Ахметжанов о. Н. Жануарлардың КӨз аурулары оқу құралы семей, 2012 Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі


КӨЗДІҢ ЖӘНЕ КӨЗ ҚОСЫМШАЛАРЫНЫҢ ФИЗИОЛОГИЯСЫ



жүктеу 7,1 Mb.
бет3/8
Дата21.02.2018
өлшемі7,1 Mb.
#10346
1   2   3   4   5   6   7   8

КӨЗДІҢ ЖӘНЕ КӨЗ ҚОСЫМШАЛАРЫНЫҢ ФИЗИОЛОГИЯСЫ

Көздің көруі оның физиологиялық қасиеті. Көру актісі жарықтың көздің торлы қабығына өтіп, родопсин мен иодопсинді ыдыратуынан басталады. Осыдан пайда болған тітіркенулер жүйке торшалары арқылы көздің көру жүйкесіне беріледі. Одан әрі көру жүйкесі тітіркенуді мидың көру орталықтарына жеткізеді де мида көру сезімі пайда болады. Көз жарықтың тітіркендіруіне қалыптасып, оның шамасына қарай қозуы жоғарылап немесе төмендеп отырады. Осыған байланысты көз өте жарықтада, әлсіз жарықта да көре алады. Мұны көздің жарыққа бейімделуі – адаптациясы дейді. Зерттеулерге қарағанда өте жарықта (күндіз) торлы қабықтың сауытша тәрізді жүйке торшалары жұмыс істесе, әлсіз жарықта (кешкілік уақытта) таяқша тәрізді жүйке торшалары жұмыс істейді. Олар өзара байланыста бола отырып, бірінің қызметін бірі толықтырады. Олардың бұл жұмысын мидың көру орталығы реттеп отырады. Жануарлардың түсті ажыратуы әлі толық зерттеліп болмаған. К.Р. Викторова жүргізген зерттеулерінде құстардың күлгін жарықта қараңғыдағыдай көрмейтінін анықтаған. С. М. Павленко жылқы қызыл, сары, жасыл және күлгін түстерді ажырататынын дәлелдеген.



Көздің анатомиялық құрлымы фотокамера тәрізді. Көздің жарықты сындыру орталары – оның обьективі. Оған көздің қасаң қабығы, көз камералары, бұршақ дене, шыны тәрізді дене жатады. Олар жарық сәулелерін сындырып, бір нүктеге – фокусқа жинайды. Ол бұзылса көз қоршаған ортаны дұрыс көрмейді. Көздің оптикалық жүйесінің тыныштықта паралелл жарық сәулелерін сындырып, бір нүктеге жинайтын анатомиялық мүмкіндігін рефракция дейді. Ол жарық сәулесінің тығыздығы әртүрлі орталардан өтуінің нәтижесі болып табылады. Рефракция қалыпты болса оны эмметропиялық, ал қалыптан ауытқыса – аметропиялық рефракция дейді.

Эмметропиялық рефракцияда – көздің оптикалық жүйесі паралелл жарық сәулелерін сындырғаннан кейін олардың фокусы көздің торлы қабығына сәйкес келеді және көздің заттарды анық көруі мүмкін болады. Кейде негізгі фокус торлы қабыққа сәйкес келмейді, не оған жетпейді, не асып кетеді де заттарды анық көру мүмкін болмайды. Қалыптан ауытқыған рефракцияның бірнеше түрлері бар.

Миопия – фокустың торлы қабықққа жетпей оның алдында орналасуы. Оның себебі туа немесе жүре біткен көздің оптикалық жүйесінің ақаулары. Бірінші себебіне көздің туа біткен аса сопақтығы (көз алмасының алдынан артына қарай жүргізілген диаметрі ұзын) немесе бұршақ дененің шар сияқты домалақ болуы жатады. Екінші себебі көздің жарықты сындыру орталарының бірінің немесе бірнешеуінің тығыздықтарының қалыптан тым жоғары болып, жарықты шамадан тыс сындыруы. Миопияда анық көру тек зат көзге өте жақын орналасса ғана мүмкін болады. Ол «жақыннан көргіштік» деген атпен белгілі. Медицинада көздің бұл кемістігін қалыпқа келтіру үшін екі жағы ойық линзадан жасалған көзілдірік пайдаланылады.

Гиперметропия – фокустың торлы қабықтың сыртында орналасуы. Бұл жағдай керісінше туа біткен көз осьінің қысқа болуынан немесе көздің оптикалық ортасының жарықты нашар сындыруынан болады. Мұндай жағдай көздің бұршақ денесінің болмауы немесе оның орнынан тайуы, жарықты сындыруының кемуі, шыны тәрізді дененің тығыздығының төмендеуі сияқты көз ауруларында байқалады. Көзінде мұндай ақаулары бар адамдар мен жануарлар алыстағы заттарды жақсы көреді («алыстан көргіштік»). Медицинада көздің бұл кемістігін қалыпқа келтіру үшін екі жағы дөңес линзадан жасалған көзілдірік пайдаланылады.

Анизометропия – бір жақ көздің рефракциясы қалыпты болғанда екінші жақ көздің жақыннан немесе алыстан дұрыс көрмеуі, яғни бір жақ көзде миопиялық, ал екінші жақ көзде гиперметропиялық ауытқулардың болуы. Көздің бұл кемістігі жануарларда өте аз зерттелген. Кейбір деректерге қарағанда анизометропия 10 % жануарлардың көздерінде кездеседі.

Астигматизм – көздің оптикалық ортасында сындырылған жарық сәулелерінің бір нүктеге (фокусқа) бірікпеуі. Бұл ақаудың негізгі себебі көздің қасаң қабығының бетінің тегіс болмауы. Ол туа біткен анатомиялық ауытқу болуы мүмкін немесе жүре пайда болады. Мысалы көздің қасаң қабығы жарақатының тыртық болып жазылуынан оның беті кедір – бұдырланады.

Рефракцияны жануарларда зерттеу не үшін қажет деген заңды сұрақ туады (жануарларға көзілдірік кигізіп көзінің рефракциясын түземейміз ғой!). Дегенмен оның үлкен тәжірибелік маңызы бар. Көздің бұл кемістігі көбіне тұқым қуалайды. Сондықтан көзінде мұндай ақауы бар асыл тұқымды малдарды сатып алуға, өсімге қалтыруға болмайды. Ал бәйге, спорт аттарын және цирк жануарларын іріктегенде үлкен тәжірибелік маңызы бар. Көзінің рефракциясы дұрыс емес жануарлар мұндай мақсаттарға пайдаланылмайды.



Аккомодация - көздің әртүрлі қашықтықтағы заттарды анық көру мүмкіндігі, көздің ерекше физиологиялық қасиеті. Көз анық көру үшін көздің рефракциясы қалыпты болуы шарт. Сонда жануарлар жақынды да, алысты да жақсы көреді. Қалыпты жағдайда жануарлар әртүрлі қашықтықтардағы заттарды анық көре алады. Ол аккомодацияға байланысты. Аккомодация – негізінен көз бұршағының өз дөңестігін өзгерте алу қасиетіне байланысты жүзеге асады. Аккомодация механизмі көзді қозғалту жүйкесімен қамтылған цилиарлық бұлшық етің қызметіне байланысты. Бұлшық ет жиырылғанда қарашықты ұстап тұрған циннова байламы босаңсыды. Бұл кезде көз бұршағы өзінің серпімділік қасиетінің арқасында дөңестенеді, сөйтіп жарық сәулесін сындыру қасиеті артады. Ал жоғарыдағы бұлшық ет босаңсыса көз бұршағы бастапқы қалпына келеді де жарық сәулесін сындыру қасиеті төмендейді. Сонымен бірге аккомодацияға басқа да көздің құрылымдары қатысады: қарашық кішірейеді, көздің алдыңғы камерасының ортасы тығыздалып, дөңестенеді.

Көздің аккомодация қасиеті шексіз емес, осыған байланысты көздің алыстан немесе жақыннан көруі белгілі бір деңгейде шектеулі. Ол жасқа да байланысты. Адамдардағы сияқты жасқа байланысты рефракцияның өзгеруі жануарларда өте аз байқалатыны (0,25 Д) анықталған. Дегенмен жас жануарларда аккомодация ешбір қиналыссыз жүрсе, жасамыс жануарларда көз бұршағында ерімейтін белок, майлы заттар, әсіресе холестерин, сонымен бірге бейорганикалық заттар: калий, фосфор көбейіп, судың азаюы оның серпімділігін төмендетеді. Осыған байланысты аккомодация баяулайды. Бұл кезде көз бұршағы біршама жалпайып, жақыннан көру қиындап, жасамыс жануарларда «алыстан көргіштік» қалыптасады. Ол біртіндеп пайда болып, өрши береді. Оның механизмі рефракцияда қарастырылды. Жасқа байланысты «алыстан көргіштік» - пресбиопия деп те аталады. Адамдарда ол 40 жастан асқанда, иттерде 8 – 10 жаста, сиыр мен жылқыда 15 – 18 жаста пайда бола бастайтыны белгілі. Осыған байланысты бұл жаста айналаны бағдарлау қиындайды. Жоғарыда айтқандай бәйге, спорт, цирк жануарларын пайдалануға кері әсерін тигізеді.



Жан – жануарларда анатомиялық құрылысы бірдей екі көз бар. Жақсы көру үшін осы екі көзбен бірдей көру керек. Бір көзбен қарап көру – монокулярлық, ал екі көзбен бірдей көру – бинокулярлық көру деп аталады. Бір көзбен көру зат туралы барлық деректерді алуға толық мүмкіндік бермейді, негізінен ол заттың ені мен биіктігі бойынша сұлбасын көреміз. Ал заттарды үш өлшемде (ені, биіктігі, тереңдігі) және анық көру екі көзбен бірдей қарағанда мүмкін болады. Ол екі көздің көру осьтерінің көретін затта түйісуі нәтижесінде жүзеге асады. Бинокулярлық көру – көздері бас сүйегінің бет аймағында орналасқан адам, маймыл және мысық тектес жануарларға тән. Ал өзге жануарлар, оның ішінде ауылшаруашылық малдарында монокулярлық көру басым. Өйткені олардың көздері бас сүйектерінің екі жағында орналасқан. Олар бинокулярлық көруді тек заттарды жақыннан көру үшін қысқа уақытқа пайдаланады. Сонымен бірге бұл жануарлар монокулярлық көрудің кемістіктерін ұзын мойындарының қозғалғыштығымен, көз бұлшық еттерінің көмегімен көздерін жан – жаққа қозғап, көру алаңын ұлғайта алуымен толықтырады. Олар бір көзбен анық көру үшін көз бұлшық еттері көмегімен заттардың сұлбасын көздің торлы қабығының ең сезімтал ортаңғы бөлігіне бағыттайды.

7 – ші сурет. Көздің жарықты сындыруы:



1 - эмметропиялық рефракция; 2 - миопия; 3 - миопияны екі жағы ойық дөңес линзаман түзеу; 4 - гиперметропия; 5 - гиперметропияны екі жағы дөңес линзаман түзеу.

КӨЗ АУРУЛАРЫ
КӨЗ ШАРАСЫНЫҢ АУРУЛАРЫ

Көз шарасы көзді механикалық әсерлерден қорғайды. Ол әр түрлі механикалық сыртқы әсерлерден жиі жарақаттанады. Көзге соққы тиюі, малды көліктермен тасығанда ұрылу, соғылу салдарынан ашық және жабық жарақаттар алады. Көзге бөгде заттардың енуі, көз шарасы сүйектерінің сынуы салдарынан оның ұлпалары мен көз алмасы қабына (периорбита) қан құйылады. Бұлшық еттер мен сірі қабықтардың үзілуі және шықшыт буынның шығуы салдарынан көз алмасының орнынан қозғалуы, көз шарасынан шығуы, тіпті сыртқа түсуі мүмкін. Көз шарасының жарақаттары салдарынан бұл аумақта асептикалық, ал инфекция түссе шірікті қабынулар дамиды.



Көз шарасының жарақаттары – (Vulnera, contusions) тілінуі, соғылуы. Көз шарасы әртүрлі механикалық әсерлерден жиі жарақаттанады. Егер әсер үстірт болса ол жеңіл өтеді. Егер жарақаты терең болса көздің ішкі құрылымдары қоса зақымдалып, инфекция еніп, ауру асқынып, ауыр өтуі мүмкін (ретробульбарлық флегмона т.б.).

Белгілері. Көз шарасының беткейлі ашық және жабық механикалық жарақаттарын, яғни тілінуі мен соғылуын қарау, сипау арқылы оңай анықтауға болады. Ашық механикалық жарақатта ол жердің жабын ұлпаларының бүтіндігі бұзылып, қан ағады. Ал жабық механикалық жарақатта ісіну, аурушаңдық байқалады.

Емі. Егер ашық жарақат беткейлі болса механикалық тазалаудан соң дезинфекциялық дәрілермен жуылады (фурацилин 1:5000, перманганат калий 1: 1000). Қан ағу болса 5 % иод ерітіндісіне батырылған мақта – мәрлі тығынын (тампон) қойып, бинтпен таңғыш салынады немесе кілейлі таңғышпен (лейкопластр) жапсырылады. Жарақат терең болса және ірі қан тамырлары жарақаттанса ол жерге хирургиялық тігіс салынады. Жарақатты өңдеуге септо – спрей, чеми – спрей аэрозолдарын, монклавит – 1 ерітіндісін, иод – глицерин қоспасын қолдануға болады.

Көз шарасы сүйектерінің сынуы. Себептері: көз аумағына тиген қатты соққы, терең механикалық жарақат. Жиі жылқыда кездеседі. Көз шарасын құрайтын маңдай, самай, шықшыт сүйектердің өсінділері сынады. Жас сүйегінің толық сынуы немесе шытынауы мүмкін.

Белгілері. Көз шарасының сүйектері сынса көз аумағы қатты ауырады. Қабақ, конъюнктива ісініп, көзге қан құйылады. Қасаң қабық та зақымдалуы мүмкін. Ол алашабырланып (диффузды) бұлдырланады. Көз шарасы сүйегі толық сынса, сипағанда қозғалады, сықырлайды. Кейде сынған сүйек бөлшектері қозғалып жүреді. Сынған сүйек ұштары көз алмасына еніп, көзді шығарып жіберуі де кездеседі. Көз шарасы сүйегі толық сынып, орнын ауыстырса көз алмасы да өзгеріске ұшырайды. Ол орнынан қозғалып, ішке кіреді немесе сыртқа қарай шығады. Қорытынды диагноз қою үшін көз шарасын рентгенге түсіріп қарау қажет.

Емі. Егер сынған көз шарасы сүйегі орнынан қозғалмаған болса, немесе шытынаса, жарақаттанған аумақ алдымен жоғарыда аталған дезинфекциялық дәрілердің бірімен залалсыздандырылады. Алғашқы күні суық, одан ары қарай жылулық емдер қолданылады. Егер сынған көз шарасы сүйегі орнынан қозғалса, оны орнына қойып, таңу керек. Ал орнынан қозғалған сүйекті қайта орнына қою, бекіту мүмкін болмаса операция арқылы сүйек сынығы алып тасталады. Ары қарай ашық асептикалық хирургиялық жарақат ретінде емделеді.

Көз шарасының флегмонасы – (phlegmona retrobulbaris) көз шарасы терісінің борпылдақ дәнекер ұлпасының (клетчатка) жайылған іріңді қабынуы. Оның пайда болу себптері: көзге сырттан болған механикалық әсерлерден көз шарасының терісінің, тері асты ұлпаларының жаншылуы, қан тамырларының бүлініп гематома пайда болуы және ол жерге инфекция түсіп шіруі. Кейде көз шарасы флегмонасы көздің ішкі құрылымдарының шірікті қабынуларының асқынуынан да пайда болады (панофтальмит). Сондай – ақ жалпы сепсисте және басқа ағзалардағы шірікті процестердің қан арқылы тарауынан да болуы мүмкін. Алдымен көз шарасының терісі мен борпылдақ ұлпасында дамыған флегмона, емдемесе оның терең қабаттары мен көз шарасының ішіне және көздің өзге құрылымдарына да ауысады. Малдың бір немесе екі көзі қоса зақымдалады.

Белгілері. Алғашында көз шарасы аумуғы, әсіресе қабақ қатты ісінеді. Ісік самай, құлақ аумағын да қамтиды. Жануар көзін сығырайтып әзер ашады. Көз шарасы аумағы аса аурушаң. Малдың дене қызуы көтерілуі мүмкін. Көздің көруі нашарлайды. Көз шарасы аумағы іріңдеп, жайылған іріңді ошақ - флегмона пайда болады. Одан әрі асқынса конъюнктива іріңді қабынуға ұшырап, көзден ірің ағады. Қасаң қабық іріңді қабынуға ұшырап, бұлдырланады. Онда эрозия, тіпті терең жарақат пайда болады. Көздің көру жүйкесі ісініп, соңынан семуге ұшырайды. Бірте – бірте көздің барлық құрылымдары іріңді қабынуға ұшырап, панофтальмит дамиды.

Емі. Ем флегмонаны жетілдіріп, іріңін шығарып тазалауға бағытталған. Ол үшін көз шарасын жылы орау, қыздыру компресстері жасалады (жылулық компресс, құрғақ қыздырғыш, Соллюкс шамымен қыздыру, булау т.б). Іріңдік пайда болған соң ол хирургиялық жолмен тілініп, ішіндегі іріңінен, өлі етінен тазаланып, дезинфекциялық ерітінділермен жуып – шайылады. Антибактериялық майлар (Вишневский майы, ихтиол, антисептикалық фармойдтық май) жағылып, дренаж қойылып, таңылады. Жара іріңнен, өліеттен тазарған соң антибиотик ұнтақтары (ақ стрептоцид) себіліп немесе септо – спрей, чеми – спрей аэрозолдарымен, монклавит – 1 ерітіндісімен өңдеу арқылы емделеді. Көз шарасы айналасына антибиотик қосып новокаин блокадасын жасау, бұлшық етке антибиотиктер (бициллин – 3 - 10 - 15 000 ӘБ\кг, Нитокс-200 - 1мл\10 кг), витаминдер егу емнің тиімділігін жоғарлатады. Көздің басқа құрылымдары ауруға шалдықса оларды да емдеу қажет.

Көз шарасының қатерлі ісіктері. Қатерлі ісік дегеніміз ағзада жаңадан пайда болған жат ұлпа екенін белгілі. Жануарлардың көз шарасында зілсіз ісіктер және зілді ісіктер кездеседі. Олар алғашында баяу дамып, онша байқалмайды. Көзге еш әсер етпейді. Уақыт өте келе өсіп, үлкейіп, көзге қатер туғызады. Көзді көз шарасынан шығарып (экзофтальм), қан айналымын, жүйке жүйесін бұзып, көздің көруінің күрт нашарлауына, көздің семуіне, тіпті толық соқырлыққа әкеледі.

Зілсіз ісіктерден шошқа мен иттің көз шарасында киста (іші қуыс, ішінде аздаған сұйығы бар өсінді), жылқы мен сиырда липома (май ұлпасынан пайда болған зілсіз ісік) жиі кездеседі.

Зілді ісіктерден жануарларда кездесетіндері карцинома мен саркома.

Анықтау. Кистакөз шарасы терісінің астынан өскен, қабақтан алға қарай шығып айқын көрінетін домалақ, кейде сопақ пішінді, сипағанда ауырмайтын, жұмсақ, аздап бүлкілдейтін өсінді.

Липома - сирек кездеседі. Кистаға клиникалық белгісі ұқсас. Бұл ісік көз шарасының тек сыртында ғана емес көздің ретробульбарлақ кеңестігінде де өседі. Бұл екеуі де баяу дамиды, қабыну болмайды. Көз шарасы терісімен жабысып өспеді, сондықтан оның үстіндегі тері қозғалғыштығын сақтайды.

Карцинома мен саркома – бұл ісіктердің клиникалық белгілері өте ұқсас. Ажырату биопсия жасап, гистологиялық зерттеу жүргізу нәтижесінде мүмкін болады. Тез өсіп, дамиды. Көз алмасы ішінен бастап оны қоршай өсіп, көзді жылдам экзофтальмға әкеледі. Конъюнктива мен қабақ арқылы тармақтала өсіп, көз қиығынан кедір - бұдыр жұмсақ өсінді түрінде байқалып тұрады. Жиі оның төбесі кепкен өлі ұлпамен жабылған. Механикалық әсерден оңай қанайды. Зілді ісіктің көлемі ұлғайып көзде экзофтальмға, қисық көзділікке (страбизм) ұшыратады. Ісіктің дамуымен қатар, көздің қанмен қамтамасыз етілуі азайып, көруі нашарлап, көз алмасы семіп, мал соқыр болып қалуы да мүмкін.

Қатерлі ісіктер клиникалық белгілері бойынша анықталып, оларды түпкілікті ажырату биопсия жасап, гистологиялық зерттеу жүргізу нәтижесінде мүмкін болады.



Емі. Қатерлі ісіктердің негізгі емі оларды операция арқылы сылып алып тастау. Көз шарасының терісінің астында орналасқан зілсіз ісіктерде орбитотомия жасалады. Ол үшін ісікті айналдыра жергілікті ауырсындырмау жасалып, көз шарасының қыры жағынан терісі, сірі қабығы тілініп, ісікті хирургиялық қысқышпен қысып ұстап, сыдырып (тілмей) алып тастайды. Жарақатқа хирургиялық тігіс салынады. Зілсіз ісіктер көз алмасы айналасында, ретробульбарлық кеңестікте орналасса және зілді ісіктерде көзге экзентерация жасалады. Яғни көз алмасы айналасындағы көз майымен, бұлшық еттерімен, қан және жүйке тамырларымен қоса көз шарасының қабына дейін толық сылынып алынып тасталады. Бұл операция наркозбен жасалады. Көз шарасын айналдыра зілді ісіктерді толық қамти тіліп, көзді жоғарыдағы барлық құрылымдарымен сылып алып тастайды. Қанын тоқтатып, жарақатқа антибиотиктер ұнтағын сеуіп, көз шарасы мақта - мәрлі тығынмен (тампон) толтырылып, тігіс салынады. Тігіс жібі шешілетіндей етіп байланады. Бір күннен соң тігісті шешіп, жарақатты қарап, ісіктер мен ірің қалдығынан тазалап, дәрілеп, қайта тартып байланады. Бесінші – жетінші күні тағы осылай тексеріледі. Операция жарақаты екі – үш аптада толық жазылады.


ҚАБАҚ АУРУЛАРЫ

Қабақтар көздің аса маңызды қорғаныш жабыны. Ол жоғарғы және төменгі қабақтардан тұрады. Қабақтың ішкі және сыртқы жиектері бар. Оларда кірпіктер, ал қабақ терісі астында кірпіктердің баданасын майлап тұратын мейбомиев безі орналасқан. Қабақтар жиі әртүрлі жарақаттанулар мен ауруларға ұшырайды. Қабақ көздің сыртында орналасқан қорғаныш жабыны болғандықтан механикалық, физикалық, химиялық әсерлерге бірінші болып ұшырайды. Қабаққа оны қоршаған ұлпалардың аурулары да ауысады. Қабақтың жиі кездесетін ауруларына оның жарақаттары, қабынуы, қабақтың дұрыс тұрмауы, қатерлі және қатерсіз зілді ісіктері жатады.



Қабақтың жарақаты – (vulnera) сыртқы ортаның әртүрлі механикалық әсерлерінен болады. Қабақты абайсызда неше түрлі үшкір заттар, ұшы қайрылмаған шегелер жаралауы, мүйіз тиюі мүмкін. Иттердің қабағы таласқанда тістеліп жарақаттанады. Жарақаттар беткейлі немесе терең болады.

Белгілері. Мұнда да барлық жарақаттардағы сияқты қабақтың терісі мен оның астындағы ұлпалардың бүтіндігі бұзылған, қан ағу, аурушаңдық, ісіну байқалады. Қабақтың жиегіне паралелл жарақаттар көбіне жеңіл, бірінші реттік тартылып бітумен жазылады. Өйткені ол қабақтың айналма бұлшық етіне паралелл болады да, оны аса көп жарақаттамайды. Ал қабақ жиегіне тік түскен жарақаттың жазылуы ұзағырақ. Жазылғаннан кейін оның орнында көбіне қалың тыртық қалады. Ол қабақ жиегіне таяу орналасса көздің конъюнктивасы мен қасаң қабығын үнемі тітіркендіріп, созылмалы қабынуға ұшыратады. Кейде осыған байланысты қабақтың көз қиығын дұрыс жаппайтын кемістігі пайда болады («қоян көз»).

Емі. Жарақаттарды емдегендей асептикалық тазалау жасап, иодты тампон басып қанын тоқтатады. Антибиотик ұнтақтарымен, антисептикалық фармойдтық маймен немесе септо – спрей, чеми - спрей аэрозодарының бірімен өңдеп (аэрозолдармен өңдегенде көзді жабады), клейлі таңғыш салу керек. Қаны тоқтаса таңғыш салмаса да болады. Ал жарақаттың көлемі үлкен және терең болса оған бірнеше жерден түйін тігіс салынады.

Қабақтың соғылуы – (contusiones) жабық механикалық жарақат. Соққы әсерінен қабақ терісінің анатомиялық бүтіндігі сақталып, оның жекелеген торшалары, қан – лимфа тамырлары зақымдалады. Ол қабаққа өткір емес заттармен жасалған соққылардан, соғылу – ұрылулардан болады. Малдардың қабағына жиі қамшымен, бишікпен, таяқпен соққы жасалса, жеккенде жылқының қабағына доға, өгіздің қабағына мойынтұрық тиеді. Қабақтың малды тиеу – түсіру кезінде көлік қорабына, малдәрігерлік – зоотехникалық шараларды жүргізу кезінде станокқа соғылуы да біршама жиі болып тұрады.

Белгілері. Соғылуды клиникалық зерттеу жүргізіп, анамнезі мен клиникалық белгісіне қарап анықтау қиындық туғызбайды. Соғылу көбіне бір жақ қабақта болады. Соғылған жер ісінген, аурушаң, жергілікті қызуы көтерілген. Қатты ісінген қабақ көз қиығын толық немесе жартылай жауып тұруы мүмкін. Егер дұрыс емдемесе ол жерде соңынан шектеулі (абсцесс) немесе жайылма (флегмона) іріңдік дамиды.

Емі. Алғашқы күні соғылған жерді дезинфекциялық дәрілермен (спиртті тампонмен, 1: 5000 фурацилинмен, септо - спреймен т.б) өңдеп тазартқан соң суық компресс қою тиімді. Екінші күннен бастап жылулық емдер жасалады. Қыздыратын қасиеті бар, бірақ көзді тітіркендіретін өткір иісті (скипидар, камфора майы) дәрілерді қолдануға болмайды.

Гематома - (haematoma) соғылған жердегі ұлпа арасында қан толған қуыстың пайда болуы.

Белгілері. Қабақта басқанда жұмсақ, ауырмайтын және басында бүлкілдейтін, соңынан қатаятын ісік анықталады. Оны соғылудан клиникалық белгісіне қарап және ине сұғып қанды анықтап ажыратады.

Емі. Соғылуды емдегендей. Тек алдымен ұйымаса ішіндегі қанды инемен сорып алып, қысып таңады. Ал қан ұйыған болса теріні тіліп, қуысты ашып, қанынан тазалап, ашық жарақатқа айналдырып емдейді.

Абсцесс – (absessus) соғылған жердің ұлпаларының өлі еттеніп іріңдеуінен пайда болған, аумағы шектеулі іріңді қалта.

Белгілері. Қабақта басқанда бүлкілдейтін ісінген жер анықталады. Оны гематомадан ине сұғып, ішіндегі іріңді анықтап ажыратады.

Емі. Оперативтік жолмен іріңдік ашылып, іріңін алып, жоғарыда берілген дезинфекциялық дәрілердің ерітінділерінің бірімен жуып тазалаған соң антибактериялдық дәрілердің ұнтағын, майларын, аэрозолдарын қолданып емдейді.

Флегмона – (phlegmone) қабақ терісінің борпылдақ дәнекер ұлпасының жайылған іріңді қабынуы.

Белгілері. Алғашында жарақаттанған жердегі ұлпа сулы қабынуға ұшырап, соңынан ол жер тығыз ісікке ұласып, малдың дене қызуы көтеріледі. Соңынан іріңдеп, аумағы үлкен, жайылған іріңді ошақ пайда болады. Ол кейде сыртқа немесе конъюнктива қапшығына өздігінен жарылады. Асқынып, сепсис туғызуы да мүмкін.

Емі. Алғашында соғылуды емдегендей емдейді. Іріңді қалта пайда болған соң емі абсцесстегідей. Абсцесс пен флегмонаны емдегенде олардың асқынуын болдырмауға бағытталған кешенді ем жасалады. Ол үшін малдарға антибиотиктер егіліп, азықтандырылуы мен күтіміне көңіл бөледі.

Блефарит – (blephoritis) қабақтың қабынуы. Себебі сан алуан. Көбіне механикалық, химиялық, физикалық тітіркендіргіштер әсерінен пайда болады. Мысалы: мал, құс қора уақытылы тазаланбаса қора ауасында аммиак мөлшері күрт артып, көздің қабағының қабынуына себеп болады. Қабыну сондай – ақ қабақты қоршаған ұлпалардан ауысуы мүмкін. Жиі блефариттің себебі зат алмасудың бұзылуы, оның ішінде гиповитаминоз А және С. Блефарит беткейлі және терең деп бөлінеді. Беткейлі блефаритте қабақтың жиегі қабынады. Терең блефаритте қабынуға қабақтың терісінің борпылдақ дәнекер ұлпасы, бұлшық еттері мен терең жатқан борпылдақ дәнекер ұлпалары да ұшырайды. Беткейлі блефарит қабыршақты және іріңді жара түрінде болады. Ал терең блефаритке теріскені және халазион жатады.

Қабыршақты блефарит. Қабақтың көбіне созылмалы өтетін қабынуы.

Белгілері. Қабақтың жиегі қызарып, қышып, көздің ішкі бұрышына көпіршікті сұйық жиналады. Жануарлар қабынған қабағын әртүрлі заттарға, ал ит, мысық, терісі бағалы аңдар аяқтарына үйкелеп, қасиды. Сөйтіп оны асқындыра түседі. Қабақтың жиегі ісініп, қалыңдап, онда оңай сыдырылатын қабыршақ пайда болады. Көзден жас ағып, көздің қабақтары сығырайып әрең ашылады. Кірпіктердің біршамасы түсуі мүмкін. Асқынса қабақ пен көздің көптеген қабынумен өтетін (қабақтың терең қабынуы) зілді ауруларына ұласады. Сондықтан уақытылы емдеу қажет.

Емі. Алдымен аурудың себебін жою керек. Көздің қабағы, әсіресе оның жиектері жылы 3 % бор қышқылына, 1 % ас содасына немесе 1 :5000 фурацилин ерітіндісіне батырылған мақта – мәрлі тампонымен сүртіліп тазаланады. 1% тетрациклин майы күніне 2 рет жағылып 5 – 7 күн емделеді. Бұдан басқа кітаптың соңындағы қосымшада берілген дәрілерді қолданады.

Іріңді жара түріндегі блефарит көбіне жіті өтетін, қабақтың іріңді қабынуы.

Белгілері. Қабақ жиегі ісініп, қызарып, іріңдеткіш бактериялар еніп іріңді күлдіреуіктер (пустула) пайда болып, жарылып, қабақ жиегін астында іріңі бар қабыршақ басады. Осы қабыршақты сыдырса астынан қызыл шақа жара (эрозия) көрінеді. Жеңіл түрінде олар қабақ жиегінің әр жерін, ал ауыр түрінде оны тұтас басады. Көбіне екі көздің қабағы бірдей шалдығады. Кірпіктің баданасы (түп қапшығы) қабынып, бұзылып, олар түгелге жуық түсіп қалады. Көздің қабағы қалыңдап, ішке айналады. Ол әрі қарай қасаң қабықты зақымдайды.

Емі. Қабақ жиегі бірнеше қайтара жоғарыдағы дезинфекциялық дәрілердің ерітінділерінің бірімен шыланып жібітіледі. Содан соң қабыршағы мен іріңінен тазартылады. Күлдіреуіктер болса жарып, ішіндегі іріңі шығарылады. 1% тетрациклин майы, 2 % альбуцид қолданылып емделеді. Конъюнктиваға көз тамшылары ( сульфат – натрий, ципровет т.б) тамызылады.

Теріскен – (hordeolum) қабақтың бір немесе бірнеше кірпіктерінің түп қабының және оларды қоршаған ұлпалардың іріңді қабынуы.

Белгілері. Алғашында қабақтың ішкі немесе сыртқы жиегінде күріш кейде арпа дәніндей аумағы шектеулі, ортасы сарғыш, шеті қызыл қатты түйін пайда болады. Оның айналасы ісінген, қызарған. Жетілген теріскенді қатты басса ішінен түсі жасылдау ірің шығады.

Емі. Емнің негізі теріскенді жетілдіріп, ішіндегі іріңін шығару, залалсыздандыру. Ол үшін көзге алдымен жылулық компресстер, булау жасалады. Жетілген теріскенді мақта – мәрлі тампонымен басып іріңін шығарған соң, іріңді жара түріндегі блефариттегідей ем жасалады.

Халазион - (chalazion) кірпіктің мейбомиев безінің қабынуы. Қабыну салдарынан оның сөлінің денесінде жиналып, тітіркендіріп, қабынуға ұшыратуы. Жиі итте, мысықта және шошқада кездеседі.

Белгілері. Қабақ терісі жиегіне таман томпайып ісінген. Қабақты айналдырып қарағанда конъюнктивадан қызарған төмпешікті көруге болады. Ол итте жаңғақтың үлкендігіндей көлемге жетуі мүмкін. Ол қабақты астынан көтеріп, толық жапқызбайды.

Емі. Қабынған мейбомиев безін конъюнктива жағынан тіліп, арнайы хирургиялық қасықпен сылып алып тастап, көздің конъюнктивасын залалсыздандырып, ары қарай антибактериялдық көз майлары, көз тамшылары қолданылып емделеді.

Қабақтың дұрыс тұрмауы. Жануарларда қабақтың дұрыс тұрмауы біршама жиі кездеседі. Қалыпта астыңғы және үстіңгі қабақтардың жиектері бір – біріне сәйкес келіп, оңай ашылып және жабылып, көз саңылауын толық жауып тұрады. Қабақтың кейбір туа біткен немесе жүре пайда болған ауруларында осы қызметі бұзылады. Олар оның терісінің, бұлшық еттерінің жүйке жүйесінің , конъюнктивасының, қасаң қабықтың және көздің басқа да құрылымдарының аурулары мен қалыптан ауытқуы салдарынын болады. Қабақтың дұрыс тұрмауына жатады:

  1. Қабақ жиектерінің бірігіп өсуі,

  2. Қабақтың қасаң қабықпен және көз алмасымен бірігіп өсіп кетуі,

  3. Қабақтың жұмылмауы (жабылмауы),

  4. Көз саңылауының кішірейіп қалуы,

  5. Жоғарғы қабақтың түсуі,

  6. Қабақтың ішке және сыртқа айналуы.

Қабақ жиектерінің бірігіп өсуі - (ankyloblepharon) туа біткен немесе жүре пайда болған кемістік. Ет қоректі жануарлардың күшіктерінің қабақтарының жиегі бірігіп туып, тек 8-12 күні өздігінен ашылатыны белгілі. Ал сүт қоректі жануарларда (жылқыда) бұл қалыптан ауытқу сирек те болса кездесіп тұрады. Өздігінен ашылмайды. Ал жүре пайда болуы қабақ ауруларын дұрыс емдемегенде болады. Әсіресе қабақ жиегі жарақаттарында және қабақтың қабынуы салдарынан бірігіп бітуі мүмкін.

Белгілері. Туа біткен кемістікте қабақтар бір – бірімен өте жұқа терімен біріккен. Ал жүре пайда болғанда олар тұтас немесе әр жерінен қалың дәнекер ұлпамен біріккен. Осының салдарынан көз саңылауы жартылай немесе толық ашылмайды.

Емі. Егер қабақтар жарақаты жазылу барысында жаңадан біріккен, дәнекер ұлпа жұқа және бірігу тұтас болмаса ол жерге антибактерияльдық көз майларын жағып, жұмсартады. Содан соң қабақтың біріккен тұсын уқалап, бір – бірінен ажыратады. Егер қабақтардың жиектері тұтас және қалың дәнекер ұлпамен біріксе немесе туа біткен болса емі оперативтік. Ол үшін қабақтың жиегіндегі кірпіктер қырылып, оның терісінің ішіне 0,25 -0,5 % 3 – 5 мл новокаин (дикаин т.б) сіңіріліп, қабақ жиегі 5 % иодтың спиртті тұнбасымен өңдеді. Еппен, көздің қасаң қабығын жарақаттап алмай, қабақ жиегін қысқышпен ұстап көтеріп тұрып, бірігіп өскен жер бірігу сызығы бойымен скальпелмен тілініп ажыратылады. Ажыратылған қабақ жиектері 5 % иодтың спиртті тұнбасымен өңделеді. Қабақ жиектері толық біткенше күнде көз майлары жағылып, уқалау жасалып, қабақтардың қайта бірігіп кетпеуі қадағаланады. Қабақтарды ажырату үшін лазер немесе электротермокаутерлерді қолдану осы операциядан кейінгі қайта бірігуге жол бермейді.

Қабақтың көз алмасымен бірігіп өсуі. Мұның да себептері қабақтардың бірігіп өсуіндегі сияқты. Сонымен бірге жиі конъюнктиваның қабынуы салдарынан болады.

Белгілері. Қабақ көздің қасаң қабығымен, көз алмасымен біріп өскен. Осыған байланысты қабақ пен көз алмасының қозғалысы шектелген. Егер қабақтар көздің қасаң қабығымен немесе көз алмасымен бірігіп өссе, қабақ ашылмай, көздің көруі күрт нашарлайды немесе мал көру қабілетін толық жоғалтады. Қабақ қасаң қабыққа, көз алмасына әр жерінен немесе тұтас бірігіп өсуі мүмкін.

Емі. Егер қабақ көз алмасы мен қасаң қабыққа әр жерінен және жаңадан біріккен болса оперативтік жолмен емделеді. Ол үшін қабақтың жиегіндегі кірпіктер қырылып, конъюнктива ішіне 2 % 3 – 5 мл новокаин (дикайн т.б) енгізіліп, еппен, көздің қасаң қабығын жарақаттап алмай, қабақты қысқышпен көтере ұстап тұрып, бірігу сызығы бойымен скальпелмен тіліп ажыратылады. Ажыратылған жер 5 % иодтың спиртті тұнбасымен өңделеді. Жарақат толық біткенше күнде көз майлары жағылып, уқалау жасалып, олардың қайта бірігіп кетпеуі қадағаланады.

Егер бірігу тұтас, қабақ көз алмасына, қасаң қабыққа толық жабысып өссе емнің тиімділігі төмен. Әсіресе қабақ қасаң қабыққа толық жабысып өскенде оны ажыратса да орнына дәнекер ұлпа өсіп, көздің көруі күрт нашарлайды немесе толық көрмей қалады. Сондықтан ондай малдарды етке жіберген дұрыс.



Қабақтың жұмылмауы (жабылмауы) – (lagophthalmus) туа бітеді немесе жүре пайда болады. Жүре пайда болуының себептері көптеген көз аурулары (қабақ жарақаттары, олардың толық бітпеуі немесе қалың тыртық қалуы, көз алмасының көз шарасынан шығуы, көздің зілді ісіктері, көз шарасына су толуы, қабақтың айналуы т.б) болуы мүмкін. Туа бітсе де жүре пайда болса да бұл кемістікте қабақтар көз саңылауын толық не жартылай жаппайды («қоян көз»). Бұл көздің құрғап (әсіресе қасаң қабықтың), біртіндеп ауруға ұшырап, көздің көруінің кемуіне әкеледі.

Белгілері. Мал көзін жұмғанда («кірпік қаққанда») қабақтары көз саңылауын толық немесе жартылай жаппайды. Сол себепті көздің сан алуан аурулары дамуы мүмкін. Бірінші кезекте қасаң қабық құрғап, жылтырлығы, тегістігі жоғалады. Көзден жас ағады (эпифора). Малдың көруі нашарлайды.

Емі. Жүре пайда болса бірінші кезекте себебін жою, ауруларын емдеу қажет. Ал туа біткен кемістік болса емі оперативтік. Ол үшін көздің сыртқы бұрышы жағынан астыңғы және үстіңгі қабақтардың жиегінен жалпақтығы 1,5 мм, ал ұзындығы 5-6 мм беткі терісі сылынып алынып, содан соң бір – біріне түйін тігіспен тігіледі. Осыдан көз саңылауы кішірейіп, қабақтар толық жабылып, көздің құрғауы болмайды.

Көз саңылауының аз болуы – (blepharophymosis) бұл жоғарыда қарастырылған қабақтың кемістігіне қарама – қарсы кемістік. Ол туа бітуі («сығыр көзділік») немесе жүре пайда болуы да мүмкін. Соңғы жағдайда оның себептері көз аурулары (созылмалы конъюнктивит, Іріңді жара түріндегі блефарит т.б). Бұл ауруларда қабақ жиегіне дәнекер ұлпа өсіп, қабақтар көбіне көздің сыртқы бұрышы жағынан жабысады. Туа біткен блефарофимоз жануарларда сирек кездеседі.

Белгілері. Көз саңылауы кішірейген. Қабақ жиегі дәнекер ұлпа өсіп жабысқан. Көздің алдынғы бұрышына жас жиналады. Көзден үнемі жас ағады (эпифора – көзден жас ағу).

Емі. Емі оперативті. Жергілікті ауырсындырмау жасалған соң операция алаңы дайындалып, көздің артқы бұрышына қарай қабақтардың жабысқан жері тілініп ажыратылады. Тілінген қабақ жиектері 5 % иодтың спиртті тұнбасымен өңделеді. Бірнеше жерден қабақ жиегін конъюнктивамен қоса түйін тігіс салуға болады. Мұнымен қоса көз ауруларын емдеу керек.

Жоғарғы қабақтың түсуі – (ptosis palpebrae superioris) птоз немесе блефароптоз деген атпен белгілі қабақтың ақауы. Ол бір не екі көзде бірдей байқалады. Птоз басқа аурулардың бір клиникалық белгісі немесе туа біткен кемістік болуы мүмкін. Жоғарғы қабақ толық немесе жартылай төмен қарай салбырап түсіп, көз саңылауын толық кейде жартылай жауып, көздің қалыпты көруіне кедергі жасайды.

Жүре пайда болған птоздың пайда болу себебіне байланысты бірнеше түрі бар.



  1. Қабақтың салдануынан болған птоз,

  2. Спазмалық птоз,

  3. Жалған птоз.

Жоғарғы екеуін нағыз птоз деп те атайды. Қабақтың салдануынан болған птоз - жоғарғы қабақты қозғаушы жүйкенің салдануынан болады. Бір не екі көздің де қабағының жүйкесі салданады. Ол өз кезегінде орталық жүйке жүйесі қызметінің бұзылуы салдарынан болады. Қабақтың салдануынан болған птоз туу кезіндегі талықсуда, ботулизмде, киеңкі ауруында, септицемияда, симпатикалық жүйкенің кеуде бөлігінің зақымдалуында және тағы басқа ауруларда байқалады. Спазмалық птоз - жоғарғы қабақтың жапқыш айналым бұлшық етінің спазмасында (жиырылуының болмауы) және әртүрлі көз аурулары салдарынан пайда болады. Мысалы, көзге бөгде заттардың түсуінен, созылмалы конъюнктивитте, көздің ішкі орталарының созылмалы ауруларынан. Жалған птоз – кейбір қабақ ауруларында байқалады. Мысалы, қабақ гематомасында, қабақтың соғылудан ісінуінде, қабақ флегмонасында, қабақтың зілді ісіктерінде.

Ал туа біткен птозда қабақтың көтергіш бұлшық еттері нашар дамыған немесе жоқ болуы мүмкін. Сондай – ақ кейбір ит тұқымдарында көздің қабақ терісі аса қатпарлы болып, көз саңылауын жабады.



Белгілері. Қабақтың салдануынан болған птозда жоғарғы қабақ қимылсыз салбырап, көз саңылауын толық жауып қалады. Оны оңай көтеріп ашуға болады. Қоя бергенде қайта бастапқы орнына түседі. Симпатикалық жүйке зақымдалса мұнымен қоса көз алмасы ішке кіріп, қарашық кішірейеді. Ал, спазмалық птозда – қабақ керіліп, ол жылдам ашылмайды. Жалған птозда мал күштесе қабағын ашып – жаба алады. Клиникалық белгілері мен арнайы зерттеулер арқылы қабақ гематомасынан, қабақтың соғылудан ісінуінен, қабақ флегмонасынан және қабақтың зілді ісіктерінен ажыратылады.

Емі. Ем аурудың себебін жоюға бағытталуы қажет. Жалған птозда оперативтік жолмен көз аурулары емделеді. Гематоманы ішіндегі қанынан тазартып, зілді ісіктерді сылып алып тастау керек. Спазмалық птозда тыныштандыратын дәрілер егіп, қабаққа уқалау жасау, жылы және тітіркендіргіш компресс қою жақсы нәтиже береді. Қабақтың салдануынан болған птозда бұған қоса новокаин блокадасын жасау керек. Дегенмен соңғы жағдайда емнің тиімділігі төмен.

Қабақтың ішке айналуы (қабақтың ішіне түйілуі) – (entropium palpebrae) қабақтың кемістігі. Бұл кемістікте жоғарғы немесе төменгі қабақ терісі қатпарланып, көздің ішіне қарай айналып, кірпіктер көз алмасын зақымдайды. Қабақтың айналуы көбіне итте, сирек мысықта, жылқыда анықталады. Жиі қатпар терілі ит тұқымдарында: чау – чау, шар – пей, мастино, алабай, англия бульдогінде кездеседі. Сондай - ақ неміс овчаркасы, дог, сейбернар, американдық коккер – спаниел тұқымдарында да анықталады. Мысықтардың сфинкс, рекс, шарпей, регдол, парсы мысығы сияқты тұқымдары мен тұқымсыз мысықтарда да кездесіп тұрады. Бұл тұқым қуалайтын кемістік. Жануарлардың қабағының айналуы олардың кез келген жасында байқала береді. Дегенмен марғау (мысықтың баласы) мен иттің күшігінде қабақтың ішке айналуының алғашқы белгілері олар көздерін аша сала, 10 – 15 күндігінде байқала бастайды. Үш айлық жастарында клиникалық белгілері анық көрінеді. Оларда бұл кемістік аса семіріп, тері қатпарлары қалыңдағанда асқына түседі. Қабағы ішке айналған жануарлардың көзінен үнемі жас, кілегейлі тіпті іріңді сұйық ағады. Олар көздерін жұма береді. Көз алмасын мұқият зерттегенде қасаң қабықтың жарақаттанғаны, бұлдырланғаны анықталады. Жануарлар соқырлыққа ұшырайды.

Емі. Көз ауруларын емдеуге қолданылатын дәрілерді қолдану нәтиже бермейді немесе емді тоқтатса қайта өршиді. Негізгі емі оперативтік. Бұл операция ауылшаруашылық малдарында көбіне жылқыға, ал ұсақ үй жануарларында итке жасалады.

Операция техникасы: Ірі малдар (жылқы) станокқа ал ит - мысықтар операция столына бекітіледі. Жалпы ауырсындырмау нейролептиктермен (аминазин, рампун, рометар) және қабақ терісінің ішіне 2% новокаин егіліп, жергілікті ауырсындырмау жасалады. Операция алаңының жүні, кірпіктері қырқылып, 5% иодпен немесе монклавит -1 мен өңделеді. Операция техникасы қарапайым болғанымен, сәл ауытқу қабақтың қайта қалпына келтіруге келмейтін кемістігіне әкелуі мүмкін. Жоғарғы қабақ ішке айналғанда қабақтың үстінен 0,75 – 1 см қашықтықтан қабақ үсті терісі хирургиялық қысқышпен ұсталып көтеріледі. Оның биіктігі қабақтың қалыпқа келуімен анықталады. Жылқыда орташа 0,5 – 1,0 см. Содан соң осы артық тері қатпары тері асты борпылдақ ұлпасымен қоса қайшымен кесіп алынады. Пайда болған тері жарақатының жиектері бір – біріне жақындастырылып, ара қашықтықтары 1,0 см - ден бірнеше жерден түйін тігіспен тігіледі. Астыңғы қабақ ішке айналғанда жасалатын операция техникасы осындай, айырмашылығы операция төменгі қабаққа жасалады. Кейде көздің астынғы және үстінгі қабақтары қоса айналуы да мүмкін. Онда операция екі қабаққа да бірдей жасалады. Егер қабақтың айналуы көздің сыртқы немесе ішкі бұрыштарында болса операция сол көз бұрыштарына қарсы теріге жасалады. Мұндай жағдайда көздің сыртқы немесе ішкі бұрышынан үшбұрышты терісі кесіліп алынады (тағаны қабаққа қараған жебе ұшы тәрізді үшбұрыш). Үшбұрыштың төбесі мен көз бұрышынан қашықтығы 1,5 – 2,0 см. Пайда болған тері жарақаты ортасынан бастап екі жағына қарай түйін тігіспен тігіледі.

Қабақтың сыртқа айналуы (қабақьың сыртқа түйілуі) – (ectropium palpebrae) бұл кемістікте қабақ жиегі толық немесе жартылай сыртқа қарай қайрылып, қасаң қабықтан ажырап, көз саңылауын жаппайды. Оның себептері:

  1. Қабақ терісінің жарақаттары және оның дұрыс жазылмауынан (механикалық жарақат, күю, эгземалар, дерматиттер),

  2. Конъюнктивиттер,

  3. Бет жүйкесінің салдануынан жоғарғы қабақтың жапқыш айналым бұлшық етінің жиырылуының болмауы (спазмалық птоз),

  4. Кәрілікке байланысты жоғарғы қабақтың жапқыш айналым бұлшық етінің семуі т.б.

Белгілері. Қабақ жиегі көз алмасын, қасаң қабықты толық немесе жартылай жаппайды. Конъюнктива ашылып былғанған, кепкен, қалыңдап, сірі қабықтанған. Қасаң қабық кепкен, жарақаттанған. Көзден үнемі жас ағып, астыңғы қабақтың терісінің жүні түскен, жарылған.

Емі. Себептеріне қарай. Бет жүйкесінің салдануынан жоғарғы қабақтың жапқыш айналым бұлшық етінің жиырылуының болмауы (спазмалық птоз) мен кәрілікке байланысты жоғарғы қабақтың жапқыш айналым бұлшық етінің семуінде ем тиімсіз. Ал конъюнктивиттерден болған қабақ айналуларында негізгі ауруды емдеу қажет. Қабақ терісінің жарақаттарына байланысты болған қабақтың сыртқа айналуында оперативтік ем жасу тиімді.

Операция техникасы: Ол бірнеше әдіс - тәсілдермен орындалады. Оларға Диффенбах тәсілі, Диффенбах - Греф тәсілі, Шимановский тәсілі және Кунтт – Мюллер тәсілі жатады.

Бұл тәсілдердің бәрінің негізі қабақ терісінде босаңсыту тіліктерін жасау. Ол үшін жалпы қабылданған ережеге сай операция алаңы дайындалып, жергілікті ауырсындырмау жасалады.

Диффенбах тәсілі: Сыртқа айналған жоғарғы қабақтың үстіндегі теріден, ал сыртқа айналған төменгі қабақтың астындағы теріден қабақ жиегінен 0,3 – 0,5 см қабақ жиегіне парелелл ұзындығы айналған қабақ бөлігіне тең тілік жасалады. Осыдан соң тағы төбесі 0,5 – 0,7 см қашықтықта болатын, тағаны қабаққа қараған үшбұрыш (жебе ұшы тәрізді) тері кесіп алынады. Егер қабақ терісінде тыртықтар болса кесіп алатын аумаққа осы тыртықтар түскені дұрыс.

Алдымен пайда болған терідегі үшбұрыш жарақатқа содан соң қабаққа параллел жасалған тіліктерге түйін тігістер салынады (сурет 8 – а).

Диффенбах - Греф тәсілі: Жоғарғы тәсілден тиімділігі жоғары деп есептелінеді. Орындалу тәсілі де күрделірек. Алдымен көздің сыртқы бұрышынан тағаны көздің ішкі бұрышына басталатын, төменгі қабақ жиегіне параллел үшбұрышты тері кесіп алынады. Қабақтың айналуы үлкен болған сайын үшбұрыштың тағаны да үлкен болады. Үшбұрышты теріні сылып алып тастаған соң оның негізінен көз бұрышынан «ваг» үшбұрышы пайда болатындай көлемі сылып алынған теріге тең тілік жасалады. Оның ұзындығы кесіп алып тасталған үшбұрыштың тағанына тең болуы керек. Бүл жердің де терісі сылынып алынып тасталады. «Ваг» бұрышын «вба» бұрышымен сәйкестендіріліп, «бв» жағы «ав» жағынан бастап түйін тігіспен тігіледі. Ал «аб» сызығы бойымен «аг» - ға қабақ жиегіне тігіледі (сурет 8 – 2).

Шимановский тәсілі: Бұл әдісте де жебе ұшы тәрізді үшбұрыш тері кесіп алынады. Оның ішкі жағы көздің сыртқы бұрышынан басталған төменгі қабақтың қабырғасының жалғасы. Ал сыртқысы – төмен қарайғы сызық. Кесіп алынатын терінің мөлшері қабақтың қаншалықты айналғанына байланысты. Көп айналса көп, оның төбесі де жоғары көтеріледі. Кесіп алынатын терінің көлемін көздің сыртқы бұрышынан қысқышпен тері қатпарын қабақтың айналуы қалыпқа келгенше жоғары көтеріп анықтайды. Теріні сылып алып тастап, пайда болған жарақатты түйін тігіспен тігеді.



Кунтт – Мюллер тәсілі Диффенбах тәсіліне ұқсас. Тіліктер жасау мен тігістер салу бірдей. Айырмашылығы біріншісі конъюнктива жағынан жасаса, екіншісі қабақ терісі жағынан жасайды.

8 – ші сурет. Қабақ сыртқа айналғанда операция жасап емдеу:

1 - Диффенбах тәсілі; 2 - Диффенбах – Греф тәсілі; а – б- в - үшбұрышты кесіп алынып тасталатын тері.
Кірпіктердің дұрыс өспеуі – (trichiasis) трихиазис кірпіктердің қабақ жиегі қалыпты болса да көз алмасына қарай өсуі. Ол туа біткен немесе жүре пайда болған кемістік болуы мүмкін. Оның себептері туа біткен көз алмасының аса кіші болуы (микрофтальм), қабақтың ішке айналуы және қабақ жарақаттары салдарынан қабақта пайда болған үлкен тыртықтар. Соңғылары кірпік түбін айнала қоршап, оның өсу бағытын өзгертеді.

Белгілері. Мал көзін көбіне жұмып тұрады. Көзден жас ағады. Асқынса көздің қасаң қабығы қабынып, тіпті онда жарақат пайда болады.

Емі. Егер дұрыс өспеген кірпіктер саны аз болса оларды қысқыштармен ұстап түбінен суырып алып тастауға болады. Бірақ бұл уақытша, өйткені кірпіктер қайта өседі. Кірпік қайта өспес үшін оны электролиз әдісімен алып тастайды (эпиляция). Ол үшін 0,5 – 1,0 МА тоқ күші бар тұрақты тоқ батареясының теріс полюсіне жалғанған жіңішке тігін инесін кірпіктің түп қабына енгізіп, оң полюсін шықшытқа қойып, 10 – 15 секунд әсер етеді. Осыдан соң кірпік оңай алынады және қайта өспейді. Трихиазис қабақты тұтас немесе оның көп бөлігін қамтыса оны қабақтың ішке айналуындағы сияқты пластикалық операция жасап емдейді.

Қабақ спазмасы – (blepharospasmus) блефароспазм. Қабақтың айналым бұлшық етінің дірілдеп жиырылуы салдарынан қабақтың жиі жыпылықтауы және тартуы. Жануарларда блефароспазмның себептері әртүрлі. Көзге бөгде зат түсуден, химиялық заттардан тітіркенуден немесе конъюнктивит, кератит сияқты көз аурулары салдырынан болады.

Белгілері. Қабақтың дірілдеп жиырылуы, жиі жыпылықтауы және тартуы. Көбіне бір жақты болады. Жануарлар қабақтарын дірілдетіп, қаты қысып жауып алып, ашпайды. Көз қиығы жабық, сипағанда жасқанады, ұстатпай қатты ауырсынады. Көзден көп мөлшерде жас ағып, астыңғы қабақ терісі суланған, жүні түскен. Көзді ашып тексергенде одан бөгде заттар мен көз аурулары анықталады.

Емі. Көзге бөгде зат түскені анықталса, конъюнктива астына 2% новокаин тамызып барып бөгде затты көз қысқышымен абайлап алып тастау керек немесе жылы сумен инесіз шприц қолданып жуып шығарады. Көздің спазмасын болдырмау үшін қабақ терісі астына ұсақ жануарларға 3 мл, ал ірі жануарларға 10 – 15 мл 0,5% новокаин егіледі. Көздің спазмасының себебі конъюнктивит, кератит сияқты көз аурулары болса оларды емдеу керек.

Қабақтың қатерлі ісіктері. Қатерлі ісік жаңадан пайда болған ағзаға жат ұлпа екенін белгілі. Жануарлардың қабағында зілсіз және зілді ісіктер кездеседі. Олар алғашында баяу дамып, онша байқалмайды, көзге еш әсер етпейді. Уақыт өте келе өсіп, үлкейіп, көзге қатер туғызады.

Жануарларда қабағында зілсіз ісіктерден сүйел, папиллома, фиброма және киста (іші қуыс, ішінде аздаған сұйығы бар өсінді), кездеседі.

Зілді ісіктерден жануарларда кездесетіндері карцинома, саркома, меланосаркома.

Анықтау. Сүйел - сиырдың, жылқының және иттің қабағында бірен саран, кейде көптеп кездеседі. Олар қатты, түсі қара қоңыр, төбесі жиі жарылып тұрады.

Папиллома - сүйелге ұқсас. Қабақта бірен саран, кейде көптеп кездеседі. Түп жағы үлкен, төбесі кедір – бұдыр, түсі ақшыл сұр немесе қара қоңыр. Сиыр мен тоты құста (попугай) оның цилиндр пішінді, ұшы үшкірленіп бітетін түрі анықталған («тері мүйіздері»).

Фиброма- қабақ терісінде орналасқан қаттылау, жалпақ, беті терімен қапталған өсінділер.

Киста Қабақтан алға қарай шығып, айқын көрінетін домалақ немесе сопақ пішінді, сипағанда ауырмайтын, жұмсақ, аздап бүлкілдейтін өсінді. Тауық пен итте жиі кездеседі.

Карцинома, және саркома – олардың клиникалық белгілері өте ұқсас. Ажырату биопсия жасап, гистологиялық зерттеу жүргізу нәтижесінде мүмкін болады. Тез өсіп, дамиды. Коньюнктива мен қабақ арқылы тармақтала өсіп, кедір - бұдыр жұмсақ өсінді түрінде байқалып тұрады. Оның төбесі жиі кепкен өлі ұлпамен жабылған. Оңай қанайды.

Меланома - жиі түсі көк жылқыларда, сирек қара иттерде кездеседі. Жұмсақтау, беті тегіс, кейде ыдырап жараға айналады.

Қатерлі ісіктер клиникалық белгілері бойынша анықталып, оларды түпкілікті ажырату биопсия жасап, гистологиялық зерттеу жүргізу нәтижесінде мүмкін болады.



Қабақтың қатерлі емес зілді ісіктері жиі конъюнктиваны, көздің қасаң қабығын механикалық тітіркендіріп, қабынуға ұшыратады. Олардың салмағынан жоғарғы қабақ төмен салбырап түсіп, көзді жабады. Қабақты ашып – жұму қиындайды. Ал қатерлі зілді ісіктер қабаққа ғана емес үшінші қабаққа, конъюнктиваға, қасаң қабыққа, тіпті көз алмасына тармақтала өсіп, оларды зақымдайды. Көздің қызметін бұзады. Көзден жас ағады.

Емі. Қатерлі ісіктердің емі операция арқылы сылып алып тастау. Ол үшін ісікті айналдыра жергілікті ауырсындырмау жасалып, терісі, сірі қабығы тілініп, ісікті хирургиялық қысқышпен қысып ұстап, сыдырып (тілмей) алып тастайды. Жараға тігіс салынады. Сондай ақ зілсіз ісіктерді электротермокогулятор қолданып сылып алу жақсы нәтиже береді.

ЖАС АППАРАТЫНЫҢ АУРУЛАРЫ

Жас безінің қабынуы – (dacryoadenitis) дакриоаденит бірінші реттік ауру түрінде сирек кездеседі. Кейбір инфекциялық және паразиттер туғызатын ауруларда, жас безі орналасқан тұстағы жарақаттарда, көздің әртүрлі қабынумен өтетін ауруларында, құлақ түбінің лимфа түйіні қабынғанда, бастың қосалқы ауа қапшықтары қабынғанда екінші реттік ауру түрінде жиі байқалады.

Белгілері. Дакриоаденит жіті және созылмалы өтеді. Жас безінің терең орналасуына байланысты алғашында клиникалық белгілері анық байқалмайды. Ауру өршіп, іріңді қабыну басталғанда клиникалық белгілері айқын біліне бастайды. Алғашында көздің сыртқы бұрышының үстіңгі жағында томпайған ісік пайда болады. Ол сипағанда кедір – бұдыр (қалыпта жас безі қолға сезілмейді), сонымен қоса жоғарғы қабақ тұтас қабынып ісінеді. Ол аумақтың қызуы көтерілген. Қабақ аурушаң, конъюнктивадан аздаған ірің байқалады. Ауру асқынғанда жас безіндегі іріңдік (абцесс) қабақ терісі арқылы сыртқа немесе конъюнктва арқылы ішке жарылады. Осы кезден бастап біртіндеп қабақтың ісігі басылып, жас безіне дәнекер ұлпа өсіп бітеді. Жас безінің қабынуын, әсіресе іріңді қабынуын қабақтың абцессінен ажырату қажет. Қабақтың абцессі беткейлі, жайылмалы. Жас безінің қабынуы терең және аумағы шектеулі (ошақты). Қабақ тұтас қабынып ісиді. Қабынуға астыңғы қабақ та қоса шалдығады. Дакриоадениттің клиникалық белгілері қабақтың қатерлі зілді ісіктерімен де ұқсас. Қатерлі зілді ісіктер ұдайы өсіп, көлемінің ұлғаюымен, қабыну үрдісінің (оның ішінде іріңді) және аурушаңдықтың болмауымен сипатталады.

Емі. Ем уақытылы және дұрыс жасалса тиімді. Аурудың алғашқы сатысында жоғарғы қабақтың конъюнктивасы ішіне антибактерияльдық майлар (1% тетрациклин майы т.б.) салып емдейді. Қабақ терісінің жас безі тұсына Вишневскийдің майы, 5% ихтиол сияқты майлар жағылады. Егер қабыну қайтпаса қабаққа жылы компресстер қойылып, булау жасалады. Жарақаттан болған дакриоаденитте жарақатты емдеу керек. Егер жас безінде іріңдік пайда болса қабақ терісін тіліп, іріңін шығарып, дезинфекциялық дәрілердің ерітінділерімен жуып, ақ стрептоцитпен немесе септи – спреймен өңделеді. Ал жас безінің іріңдеп бүлінуі терең болса, онда ол операция арқылы тұтас сылып алынып тасталады (экстирпация). Бұл операцияның жағымсыз тұстары да бар. Жас безін сылып алып тастағанда жастың түзілуі толық тоқталады да конъюнктива мен қасаң қабық кебеді, бүлінулерге ұшырайды.

Операция техникасы. Малды жығып (ұсақ жануарлар операция столына) байлап бекіткен соң жас безінің айналасына 0,5% новокаин сіңіріледі. Сонымен қоса оны ретробульбарлық кеңестікке де егеді. Маңдай жүйкесіне 2% новокаинмен өткізгіштікті тежеу анестезиясын жасауға болады. 10 – 15 минуттан соң көз шарасының бойымен оның орта тұсынан бастап көздің сыртқа бұрышына дейін тері, тері асты борпылдақ ұлпасы мен сірі қабығы тұтас тілінеді. Тілінген тері астынан жас безін тауып, оны қысқышпен ұстап, қоршаған ұлпалардан ажыратып, сылып алып тастайды. Операциялық тілікке тігіс салынады. Ары қарай асептикалық жарақат ретінде емделеді.

9 – шы сурет. Жас безін операциямен сылып тастау техника


Жас нүктелерінің аурулары. Жануарлардың көзінің жас нүктелерінің тарылып, кішірейіп, тіпті толық бітеліп қалуы кездеседі. Себептері сан алуан: конъюнктивитте, үшінші қабақтың зілді ісіктерінде, қабақтардың қабынуында, айналуларында, кірпіктердің түсуінен, жарақаттар салдарынан дәнекер ұлпа өсуінен, үшінші қабақты сылып алып тастағанда және конъюнктива мен қабақтың отпен, қышқылдармен, сілтілермен күюінен бітеліп қалуы мүмкін. Жас нүктелерінің бітелуі, тарылуы тұрақты және уақытша болады. Мысалы: жас нүктелеріне бөгде заттар түсіп (кірпік, шаң - тозаң) және қабынып уақытша бітеледі. Ал жарақаттар салдарынан дәнекер ұлпа өсуінен тұрақты бітеліп қалады.

Белгілері. Көз құрылымдарында, оның ішінде конъюнктивада, жас безінде қабынулар болмаса да көздің ішкі бұрышынан немесе тұтас астынғы қабақтың жиегінен үнемі сыртқа жас ағу болады (эпифора). Жас нүктелерінің тарылуын, бітелуін жас нүктелерін қарап, өзегін катетермен немесе зондпен тексеру арқылы анықтайды.

Емі. Жас нүктелері уақытша бітелсе себептерін жоюға бағытталған емдер жасалады. Конъюнктивиті, қабақтардың қабынуы мен айналуын емдеу, жас жолын жуу, зондпен тазалау жақсы нәтиже береді. Жас нүктелеріне дәнекер ұлпа өсіп, ол тұрақты бітелсе емі қиын. Оперативті жолмен (микрохирургиялық) кеңейту керек болады. Бұл әдіс ветеринариялық хирургияда өндіріс жағдайында кең қолданысқа енгізілмеген.

Жас өзектерінің (каналдарының) қабынуы және бітелуі. Себептері әртүрлі. Көбіне конъюнктиваның, жас нүктелерінің қабынуының жас өзектеріне ауысуынан болады. Сондай – ақ оған бөгде заттар (шаң – тозаң) түсіп, өзегін бітейді, қабындырады. Инфекциялық және паразиттік (телязиоз) аурулар салдарынан да қабынады.

Белгілері. Жас өзектері қабынса оның өзегі жартылай немесе толық бітеледі. Соның салдарынан көздің ішкі бұрышынан немесе тұтас астынғы қабақ жиегінен үнемі сыртқа жас ағады. Көзде қабыну белгілері байқалады. Ауру асқынып, жас өзектері іріңді қабынуға ұшыраса көзден іріңді сұйық ағады. Жас өзектерінің тұсын басса ағынды мөлшері көбейе түседі. Жас өзектері бөгде заттармен бітелсе қабыну онша байқалмайды.

Емі. Ем аурудың себептерін жоюға бағытталады. Жас өзектері танау қуысы арқылы 1:5000 қатынасында дайындалған фурацилиннің, 2% бор қышқылының немесе 0,25 - 0,5 % новокаинда езілген антибиотиктер ерітіндісімен жуылып, қажет болса арнайы Боумен зондымен тазаланады. Емдеу бірнеше күн қатарынан жүргізілуі керек.

Жас қапшығының қабынуы – (dacryocystitis) дакриоцистит. Ол жас өзектерінің қабынуымен қоса жүреді. Барлық жануарларда, оның ішінде жылқыда, ит пен мысықта жиі кездеседі. Себептері де бірдей. Танау қуысының қабынып, жас – танау өзегінің тарылуы, бітелуі салдарынан жас қапшығына шамадан тыс жиналған сұйыққа инфекция түсіп көбейуі салдарынан іріңді қабынудың дамуы.

Белгілері. Дакриоциститтің клиникалық белгілері жас өзектері қабынуымен өте ұқсас.

Емі. Дакриоциститтің жеңіл түрі жас өзектері қабынуындағы тәсілдермен емделеді. Ал асқынған түрінде операция арқылы жас қапшығы, кейде онымен қоса жас өзектері және жас безі қоса сылып алынып тасталады. Бұл операцияның жағымсыз тұстары да бар. Жас қапшығын сылып алып тастағаннан соң жарақат екінші реттік тартылып бітумен жазылып, қалың дәнекер ұлпа өсіп, жас - танау жолын бітеп, жастың сыртқа ағуына әкеледі.

Операция техникасы. Малды (ұсақ жануарлар операция столына) байлап бекіткен соң жас безінің айналасына 0,5% новокаин сіңіріліп анестезиясы жасалады. 10 – 15 минуттан соң көздің ішкі бұрышындағы таға тәрізді өзектің ішінен, оның көтеріңкі жиегін бойлай терісі, тері асты борпылдақ ұлпасы, ішкі байламы тілінеді. Тілінген тері астынан жас өзегі мен жас қапшығын тауып, қысқышпен ұстап, қоршаған ұлпалардан ажыратып, көтеріп тұрып, жас қапшығының аяқ тұсынан және жас өзегінің жоғарғы тұсынан кесіп, оларды сылып алып тастайды. Операция тілігіне тігіс салынып, ары қарай асептикалық жарақат ретінде емделеді.
КОНЪЮНКТИВА АУРУЛАРЫ

Конъюнктиваның жарақаты. Конъюнктива көз қабағының ішкі кілегейлі қабығы екені белгілі. Қабақтың терісі мен конъюнктива созылғыш болса да олардың жарақаттары жиі кездесіп тұрады. Себептері әртүрлі. Конъюнктива сыртқы жағынан көздің қабағының жарақаттануынан, ішкі жағынан көзге бөгде заттар түсуінен жарақаттанады. Көбіне бір жақ көздің конъюнктивасы жарақаттанады. Конъюнктиваның созылғыштығы оны қатты жарақаттанудан қорғайды. Механикалық әсерлерден көбіне оған жеңіл жарақаттар, сызаттар түседі, қанталайды. Көзге түскен бөгде зат конъюнктиваны алғашында жарақаттамайды. Бірақ, қатты аурушаңдық туғызып, жануарды қатты мазасыздандырады. Соның салдарынан жануарлар көзін алдыңғы аяғына немесе басқа заттарға үйкеп, бөгде заттың конъюнктиваны жарақаттауына әкеледі. Сонымен бірге бөгде зат көздің қасаң қабығын және ақ қабығын қоса жарақаттайды. Жарақат арқылы көзе инфекция түсуіне жол ашылады.

Белгілері. Сырттан болған жарақатта қабақ жарақаттанған, домбығып ісінген. Жануар жарыққа қарай алмайды. Қабағын ашпайды (блефароспазм). Көзден жас ағады. Бөгде заттар түссе конъюнктиваны ашып қарағанда бетінен қатты микробөлшектер (шаң, құм, кейбір ши тәрізді өсімдіктердің ұрықтары) анықталады. Конъюнктива аздап ісінген, қызарған, ноқатты қан құйылу болады. Сонымен қоса конъюнктива сызылған, тілінген. Жарақат терең болса ол жері қанайды.

Емі. Конъюнктиваның жарақаты салыстырмалы түрде жеңіл жарақатқа жатқанмен, емдемесе микроорганизмдер түсіп асқынады. Ем жарақаттың сипатына қарай жасалады. Егер конъюнктиваның жарақаты қабақтың жарақатының салдары болса, оның көлемінің үлкендігі мен тереңдігіне байланысты емдер жасалады. Жеңіл жарақаттарды емдеу дезинфекциялық дәрілердің ерітінділерін, көз тамшыларын қолданып өңдеумен шектеледі. Ал, көлемі үлкен және терең жарақаттарға механикалық тазалау мен залалсыздандырудан соң хирургиялық тігіс салынады. Ары қарайғы емдеу кәдімгі асептикалық жарақатты емдегендей жүргізіледі. Қабақтығы жарақатқа әртүрлі асептикалық ұнтақтар, майлар, аэрозолдар (септо – спрей) қолданылады. Бұл дәрілердің өткір иісі (камфора, скипидар майлары, Вишневскидің бальзамды майы) мен тітіркендіргіш қасиеттері болмауы тиіс. Конъюнктива қапшығына 5 % синтомицин, 1 % тетрациклин сияқты көзге арналған майларды салып жарақат толық жазылғанша емдеу керек. Көзге бөгде заттар түскен болса, малды мықтап бекітіп, конъюнктивасын жылы физиологиялық ерітіндімен немесе 0,02 % фурацилинмен инесіз шприцті пайдаланып ағындата жуып тазалау керек. Оған болмаса ауырсындырмау жасау үшін көзге 2% новокаин тамызып, қабақтарды кезек – кезек ашып, бөгде затты іздеп тауып, оны физиологиялық ерітіндіге батырылған стерильді кішкене мәрлі тампонға жабыстырып алып тастайды. Бөгде зат ірі болғанда оны көзге арналған қысқышпен алады.

Конъюнктивит – (conjunctivitis) көз конъюнктивасының қабынуы. Көз ауруларының ішінде ең жиі кездесетін аурудың бірі. Ресей ғалымдарының (А.Г. Шелкин., М.А. Аверин., В.В. Олейник. 2004) зерттеулеріне қарағанда конъюнктивит қабынумен жүретін көз аурулары арасында кератиттен соң екінші орында тұрады және 21,3 % - ын құрайды. Конъюнктивиттің пайда болу себептері әртүрлі. Оның ішінде жоғарыда қарастырылған конъюнктиваның жарақаты да бар. Сонымен бірге физикалық (шамадан тыс ультракүлгін сәуле, ылғал), химиялық (аммиак), биологиялық (инфекциялық және инвазиялық аурулар қоздырушылары) әсерлер де көздің конъюнктивасын қабынуға шалдықтырады. Конъюнктивит көздің басқа құрылымдарының қабынуларының конъюнктиваға ауысуы салдарынан болуы да кездеседі. Бұған қабақтардың, қасаң қабықтың, жас аппаратының қабынуларының конъюнктиваға шабуын айтуға болады. Конъюнктивиттің жіктелуі: Конъюнктивит ағымы бойынша жіті және созылмалы, ал қабынуда пайда болған эксудаттың сипатына қарай катаральді және іріңді деп жіктеледі. Жіті конъюнктивит өз кезегінде: жіті катаральді конъюнктивит, жіті іріңді конъюнктивитке жіктеледі. Созылмалы конъюнктивиттің жіктелуі: іріңді конъюнктивит, фибрионозды конъюнктивит, флегмонды конъюнктивит, фолликулярлы конъюнктивит.

Жіті катаральді конъюнктивит – конъюнктивиттің жиі кездесетін түрі. Дамуы тез, конъюнктиваның беткі эпителий қабаты мен базальды жарғағы (мембранасы) қабынады. Катаральді конъюнктивит әсіресе ит обасы, тұмау сияқты жіті өтетін инфекциялық ауруларға тән.

Белгілері. Конъюнктива ісінген, ашық қызыл түсті. Оның қан тамырлары айқын көрінеді. Көз аумағы аурушаң, жергілікті қызуы көтерілген. Жануарлар жарықтан жасқанып, көзін аша алмайды (блефароспазм). Иттің, терісі бағалы аңдардың және мысықтың ауру көзі қышып, олар оны тырмалап, үйкелеп ауруын одан әрі өршітеді. Көздің ішкі бұрышынан сулы сұйық ағады. Ол жастан, кілегейлі сұйықтан тұрады және кірпіктерді жабыстырып тастайды. Конъюнктиваның қабынуы жиі қасаң қабыққа ауысып, керато - конъюнктивит дамиды.

Созылмалы катаральді конъюнктивит. Катаральді конъюнктивиттің баяу дамитын түрі. Пайда болуының негізгі себебі конъюнктиваға физикалық, химиялық факторлардың жағымсыз әсер етуі. Мал қорасы ауасында аммиак мөлшері мен шаң - тозаңның шамадан тыс көптігі көзді созылмалы катаральді конъюнктивитке шалдықтыратыны белгілі. Ыстық, ылғалды немесе құрғақ қорада ұсталған малдардың көзінде де бұл ауру дамиды. Келесі себептері тітіркендіргіш дәрілердің әсері (формалин), витаминдердің жетіспеуі (құстарда А витамині). Кәрі немесе өте арық малдарда көз алмасының солып көз шарасына түсуіне байланысты конъюнктива кеуіп, конъюнктивит дамиды.

Белгілері. Жіті катаральді конъюнктивиттен айырмашылығы клиникалық белгілер айқын емес. Конъюнктиваның ісінуі, аурушаңдық, жергілікті қызуының көтерілуі онша байқалмайды. Мал жарықтан жасқанбайды. Конъюнктива кебу, көкшіл түсті. Созылмалы катаральді конъюнктивит біртіндеп қабақтың айналуы, керато – конъюнктивит сияқты асқынуларға соқтырады.

Іріңді конъюнктивит. Катаральді конъюнктивиттің инфекция түсіп асқынуы салдарынан пайда болады. Ағымы жіті және созылмалы болуы мүмкін. Клиникалық белгілері жоғарыда баяндалған жіті катаральді конъюнктивитке ұқсас. Тек конъюнктива аса қабынған, қалыңдап, қабақ астынан шығып тұрады. Ол «хемозис» деген атпен белгілі. Конъюнктиваның беті кілегейлі – іріңді сұйықпен жабылған. Ағымы созылмалы болғанда конъюнктивада эрозиялар, жаралар пайда болады. Конъюнктивның көз алмасымен жабысып қалуы («симблефарон») мүмкін. Зақымдалған жерден зат шынығңа жағында жасап, микроскоппен тексерсе көп мөлшерде микробтар (стрептококтар, стафилококтар т.б.), эпителий торшалары, лейкоциттер анықталады. Конъюнктивиттің бұл түрі асқынса, флегмонды конъюнктивитке айналады. Онда конъюнктиваның барлық қабаттары, сонымен қоса конъюнктива асты (субконъюнктивалық) борпылдақ ұлпа және үшінші қабақ қоса зақымдалады.

Фибринозды конъюнктивит. Конъюнктивиттің бұл түрі жиі сиыр мен тауықта байқалады. Бұл да катаральді конъюнктивиттің асқынуы. Қабыну салдарынан конъюнктиваның қан тамырларының қабырғасы зақымдалып, одан сыртқа көп фибриноген бөлініп, конъюнктива бетін әртүрлі қалыңдықтағы үлбірек (пленка) қаптайды. Үлбірек жұқа болса және тек конъюнктиваның эпителий қабаты зақымдалып, шіруге ұшыраса онда ол крупозды фибринозды конъюнктивит, ал үлбірек қалың және оның астындағы конъюнктиваның терең қабаттары зақымдалып шірісе дифтеройдтық фибринозды конъюнктивит деп аталады.

Белгілері. Крупозды фибринозды конъюнктивиттің клиникасы жіті катаральді конъюнктивитке ұқсас. Тек конъюнктива бетін әртүрлі қалыңдықтағы сарғыш немесе сары түсті үлбірек жапқан. Ол оңай сыдырылады да астынан қанталаған жайдақ қызылшақа жарақат (эрозия) көрінеді. Ал, дифтеройдтық фибринозды конъюнктивиттің клиникасы іріңді конъюнктивитке ұқсас. Айырмашылығы конъюнктива қалың сарғыш үлбірекпен қапталған. Ол конъюнктиваға берік жабысқан, сыдырып алу мүмкін емес. Күштесе жыртылады, астында терең қанталаған жарақат пайда болады.

Фолликулярлық конъюнктивит – конъюнктиваның ұсақ лимфа түйіндерінің (фолликула) қабынуы. Сау көзде фолликулалар байқалмайды. Қабынғанда ұлғайып, қызарып, тары дәніндей болып көзге анық көрінеді. Конъюнктиваның бұл ауруы көбіне иттердің көзінде кездеседі. Конъюнктиваның лимфа түйіндері үшінші қабақ астында көп шоғырланғандықтан оның сол тұсы қабынады.

Белгілері. Клиникалық белгілері жіті катаральді конъюнктивитке ұқсас. Одан жоғарыда баяндалған ерекшеліктері ескеріліп ажыратылады.

Сирек конъюнктивиттің гранулезді конъюнктивит, және везикулезді (фликтенулезді- сулы күлдіреуікті) конъюнктивит деген түрлері кездеседі. Алғашқы түрі конъюнктива қабынғанда оның бетінде бүршік – түйіндердің (гранула - бүршік) пайда болуымен сипатталады. Оны риккетсилер қоздыратыны анықталған. Екінші түрі аусыл, қой шешегі, ит обасы сияқты кейбір инфекциялық ауруларда дамиды. Конъюнктива бетінде (эпителий қабатының астында) күлдіреуіктердің пайда болуымен сипатталады. Соңынан олар жарылып, жайдақ қызылшақа жарақатқа (эрозия) айналады.



Конъюнктивитті емдеу. Ем конъюнктивиттің түріне, оның пайда болу себебіне байланысты жасалады және оның тиімділігі де әр түрлі. Емдеу кешенді түрде жүргізілсе тиімді. Конъюнктивитті емдеу негіздері:

  • Конъюнктивитті туғызған себептерді жою. Жануарларды бағып – күту, ветеринариялық – санитариялық, зоогигиеналық және зоотехникалық талаптарды толық орындау. Толыққанды рационмен азықтандыру. Витаминдер жетіспеушілігін жою. Инфекциялық және инвазиялық ауруларды емдеу. Көз ауруларының алдын алу;

  • Көздің конъюнктивасын дезинфекциялық дәрілердің жылы, әлсіз ерітінділерімен жуып тазалау, залалсыздандыру. Ол үшін 1: 5000 қатынасында дайындалған фурацилин ертіндісін, 3 % бор қышқылын пайдалану. Фибринозды конъюнктивитте үлбіректі (пленка) сыдыруға болмайды;

  • Конъюнктиваға 1 % тетрациклин сияқты антибактериялдық көз майларын жағу, 3 % альбуцид, ципровет, 30 % сульфацил натрий сияқты көз тамшыларын тамызу (кітаптың соңында берілген қосымшаны қара);

  • Физотерапия (қыздыру, булау т.б).


КӨЗДІҢ АҚ ҚАБЫҒЫНЫҢ АУРУЛАРЫ

Көздің ақ қабығы (склера) көздің артқы жағына қарай орналасқан және қабақтармен жақсы қорғалған. Осыған байланысты оның механикалық әсерлерден жарақаттануы сирек. Көздің басқа құрылымдарының (конъюнктива, қасаң қабық, тамырлы қабық, көз бұлшық еттері мен дәнекер ұлпаларының) әртүрлі қабынуларының ауысуынан болатын көздің ақ қабығының аурулары жиі кездеседі. Дегенмен, көздің ақ қабығы қан тамырларының аздығынан және ұлпасының тығыздығынан қабынуға онша ұшырамайды.



Ақ қабықтың жарақаты (жыртылуы) – (vulnera et rupurae sclerae). Көздің ақ қабығы қабақ жақтан болған қатты соққыдан тікелей немесе көз шарасының сынған сүйегінен жарақаттанады. Бұл жарақаттар беткейлі және терең болуы мүмкін. Қатты соққыдан, көз шарасының сынған сүйегінен ақ қабықпен қоса көздің басқа құрылымдары да (тамырлы қабық, бұршақ дене, шыны тәрізді дене, торлы қабық) жарақаттанады және ол ауыр өтеді.

Белгілері. Егер жарақат беткейлі, жеңіл болса көзден жас ағады, жарықтан жасқану болады. Қабақты көтеріп ақ қабықты қарағанда оның ұсақ қан тамырларының жарылғаны және ноқатты қан құйылулар байқалады. Ал терең жарақатта мұнымен қоса ақ қабықтың жыртылуы мүмкін. Ақ қабық көбіне қасаң қабыққа ұласатын тұсынан (лимба) және орта тұсынан (экватор) жыртылады. Өйткені ақ қабықтың бұл тұстары жұқалау. Арнайы зерттеулер арқылы (офтальмоскопия) көздің жоғарыда аталған құрылымдарының жарақаттанғаны анықталады. Терең жарақаттану кезінде көз аумағы аса аурушаң, көп жас ағады, жарықтан жасқану болады. Малдың көзін зерттегенде оның алдыңғы камерасына және шыны тәрізді денеге қан құйылғаны, кейде бұршақ дененің орнынан тайғаны, қарашықтың кішірейгені анықталады. Көз түбі көрінбейді.

10 – шы сурет. Көздің ақ қабығына қан құйылу.
Емі. Ақ қабықтың беткейлі жарақаты қауіпті емес. Көзді антисептикалық дәрілердің бірінің ерітіндісімен шайып, алғашқы күні суық басып емдеу тиімді.

Конъюнктиваға көз тамшы дәрілерін тамызып, көзге арналған антисептикалық майлар жағады. Көзге стерильді мәрлі – мақта жастықша қойып, сәл қысып таңғыш салған дұрыс. Ақ қабықтың терең жарақатында және ақ қабық жыртылғанда көбіне ем тиімсіз. Мұндай ауыр жарақаттан соң малдың көзі көрмей қалады. Құнсызданады, лажысыз етке сойылады. Дегенмен инфекция түсіп асқынуларға қарсы антисептикалық дәрілер қолданып емдейді. Жарақат аса ауыр және біржақты болғанда көзді операция арқылы алып тастайды (панофтальмитті қараңыз).



Көздің ақ қабығының қабынуы – (scleritis) склерит. Ақ қабық сирек қабынады. Ақ қабықтың тікелей өзінің қабынуы мүмкін немесе оған конъюнктиваның, қасаң қабықтың, түсті қабықтың қабынулары ауысады. Ақ қабықтың қабынуы беткейлі, терең, асептикалық немесе іріңді болады.

Белгілері. Асептикалық қабынуда көздің қатты аурушаңдығы, көз маңының жергілікті қызуының көтерілуі, жарыққа қарай алмау, жас ағу байқалады. Ақ қабықтың қан тамырлары қызарған, жуандаған. Іріңді қабынудың да белгілері осыған ұқсас тек айқынырақ байқалады. Айырмашылығы көзден жас аралас ірің ағады. Ол кірпіктерді бір - біріне жабыстырып тастайды да қабақтар ашылмайды. Өз кезегінде ақ қабықтың іріңді қабынуы көздің басқа құрылымдарына шауып асқынуы мүмкін.

Емі. Көзді антисептикалық дәрілермен шаю, көзге арналған антибактерияльдық майлар жағу. Антибиотик қосып ретробульбарлық новокаин блокадасын жасау.
ҚАСАҢ ҚАБЫҚ АУРУЛАРЫ

Қасаң қабықтың жарақаттары (vulnera cornea) – барлық жануарларда кездеседі. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда қасаң қабық жарақаттары барлық көз аурулары ішінде кездесу жиілігі бойынша 33,5% - ды құрап, бірінші орынды алады. Қасаң қабықтың жарақаттануы механикалық, термикалық, химиялық, физикалық ( мысалы электр дәнекерлегіштен шыққан жарық, ядролық жарылыс жарығы т.б) әсерлерден болуы мүмкін. Қасаң қабық жиі көзге түскен бөгде заттардан механикалық жарақат алады. Оттықтағы, мал тұратын орындардағы, мал таситын көлік қораптарындағы үшкір заттармен, шегелермен, сым темірлермен де жарақаттанады. Сирек бұталармен, жыртқыштар тырнағымен (мысық), құрттармен (телязи) жарақаттанады. Қасаң қабық жарақаттарының жіктелуі:

  1. Қасаң қабықтың беткейлі жарақаты,

  2. Қасаң қабықтың терең жарақаты,

  3. Қасаң қабықтың терең тілінген жарақаты,

  4. Қасаң қабықтың терең тесілген жарақаты.

Мұнымен қоса кейбір ғалымдар қасаң қабықтың инфекциялық жарақаттарын жеке бөліп қарастырады.

Қасаң қабықтың беткейлі жарақаты кезінде қасаң қабықтың ең үстіңгі эпителий және бауменов қабаттары жарақаттанады.

Белгілері: Беткейлі жарақат алғашында байқалмауы мүмкін. Өйткені қасаң қабықтың жыртылуы болмайды және ол өзінің мөлдірлігін сақтайды. Қан ақпайды, қабынуы аз, бірақ аурушаң. Жарақаттанғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң қасаң қабықтың бір жақ шетінен қарау арқылы оның бұлдырланғанын (лайланғанын, тұманданғанын) және біршама кедір – бұдырланғанын байқауға болады. Ал кератоскоппен зерттегенде өзгеріс анықталмайды. Бұл жарақатты нақты анықтау үшін көзге флюоресцейн бояуының немесе метилен көгінің бір - екі тамшысын тамызса, қасаң қабықтың жарақаты бар жері ертінді түсіне боялады.

Емі. Уақыт өткізбей дұрыс емдесе эпителий қабаты қалпына келіп, қасаң қабықтың беткейлі жарақаты тез жазылады. Ал уақытында емдемесе инфекция түсіп асқынады. Қасаң қабықты 2 - 3% бор қышқылы ерітіндісімен, 0,02% фурацилин, 0,5% новокаинға езілген антибиотиктер ерітінділерінің бірімен шайып, антибактериялдық көз майлары жағылады (1% тетрациклин майы т.б).

Қасаң қабықтың терең жарақаты кезінде қасаң қабықтың үстіңгі эпителий және бауменов қабаттарымен қоса негізгі (строма, паренхима) қабаты қоса жарақаттанады.

Белгілері: Қасаң қабықтың қан тамырлары болмауына байланысты қанамайды. Жарақаттанған көзден қатты жас ағады. Аурушаң. Қарашығы кішірейген. Мал қабағын ашпайды. Қасаң қабықтың бүтіндігі бұзылып, жарақаттанған жердің жиектері көтеріліп, бір – бірінен алшақтаған. Қасаң қабық тез бұлдырланады. Бұл бұлдырлану алғашында көз жасы есебінен болса соңыра оған лейкоциттер араласады. Жарақаттанған жердің қабынған жиектері қасаң қабықтың үстіне көтеріліп, көрініп тұрады. Оған беткейлі және терең тамырлану (васкуляризация) қосылады.

Емі. Асқындырмай емдесе қасаң қабықтың эпителий қабаты қалпына келіп жазылып кетеді. Дегенмен ем 100 % жағдайда тиімді бола бермейді. Оның бірнеше себептері бар: Қасаң қабықтың терең жарақаты екінші реттік тартылумен жазылады да ол жерде дәнекер ұлпадан тұратын тыртық пайда болады. Қасаң қабықтың осы тұсы мөлдірлігін жояды, көздің көруіне кедергі келтіреді. Инфекция түссе асқынып, іріңді паренхиматоздық кератит дамиды. Сондықтан жарақатқа инфекция түсіп асқынуға қарсы ем жасалады. Қасаң қабықтың жарақатының жиектері бір – біріне арнайы көз инелері мен жіңішке кетгут, викрил немесе жібек жіппен түйін тігіспен тігіледі. Тігіс 6 – 7 күні алынады. Беткейлі жарақатты емдегендей емдер жасалады. Емдеу 2 – 3 апта жалғасады. Осылай емдегенде қасаң қабықта терең тыртық қалмайды.

Қасаң қабықтың терең тілінген жарақаты. Бұл жарақаттануда қасаң қабықтың барлық қабаттары тұтас тілініп, көздің алдынғы камерасы ашылады.

Белгілері: Қасаң қабықтың барлық қабаттары бүтіндігінен айрылып, көздің алдынғы камерасының сұйығы толық немесе жарым – жартылай ағып кетеді. Осыған байланысты көздің шыны тәрізді денесі түсті қабықты және бұршақ денені алға қарай итеріп, қасаң қабыққа тірейді. Жарақат көлемі кіші болса жарақатты түсті қабық бітеп, көз сұйығының тұтас ағып кетуіне, бұршақ дененің түсуіне жол бермейді. Егер жарақат көлемі үлкен және жарақат қасаң қабықтың орта тұсында орналасса, көздің алдынғы камерасының сұйығының тұтас ағып кетіп, бұршақ дененің көз алмасының сыртына шығып қалуы да мүмкін. Кейде қарашық та зақымдалады. Сонымен бірге жарақаттанған көзден көп жас ағады, аурушаң, мал қабағын ашпайды.

Емі. Қасаң қабықтың терең жарақатындағы сияқты. Қасаң қабықтың жарақаттының жиектері бір – біріне түйін тігіспен тігіледі. Инфекция түсіп асқынуға қарсы ем жасалады. Дегенмен мұнда да ем 100 % жағдайда тиімді бола бермейді, жиі малдың жарақаттанған көзі көрмей қалады.

Қасаң қабықтың терең тесілген жарақаты. Қасаң қабықтың барлық қабаттары жіңішке және үшкір заттармен тұтас тесіліп жарақаттанады. Бұл аумағы кіші болғанмен қасаң қабықтың ауыр жарақаты.

Белгілері: Алғашында ауру белгілері онша байқалмайды. Біраз уақыт өткен соң (24 – 36 сағат) инфекция түсу нәтижесінде іріңді қабыну дамиды. Қасаң қабық бұлдырланып, көздің көруі нашарлайды. Қасаң қабықтың терең жарақатындағы белгілер білінеді.

Емі: Қасаң қабықтың беткейлі жарақатындағы сияқты емдер жасалады. Антибиотик қосып (бициллин – 3) ретробульбарлық новокаин блокадасын жасаудың тиімділігі жоғары.

Қасаң қабықтың қабынуы – (keratitis) кератит. Жануарлардың оның ішінде ауылшаруашылық малдарының жиі кездесетін көздің қасаң қабығының ауруы. Зерттеулерге қарағанда қасаң қабықтың қабынуы барлық қабынумен сипатталатын көз аурулары ішінде кездесу жиілігі бойынша 16,7% - ды құрап, конъюнктивиттен кейінгі екінші орынды алады. Көздің кератитке шалдығу себептері механикалық, физикалық, химиялық факторлардан болуы мүмкін. Сонымен бірге іргелес көз құрылымдарының қабынулары қасаң қабыққа ауысып, кератит туғызады. Кейде кератит инфекциялық және инвазиялық аурулардың салдарынан болады. Инфекциялық аурулардың (ит обасы т.б) қоздырушылары қанмен, лимфамен көзге жетіп, екінші реттік кератиттер туғызады. Инвазиялық аурулардан телязиозды (ноғала) атап айтуға болады. Телязиоз қоздырушысы ұсақ жұмыр құрттар екені белгілі. Олар конъюнктива қапшығында паразиттік тіршілік етіп, қасаң қабықты жарақаттайды, қабындырады. Сөйтіп екінші реттік кератит дамиды. Кератит жануарларды азықтандыру, бағып – күту кемістіктерінен де туындайды. Азықта А және С витаминдерінің жетіспеуі, қорада амиактың шамадан тыс жоғары болуы немесе қора ауасының аса ылғалды немесе аса құрғақ, шаң - тозаңды болуы да осы аурудың туындауына себеп болады.

Кератиттің түрлері:



  1. Беткейлі кератиттер,

  2. Терең кератиттер.

Беткейлі кератиттер жіктеледі: катаральды кератит, тамырлы кератит, іріңді кератит, фликтенулезді және пустулезді (іріңді күлдіреуікті) кератиттер.

Терең кератиттер жіктеледі: асептикалық кератит, іріңді кератит.

Беткейлі катаральды кератит. Бұл кератиттің ең жеңіл түрі. Пайда болу себебтері: қасаң қабықтың жеңіл жарақаттары, көзге бөгде заттардың түсуі және тағы басқалар. Конъюнктивит асқынып, кератитке ұласуы мүмкін. Ол керато – коньюнктивит деген атпен белгілі. Зерттеулерге қарағанда керато – коньюнктивит барлық қабынумен сипатталатын көз аурулары ішінде кездесу жиілігі бойынша 12,3% құрап, конъюнктивит пен кератиттен соңғы үшінші орынды алады. Беткейлі катаральды кератит қасаң қабықтың қабынып бүлінуімен және тез қайта қалпына келуімен сипатталады.

Белгілері: Бұл ауруда да көз ауруларының жалпы клиникалық белгілері байқалады. Олар: көзден жас ағу, қарашықтың кішірейуі, жарыққа қарай алмау, қабақты ашпау (блефароспазм). Конъюнктива мен ақ қабықтың қан тамырлары қызарған. Қасаң қабықтың шет жағынан тамырлану (васкуляризация) байқалады. Көз аумағы аурушаң. Жарақаттанғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң қасаң қабықтың бір жақ шетінен қарау арқылы оның бұлдырлануы мен біршама кедір – бұдырлануын байқауға болады. Бұл өзгеріс кератоскоппен зерттегенде де анықталады. Ауыр түрінде қасаң қабықта жайдақ жара (эрозия) пайда болады.

Емі. Себебтерін жою. Көзге түскен бөгде заттарды алу, ветеринариялық – санитариялық, зоогигиеналық және зоотехникалық талаптарды қалыпқа келтіру. Көз ауруларын (конъюнктивиті), инфекциялық, инвазиялық ауруларды емдеу. Қасаң қабықты 2 - 3% бор қышқылы ерітіндісімен, 0,02% фурацилин, 0,5% новокаинға езілген антибиотиктер ерітінділерінің бірімен шайып, антибактериялдық көз майлары жағылады. Антибиотик қосып ретробульбарлық новокаин блокадасын жасау жақсы көмектеседі. Қабақтың қозғалысын шектеу үшін «бинокулярлық» таңғыш салынады.

Беткейлі тамырлы кератит қасаң қабықтың эпителий және боуменов қабатына көп мөлшерде қан тамырларының өсуімен (васкуляризациялану) сипатталады (11 - сурет).


11 – ші сурет. Қасаң қабықтың тамырлануы (васкуляризация):

1 - беткейлі тамырлану; 2 - терең тамырлану.
Белгілері: Эпителий қабаты қопсиды және көтеріледі. Осыған байланысты қасаң қабықтың үстіңгі жағы кедір – бұдырланады. Қан тамырлары көбіне ақ қабық конъюнктивасы жағынан өсіп, қасаң қабықтың шет жағынан орын алады. Кей жағдайда өскен қан тамырлары қасаң қабықтың ортаңғы тұсына дейін жетіп, оны тұтас торлап жабуы мүмкін. Сөйтіп қасаң қабық жарық өткізу қабілетін жоғалтады. Көздің көруі бұзылады, нашарлайды тіпті көрмей қалуы да мүмкін. Жарақаттанған жерге дәнекер ұлпа өсіп, қасаң қабықта «ақ» (бельмо) пайда болады. Сонымен бірге көз ауруларының негізгі белгілері байқалады. Жарақаттанған көзден қатты жас ағады. Аурушаң. Мал қабағын ашпайды.

Емі. Беткейлі катаральды кератитте қолданылатын емге қоса операция жасап, қасаң қабыққа өскен қан тамырларын қияды. Бұл операция екі әдіспен жасалады. Бірінші әдіс – перитомия, екінші әдіс – периктомия. Операция жасалатын мал операция столына немесе дайындалған жерге жығылып бекітіледі. Көзге 2% новокаин тамызып ауырсындырмау және 0,5% новокаинмен ретробульбарлық блокада жасалады. Қасаң қабықта өсіп тұрған қан тамырлары қиылады. Ол үшін көздің ақ қабығын айналдыра конъюнктивада тілік жасалады (перитомия). Кесілген қан тамырларынан қан ағып, тоқтап, қан тамыры қаннан тазарған соң қасаң қабықтағы қан тамыры өздігінен тартылып кетеді. Бірақ олар қайта пайда болуы мүмкін, сондықтан бұл операцияның екінші түрі периктомия қолданылады. Бұл түрі тиімді деп есептеледі. Бұл тәсілде конъюнктива тек айналдыра тілінумен шектелмейді, сонымен қоса жалпақтығы 0,5 см конъюнктива жолағы кесіліп алынады. Сонда қасаң қабыққа қан тамырлары қайта өспейді.

Беткейлі іріңді кератит. Кератиттің бұл түрі өзі жеке дамиды немесе беткейлі катаральды кератиттің инфекция түсіп асқынуынан пайда болады. Мұндай кератит ит обасында жиі байқалады.

Белгілері: Қасаң қабықтың беткі қабаттары қабынып, тамырланады. Жануарлар жарыққа қарай алмайды, қабағын ашпайды. Конъюнктивасынан кілегейлі – іріңді сұйық бөлінеді. Қасаң қабық бұлдырланған, күңгірт, сарғыш түсті. Көз аумағының қызуы көтерілген және аурушаң. Кератиттің бұл түрі жиі асқынып, қасаң қабықтың терең қабаттары (негізгі қабаты) зақымдалып, терең іріңді кератитке айналып, емнің тиімділігі күрт төмендейді. Мұндай асқынудан соң жануардың көзі жазылса да жарым - жартылай ғана көреді немесе мүлде көрмей қалады.

Емі. Себебін жою. Көзді дезинфекциялық дәрілермен (2 - 3% бор қышқылы, 0,02% фурацилин) шаю. Антибактериялдық көз майлары жағылады. Бициллин – 3 антибиотигін қосып ретробульбарлық новокаин блокадасын жасаудың тиімділігі жоғары.

Фликтенулезді және пустулезді (іріңді күлдіреуікті) кератиттер. Фликтенулезді және пустулезді кератиттер беткейлі кератиттің этиологиясы ерекше түрлері. Олар инфекциялық ауруларға тән. Фликтенулезді кератит мүйізді ірі қараның вирустық ринотрахейтінде, риккетсиозда, ал пустулезді (іріңді күлдіреуікті) кератит қой мен ит обасында байқалады.

Белгілері: Көзден жас ағу, жарыққа қарай алмау. Конъюнктиваның қан тамырлары қызарған. Қасаң қабық әр жерінен бұлдырланған. Оның бетінде көлемі тары дәніндей томпайған күлдіреуіктер байқалады. Фликтенулезді кератитте бұл күлдіреуіктердің ішіндегі сұйық мөлдір, ал пустулезді кератитте ішіндегі сұйыққа ірің араласып лайланған. Қасаң қабықта тамырлану байқалады. Ары қарай қан тамырлары біртіндеп тартылып, тарап кетеді. Күлдіреуіктер жарылып, ол жерлерде ұсақ ойық жарақаттар пайда болады. Асқынбаса эпителимен жабылып жазылады.

Емі. Негізгі ауруларды, оның ішінде инфекциялық ауруларды емдеу. Жарылған күлдіреуіктерді дезинфекциялық дәрілердің ерітінділерімен жуып – шайып (2 - 3% бор қышқылы, 0,02% фурацилин), антибактериалдық көз майларын жағып, инфекция түсіп асқынудан қорғау. Бициллин – 3 антибиотигін қосып ретробульбарлық новокайн блокадасын жасау тиімді.

Терең кератиттер. Бұл кератиттерде қасаң қабықтың терең, яғни негізгі қабаты (строма) зақымдалады. Оның себебі әрқилы: қасаң қабықтың механикалық жарақаттары, инфекциялық аурулар (ит обасы, мүйізді ірі қараның қатерлі қызбасы, риккетсиоз т.б.). Терең кератиттер асептикалық және іріңді болады.

Қасаң қабықтың терең асептикалық кератиті. Кератиттің бұл түрінде қасаң қабықтың терең жатқан дәнекер ұлпалы негізгі қабаты сулы қабынуға ұшырайды. Оның ұлпасына сулы сұйықтық іркіліп, жалқаяқтанады (инфильтрат, 12 – сурет). Оның құрамында лейкоциттер көп болуынан қасаң қабық ақшыл түске еніп бұлдырланады. Мұндай сулы қабынуға қасаң қабықтың негізгі қабаты тұтас (дифузды) немесе әр жері (шектеулі) ұшырайды.

Белгілері: Беткейлі кератитке ұқсас. Көз ауруларының жалпы белгілері байқалады. Малдың көзінен жас ағып, жарыққа қарай алмайды. Көз аумағы аурушаң. Ерекшелігі қасаң қабықтың айналасындағы қан тамырлары қызарған. Қасаң қабық терең тамырланған. Бұлдырланып, түсі ашық боздан сүттей ақ түске дейін өзгереді. Егер қасаң қабықтың қабынуы дәнекер ұлпалы негізгі қабаттан басталса, алғашында қасаң қабық мөлдірлігін, жылтырлығын сақтайды. Біраз уақыттан соң ғана біртіндеп беткейлі кератиттің белгілері білінеді. Кейде қабыну қасаң қабықтың беткейлі және терең қабаттарында бірдей дамып, олардың екеуінің клиникасы қосыла байқалады.

Емі. Алдымен аурудың себептерін жоюға бағытталған емдер жасалады. Инфекциялық аурулар емделеді. Көзді дезинфекциялық дәрілердің ерітінділерімен жуып – шайып, антибактериалдық көз майларын жағып, инфекция түсіп асқынудан қорғау керек. Бициллин – 3 антибиотигін қосып ретробульбарлық новокаин блокадасын жасаудың тиімділігі жоғары. Егу мөлшері итке 5 -10 мл, қойға, бұзауға 15 – 20 мл, ірі сиырға 30 – 35 мл. Жалқаяқты (инфильтрат) тарату, сіңіру үшін көзге 3 – 5% калий иод ерітіндісі қолданылады. Көздің қабынып қанталауын азайту үшін атропин сульфат майы жағылады.

12 – ші сурет. Қасаң қабықтағы жалқыаяқ (инфильтрат).
Қасаң қабықтың терең іріңді кератиті. Қасаң қабықтың бұл ауруының пайда болу себебі терең асептикалық кератиттегідей және осы аталған аурудың инфекция түсіп асқынуы деп қарау керек. Қасаң қабықтың терең іріңді кератитінің екі түрі бар: біріншісі қасаң қабықтың терең жайылған (диффузды) іріңді кератиті, екіншісі қасаң қабықтың терең шектеулі іріңді кератиті. Кератиттің алғашқы түрінде қасаң қабықтың дәнекер ұлпалы негізгі қабатына іріңді сұйық тұтас жайылады. Іріңді қабынуға қасаң қабықтың беткейлі қабаттары мен қоса десцементов қабаты қоса ұшырауы мүмкін. Жалпы қасаң қабықта қан тамырларының болмауына байланысты шірікті – іріңді қабынудың тарауы (демаркациялануы) баяу жүреді. Қасаң қабықтың шетінен бастап, іріңді – шірікті қабыну ошағына қарай қан тамырлары өсе бастайды. Қасаң қабықтың шеті көтеріліп, қопсиды. Ол жерде терең, түбі кедір – бұдыр жарақат пайда болады. Жарақаттың беті түйіршікті жас дәнекер ұлпамен жабылады, яғни грануляцияланады. Ол жер толық жазылған соң қалың тыртық қалып, көзде «ақ» пайда болады (14 сурет). Бұл үрдіске 3 – 4 апта кетеді. Қасаң қабықтың бүлініп, өлі еттенуі десцементов қабатын қамтыса, көздің ішкі қысымы салдарынан қасаң қабықтың бетінде торсию (томпайған жер немесе кератоцел) пайда болады. Тіпті жарылып, ол жерде пайда болған тесіктен көздің алдынғы камерасының сұйығы сыртқа ағады. Бұршақ дене, шыны тәрізді дене және түсті қабық сыртқа шығып, көздің барлық құрылымдары қабынып, бүлінеді. Көз панофтальмитке ұшырайды.

13 – ші сурет. Қасаң қабықтың терең шектеулі іріңді кератиті (абсцесс) (А.Бартоло бойынша).

.

14 – шы сурет. Қасаң қабықтағы тыртық:

сол жақта – қасаң қабықтың тыртығы бар жерінің кесіндісі; оң жақта – жылқының көзінің қасаң қабығының тыртық болып біткен тұсы.
Белгілері. Мал жарықтан қатты жасқанады. Қабағын ашпайды. Көзден алғашында сулы, соңынан сулы – іріңді сарсу ағады. Көз аумағы аса аурушаң. Қасаң қабықтың айналасындағы конъюнктиваның, ақ қабықтың қан тамырлары қызарған. Қасаң қабықта терең тамырлану болады. Қасаң қабық бұлдырланған, ақшыл – сарғыш түсті. Түсті қабық көрінбейді. 5 – 7 күннен соң қасаң қабықтың шірікті қабынуға ұшыраған шеті көтеріліп, қопсиды және ол қасаң қабықтың ортасына қарай жайлап жылжи бастайды. Әртүрлі көлемдегі және тұрпаттағы терең жарақаттар пайда болып, беті қызғылт түсті түйіршікті дәнекер ұлпамен жабылады. Ол жер біртіндеп қалыңдап, кедір - бұдырланып бітеді. Малдың көзінің көруі күрт нашарлайды немесе көрмей қалады.

Емі. Беткейлі іріңді кератитті емдеуге ұқсас. Айырмашылығы емдеуге кететін уақыттың ұзақтығында. Жергілікті ауырсындырмау жасап қасаң қабықтың шіріп қопсыған бөлігін хирургиялық тәсілмен тазалау керек. Қасаң қабықтың терең шектеулі іріңді кератиті қасаң қабықта іріңдіктің (абсцесс) пайда болуымен сипатталады. Негізгі клиникалық белгілері беткейлі іріңді кератитке ұқсас. Айырмашылығы іріңдік қасаң қабықтың терең қабатында орналасқан. Көлемі тары немесе бұршақ дәнінің үлкендігіндей сарғыш түйір түрінде көрінеді. Оның айналасынан қан тамырлары байқалады (13 сурет). Іріңдіктің тартылуы немесе сыртқа, кейде ішке яғни көздің алдынғы камерасына жарылуы мүмкін.

Емі. Жіңішке инелі бір рет қолданылатын шприцпен іріңдіктің іріңін сорып алып тастап, дезинфекциялық дәрілермен қуысын шаяды. Қолданылатын басқа емдер беткейлі іріңді кератитті емдеумен ұқсас. (Қосымшаны қараңыз).

Эозинофильдік грануленозды созылмалы кератит.

Бұл кератиттің ерекше түрі.Төменде ветеринариялық клиникада көзі эозинофильдік грануленозды созылмалы кератитке ұшырығын мысықты зерттеу, ауруды анықтау және емдеу нәтижелері берілген. Көз ауруларына зерттеу төмендегі жоспармен жүргізілген:



  1. Жалпы клиникалық зерттеу.,

  2. Көзді офтальмологиялық әдістермен зерттеу.,

  3. Флуоресцин тесті.,

  4. Қанға биохимиялық анализ жасау (мочевина, креатин, АЛТ).,

  5. Қанға АСТ ионограмма жасау (кальций, калий, фосфор т.б).,

  6. Цитологиялық зерттеулер жасау.,

  7. ПТР (ПЦР) т.б серологиялық реакциялармен зерттеу.

Көзі аурған мысық 13 жаста. Мысықтың еш себепсіз біртіндеп бір жақ көздің қасаң қабығының 60% бұлдырланған (15 - ші сурет). Иесінің айтуы бойынша мысықтың көзінде мұндай өзгеріс 2 жыл бұрын да байқалып, антибиотиктермен, қабынуға қарсы дәрілермен және витаминдермен емдеген соң жазылған. Мысыққа жалпы клиникалық және офтальмологиялық зерттеу қабылданған тәсілдермен жасалған. Флуоресцин тестімен зерттегенде қасаң қабықта жарақат болмаса да боялған, яғни жалған позитивті, («оң») нәтиже алынған (16 -ші сурет). Негізінде қасаң қабық микрожарақаты болса боялуы керек еді. Ал бұл жолы ол кілегейлі сұйықтан болған қасаң қабықтағы кедір – бұдырларды бояп, жалған «оң» нәтиже берген. Цитологиялық зерттеу жасау үшін қасаң қабыққа 1% тетракайн тамызып, жергілікті ауырсындырмау жасалған. Арнайы щеткамен қасаң қабық бетінен сүртінді алып, одан жағынды жасап тексерген. Тексеруде көп мөлшерде анықталған:

  • қасаң қабықтың эпителий торшалары.,

  • сегмент ядролы нейтрофилдер.,

  • эозинофилдер.,

  • лимфоциттер (аз).,

  • плазмоциттер.,

  • макрофагтар.

ПТР (ПЦР) – полимираздық тізбекті реакция арқылы мысық герпес вирусының ДНҚ іздестіріліп, теріс нәтиже алынған.

Мысыққа эозинофильдік грануленозды созылмалы кератит деген диагноз қойылған.




15 – ші сурет. Мысықтың оң жақ көзінің қасаң қабығының бұлдырлануы.

16 - ші сурет. Жалған позитивті флюоресценция сынамасы (А.Бартоло бойынша).



жүктеу 7,1 Mb.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау