13-дәріс. Қазақстан – заманауи әлем мойындаған ел



бет1/4
Дата06.01.2022
өлшемі57 Kb.
#36741
  1   2   3   4
Документ (3)


13-дәріс. Қазақстан – заманауи әлем мойындаған ел.

  1. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы және сыртқысаяси саладағы басымдылықтары.

  2. Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық ынтымақтастығы.

  3. Н. Назарбаевтың соғысқа, ядролық қаруға және терроризмге қарсы күресу жөніндегі бастамалары.

 

1. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуы және сыртқысаяси саладағы басымдылықтары. Сыртқы саясат дегеніміз бір мемлекеттің дүниежүзілік аренадағы өз мүдделерін көздей отырып жүргізген іс-әрекеттері. Қазақстанның дербес сыртқы саясатын жүргізудің алғышарттары егемендіктің қалыптасуымен қатар жүрді. 1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі елді алғаш рет халықаралық құқықтың субьектісі деп анықтаған «Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияны» қабылдады. Бұл тарихи құжатта: «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының халықаралық қатынастардың дербес субьектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, дипломатиялық және консулдық өкілдіктер алмасуға, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар», - деп жарияланды.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін, 1991 жылдан бастап Қазақстан өзін әлемдік саяси және экономикалық кеңістікте белсенді әрекет ететін халықаралық қатынастардың  дербес субъектісі ретінде жариялады. Осындай жағдайда республика өзінің дербес сыртқы саясатын анықтау және оны жүргізу қажеттігіне кезікті. Мемлекеттің сыртқы саясаттағы басты міндеті сыртқы саяси басымдылықтарды, ұлттық мүддеделерді анықтау және ұлттық қауіпсіздік жүйесін құру болды, осыған байланысты сыртқы саясат, қорғаныс стратегиясын және әскери доктринаны анықтау  қажет болды. Қысқа тарихи кезеңде, 1990-жылдардың басында Қазақстан сыртқы саясатта біраз жетістіктерге жетті. Қазақстанның егемендігін әлемнің барлық елдері және халықаралық ұйымдар мойындады, көпвекторлы сыртқы саясат қалыптасты, еліміздің әлемдік қауымдастықтағы беделі артты, екіжақты байланыстар дами бастады.

Қазақстан Республикасының Президентінің бастамасымен ұсынылған ынтымақтастық жобалары үлкен резонанс тудырды, елдің халықаралық аренада қолайлы имиджін қалыптастыруына жағдай жасалды. Қазақстанды әлемнің 120 елі таныды. Алматы және Астанада 70-тен астам елшілік пен халықаралық ұйымдардың өкілдіктері тіркелді. Әлемнің 150-ден астам елінде Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері ашылды.

Қазақстан Республикасы Біріккен ұлттар ұйымының (1992 ж. 2 наурызда мүше болды), Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (1992), Ислам ынтымақтастық ұйымының (1995), Шанхай ынтымақтастық ұйымының (1996), Еуразиялық экономикалық одақтың (2014), Халықаралық валюталық қордың, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының (ТМД), Дүниежүзілік банктың, Азияда өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңестің т.б. бірнеше халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады. Нәтижеде Қазақстанның мемлекеттік  егемендігі, тәуелсіздігі халықаралық-құқықтық жағынан мойындалды.

Қазақстан Республикасы мынадай негізгі халықаралық шарттардың қатысушысы болып табылады: 1945 ж. БҰҰ-ның Жарғысы, 1969 ж. Халықаралық келісім-шарттар туралы Вена Конвенциясы (1993 ж. қосылды), 1961 ж. Дипломатиялық қатынастар туралы Вена Конвенциясы (1993 ж. қосылды), 1963 ж. Консулдық қатынастар туралы Вена Конвенциясы (1993 ж. қосылды).

Мемлекет басшылығы сыртқы саясат арқылы жетекші елдердің қолдауына сүйеніп, саяси-экономикалық, ивестициялық байланыстарын кеңейтуге жағдайлар жасады. Қауіпсіздік мәселесі маңызды орын алды. Президенттің өзін тәуелсіз елдің саяси көшбасшысы ретінде көрсеткен алғашқы мәселесі ядролық мұра туралы болды. Бұл ретте 1991 жылы 29 тамызда Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлық шығарылды. Қазақстан ядролық жарылыстар жүргізуден жапа шеккен ел ретінде ядролық қаруды сынауға тыйым салуды дәйекті түрде жақтап, 1992 ж. Лиссабон хаттамасына (Португалияда) қол қойды. 1994 жылы 5 желтоқсанда Будапештте Еуропа Қауіпсіздік Ынтымақтастық Кеңесінде Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың депозитарийлері - Ресей, АҚШ, Ұлыбритания тарапынан Қазақстанның қауіпсіздік кепілдігі туралы меморандумға қол қойылды. 1995 ж. сәуірден бастап ҚР ядролық қарусыз мемлекет  делінді. 1996 ж. Қазақстан БҰҰ-ға мүше 129 елдің қатарында ядролық қаруды таратпау жөнінде шартқа қол қойды. Қазақстан Президентінің 1997 ж. «Қазақстан – 2030» Жолдауында атап көрсеткендей, «қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі басымдық біздің сыртқы саяси қызметке және Қазақстанның оның көршілермен, әлемнің жетекші елдерімен өзара тиімді берік қатынас орнатуына» бағытталды.

Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағыты ұлттық мүдделерге негізделген. Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі мақсаттары мен принциптері: 1) мемлекеттік мүддені қорғау; 2) елімізде экономикалық реформаларды жалғастыру, демократиялық  институттарды күшейту үшін қолайлы сыртқы жағдайды барынша қамтамасыз ету; 3) әлемдегі барлық елдермен теңқұқықты және серіктестік қатынастарды дамыту; 4) жаһандық және аймақтық интеграциялық процестерге белсене қатысу; халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты тереңдету.

ҚР өзінің қауіпсіздігін  қамтамасыз етуде әскери құралдарды емес, саяси құралдарға сүйенген дипломатияны қолдануды мақсат етіп отыр. Ол халықаралық байланыстардың негізінде таяу және алыс шетелдердің бәрімен тиімді саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени қатынастарды орнатуға ұмтылады. Сондықтан ҚР сыртқы саясаты бейбіт бағытта және көпвекторлық (көп бағыттылық) сипатта.



Қазақстанның көпвекторлық саясаты прагматикалық, себебі ол ұлттық мүдделерді қорғай отырып, аймақтағы балансты (теңгерімділікті) сақтауға мүмкіндік береді. Белгілі қазақ дипломаты, қазіргі ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, көпвекторлық сыртқысаяси бағыттың белгілі бір әріптестің мінез-құлқына, белгілі бір аймақтағы жағдайды алдын-ала болжауға болмайтындай күйде дамуына, әлемдік нарықтың конъюнктурасындағы өзгерістерге қатаң тәуелдіктің болмауына әкеледі. Көпвекторлық, ең алдымен біздің көршілермізбен, Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерімен және қазіргі әлемнің басты саяси және экономикалық орталықтарымен өзара тиімді ынтымақтастық, тұрақтылық, достық қарым-қатынастарды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

            Қазақстан Республикасының сыртқы саясатының тұжырымдамаларында (1995, 2000, 2005 жж. қабылданған) еліміздің сыртқы басымдықтары айқындалды. Қазақстан өзінің сыртқы саясатында үш мәселеге ерекше назар аударды: біріншіден, басқа елдермен, соның ішінде бұрынғы Одаққа кірген республикалармен, Азия, Тынық мұхит, Таяу Шығыс аймағы, Еуропа елдері және АҚШ-пен халықаралық байланысты өркендету; екіншіден, шет елдермен дипломатиялық байланыс орнату және олармен мәдени-экономикалық байланысты күшейту, сол арқылы алдыңғы қатарлы өркениетті елдердің қатарына қосылу; үшіншіден, Қазақстанның қауіпсіздігін сақтау, дүниежүзілік соғысты, ядролық қаруды қолдануды болдырмау. Міне, осы бағытта 1990-жылдардан бері еліміздің сыртқы саясат пен халықаралық қатынастар саласында көптеген шаралар іске асырылды.



Қазақстанның сыртқы саясатының 2014 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында Қазақстанның сыртқы саясаты көпвекторлық (көп бағыттылық), теңгерімділік, прагматизм, өзара тиімділік, елдің ұлттық мүдделерін қатаң қорғау қағидаттарына негізделген деп көрсетілді.

Қазақстан бірқатар жағдайларға байланысты әлемдік қауымдастықтың қызығушылығын тудырады: біріншіден, құрылықтағы геосаяси орналасу ерекшелігі; екіншіден, ұлттық бірігу, толерантты этносаралық диалогтың үлгісі жүзеге асқан ел; үшіншіден, бай минералды ресурстарға ие мемлекет, мұнай, газ, көмір қоры бойынша әлемдегі көшбасшы елдің бірі, ірі астық экспорттаушы.



Қазақстан және БҰҰ. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ, штаб-пәтері Нью-Йоркте орналасқан) – ең маңызды, әмбебап, ірі, құрамына 200-ге жуық (193) мемлекет кіретін ірі халықаралық ұйым. Ол: 1) бүкіл әлемде бейбітшілікті, қауіпсіздікті қолдау; 2) мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты қолдау, нығайту; 3) адам құқығын құрметтеуді қолдау; 4) осы мақсаттарға жетуде ұлттардың (мемлекеттердің) бірлесіп әрекет ететін орталығы болу мақсатында 1945 ж. құрылған.

Қазақстан 1992 жылы БҰҰ-на кіргеннен кейін, 15 маусымда Президент Жарлығымен Қазақстан Республикасының Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұрақты Өкілдігі құрылды. Қазақстан БҰҰ-ның мүшесі болған 168-ші мемлекет. Қазақстанның БҰҰ-ның жүйесі жұмысына қатысуы еліміздің көпжақты дипломатиясының басты бағыттарының бірі.

Қазақстанның БҰҰ-мен ынтымақтастығы тарихындағы басты шаралардың бірі БҰҰ Бас Хатшысы К.Аннанның Қазақстанға 2002 жылғы 17-18 қазандағы ресми сапары болды. Қазақстан БҰҰ-да орын алып отырған үрдістерден тыс қала алмайды. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері бүкіл әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісіне үлкен үлес қосып келеді, әлемдік қауіпсіздік жүйесін құруға күш-жігер жұмсауды толық жақтайды. ҚР-ның ядролық қарудан бас тартып, 1995 жылдан ядролық қарусыз мемлекет ретінде танылуы, Азияда сенім шараларын орнату, Еуразия кеңістігінде интеграциялық үрдістерді нығайту, өркениеттер мен діндер диалогын шақыру (2003 ж. бері Астанада Тұңғыш Президенттің төрағалық етуімен әлемдік дәстүрлі діндердің съездері өткізілді – осының бәрі біздің мемлекетіміздің БҰҰ Жарғысының ұстанымдары мен мақсаттарына сәйкес атқарған істерін көрсетеді.

Қазақстан БҰҰ-ның бітімгершілік қызметін қолдайды. Қазақстанның осы бағытта белсенді қызмет атқаруының дәлелі Қазақстандық бітімгершілік батальонының (Қазбат) құрылуы, осы батальонның сарбаздары Иракта тұрақтандыру күштері қатарында қызмет көрсетті.

ҚР БҰҰ мен аймақтық ұйымдар арасындағы ықпалдастықты кеңейтуді, әрі аймақтық ұйымдардың өздері арасындағы ұйымдасқан қылмыс, есірткі қаупі, заңсыз миграция, діни экстремизм, жоқшылық пен АҚТҚ/ЖҚТБ таралуымен күресте серіктестік байланыстарын кеңейтуді қуаттайды.

Қазақстан БҰҰ-ның және оның мамандандырылған мекемелерінің мүмкіндіктерін Арал теңізінің тартылуы, Семей сынақ алаңының радиоактивті ластануы, ауыз-су көздерінің ластануы секілді техногендік және экологиялық апаттардың экономикалық және гуманитарлық салдарларын азайтуға мақсатты түрде пайдалануды көздейді.

1992 ж. бастап Қазақстанда БҰҰ-ның мамандандырылған мекемелерінің, қорларының және бағдарламаларының өкілдіктері жұмыс істеуде.

Қазіргі уақытта БҰҰ-ның Қазақстанда 15 ұйымы жұмыс істейді: Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ), БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), БҰҰ Халық қоныстану қоры (ЮНФПА), БҰҰ есірткі және қылмыс мәселері жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЕҚБ), БҰҰ Жоғарғы комиссарының босқындар ісі жөніндегі басқармасы (БҰҰ ЖКББ), БҰҰ Еріктілері (БҰҰЕ), Әйелдер қоры (ЮНИФЕМ), Халықаралық еңбек ұйымы (ХЕҰ), БҰҰ білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО), Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ), БҰҰ өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы (ЮНИДО), Дүниежізілік Банк (ДБ), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), АТҚБ/ЖТҚБ жөніндегі БҰҰ бағдарламасы (ЮНЭЙДС) және Қоғамдық ақпарат жөніндегі департамент (ҚАД).

БҰҰ мен Қазақстан ядролық қарусыздану, климат бойынша Париж келісімін (климаттың өзгеруіне байланысты 2020 жылдан бастап ауадағы көмірқышқыл газын азайту шараларын реттейтін 2015 ж. қол қойылған келісім)  жүзеге асыру, мәдениетаралық және дінаралық диалогты алға жылжыту, терроризмді болдыртпау салаларында өзара әрекеттесуде. Осы және т.б. сұрақтар БҰҰ-ның Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен ҚР СІМ Қайрат Абдрахманов арасында БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорктегі 72-мәжілісі (12.09.2017) кезінде талқыланды.  А.Гутерриш өзінің Астанаға ЭКСПО-2017 көрмесіне бару іс-сапары туралы жылы лебізін білдірді. Оның пікірінше, Қазақстан 2030 жылға дейінгі тұрақты даму саласындағы міндеттерді орындауда үлгілі ел болып табылады. Және ол, Сирия бойынша Астана процесін толық қолдаймыз және Қазақстанға оның бітімгершілік әрекеттері үшін алғыс білдіретіндігін айтты. Астана процесі барысында деэскалация зонасы жөнінде келісімге келудің мүмкін болуы – қазіргі күрделі кезде оңай шаруа емес екендігін атап өтті.

Қазақстан Республикасы 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің (БҰҰ ҚК) 10 тұрақты емес мүшесінің бірі болып сайланды. ҚР алғаш рет өз тарихында алғаш рет 2018 ж. қаңтар айында БҰҰ ҚК-нің жұмысына төрағалық етті. Бұл төрағалық кезінде Қазақстан жаппай қырып жою қаруларын таратпау идеяларын алға жылжыту шараларын жүргізді. Ауғаныстан, Орталық Азиядағы қауіпсіздік және Таяу Шығыс, Палестина мәселелерімен шұғылданды.

2018 ж. Қазақстанның әскери полкі Нью-Делиде арнайы дайындықтан өтпек болып Үндістанға аттанды.  ҚР Қорғаныс министрлігі хабарлағандай, қазақстандық әскердің Үндістанға аттануының басты себебі – әскери қимылдардың әдіс-тәсілдерін үйрену. Үндістан әскері БҰҰ тапсырмасын орындайтын әскерлердің бірі (7 мың әскер) әрі бейбітшілік сақтау саласында жетпіс жыл әскери қимыл жасаған ел.

Қазақстан Республикасы, бұрыңғы кеңестік республикалар сияқты, 1992 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесіне қатысушы болды. Бұл сол бойда Қазақстанды осы халықаралық ұйымның 48 мүшесінің барлығы бірдей қабылдап, тануын білдірді. Қазақстан 1992 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесінің барлық басты құжаттарына, бірінші кезекте, 1975 жылғы Хельсинки қорытынды актісіне, Жаңа Еуропа үшін Париж Хартиясына қол қойып, сол арқылы өзіне Кеңес мүшесінің барлық міндеттемелерін алды. 1994 жылы Будапешт саммитінде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық кеңесі - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ ұйымы (ЕҚЫҰ – ОБСЕ) болып өзгертілді.

2007 жылы күзде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ ұйымы басшыларының Мадридте өткен кездесуінде Қазақстанның 2010 жылы Европадағы қауіпсіздік және ынтымақ ұйымы төрағасы болатыны жарияланды. Ел халқы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ ұйымына табысты төрағалық етіп, Астанада осы беделді халықаралық ұйымға кіретін 56 елдің мемлекеттері мен үкіметтері басшыларының саммиті өткеніне куә болды.



Қазақстан және Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ). Ислам Ынтымақтастық Ұйымы 1969 ж. құрылған Ислам конференциясы ұйымының негізінде 2011 ж. құрылған ислам елдерінің халықаралық ұйымы. (2011 ж. Астанада өткен мүше-елдердің СІМ-рі Кеңесінің 38-сессиясының шешімімен Ислам ынтымақтастық ұйымы деп аталды). Бүгінгі таңда бұл ұйымға  57 ел мүше: Исламды ұстанатын Азия, Африка елдері және Оңт. Американың Суринам мемлекеті, Еуропадан Албания елі кіреді. Ұйымның штаб-пәтері Сауд Арабиясының Джидда қаласында орналасқан. Ұйымның мақсаты: мұсылман елдерінің арасындағы ынтымақтастық, халықаралық аренадағы біріккен әрекет, ұйымға қатысушы елдердің тұрақты дамуына қол жеткізу. Өзінің атауына қарамастан, бұл ұйым діни ұйым болып табылмайды, өзінің қызметінің негізіне зайырлылық принциптерін алады.

Қазақстан 1995 ж. Ислам Конференциясы Ұйымының мүшелігіне қабылданды. Ислам әлемімен белсенді ықпалдастық - Қазақстанның сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі. Өз жағынан Ислам әлемі Қазақстанды мұсылман қоғамдастығының бір бөлігі ретінде қарастырады.

ИКҰ-ның қатарына енгеннен кейін Қазақстан Бас хатшылықпен, Ұйым институттарымен қарым-қатынасын тұрақты дамытуға тырысуда. Қазақстан делегациялары ИКҰ-ның барлық ірі шараларына, 1996-1997, 2000, 2003, 2006 жылдардағы Саммиттеріне қатысты.  

Қазақстан полиэтникалық және көпконфессионалдық ел бола отырып, өркениеттер мен діндер арасындағы диалогті дамытуға бағытталған жаһандық процесті толығымен жақтайды. ИКҰ шеңберінде мәдениеттердің жақындасуы және өркениет диалогы дамуы мәселелерінің артуына байланысты Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндердің жиналысын шақыру туралы бастамасына қолдау көрсету жөніндегі 2005 ж. маусымда ИКҰ-ның СІМ 32-кеңесінің резолюциясын қабылдау жұмыстары атқарылды.

            2009 ж. соңында ҚР Президенті Н.Назарбаев ИКҰ-ның СІМ-рінің Кеңесінің кезекті отырысын Қазақстанда өткізу туралы ұсыныс жасады. Ұсыныс қолдау тауып, 2011 ж. 28-30 маусымда Астанада СІМ-рі Кеңесінің 38-сессиясы өткізілді. Кеңес мәжілісінің Астанада өткізілуі фактісінің, Қазақстанның 2011 ж. маусымынан – 2012 маусым аралығында төрағалық етуінің өзі ел Президентінің жоғары беделі мен мұсылман елдерінің Қазақстанға сенімін көрсетті. Осы сессия барысында Ислам конференциясы ұйымының Ислам ынтымақтастық ұйымы деп аталатындығы туралы шешім қабылданды. Адам құқықтары жөніндегі Тұрақты комиссия құрылды. ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық әрекеттерінің 5 жылға арналған жоспары қабылданды, ол Орта Азия елдерінің ислам мемлекеттерімен тұрақты байланыстарын нығайтуға ықпал етуге тиіс. ИКҰ-ның СІМ-рінің Кеңесі 100-ден аса қарар қабылдады, олардың ішінде Қазақстан жағы ұсынған қарарлар да бар: Ауғаныстан келетін есірткілердің заңсыз өндірілуі мен айналымен күрес, Семей ядролық полигоны мен Арал теңізі аймақтарын оңалту мәселелері бойынша. Қазақстан төрағалық еткен жылы 2011 ж. қыркүйектегі ұйым мемлекеттерінің СІМ-нің кездесуінде Таяу Шығыс пен Солт. Африкадағы жағдай да қарастырылды. Ливияға гуманитарлық көмек беру туралы қарар қабылданды. Сомалидегі гуманитарлық апатқа (құрғақшылық, азамат соғысы) байланысты 500 млн доллар қаржы бөлінген. 2011 ж. қазанда Тунистегі революциядан кейін өткен парламент сайлауына Қазақстан жағы ұйымның миссиясы құрамында байқаушылар ретінде қатысты. 2011 ж. қарашада Қазақстан делегациясы Джиддада өткен ұйымның атқарушы комитетінің Сирия бойынша өткен мәжілісіне қатысты.

Төрағалық еткен кезде Қазақстан тарапынан мынадай бастамалар ұсынылды: ИЫҰ кеңістігінде азық-түлік қауіпсіздігі жүйесін құру, орта және шағын бизнесті қолдау механизмін құру, алдыңғы қатарлы экономикалы ислам елдерінің сұхбат алаңын құру, энергетикалық салада инвестициялық және технологиялық ынтымақтастықты реттеу, ИЫҰ өкілдерінің «G-20» жұмысына қатысуын қамтамасыз ету.

Қазақстан экономикаының дамуы сыртқы инвестицияны қажет етеді. Қазақстанның ИЫҰ-мен өзара әрекеттесудің маңызды аспектісі ИЫҰ-ның қаржы институттарымен, әсіресе, мұсылман әлеміндегі ірі инвестор – Ислам даму банкімен (ИДБ) ынтымақтастығын дамыту болып табылады. ИДБ-нің  Қазақстандағы жалпы инвестициялық портфелі 700 млн. доллар. Қазақстан экспортының біраз бөлігі де осы ИЫҰ кеңістігі елдеріне шығарылады. Түркия, Иран, Біріккен Араб әмірлігі, Малайзия, Орта Азиядағы көршілерімізбен тығыз сауда-экономикалық қатынастарымыз дамуда.

2016 ж. сәуірде Стамбулда өткен ұйым саммитінде ҚР Президенті Н.Назарбаев 2017 ж. ИЫҰ-ның ғылым мен технология бойынша саммитін Астанада өткізу туралы ұсыныс жасады, оның ұсынысы қабылданды. 2017 ж. 10-11 қыркүйекте ЭКСПО – 2017 көрмесінің аяқталу кезеңінде өткізілді. Саммит бағдарламасы ғылымға, технологиялар мен инновацияларға, сонымен бірге өркениеттің дамуына исламның қосқан үлесіне арналды. Саммит қорытындысы бойынша ислам әлемін модернизациялауға (жаңғыртуға) арналған Қорытынды коммюнике (халықаралық сипаттағы оқиға бойынша ресми хабарлама) және Астана декларациясы (мемлекеттің немесе халықаралық ұйымның негізгі принциптерін қамтитын ресми мемлекеттік құжат) қабылданды. Елбасы өз сөзінде ғылыми-технологиялық саланы дамытуда бізге бірлік керек деді. Және ол ислам әлемінің ғылым мен технологияны дамытуға үлкен үлес қосқан ғалымдарын Қазақстанның арнайы премиясымен марапаттады.

Ислам банкімен бірге Н.Назарбаев исламдық инфрақұрылымдық интеграция туралы бастама көтерді. Ол барлық мұсылман мемлекеттерінің транспорттық дәліздерін біріктіруді көздейді, ол Қазақстанды алыстағы африкалық мемлекетпен байланыстыру, Қазақстаннан Джибуттиға (Солт-Шығыс африк.  шағын мемлекет) немесе Сенегалдан  (Бат. Африк. мемлекет) Ауғаныстанға тауар қалай жеткізуге болады деген сұрақтарға жауап беретін үлкен жоба.

Қазақстан және Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ-ШОС). Қазақстан аймақтық ұйымдар қызметіне белсене араласады. Ондағы басты мақсат – аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Шанхай ынтымақтастық ұйымы 1996 жылы Қытайдың Шанхай қаласында «Шанхай бестігі» деп атаумен құрылған халықаралық ұйым. Оны бұрынғы кеңес-қытай шекарасындағы даулы мәселелерді шешу,  шекарадағы әскери күшті қысқарту және сенім шараларын күшейту мақсатында Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытай құрған болатын.  Шекара туралы келісімшарт бекітілгеннен кейін «бестікті» ШЫҰ құрамындағы елдердің ынтымақтастығын кеңейтіп, қауіпсіздігін нығайту ұйымына айналдыру туралы шешім қабылданды. 2001 ж«Шанхай бестігіне» Өзбекстан кіргеннен кейін ұйым «Шанхай ынтымақтастық ұйымы» деп аталды, 2017 ж. 9 маусымда ұйымға Үндістан мен Пәкістан кірді. Штаб-пәтері Пекинде орналасқан. Ұйымның негізгі мақсаттары: 1) мүше-мемлекеттер арасында өзара сенім, достық, татулық қарым-қатынастарды нығайту; 2) саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, білім беру, қуат көзі, көлік, экологиялық және өзге де салаларда тиімді әріптестік шараларын дамыту; 3) ортақ күш жұмсап аймақтық бейбіт өмірді, қауіпсіздікті және тұрақтылықты қамтамасыз ету, демократиялық, әділ және ұтымды саяси, экономикалық халықаралық тәртіп орнатуға жағдай жасау.

ШЫҰ-ы БҰҰ-ның мақсаттары мен принциптерін ұстанады. Ұйымның басты міндеттері үлкен кеңістікте тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту, терроризммен, сепаратизммен, экстремизммен, наркотрафикпен күрес, стихиялық апаттардың салдарларын жою, экономикалық ынтымақтастық, энергетикалық әріптестік, ғылыми және мәдени өзрара әрекеттестік. ШЫҰ – қызметі басқа мемлекеттерге немесе халықаралық ұйымдарға қарсы бағытталған әскери блок болып табылмайды.



Қазақстан – ШЫҰ-ның 2 негізгі ойыншылары – Ресей мен Қытайдың арасында орналасқан, өңірлік ынтымақтастықты қолдайтын Ұйымның маңызды буыны.

1996 жылы Шанхай үдерісі басталғалы бері Қазақстан бұл ұйымның белсенді қатысушысы болып табылады. Қазақстан Ұйымның аясында өтетін лаңкестікке (терроризмге) қарсы әскери жаттығуларға, ғылыми конференциялар, форумдарға тұрақты қатысып отырады, ШЫҰ құқықтық базасының нығаюына үлкен үлес қосып келеді. 2006 ж. Қазақстан Пекиндегі Хатшылықтың жанындағы және Ташкенттегі Өңірлік лаңкестікке қарсы комитетте өзінің тұрақты өкілдігі аппаратын алғашқы құрғандардың бірі болды.

ШЫҰ-ның әрбір жұмыс органында Қазақстанның атынан 6 адам қызмет атқаруда.

2006 жылғы маусымның 15-інде Шанхайда өткен саммитте Қазақстан ШЫҰ Азия энергетикалық стратегиясын жасауға бастама көтерді. Бұл ШЫҰ-да сауда-экономикалық салада тәжірибелік ынтымақтастықтың басталуына түрткі болды. Сондай-ақ ҚР Президенті ШЫҰ аясында заңсыз көші-қонмен күрес жөнінде келісім жасасуды ұсынды.

Бүгінде ШЫҰ Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың барынша табысты модельдерінің бірі болып табылады. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың айтуынша, «Қазақстанның ұсынысымен жүзеге асырылған Еуразия идеясының 3 киті – ЕурАзЭҚ, АӨІСШК және ШЫҰ».

Ұйымға мүше мемлекеттердің арасында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласында өзара іс-қимылдың зор оң тәжірибесі жиналған, мүше мемлекеттердің арнайы қызметтері мен құқықтық органдары лаңкестік және экстремистік күштермен күресу үшін тиімді байланыстар орнатты.

2006 ж. Қазақстан Қытаймен бірлесіп, шекаралас аудандарда «Тянь-Шань – 2006» лаңкестікке қарсы жаттығуларын өткізді. 2007 ж. жазда Ресейде «Бейбітшілік миссиясы – 2007» ШЫҰ-ның кең ауқымды әскери жаттығулары өтті.

2006 – 2007 жылдары ШЫҰ-нда қауіпсіздік, сауда-экономикалық, энергетика мәселелері ғана емес, сондай-ақ саяси (мүше-мемлекеттер парламенттері, жоғарғы соттары басшыларының алғашқы кездесулері), білім (білім министрлерінің кездесуі) салаларындағы ынтымақтастық артуда. Бұл фактілер Шанхай ынтымақтастық ұйымының көп жақты өңірлік құрылымға айналып келе жатқандығын көрсетеді. 2007 ж. Бішкек саммитінде мемлекеттер басшылары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімге тату көршілігі, достығы және ынтымақтастығы жөніндегі шартқа қол қойды. Ұйымға мүше-мемлекеттердің халықаралық ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі іс-қимылдар жоспарын бекітті. 2005 және 2011 жылдары Қазақстан ШЫҰ жұмысына 2 рет төрағалық етті.

2011 ж. 15 маусымда Астанада өткізілген ШЫҰ-ның 10 жылдық мерейтойлық саммитінде ұйым басшылары ШЫҰ-ның бірден-бір халықаралық институтқа айналғандығын атап өтті. Соңғы жылдары ШЫҰ ішіндегі тауар айналымы 7 есеге өскен.  Қытай мен Ресейдің Еуразиялық экономикалық одақ пен Жібек жолының экономикалық белдігінің (ЭПШП) транспорттық инфрақұрылымдарды модернизациялау, құрылыс, энергетика, ресурстарды өндіру, жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастығы туралы 2015 ж. айтылған ой-ниеттері осы аймақтың барлық елдері үшін экономикалық өсудің кең мүмкіндігін ашады деп саналады. 2016 ж. Ташкентте өткен ШЫҰ саммитінде ҚР Президенті Н.Назарбаев  ұйым мүшелері мен бақылаушы-мемлекеттерді біріктіретін Еуразиялық транзиттік-транспорттық хаб (орталық) қалыптастыруды ұсынды. Қазақстанда жүріп жатырған инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» бағдарламасы ЕАЭО пен ЭПШП аясындағы ынтымақтасты толықтырады. ШЫҰ-ның мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін Қазақстан мәдениет, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау, ғылым мен техника, жастар саясаты, туризм, спорт саласындағы өзара әрекеттестікті тереңдетуге ықпал етпекші.  

2017 ж. 8-9 маусымда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылу қарсаңында ШЫҰ саммиті Қазақстанда өтті. Дөңгелек үстел барысында ғылыми және сарапшылар қауымдастығының өкілдері «ШЫҰ - ЕАЭО» форматындағы ынтымақтастық, «ШЫҰ – ЕАЭО - ЭПШП» біріккен ынтымақтастығы мәселелері бойынша пікір алмасты.





Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4




©g.engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет
рсетілетін қызмет
халықаралық қаржы
Астана халықаралық
қызмет регламенті
бекіту туралы
туралы ережені
орталығы туралы
субсидиялау мемлекеттік
кеңес туралы
ніндегі кеңес
орталығын басқару
қаржы орталығын
қаржы орталығы
құрамын бекіту
неркәсіптік кешен
міндетті құпия
болуына ерікті
тексерілу мемлекеттік
медициналық тексерілу
құпия медициналық
ерікті анонимді
Бастауыш тәлім
қатысуға жолдамалар
қызметшілері арасындағы
академиялық демалыс
алушыларға академиялық
білім алушыларға
ұйымдарында білім
туралы хабарландыру
конкурс туралы
мемлекеттік қызметшілері
мемлекеттік әкімшілік
органдардың мемлекеттік
мемлекеттік органдардың
барлық мемлекеттік
арналған барлық
орналасуға арналған
лауазымына орналасуға
әкімшілік лауазымына
инфекцияның болуына
жәрдемдесудің белсенді
шараларына қатысуға
саласындағы дайындаушы
ленген қосылған
шегінде бюджетке
салығы шегінде
есептелген қосылған
ұйымдарға есептелген
дайындаушы ұйымдарға
кешен саласындағы
сомасын субсидиялау