№ 82 жалпы білім беру орта мектебі
Тақырыбы
Ата-анамен жұмыс
Орындаған: Абугалиева С.Н.
Қарағанды 2010жыл
Проблема
Тәрбие саласында ата-анамен жағымды қарым-қатынасты реттеуде ұстаз небір қиыншылықтарға тап болып жатады. Қазіргі жаңа педагогикалық ойлауға орай ата-анамен жұмыс жүйесін дұрыс құру және оны жаңаша ұйымдастыру бүгінгі күннің талабы. Сол себепті осы мәселені проблемалық тақырып етіп алып отырмыз.
Өзектілігі
Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелілігінің бір ұшы ата-аналармен, қоғамдастықпен, мектептің бірлескен әрекетінде екені рас. Бала тәрбиесі мен дамуындағы басты рөл атқарушы – отбасы. Демек, баланың алғашқы тәрбиешісі-ата-аналар. Мектептің отбасымен бірлесіп оқу-тәрбие үрдісінің табысты болуы үшін тәрбие саласына жаңа факторлардың маңызды кешенін туғызу-бүгінгі күннің талабы.
Сондықтан, жобада жаңа технологияларды негізге ала отырып, ата-анамен жұмыстың қазіргі заман талабына сай өзекті мәселелері қарастырылады.
Мақсаты
Ата-аналарды мектеппен, қоғамдық ұйымдармен өзара белсенді әрекет етуге тарта отырып, қазақстандық ұлтжанды, төзімді, рухани құнды, рух-жігері шыңдалған, белсенді тұлға қалыптастыру
Міндеттер:
-жоба тақырыбына сай әдебиеттерді зерделеу;
-жобаның теориялық негіздемесін жасау;
жобаның тәжірибеге енгізу іс-әрекетін жоспарлау;
Болжам
Егер, мектеп, ата-ана, әлеуметтік ортаның оқушы тұлғасын сомдау үшін саналы түрде бағытталған іс-әрекеттері үйлесімін тауып жатса, бәсекеге қабілетті, білім-білікпен қаруланған, шығармашыл тұлғаны дайындап шығар едік.
Күтілетін нәтиже
ата-ана өз баласы туралы өзін мазалап жүрген сұрақтарға мұғаліммен бірге жауап таба біледі;
ата-ананың мектепке, мұғалімге деген сенімі күшейеді;
Мектеп пен ата-ана ынтымақтастығынан тәрбиелі, білімді, ұлтжанды, жаңа заманға сай тұлға дамып қалыптасады;
Заманымыздың белгілі жаңашыл ұстазы-Ш.Амонашвили «Воспитание детей нужно начинать с воспитания родителей» деген. Ол бұл ойға өзінің ұстаздық қызметінен жинақтау нәтижесінде келгені сөзсіз. Себебі, оның есептеуі бойынша бастауыш сынып оқушысының барлық өмірінің тек 7% ғана мектептегі тәрбие үлесіне келеді екен. Олай болса, тәрбие ісінде ата-ананың алар орны, беделі жоғары болуы керек.
Өйткені, отбасы - бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Сондықтан бала мектеп табалдырығын аттағанға дейінгі оның алғашқы ұстазы-ата-анасы.
Отбасындағы ата-анаға өздері өмірге әкелген баласы үшін қаншалықты жауапкершілік жүктелетіндігі елімізде заң жүзінде қарастырылған. Қазақстан республикасының 27-бабында «неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында, балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу-ата-ананың табиғи құқығы әрі парызы» -деп көрсетілген.
Демек, баланы өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Туындаған тәлім-тәрбиедегі жарасымдылық мектеп пен ата-ана, әлеуметтік орта бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Өйткені, баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы өзін қоршаған ортасына ұстазға, ата-анаға, құрбы-құрдастарына, олардың күнделікті іс-әрекетіне, жүріс-тұрысына, сырт көрінісіне, сөйлеген сөзіне, әдептілік т.б. қасиеттеріне байланысты. Жан-Жак Руссо «Бала туғанда ақ қағаздай болып туады, оның үстіне шимайды қалай салсаң қағаз бетіне солай түседі, бала тәрбиесі де сол сияқты, өзің қалай тәрбиелесең, ол солай тәрбиеленеді» деген екен. Бұдан шығатын түйін, бала тәрбиесіне ең алдымен оның ата-анасының еңбекқорлығы, ұстамдылығы, ақыл-ойы, сана-сезімі, адамгершілігі әсер етпек.
Бала – ата-ананың ғана емес, ұлыс пен ұлттың ертеңгісі, келер тахқа аманат. Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл- парасатты, ой-өрісі биік азамат етіп тәрбиелеу қоғамымыздың ең өзекті мәселесі.
Мектеп пен отбасының ынтымақтастығын жүзеге асыруда сынып жетекшісі негізгі рөл атқарады. Отбасымен жүргізілетін жұмыстарды қазіргі уақыт талабына сай етіп ұйымдастыру сынып жетекшісінің маңызды міндеттерінің бірі.
Сондықтан ата-ана, ұстаздар болып, жас ұрпаққа жан-жақты тәрбие беруді назарда ұстағанымыз жөн.
Ұстаздар мен ата-аналар қарым- қатынасының функциялары
тәрбиелік-дамытушылық;
қалыптастырушылық;
бақылаушылық;
тұрмыстық;
хабарламалық;
Педагогикалық ұжымның міндеттері:
Ата-аналардың белсенді педагогикалық көзқарасын қалыптастыру;
ата-аналарды педагогикалық білім-білікпен қаруландыру;
ата-аналарды бала тәрбиесіне белсенді қатыстыру;
Қ.Р. Гуманитарлық академиясының академигі, педагогикалық ғылымының докторы, Қалыбекова Асма Ахметқызы былай деп жазған: «Бізде ұзақ уақыт бойы баланың тәрбиешісі-мектеп, ал отбасы оның көмекшісі, одақтасы деп келдік. Алайда, өмір тәжірибесінің көрсетуінше, тұлғаның ең басты тәрбиешісі отбасының өзі екен. Бұдан шығатын маңызды қорытынды: ата-аналар мектеп педагогтерінен кем емес деңгейде педагогикалық білім-біліктермен қарулануы тиіс» Шыныменен қай маман болмасын өнімнің сапалы болып шығуы үшін өз білімдерін толықтырып отырады. Ал ата-ана педагогикалық білімді қайдан және қалай алмақшы? Осы орайда ата-анамен жүргізілетін жұмыс формасын дұрыс ұйымдастыру қажеттігі туындайды.
Ата-анамен жүргізілетін жұмысты ұйымдастырудың формасы
Ата-аналардың педагогикалық, психологиялық білімін көтеру
Сыныптың ағарту жұмыстарын өткізу
Тәрбиенің жекелеген мәселелері бойынша ата-анаға мектептік, сыныптық конференциялар ұйымдастыру
Педагогикалық білім университеті
Педагогикалық, психологиялық, медициналық, заң туралы кеңестер беру
Ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісіне тарту
Ата-ана жиналысы
Біріккен шығармашылық істер
Отбасылық байқаулар
Сынып жетекшісі ұйымдастырған сабақтан тыс барлық әрекетке қатысу
Жалпы мектептік дәстүрлі іс-шараларды ұйымдастыруға ата-аналарды қатыстыру
Ата-аналарды мектеп басқару ісіне қатыстыру
Сынып кеңесі, сыныптағы ата-аналар комитеті
Мектеп кеңесі
Қиын балалар мен жағдайы төмен отбасына шефтік көмек көрсету
Қоғамдық бақылау комитеті
(қоғамдық ұйыммен өзара әрекет ету)
Отбасы мен мектептің өзара әрекетін қалай ұйымдастырамыз?
Мақсат: отбасының тәрбиелік мүмкіндігін, күш қуатын анықтау
Мақсат: отбасының тәрбиедегі бағыт-бағдарын тану
Жасалған әрекеттерден алынған нәтижелерді талдау
Отбасын зерттеуде педагог төмендегідей мәліметтерге басты көңіл бөлуі керек
Отбасы мүшелері және отбасының әлеуметтік материалдық жағдайлары мен мектеп ісіне деген қызығушылықтары туралы толық мәлімет
Отбасындағы балалардың тәрбиелілік деңгейі
Отбасының тәрбиелік мүмкіндіктері
Отбасын зерттеуде сынып жетекшісі мына ережелерді сақтағаны дұрыс
ата-аналар мен балалар өздерін зерттеу нысаны ретінде сезінбеуі тиіс;
зерттеу мақсатты, жоспарланған, жүйелі болуы қажет;
зерттеу әдістері мен тәрбие әдістері өзара байланысты болуы керек;
психологиялық-педагогикалық әдістер түрленген және кешенді түрде қолданылуы керек;
Отбасын зерттеу педагогқа не береді?
Оқушы отбасын зерттеу педагогке отбасының тәрбиелік мүмкіндігімен оның күш-қуатының деңгейін анықтауға, соның негізінде бірлескен әрекеттің оңтайлы әдісін, формасын таңдауға, нәтижесінде тәрбие мәселесін табысты шешуге мол мүмкіндік туғызады. Ол үшін мұғалім дәстүрлі педагогикалық-психологиялық диагностика әдістерінің кешенін пайдаланады. Отбасын зерттеу-сынып жетекшіден кәсіби шеберлікті талап ететін өте күрделі мәселе.
Топтастыру. Ата-анамен жұмыста дифференциалды ықпал ету.
Жанұя 5 типке бөлінеді
Балалары үлгілі жанұя
|
Бала тәрбиесіне ұстаз көмегін қажет ететін жанұя
|
Ынтымақсыз жанұя
|
Жағымсыз қасиеттері басым жанұя
|
Қоғамдық орындардың араласуын үнемі қажет ететін жанұя
|
Жанұядағы адамгершілік құндылық жоғары деңгейде қалыптасқан. Бақытты, дені сау жанұя. Балаларға мүмкіндік жасалған. Кей уақытта жекелеме кеңестер қажет бола тұра, ұстаздардың араласуы қажет емес
|
Жанұядағы ата-аналардың қарым-қатынасы жақсы бола тұра, бала тәрбиесінде бағыт жоқ. бала тек ата-ананың «ерекше» қамқорлығын сезінеді. «Өзімшіл» болып өсіп келеді. Сондықтан ұстаздың көңіл аударуы сөзсіз талап етіледі.
|
Мұндай жағдайда ата-аналар өзара қарым-қатынас дауынан аса алмайды. Бала тәрбиесі мүлде ескерусіз қалған. Өсіп келе жатқан ұрпаққа әсері болмас үшін, жанұядағы көңіл-күйді өзгертуге белсенді педагогикалық ықпал қажет.
|
Сырттай қарағанды қолайлы жанұя қатарында болмағанымен рухсыздық, нақты адамгершілік құндылықтар, ұрпақтар ізгілігінің бұзылуы сияқты жағымсыз қасиеттер басым. Мұндай жанұямен тәрбие жұмысын жүргізу ерекше қиындық туғызады.
|
Қолайсыз жанұя, мұнда дөрекілік, ұрыс-керіс, жағымсыз тәртіп сияқты сипаттар көп. Баланың қызығушылығын қорғау үшін мұндай жанұяларға тұрақты педагогикалық бақылау, қоғамдық орындардың араласуы үнемі қажет және талап етіледі.
|
Жасалған әрекеттерден алынған нәтижелерге сараптау, талдау жұмыстарын жүргізе отырып, төмендегідей қорытындыға келу:
-Төрт одақ жұмысын жандандыру;(отбасы, бала, мұғалім, қоғам)
Ынтымақтастықты нығайтуда, мұғалімнің оқу-тәрбие жұмысындағы міндеттердің жүзеге асуына, ата-аналарды педагогикалық біліммен қаруландыруда, олардың белсенділіктерін көтеруде - ата-аналар жиналысының маңызы ерекше.
Ата-аналар жиналысының тақырыптары мектептің жылдық жоспарындағы тәрбие жұмысының іс-шараларына, сыныптың жас ерекшелігіне, ағымдағы міндеттерге байланысты іріктеліп алынып, бір апта бұрын жиналыстардың өткізілу кестесі бекітіледі.
Ата-аналар жиналысын дайындау ережесі
Бірінші ереже
-Ата-аналар жиналысының тақырыбы өзекті болуы керек.
Екінші ереже
-Ата-аналар жиналысы оларға ыңғайлы уақытта болуы тиіс.
Үшінші ереже
-Ата-аналарға жиналыстың өту жоспары белгілі болуы қажет.
Төртінші ереже
Жиналыс ата-аналармен сыйластық қарым-қатынаста өтуі керек.
Бесінші ереже
-Жиналыс жоғары дайындықпен өтуі тиіс.
Ата-аналар жиналысының түрлері
Ұйымдастыру
Тақырыптық
Қорытынды
Ұйымдастыру ата-ана жиналысы
Жиналыстың мақсаты: Сынып оқушыларының ата-анасымен танысу, ата-аналарды өзара таныстыру, ата-аналарды мектептегі жұмыстарға тарту.
Ұйымдастыру жиналысының міндеттері:
Ата-аналардың қызығушылық басымдылықтарын білу;
Ата-аналарды сынып жетекшісінің сынып ұжымымен өткізетін шығармашылық, белсенді іс-әрекеттерінің жоспарымен таныстыру;
Ата-аналар комитетінің сайлауын өткізу;
Ұйымдастыру ата-аналар жиналысында төмендегі сұрақтарға жауап алынуы тиіс:
1.Ата-аналардың аты-жөні, тегі.
2.Туған жылдары, білімі.
3.Мекен-жайы, телефоны.
4.Ата-аналардың мамандығы, кәсібі.
5.Жанұядағы бала саны, жас мөлшерлері.
6.Толық немесе толық емес жанұя.
7.Бала дамуындағы ерекшелік (дәрігерлік есепте, жиі ауырады, созылмалы ауруы бар т.с.с.).
Ұйымдастыру ата-аналар жиналысының үлгісі
Ата-аналар отырған соң алдын-ала дайындалған сауалнамаға жауап береді.
1.Сынып жетекшісінің кіріспе сөзі.
Сынып жетекшісі өзінің педагогикалық тәжірбиесі жөнінде, сол сыныптың жетекшісі ретінде оқыту мен тәрбиені ұйымдастырудағы жоспары туралы айтады.
2.Оқушылардың ата-анасы өзара танысады.
3.Ата-аналарға ескерткіш кітапшалар таратылады.
Бұл кітапшаға ата-аналар тәрбие туралы ұлағатты сөздер, өз баласының тәрбиесі жөнінде ұсыныс, ой-пікірлерін жазады.
4.Сынып жетекшісі ата-аналарды оқу-тәрбие жұмысының жылдық жоспарымен, мектеп дәстүрлерімен таныстырады.
5.Ата-аналар төмендегідей кестені толтырады:
Сіздерді толғандыратын тәрбиедегі кедергілер
|
Сыныпта ұйымдастыра аламыз
|
Ата-аналар комитетінің құрамына кіре аламын. Көмек көрсете аламын.
|
Тәрбие сағаты
|
Үйірме
|
Секция
|
Студия
|
ҮІ.Ата-аналар комитетін сайлау.
Тақырыптық ата-аналар жиналысының үлгісі
Өткізу формасы: дөңгелек үстел
Жиналыс оқушылармен бірге өтеді. Ата-аналар арасында сауалнамалар жүргізіледі. Сауалнама қорытындысы сынып жетекшісінің келешектегі жұмысына қажет.
Пікір алысатын сұрақтар:
1.Мектеп кітапханасының оқырмандар туралы қорытынды сипаттамасы. Кітапты көп оқитын оқушыларды марапаттау.
2.Пән мұғалімдерінің оқулықтардың сақталуы, оған қойылатын талаптар туралы пікірлері.
3.Ата-аналар мен оқушылардың ой-пікірлері
Жанұядағы кітап қоры;
Біздің жанұядағы дәстүр;
Оқушылардың кітап оқуға көзқарасы;
4.Ата-аналарға әзірленген анкеталық сұрақтар
1) Балаңыз кітап оқуды сүйе ме?
2) Балаңыз жақсы кітапты сыйлық санай ма?
3) Жанұяда қандай кітап оқисыздар?
Қорытынды ата-аналар жиналысының үлгісі
Тақырыбы: Өткен оқу жылының қорытындысы –«Сынып парақтары»
Өткізу формасы: Ауызша журнал
Жиналыс ата-аналар мен оқушылардың бірігуімен өтеді. Кездесу ерекше, салтанатты түрде өтуі керек.
1-парақ: «Біздің сабақтардағы сәтіміз...»
(Сабақтардан фрагмент)
2-парақ: «Біз үзіліс кездерінде...»
(Сергіту сәттері, ойындар)
3-парақ: «сабақтан соңғы уақытта...»
(Сыныптағы жыл ішінде ең жақсы өткен іс-шаралардан көріністер)
4-парақ: «Біздің шығармашылық...»
(Оқушылардың шығармашылық көрмесінен, үйірмелерден көрініс)
5-парақ: «Біз және біздің ата-аналарымыз...»
(Сыныптағы белсенді ата-аналарға алғыс айтып марапаттау)
6-парақ: «Біздің жазғы жоспарларымыз...»
Ата-анамен жүргізілетін жұмыс формасынан күтілетін нәтиже
-Отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпарат құрылады
-Мектеп өміріне қатысуға ата-ана өз қажеттігін сезінетіндей жағдай жасалады
-Ата-аналар тақырыптық кеңестер алуына мүмкіндіктер туады
-Шығармашылық кештер бағдарламасы жүзеге асады
-қызығушылықтарына орай отбасылық клубтар құрылады
-Әр түрлі типтегі жанұя мен мектеп арасындағы кері байланыстар ұйымдастырылады
Ата-анамен бірлескен іс-әрекет арқасында тәрбиеленген тұлға диагностикасы шығады:
Қарым-қатынас мәдениетін меңгерген;
Алған тәрбие мен білімін өз өміріне пайдалана алатын;
Отбасылық құндылықтар мен этномәдени құндылықтарға сүйіспеншілігі бар;
Ата-ана мен Отан алдындағы перзенттік парыз бен борышты сезінетін тұлға тәрбиелеу.
Қорытынды
Сынып жетекшісінің ата-аналармен жұмыстың табысты не табыссыз болуы оның таңдаған ұстанымына, қарым-қатынас стиліне, педагогикалық шеберлігі мен кәсіби құзырлылығына байланысты болатынын ұмытпау керек.Қазіргі кезде сынып оқушыларының тәрбие ісін әрі қарай жетілдіру отбасы мен мектептің бірлескен жұмысын дамыта және нығайта түсу арқылы жүзеге асады. Отбасы мен мектептің немесе сынып жетекші мен ата-ананың бірлесіп жасаған жұмыс нәтижесі ХХІ ғасыр талабына сай, жаңашыл, шығармашыл, жан-жақты мәдениетті, саяси сауатты жеке тұлға қалыптастырмақ. Бұл жоба білім беру мекемелерінде жүзеге асып, ата-анамен жүргізілетін жұмысқа ұйытқы болар деген ойдамыз.
Глоссарий
Дифференция – бір нәрсені танып-білу үшін әр түллі дәйектерді бір-бірінен ажырату, ерекшелеу.
Сауалнама – вербальдік комуникация негізінде бастапқы социологиялық және әлеуметтік – психологиялық ақпараттар алу үшін қолданылатын әдістеме
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1.Б.И.Иманбекова, Ф.Т.Саметова Бастауыш мектепте оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру Алматы 2004
2.А.М.Исагулова Ата-ана жиналысын тартымды өткізу де-басты мәселе Қарағанды 2008
3.Тәрбие құралы 2/2006
4.Сынып жетекшісі 1/2005
5.Сынып жетекшісі 3/2005
6.Ф.З. Буланова Сынып жетекшісі және АТА-АНА Сынып жетекшісі 4/2004
6.Бастауыш мектеп 10/2001
7.Бастауыш мектеп 7/2005
8.Мұғалім 1/2009
9.Воспитание школьника 5/2009
10.Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар 6/2008
Достарыңызбен бөлісу: |