423
ойлайтын сәуегейлер табылса, олар мықтап қателеседі. Өйткені бұл
мәселе еріккеннің ермегі емес, замана талабы, өркениетті де тәуелсіз ел
болудың алғышарттарының бірі.
Сондықтан қазақтар да, басқа түрк халықтарының ең соңында
болса да, ерте ме, кеш пе, әйтеуір, жазу мәселесін бір шешуі сөзсіз:
өмірдің өзі осыны талап етеді, өзімізді тәуелсіз елміз деп қаншама
марапаттасақ та, туыстас елдермен қауымдаса өмір сүрмесек болмайды.
Ал оның басты шарты – елара алтын көпір, ортақ жазу. Демек, бізге де
бұл қауымнан бөлектеніп, саяқ жүрудің еш жөні жоқ және ол мүмкін де
емес. «Бөлінгенді бөрі жейді» дейтін халық даналығы да, міне, осыны
аңғарса керек.
Жер бетінде тарыдай шашылып, тарап кеткен, бүгінде 130
миллиондай түрк тектес халықтар үшін жазу, әліппе мәселесі көптен
(1926ж) бері-ақ дұрыс шешімін таба алмай келе жатқан күрделі мәселе.
Әркезде қолданыста болған (орхон, араб, латын, кирилл) жазуларының
ішінен бүгінгі заман талабына сай, әрі қолайлы, әрі ортақ жазу сайлап
алуға байланысты түрк халықтары арасында кейінгі кезде қайта өріс
ала бастаған қоғамдық үрдістің барысын бағамдап қарасақ, елдің
ықылас-ниеті көбіне-көп латын әліппесіне ауып отырғанын айқын
көреміз. Басқаларды былай қойғанда, бүгінгі ТМД елдеріндегі отыздан
астам түрк халықтары мен ұлыстары ішінен, мәселен, әзірбайжан мен
гагауыздар латын әліппесін ресми қабылдап, іс жүзінде қолдана бастаса,
түрікмендер мен өзбектер осы жазуға өту жөнінде жақында шешім
қабылдады. Қырғызстан болса, Президенті арнайы құрған Мемлекеттік
комиссияның латын әліппесі жөніндегі ұсынысын қабылдау алдында
тұр. Осы сияқты әрекеттердің Татарстанда да, Башқұртстанда да, Қырым
татарлары, қарашай, балқар арасында да қызу жүріп жатқандығын жақсы
білеміз.
Өкінішке орай, бұл мәселенің Қазақстанда ресми түрде қолға алынбай
отырғанын, Президент мырза, Сіз өзіңіз де жақсы білесіз. Мүмкін айып
Сізде емес, қоғамдық пікір туғызып, Үкімет алдында мәселе қоймай
отырған ұлттық зиялыларда шығар. Өйткені сіз 1991 жылғы Түркияға
барған ресми сапарыңызда латын жазуына көшу туралы сондағы
туыстастарымыздың сауалына, есіңізде шығар, «егер халық қалап жатса,
ал оның қажеттігін ғалымдар дәлелдеп жатса, мен неге қарсы болайын»
деген едіңіз. Осы сөздің растығын білгім келіп, жазушылармен кейінгі бір
кездесуіңіз үстінде тәптіштеп тағы сұрағанымда, Сіз «ұсыныстарыңызды
әкелсеңізші» деген сыңай таныттыңыз.
424
Міне, сол ұсынысымызды әріптестерімізбен ақылдаса, кеңесе
отырып, ойланып-толғанып барып, енді ғана атыңызға ашық хат
жазу арқылы жұртқа паш етуді мақұл көріп отырмыз. Бұл хатты
Сізге өз атымнан жазуыма, біріншіден, осы мәселенені республикада
алғаш (1991) көтеруші тіл маманы ретінде де, екіншіден, кейінгі
кездерде алфавит проблемасына арналып, өтіп жатқан көптеген
коңференцияларға қатысушы, әсіресе үстіміздегі 1993 ж. наурыздың
8-10-да Түркия мемлекеті Сыртқы істер министрлігі мен Түрік
қарым-қатынас және жаңғыру Басқармасы (ТІКА) тарапынан
ұйымдастырылып, ең ірі алты түрік мемлекетінің (Түркия, Өзбекстан,
Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан және Түркменстан) басын қосқан
Анкарадағы конференцияға қатысып, түрк халықтарына қолайлы да
ортақ бола алатын латын әліппесінің жобасына қол қоюшылардың бірі
ретінде де моральдық құқым бар ғой деп есептеймін.
Ең алдымен, түрк тілдеріне ортақ жазудыі негізі болатын латын
әліппесінің жобасына байланысты өткен сол тарихи конференцияда
қабылданған шешімнен үзінді келтірудің артықтығы жоқ қой деп
ойлаймын:
«1. Түрк мемлекеттері өздерінің тегі, тілі, тарихы және мәдениеті
жағынан ортақтығына байланысты білім, мәдениет, өнер, әдебиет,
экономика, технология, денсаулық сақтау салаларындағы қарым-
қатынастарды дамытуды қажет деп табады. Бірақ түрк дүниесі бүгінде
көп жазулы, көп әліппелі дәуірді басынан кешіріп отыр. Бұл жағдай түрк
халықтары, демек тәуелсіз түрк мемлекеттері арасында өз шешімін таба
алмай, арман болып келе жатқан бір мәселені тағы ортаға салып отыр.
Конференция мемлекеттер арасындағы әр салада-ақ қажетті
туыстық қарым-қатынастың саналы да берік әрі ұзақ болуын
қамтамасыз ету үшін әр түрлі әліппені қолданудың ыңғайсыздығын
көрсете отырып, түрк жазба тілдеріне бір принцип негізінде түзілген
ортақ әліппенің болуы түрк тілдерінің өзара жақындасуы үшін өте
қажет екеніне ерекше көңіл аударады.
2. Конференция түрк халықтарының қарым-қатынас саласындағы
осы бір кемістіктерді ерекше сезіммен түсініп, оларды болдырмау үшін
түрк мемлекеттері өзінің алғашқы қадамын бір принцип бойынша,
қазіргі заман талабына сай латын негізінде түзілген төмендегі (34
әріптен тұратын) ортақ түрк әліппесін түзуден басталатынын қайталай
отырып, оны әрбір түрк тілі өз ерекшеліктеріне сәйкес қабылдайтынын
жариялайды.
425
Ортақ түрк әліппесі:
Aa, Bb, Cc, Dd, Ee, Әә, Ff, Gg, Hh, Xx, Ii, Jj, Kk, Qq, Ll, Mm, Nn, Oo, Pp,
Rr, Ss, Tt, Uu, Vv, Ww, Yy, Zz
Түркия мемлекеті мен түрк ғалымдарының, мәдени қайраткерлерінің
бұл іске белсене ат салысып, мұрындық болуында да ерекше мән бар екен.
Еске салып келсек, 20-жылдары КСРО-да жасайтын түркі тілдес халықтар
мен ұлыстар латын әліппесін жоғарыдан болған үкіммен қабылдап
жатқанда, шетелдік мемлекет – Түркия ғасырлар бойы қалыптасып қалған
араб жазуын алмастырып, өз еркімен латын әліппесіне көшкен болатын.
Оның шынайы себебін кейін елбасы Мұстафа Кемал Ататүрктің өзі:
«біз латын әліппесін КСРО-дағы қалың түрк туыстарымыздан қол
үзіп, көз жазып қалмау үшін қабылдағанбыз» деп түсіндірген екен.
Ал бұрынғы Кеңес елдеріндегі түрк халықтары болса, бас-аяғы 10-15
жылдың ішінде үш түрлі (араб, латын, кирилл) әліппені алмастырып та
үлгірген болатын. Түрік халқы болса, күні бүгінге дейін сол латынменен-ақ
экономикасын да, мәдениетін де дамытып, жер жүзіндегі өркениетті елдердің
бірі болып отыр.
Міне, сондықтан да Түркия елінің түрік ғалымдары мен мәдениет
қайраткерлерінің латын әліппесіне байланысты мәселеледің бәріне белсен
араласып, жыл сайын конференциялар ұйымдастырып, әбігерленудің басты
себебі – пайда іздеу, «ағалық жасау» емес, - түрк әлемінің басын біріктіру,
достыққа, қауымдастыққа шақыру. Алайда, бұл ізгі ниетті керісінше жорып,
«ой-бай, бізді түріктендіріп жатыр», «түрік болғымыз келмейді» деп,
байбалам салушылар да арамызда жоқ емес.
Құрметі Президент мырза!
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» ретінде тоқ етерін айтсақ, басқа
халықтар сияқты қазақтар да латын әліппесі негізінде өзінің ұлттық жазуын
қалыптастыруға тиісті.
Әрине, бұл мәселе жөнінде республика жұртшылығының пікірі біркелкі
емес. Бұдан бір жыл бұрын газет-журнал беттерінде пікір алысқанымызда,
біреулердің орхон, біреулердің араб, біреулердің латын, біреулердің ойлап
тапқан өз жазуын, ал енді біреулердің үйреніп қалған кирилл жазуын
қолдайтынын аңғардық. Дегенмен, пікір айтушылардың көпшілігі-ақ латын
әліппесі негізінде ұлттық жазу дәстүрін қалыптастыру жағында екенін
байқатты.
Қалай болған жағдайда да , бұл мәселені республика үкіметі мен Жоғарғы
Кеңесінің өзі шешетіні баршаға мәлім. Бірақ қандай шешім қабылданбасын,
ол замана талабына, қалың жұртшылықтың мақсат-мүддесіне сай болуы тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |