22
Сейітнұр Ж.С., Масимгазиева А.Д.
(Қазақстан Республикасы, Алматы қ,
əл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті)
С.М. ЖАҚЫПОВТЫҢ ОТАНДЫҚ ПСИХОЛОГИЯ ТАРИХЫНДАҒЫ АЙЫРЫҚША РӨЛІ
Кез келген ғылым саласының қалыпты дамуы оның өткен тарихын зерттеуге қаншалықты көңіл
бөлуіне байланысты болып келеді. Өйткені, психология тарихы өзінің тарихи даму барысында
жинаған барлық оң, құнды дүниелерді зерттеп сақтауға, құнттап қалпына келтіруге жəне келесі
буынға беруге тырысады. Психология ғылымының қалыптасу жəне даму тарихын зерттеген кезде
оның дамуына зор үлес қосқан жеке ғылымдардың еңбегінен тыс тарихты қарастыруға болмайды.
Қазақстандағы психология тарихын зерттеуде есімі мен еңбегі еш даусыз мойындалған тұлғаның бірі
– қазақ психологы Сатыбалды Мұқатайұлы Жақыпов (1950-2014). Ол Қазақстандағы психология
ғылымының бірнеше салаларының дамуына айтарлықтай үлес қосты. С.М. Жақыповтың
психологиялық мұраларын зерттеу оның жалпы психология, педагогикалық психология мен
эксперименттік этнопсихология сияқты салаларға əдіснамалық жəне əдістемелік жаңалықтар енгізген
автор ретінде сипаттауға негіз береді.
Мезгілінен бұрын бұл өмірден озған отандық көрнекі ғалым С.М. Жақыповтың ғылыми мұралары
арнайы зерттеуді талап етеді. Өйткені, оның ғылыми идеялары қазіргі психология үшін өзінің
өзектілігі мен қажеттілігін жоғалтқан жоқ. Ғалымның өмір жолы, кəсіби қызметімен байланысты
шығармашылық кезеңдері, оппонеттік тобы мен тұлғаралық қарым- қатынастары, өзіндік тұлғалық
ерекшеліктері, күллі психологиялық мұрасы біздің магистрлік диссертациялық зерттеу жұмысымызға
арқау болып отыр.
Тарихи-психолологиялық зерттеудің мақсат-міндетін белгілі психолог Б.Ф. Ломов өте жақсы
айтып кетеді: «Психологиялық мұраларды зерттеудің міндеті психологтарды "ранг (атақ-дəреже)
тізімі" бойынша бөліп орналастыру да емес, қайта олардың əр қайсысының психологиялық білімдер
жүйесіне қосқан үлесінің мəнін ашу». [1, 6 б.]. Əрбір ғалымның психология саласына қосқан нақты
үлесін айқындап беру психология тарихшылары үшін аса маңызды міндет болып табылады. Құр
мадақтау мен лепірме сөздер емес, белгілі бір негізге сүйеніп жазылған, оқырмандардың көзі
жететіндей дəлелдер келтірілген мақалалардың ғана ғылыми құңдылығы жоғары болады. Тарихи
деректер бүгінгі ғылымға қатысы жоқ қолданбайтын өлі дүние я керексіз жүк болмауы тиіс. «Таза
тарихтың» өздігінен құны жоғары болмайды. Өйткені, ғылыми ақпараттар тасқынының ұдайы
алмасуы мағлұматтардың шапшаң ескіруіне əкеледі. Бүгінгі жаңалық келесі күні-ақ тарих еншісіне
айналады. Психолог тарихшылар үшін ғылыми құндылығы жоғалмаған еңбектерді кенді жуып ішінен
пайдалы қазбаларды іріктеп алатын сияқты жұмыс жасауына тура келеді.
ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғ. басында Қазақстанда өмір сүрген бірегей, көрнекті
ғалым С.М. Жақыповтың психологиялық мұрасы отандық психологияның маңызды құрамдас бөлігі
болып табылады. Оның шығармалары еліміздің тарихи- психологиялық білімнің жалпы қорына
қосылуы тиіс. Бүгінде С.М. Жақыповтың психологиялық идеялары, көзқарастары мен
концепциялары ғалымдар тарапынан толыққанды зерттелінген жоқ. С.М. Жақыповтың
шығармашылығына, мұраларына назар аударып арнайы зерттеу, біріншіден, ғалымның отандық
психология тарихындағы орнын анықтауға жəне еліміздегі психология ғылымының қалыптасуы мен
дамуына оның қосқан үлесін ашуға мүмкіндік береді; екіншіден, психология ғылымының ақпараттық
қорын байытады, психика табиғатын жаңа тұрғыда түсінуге жол ашады, үшіншіден психологияның
деректік базасын ұлғайтады, сөйтіп ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғ. басындағы отандық психология
дамуының толық көрінісін жасауға мүмкіндік береді.
Жалпы бұрыңғы Кеңес Одағы құрамындағы сателлит (қуыршақ) республиканың бірі болған
Қазақстанда ғылым тарихын объективі сипаттау мүлде мүмкін емес еді. Оның үстіне ұлтшылдыққа,
«пантюркизмге» қарсы күрес ұлттық тарихтың қатты бұрмалауына əкелді. Ұлттың мақтанышына
лайық тұлғаларға қара күйе жағылып, керісінше жалаң ұраншылдар тарих бетінен ойып орын алды.
Қазақстанда тəуелсіздік алғанға дейінгі тарихи-ғылыми зерттеулер сол заманның талабына сай,
жалғыз ғана дұрыс боп табылатын маркстік-лениндік əдіснаманың принциптері мен коммунистік
идеологиялық ұстанымдар тұрғысынан жазылды. Тіпті ұлтымыздың педагогика жəне психология
саласындағы көрнекті тұлғалары (Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев жəне т.б.) буржазиялық ұлтшылдар
атанып, ғылыми мұралары біржақты бағаланды. Қазақстан тəуелсіздік алған соң ғана идеологиялық
шектеулер алынды. Алайда кеңес заманның өзінде грузиндер мен эстон психологтарының өздерінің
академиялық еркіндіктері мен ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалғаны таңқалдырады. 1980 жылы
эстон ғалымдары мен мəдени қайраткерлері орыстану саясатына қарсы атышулы «40-тың хатын»
жазған екен. Сол хатты жазғандардың бірі Тарту университетінің құрметті ректоры, психология
23
ғылымдарының докторы, академик Пеэтер Тульвисте (1945 – 2017) еді. Кеңес Одағына ана тілінде
психологтарды даярлау ісі Өзбекстанда 1974 жылы басталыпты (М.В. Вахидовтың жетекшілігімен
ТашГУ-дің тарих факультетінде психология бөлімінде өзбек топтары құрылады). Қазақстанда бұл
істі тұңғыш қолға алған 1990 жылы сəуірде Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университетінің биология факультеті құрамында ашылған «жалпы психология» кафедрасының
меңгерушісі С.М. Жақыпов еді. Психологияны қазақша оқытуды сол кездегі ҚарМУ-дің ректоры
(1987-91 жылдары) академик Айтхажа Биғалиұлы Биғалиев қолдады. Академик Е.А. Бөкетов
атындағы ҚарМУ Қазақстан тарихындағы екінші жоғары оқу орны жəне еліміздің бұрыннан келе
жатқан ірі университеттерінің бірі болып табылады. С.М. Жақыпов 1990-1993 жылдар аралығында
ҚарМУ-дің жалпы психология кафедраның меңгерушісі қызметін табысты атқарды. Ол кездері
кафедраның жұмысын жолға қою барысында ғалымды үлкен қиындықтар күтіп тұрды: арнайы білімі
бар психолог мамандар, психология салалары бойынша оқулықтар, ғылыми əдебиеттер жоқтың қасы
еді. Алматылық педагогтар мен психологтар психолог мамандығын қазақша даярлау мен оқыту
жайлы мəселе де өзара келісе алмай айтысып-тартысып жүргенде (əсіресе, сол кездегі Киров
атындағы ҚазМУ-дің жалпы психология кафедрасы 1988 – 91 жылдары) С.М. Жақыпов бастаған
ұжым тұңғыш рет қазақ тілінде психологтарды əзірлей бастайды. Мұның саяси-мəдени маңызы зор
болды. Отаршылдық салдарынан ана тілінен айырыла бастаған қазақтар үшін өз тілінде сирек
кездесетін мамандарды даярлау мүмкіндігінің пайда болуы ұлттың болашағына деген сенімді оятты.
С.М. Жақыпов ғылыми өмірінің қарағандылық кезеңінде 65 ғылыми еңбек жазыпты, соның
ішінде көлемділері: “Психология бойынша практикум. Əдістемелік құрал.” (1986), “Мектептегі
психологиялық қызмет” (Н.К. Кажитаевамен бірлесіп, 1989) жəне 1992 жылы аяқталған докторлық
диссертациясының монографиясы “Танымдық іс-əрекеттің психологиясы” атты еңбегі.
С.М. Жақыпов 1994 жылы Алматы қаласына көшіп келеді. 1994-1997 жылдар аралығында ҚР
ҰҚК институтының психология кафедрасында профессор болып жұмыс істейді. Ал 1997 жылы шілде
айында Алматы қаласындағы қазіргі Абай атындағы Қазақтың Ұлттық педагогикалық
университетінің «теориялық жəне қолданбалы психология» кафедрасының меңгерушісі қызметіне
алынады. Ол жерде 2000 жылға дейін жұмыс істеді.
Сол кездерде Қазақстанда психология саласында небəрі 2 ғылым докторы жəне он шақты ғылым
кандидаттары болатын. Психология ғылымы саласында ғылыми зерттеу ісімен айналысқысы келетін
жандар үшін ғылыми жетекшілік ететін адам табудың өзі мұң еді. Жоғары білікті психолог кадрларға
деген тапшылық өте күшті білінді. Ол уақыттарда еліміз психология саласында (институционалдық
жағынан немесе ғылыми кадрлар мен мамандар саны жағынан болсын) көрші мемлекеттерден көп
артта қалып қойған едік. Тəуелсіздік қарсаңында Қазақстанда психология бойынша не факультеті, не
диссертациялық кеңес ашатын жеткілікті ғалымдары болмады. Өзбекстанның, Қырғызстанның
ғалымдарына кіріптар болдық. Оның үстіне Қазақстанның психология ғылымы көп жылдар бойы
лайықты көшбасшы болмауынан үлкен зардап шекті. Міне, осындай жағдайда С.М.Жақыповтың
Алматыға ауысуы отандық психология ғылымы үшін үлкен бір жəрдем болды.
С.М. Жақыпов 1999 жылы 12 қаңтарда елімізде докторлық кеңестің болмауы себепті, егемен
Қазақстанның алғашқы өкілі ретінде көрші Ресейдің РБА Психология институтында «Оқыту
процесінің психологиялық құрылымы»атты тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды [2]. Бұл
жұмыс бір мезгілде екі мамандық : 19.00.01.- жалпы психология жəне 19.00.07. – педагогикалық
психология бойынша қорғалды. Соның арқасында Қазақстанда психология ғылымы бойынша
диссертациялық кеңестер ашуға мүмкіндік туды.
Еліміздің психология ғылымының институционалдық дамуындағы маңызды бір оқиға 2000-жылы
орын алды. Сол жылдың 22 ақпанында əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Ғылыми Кеңесі бұрыңғы
психология кафедрасын екі дербес кафедраға – «этникалық жəне педагогикалық психология»
кафедрасы мен «жалпы психология» кафедрасына бөлу жөнінде қаулы қабылдайды. Сөйтіп
университетте психология бойынша екі кафедра жұмыс істей бастады. 2000 жылдың 14 сəуір айында
əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің ректоры К. Нəрібаевтың №3-512 Бұйрығына сəйкес құрылған
этникалық жəне педагогикалық психология кафедрасының меңгерушісі болып психология
ғылымдарының докторы, профессор С.М. Жақыпов тағайындалады. Кафедраның ашылу кезінде
оның құрамында 12 оқытушы жұмыс істеген еді. Қысқа мерзім ішінде аталмыш кафедраның сандық
əрі сапалық тұрғыда биік деңгейге шығуы персоналдық-тұлғалық факторларға байланысты екендігіне
көз жеткізуге болады. Кафедраның меңгерушісі ретінде профессор С.М. Жақыповтың
ұйымдастырушылық қабілеті мен ғылыми беделі этнопсихология жəне педагогикалық психология
кафедрасын философия жəне саясаттану факультетінде жетекші орынға шығарды.
Ғалымның алматылық кезеңіндегі негізгі еңбектері қатарына «Оқыту процесіндегі студенттердің
танымдық іс-əрекетін басқару» (2002), «Оқыту процесінің психологиялық құрылымы» монографиясы