млн. 100 мың теңгені құрады.
2) Құрылыс жұмыстарының нақты көлем индексі 82,8 пайыз болып, құрылыс жұмыстарының көлемі 16 млрд. 390 млн. 500 мың теңгені құрады.
2017 жылдың 12 айында аудан әкімдігіне 101 заңды және 1500 жеке тұлғалардан, барлығы 1601 арыз келіп түсті. Барлық арыздарға жауаптар заң талаптарына сай уақытында берілді. Сонымен бірге, 264 адам жеке қабылдауда болды.
Мұнайлы ауданында 1 қаңтар жағдайына 93 мемлекеттік қызметтер түрлері бойынша, барлығы 58 458 қызмет көрсетілді. Оның ішінде:
1. Мемлекеттік органда көрсетілген қызметтің саны – 16 843;
2.«Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы көрсетілген қызметтердің саны – 6 371;
3.Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетілген қызметтердің саны - 18 204;
4.Баламалы түрде көрсетілген қызметтердің саны –17 040.
Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауында: «Мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландыруға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру керек» - деп тапсырма берген болатын.
Осыған орай елімізде 2017 жылдың 29 желтоқсанында бала туу бойынша мемлекеттік проактивті қызметін көрсету пилоттық жобасы іске қосылды.
Қазіргі таңда Мұнайлы ауданында «Баланың тууы» проактивті қызметі пилоттық негізде жүзеге асырылуда. Бала туылғаннан кейін әрбір ана жаңа формат бойынша проактивті қызметтің үш түрін ала алады.
Ашып айтсақ, дүниеге сәби әкелген анаға құттықтаулар мен проактивті қызмет алу жөнінде СМС-хабарлама жіберіледі. Оның келісімінен кейін СМС жауаптар арқылы қызмет көрсету процесі іске қосылады. Демек бала өмірге келгеннен кейін перзентханада жатып, хабарлама арқылы баланың туу туралы куәлігіне өтініш беру, бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақыларды тағайындау, мектепке дейінгі балалар ұйымдарына жіберу үшін балаларды кезекке қою сынды үш қызметті алуға болады.
Бүгінде ауданның дүниеге сәби әкелген аналарына «Баланың тууы» проактивті қызметі уақытылы, сапалы және жүйелі түрде көрсетілуде.
Сонымен қатар «М-gov» мобильді үкімет порталы арқылы қызмет көрсету бағытында қызмет алушыларға электрондық-сандық қолтаңбасыз электрондық үкімет порталында ұялы телефон нөміріне жолданған бір реттік парольді енгізу арқылы 30 қызметтің түрлерін алу қолжетімділігі ауданда белсенді түрде жүргізілуде.
Бүгінгі таңда бұл жүйе арқылы аудан тұрғындарына қызмет көрсету үшін ауданға қарасты барлық ауыл, ауылдық округтер әкімі аппаратының қызметкерлері арнайы оқытылды және ауыл мен ауылдық округ әкімінің аппараттарында өз-өзіне қызмет көрсету бұрыштары ашылды.
Оның тиімділігі – тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталықтарында кезекке тұрмай-ақ, жылдам керек құжатына қол жеткізеді және аудан аспай, өз ауылындағы әкімшіліктерде осы қызметтерді көрсететін арнайы мамандардан алуда. Қазіргі таңда ауылдық округ әкімшіліктерінде тұрғындарға тиісті қызметтер көрсетілуде.
Мұнайлы ауданының білім саласына ағымдағы жылы 7 231,6 млн. теңге бөлінді (2016ж.– 6 млрд. 378,5млн.тг.), бұл барлық аудан бюджетінің 43 пайызын құрап отыр.
Ауданда бүгінде 13 орта мектеп бар, онда 28 112 бала білім алады.
2016-2017 оқу жылында ҰБТ көрсеткіштері бойынша Мұнайлы ауданы облыс деңгейінде жоғары орынды иеленді. Аудан бойынша 21 оқушы «Алтын белгі», 31 оқушы «Үздік аттестат» иегерлері атанды.
Аудан мектептері соңғы 4 жыл қатарынан Ұлттық бірыңғай тест көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатарда келеді.
Қазіргі таңда ауданда 15 мемлекеттік, 27 жекеменшік барлығы 42 балабақша жұмыс жасайды. Бүгінде, статистикалық есеп бойынша 3 пен 6 жас аралығында 14 237 бала бар.
Оның ішінде, 3338 бала 1 сынып оқушылары, қалған 10 899 баланың 9018 баласы мектепке дейінгі ұйымдармен, яғни бүгінгі қолданыстағы балабақшаларда қамтылды.
Балабақшамен қамту пайыздық көрсеткіші 2015 жылы – 60 пайыз, 2016 жылы 69,2 пайыз болса, 2017 жылы 13,8 пайызға артып 83 пайызды құрап отыр. Барлық балабақшамен қамтылған балалардың 46,8 пайызы (3038 бала) жеке меншік балабақша есебінен болып отыр. (Балабақшаларда 1313 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, соның ішінде мемлекеттік балабақшаларда - 746 адам жұмыс жасайды, жекеменшік балабақшаларға – 567 адам тұрақты жұмысқа жолданған).
Маңғыстау-2 тұрғын үй аумағынан мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағытында 140 орындық балабақша құрылысы жүргізілуде. Осындай 140 орындық 2 балабақшаны мемлекеттік жекеменшік әріптестік бағытында Маңғыстау-3, Қызылтөбе-2 тұрғын үй массивтерінен салу жоспарланып отыр. Батыр ауылдық округі «Шерқала» шағынауданынан 280 орындық балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары мемлекеттік сараптамаға жолданды. Қызылтөбе ауылында 280 орындық балабақша құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайын, жоба құны 745 млн.тг.
2017 жылы 1 жылда барлығы 529 орындық 7 жекеменшік балабақша ел игілігіне табысталып, іске қосылды. (Маңғыстау ауылында «Мұрагер» - 100 орын, «Алтынбесік» - 63 орын, Қызылтөбе-2 тұрғын үй массивінде «Мыңғасыр» - 75 орын, Басқұдық ауылында «Сұңқар» - 50 орын, «Ермек» - 72 орын, «Ақнұр» - 75 орын және «Мөлдір» - 64 орын, Дәулет ауылындағы «Тұлпар» балабақшасы 30 орын).
Аудан бойынша денсаулық сақтау саласында 14 денсаулық сақтау ұйымдары тіркеліп, әр ауылдарда дәрігерлік амбулаториялар, бастапқы медициналық көмек көрсету орталықтары, аудандық орталық 40 төсектік аурухана, ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана жұмыс жасайды.
2 жекеменшік «Көңілімқос», «Мұхаммед» денсаулық сақтау ұйымдары іске қосылып, бүгінде «Мұхаммед» жекеменшік денсаулық сақтау клиникасы Басқұдық ауылының 10 000 тұрғынын мекенжай тіркеліміне тіркеп мемлекеттік тапсырыспен тұрғындарға сапалы дәрігерлік қызметтерін жүргізіп бастады.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 2017 жылы барлығы 494 құжат қабылданып, 116 маманға (білім - 87, денсаулық - 27, ветеринария - 1, спорт - 1), 391,4 млн.теңге бюджеттік кредит және 311 маманға (білім-232, денсаулық - 75, мәдениет - 3, спорт -1) 49,4 млн.теңге көтерме жәрдемақы тағайындалды.
2018 жылдың 1 қаңтар жағдайына 4383 бала дүниеге келді (01.01.2017ж.– 4516 бала).
Денсаулық сақтау саласында 2017 жылы 1 - жасқа дейінгі сәби өлімі 8 промильді құрады (01.01.2017 ж.– 10,4 промиль). Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2,4 промильге төмендетілді. 2017 жылы денсаулық сақтау саласында ана өлімі тіркелген жоқ.
Өкпе ауруына шалдыққандар 100 мың тұрғынға шаққанда 2018 жылдың 1 қаңтар жағдайына 58,5 промильді құрап (01.01.2017ж. – 64,2 промиль), өткен жылмен салыстырғанда 5,7 промильге төмендетілді.
Мәдениет және спорт саласы бойынша 2017 жылдың 12 айында аудан көлемінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелері мен атаулы күндерге орайластырылған 87 мәдени, 114 спорттық шаралар ұйымдастырылды, оған 7 151 спортшы қатысты.
Аудан бойынша мәдени 20 клубтық кұрылым бар, оның ішінде 9 үйірме, 11 ұжым жұмыс жасайды және 3 спорт мектептерінде 98 топта 1452 бала спортпен шұғылданады. Бұқаралық спортпен 38 150 тұрғын шұғылданып, ол жалпы Мұнайлы ауданы халқының 25,4 пайызын құрады.
Ауыл шаруашылығы саласында біраз ілгерілеушілік бар. Аудан бойынша ірі қара мал - 1005, қой, ешкі - 13135, жылқы - 2863, түйе - 3684, құс - 26502 басты құрайды. Аудан аумағында 139 мал шаруашылығы және 37 егін шаруа қожалықтары тіркелген. Оның ішінде 8 фермерлік және 2 өндірістік жылыжайлар жұмыс жасайды. Биыл фермерлік типтегі жылыжай үлесін арттыруға бағытталған шаралар жалғасатын болады.
2017 жылдың шілде айында өсімдік шаруашылығы саласында 395,4 га аумаққа ауыл шаруашылығы дақылдары отырғызылды. 2017 жылы егін шаруа қожалықтарымен барлығы 3793 тонна өнім алынды (698 тонна қызанақ, 955 тонна қияр, 203 тонна қырыққабат, 145 тонна бұрыш, 123 тонна баклажан, 728 тонна қауын, 845 тонна қарбыз, 96 тонна асқабақ).
2017 жылы Мұнайлы ауданының ауыл шаруашылық саласына, оның ішінде 25 мал және егін шаруашылықтарына субсидиялаудың 6 түрінен 42 млн. 203 мың теңге көлемінде субсидия берілді.
Облыс әкімі Ералы Тұқпаұлының тапсырмасына сәйкес ауданда ауылшаруашылық өнімдерін өндіру көлемін 1 млрд 455 млн. теңге көлемінде орындау міндеті жүктелген болатын, бүгінде аталған тапсырма 1 млрд. 648,6 млн. теңгеге орындалды, өткен жылмен салыстырғанда 117,3 пайызды құрады. Сүт өнімдері 24,9 пайызға, ет өнімдері 8,5 пайызға ұлғайды, мал шаруашылығының нақты көлем индексі 106,2 пайыз, егін шаруашылығының нақты көлем индексі 145,3 пайыз көрсеткішке жеткізілді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес 2017 жылы ауданда 2 ауылшаруашылық кооперативтері құрылды («Құйылыс-А», «Қызылқұм» өнімдері). Бұл негізінен мал шарушылығының ет, сүт, өнімдерін дайындап, өткізу болып табылады. 2018 жылы «Ақ бура» шаруашылық кооперативі жұмыс жасайтын болады. Ауданда заманауи 3 мал сою пункті жұмыс жасайды.
Облыс әкімінің осы жыл басындағы «Агро кредиттік корпорация» құру жөніндегі тапсырмаңызға орай 2018 жылдың 31 қаңтарында «Мұнайлы-Кішкене құм» кредиттік серіктестігі құрылды. Осындай бағытта ағымдағы жылдың І тоқсанында тағы 1 кредиттік серіктестік құру жоспарда бар. Бұл жұмыстар ары қарай да жалғасын табатын болады.
Сонымен бірге Өңірде мұнай компанияларынан 5/50 бағдарламасымен өз еркімен жұмыстан босап келген азаматтарды жеке кәсіппен шұғылдануға бағыттап, олардың жұмыспен қамтылуына қолдаулар білдіріп тиісті шараларды қолға алуды тапсырған болатынсыз. Бүгінде аудан әкімдігіне хабарласып, кәсібін ашуға ниет білдірген 3 азаматпен нақты жұмыстар жүргізілді.
Оның ішінде ауылшаруашылығы, арнайы техникалық қызмет көрсету, тоңазытқыш қондырғыларын жөндеу және орнату кәсібін жүргізу жөніндегі ұсыныстармен келген. Бұл азаматтар бағдарлама аясында қолына түскен қаражаттарын жеке кәсібін ашуға бағыттауда. Аталған жұмыстар да ары қарай жалғасын табатын болады.
Мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру бағытында отандық және шетелдік компанияларды тарту арқылы инвестициялық жобаларды іске асыруды мақсат етіп келеді.
Бұл мақсатта өткен жылы Мұнайлы ауданының 10 жылдық мерейтойы аясында Маңғыстау ауылында 6 000 тонна ұн сақтайтын астық қоймасы бар «Асқар» ұн-жарма өңдейтін өндірістік комбинаты іске қосылды. Бұл комбинат құрылысы 2017 жылдың найрыз айында басталып желтоқсан айында, небәрі 9 айда аяқталды, аталған жобаға кәсіпкер Жібек Сакенқызы 520 млн. теңге көлемінде жеке инвестициялық қаражатын салды.
Қазіргі уақытта аталған ұн өнімін дайындайтын комбинат, өндіріс кезеңінің барлық сатыларындағы қатаң сапа бақылауын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «OZENIR MILLING» маркасымен әлемдік нарықтағы ең үздік құрал жабдықтармен және қондырғылармен дайындалатын «Каспий» сауда маркасының ұнын шығарып бастады. Ұн комбинаты қазірде тәулігіне 120 тонна жоғары, бірінші сұрыпты ұн және 30 тонна кебек дайындап, сауда-саттыққа шығаруда. Осы жылдың наурыз айында «Мұнайлы» сауда маркасымен ұнды шығарып бастайды.
Мұнда қазір 30 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған, жоспарда жұмыс орнын 50-ге дейін жеткізетін болады.
50 кг жоғары және бірінші сұрыпты ұн бағасы 4000-4500 теңге, көтерме саудамен 3850 теңге, 25 кг жоғары және бірінші сұрыпты ұн бағасы 2000-2500 теңге, базар бағасынан 250-300 теңгеге арзан ұсынылуда. 50 кг кебек 650 теңге, ол базар бағасынан 150-250 теңгеге арзан бағамен сатылуда. 50 кг жарма – 1800 теңгеге сатылуда. Барлық өнім түрлері Ақтау, Мұнайлы сауда орталықтары мен базарларына шығарылуда, Жаңаөзен қаласының кәсіпкерлерінен сұраныстар келіп түсуде.
2018 жылдың тек қаңтар айында 560 000 кг бидайдан 100 800 кг жоғары сұрыпты ұн, 296 800 кг бірінші сұрыпты ұн, 5 600 кг жарма, 134 400 кг кебек дайындалды.
Ақпан айында 1190 тонна (17 вагон) бидай келеді деп күтілуде.
«Экзотика құс фермасында» (үйрек, қаз, түйеқұс, бөдене, күрке тауық, қырғауыл фазан және павлин) 5000-ға жуық құстар өсіріледі. Жалпы алаңы 800 шаршы метрді құрайтын 3 жылыжай салынып, қызанақ және құлпынай өнімдерін өндіруде. Бөдене құстарының күніне 850 жұмыртқалары өндіріліп, Ақтау қаласының сауда орталықтарына тапсырылып отыр. Тұрақты жұмыспен 12 адам қамтылған. Осы жылы бұл ферма құс өнімдерін халыққа ұсыну және туризм саласын дамыту мақсатында қызмет көрсетуді бастайтын болады.
Баянды ауылында «Тұман шах» құс фермасы 2014 жылдан бері құс шаруашылығымен айналысуда. Фермада 25000 бас құс бар, тәулігіне 21000 тауық жұмыртқаларын Ақтау, Мұнайлы ауданының ірі, орта сауда орталықтарына, базар, жәрмеңкелерге сауда саттыққа шығаруда. Тұрақты жұмыспен 6 адам қамтылған.
Қызылтөбе ауылдық округінде асханалық ауыз су өңдейтін «Керуен» цехы іске қосылды. Қуаттылығы тәулігіне 2500 бөтелке су өңдеп шығарады. Жұмыспен 7 адам қамтылды.
2017 жыл бойы аудан әкімдігінің қолдауымен 2,5 млрд. теңгені құрайтын 15 жеке инвестициялық жобалар іске асырылып, 219 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
2018 жылы 9 млрд. теңгені құрайтын 15 жеке инвестициялық жобалар іске асырылатын болады. Олар: Батыр ауылдық округіндегі Күн сәулесінен 2 және 5 Мгвт электр қуатын алатын станциялары, 300 орындық тігін фабрикасы, қымыз және саумал өндірістері, жекеменшік балабақшалар, құс фабрикасы, жем-камбикорм зауыты, жылыжайлар, спорт нысандары және т.б.
Бұл жобаларды іске асырумен қатар 700-ге жуық тұрақты жұмыс орындарын ашуға жұмыстанатын боламыз және жыл аяғына дейін жеке инвестициялық жобалардың үлесін 25-ке дейін арттыруды жоспарлаймыз.
Кәсіпкерлік саласы бағытында «Бизнестің жол картасы - 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бағдарламасы аясында субсидиялау нысанында жылдың басынан ауданда барлығы 4 млрд. 478 млн. теңгеге 49 жоба, кепілдендіру бойынша 35 млн. 322 мың теңгеге 21 жоба мақұлданды.
«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Маңғыстау филиалы арқылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында Мұнайлы ауданы бойынша 2017 жылы 17 адам мал шаруашылығын дамыту мақсатында 60 млн. 550 мың теңге несие алды.
Аудан тұрғындарына «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының Мұнайлы ауданы бойынша филиалы «Бизнес кеңесші» қысқа мерзімді курсын оқытып, 147 тыңдаушыға сертификаттар табыстады. «Бастау бизнес» курсы бойынша 188 адам оқып, сертификаттарын алды, оның 32 тыңдаушысы жеке кәсібін жүргізуде, олардың ішінде 23 кәсіпкер жаңадан кәсібін ашса, 9 кәсіпкер өз кәсіптерін кеңейтуге мүмкіндіктер алды.
Азық-түлік бағасын негізсіз көтермеу мақсатында ауданға қарасты 5 ауылда азық-түлік жәрмеңкелері тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Айта кететін жағдай, аудандағы әр ауылдарда ұйымдастырылып отырған жәрмеңкелердегі азық-түлік бағалары басқа аудан қалалардағы базар бағаларынан едәуір арзан.
Әлеуметтік сала бағыты бойынша 2017 жылы облыс әкімімен ауданда 2100 жұмыс орнын ашу міндеттелген болатын. Есепті кезеңде 2895 жұмыс орны құрылып (соның ішінде 1469 жастар жұмыспен қамтылды), 2016 жылмен салыстырғанда 667 жұмыс орнына көбейді. Оның ішінде: 1387 адам тұрақты жұмыспен қамтылды (422 адам мемлекеттік органдар және жеке кәсіпкерлік нысандарына, 636 адам білім беру, 217 адам денсаулық саласына және 112 адам жасыл ел). Сонымен қатар 235 адам жастар практикасына, 246 адам әлеуметтік жұмыс орындарына уақытша жұмысқа жолданды.
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты аясында қысқа мерзімді курстарға барлығы 442 адам жолданды.
Кедейшілік деңгейінен төмен тұратындар саны 15 отбасы 73 адамды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда Өрлеу жобасымен жұмыспен қамту арқылы 28 адамға азайтылды (2016ж. - 18 отбасы 101 адам).
9 мамыр - Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына орай 322 адамға жергілікті бюджеттен 30,7 млн. теңге әлеуметтік қаржылай көмектер төленді.
2017-2018 оқу жылында облыс әкімінің грантымен оқитын 9 студентке 6 млн. 500 мың теңге, әлеуметтік көмекке мұқтаж 42 студентке 19 млн. 500 мың теңге, білім грантының 6 иегеріне 4 млн. 300 мың теңге қаражат бөлінді, сондай-ақ, 57 студентке (ай сайын 11 345 теңге) барлығы 7 млн. теңге көлемінде шәкіртақы төленді.
Өрлеу бағдарламасы бойынша 2017 жылы Мұнайлы ауданынан шартты ақшалай көмек алуға 141 отбасы, оның ішінде 759 адам өтініш білдірді. Өтініш білдірген азаматтарды жұмыспен қамту мақсатында 143 адам тұрақты жұмысқа, 9 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 11-адам қоғамдық жұмыс орнына, 1 адам оқуға жолданды. Өрлеу бағдарламасына жергілікті бюджет есебінен 31 833 мың теңге, республикалық бюджеттен 24 666 мың теңге мөлшерде шартты ақшалай көмектер төленді. Көмек алған 141 отбасының ішінде 67 отбасы мал шаруашылығымен, 31 отбасы ағаш шеберлігімен, 2 отбасы дәнекерлеу жұмыстарымен айналысса, 1 отбасы егін шаруашылығымен айналысуда.
Аудан бойынша жеке кәсіпкерлер тарапынан төмендегідей қайырылымдық шаралары ұйымдастырылды. Атап өтсек:
Жыл бойы 1 млн. 349 мың теңге көлемінде 696 адамға, яғни мүгедектерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және көпбалалы отбасыларға қайырымдылық шаралары өткізілді. Одан басқа 2017 жылдың 1 тамызынан 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылды. Әлеуметтік қолдауға мұқтаж 2531 оқушыға 16 млн. 442 мың теңгені құрайтын мектеп формасы және спорт киімдері, арқа қоржыны оқу құралдарымен берілді. Жалпы оқу қорынан 228 балаға 1 млн. 910 мың теңге көлемінде, демеушілер есебінен 1911 балаға 14 млн. 530 мың теңге көлемінде көмектер ұйымдастырылды.
Жыл аяғында облыс әкімі Ералы Лұқпанұлының бастамасымен өңірде «АСАР» қайырымдылық шарасы Мұнайлы ауданында белсенді түрде ұйымдастырылды. 524 отбасыға 2 млн. 100 мың теңге көлемінде, 720 мүгедек, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға 1 млн. 200 мың теңге көлемінде материалдық көмектер ұйымдастырылды. Аталған игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
Инженерлік инфрақұрылымдардың дамуы бағытында Баянды ауылында қатты-тұрмыстық қалдықтар көму полигонының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін 2018 жылға облыстық бюджеттен 100 млн. теңге бөлінді. Жалпы жоба құны 707,7 млн.теңге. Құрылыс жұмыстарын толықтай аяқтау үшін 100 млн.теңге қаражат қажет етіледі.
Соңғы 2 жылда ауданда ауыз су құбырларын тарту құрылыстарының жобалары қарқынды түрде жүргізілуде. Жоспарлар жөнінде жоғарыда атап өткен болатынмын.
Өздеріңіз білесіздер, 2014 жылға дейін Мұнайлы ауданының тұрғындары құбыр арқылы «МАЭК-Казатомпром» ЖШС-нен тәулігіне 3000-4000 текше метр ауыз су алып келген болатын. Рас, сол жылдары, әсіресе жаз мезгілдерінде су тапшылығы облыс, аудан басшылықтарын біраз әбігерге салған болатын.
2015 жылға қарай Каспий су тұщыту зауыты іске қосылып, су беру көлемі тәулігіне 10 000 текше метр су беруге дейін ұлғайды, сол жылдан бастап Мұнайлы ауданы осы зауыттың құбырына жалғанды.
2017 жылдың наурыз айында облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы Мұнайлы ауданында іс сапарында болғанда және осы зауыттың жұмысымен танысу барысында, зауыттың су тұщыту қуатын 20000 текше метрге дейін ұлғайтуды тапсырған болатын. Бүгінде зауыттың қуаты 20 000 текше метрге жеткізілді және алдағы уақытта оның қуатын 40 000 текше метрге дейін ұлғайту бағытында тиісті тапсырмалар берді. Қазіргі таңда Мұнайлы ауданы тікелей Каспий зауытынан тәулігіне 9000-10000 текше метр ауыз суды еш кедергісіз алып, аудан тұрғындарына жеткізіп беріп отыр. Болашақта барлық ауылдар ауыз су құбырларымен қамтылған жағдайда тәулігіне 19000-20000 текше метр су алуға қол жеткізетін боламыз.
Аудан тұрғындарының назарына айта кететін жағдай, мемлекеттің ауыл тұрғындарына ауыз су бағасын субсидиялау бойынша жүргізілген саясатының арқасында, қазіргі уақытта 1 текше метр ауыз су бағасы – 280 теңге 29 тиын болса, 30 теңгеге дейін төмендетіліп тұрғындарға беріліп отыр. Мемлекеттің едәуір зор қолдауымен ауыл тұрғындарына 250 теңге 29 тиын ауыз судың шығыны өтеп берілуде.
Облысымыздың теміржол вокзалы Мұнайлы ауданының орталығы Маңғыстау ауылында орналасқан және вокзал ғимараты былтыр Маңғыстау магистралдық желі бөлімінің балансына өткен болатын. Сіздің жұмыс сапарыңыз барысында берген тапсырмаңызға орай вокзалдың ішкі және сыртқы келбетіне әрлеу, жөндеу, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Ғимарат жеке кассалар мен өзге де кәсіпкерлік нысандардан босатылып, күту залының аумағы кеңейтілді. Антитеррорлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кіру және шығу есіктеріне бақылау, тексеру және өткізу «Рапискан» қондырғылары орнатылды.
Сонымен қатар 2016 жылы Маңғыстау вокзалы арқылы 800 мың жолаушы келіп-кетсе, 2017 жылы олардың саны 1 млн. 200 мыңға жетті, жолаушылар қатынасы орташа есеппен 2,5 мыңнан астам адамды құрады. Аталған көрсеткіш «ЭКСПО-2017» көрмесінің өтуі кезеңінде қатынаған жолаушылар санының артуынан және қосымша пойыздардың іске қосылуынан жоғарылады.
Қазіргі уақытта аудандағы өзекті мәселелердің бірі ауылдарды ауылішілік жолмен қамтамасыз ету. Бұл өз кезегінде қоғамдық көліктердің, тұрғындардың жүріп тұруына қолайлы жағдай туғызатыны анық.
Осы мәселелерді шешу бағытында, 2017 жылы Баянды ауылында 3 шақырым, Атамекен ауылында 2,4 шақырым, Қызылтөбе -2 елді мекенінде 5,5 шақырым, Қызылтөбе-2 – Жаңа Дәулет елді мекендеріне 7,8 шақырым, Маңғыстау-3, 4 елді мекендеріне 4,2 шақырым, аудандық маңыздағы Жаңаөзен-Құрық автожолының аралығына 6 шақырым. Барлығы 27 шақырым асфальт жолы төселді.
Сонымен қатар, Атамекен ауылдық округінің 3 шақырым ауылішілік жол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Жоба осы жылдың мамыр айында дайын болады.
Аудан бойынша барлығы ұзындығы 40 шақырымды құрайтын автокөлік жолы құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталған болатын. Барлық жобалардың құны – 1 млрд. 866 млн.теңге. Қаражат бөлу жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсыныстар жолданды.
(Олар: Маңғыстау-5 елді мекеніне 15 шақырым, Жаңа-Дәулет елді мекеніне 15 шақырым, Басқұдық ауылын айналып өтетін автокөлік жолының жалпы ұзындығы 1,3 шақырым және ауылішілік автокөлік жолы 2,2 шақырым Баянды ауылының Баянды-2,3 елді мекендеріндегі №3 мектепке кіре беріс жолына жалпы ұзындығы 2,2 шақырым).
Одан басқа, 35 шақырымды құрайтын автокөлік жолының жоба шығындары есептеліп жобалық-сметалық құжаттарын жасақтау үшін қаржы бөлу жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсыныстар жолданды. Жалпы өтінім соммасы - 52,1 млн.теңге (Маңғыстау ауылының кварталдары, Маңғыстау-1,2,4 елді мекендерінің әрқайсысы 15 шақырым автомобиль жолына, Қызылтөбе ауылдық округіне 15 шақырым, Басқұдық ауылында орналасқан «ЕвроСтрой» ЖШС-нен Гранит тұрғын үй массивіне дейін 2 шақырым, Басқұдық ауылында орналасқан «Мейрамгүл» дүкенінен Шығыс-2 дейін 3 шақырым автокөлік жолы).
Тұрғын үй қолжетімділігін одан әрі арттыру мақсатында аудан көлемінде келесідей жұмыстар жүргізілуде:
2018 жылдың 1-қаңтар жағдайына тұрғын үйге мұқтаж 2740 адам кезекте тұр. Аудан тұрғындарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында, 2017 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 24 пәтерлік 12 үй, барлығы 288 пәтер құрылысы салынып, несиелік бағытта азаматтарға табысталуда. Бүгінде 113 отбасы осы бағдарлама бойынша қоныс тойларын жасап, пәтерлерге орналасты.
Батыр ауылында 4 пәтерлік 40 үйдің құрылысы биыл басталып, оның 64 пәтерден құралған 16 үйі және барлығы 192 пәтерден құралған 8 тұрғын үй 2018 жылдың сәуір айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, 2018 жылы наурыз айында Батыр ауылдық округіндегі Емір шағынауданынан 4 пәтерлі 24 тұрғын үйдің барлығы 96 пәтерді құрайтын құрылыс жұмыстары басталады.
Сонда соңғы 2 жылда ауданда 640 пәтер қолданысқа беріліп, оның ішінде 352 пәтер кезектегі азаматтарға биыл табысталатын болады.
Бұдан басқа, Маңғыстау ауылында 4 қабатты 24 пәтерлік 30 үйдің жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде және Батыр ауылдық округінде 4 пәтерлі 20 тұрғын үйдің құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізілуде. Осы жобалар дайындалып, қаржыландырылып, құрылысы жүргілген жағдайда кезектегі 800 отбасы қоныс тойын тойлайтын болады.
Қылмыстық ахуал. Ауданда қылмыстардың алдын алу, қоғамға қарсы бағытталған құқық бұзушылықты болдырмау, жастар мен жасөспірімдір арасында, сондай-ақ, топтық қылмыстардың алдын алу бағытында бірқатар профилактикалық жұмыстар атқарылып келеді.
Нәтижесінде аудан көлемінде тіркелген жалпы қылмыс саны 12,2 пайызға (1122-дан 918-ке), оның ішінде ұрлық қылмыстары 11,2 пайызға (605-тен 537-ге), бұзақылық қылмыстары 15,1 пайызға (115-тен 76-ге), көшеде орын алатын қылмыстар 10,5 пайызға (172-ден 163-ке) төмендетілді.
Мұнайлы ауданы көлемінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында күнделікті өткізіліп жатқан алдын алу іс-шараларының нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы – 23,6 пайызға (55-тен 42ге), дене жарақатын алғандар – 25,8 пайызға (62-ден 46-ға), қаза болғандар саны – 42,9 пайызға (14-тен 8-ге), дейін төмендеді.
Нәтижесінде, қоғамдық қауіпсізідікті қамтамасыз ету мақсатында Жергілікті полиция қызметкерлерімен 25 544 әкімшілік құқықбұзушық анықталып, оларға 126,7 млн. теңге айыппұл салынды. Салынған айыппұлдардың 86,3 млн. теңгесі немесе 68,1 пайызы өндірілді.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жүзеге асыру бағытында аудандық іс-шаралар жоспары жасақталды. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 4 кіші бағдарламасы бойынша базалық жобаларды жүзеге асыру жұмыстарының іс-шаралар жоспары жасақталды, жауапты мамандар бекітіліп келесідей жұмыстар атқарылды:
Бағдарлама аясында Атамекен ауылында «ИСА» спорт кешені, Басқұдық ауылында «Батыр» спорт залы, осы ауылдың бастауыш сынып оқушыларына арналған жекеменшік мектеп ғимараты, Маңғыстау ауылында «Шоғы батыр» мұражайы, Баянды ауылында «Серікболтану» клубы мен кабинеті ашылды.
Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш ашылған Мұнайлы ауданының «Мерейлі мекен – Мұнайлым!» атты 10 жылдық мерейтойы кең көлемде атап өткізілді.
Аудан орталығындағы «Тәуелсіздік» саябағында «Мәңгілік Ел» монументі ашылды. Батыр ауылында Кемеңгер қаламгер Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Мәңгілік өмірге, мәңгілік өнегеге айналған тұлға» атты әдеби кеші өткізіліп, «Әбіштану» кабинеті ашылды.
2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 мыңнан астам адам тұратын аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар мен ауылдық округтерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті мен коммуналдық меншігін енгізу заң жүзінде белгіленді. Салықтық және салықтан тыс басқа да түсімдердің 7 түрі, сондай-ақ шығындардың 19 бағыты ауыл бюджетіне берілді. Бұл ауыл тұрғындарымен бірлесе жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуде үлкен роль атқаратын болады.
Бұл орайда аудан тұрғындарын, ауыл азаматтарын жеке өздеріне тиісті жылжымайтын мүліктерін әділет басқармасына тіркелуін және уақытылы мемлекеттік кірістер басқармасына салығын төлеп тұруға шақырамын. Бұл алдағы уақытта ауыл және ауылдық округтердің бюджетінің табысын арттыратын болады.
Аудан әкімдігі «Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп Мұнайлы ауданы «Ауылды бірлесе дамыту!» жергілікті өзін-өзі дамытуға бірлесе ықпал ету» жобасының пилоттық ауданы болып іріктелді.
Бұл жобаға ауданға қарасты Маңғыстау, Қызылтөбе, Баянды, Батыр ауылдары қатысты.
(2017 жылы 3 жылдық жобаны жүзеге асыруда келесідей жұмыстар атқарылды. Жоба өз жұмысын 01.03.2017 жылы бастады. Жобаны жүзеге асыру мақсатында облыстық, аудандық деңгейдегі жұмыс топтары құрылды. Мұнайлы ауданына қарасты, Маңғыстау, Қызылтөбе, Баянды, Батыр ауылдарының әкімдері мен жергілікті қауымдастық мүшелері «Жергілікті өзін-өзі басқаруға азаматтардың қатысуы», «Инклюзивті ауылдық жоспарлау», «Жобаны жоспарлау» тақырыптарындағы оқытуларға қатысты. Жоғарыда аталған 4 ауылдың 2018-2020 жылдарға арналған инклюзивті даму жоспары жасақталды. Маңғыстау, Қызылтөбе, Баянды, Батыр ауылдарының даму жоспарын жасақтау барысында жұмыс тобымен 36 кездесу отырысы өтті, шараларға барлығы 432 тұрғын қатысты. Әрбір отырыстың сұрақтары 3 жұмыс тобына бөлініп қарастырылды. Олар: 1) Экономика және ауыл шаруашылығы; 2) Инженерлік инфрақұрылым және техникалық қызмет көрсету, көлік, байланыс, экология және мемлекеттік қызмет көрсету; 3) Әлеуметтік инфрақұрылым және әлеуметтік қызметтер бойынша жұмыс тобы.).
2018 жылы аталған жоба бойынша Атамекен, Басқұдық, Дәулет ауылдары қосылатын болады, жасақталған ауылдардың даму жоспарларында көрсетілген жергілікті мәселелерді шешу мақсатында ауыл тұрғындарына бизнес ашу үшін қаржылай гранттық қолдау көрсетіледі. Әр ауылға 1 гранттан бөлінеді деп жоспарлануда. 1 грант 4 мың евроны (1,5 млн.теңге) құрайды. Оның берілу бағыты ауылдың даму жоспарында көрсетілген түйінді мәселелерді қамтуы керек. Ол үшін ниет білдірген ауыл тұрғындарын оқытып, грант беруге байқау жарияланады.
Қорытындылай отырып, төмендегі мәліметті қаперге бергім келіп отыр:
Бүгінде ауданда 30 млрд. 232 млн. теңгені құрайтын 75 жоба іске асырылуда. Оның ішінде:
1) 14 млрд. 251 млн. теңгені құрайтын 17 жобалардың құрылысы жүргізілуде (ауыз су, автомобиль жолдары, мәдениет үйлері, тұрғын үйлер құрылысы);
2) Қаржыландыруды қажет етіп отырған, 10 млрд. 737 млн. теңгені құрайтын 15 жобалық құжаттамалар дайын (320 орындық 2 мектеп, дренаж, кәріз жүйесі, ауыз су жүйесі, автомобиль жолдары, спортзалдар);
3) 3 млрд. 208 млн. теңгені құрайтын 5 жоба жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың қаржыландыруына ұсынылып, оның 1 млрд, 860 млн. теңгені құрайтын 2 жобасы іске асырылуда, қалған 2 жоба мақұлдануда, 1 жоба «КазтрансгазАймақ» АҚ инвестициялық қаржыландыру жоспарына енгізілді (жатақхана, мәдениет үйі, спорт кешені, жол, газ);
4) 230 млн. 550 мың теңгені құрайтын 24 жобалық сметалық құжаттамалар жасақталуда (жаңа жерлерге инфрақұрылым жүйелерін тарту, 5 мектеп, балабақша, жолдар, тұрғын үй жобалық құжаттамалары);
5) 184 млн. теңгені құрайтын 11 жобаны әзірлеуге қаражат қажет етіліп отыр (5 мектеп жобасы, 6 жол жобасы);
6) 1 млрд. 622 млн. теңгені құрайтын 140 орындық 3 балабақша жобалары мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығының қарауына ұсынылды.
Ауданның барлық салалардағы даму мүмкіндіктерін әлі де қамтамасыз ету мақсатында, іске асырылып жатырған жобалардың құрылысын аяқтау және жаңа жобалардың құрылысын бастау, сонымен бірге жаңа жобаларды әзірлеу үшін 16 млрд. 831 млн. теңге қаражат көзі қажет етіледі.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» - атты Жолдауын орындау, сонымен қатар ауылдық округтерде тұрғындар тарапынан түскен ұсыныс-пікірлерді ескере отырып, іске асыру мақсатында 2018 жылы Мұнайлы ауданын дамытуға бағытталған келесідей міндеттерді атқаратын боламыз:
1. Қызылтөбе ауылдық округінің сумен қамту жүйелерінің құрылысын бастау және Басқұдық, Маңғыстау-4 елді мекенін сумен қамту жүйелерінің құрылыстарын аяқтау;
2. Маңғыстау ауылындағы 24 пәтерлі төрт қабатты жалдамалы 8 тұрғын үйдің құрылысын аяқтау;
3. Батыр ауылы Емір шағынауданынан төрт пәтерлі 24 тұрғын үйдің құрылысын бастау;
4. Баянды ауылының және Қызылтөбе-2, Маңғыстау-3,4 елді мекендерінің әрқайсысы 15 шақырымды құрайтын ауылішілік автокөлік жол құрылыстарын жалғастыру;
5. Атамекен ауылдық округінен кітапханасымен бірге 200 орындық ауыл клубының құрылысын бастау және Басқұдық ауылдық округінен кітапханасымен бірге 200 орындық ауыл клубының құрылысын жалғастыру;
6. Маңғыстау ауылында 150 төсектік аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеп, Республикалық бюджеттің нақтылауына ұсыну шараларын алу, құрылысын бастауға жұмыстану;
7. Маңғыстау ауылынан кітапханасымен бірге 500 орындық аудандық орталық мәдениет үйінің құрылысын жер қойнауын пайдаланушылар есебінен іске асыру.
8. Маңғыстау ауылынан жер қойнауын пайдаланушы компания есебінен 100 отбасыға арналған жатақхана құрылысын аяқтау;
9. Қызылтөбе, Батыр ауылдық округтерінен және Маңғыстау – 5 елді мекенінен әр қайсысы 1200 орындық және Басқұдық ауылдық округінен 1200 және 600 орындық мектеп құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттамаларын жасақтау;
10. Атамекен ауылдық округіндегі қолданыстағы 640 орындық мектеп құрылысына қосымша 320 орындық мектеп және Басқұдық ауылдық округінен қолданыстағы 960 орындық мектеп құрылысына қосымша 320 орындық мектеп құрылыстарын бастау;
11. Атамекен ауылдық округі мен Басқұдық ауылдық округінің дренаж жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамаларын Республикалық бюджеттің нақтылауына ұсыну шараларын алу, құрылысын бастауға жұмыстану;
12. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында Ауылшаруашылық, шағын және орта бизнес саласын мемлекеттік қолдау шаралары арқылы дамыту және 3700 ден кем емес жұмыс орындарын құру.
13. Маңғыстау – 5 елді мекенінде 15 шақырым ауылішілік жол құрылысын, 160 көрерменге арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың есебінен бастау.
14. Маңғыстау - 3,5 тұрғын үй массивтерінің ауыз су құбырының құрылыстарын биыл бастау;
Елбасы өз Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолын анық көрсетті. Жолдауда нақты міндеттер қойылды. Елбасы: «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек» дей келіп, қазақстандықтардың жасампаздығына сенім артып отыр.
Сондықтан да, Елбасымыздың өңірдегі ең сенімді серігі, басты тірегі ретінде, оның барлық тың ойлары мен бастамаларын ойдағыдай іске асыруға, халықтың жарқын болашағы мен еліміздің кемел келешегі үшін аянбай еңбек ететін боламыз.
Осыған орай, барлық тапсырмалар мүлтіксіз, уақытылы, нәтижелі іске асырылатын болады. Ол үшін Біздер жаңа жоғарыда атап өткен алдағы орындалар міндеттерді үнемі талдап, аудан тұрғындарын жасалған жұмыстар туралы хабардар ететін боламыз.
Достарыңызбен бөлісу: |