Ұлы Жеңіске 73 жыл
Майдандардағы жеңіске тыл еңбеккерлерінің қосқан үлесі зор. 1939 жылғы санақпен салыстырғанда 1942 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығы еңбекшілерінің саны 600000 адамға азайған. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуымен олардың орнын қариялар, әйелдер мен балалар басты. 1944 жылы қолхоздағы еңбекке жарамды ерлердің сандық үлесі – 20%, әйелдер – 58%, жасөспірімдер – 22% болды. Яғни, майданды азық-түлікпен, шикізатпен іс жүзінде әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз етті.
Соғыс жылдарында колхоздар мен совхоздар майданға тек азық-түлік емес, сонымен бірге тірі мал, тіпті, ауыл шаруашылық техникасын жіберіп отырды. 1942-1943 жылдар аралығында республика ауыл шаруашылығынан 4111 трактор, 1184 жүк машиналары, 30318 жылқы майданға жіберілді. Сондықтан да соғыс жылдары егін салу жұмысының 50%-ін ірі қара атқарды. Тылдағы еңбекшілер жоғарыдан берілген жоспарды орындау барысында күні-түні еңбек етті. Соғыстың бірінші жылы мемлекетке 100 млн. пұт астық тапсырылды. Бұл көрсеткіш 1940 жылмен салыстырғанда 24 млн. пұтқа артық. Колхозшылар мен совхозшылар өз еркімен еңбек күнін таңғы бестен, кешкі 22.00-ке дейін ұзартқан. Әрбір шаруа 2-3 адамның жұмысын атқарды. Әйелдер балаларын балабақшаға тапсырып, күні-түні жұмыс істеп, колхоз жұмысын белсене атқарды. Мысалы, Алматы облысының 9 ауданының 277 колхозында соғысқа дейін 64369 адам еңбек етсе, соғыс жылдары олардың саны әйелдер, қариялар және балалар есебінен 68598 адамға дейін өскен.Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент ауданының Куйбышев атындағы колхозында 74 жастағы қарт ана – Анар Садықова – жұмыс істесе, Семей облысы, Абай ауданының “Шолақ еспе” артелінде 70 жасар қария – Кенебаев еңбектеніп, жоспарды асыра орындады.Соғыс жылдары бір адам майданға кеткен бірнеше адам орнына жұмыс істеу қозғалысына, жұмыс өнімділігін арттыру барысында мемлекет тарапынан ұйымдастырылған әртүрлі жарыстарға қазақстандық малшылар да көптеп тартылды. Мысалы, 1942 жылы бүкілодақтық малшылар жарысынан қазақстандықтар бірінші орын алды. Сандық көрсеткіш бойынша 1942 жылдың соңында мал басы 1,5 млн. немесе 1942 жылдың басындағы көрсеткіштен 17%-артты. Мал басын өсіруден Қызылорда, Қарағанды, Павлодар облыстары алда болды.Соғыс жылдары колхозшыларға қарсы тоталитарлық тәртіп тарапынан көптеген шаралар жүзеге асырылады. 1941 жылдан бастап әрбір колхоз-совхоздарда жергілікті саяси бөлімдер құрылып, олар ауыл шарушылық жоспарларының орындалуын қадағалап, жоспарын орындай алмаған шаруаны жазалап отырды. Сонымен бірге 1942 жылдан бастап колхоз-совхоздарда 12-16 жас арасындағы жасөспірімдердің еңбегі заңдастырылып, жұмыс жоспарын орындамаған жасөспірім қылмысты ретінде жазаланды. Осыған қарамастан халықтың патриоттық серпіні тоталитарлық жүйе тәртіптерінен жоғары тұрды.Қазақстандықтар соғыс жылдары майданға өз қаржысына алынған қару-жарақ, техника да жіберіп тұрды. Мысалы, Шымкент теміржол жүйесінің комсомолдары Москва түбіндегі майданға танк колоннасын жабдықтау үшін қаржы жинауды бастайды. Шымкент комсомолдарының бұл бастамасын бүкіл Қазақстан қолдап, жиналған 11 650 мың сомға жасалған 45 танк 1942 жылдың қыркүйегінде “Қазақстан комсомолы” деген жазумен Сталинград майданына жөнелтілді. Жүздеген оқушылар егіс алаңдарында жұмыс істеп, металл қалдықтарын жинап, “Қазақстан пионері” фондына 4 млн. сом ақша жинады. Бұл ақша “Қазақстан пионері” атты коллонаны жабдықтауға жұмсалды. С.И.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті студенттерінің ұйымдастыруымен жоғарғы оқу орындарының студенттері “Кеңестік студент” деген танк колоннасын жабдықтауға 600 мың сом ақша жинады. Танк колонналары мен ұшақ бөлімдерін жасақтауға Республикада 480 млн. жуық ақша жиналып, Қорғаныс Комитетіне тапсырылды. 1943 жылы Алматы қаласында С.Луганскиймен кездесу ұйымдастырылып, бұл кездесуден кейін Алматы жастары 400 мың ақша жинап, батырға жаңа ұшақ сыйлады. Сондай-ақ, соғыс жылдары жинаған қаржыға И.Павловқа, Н. Добровольскийге, Р.Бекетовке арнайы ұшақтар, Кеңес Одағының батыры Қ.Сыпатав атындағы су асты қайығы жасалынды. Республика тұрғындары өздерінің жеке жинағынан майдан қорына 4,7 млн. сом ақша беріп, 20-дан астам құрамалар мен әскер бөлімдерін шефке алып жауынгерлерге 2 млн. астам жылы киім, 1600 мың сомның сыйлығын жөнелтті.Сонымен қатар қазақстандықтар қоршауда қалған қалаларға қамқорлық көмек көрсетті. Қазақстан жаудан азат етілген Орал облысының 10 қаласын, 35 ауданын, Лениград облысының 12 қаласын, Калинин облысының аудандарын қалпына келтіруге көмектесті. Сол сияқты Москва, Курск облыстары, Солтүстік Кавказ, Белоруссия, Украина және т.б. республика тұрғындарына көмектесті. Қазақстан комсомолдары қамқорлыққа алған Сталинградта трактор зауыты мен “Красный октябрь” зауытын қалпына келтіру жұмыстарына 1943 жылы 1439 қазақстандық комсомол аттанды. Түрксіб теміржолшылары батыстағы темір жолдарды қалпына келтіру үшін 20000-нан астам мамандарды жіберді.Жауды жеңуге республиканың зиялы қауым өкілдері де үлкен үлес қосты. Олардың қатары Кеңес Одағының батыс аудандарынан уақытша көшірілген ғылым мен өнер қайраткерлері негізінде толықтырылды. Соғыс жылдары Қазақстанға 20 ірі ғылым институттары көшіп келді.
Достарыңызбен бөлісу: |