Н. Назарбаевтың соғысқа, ядролық қаруға және терроризмге қарсы күресу жөніндегі бастамалары. АҚШ астанасы Вашингтонда 2016 ж. 31 наурыз – 1 сәуірде өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит кезінде сол кездегі ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев халықаралық қоғамдастықты ядросыз әлем құруға, кез келген соғыс түрін болдырмай, оның алдын алуға шақырған өзінің «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін жария етті. Н.Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесі – жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге республиканың қосқан елеулі үлесі.
Елбасы өз сөзін ХХІ ғасырға жаһандық ынтымақтастықтың жаңа дәуірі ретінде үміт артқандығын, бірақ бүгінде әлемге жаһандық соғыс қаупінің төніп тұрғандығын айтудан бастады. ХХІ ғасырға қарай адам баласы ғылыми жаңалықтар ашып, жаңа технологияларды жасап жатыр, өз дамуының сапалы жаңа сатысына өтуде. Алайда соғыс вирусы халықаралық жағдайды ушықтыруын жалғастыруда.
Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (1968 ж.) өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ядролық қару, оны дайындау технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі - уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе.
Халықаралық терроризм күшеюде. Ол жекелеген елдердегі бірлі-жарым актілерден Еуропа, Азия, Африка мемлекеттеріне қарсы кең ауқымды террорлық агрессияға айналып үлгерді. Миллиондаған босқындар, қалалардың қирауы, құнды тарихи ескерткіштердің жойылуы - осының бәрі әдеттегі көрініске айналуда.
ХХ ғасырдың ІІ-жартысында ядролық қауіпсіздік жөніндегі келіссөздер нәтижесінде АҚШ пен Ресейдің ядролық арсеналдары айтарлықтай қысқарды. Планетаны жойып жіберу қатері едәуір азайды. Алайда миллиондаған адамды «жетекші державалар арасындағы қарама-қайшылықтар олардың арасындағы ұзақ мерзімді жаңа текетіреске ұласып кетпей ме?» деген сұрақтар толғандырады.
Мемлекеттер арасындағы талас-тартыстар соғыс арқылы шешілмейді және шешілмеуі тиіс. Бұл мәселе ХХІ ғасырда да аса өзекті күйде қалып отыр. Соғыстың тамырына балта шабу - адамзаттың ең күрделі өркениеттік міндеті.
ХХІ ғасырда адамзатқа өзін өзі демилитаризациялау жағына қарай батыл қадам жасау қажет. Сондықтан адамзатқа «ХХІ ғасыр: соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарлама қажет. Бұл құжатта үш басты қағидатты қарау керек. 1) Қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. 2) Жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар - ядролық, химиялық, биологиялық басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Бұл ықтимал қауіп-қатерді қазіргі ұлттық лидерлер, саясаткерлер және олардың кейінгі буын өкілдерінің барлығы түсінуі тиіс. 3) Мемлекеттер арасындағы талас-тартыстарды реттеу үшін бейбітшілік пен қауіпсіздікке тең жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына бейімделген бейбіт үнқатысулар мен сындарлы келіссөздер негіз болуы керек.
Ядролық және басқа да жаппай-қырып жоятын қарудан толықтай азат әлемге қарай ілгерілеу. Бұл бағыттағы маңызды қадам қазірдің өзінде жасалып отыр. 2015 ж. 7 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларация қабылдады. Қазақстан 25 жыл бұрын әлемде алғашқы болып Семей ядролық сынақ полигонын жапты. КСРО ыдырағаннан кейін мұраға қалған атом қаруының әлемдегі 4-ші әлеуетіне, оны жеткізу құралдарына иелік етуден өз еркімен бас тартты. Бұл шешім жетекші ядролық державаларды ядролық сынаққа мораторий жариялауға қозғау салды. 20 жыл бұрын БҰҰ аясында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт жасалды, бірақ ол осы күнге дейін күшіне енбей келеді. Енді өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, Әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдаған жөн.
Әлемде ядролық қарудан азат аймақтарды көбейту
Достарыңызбен бөлісу: |